Еркек шөп
Еркек шөп , еркек бидайық (лат. Agropyron cristatum) – астық тұқымдасының бидайық туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік.
Қазақстанның барлық облыстарында өседі. Биіктігі 25 – 70 см. Сабағы түкті, кейде жылтыр, жіңішке жапырағы таспа тәрізді. 3 – 10 түкті гүлі болады. Гүлшоғыры – масақ, жемісі – сопақша дәнек. Маусымда гүлдеп, шілдеде жемістенеді. Еркек шөп – құнарлы мал азығы, оны басқа өсімдіктермен (әсіресе беде не эспарцетпен) қосып егеді. Далалы жердің ойпаттарында өсетін еркек шөптің масақтары жалпақ үш бұрышты болып келеді, ал оның құмда өсетіндерінің масақтары жіңішке және ұзын болады. Бір түптен 2-3 сабақ өседі. Масақ салған соң жылына бір рет орылады. 3 – 4 жылдан кейін өнімділігі жақсара түседі. 100 кг пішенінде 48,7% азық өлшемі, 3,3 – 4,1 кг сіңімді протеин бар, га-нан 12 – 20 ц пішен, 40 – 50 ц-дей көк шөп, 3 – 4 ц тұқым алынады. Аудандастырылған сорттары: жіңішке масақты Тауқұм, жергілікті Ақсеңгір, Қарабалық-202, жіңішке масақты Орал, т.б. Жалпақ масақты еркек шөп Орал, Ақтөбе, Қостанай, облыстарыңда, ал жіңіщке масақты еркек шөп Семей, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында кездеседі. Дәрілік шикізат және азық ретінде өсімдік жаңадан гүлдей бастаған кезде шалғымен шабылып немесе орақпен орылып алынып, қуратылмай кептіріледі. Бұл өсімдік, біріншіден, жұғымды мал азығы, екіншіден, малдың асқазан-ішек жұмыстарын жақсартып, малды тез қондандырады. Сондықтан оның алдын – ала дайындалған шөбі қыста және көктемде арықтап, көтерем болуға айналған малдың жеміне араластырып беріледі.[1] Қазіргі уақытта мемлекеттік сорт сынағынан кеңмасақты ТАН Батыр еркекшөптің жаңа сорты өтіп жатыр. Оны құнды шаруашылық белгілеріне қарап мал шаруашылығының жем-шөп базасын жақсарту мақсатында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының фермерлері кең қолданады. Сортты құруда тармасақты к-221-155 еркекшөбі популяциясының элиталық өсімдіктерімен қатар Ресей мен Қазақстанның экологиялық-географиялық шығу тегі әртүрлі еркекшөптің 20 ең үздік кеңмасақты түрі қолданылды.
Қорытынды
Бүгінде мал шаруашылығы саласында жем-шөп мәселесін жолға қою аса маңызды болып отыр. Тек біздің облысымызда емес, күллі елімізде жем-шөп өндірісінің даму қарқыны мал шаруашылығының дамуына ілесе алмай, артта қалғаны жасырын емес. Мұндай алқапқа бірнеше шөп дақылды, соның ішінде еркекшөп, эспарцет, түйежоңышқа немесе жоңышқа араластырып егетіндіктен, табиғи жайылыммен салыстырғанда шөбінің өнімділігі және сапасы жоғары болады. Жыл сайын осылайша көп жылдық шөптерді егіп жүрміз. Бес жылдан соң сол алқапты қопсытып жырту арқылы дәнді дақылдар егуге дайындаймыз. Алтыншы, жетінші жылдары мысалға, арпа, сұлы, бидай, судан шөбі, ақмай, жүгері секілді дәнді дақылдар егіледі Жалпы «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы мал азықтық өнідіріс базасын жасаймын деген мал өсірушілерге, шаруашылық иелеріне әріптестік негізде ғылыми бағдар бере аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
Қазақ энциклопедиясы, 4 том;
"Гүлстан" республикалық ғылыми-танмыдық, көпшілік журнал, 2010 жыл ISSN 2078-6727
"Қазақ Энциклопедиясы"
Достарыңызбен бөлісу: |