ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының
оқытушысы Ибрагимова М.Н.
Қазақстан тарихы сабағында компьютерлік технологияларды
пайдаланудың тиімділігі
Қазақстанның жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие білім мен ғылымның ірі орталығы болып табылатын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім берудегі жаңа ақпараттық технологияларды пайдаланудың бағыттары табысты және белсенді дамуда. Кез-келген пән бойынша компьютерлік технологияларды пайдалануға барлық жағдай жасалған.
ҚазҰУ-дың Жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру факультеті шетел тыңдаушыларына, соның ішінде шетелден келген қандастарымызға білім беруде жоғары нәтижеге ие. Университетіміздің факультетті қажетті жаңа компьютерлік технологиялармен жабдықтауы білімнің жоғары деңгейде дамуына мүмкіндік туғызады. Елбасшымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында тоқталып өткендей қазіргі білім беру саласында «заманауи білім беруге» аса назар аудару қажет.[1] Сондықтан да тыңдаушылардың қызығушылығын арттыруға жол ашатын саясаттар қолға алыну керек.
Факультетіміздің міндеті – тыңдаушыларды біліммен сусындатып қана қоймай, олардың көзі ашық, зиялы, адамгершілігі мол, жауапкершілікті мойнына ала білетін тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізу. Республикамыз әлемдегі дамыған елдер қатарында білім беру жүйесін ақпараттандыру жолына түскендіктен, білім беруде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануымыз қажет. «Ақпараттық білім беру үрдісінің қарқынды дамуы ақпараттық технологиялардың жаңа құралдарын пайдалану аясының кеңеюіне және оқыту процесіндегі ақпараттық технологияның жаңа құралдарының мүмкіншілігін пайдалануға әкеліп соғады. Мұның барлығы оқытудың тек қана түрі мен оқу үрдісін қадағалау әдістерінің пайда болуына мүмкіндік туғызады».[2; 133]
Қазіргі кезде шетел тыңдаушылары мен шетелден келген қандастарымызға Қазақстан тарихын оқытудың компьютерлік технологияларын қолдану әдісі өте тиімді деп айтуымызға болады. Өйткені, шетелдіктер де, қандастарымыз да біздің тарихымыздан көп хабары жоқ болғандықтан, оларға тарихи терминдерді, деректерді, кестелерді, тірек-сызбалар мен тақырыптарға қатысты суреттерді проектор арқылы слайдтармен дайындау арқылы түсіндіру: біріншіден, оқытушы мен тыңдаушының уақытын үнемдейді; екіншіден, тыңдаушыға түсіну оңайға соғады және ой-өрісінің кеңеюіне ықпалын тигізеді. Мысал ретінде шетелден келген қазақ диаспора өкілдері аудиториясында «Түргеш қағандығы» тақырыбының түсіндірілуіне тоқталайық.
Ең алдымен тыңдаушылардан үй тапсырмасын сұраудан бастаймыз. Үйге берілген тапсырма «Батыс Түрік қағанаты» тақырыбы сұрақ-жауап ретінде сұралып, тест алу арқылы қорытындыланды.
Енді Батыс Түрік қағанатының орнын басқан Түргеш қағанаты жайлы негізгі ақпаратқа тоқталамыз. Түргештер - үйсіндер басқарған одаққа ежелгі уақыттардан бері кіретін Дулаттар тайпасының ірі рулық бірлестігінің бірі екендігі айтылды. Интерактивті тақтадан сабақтың тақырыбы, жоспары беріледі.
Сабақтың тақырыбы: «Түргеш қағанаты».
Сабақтың мақсаты: Қазақстан жерінде түркі дәуірінде өмір сүріп, тарихи із қалдырған мемлекеттердің бірі – Түргеш қағанаты жайлы жүйелі білім беру. Шетелден келген қандастарымызды өз елінің тарихын білумен қатар, ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу. Тыңдаушылардың тарихи оқиғалар жөнінде өз көзқарасын қалыптастырып, ой қорытуға дағдыландыру.
Сабақ жоспары:
І. Түргеш қағанатының орналасқан жері, этникалық тарихы, деректері.
ІІ. Ішкі және сыртқы саяси тарихы.
ІІІ. Түргештердің шаруашылығы, экономикалық жағдайы.
Енді сабағымыздың І-бөліміне кірісейік.
Жер аумағы:
Түргеш қағанатының негізгі жер аумағы – Жетісу. Орта Азияның оңтүстік шығысында Шаш (Ташкент) қаласынан, Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Тұрфан қалаларына дейінгі аралықты қамтыды. Түргеш қағанатының территориясы картадан көрсетіледі.
Астанасы:
Үлкен ордасы – Суяб (Шу бойында).
Кіші ордасы - Күнгіт(Іле бойында)
Халқы:
Халқының құрамы түрік тілдес тайпалардан тұрды.
Түргеш қағанаты жайлы деректер екіге бөлінеді: 1. Жазбаша; 2. Заттай деректер. Түргештер туралы алғашқы дерегі «Күлтегін» ескерткіші экраннан көрсетіліп, таныстырылды. Тасқа қашалып жазылған руникалық ескерткіш жайлы қысқаша сипаттама берілді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттардың суреттері де экраннан берілді.
Қоғамдық құрылымы тірек-сызба бойнша түсіндірілді.
Жоғарғы лауазым – Қаған
Қағанат 20 әкімшілік аймаққа бөлінді.
Әр аймақта 7 мың әскер болды.
Түргеш қағандары:
Үшлік —Түргеш қағанатының негізін қалаған қаған (699—706);
Сақал — (706—711);
Чжен — (711—715);
Сұлу — (715—738);
Құтша — (738—739);
Баға-тархан — (739—749);
Жыпыр қаған — (749—753);
Тәңрі-Елмаш — (753—756);
Тақырыптың екінші бөлімі саяси тарихына тоқталып өтейік:
Түргеш тайпасынан шыққан Үшлік қаған өзінің негізгі тайпаларын екі ордаға бөлген.
Түргештердің өзі сары және қара түргештер болып бөлінген.
Үшлік қаған 706 жылы қаза болды. Одан кейін оның мұрагері болып, баласы – Сақал қаған (706-711) таққа отырды. Оның тұсында Түргеш қағанатында ішкі бірлік болмады. Сыртқы жағдай да қиындай түсті. Олар батыста соғдылармен бірге арабтарға қарсы соғысып жатты. Оңтүстікке Тан әулеті қауіп төндірді. Ал шығыс жағынан Орталық Азия түріктері шапқыншылықтар жасап отырды.
Сонымен қатар 708-714 жылдары сары және қара түргеш тайпаларының арасында билік үшін талас–тартыс болды. Нәтижесінде қара түргеш көсемі ұлы әскербасы Шен руынан шыққан Сұлу қаған (715-738) жеңіске жетті. Оның тұсында түргештер күшейе түседі. Сұлу қаған орданы Талас (Тараз) қаласына көшірді. Аса үздік шығыстанушы, түрік танушы В.В.Бартольд ол туралы былай деп жазады: "Батыр Сұлушордың даңқы мен атағына сол кезде Батыс Түрік қағанатын билеген Ашин руында тең келетін ешкім болмады". Сұлуқағанның ұстанған саясаты тірек- сызба арқылы түсіндірілді.
Сұлу қаған тәуелсіздігін сақтап қалу үшін 3 жақты соғыс жүргізді.
Батысында - арабтармен
Оңтүстік-шығыста – қытайлармен
Солтүстік-шығыста – Шығыс түрік қағанатымен
Арабтармен соғысты жалғастырды
717 жылы Сұлу қаған Тан империясымен бейбіт келісімге келді.
Шығыс түрік қағаны Білгенің қызына құда түсіп, баласына алып берді.
Арабтар Сұлу қағанға «сүзген»,
«мүйізді қаған», - деген лақап ат қойған.
738 жылы еліне оралған Сұлу қаған Невакет қаласында өз Қолбашысы Баға тарханың опасыздығынан қаза болды.
Сонымен қатар оқиғалар желісі хронологиялық кесте бойынша нақтыланды.
Түргеш қағанатының әлсіреуі:
Арабтармен соғыс
738-748 жылдары 10 жылға созылған сары мен қара түргештер арасындағы тартыс
Қытайлармен соғыс
Түргеш қағанатының тарихында ең маңызды оқиға 751 жылы Таразға жақын жерде Атлах қаласында болған Атлах шайхасы. Негізгі шайхас Арабтар мен Қытай арасында болды. Шайхас 5 күнге созылған. Араб әскерлерімен қарлұқтар бірлесе отырып, қытай әскерлеріне күйрете соққы берді. Шайқастың тарихи маңызы - қытай әскерлері Жетісудан біржола кетуге мәжбүр болды.
756 жылы бұл сәтті Атлах шайхасына қатысқан қарлұқ тайпасының көсемдері пайдаланып, түргеш қағандығын құлатып, билікті өз қолдарына алады.
ІІІ. Түргештердің шаруашылығы, экономикалық жағдайы.
Қағанаттың шаруашылық-экономикалық жағдайы, сауда қатынасы, теңге соғуы жайлы слайдтармен толықтырылды. Сабақ барысында Қ.Қ. Құнапина, Ж.Ж. Құмғанбаев, А.Ш. Махаеваның әдістемелік-анықтамалық нұсқауы[3; 33-34] және С. Жолдасбайұлының[4; 58-60], А.Ш. Махаеваның [5; 7] еңбектері, Қазастан тарихы бойынша оқулықтар мен интернет жүйесінен алынған суреттер мен мәліметтер пайдаланылды.
Сабақты қорыта келе Түргеш қағанатының Қазақстан тарихында маңызды із қалдырғаны жайлы айтылды. Осылайша, қазақ диаспора өкілдеріне сабақты компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы түсіндіру әдісі олардың тақырыпты жан-жақты түсінуіне мүмкіндік береді деген ойдамыз. Қазақстан тарихын тереңдете оқыту мақсатында мультимедиалық оқулықтар жасау мен компьютерлік ойын тестілерін жасаудың да маңызы жоғары.
Қорыта келсек, Қазақстан тарихын түсіндіруде заманауи компьютерлік технологияларды қолдану оқытушыға сабақты жоғары сапада өткізуге пайдалы және тыңдаушының түсінігіне орасан зор әсерін тигізіп, білім сапасын жоғары деңгейге көтереді. Сонымен қатар тыңдаушыларды оқуға ынтыландыруға, олардың үлгерімі мен қызығушылығына ықпал етеді. Сондықтан да бұл әдісті тек ашық сабақ кезінде ғана емес күнделікті сабаққа қолдану өте қолайлы екеніне көз жеткіздік.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Интернет жүйесінен алынған мәлімет http://strategy2050.kz/page/message_text/.
Ибадуллаева Ы.М. Қазақстанда білім беруде компьютер және жаңа ақпарат технологиясын қолдану.// Гуманитарлық ғылымдар Академиясының ХАБАРШЫСЫ, №1(11), 2005, 133-137.
Құнапина Қ.Қ., Құмғанбаев Ж.Ж., Махаева А.Ш. Қазақстан тарихынан әдістемелік-анықтамалық нұсқау. 2011-2012 оқу жылы. 214-бет.
Жолдасбайұлы С. Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан. А, 1995, 175-бет.
Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. А, 2000, 68-бет.
Достарыңызбен бөлісу: |