Қоздырғышы. Имаго – Multiceps ұзындығы 40-60 см-ден 1-1,5м-ге барады, денесі 200-250 бунақтардан құралған. Көпіршігі – Coenurus cerebralis – іші түссіз сұйыққа толы, ішкі жағынан бүртік секілді нүктедей жүзден артық сколекстері байқалады. Мида 2-3 ценур кездеседі, олардың үлкендігі кейде тауық жұмыртқасындай.
Эпизоотологиясы
Ценуроз Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының қой өсіретін барлық шаруашылықтарында кездеседі. Айналмамен көбінесе 1 жасқа дейінгі қозылар ауырады. Ал 2 жастан асқан қой бұл дертке сирек шалдығады. Мал шығыны жылдың барлық айларында тіркеледі. Жас төлдердің тентекке ұшырауы сәуір-мамырайларында басталады, ал шілде-тамызда көбейе түседі.Ценуроздың клиникалық белгілері қойға оның қоздырғышы жұққаннан кейін 3-6 ай өткен соң ғана біліне бастайды. Бұл аурудың ең асқынатын кезі – ерте көктем.