Клиникалық белгілері. Ауру сырт белгілеріне қарай 4 сатыға бөлінеді.
Ценуроз жұққан қойда ешқандай клиникалық белгі байқалмайды, бірақ қоздырғышты организмде бар екенін иммунологиялық реакцияны пайдалану арқылы табуға болады.
Сырт белгілері білінген кезеңі шамамен алғанда жануар залалданғаннан кейін 17-29 күн өткен соң басталады. Мал аз жусап, денесі дірілдейді, тісін қайрайды, елеңдеп, жоқтан өзгеден үркіп, кейде жатқан орнынан атып тұрып, құлақтарын қайшылап, шошынған қалып танытады. Бұл кезең 2-7 күнге созылады.
Малдың күйі кәдімгідей жақсарады, аталған клиникалық белгілер өзінен-өзі жойылып, білінбей кетеді.
Ауру асқынған кезде жүріп келе жатып мелшие қалу, бағытсыз жүріп кету, қоралы малдан бөліне қашу, кілт тоқтап артқа шегіну, оқтын-оқтын басын бір жағын қисайтып алып, бағдарсыз жүріп барып сүріну, жығылу, басын кекжитіп алып тұра жөнелу, көбіне бағытын жоғалтып, бір орнында айнала беру сияқты белгілер байқалады.