4. ЮНЕСКО шешімімен Алаш қозғалысының көшбасшысы Ә.Н.Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойының атап өтілуі.
2016 жылы 21 сәуір күні Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына орай халықаралық конференция ұйымдастырылды.
Ұлтының бақытына бола бар ғұмырын сарп ете жұмсаған, әділдік пен адалдық жолынан таймаған шынайы Ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның жұлдызды күндері енді туарына сөз жоқ
Қазақ халқының ұлы тұлғасы, саяси қайраткер, тұңғыш ормантанушы ғалым, энциклопедист Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай Астана қаласы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, елшілік қызметкерлері және Алаш ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының ұрпақтары қатысты. Университет қабырғасында өткен іс-шарадан сонымен қатар оқу орнының әр түрлі мамандықтағы студенттері мен оқытушылары шет қалмады.
Ұлы тұлға, саяси көсем Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО Бас конференциясының 2-18 қараша аралығында өткен 38-сессиясының шешімімен «Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп танылып, атап өтуге қаулы қабылдаған.
Бұл игі шараны ұйымдастырушылар: Л. Гумилев аттаындағы Еуразия ұлттық университетінің жанында құрылған «Алаш» мәдениет және рухани даму институты. Ұйымдастыру комитетінің құрамына белгілі ғалымдар, шетелдік ғылым докторылары мен ТҮРКСОЙ секілді беделді мекеме басшылары кірген.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның кіріспе сөзінде университет ректоры Е. Сыдықов Әлихан Бөкейхан мұраларының маңызы мен жас ұрпақ үшін пайдасына қысқаша тоқталып, оны зерттеуде университет ғалымдарының қосқан үлесі пен конференцияның мазмұнды өтуіне атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.
Мемлекеттік органдардың басшылары қатыспаса да, бұл жиынға орынбасарлары немесе көмекшілері арқылы құттықтау хатын жолдаған. ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлының құттықтауын министрліктің жауапты хатшысы Т. Уәлиев, Парламент төрағасының құттықтауын депутат, шоқайтанушы М. Бақтиярұлы жеткізген, сонымен қатар Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы М. Йылдыз, Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі И. Кавабата екі елдің кей мүдделерінің ортақтығын сөз ете отырып құттықтады.
Ресми құттықтаулар аяқталысымен конференция отырысы пленарлық баяндамалармен жалғасты. Еліміздегі бірден-бір әлихантанушы, Ә. Бөкейханның әзірге 9 томдық шығармаларын құрастырушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы баяндама барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның мерейтойға қатысты министрліктер мен өзге де органдарға жүктеген міндеттерін тізіп, тиісті Мәдениет және спорт министрлігінің атқаруға міндетті шаруаларын еске салуды ұмытпады.
Академик Серік Қирабаев ұлт тұлғасының жалпы бітім-болмысы хақында ой қозғап, оның өмірінің біз үшін эталон бола алатынын, ақтау комиссиясының жұмысы қалай жүргені жайында біраз сыр айтты.
Әлихан Бөкейхан туралы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітаптың беташар тұсаукесер рәсімі өтті. Оның ишарасын Әлиханның інісі Смаханның ұрпағы, ғалым Ортай Әбдрахманов пен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов жасады. Соңынан қазақтың дәстүрі бойынша шашу шашылып, көпшілік бір серпіліп қалды.
Сонымен қатар өз баяндамасында Мәскеудегі қазақ ғалымы, тарихшы, академик Дина Аманжолова Әлихан Бөкейханның саяси қайраткерлігіне жан-жақты тоқталып, кейбір түсініксіз сауалдарға, ұғымдарға талдаулар жасаған. Мәселен, Алаш қозғалысының шығыс қанаты деген түсініктің қателігін, шын мәнінде Семей Алаштың орталығы болғандықтан, оны шығыс деп бөлудің қажетсіздігін баса айтты.
Ал тілші ғалым, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы ұлт көсемінің тек саяси ғана емес, тілдің бастауында тұрған үлкен қайраткер екенін айтты. Бұл орайда тіл атасы А. Байтұрсынұлының еңбектерін жоққа шығармай, бұл салада да онымен тізе қосып, өзгеше пікір айта білген Әлиханды ұлт тілі мен баспасөз тілін, ғылыми тіл стильдерін сақтаушы қайраткер деп тануды мойындау керектігін жеткізді. Сондай-ақ еркін аударма жасауда Әлиханның үлгісін назарда ұстау қажеттілігін, жас аудармашылар үшін үлкен қазына екендігі де айтылмай қалмады.
Теология ғылымдарының докторы, философ Досай Кенжетай «Әлихан Бөкейханның зайырлылық концепция туралы көзқарасы» тақырыбы баяндама жасап, зайырлы-демократиялық қалыптағы жаңа мемлекет құрудағы Әлиханның тұжырымдары қандай болғаны турасында тамаша ойлар айтты.
Жиын соңында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қарары қабылданды. Онда:
• ҚР Президенті Н. Назарбаевқа Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын және Алаш ұлттық-автономиясының 100 жылдық тарихи датасын лайықты атап өтуге арнайы жарлық шығару;
• Алматыдағы Ұлтты агротехникалық университетінің есімін (немесе Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін) Әлихан Бөкейхан құрметіне атау;
• Алматыдағы метрополитенге Ә. Бөкейхан есімін беру;
• Семей қаласының тарихи атауын қайтарып, Алаш деп атау беру туралы ұсыныстар мен өтініштерді дұрыс жеткізу көзделген.
Осылайша өз елі үшін, елінің келешегі үшін құрбан болған арыс Әлихан Бөкейханның аруағына тағзым жасалды. Ұлтының бақытына бола бар ғұмырын сарп ете жұмсаған, әділдік пен адалдық жолынан таймаған Ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның жұлдызды күндері енді туарына сөз жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |