Әлеуметтану теориясы: ғасыр ортасынан кейін 1940–1950 жылдар қарама-қайшылыққа толы құрылымдық функционализмнің үстемдік құруы мен құлдырауының бастамасы болды. Осы кезде Парсонс өзінің әрекет теориясынан құрылымдық функционализмге ауысуын анық көрсететін ең маңызды тұжырымдамаларын жасады. Парсонстың студенттері елдің түкпір-түкпіріне таралып, әлеуметтанудың ірі орталықтарында қызмет атқарды (мәселен, Колумбия мен Корнелде). Олар өздерінің жеке туындыларын жазды, ол еңбектер құрылымдық функционализм үшін маңызды болды.
Бірақ әлеуметтану теориясында үстем бола бастаған құрылымдық функционализм бірте-бірте сынға алынатын нысанға айналды. Ол сындар 1960–1970 жылдарға қарай күшейді. 1959 жылы Парсонсқа Ч. Райт Миллс де сын айта бастады. Бұған қоса Дэвид Локвуд (Lockwood, 1956), Элвин Гоулднер (Gouldner, [1959] 1967, 1970; Chriss, 2005a) мен Ирвинг Горовиц (Horowitz, [1962] 1967, 1970) сияқты ойшылдар маңызды теориялар ұсынды. 1950 жылдары бұл сын «партизандық шабуылдар» деп қабылданды, 1960 жылдары әлеуметтанудағы құрылымдық функционализм беделіне шындап қауіп төне бастады.
Джордж Хуако (1986) құрылымдық функционализмнің өрлеуі мен құлдырауын АҚШ-тың әлемдегі орнымен байланыстырады. Америка 1945 жылдан кейін әлемдегі жетекші орынға шыққан соң құрылымдық функционализм өрлей бастады. Құрылымдық функционализм Американың әлемдегі үстемдігін екі жолмен қолдады. Біріншіден, құрылымдық функционализм «әрбір модель өзінен ірі жүйеден сақтануға және өзін-өзі қамтуға талпынады» деген пікірді ұстанды, ол Құрама Штаттардың әлемдік гегемониялық беделін дәріптеуден еш айырмашылығы болмады (Huaco, 1986:52). Екіншіден, құрылымдық функционализм теңдікті сақтауға бағытталды (ең жақсы әлеуметтік өзгеріс – өзгерістердің болмауы). Бұл ұғым сол кездегі АҚШ-тың мүддесімен сай келді, өйткені ол сол кездегі әлемнің «ең ірі әрі ең бай елі» еді (Huaco, 1986:50). 1970 жылдардағы Құрама Штаттар ықпалының төмендеуі әлеуметтанудағы құрылымдық функционализмнің құлдырауымен дөп келді.
Құрылымдық функционализмге балама болатын конфликт теориясының дамуы марксистік пен әлеуметтану теориясының шынайы одағы пайда болғанының тағы бір белгісі еді. Бұған дейін айтқанымыздай, құрылымдық функционализм әлеуметтік теорияда үстемдік құра бастағаннан кейін жиі сынға ұшырады. Сын әртүрлі болды: құрылымдық функционализм әлеуметтік конфликтіні дұрыс талдамай, тұрақты құрылымға баса назар аударып, саяси консерватизмге ұрынды деп айыптады, әлеуметтік өзгеріс туындата алмайды деп те сынады.
Мұндай сындардың бір пайдасы – кейбір әлеуметтанушыларды құрылымдық функционализм мәселелерін құрылым мен конфликтіге қатысты қызығушылықты біріктіру арқылы шешуге құлшындырды. Бұл жұмыс конфликт теориясының құрылымдық-функционалдық теорияға балама ретінде дамуына жол ашты. Өкінішке орай, бұл теория болмашы ғана интеллектуалды ерекшеліктеріне қарамастан, көбіне құрылымдық теорияның айнадағы елесі сияқты әсер қалдыратын.
Маңызды теориялық зерттеулердің бірі – айырбас теориясының пайда болуы (Molm, 2001). Бұл саланың дамуына зор үлес қосқан әлеуметтанушы Джордж Хоманс еді, оның шығармашылығы Б.Ф. Скиннердің психологиялық бихевиоризмін зерттеген кезде қарастырған еді. Скиннер бихевиоризмі әлеуметтік айырбас теориясының, сонымен қатар Хоманс айырбас теориясының негізі болып саналады.