Әлеуметтану теориясы: ғасырдың ортасына дейін Гарвардтағы әлеуметтанудың өрлеуін сол жерге 1930 жылы Питирим Сорокиннің келуімен байланыстырамыз (Avino, 2006; Jeffries, 2005; Johnston, 1995). Сорокин Гарвардқа келгенде әлеуметтану бөлімі болмаған еді, бірақ ол келген жылдың аяғына қарай осы бөлім ұйымдастырылып, Питирим Сорокин оның меңгерушісі болып тағайындалды. Сорокин – әлеуметтанушы теорияшы, 1960 жылдарда еңбектері кең тараған, алайда, ең қызығы, бүгінде олар сирек еске алынады. Дегенмен кей ғалымдар (Tiryakian, 2007) бұл оймен келіспейді, бірақ қарсыластарының басым көпшілігі оның еңбектері уақыт сынына төтеп бере алмады деп түсіндіреді. Сорокиннің Гарвардта әлеуметтану бөлімін ашып, Толкотт Парсонсты (ол Гарвардта экономика бойынша оқытушы болған) әлеуметтану пәнінің оқытушы қызметіне алуы маңызы зор оқиға болды. Парсонс әйгілі әлеуметтану теорияларын жазумен бірге, ірі әлеуметтанушы теорияшыл шәкірттер даярлған әрі америкалық қауымға Еуропа теорияшыларын танытқан Америка әлеуметтануындағы аса беделді тұлға еді.
1900 жылдардан бастап 1930 жылдарға дейін марксистік теория әлеуметтану теорияларының негізгі легінің ішінде, сыни мектептің немесе ертеректегі гегельдік марксизмнен бөлініп шыққан Франкфурт мектебінің пайда болуын санамағанда, тәуелсіз түрде дамып келді.
Марксистік теорияны дамыту мектебінің ең сәтті еңбектерінің бірі Феликс Дж. Вейльдің туындылары еді. Әлеуметтік зерттеу институты 1923 жылдың 3 ақпанында Германияның Франкфурт қаласында ресми түрде қалыптасты (Jay, 1973; Wheatl and, 2009; Wiggershaus, 1994). Соңғы жылдары марксистік көзқарасты қорғаушылардың көбі сыни мектеппен тығыз байланыста болды: Макс Хоркхаймер (Shlulz, 2007а), Теодор Адорно (Shlulz, 2007b), Эрих Фромм (N. МcKLaghin, 2007), Герберт Маркузе (Dandaneau, 2007а) және жаңадан танымал болып келе жатқан Юрген Хабермас пен Аксель Хоннет.
Институт Германияда 1934 жылға дейін қызмет атқарып тұрды, алайда елдегі әсіреұлтшыл тәртіп кесірінен жұмыс істеу өте қиынға соқты. Әсіреұлтшылдар арасынан марксистік идеяны қорғайтын адамның табыла қоюы екіталай еді, өйткені оны қолдаушылардың көбі еврей болатын. 1934 жылы институт басшысы Хоркхаймер Нью-Йоркке келіп, осы ғылыми орталықтың болашағы жөнінде Колумбия университетінің президентімен өзара пікір алмасты. Институт университетпен біріктіріліп, оған кампус территориясынан жеке ғимарат ұсынғанда, Хоркхаймердің таңданысында шек болмады. Осылайша, марксистік теория орталығы капиталистік әлем орталығында орналасты. Институт соғыс аяқталғанға дейін сонда жұмыс істеді, бірақ соғыстан кейін оның Германияға қайтып орнығуына қысым жасалды. 1949 жылы Хоркхаймер Германияға қайтып оралды, өзімен бірге институтты да ала келді. Институт Германияға көшкенімен, оның қызметі көптеген аймақтарға ортақ болды.
Сыни теорияның қаншалықты маңызы бар екенін атап өткен жөн (Calhoun and Karaganis, 2001). Алғашқы жылдарда институтпен қатынасы барлар, әдеттегідей, дәстүрлі марксистер болды, олар көбінесе экономикаға көңіл бөлді. Алайда 1930 жылдары айтарлықтай өзгерістерден кейін осы ғалымдардың бірқатары экономикадан гөрі мәдениет саласына, яғни жаңа капиталистік қоғамда тегурінді күшке айналып отырған «мәдениет индустриясына» (Lash and Lury, 2007) назар аудара бастады. Бұл кезде капиталистік замандағы мәдениеттің рөлі шарықтаған еді. Осы тұста ертедегі Георг Лукач сияқты гегельдік марксистердің позициясы нығайып, кең қанат жайды. Мәдениет саласын тереңірек тану үшін сыни теорияшылар Макс Вебердің еңбектеріне ден қойған болатын. Маркс пен Веберді біріктіру арқылы олар «Веберлік марксизм»6 (Dahms, 1997; Lowy, 1996) ұғымын тудырып, әлеуметтанушылар алдында сыни мектептің беделін өсірді, сөйтіп марксистік теорияны жақтаушылардың қызығушылығын оятуға септігін тигізді.
Бұл жерде Карл Мангейм (1893–1947) шығармашылығына тоқтала кету керек. Мангейм Венгрияда туып, алдымен Германияға, одан кейін Англияға қоныс аударуға мәжбүр болды. Мангеймге марксистік идеологиялық еңбектер, сондай-ақ Вебер, Зиммель мен неомарксист Джордж Лукачтың туындылары әсер етті. Оның Вебердің ойларына қарағанда рационализм туралы айтқан ойлары нақтылығымен және орнықтылығымен ерекшеленеді.