Жоспар. Кіріспе І тарау


—1907 жылдардағы алғашқы орыс революциясындағы Түркістан



бет2/3
Дата08.09.2017
өлшемі1,18 Mb.
#31559
1   2   3

1.1. 1905—1907 жылдардағы алғашқы орыс революциясындағы Түркістан.

1905—1907 жылдардағы Ресей империясын қамтыған революцияның алғышарттары мен басты себептерін, оның ұлттық «бұратаналық» аудандардағы ерекшеліктерін осы отарлық мемлекеттің саяси экономикалық жағдайымен байланыстырған жөн.

XX ғасырдың басындағы Қазақстанның шаруашылық дамуында XIX ғасырдың екінші жартысымен салыстырғанда бірқатар өзгерістер қалыптасты. Өнеркәсіптің жеке салаларын салыстырып қарағанда біраз дамуы әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер етпей қоймады. Әсіресе шойын жол құрылысы өлкенің Сібірмен іргелес орналасқан өңірін қамтуы, әрине, Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарының жаңа экономикалық қатынастарға тартылуын тездетті. 1893—1895 жылдары салынған ұзындығы 3138 шақырым Сібір шойын жолының 178 шақырымы қазіргі Қазақстан шекарасын басып өтетін. 1893—1897 жылдары салынған Рязань — Орал шойын жолының 194 шақырымы Қазақстанның батыс аудандарын басып өтті. Сөйтіп, шойын жолдар біршама өзгешеленген Қазақстанның жалпы империялық шаруашылық жүйесін белсене тартылуына жағдай жасады. Алайда әлі де болса Қазақстанның бірқатар аудандары, әсіресе оңтүстік өңірі, шаруашылық жағынан оқшауланып тұрды. Бай өлкенің шикізаттарын қарқындап дами бастаған метрологияның өнеркәсіп мүддесіне икемдеу мақсатында патша үкіметі жаңа шойын жол тораптарын іске қосуға күш салады. Екінші жағынан, осындай шойын жол арқылы Ресей әкімшілігі Орта Азияны қазақ жері арқылы орталық экономикалық орталықпен байланыстыруға бел байлады. Орынбор — Ташкент шойын жолын салу патша үкіметінің шығыс аудандардағы ірі экономикалық шарасы еді. Ұзындығы 1656 шақырым Орынбор — Кубек, Ташкент —Кубек бөлімдерінен тұрған осы шойын жол 1906 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілді. Енді Қазақстанның негізгі экономикалық аудандары Ресейдің өндірістік аудандарымен байланыстырылды. Шойын жолды салуда патша үкіметінің біржақты саяси бағыты анық көрінді: шойын жол өтетін өңірлерде орналасқан қазақ шаруалары ол аудандардан қуылып, олардың мұқтаждығы ескерілмеді. Жерінен айрылған қазақ шаруаларына берілетін ақшалай өтем құны ауызға алуға келмейтін шойын жол құрылысы өндіріс жабдықтарын Қазақстанның алшақ түпкірлеріне жеткізуге мүмкіндік берді, жұмысшылар санының өсуіне жағдай жасады. 1902 жылы қазіргі Қазақстанның шекарасында 8887 өндіріс орындары бар еді, онда 25392 жұмысшы еңбек етті. Соның ішінде 18095 жұмысшы 197 кен өндірісінде, яғни әрбір өндіріс орнында орташа есеппен 92 жұмысшыдан. Ал 690 өңдеу өнеркәсібінде 7297 жұмысшы, яғни орта есеппен әрқайсысында 11 адамнан болды20.

1905—1907 жылғы буржуазиялық-демократиялық революцияның қарсаңында 300—400 жұмысшы шоғырланған ірі өнеркәсіп орындары да болды. Успен кеніші, Қарағанды көмір шахталары, Риддер түсті металлургия өнеркәсібі, Спасск мыс қорыту зауыты. Тіпті, 1902—1904 жылдары Орынбор — Ташкент шойын жолында жұмысқа тартылғандар саны 30 мыңға дейін жеткен. Алайда олардың ішінде маусымды немесе уақытша жұмыс істейтіндер басым еді.

1905—1907 жылдардағы революцияға алғышарт болған мәселелердің бірі — патша үкіметінің аграрлық саясаты. Орталық губерниялардан Қазақстанға орыс шаруаларын қоныстандыру XX ғасырдың басында бұрынғыдан да күшейді. Бұл жағдай, әрине, бір жағынан, орыс-қазақ шаруалары арасындағы байланыстарды шиеленістіріп жіберсе, екінші жағынан, сол келімсек-әлеуметтік топтардың да жағдайын біршама қиындатты. Жер өңдеу үшін ауылшаруашылық құрал жабдықтары, азық-түлігі жетіспеуі — келімсек шаруалардың бір бөлігінің патша үкіметіне қарсылығын тудырды. Қазақтардың «артық жерлерін алу деген желеумен, патша үкіметі, шын мәнінде, қазақ руларының ғасырлар бойы көшіп-қонған жерлерін басып алуды жиі іске асырып отырды. 1853 және 1905 жылдары көшпенді қазақтардан 4 млн. десятина жер тартып алынса, 1906—1907 жылдар арасында 17 млн. десятина жер тартып алынып, қоныс аударған шаруалар арасында бөлініп берілді21.

Келімсек шаруалардың арасындағы мүліктік айырмашылық күннен-күнге байқалды: 1 десятина егіні бар — батырақ, 4 десятинаға дейін — өте кедей шаруа, 5— 8 десятинаға дейін — кедей, 10 десятинаға дейін — шамалы орта шаруа, 15 десятинаға дейін — ауқатты орта шаруа, 15 десятинадан аса — кулактарға жатты. Қазақстанның жеке аудандарында келімсек шаруалар арасындағы жікшілдік әр дәрежеде қатыптасты: Шымкент уезінде батырақтар мен кедейлер орыс шаруаларының — 40% құраса, Жетісу өңірінде кедейлер мен батырақтардың үлесі — 28,3%, кулактар — 25%, сонымен XX ғасырдың басындағы Қазақстанның әлеуметтік жағдайы патша өкіметінің ұлттық езуі мен қанау саясатына қарсылықтың бастауы үшін алғышарттарды қалыптастырды. Мұны 1905—1907 жылдардағы революциялық оқиғалар толығымен дәлелдеді.

Орталық өнеркәсіптік аудандардан алшақ жатқан Қазақстан сияқты отарлық өлкеде революциялық көзқарастың қалыптасуына белгілі бір дәрежеде әсер еткен — жер аударуда болған бұрынғы халықшылдық, кейінгі социал-демократиялық ағымдардың өкілдері: Румянцев, Богомолов, Е. П. Михаэлис, Кочерова, Крушеев, т. б. қазақ өлкесінде алдыңғы қатарлы идеяларды таратуда аз еңбек еткен жоқ.

Қазақстанмен іргелес орналасқан Еділ бойындағы, Оралдағы, Оңтүстік-Батыс Сібірдегі өнеркәсіптік және орталықтардағы жасырын саяси ұйымдар да өлкемізде үндеулер, саяси мазмұндағы, патша үкіметіне қарсы құжаттар таратты. «Искра» газетінің «Сібір социал-демократиялық одағының» мәліметтері қазақ өлкесінде де белгілі болды. Қазақ аулы тікелей болып жатқан оқиғалардан тыс тұрса, қалаларда революция қарсаңында құпия маркстік жасырын ұйымдар қалыптасты. 1902 жылы тұңғыш маркстік ұйымдардың бірі Орынборда қалыптасты М. В. Фрунзенің, В. Куйбышевтың революциялық қызметі Қазақстанда қалыптасты.

Отарлық ұлт аудандарының «сілкініп оянуына» негіз болған 1905 жылғы «Қанды жексенбі». Әрине, өлкенің алшақтығы, патша өкіметінің болып жатқан оқиғаларды жасыруға тырысуы Петербургте басталған оқиғалардың Қазақстанға кешеуілдеп жетуіне әсер еткені айқын. Солай болса да 1905 жылдың ақпан айында Түркістанда, Перовскіде, Жосалыда, Шалқарда алғашқы қарсылықтар ұйымдасқан жағдайда жергілікті отаршыл билеушілерге қыр көрсету ретінде өтті.

1905 жылы Ресей социал-демократиялық партияның ІІІ съезінің, сәуір конференциясының шешімдері, оның Ташкент, Омбы, Орынбор комитеттерінің шешімдері өлкенің түпкірдегі аудандарында да таратылды. Петербург, Мәскеу, Рига және басқа Ресейдің еуропалық бөлігіндегі ірі патша жазалаушы күштерімен қақтығыстың толқыны қазақ шаруаларының көтерілуіне де себепші болды. Торғай, Семей, Орал облыстарындағы қазақ шаруаларының бой көтеруі патша үкіметінің басқа өңірлерден шаруаларды қоныстандыруы мен жергілікті халықтың жерін тартып алуға қарсылық еді.

Семейде, Ақмолада құрылған социал-демократиялық ұйымдар, Орал, Торғай және басқа қалалардағы социал-демократиялық топтар әр тілді Қазақстан еңбекшілерінің арасында патша өкіметіне қарсы үгітті күшейтті.

Осылардың бір нәтижесі 1905 жылы мамыр айындағы еңбекшілердің бірлігін қуаттайтын ереуілдер, Верныйда, Перовскіде, Қостанайда мамыр айының мейрамы бірліктің бір көрінісі ретінде өткізілді. Қарқаралыда болған үкіметке қарсылық жиынына белсене қатысқандардың бірі Міржақып Дулатұлы еді.

Еңбекшілердің саяси көзқарасының көтерілуіне ерекше әсер еткен Бүкілресейлік қазан саяси ереуілі еді. Перовскіде (Қызылорда), Қостанайда, Оралда, Успен кенішінде стачкалық комитеттер құрылды22.

Қазан айының 17-інде жарияланған патша манифестерінің жұртты алдау екенін жаңадан қалыптаса бастаған «Алаш» сияқты ұлттық-демократиялық партиялар әшкереледі. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышпайұлы және де басқа демократиялық жолды ұстаған жас қазақ интеллигенция өкілдері ұлттық тілдің, өмірдің мерейі үшін табанды күрес жүргізді. Екінші жағынан, Ресейдің орталық аудандарындағы оқиғалардың әсерімен кадеттердің, октябристердің, қара жүздіктердің де ұйымдары құрылды.

Саяси топтар арасындағы тартыстың шиеленісіне қарамай қазан және қараша айларында Қазақстан еңбекшілері патша үкіметіне қарсы бірнеше саяси бой көрсету ұйымдастырды. Орынбор қаласындағы қазан айының 18—19-ында өткен демонстрация «Демократиялық республика жасасын», «Самодержавие жойылсын» деген нақты саяси ұрандармен өтті. Қазан айынын 25-інде Омбыда ұйымшылдықпен өткен саяси бой көрсету Батыс Сібір әкімшілігін қатты сескендірді.

Перовскідегі саяси демонстрация орыс және қазақ жұмысшыларынық бірлескен көтерілісініқ көрінісі болды. Шойын жол депосының жұмысшылары алдында сөйлеген А. Исаев, А. Торохов, студент Никольский патша өкіметініқ езуші саясатын мейлінше айыптады. Жұмысшылар өкілдерінен құралған комитет Петербург шойын жол жұмысшыларымен байланыс орнатты.

1905 жылы қараша айынық 16—26-ларында Семей почта-телеграф қызметкерлері ереуіл жариялады. Толқуды басу үшін облыс губернаторы Қарқаралыдан әскери күш шақыртты.

Революциядан сонымен қатар патша үкіметініқ тірегі болып саналатын Қазақстандағы әскери бөлімдер де тыс қалмады. 1905 жылдық қараша айының 6—7-лерінде Верныйдағы Батыс Сібір батальонында, осы айдық 21-інде Жаркент гарнизоны солдаттары да патша үкіметініқ жаншу, жазалау саясатына қарсылық білдірді.

1905—1907 жылдардағы буржуазиялық-демократиялық революция кезеқіндегі қазақ-орыс еқбекшілерінің біріккен интернационалдық бой көрсетуінің ең басты оқиғасы Успен (Нілді) кенішіндегі оқиға. Ақмола облысындағы осы кен өндірісінде 300-ден астам жұмысшы бар еді. Соның ішінде — 265-і қазақ. Кеніш француз президентінің жиені Карноның меншігі болып саналатын, іс басқарушысы ағылшын Фелль. Ереуілге басшылық еткен «Капиталға қарсы орыс-қырғыз одағы» деп аталған, құрамына П. Топорнин, Л. Байшығыров, С. Невзоров және басқалар кірген ұйым.

Жалақының тапшылығы, жұмыс істеу шарттарының аса ауырлығы, шетел капиталистерінің, әсіресе ағылшын инженерлері Мессен, Гиббердің қатыгездігі, тағы да басқа жайттар ереуілге себеп болды23.

Оралдағы жұмысшылар қозғалысына қатысып, пролетарлық сыннан өткен П. Топорнин патша өкіметін әшкерелейтін әдебиеттермен жақсы таныс еді. 1905 жылдың желтоқсан айының 2-сінде құрастырылған «Орыс-қырғыз одағы» талаптарының саяси бағыт алуында, әрине, П. Топорниннің тәжірибесі еске алынды. Басты талаптар төмендегідей еді: азық-түлікке бағаны төмендету, 50 сомға дейінгі жалақыны 25% -ке, 50 сомнан асатын жалақыны — 15%-ке арттыру, жұмысшыларды су өтпейтін киіммен қамтамасыз ету, үш бөлімнен (кластан) тұратын орыс-қазақ училищесін ашу, жататын бөлмелерді адамның жайлы тұруына ыңғайлау, жеккөрінішті фельдшер Е. Костенконы, мекеме қызметкері М. Ивченконы жұмыстан аластату. Осы талаптар желтоқсан айының 7-сіне дейін орындалмаса, осы айдың 12-нен ереуіл жарияланатыны өндіріс иелеріне жеткізілді. Осы талаптарды «Орыс-қырғыз одағының» мүшелері Өтемісұлы, Өмірбекұлы, Батырбайұлы қазақ тіліне аударып, кеніш жұмысшылары арасында түсініктер берілді. Сол айдың 7-сінде Топорнин, Қасқабайұлы, Невзоров, Мартылюктерден арнайы құралған өкілдер кеніштің иелеріне табыс етті. Нілдідегі ереуіл басқа Орталық Қазақстандағы өндіріс орындарына тарап кетуінен сескенген Фелль Ақмола уезінің Нілді болыснайы Мұстафаевқа шегініп, қазақ жұмысшыларын ереуілшілерден ажыратып алуға күш салды. Қарауылшылар кенішті қоршап алды. Үгіт, қорқыту, жалған уәделерге сенбеген жұмысшылар өздерінің талаптарының орындалуын талап етті. Алайда Фелль жұмысшылардың талабын орындаудан бас тартты. Желтоқсанның 11-інде Мұстафаевтың және басқа бай ақсүйектердің Нілдіге келуінен де еш нәтиже шықпады. Қарағанды көміршілері ереуілшілерді барынша қолдады. Кеніштің шетел иелері жұмысшылардың талаптарын ішінара қанағаттандыруға мәжбүр болды. Ереуіл бәсеңдеді, оған дем беруші Невзоров пен Топорнин жұмыстан босатылды24.

Сонымен 12 күнге созылған кен өндірісінің 360 жұмысшысы қатысқан, қазақ және орыс жұмысшыларынын, ереуілі басылды. Алайда бұл оқиға XX ғасырдың басындағы революциялық оқиғалардың ішінен ерекше көзге түсетін ереуіл. Жұмысшылар патша үкіметінің отаршыл билеушілеріне, шетелдің өндіріс иелерінің қыспағына қарсы күресте тәжірибе алды.

1905 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның басқа да ірі қалаларында ереуілдер болды. Желтоқсанның 6-сында Өскемендегі жұмысшылардың жиынында сөйлеген сөзінде социал-демократ Крушеев патша үкіметіне қарсы күресте ынтымақтасуға шақырды. Желтоқсаннын, 18-інде Павлодарда Батыс Сібір серіктігінің Ертіс бөлімінің жұмысшылары митингі өткізді. Жергілікті өндіріс кеме иелері Вардроперден, Плотниковтан, Корниловтан өзен кемелерінің жұмысшылары жалақыны көтеруді, зейнеткерлерге берілетін ақшаны көбейтуді, дәрігерлік көмек көрсетуді талап етті. Экономикалық сипаттағы талаптар болғанмен де осындай бой көрсетулер 1905 желтоқсандағы ереуілдер, патша өкіметіне қарсы қыр көрсету бүкілресейлік азаттық қозғалыстық құрамдас бөлігі болды.

Саяси қозғалыстың өрістеуі. 1905—1907 жылдардағы оқиғалар жүйесінде ерекше орын алатын — 1906 жылғы шілде айындағы Семей қаласындағы жаппай ереуіл шілденің 3-інде Ертіс айлағында басталған, қаладағы басқа да өндіріс орындарының жұмысшыларын қамтыған осы ереуіл 1906 жылғы басты саяси оқиға еді. Алғашында 300, кейіннен ереуілге қатысушылар саны 500-ге жеткен бұл ереуілдің басты талаптары экономикалық мазмұнда болды: жұмыс күнін 10 сағатпен шегеру, балалар үшін 8 сағат, дімкас болған күндерді төлету, жалақыны көтеру, жұмыс мерзімінен тыс күштеп қосымша еңбек еткізуге тыйым салу, сонымен қатар әйелдердің құқын қорғауды қолға алу. Жергілікті құпия большевиктік топ мүшелері В. Брудневский, Солодовников ереуілшілердің күшін топтастыруға әсер етті.

1906 жылы Қазақстан шаруалар қозғалысының да көтерілген кезеңі. Семей облысында Қарқаралы уезінде, Жетісу облысында Жаркент уезінде (әсіресе ұйғыр еңбекшілері), Сырдария облысында, Әулиеата, Шымкент уездерінде, Орал, Торғай облыстарында қазақ шаруалары отаршыл жер саясатына ашық қарсылық көрсетті. «Орынбор өлкесі», «Орал күнделігі», большевиктік бағыттағы «Орал» және де басқа газеттер қазақ шаруаларының қарсылығы жөнінде оқырмандарын уақытында таныстырып отырды.

Саяси толқулардың кеңеюінен шошынған патша өкіметі Қазақстандағы қозғалысты басу үшін шаралар қолданды. 1906 жылдың қаңтар айының 10-ында ішкі істер министрі Дурново өлкедегі қарсылықтарды жаншуға арнайы тапсырма берді25.

Осындай ауыр жағдайға қарамастан ұлттық демократиялық интеллигенцияның белгілі өкілдері Әлихан Бөкейханов (Семей облысы), Ахмет Байтұрсынұлы (Торғай облысы), Б. Қаратаев (Орал облысы), М. Тынышпайұлы, Сыртанов (Жетісу) қазақ еңбекшілерінің заңды мүдделерін қорғауда, талаптарын түсіндіруде аянбай күрес жүргізді.

Саяси топтардың, партиялардың арасында өзара талас, патша үкіметіне қарсы күрес, әсіресе екінші Мемлекеттік Думаға сайлау кезінде ерекше көзге түсті. Большевиктердің солшыл күштердің одағын құру жөніндегі тактикасы негізінен нәтиже берді. Ақмола облысында сайланған большевик А. Виноградов, Торғай облысында социал-демократтар, эсерлер, большевиктер және еңбекшілер (трудовики), шаруаларды қоныстандыру басқармасының қызметкері — И. Головановтың сайлануын қамтамасыз етті. Орал облысында трудовик тобының өкілі Космодьямский сайланды. Жетісу облысында да ірі көпестің ұлы, трудовиктер тобының өкілі Қазан университетін бітірген М. Гаврилов сайланды. Семей облысында солшыл топтар біріге алмай, социал-демократ, көрнекті зерттеуші Н. Я. Коншин депутат болып сайланды. Сырдария облысынан трудовик — Колендзян сайланды.

Сонымен қатар қазақ әскерінен де өкілдер сайлауы өткізілді. Жетісу қазақ әскерінен Я. И. Егошкин, Сібір қазақ әскерінен И. И. Лаптев. Патша үкіметінің сайлау заңына сәйкес «түземдік» халық арасынан да депутаттар сайлануға тиісті болды. Ақмола облысынан молда, мұсылмандық оқу жүйесін сақтап қалуда ерекше еңбек сіңірген Ш. Қошығұлұлы, Жетісудан — федералист М. Тынышпайұлы, Оралдан — кадет А. Бірім-жанұлы, Семейден — ауқатты топтан шыққан Нүрекенұлы.

Алайда барлық депутаттар өз міндеттерін атқаруға дәйекті болмады. Негізінде Семейдің жұмысшыларының қолдануымен мемлекеттік Думаға сайланған Н. Я. Коншин солқылдақтық көрсетті. «Семипалатинский листок» газетінің редакторы, қазақ өлкесінің тарихы жөніндө шындығында тамаша еңбектер шығарған Н. Я. Коншин кейіннен өзінің бұрынғы сайлаушыларының талаптарынан бас тартып, Мемлекеттік Думада Сібір «автономистері» деп аталған, Сібірдің дербес дамуын жақтаған топқа қосылып кетті.

1905—1907 жылдардағы Ресей революциясы жеңіліс тапты. Оның басты себептері: әлі де жұмысшы табының әсіресе қазақ жұмысшылар санының аздығы олардың шағын, әр түрлі өндіріс орындарында шамалы болуы. Қазақ аулының көптеген қалалық орталықтарда болып жатқан оқиғалардан тысқары қалуы да патша өкіметіне қарсы бірыңғай майдан құруға мүмкіндік бермеді. Әрине, қозғалыстың бәсен болуынық себепші болған мәселелердің бірі революциялық күресті ұйымдастыруда ұлттық демократиялық топтардың тәжірибесі әлі де жеткіліксіз еді.

Алайда 1905—1907 жылғы революцияның Қазакстанның кейінгі саяси қоғамдық дамуына әсері мейлінше терең болды: болашақтағы патша өкіметініқ отаршыл саясатына қарсы тәжірибе жинақталды; ереуілдерді ұйымдастырудағы олқылық, кемшіліктер кейін еске алынды; күрес барысында революционерлердің тобы тәрбиеленді. Бәкен Серікбайұлы, Әлімжан Байшағырұлы, Юсуп Бабайұлы, Мақсұт Бекметұлы, Ташен Өтепұлы, Ысқак Қосқабайұлы, т. б.

1907 жылдың көктем айларынан бастаған Ресей демократиялық революциясының шегінуі ұлттық аймақтарды да, соның ішінде қазақ өлкесін де қамтыды. Реакция кезеңінде Қазақстанда таптық қозғалыстардың таралуына біршама әсер еткен, әрине, патша үкіметінің жер мәселесіндегі саясаты. XIX ғасырда етек алған Ресейдің әр түкпірінен орыс, украин шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыру XX ғасырдың басында, әсіресе революция шегінген жылдарда мейлінше көбейе түсті.

Қазақтарды ғасырлар бойына қоныстанған жерінен ығыстыру саясаты енді ерекше екпінділікпен жүргізіле бастады. Мысалы, 1893 жылдан 1905 жылға дейін қазақтардың 4 млн. десятина жер аумағы тартылып алынса, 1906 және 1912 жылдар аралығында 17 млн. десятина жер орыс шаруалары арасында таратылды. Патша үкіметі қазақ жерлерін жеделдетіп отарлауға ерекше мән берді. Ішкі істер минстрлігінде жерге орналастыру және егіншілік туралы бас басқармада өлкені отарлауды тездетудің жолдары мен мүмкіндіктері арнайы талқыланып отырды26.

Ұлттық аймақтарды, сонымен қатар Қазақстанды отарлау мәселелері Мемлекеттік Думада да арнайы талқыланатын. Жер мәселесі, шаруаларды шығыс аудандарға қоныс аудару социалистік революционерлердің, трудовик тобының, большевиктердің және басқа да мемлекеттік думада өкілдері бар партиялар мен ұйымдардың көңілін мейлінше аударды.

1905—1907 жылғы революциялық оқиғалардан шошынған патша үкіметі әсіресе орталық губерниялардағы халықтың назарын таптық қозғалыстан айырып әкету үшін шаруаларды Қазақстан сияқты шалғай аудандарға қоныс аударуға мейлінше мүдделі болды. 1906 жылғы қараша және 1910 жылғы қараша айында Столыпинніқ үкіметі қабылдаған аграрлық саясат революцияны тұншықтыру үшін ұстады. Екінші жағынан, шығыс аудандарға, әсіресе Қазақстанға қоныс аударған шаруалар арасынан өзінің жер саясатын одан әрі тереңдету үшін кулак топтары арқылы тірек алуды да ойластырды. Әсіресе, орталық губерниялардан қоныстанған шаруалардың мейлінше жиі орналасқан аудандары Семей, Ақмола, Орал және Жетісу облыстары болды. 1917 жылғы қазан революциясының қарсаңында жалпы Қазақстанда жергілікті халықтан тартып алынған жер көлемі 45 млн. десятинадан астам.

Әрине, жылдан-жылға келімсек шаруаларға бөлініп берілген жер көлемінің ұлғаюы, орыс, украин шаруаларының Қазақстан халқы құрамының күрт өзгеруіне де әсер етпей қоймады. 1870 және 1906 жылдар аралығында тек Далалық Қазақстанда Ресейден келіп орналасқандар саны 521023 адам болса, 1907 және 1914 жылдар арасында, яғни 9 жыл ішінде жаңадан қоныс тепкендер саны 714395 адамға жетті. Алайда Ресей империясының әр аудандарынан қазақ өлкесінде қоныс аударғандар санының көбеюі немесе оның кейбір жылдары келіп отыруы орталық губернияларда қалыптасқан экономикалық және әлеуметтік мәселелерге де байланысты болған. Айталық, 1913 және 1914 жылдардағы Еділ өзені бойындағы аштықтың салдарынан Қазақстанға келіп қоныстанған шаруалар саны көбейіп кеткені түсінікті. 1914 жылы Қазақстанда қоныстанған әр тілдес халықтар саны 211 есеге бірден көтерілуі, негізінен алғанда Ресейден қоныс аударған шаруалардың үлесінің өсуімен тығыз байланысты.

Столыпиннің аграрлық саясаты қазақтардың халық санында үлесінің әжептәуір кеміп кетуіне тікелей әсер етті. Қазақтар саны Ақмола облысында — 36,6% (1897 жылы — 61,1), Семей — 73% (87,9), Сырдария — 62,3% (64,4), Жетісу — 60,5% (80,4), Торғай —58,7% (90,6) және Орал облысында 56,9% (71,3). Орыс тұрғындары да облыстар бойынша әркелкі орналасқан еді. Ақмола облысы — 56,7%, Орал — 40,8%, Торғай — 37,5%, Семей — 24%, Жетісу — 23,5% және Сырдария облысында — 6,2%-ке тең.

90%-тен астам жергілікті халық мал шаруашылығымен айналысқан өлке үшін жайылым және шабындық жерді пайдаланудың орасан зор маңызы бар Еді. Бүтін жер қорын патша үкіметінің қазына иелігі деп есептеуі және осы бағыттан таймай қазақтарды жерінен ығыстыру саясаты саяси қайшылықтардың әр кезде шиеленісіп отыруына әсер етті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің де басты алғышарты патша үкіметінің жер мәселесіндегі қысым жасауы болғаны бірден байқалды.

Революцияның өрлеу кезеңіндегі әлеуметтік тартыстың шиеленісуі. Ресейдің орталық аудандары, сол сияқты Орал мен Батыс Сібірдегі революциялық оқиғалар осы өңірлермен мейлінше іргелес орналасқан Қазақстандағы әлеуметтік қатынастардың шиеленісуіне әсер етпей қоймады. 1905—1907 жылдардағы сияқты өлкенің солтүстік-батыс және шығыс аудандары революциялық толқулардың белсенділікпен өткен өңірлері еді. Орынбор — Ташкент шойын жол торабының жұмысшылары патша үкіметінің әлеуметтік, ұлттық езу саясатына қарсы екпінді қарсылық көрсетті. Жұмысшыларды өндірістен босатуға қарсылық көрсеткен ұсташылардың ереуілі мейлінше жігерлі болды. «Атбасар мыс кендері» акционерлік қоғамының өндіріс жұмыскерлерінің 1911 жылғы мамыр айының ортасында ұйымдастырылған ереуілдің серпілісі отарлық басқару әкімдерін шошындырды. Осының алдында ғана Өскемен уезіндегі алтын өндіретін «Николай» және «Основательный» кеніштеріндегі жұмысшылардың ереуілінің тегеурінді болғаны соншалық, өндіріс иелері олардың талаптарын талқылау үшін арнайы комиссия түзуге мәжбүр болған.

Орал мен Сібір және Еділ бойында құпия жағдайда басылған үгіт-насихат құжаттары, большевиктердің үндеулері Қазақстан қалалық қоныстарында да қолдау тапты.

Лена қырғыны да Қазақстанда ереуілдің кең тарауына әсер етпей қоймады. Тіпті ресми шығатын, үкіметке иек қаққан «Туркестанский курьер» және «Омский вестник» газеттері Ленадағы оқиғалардын Қазақстандағы саяси ахуалға әсер еткендігін оқырмандарына хабарлаған. 1912 жылғы қазан айының 2—6-ындағы Байқоңыр көмір өндірісіндегі, Семейдегі су диірмені жұмысшыларының, Торғай уезінде Шоқпарқұлов көмір шахтасындағы ереуілдер жалпыресейлік саяси қозғалысының құрамдас бөлігі болды. Омбыда, Орынборда, Петропавл, Өскемен және де басқа қалалардағы әр түрлі мамандықтағы жұмыс шылардың революциялық бой көтерулеріне жергілікті большевиктер, социал-демократиялық ұйымдар басшылық етті.

1914 жылдың көктемі мен жазы Ресейлік демократиялық қозғалыстың көтерілу кезеңі еді. Доссордағы Орал-Каспий мұнай қоғамының және Ембі (Жем) өндірісінің жұмысшыларының ереуілдері тіпті табысты болды. Әкімдер жұмысшылардың бірқатар талаптарын қабылдауға мәжбүр болды. Жалақының 26% -ке көбеюі табанды күрестің нәтижесі еді.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы Қазақстан сияқты шикізат қоры болып қалған шалғай өңірдің экономикалық рөлін арттырды. 1915 жылы маусым айының 25-інде үкімет бекіткен «Бұратаналарды мемлекеттік қозғалыс ісіне пайдалану жөніндегі ережелер» жұмысшыларды өндіріс иелеріне байлап берді.

Қазақстандағы өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың үстінен полициялық бақылау күшейді. 1915 жылғы мамыр айының 1-індегі Екібастұз көміршілерінің ереуілі талаптары жағынан саяси ереуіл. 1916 жылы тамыз айындағы Қарсақбай мыс кенішіндегі ереуілдер саяси күрестің көтерілгендігінің көрінісі болды. Революцияның көтерілу кезеңі — ұлттық-демократиялық күштердің патша үкіметіне қарсы күресінің шыңдала бастаған жылдары. Қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени және әдеби өміріне белсене араласқан өкілдерінің бірі — Ахмет Байтұрсынұлы. Қарқаралыда мұғалім болып жүргенде әділетсіздікке, патша өкіметінің қанау саясатына қарсылық білдіргені үшін Ахмет Байтұрсынұлы 1909 жылы шілде айында Семей түрмесіне қамалады. Кейіннен оны Қазақстаннан жер аударуға үкім қабылданып, 1910 және 1917 жылдар аралығында Орынборда тұрған. 1913 жылы наурыз айынан «Қазақ» атты апталық газет ұйымдастырып, оның редакторы ретінде патшалы Ресейдің отар саясатын сынауда белгілі рөл атқарды. Жан-жақты білім алған, орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіне мүше болып сайланған Шәкәрім Құдайбердіұлы қоғамдық өмірде ерекше орын алған белгілі қайраткер. Ахмет Байтұрсынұлын қоғамдық жаңашыл бағытқа, көрегендік, қайраткерлік сапаларына сол дәуірдің тарихи жағдайлары дайындады. Ол көрген өмірдің ауыртпалықтары, патша өкіметінің отаршылдық саясаты ойлы жас демократтың бойында халықтық қасиеттерді оятты.


Оқ тиіп он үшінде ой түсіріп,

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам,

Алданып тамағыма, оны ұмытсам,

Болғандай жегенімнің бәрі харам.

Адамнан туып, адам ісін етпей,

Ұялмай не бетіммен көрге барам,—


деп Байтұрсынұлы күрес жолына қалай түскендігіне мән берген.

1905—1907 жылдардағы революциялық қозғалысқа қатысқан Міржақып Дулатұлының да қоғамдық өмірге белсене араласқан кезеңі революцияның қайтадан өрлеу жылдары. 1910 жылы Қазанда жарық көрген «Бақытсыз Жамал» романы, 1913 жылы Орынборда жарияланған «Азамат» атты өлеңдер жинағы, 1915 жылғы «Терме» деген әдеби-публицистикалық туындыларының нақты саяси бағыты бірден сезілді. Патша үкіметінің бақылауына түскен, сан түрмеге қамалған Міржақып Дулатұлы патша үкіметінің аграрлық саясатын мейлінше сынады. Қуғынға түскен М. Дулатұлы Семейде, Омбыда, Қарқаралыда болып, қазақ еңбекшілерінің саяси бағытын анықтауда ерекше рөл атқарды27.

Революцияның жаңа өрлеу кезеңі Қазақстанда демократиялық қозғалыстың дамуындағы белді кезең болды. Басты өндіріс орындарындағы ереуілдердің саяси бағыт алуы патша үкіметіне қарсы езілгендердің топтасуына, күш жинауына әсер етті. Демократиялық бағыттағы қызметін ағартушылық жұмыспен ұштастырған ұлттық интеллигенция өкілдері қазақ аулының саяси өмірге тартылуын тездетті.

Бірінші дүниежүзілік соғыс және Қазақстан. Бірінші дүниежүзілік соғыс екі әскери-саяси топтарға жіктелген елдердің экономикалық және қоғамдық жағдайын шиеленістіріп қана қойған жоқ, сонымен қатар алшақ жатқан Қазақстанның да дамуына зардабын тигізді. Ең алдымен өзінің шаруашылық ерекшеліктеріне қарай өлкенің майданды және елді шикізат, азық-түлікпен қамтамасыз ететін рөлі мейлінше күшейді. 1914—1916 жылдардың арасында тек Түркістан өлкесінен 2089 мың тонна мақта, үш жүз мың пұт ет, жетпіс мың жылқы, он үш мыңға жуық түйе, тіпті он төрт мыңға жуық киіз үй алынған. Соғыстың бірінші жылында тек Жетісу облысынан майдан мұқтаждығына жіберілген мал мен мал шаруашылығы өнімдерінін құны отыз төрт миллион сомға жетті.

Соғыстың ауыр зардаптарының бір көрінісі — шаңырақ салығының көбеюі. 1914 жылы қазақтардан жиналатын шаңырақ салығының мөлшері 600 мың болса, 1917 жылға қарай 100209 сомға ұлғайды.

Орыс шаруаларының қыстақтары соғыстың зардаптарын бірден сезді. Әсіресе, Ақмола, Семей, Торғай және Орал қалалық облыстарында майданға әскер қатарына шақырудың жаппай сипатынан жүздеген қоныстар ер адамдарынан айрылды. Егерде Ресейдің бірқатар аудандарында ер адамдар әскерге шақыру 35—40%-ке жетсе, Қазақстанның әсіресе орыс шаруалары көбірек қоныстанған далалық аудандарында жұмысқа жарамдыларды әскер қатарына шақырудың зардаптары соғыстың алғашқы айларында да байқалды.

Соғыстың ауыр зардаптары сонымен қатар шаруашылықтың әр салаларында айқын байқалды. Әсіресе кен өндірісі, Қазақстанның орталық аудандарындағы көмір, батыста мұнай өндіру құлдырап кетті. Ембі (Жем) экономикалық өңірінде мұнай өндіру соғыстың бірінші жылының өзінде 265560 тоннадан 1915 жылы сексен сегіз мың тоннаға кеміп кетті.

Еске алатын бір жағдай соғыстың қанды шайқастары жылдан-жылға мыңдаған адамдарды жалмап, аз да болса өндірістік мамандығы бар онсыз да саны аз жұмысшылардың майданға аттануын қажет етті. Бұл жағдай дамып келе жатқан өндіріс орындарында мамандығы бар жұмысшылар үлесінің күрт төмен түсуіне себепші болды.

Соғыстың тауқыметі сонымен қатар еңбекшілердің хал-ауқатының төмендеп кетуінен де ерекше байқалды. Әсіресе XIX ғасырдың аяғы — XX ғасырдың басында шетелдік капиталистердің бақылауында болған өнеркәсіпте жұмысшылардың жағдайы мейлінше ауырлады. Ешқандай бақылау болмаған, әсіресе ауыр қара жұмыс пайдаланылатын өндіріс орындарында жұмыс мерзімінің ұзақтығы 12—14 сағатқа созылды. 12—14 жастағы жеткіншектердін еңбегін қанау жалпы үйреншікті іске айналды. Күніне еңбегі үшін төленетін 20 тиын олардың не тамағын немесе басқа қажеттігін қанағаттандыруға жетіспейтін.

Соғыс кезіндегі қымбатшылықтың артуы, әсіресе қаладағы өндіріс орындары жұмыскерлерінің хал-жағдайын тым төмендетіп жіберді: ұнның бағасының тіпті 70%-ке, қанттың — 50%-ке, сабынның 200%-тен астам қымбаттауы, сонымен бірге күнделікті өмір қажетін өтейтін бұйымдардың қымбаттауы еңбекшілердің наразылығын туғызды. Қоғамдық дағдарыс біртіндеп әлеуметтік тартысты да тереңдетті.

Қазақстандағы қоғамдық саяси ахуалға біршама әсерін тигізген Австрия-Венгрия және Германия тұтқындарының өлкеде болуы. Бірінші дүниежүзілік соғыс майданындағы қан төгіс шайқаста әскери тұтқындардың Қазақстанның солтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарына да көптеп жіберілуі себеппгі болды. 1914 жылдың тамыз айында бір ғана Омбы қаласында шоғырланған әскери тұтқындар саны 20000-ға дейін жетті. Омбы, Ақмола, Семей, Павлодар, Қазалы және басқа қалалар Австрия-Венгрия және Германия әскери тұтқындарын қабылдаған басты ошақтарға айналды. Тұтқындар арасында сонымен қатар Кавказ майданында орыс тұтқынына түскен түріктер және басқа да үштік одақ жағында соғысқан мемлекеттердің жауынгерлері кездесетін. Әскери тұтқындардың санының өсуі немесе кеміп отыруы майдандағы жағдайларға тікелей байланыстылығы түсінікті. 1915 жылы ақпан айының 28-інде жүргізілген санаққа қарағанда Зайсан, Павлодар, Өскемен және Семей қалаларында орналастырылған тұтқындар саны 7490 адам болса, Ақмола облысының ауылдық қоныстарында тіркелген әскери тұтқындар саны 8612 адам.

Сібір әскери округімен қатар әскери тұтқындар Түркістан округіне әкімшілік жағынан бағындырылған қоныстарда аз болған жоқ. 1915 жылы көктемдегі мәліметтерге қарағанда Түркістан әскери округінде 139374 төменгі әскери шендегі және 1882 офицер орналастырылған. ал 1916 жылдың наурыз айында жалпы Түркістан өлкесінде есепке алынған әскери тұтқындар саны 200000-ға жетсе, 1917 жылдың қыркүйек айындағы мәліметтер бойынша 41285 әскери тұтқын ғана тіркелген.

Әскери тұтқындардың алғашқы топтары 1914 жылдың тамыз айындағы батыс майдандағы шайқастардан кейін өлкеге әкеліне бастаған. Алғашқы соғыс айларында әскери тұтқындарды қабылдайтын арнайы мекеме тіпті оларды уақытша болса да орналастыратын казарманың болмауы жағдайды біршама күрделендірді. Әскери тұтқындарды шығыс аудандарға, сонық ішінде майданнан шалғай орналасқан қазақ өлкесіне қоныстандыруы, орыс әскерінің Бас штабының және үкіметтің майданға жақын аймақтағы елден соғыста болып жатқан шындықты жасыруға тырысуымен де түсіндіріледі. Екінші жағынан: патша үкіметі әскери тұтқындардың жергілікті өлке тұрғындарымен жақындасуынан да қорқып, қазақтардан, жергілікті орыс тұрғындарынан оларды алшақ ұстауға тырысты. Әскери тұтқындардың басым көпшілігінің 97,8%-інің қатардағы әлеуметтік топтан шығуы отаршылдық жергілікті әкімшілікті қатты састырды28.

Әскери тұтқындардың этникалық құрамы да әр түрлі еді. 1915 жылы қараша айындағы мәліметтер Қазақстан қалаларындағы әскери тұтқындар арасында негізінен славян тектес тұтқындар басым болғаны анық. Сонымен қатар түрік, румын, итальян, неміс венгр (мадьяр), басқа этникалық топ өкілдері тұтқындар тобының әр тектілігін көрсетеді.

Полицейлік бақылау күштері әскери тұтқындарды мейлінше халықтан жекелеп ұстауға тырысса да, әр түрлі ұлттардан тұрған жергілікті халық тұтқындар арқылы майдандағы жаңалықтарды білуге тырысты. Біртіндеп саяси жағдайдың революциялық бағытта дамуымен әскери тұтқындар мен жергілікті тұрғындар арасындағы қарым-қатынас та сенімді мазмұн ала бастады. Осындай бағыттың тереңдеуіне әсер еткен әскери тұтқындардың шаруашылық салаларына тартыла бастауы болды.

Қазақ өлкесінде негізгі еңбек күші еркектердің басты бөлігінің майданға шақырылуы шаруашылық жағдайын дағдарысқа ұшыратты. Семей, Ақмола сияқты далалық облыстарда тіпті жұмысшылардың 50%-іне дейін майданға тартылды. Орынбор өлкесінде 40%-ке жуық, Жетісу облысында еңбек адамдарының үштен бірінің әскерге шақырылуы жалпы өлкедегі дәстүрлі шаруашылық салаларына соққы болды. Әсіресе жер шаруашылығымен айналысқан кулак шаруашылығына нұқсан келтірді. Әскери тұтқындарды арзан жұмысшы күші ретінде пайдалану шаруашылықтың ахуалын біршама қалпына келтіруге себін тигізді.

Үкімет белгілеген әскери тұтқындарды шаруашылықта пайдалану туралы ережелерде олардың еңбегіне жалдамалы жұмысшылар ретінде ақы төленуге тиісті болды. 1916 жылы бір ғана Ақмола облысының Петропавл уезі бойынша жалдама жұмысқа тартылған Австрия-Венгрия және Германия одағы тұтқындары саны 4000-нан асты. 14 мың тұтқын Ақмола облысында тек ауыл шаруашылығында пайдаланылды.

Әскери тұтқындар сонымен қатар мемлекеттік қорғаныс өндіріс орындарында, жеке отбасыларының шаруашылығында, қолөнерлік шеберханаларда, етікшілік, ұсталық, музыканттық және басқа да мамандықтар бойынша жұмысқа тартылды. Алайда жалпы алғанда әскери тұтқындардың Қазақстандағы жағдайы жеңіл болмады. Отаршылдық-әкімшіліктің қыспағы, күнделікті оларды бақылаудың ауырлығы олардың тұрмыс жағдайын қиындатты. 1915 жылғы мамыр айында Риддер кен байыту орнында, сол жылдың қазан айындағы әскери тұтқындардың лагеріндегі Австрия-Венгрия тұтқындарының ауыр тұрмыс жағдайына қарсы ереуілі — осыған айқын дәлел.

Орталық губерниялардағы революциялық жағдайдың тереңдеуі, шаруашылық дағдарысы, азық-түлік тапшылығы жалпы алғанда әлеуметтік күрестің шиеленісуіне алғышарт қалыптастырды. Болыпевиктердің, солшыл-социалистердің басқа партиялардың үгіті, Австрия-Венгрия және Германия тұтқындарының өз араларында партиялардың құпия бөлімшелері ашылуы жалпы революциялық ахуалды тездетті. Австрия-Венгрия және Германия әскери тұтқындарының бірқатары қазақ өлкесінде жергілікті тұрғындармен тіл табысып, кейін қазан оқиғаларына яғни азамат соғысына қатысты. Қазақ жері дүниежүзілік соғыс зардаптарынан еріксіз келгендердің бірқатары үшін екінші отан болды29.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет