Бұл «мәңгі қозғалыс» ұдайы жаңғырып, жаңарып, толығып отыратындықтан ешқашан тоқтамайтыны да баршаға мәлім.
Ең алдымен, қазақ тілі болсын, өзге де тілдер болсын, тіл теориясы тұрғысынан алғанда барлығының болмысы бір. Лотман бұл тұрғыда тілдер табиғатын әрі күрделі қатынас жүйесі әрі адамзаттың мәдени жады тұрғысынан қызықты салыстырулар негізінде қарастырады. Мәдениет те өз кезегінде, тек мәдениет шеңберінде емес, мәдениеттен тыс кеңістікті тану арқылы зерделенеді. Бұл өте қызық пайым. Қазақ тіл білімі саласының мамандары мен мәдениеттанушылары үшін Лотман ұсынған категориялар ең алдымен пәнді мағыналық кеңістік және пәнаралық қатынастар әлемі ретінде қарастыру мүмкіндігі дер едім.
Мәденит ұғымының ерекшелігін кеңінен қозғаған бұл еңбектің қамту аясы өте кең. Ғалым кез келген тақырып өзегін оның стратегиялық ауқымын сақтай отырып саралайды. «Өмірді мәтінге айналдыру – оқиғаларды түсіндіру емес, ұлттың жадына енгізу. Ал бірыңғай ұлттық жадтың болуы бірыңғай ағза түрінде ұлттық ұжымның өмір сүру белгісі» дейді Лотман. Осы іспеттес тұжырымдар ғалым пайымының мәселеге мүлде өзге қырынан қарайтынын аңғартады.
Ғалым кезінде алып талант иесі Толстой тереңдеп барған тақырыпқа да ой жүгіртеді. Толстой «Өнер дегеніміз не?» деген әйгілі сұраққа, «өнер – адамзаттың ізгілікке үздіксіз ілбіп жылжуы» деген мазмұнда ой қорытады. Таңбалар әлемінде өнер де өз алдына бір таңба. Алайда, оның өзіндік жүйесі мен ішкі динамикасын қалай талдаймыз? Өнердің өзін емес, оның қызметін тану қаншалықты тиімді? Лотман дәл осы функционалдық тұрғыдан тұжырым жасайды да: «Өнер танитын ақиқаттың таусылмайтыны сияқты, жаңа тілді іздеу жолындағы өнер де ешқашан түгесілмейді» дейді.
Әлбетте, бір жағынан, ХІХ ғасырдағы позитивистік философия, екінші жағынан, гегельдік эстетика санамызда «өнер – ақиқаттың айнасы» деген түсінікті қалыптастырғаны мәлім. Ал әрқалай символистік және декаденттік теориялар жиынтығы өнер мен өмірді, ит пен мысықтай құбылыс ретінде насихаттады. Мұндай антитезаларды Лотман шынайы өнерде мәңгілік егіз ұғымдай көрініс тапса, ал өмірде мүлде мүмкін емес қатынас деңгейінде қарастырады. Лотман пайымынша, пенденің таным кеңістігі өнердің басты құралы. Олай болса, адамның таным кеңістігі дегеніміз не? Бұл ұғымның аясында біз қандай категорияларды қарастырамыз деген кешенді сұрақтарды алға тартады.
Таным көкжиегін саралай келе, Лотман Батыс пен Шығыс текетіресіне де ой жүгіртеді. Бұл тұрғыда ғалым пікірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қойылып отырған мәселемен мазмұндас келеді. Ұлттық сана туралы айтылған тұста Елбасы Н.Назарбаев: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады» дейді. Аталған тақырып туралы «Семиосферадан» мына үзінділерді келтіре кетсем: «Батыс» өркениеті «шығыс» өркениетін мәдени «тіршілік етпейтін» бірдеңе деп емес, «әлемдік мәдениет» деп аталатын тұтастыққа қосылатын серіктесі ретінде қабылдап, онымен түйіскенде, өркениет ең алдымен өзгеше көрінген мәтіндерді өз философиясы мен ғылымының метатілдері арқылы қайта баяндайды».
«... Шығыс және Батыс Еуропа қатынастарындағы көз алдымызда болып жатқан түбегейлі өзгеріс, бәлкім, жалпы еуропалық тернарлық жүйеге көшуге және «ескі әлемді түбірімен жойып, оның қирандыларына жаңа әлемді тұрғызу керек» деген мұраттан бас тартуға мүмкіндік беретін шығар. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алу нағыз тарихи апат болар еді».
Бұл тұрғыдан алғанда мәдениет адамзат тарихының күрделі және кең ұғымдарының бірі болып саналады. Осы проблемаға арналған әдебиет те көлемді әрі көрнекті: тарих философиясынан бастап әртүрлі дәуірлердегі материалдық және рухани мәдениеттің жеке мәселелері жөніндегі нақты зерттеулерге дейін ұшы-қиыры жоқ саланы қамтиды. Алайда проблемалар мен аспектілер қанша жерден көп болса да, олардың барлығы ықтимал екі тәсілге саяды дейді Лотман: «Екі түрлі талдау: дедуктивті және индуктивті, логикалық және тарихи». Лотманның «Семиосфера» еңбегінің құндылығын ондағы қамтылған тақырыптарды саралай отырып бағамдауға болады. «Мәтіндегі мәтін», «Болжамсыздық сәті», «Динамиканың екі формасы», «Түс – семиотикалық терезе», «Өнер феномені», «Мәтіннің үш функциясы», «Символ — «сюжеттің гені»», «Тарихи факт проблемасы», «Мәдениет жады», «Тарихи заңдылықтар және мәтін құрылымы», «Мәдениет және ақпарат», «Мәдениет және тіл», «Ұжымдық сана ретіндегі мәдениет және жасанды сана мәселелері», сондай-ақ «Мәдениет феномені» сынды тақырыптардың қай-қайсысы болсын оқырманды әртарапты рухани пікір алмасуға итермелейтін дүниелер.