« ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЖЫРЛАРЫМ... »
А.Т.Шахманова
Жезқазған гуманитарлық колледжінің кітапхана меңгерушісі
_____________________________________________________
Мақсаты: ақиық ақынды еске алу, өмірі мен шығармашылығын насихаттау арқылы оқырмандарды адамгершілікке, имандылыққа, сұлу да нәзік сезім – махаббатты аялай білуге, мейірімділікке, отансүйгіштікке, әсемдікке тәрбиелеу, поэзияны сүюге баулу.
Көрнекілік: тақырып, Мұқағалидың портреті, өз дауысы, «Менің Мұқағалиым» кітапханалық плакаты, үстел үстіне шашылған кітап көрмесі, шам жағылған жеке столдар.
(Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен «Қарлығашым келдің бе?» өлеңі қойылады)
І. Шахманова – Армысыздар, құрметті жыр сүйер қауым! Мұқағали Мақатаевтың өз дауысымен оқылған «Қарлығашым келдің бе?» өлеңімен басталып, ақынды еске алуға арналған «Жүректен шыққан жырларым...» атты романтикалық кешке қош келдіңіздер!
Қазақ поэзиясының бір ғана Абайы болса, Мұқағалиы да жалғыз. Қазақ поэзиясының Хантәңірі атанған Мұқағали Мақатаев өлең жазуды 10 жасынан бастаған екен. Алғашқы балауса жырларын ол майданға кеткен әкесіне арнап жазған болатын. Балалық шағы жаралы соғыс жылдарына дәл келген өз тұстастары сияқты болашақ ақын да ерте есейіп, анасымен бірге тылдағы барлық қиыншылықтарды басынан өткізген. Еңбекке ерте араласып, арба айдап, соқа салды, тырма тартып, шөп шапты, масақ терді.
Бала Мұқағали қанша қиындық көрсе де, сабағын өте жақсы оқыған. Жасынан өте алғыр, зерек болыпты. Тағы бір қасиеті таза, ұқыпты жүреді екен. Орта мектепті бітіргеннен кейінгі кезеңдерде ақын ауылдық кеңестің хатшысы, әдебиет пәнінің мұғалімі, республикалық газеттің тілшісі, қазақ радиосының дикторы, «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, жазушылар Одағы поэзия бөлімінің жастар жөніндегі кеңесшісі міндеттерін атқарды.1946 жылы Лашын апамызбен отбасын құрды. Дүниеге Майгүл, Алмагүл, Шолпан атты үш қыз, Жұлдыз, Айбар атты ұлдары келді. Майгүл атты қызы 10 жасында қайғылы қазаға ұшырап, ақынның қабырғасын қайыстырды.
Анасы Нағиманның айтуынша Қарасаздың Шалкөде жағы саздау екен де, сазда қаз – үйректер көп болады екен. Мұқағали шешесінен екі қаз сұрап алып, пошта машинасын айдайтын орысқа қазды беріп, орыс тілінде жазылған әдебиеттер алып қалады екен. Машина келесі қайтып келгенше кітаптарды оқып, белін буып дайындап қояды екен. Міне ақын осылайша бір орысы жоқ таза қазақ ауылында білімін көтерген. Ауылдық кеңесте хатшы болып жүрген кезде мектеп орыс тілінен мұғалім таппай, ауыл басшыларының өтінішімен орыс тілінің мұғалімі болып жұмыс жасаған. Ақын мектепте оқып жүрген кезден кітап оқуға құмар болған. Оқулықтармен қоса үйіне әдеби кітаптар жинауды әдетке айналдырады. Кейін ауылдан Алматыға көшкенде де екі машинаға артқан жүгі осы қимас досы, білімнің көзі том -том кітаптар болады.
45 жасында өмірден өткен ақын артына үлкен әдеби мұра қалдырды. Ақынның «Аманат» жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бүгінде Мұқағали ақынның 23 кітабы бойынша 1834 өлеңі , 19 поэмасы бар екені анықталып отыр.
Мұқағалидің өлеңдерін жыр сүйер қауым іздеп жүріп оқитын болды. Өлеңдерінің тілі қарапайым, сөзі мағыналы болғандықтан, ақын өлеңдеріне 100- ден астам әндер жазылды. Бұл әндер бүгінде барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Ақын аудармалар да жасаған. Көптеген шығыс классиктерінің, Дантенің, Шекспирдің өлеңдерін қазақ тілінде сөйлеткен. Қазақ поэзиясының Хантәңірі деген атқа ие болған Мұқағали Мақатаевты ұрпақтары ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Хантәңірдің биік шоқтығындай болған ақын өлеңдері ешқашанда ұмытылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |