Жюль верн. Он бес жасар капитан



Pdf көрінісі
бет32/41
Дата19.05.2022
өлшемі4,71 Mb.
#144105
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   41
Байланысты:
Он-бес-жасар-капитан
Теңдеу 25,01, 1. Қысқаша көбейту формулаларының көмегімен өрнект (1), Ерімбет Әлібек 1, Алгебра 1-тоқсан 10-сынып ЖМБ (1), 13 Презентация13 (1) сонгы, Суюнхан Ж
Он үшінші тарау


ФАКТОРИЯ
Миссис Уэлдон мен Джекті өлді деп Гэррис те, Негоро да өтірік
айтқан. Аналы-балалы екеуі де, Бенедикт ағай да аман-есен Казондеде
еді. Термит илеуі тікелей шабуылмен алынған соң, жергілікті
солдаттардан күзетші қойып, тұтқындарды Куанза жағалауынан
көшіріп Казондеге жөнелткен-ді. Бұл кішкене отрядты Гэррис пен
Негоро бастап кеткен.
Миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті жабық зембілге отырғызып
құлдарға көтертіп əкеткен-ді. Негоро қапелімде неліктен мұншама
қамқорси қалды екен? Мұның мəнісіне миссис Уэлдон түсіне алмады.
Куанна мен Казонде арасындағы жол əдеттегіге қарағанда өте тез
өтті. Бұл сапар тұтқындарды қажытпады да. Бенедикт ағай асқан
желаяқтың өзі болып шықты. Үйткені, оның жол бойындағы бұта
арасын тінтіп шыбын-шіркей іздеуіне ешкім тосқауыл болмап еді. Ол
жарықтық өз тағдыры жайлы уайымдап ойланған да емес.
Кішкене отряд Казонде қаласына Ибн-Хамистың керуенінен сегіз
күн бұрын жетті. Миссис Уэлдон мен кішкентай Джек, Бенедикт ағай
үшеуін Альвецтің факториясына орналастырды.
Джектің денсаулығы да анағұрлым түзелді. Баланың безгек боп
ауырған жерінен кетісімен-ақ безгегі қайталап ұстаған жоқ, аздап
оңала бастап еді, енді мүлдем жазылып кетті.
Бұлар еріксіздер керуеніне еріп жаяу жүрсе, ондай қиын сапарға
бөбегі де, анасы да төзе алмас еді. Бірақ жабық зембілмен жол жүру
екеуіне де жайлы болды. Бұл сапарда олар тұтқындарына жайлы
жағдайлар жасап, тіптен жақсы қарағандарын да айта кетуге болады.
Миссис Уэлдон өз жолдастарының хал-ахуалы жайлы ешбір
хабарсыз қалды. Ол Геркулестің қайықтан секіріп түсіп орманға кіріп


кеткенін көріп қалған, бірақ оның одан ары не болғанын білмейтін-ді.
Гэррис пен Негоро керуенде болса, Дикке аяушылық етпес еді, бірақ
ақ нəсілді адамды зəбірлеуге жабайылардың батылы бармас деген
үмітпен өзін өзі жұбатқан болды. Əйтсе де төрт негр мен кəрі Нанның
халі нашар болатынын жақсы білді, өйткені олар негр ғой, олармен
ешкім санасып жатпайды. Бұл сорлылардың тағдыры жас əйелді қатты
қынжылтты.
Ибн-Хамис керуенінің Казондеге келгенін миссис Уэлдон білген де
жоқ.
Жəрмеңке ашылған күнгі сауданың қызғын айқай-шуын ол естіген
болатын, бірақ оның мəнісін оған ешкім түсіндірмеген-ді. Ол Том
бастаған негрлерді уджиджилік құл саудагерінің сатып алғанын да,
оларды жуырда ғана Казондеден əкеткенін де білмейтұғын. Гэрристің
өлгенінен де, Муани-Лунга корольдің қаза тапқанынан да, оны
салтанатты түрде жерлегелі жатқанынан да, оған шалынатын
құрбандықтың бірі етіп Дикті белгілегенінен де ешқандай хабарсыз
еді. Елден оқшау қалған бейшара əйел құл саудагері мен Негороның
бүтіндей билігінде болды. Жас əйелдің бұл залымдардан өліп
құтылудың шарасын іздеуге де мүмкіндігі жоқ, өйткені оның өзімен
бірге баласы бар ғой.
Миссис Уэлдон өзінің келешек тағдыры жөнінде де ешнəрсе біле
алмады. Жолда бірнеше күн бірге келе жатып Гэррис пен Негоро да
оған бір ауыз тіл қатпаған. Казондеге келген соң олар оған қатынасуды
қойды, ал миссис Уэлдонның факториядан далаға шығуына тыйым
салынған.
Сақалды сəби — Бенедикт ағайдың миссис Уэлдонға ешқандай
жəрдем ете алмайтынын əңгіме етудің қажеттігі болмас.
Бұл ғалым өзінің Африкада екенін білген соң да, мұнда қай
себеппен келіп қалғанын біреу-міреуден сұрап білгісі де келмепті ғой.
Тек бір нəрседен тауы қайтып, үнемі ренжи берді. Ол оқымысты
ғалымдардың арасында бірінші болып цеце деген шыбын мен
жауынгер термитті Америкадан тапқан өзім деп шынымен-ақ
мақтанып жүрген, бірақ бұл мақтанышы ойда жоқта бекерге шықты,


оның тауып жүргені кəдімгі африкалық жəндіктер, ғалымдар оны
бұдан бұрын тауып сипаттап əлденеше рет жазған болатын.
Ғалымның, осы табысыммен даңқымды шығарамын деген үміті жоққа
шықты. Натуралист Бенедикттің Африкадан африкалық жəндіктер
коллекциясын əкелуі кімге таң болғандай?
Бірақ торығудың бастапқы күйігі басылған соң, Бенедикт ағай:
«Бұл жəндіктер жері — ол Африканы осылай атаған-ды —
энтомологтар үшін сарқылмас қазына ғой»,— деген болатын. Ол
«янкилер жеріне» келудің орнына Африкадан бір-ақ шыққанына
өкінген жоқ. Ұтылған да жоқ, қайта ұтып шықты.
— Ызыңдауық мантикор қоңыздардың,— деді ол өзіне өзі, бұл
сөзді тек қана өзіне емес, оның сөзіне құлақ салмай отырған миссис
Уэлдонға да қайталап айтқан еді,— ызыңдауық мантикор қоңыздардың
өсіп-өнетін жері тек қана осы ара деуге болады, ол қоңыздардың
аяқтары ұзын да жүндес, қанат қабығы сүйірлеу келеді, жағы да орасан
үлкен! Олардың ішіндегі ең əдемісі, əрине, бүкір мантикор. Қызыл
денелі 
ызыңдауықтың, 
гвинейлік 
пен 
габондық 
голиаф
ызыңдауықтарының да өсіп-өнетін жері осы, бұлардың аяқтарында
тікенегі болады; анжид деген шұбар араның да өнетін мекені осы, олар
жұмыртқасын шаянның қабығына салады, скарабай деген əулие
жəндіктер де осында. Ауларды ескі египеттіктер құдайдай сыйлайды
екен. Бұл жер «өлі бас» — сфинкс деген көбелектің ордасы ғой, бұл
көбелектер қазіргі уақытта бүкіл Европаға таралып кетті. «Бигот
масасы» деген шыбындардың қайнаған жері осы, оның шаққанынан
сенегалдықтар жаман қорқады. Бұл жерден таң қаларлық жаңалықтар
ашуға болатыны сөзсіз, мен ол жаңалықты ашамын да, тек мына
мейірбан адамдар менің ізденуіме рұқсат етсе болғаны! — Сақалды
сəбидің тілегін қараңызшы!
Бұл «мейірбан адамдардың» кімдер екені түсінікті. Бірақ оларға
ренжірліктей Бенедикт ағайдың дəлелі де жоқ-ты. Негоро мен Гэррис
энтомолог-ғалымға бірсыпыра ерік берді. Мұхит жағалауы мен Куанза
өзені арасындағы жолда Дик Сэнд оның орман аралап экскурсия
жасауына үзілді-кесілді тыйым салған. Аңқау ғалым бұл сияқты
мейірімсіздікке аса налыған болатын-ды.


Егер кездейсоқ тағы бір қырсық кездеспегенде, Бенедикт ағай
дүние жүзіндегі ең атақты энтомолог болар еді: оның жинақ салатын
қаңылтыр қалбыры бұрынғысынша иығында ілулі жүрген. Енді
мұрнының ұшына түсіре киіп жүретін бұрынғы көзілдірігі,
омырауында салақтап жүретін үлкейткіш əйнегі де жоқ. Көзілдіріксіз
əрі лупасыз ғалым-энтомолог болады дегенді кім естіген! Қанша айтса
да бұл оптикалық құралдар Бенедикт ағайға енді қайтып оралмайтын
болды. Олар өзен түбіне, Муани-Лунганың елігімен бірге көмілген-ді.
Енді бейшара ғалым ұстаған жəндіктерінің түр-сипатын ажырату
үшін бəрін де бір-бірлеп көзіне тақауы керек. Бұл жағдай Бенедикт
ағайдың өнебойы ренжіп, кіржиіп жүруіне себеп болды. Егер көзіне
сəйкес көзілдірік табылса, ақша аямай-ақ сатып алар еді-ау, бірақ оның
сорына бұл заттар Казондеден табылмайды.
Бенедикт ағайға Хозе-Антонио Альвецтің факториясын түгел
аралап кезуіне рұқсат берілді. Өйткені, оның қашу дегенді ойына да
алмайтынын олар жақсы білетін-ді. Жəне факторияның айналасы биік
қоршаулармен қоршаулы, ғалым-энтомолог мұндай биік қоршаудан,
бəрібір, асып түсе де алмас еді. Қоршаудың ол шеті мен бұл шеті тұтас
бір миль. Кең қоршаудың ішінде жайқалып тұрған көкпеңбек ағаштар,
бұталар, əр жерде ағып жатқан бұлақтар да бар, жаппалар мен
үйсымақтар да, барактар да бар-ды. Қысқасы, бұл ара шыбын-шіркей,
жəндік іздеушілерге өте қолайлы. Бұл іске Бенедикт ағайдың өзі де
бүтіндей беріліп кеткен-ді. Ұстап алған алты аяқты жəндіктерін
көзілдіріксіз-ақ бар жігерін салып сығырая қарап тексеретін еді, ол
бейшара жəндіктерге тесіле қараймын деп көр-соқыр боп қала
жаздаған. Оның коллекциясы недəуір байып та қалған, мұның үстіне
африкалық жəндіктер туралы күрделі еңбегін жалпы жобалап
нұсқасын да жасап үлгірген-ді. Егер сəті түсіп тағы да жаңа бірер
жəндік таба қалса, бұл табысына өзінің атын қойып, Бенедикт
ағайымыз дүние жүзіндегі ең бақытты да даңқты адам болар еді-ау.
Фактория ауласын емін-еркін аралауына кішкентай Джекке де
рұқсат етілді. Бірақ Джектің жасындағы жергілікті балалар
жастасының көңілін аулап еліктіре алмады Джек анасынан ұзамайтын.


Бөбегін анасы да жалғыз жібермейтін. Бала кездейсоқ бірдеңеге
ұшырап қала ма деп қорқатұғын.
Джек соңғы кездерде əкесін көбірек айта беретін болды. Анасынан
Нанды, Том қартты, өзінің досы Геркулесті, Батты, Актеон мен
Остинді сұрайтын-ды. Динго мені мүлдем ұмытып кетті ғой деп
ренжитін ол. Əсіресе Дикті көбірек жоқтайтын болды. Бөбегінің
барлық сұрауына анасының қайтаратын жауабы біреу-ақ: кішкентайын
бауырына қысып тек болғаны сүйе беретін-ді. Бөбегіне көз жасын
көрсетпеу үшін адам айтқысыз жігер жұмсауы керек қой оған.
Куанза мен Казонде арасындағы жолда болсын, неміс Альвецтің
факториясында болсын, өзіне нашар қарады деп миссис Уэлдонның
ренжірліктей дəлелі жоқ-ты. Шамасы құл саудагері оған арнаған ескі
ниетінен танбаған тəрізді.
Факторияда тек құл саудагерінің өзіне ғана қызмет ететін еріксіздер
тұратын-ды. Басқа еріксіздер «товар» — заң есебінде барактарда
болатын, құл алушылар оларды осы арадан əкететін-ді. Факториядағы
қоймалар кезекте сатылатын кездеме, піл сүйектері тағы басқа заттарға
лық тола. Альвец Африканың ішкі өлкелеріне кездемелер апарып, оны
еріксіздерге айырбастайтын, ал піл сүйектерін Европаға жөнелтіп
тұратын.
Факторияда азғантай ғана халық тұрушы еді. Миссис Уэлдон мен
Бенедикт ағайға дербес лашық берілді. Олар асты бірге отырып ішетін
болды. Бұларға ет, овощ, маниок, сорго тағы басқа жеміс беріп тоқ
күтті.
Халима деген бір күңді миссис Уэлдонға дербес қызметші етіп
қойды. Бұл əйел жас келіншекке үйір болып, шамасы келгенінше
беріле қызмет етті. Тұтқындар Альвецтің басқа қызметкерлерімен
мүлде ұшыраспады.
Факторияның ең үлкен үйінде тұратын құл саудагерінің өзін миссис
Уэлдон анда-санда бір-ақ көріп қалатын-ды. Негоро факторияда
тұрмайтын, оны миссис Уэлдон Казондеге келгелі көрген емес.


Негороның көрінбеуі мүлде түсініксіз, бұл жағдай келіншекке
алғашқыда таң көрініп, кейінірек күдікке айнала бастады.
«Оның көздеген мақсаты не? — деп сұрады келіншек өзінен өзі.—
He күтіп жүр? Бізді Казондеге неге əкелді екен?»
Ибн-Хамистың керуені Казондеге келгенге дейінгі сегіз күн осы
сияқты үрейлі мазасыз ойлармен өтті.
Миссис Уэлдон өз басының қам-қайғысы жетерлік болса да, ерінің
де шегетін қайғы-қасіреті мен тартатын азабын жиі ойлайтын-ды.
Мистер Уэлдон да семьясының жағдайын білсе, қатты күйзелер
еді. Ол əйелін «Пилигриммен» жолға шығады деп ойламаған болар.
Оны «Трансокеан компаниясы» пароходтарының бірімен келеді деп
шамаласа керек. Ол пароходтар Сан-Франциско портына əрқашан
межелі мерзімінде келетұғын, бірақ бұл портқа келген пароходтармен
миссис Уэлдон да, Бенедикт ағай да — оның күткен адамдарының
бірде-бірі келмеді.
«Пилигримнің» Сан-Франциско портына келетін мерзімі өтіп кетті.
Джемс Уэлдон капитан Гульден ешқандай хабар ала алмаған соң,
мұны хабарсыз кеткен кемелердің тізіміне ендігі енгізіп те қойған
болар.
Бірақ миссис Уэлдонның Жаңа Зеландиядан «Пилигриммен» жолға
шыққан хабарын оклендтік тілшіден естіген күні, мистер Уэлдон
басына қара күн тууында сөз жоқ, енді мистер Уэлдон қандай шара
қолданар екен? Əрине əйелі мен баласын хабарсыз кетеді деп ешқашан
ойламайды да. Бірақ оларды қайдан іздемек? Əрине Тынық мұхит
аралдарынан іздейді ғой, Оңтүстік Америка жағалауларынан іздеуі де
ықтимал. Қайдан іздесе одан іздесін, бірақ Анголадан іздемейді.
Баласы мен əйелі Африкаға барып қалады деген ой оның түсіне де
кірмейді. Миссис Уэлдон осы жағдайды ойлап еді. Оның қолынан не
келеді? Қашу ма? Қалай қаша алады? Оның əрбір қимылы аңдулы.
Tiптен сəті түсіп қаша қалған күннің өзінде де, мыңдаған қауіп-
қатердің арасымен, ну орманды аралап екі жүз миль жол жүру керек
болар еді.


Егер өз басына бостандық алудың басқа түрлі ешқандай мүмкіндігі
болмаған күнде, миссис Уэлдон бұған да тəуекел етуге əзір. Бірақ
мұндай нар тəуекелге бел байлаудан бұрын, Негороның нендей пікірде
екенін білгісі келді.
Ақырында, бұл адамның не ойлап жүргенін білетін күн де жетті.
Муани-Лунга корольді жерлеген соң келесі күні, июньнің
алтысында Негоро факторияға келді де, тіп-тіке миссис Уэлдон
тұратын лашыққа қарай жүрді.
Миссис Уэлдон жалғыз отырған-ды. Бенедикт ағай өзінің кезектегі
ғылыми серуеніне шығып кеткен. Кішкентай Джек Халиманың
қасында фактория қоршауының ішінде ойнап жүрген.
Негоро есікті итеріп ашты да ішке кіріп, амандық, саулық жоқ:
— Миссис Уэлдон! Том бастаған төрт негр уджиджилік құл
саудагеріне сатылды,— деді.
Миссис Уэлдон үн қатпай көзінің жасын сықты.
— Нан жолда өлді. Дик Сэнд құрыған...
— Нан өлді дейсіз бе? Дик те!—деп жас келіншек айқайлап
жіберді.
— Ие,— деді Негоро.— Сіздің он бес жасар капитаныңыз Гэрристі
өлтіргені үшін əділетті үкім бойынша өз басымен жауап берді. Миссис
Уэлдон, сіз Казондеде жалғыз қалдыңыз, мүлде жалғызсыз, жəне сіз
«Пилигримнің» бұрынғы аспазының бүтіндей билігіндесіз. Түсіндіңіз
бе?
Негоро шынын айтты. Том баласымен, Актеон, Остин - төртеуі
уджиджилік құл саудагерінің керуенімен алдыңғы күні Казондеден
жолға шыққан. Олар тіптен миссис Уэлдонның Казондеде, Альвец
факториясында тұратынын білген жоқ-ты. Білгенде қайтсін, бəрібір
онымен көрісіп қоштасуға рұқсат етпеген болар еді. Бұл кезде Том


қартты Үлкен Көлге қарай беттеп бара жатқан. Олардың алдында
жүздеген миль ұзақ жол жатыр. Бұл жолдың өлмей-жітпей ұшына
шығатын адамдар да аз. Ал аман-сау қайта оралып үйіріне
қосылатындары бұдан да аз...
— Сізге енді не керек? — деп күбірледі миссис Уэлдон тepic
қараған күйі.
— Миссис Уэлдон,— деді португал үзіп-үзіп сөйлеп,—
«Пилигримде» көрген зəбірімнің барлық əжірін сізден алар едім. Бірақ
мен Диктің өлімімен қанағаттануға ұйғардым. Мен енді қайтадан
саудагер боламын, менің сізге естіртейін дегенім осы...
Миссис Уэлдон үндеместен Негороның бетіне тік қарады.
— Сіз де,— деп Негоро сөзін сабақтады,— сіздің балаңыз да, мына
шыбын қуалап жүрген əумесер де жоғары бағаға өтетін товарсыздар.
Сіздерді пайдама жаратып олжа табуым керек! Қысқасы, сіздерді
сатуға ниеттендім!
— Мен еркін адаммын! — деді миссис Уэлдон қатулана сөйлеп.
— Егер мен тілесем, сіз күң боласыз!
— Ақ əйелді сатып алуға кімнің батылы барады?
— Сұрағанымды беріп алатын кісі бар.
Миссис Уэлдон сəл уақыт үндемей төмен қарап қалды. Мына
сұмпайы елде бəрі де болуы мүмкін екенін түсіне қойды.
— Сіз менің сөзіме түсіндіңіз бе?—деп сұрады Негоро.
— Мені сатып алатын кім? — деді миссис Уэлдон.
— Сізді сатып алатын кім дейсіз бе? — португал мысқылдай
жымиды.
— Аты кім ол кісінің? — миссис Уэлдон ежелей сұрады.


— Оның аты... Джемс Уэлдон. Кəдімгі өзіңіздің еріңіз, мистер
Уэлдон.
— Менің ерім дейсіз бе? — миссис Уэлдон өз құлағына өзі сенбей
қайталап сұрады.
— Ие, нақ соның өзі, миссис Уэлдон, сіздің еріңіз! Мен оған əйелі
мен баласын босқа қайырып бергелі тұрғаным жоқ, сатқалы тұрмын,
сендерге үстеме есебінде ақысыз-пұлсыз мына есуас ағаңды да қоса
берем!
Бұл оңбаған мені қақпанға түсіргелі тұрған жоқ па? — деп сұрады
келіншек өзінен өзі. Жоқ, сірə бұл ойындағысын айтып тұрған болар.
Бұл оңбағанның күрделі пайда түсіріп қалатын кезеңі келіп қалған
шығар. Ондай жағдайда Негоро сияқты жауыздар шынын айтуға тиіс.
Ашық саудадан ондайлардың қыруар пайда түсіріп қалатыны сөзсіз.
— Бұл жайлы келісімді қашан жасағыңыз келеді? — деп сұрады
миссис Уэлдон.
— Мүмкіндігі болса неғұрлым тезірек жасауым керек.
— Қай жерде?
— Осында. Мистер Уэлдон баласын құлдықтан, əйелін күңдіктен
құтқару үшін Казондеге келуден қорықпас деймін?
— Əрине, қорықпайды. Бірақ оған бұл жағдайды кім хабарлайды?
— Мен. Сіздің еріңізбен жолығысу үшін Сан-Францискоға
барамын. Жолға жетерлік қаржым бар.
— «Пилигримнен» ұрлап алған ақшаңыз ба?
— Ие, ие... Одан басқа да ақшам жетерлік,— деді Негоро
шімірікпестен.— Есіңізде болсын, сізді тез өткізуіммен қатар,
қымбатқа сатқым келеді, арзанға бермеймін. Еріңіз сізге қалыңмал
үшін жүз мың долларды аямас деймін?..


— Аямас қой, егер оның сіз талап еткен мөлшерге жетерлік
қаржысы болса,— миссис Уэлдон жауапты самарқау қайырды.— Сіз
менің еріме, əйеліңіз Орталық Африкада тұтқында жатыр дейсіз ғой?
— Əрине.
— Бірақ менен бірер белгі апармасаңыз, сіздің құрғақ сөзіңізге
сенбейді ғой. Сіздің дəлелсіз сылдыр сөзіңізге иланып көз жұмып
Казондеге келе қоймайды ол.
— Сіз оған жағдайды баяндап хат жазасыз. Хатта өзіңізді
жабайылардан құтқарып қалған адал ниетті қызметкеріңіз етіп мені
көрсетесіз, сол хатты оған апарып тапсырсам, мистер Уэлдон мұнда
қанат байлап ұшса да жетеді.
— Мен оған мұндай арсыздық хатты жазудан үзілді-кесілді бас
тартамын! — деді келіншек тартынбастан.
— Сіз хат жазудан бас тартады екенсіз ғой?
— Үзілді-кесілді!
Бұл жас келіншек Орталық Африкаға келуге тəуекел етудің
қаншалықты қауіпті екенін білетін-ді.
Португалдың уəдесіне сенуге болмайды, ақшаны қолына түсіріп
алса-ақ болды, ол залым мистер Уэлдонды Казондеде ұстап қалуы
қиын емес, деп ойлады əйел. Осы пікірлердің бəрі қосылып
Негороның ұсынысын ойланбай-ақ қабылдамауға оны мəжбүр етті.
Бірақ ол бейшара бұл сəтте өзінің жалғыз емес, қасында бөбегі барын
ұмытқан еді.
— Алайда, сіз ол хатты жазарсыз деймін! — деді Негоро.
— Жоқ, жазбаймын! — миссис Уэлдон қатулана жауап қатты.
— Абайлаңыз! — португал əкіреңдей түсті.— Сіз мұнда жалғыз
емессіз! Өзімізбен бірге бөбегіңіз де менің билігімде! Айтқанымдай
етіп сізге хат жаздырудың амалын табамын!


Миссис Уэлдон қауіп-қатердің қандай түрі төнсе де өзінің бет
алған жағынан қайтпайтынын кесіп айтқысы келіп ақ еді, бірақ жүрегі
аузына тығылып үн қатуға шамасы
келмей əлсіреп қалды.
— Миссис Уэлдон,— Негоро сөзін қорытуға кірісті. - сіз менің
ұсынысымды ойланып көріңіз. Бір жетіден соң сізден мистер Джеймс
Уэлдонға жазылған хатты алуым керек, егер менің айтқанымды
істемесеңіз, қайсарлығыңыз үшін қатты өкінетін боласыз!
Португал осы сөздерді айтты да, тез-тез аттап шығып кетті. Құл
саудагері бұл жолы ашуға ерік бермей өзін өзі берік ұстағысы келіп
еді. Бірақ миссис Уэлдонды дегеніне көндіру үшін қиянаттың қандай
түрін болса да тайынбастан қолданатыны мəлім оның.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   41




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет