Тәжірибе №2. Аммиактың сулы ерітіндісінің ионды тепе-теңдігінің ығысуы. Судағы сұйылтылған аммиак ерітіндісінің ортасының сипатын беріңдер. Ерітіндіге сілті ерітіндісін және қыздырған кезде аммиак иісінің күшеюін, сондай-ақ ерітіндіге тұз қышқылын қосқан кезде индикатор түсінің өзгерісін түсіңдіріңдер.
Тәжірибе №3. Аммоний тұздарының қыздыруға әсері. а) Аммоний хлориді бар сынауықты штативке орнатып, ақырындап қыздырыңдар. Сынауық қабырғаларында ақ дақтардың пайда болуын түсіңдіріңдер.
б) Аммоний дигидрофосфаты бар құрғақ сынауықты қыздырыңдар. Қандай газ бөлінетінің бақылаңдар.
в) Ұқсас әдіспен аммоний карбонаты кристалдарының қыздыруға әсерін тексеріңдер. «Айдау» эффектісінің болмауын түсіңдіріңдер.
Тәжірибе №4. Никель (ІІ) аммиакатының алынуы. Никель сульфаты ерітіндісіне аммиактың сулы ерітіндісінің артық мөлшерін құйыңдар. Байқауды түсіңдіріңдер.
Тәжірибе №5. Гидроксиламиннің тотықтырғыш және тотықсыздандырғыш қасиеттері. Қышқылдандырылған KMnO4 және FeSO4 ерітінділеріне тамшылап гидроксиламмоний немесе гидроксиламин сульфаты ерітіндісін құйыңдар. Ерітінді түстерінің өзгерісін түсіңдіріңдер.
Тәжірибе №6. Гидразиннің тотықсыздандырғыш қасиеті. Сұйылтылған күкірт қышқылымен қышқылдандырылған калий (VII) оксоманганаты ерітіндісіне тамшылап гидразон сульфаты ерітіндісін құйыңдар. Байқауды түсіңдіріңдер.
Тәжірибе №7. Азот қышқылының тотықтырғыш қасиеті. а) 2н сұйылтылған азот қышқылының ерітіндісін мыс сымы және магний лентасы бар сынауыққа құйыңдар. Мысы бар сынауықты ақырындап, қыздырыңдар. Тәжірибе жүзінде магнийі бар сынауықта аммоний нитраты бар екендігін дәлелдеңдер.
б) Сынауыққа 3-4 тамшы концентрлі азот қышқылын құйыңдар және оған үш есе көп концентрлі тұз қышқылын қосыңдар. Қоспаны аздап қыздырыңдар. Сынауыққа калий иодидіне малынған фильтр қағазын жақындатыңдар.
Тәжірибе №8. Аммиактың тотықсыздандырғыш қасиеті. Үш сынауыққа мына заттардың ерітінділерін 3-4 см3 құйыңдар: а) бром суын; б) калий перманганатын; в) калий дихроматын. Әр сынауыққа 3-5 см3 концентрлі аммиак ерітіндісін қосыңдар. Барлық сынауықтардағы ерітінділердің түрлері өзгергенге дейін аздап қыздырыңдар. Реакция теңдеулерін жазыңдар. Аммиак молекулалық азотқа айналады. KMnO4 MnO2 –ге дейін, ал K2Cr2O7 Cr2O3 –ге дейін тотықсызданады. Ерітінділер түсі қалай өзгереді?
Тәжірибе №9. Аммоний тұздарының гидролизі. Үш сынауыққа 5-6 см3 лакмус ерітіндісін құйыңдар. Бір сынауыққа аммоний хлоридінің, екіншісіне – аммоний нитратының, үшіншісіне – аммоний ацетатының 2-3 кристалдарын салыңдар. Әр ерітіндіні шайқаңдар. Барлық жағдайда лакмус түсі қалай өзгереді? Гидролиз реакцияларының теңдеулерін молекулалық және иондық түрде жазыңдар.
Тәжірибе №10. Нитриттердің тотықсыздандырғыш және тотықтырғыш қасиеттері. Үш сынауыққа 3-4 см3 -тен мына ерітінділерді құйыңдар: біріншісіне – калий иодидін, екіншісіне – калий перманганатын, үшіншісіне – калий дихроматын. Барлық сынауыққа 2-3 см3 күкірт қышқылының ерітіндісін және 4-5 см3 калий нитритінің ерітіндісін құйыңдар.
Әр жағдайдағы ерітінді түсінің өзгергенін байқаңыз. Сынауықтарда өткен реакция теңдеулерін жазыңдар: бірінші сынауықта калий нитриті NO–ға дейін тотықсызданады, екіншісіне калий перманганаты марганец (ІІ) сульфатына өтеді, үшіншісіне – калий бихроматы хром (ІІІ) сульфатына өтеді. Екінші және үшінші сынауықтарда калий нитриті қандай қосылысқа айналады? Нитрит қай жағдайда тотықтырғыш, қай жағдайда тотықсыздандырғыш болады? Неге нитриттер осындай қасиеттер көрсетеді?
Тәжірибе №11. Фосфор қосылыстарының гидролизі. Үш сынауыққа 5-6 тамшы лакмус ерітіндісін құйыңдар. Бір сынауықты салыстыруға қойыңдар. Екінші сынауыққа 3-4 натрий фосфатының кристалын, үшінші сынауыққа сонша натрий дигидрофосфатын салыңдар да жақсылап араластырыңдар. Тұздарды ерітіңдер. Лакмустың түрлерін салыстырыңдар. Натрий фосфатының гидролизінің І сатысының молекулалық және иондық теңдеулерін жазыңдар.
Кдисс HPO42- = 4,5*10-12 KH3PO4 = 7,9*10-3
Тәжірибе №12. Металдардың ортофосфаттары. а) Кальцийдің гидрофосфатын алу. Сынауыққа 4-5 тамшыдан кальций хлориді мен натрий гидрофосфатының Na2HPO4 ерітінділерін тамызыңдар. Қандай түсті тұнба түзілді? Реакция теңдеулерін молекулалық және иондық түрде жазыңдар.
б) Темір (ІІІ) мен алюминийдің фосфаттарын натрий ацетаты қатысуымен тұнбаға түсіру. Екі сынауыққа 3-4 тамшыдан мына ерітінділерді құйыңдар: бірінші сынауыққа – темір (ІІІ) хлоридін, екінші сынауыққа алюминий хлоридін не сульфатын. Әр сынауыққа 2-3 тамшы натрий ацетатын және натрий гидрофосфатының Na2HPO4 ерітінділерін құйыңдар. Тұнбалар түсі қандай? Натрий ацетаты буферлік орта жасайды, сондықтан бұл металдардың ортофосфаттары тұнбаға түседі. Бұл тұнбалар сірке қышқылында ерімейді. Реакция теңдеулерін молекулалық және иондық түрде жазыңдар.
Тәжірибе №13. Қызыл фосфордың ақ фосфорға айналуы. Қызыл фосфоры бар құрғақ сынауықты мақтамен жауып, фосфор буға айналатындай етіп әлсіз жалында абайлап қыздырыңдар. Сынауық қабырғасында ақ фосфор тамшыларының түзілуін түсіңдіріңдер.
Тәжірибе №14. PCl3 гидролизі және PO3H2- тотықсыздандырғыш қасиеті. Суы бар сынауыққа абайлап тамшылап PCl3 қосыңдар. Сынауықтағы қоспаны екіге бөліңдер. Бір сынауыққа индикатор қосып, ортаның сипатын орнатыңдар. Екінші сынауыққа AgNO3 ерітіндісін құйыңдар. Күмістің қара тұнбасы түзілуін түсіңдіріңдер.
Тәжірибе №15. Кальций фосфатының салыстырмалы ерігіштігі. а) Үш сынауыққа кальций фосфатын, кальций гидрофосфатын және кальций дигидрофосфатын салыңдар, оған су құйып қоспаны шыны таяқшамен араластырыңдар. Байқауды түсіңдіріңдер.
б) Кальций гидроксиді ерітіндісіне тамшылап фосфор қышқылын араластыра отырып қосыңдар. Тұнба түзілуіне орай ерітіндінің бұлыңғырлануын және фосфор қышқылының артық мөлшерінде оның еруін түсіңдіріңдер. Реакция теңдеулерін құрастырыңдар.
Достарыңызбен бөлісу: |