Ы.Алтынсарин публицистикасы
Ы. Алтынсариннің публицистикасын ғалым Ә. Дербісалин тақырыбы мен ерекшеліктері жағынан үш топқа (хаттары, этнографиялық мақалалары,газетке жарияланған мақалалары) бөліп қарастырғанды жөн санайды.
Ыбырай да Шоқан тәрізді өз хаттары арқылы қоршаған ортаға деген көзқарасын, оның көкейкесті мәселелерін, туған халқының келешегі туралы ой-арманын білдіріп отырды. Содан да болса керек оның әр хаты көркем шығармадай тартымды, қызықты оқылады, ойыңа – ой, жігеріңе – жігер қосып, сол кезгі қоғам өмірінен терең сыр тартады.
1860 жылдың жазында халық ағарту ісіне ресми жолдама алып, Орынбор бекінісіне келген 19 жасар Ыбырай Н. И. Ильминскийге жазған алғашқы хатында : «Бекініске келген күнімнен бастап, тек қолайсыздықты, оңбағандықты, өтірік-өсекті ғана көрдім» [4], - деп, еңбек жолын жаңа бастаған орта сырын Шоқан тәрізді әрі ерте, әрі дұрыс аңғарғанын танытады.
Ыбырайдың жасынан-ақ айналасындағы адамдарға, әр құбылысқа сын көзбен қарап үйренген, әр нәрсеге өзіндік көзқарасы бар ой иесі екені В. В. Катаринскийге жазған хатындағы : «Тарих сабағын, сірә, Иловскийдің оқулығы бойынша оқытуға тура келер деймін. Бірақ, бұл оқу құралы менің өзіме онша ұнамайды»-деген секілді жолдарынан айқын танылып отырады.
Ыбырай хаттарында оқыту әдістері, татар молдаларының ықпалын әлсірету жолдары, оқытушыларға қамқорлық, мектеп ашу мәселелері кең және үнемі сөз болады. «Мектептің шаруашылық жағдайлары жаман болса, оның ісі еш уақытта оңға баспайды, пайдалы ешнәрсе бермейді, оның оқушылары да, оқытушылары да істен күдер үзіп кетеді. Бұған менің көзім әбден жетті. Мұның үстіне, мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың артықшылығына, мысалы, жылы бөлмелерде тұруға үйретудің өзі қазақ даласында тәрбиелік мәні бар деп білемін» - деген жолдар оның қандай педагог екенін көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |