Өзіне сенімді тұлға тәрбиелеңіз
Ана мен бала
Қай ата-ана өз баласының келешекте жетістікке өз күшімен жете алатын, қиындықтарды жеңуге қабілетті, кез-келген істе тапқырлық таныта білетін азамат болып өскенін қаламайды? Жоғарыдағы қасиеттерді болашақта балаңыздың бойынан көргіңіз келсе, балаңызды өзіне сенімді тұлға етіп тәрбиелеңіз. Ол үшін не істеу керек?
Төмендегі кеңестерді жадыңызда ұстап, қолдана жүріңіз:
1.Балаңыз қандай болса, оны дәл сол күйінде жақсы көретініңізді балаңызға түсіндіріңіз. Сізді қандай да бір іс әрекеті арқылы қатты ренжітсе де, «енді сені жақсы көрмеймін, мені ренжіттің» деген сөзді ешқашан айтушы болмаңыз.
2.Балаңызды өзге балалармен салыстырмаңыз. Балаңыздың артық жақтарын көрсету үшін де бұлай істеуге болмайды. Оның орнына балаңыздың «өткендегі» тұлғасы, «қазіргі кездегі» тұлғасы, «болашақтағы» тұлғасы жайлы әңгімелесіңіз.
3.Кез-келген мәселесін мұқият тыңдап, әрдайым көмек қолын созатыныңызды көрсетіңіз.
4.Бастаған ісін соңына дейін жеткізуді үйретіңіз. Балаңыздың қолынан келмей жатса, қолдау көрсетіңіз, көмек беріңіз. Мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынуға болады. Тек соңғы шешімді өзіне қалдырыңыз.
5.Балаңыздың бойына өз-өзіне деген құрметті жастайынан сіңіріңіз. Бала оның күшіне сенетініңізді білуі керек. Әрдайым мықты жақтарын атап көрсетіңіз, әлсіз жақтарын бетіне баспаңыз. «Сенің қолыңнан келеді» деген сөзді жиі айтып, кішкентай жетістігі үшін де мадақтап отырыңыз.
6.Өз сезімі мен қалауын ашық айтуды үйретіңіз. Ұялшақ балалар, көп жағдайда, өз ойын жеткізе алмағандықтан, өзгелердің пікірінің жетегінде кетеді.
7.Балаңызға барлық адамға бірдей жаға алмайтынын, біреу дұрыс деп есептеген нәрсені келесі біреу мүлдем қолдамауы мүмкін екенін түсіндіріңіз.
8.Адамдармен араласудан пайда болатын қуанышты бала бойына сіңіріңіз. Балаңызбен қонаққа, адам көп жиналатын театр, сурет галереясы сияқты қоғамдық орындарға жиі барыңыз.
Туыстарыңыз бен достарыңызды қонаққа балаларымен бірге шақырыңыз.
Ең бастысы, балаңыз елін сүйетін, адамгершілігі бар азамат болып ержетсін!
Достарыңызбен бөлісу: |