Есеп айырысудың қолма-қол ақшасыз түрі. Ақша қаражаттарын сақтау үшін және заңды тұлғалар арасында есеп айырысу үшін Қазақстан Республикасының банк мекемелерінде банк шоттарын ашады.
Банк шоттары – бұл банк пен клиенттер арасындағы келісім-шарттық қатынастарды көрсетеді. Банк шоттары теңгемен де, шетелдік валютамен де жүргізіледі және ол ағымдағы, жинақтық және корреспонденттік болып бөлінеді.
Корреспонденттік шоттар – шаруашылық операцияларының әсерінен өзара байланысқа ұшырайтын шоттар.
Ағымдағы (есеп айырысу) және жинақ шоттары – бұл да банктік шоттар, брокерлер, жеке және заңды тұлғалар үшін, сондай-ақ заңды тұлғаның оңашаланған белгілеулері үшін де ашылады.
Шетелдік валютадағы қаражаттардың қолда бары мен қозғалысын есептеу үшін субъектіге арнап ағымдағы шоттар ашылуы мүмкін. Ол сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын және өнімін шетелдік валютаға сататын субъектілер үшін ашылады. Аккредитивтер, чек (аванс) кітапшаларының шоттарын және басқаларын субъектілер ақша қаражаттарын оқшаулап сақтау үшін және тиісті операцияларын жүргізу үшін ашылады.
Ақшасыз есеп айырысудың негізгі нысандары: төлем тапсырма; чек; вексель; тапсырма-талап төлемдері; акцепті форма бойынша; почталық және телеграфтық аударымдар болып табылады.
Тиісті заңдарға сәйкес барлық ұйымдар өздеріне қызмет көрсететін банк мекемелеріндегі есеп айырысу шоттарында ақша қаражаттарын сақтауға міңдетті. Есеп айырысу шоттары мына төмендегі құжаттар негізінде ашылады:
- шотты ашуға берілетін өтініш;
- қойылатын қолдар мен мөртаңбалары үлгілерімен карточкалары;
- субъектінің салық есебіне қою дерегін растайтын салық қызметі органының анықтамасы;
- мемлекеттік тіркеу туралы куәлік көшірмесі;
- жарғы көшірмесі;
- құрылтай шартының көшірмесі /құрылтайшылар саны біреуден асқан ретте/.
Ұйымдар ағымдағы банктік шоттарды бірнеше банктерден ашуына құқылы, бірақ шоттарды ашқаны туралы салық органдарына хабарлауы керек.
Есеп айырысу шоты бойынша жүргізілетін операциялар қолданылып жүрген заңдармен реттеледі және әдетте, ақша қаражаттары еркін қалдығының шегінде шот иесінің жазбаша бұйрықтары негізінде жүргізіледі. Шот иесінің /акцептік/ келісуі бойынша жеткізушілер мен мердігерлердің төлем талап-тапсырмалары бойынша ақша қаражаттарын есептеп шығару жүзеге асырылады. Ағымдағы банктік шоттар бойынша операцияларды рәсімдеуге мынадай құжаттар қолданылады: төлем тапсырмасы, талап- тапсырма, чектер, нақты ақша жарнасына берілетін хабарлама және т.б. Есеп айырысу құжаттарында оларға қол қоюға құқығы бар екі лауазымды адамдардың (басшы мен бас бухгалтердің) қолдары болуы керек.
Чек - шот иесінің банкке көрсетілген соманы нақты ақшамен жалақыға, іс-сапар, шаруашылық операциялары және басқа да шығындарға беру жөніндегі бұйрығы. Кәсіпорын алатын ақшаның мақсаты чектің сыртқы жағында көрсетіледі, оны бір дана етіп сиямен жазады. Чекпен бір мезгілде чек кітапшасында сақталатын түбірі толтырылады.