Казахский государственный женский педагогический


Қазақ ұлтының біртуар қайраткері Мұстафа Шоқайдың



бет4/16
Дата08.01.2017
өлшемі3,32 Mb.
#6451
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Қазақ ұлтының біртуар қайраткері Мұстафа Шоқайдың

балалық шағы, өскен ортасы
Ахметова Ж.К.-т.ғ.к., аға оқытушы (Алматы қ ., ҚазМемҚызПИ)

Мұстафа Шоқай – XX ғасырдың басында қазақ халқының тағдырын ойлап, қызыл тоталитаризмнің отына күйіп, мейірімсіз кеңестік отаршылдықтың жан азабын тартып, халқына азаттық жол іздеген ғалым, саясаткер мұғажыр. Мұстафа Шоқай – патшалық Ресей билеген заманда дербес ел болуды армандаған, тәуелсіздік жолында қажымай- талмай күрескен, бүкіл түркі исі халықтарының басын қосып тәуелсіз демократиялық мемлекет құруды армандаған қазақтың бір туар азаматы.

Мұстафа Ақмешіт (Перовск), қазіргі Қызылорда облысының Сұлутөбе бекетінің төңірегі Тартоғай елді мекенінде ескі күнтізбе бойынша 1890 жылдың желтоқсанның 25-де, жаңа күнтізбе бойынша 1891 жылдың 7-ші қаңтарында дүниеге келген /1/ .

М.Шоқайдың ата тегінен оның текті әулеттен шыққанын байқауға болады. Шоқайдың әкесі Торғай Хиуа ханының датқасы болған. Сонымен қатар Датқа білімді кісі болған, орысша, арабша білген /2/. Мысалы, 1852 жылы генерал Перовск қоластындағы орыс армиясын Ақмешіт қаласына апарып, қала Қоқан хандығының қоластынан шығады. Сол кездері орысша білген Торғай Датқаға орыс басшылары өзінің жергілікті халқының арасындағы мәселелерін шешу үшін кеңесші қызметін берген /3/. Діндар болған Торғай Датқа екі рет қажылыққа да барады /4,13б./.

Мұстафаның нағашы жұрты да тегін адамдар емес. Анасы ер жүрек, жауынгер, батыр ұрпағынан тараған. Шешесінің әкесі өзбек хандарына қарсы ұрыстарда шайқасып, көзге түскен қазақ батыры болған. Ақындық қасиеті бар Бақты ханым қаһармандық дастандарды жырлаған. Ана тілінде оқып жазғаннан басқа, әкесінен арапша да үйренген /5/.

Торғайдың да, Шоқайдың да тегін адам болмағандығын дәлелдейтін мынадай фактілер бар. Кезінде патша үкіметінің тапсырмасымен фото альбом жасатылған. Осы фото альбомда Шоқайдың және оның әкесі Торғайдың суретінің болуы, бұл кісілердің тегін емес текті әулеттен тарағанын көрсетеді /6, 9б./. Яғни патша тектен тек бұратана халықтардың ішінен Торғайдың және Шоқайдың суреттерін альбомға орналастыруы тегін емес. Мұстафа Шоқай орта жүздің қыпшақ руынан, оның ішінде Торайғырдың Шаштысы, Батый ұрпағының Жанай тармағы /7,162б./.

«Егер шежіреге жүгінетін болсақ...» - дейді Мұстафа Шоқайдың жерлесі С.Ибрашұлы: «....Мұстафаның руы қыпшақ. Сыр өңірін мекендеген қыпшақтар беске бөлінеді. Олар- Бұлтын, Торы, Көлденең, Ұзын, Қараталық. Оның ішінде Торыдан Шашты, Шаштыдан Бошай, Бошайдан Арыс, Арыстан Қалдау, Қалдаудан Кілт, Кілттен Жанай, Жанайдан Темір, Темірден Қуатбай, Қуатбайдан Торғай, Торғайдан Шоқай, Шоқайдан Мұстафа туады» - дейді / 8/.

Мұстафаның әкесі Шоқай (Шоқмухамет – Торғай датқаның ең үлкен ұлы) 1916 жылы сексен жасында дүние салған. Демек, ол кісі 1776 жылы дүниеге келген. Кезінде би атанған, он екі жыл болыс болып, ел басқарған. Мұстафаның ата-бабалары көшпелі болғанына қарамастан, оның өз әкесі Шоқай би отырықшы болған. Егіншілікпен айналысқан. Сондықтан болар жұртшылық оны Қазы би деп атаған. Ал Шоқайдың әкесі Торғай болса Түркістанды Ресей жаулап алмай тұрған кезде-ақ, жоғарыда айтып кеттік, Хиуа ханы тарапынан датқа ретінде танылған еді. Датқа Уәли, яғни уалаятты басқарушы дегенді білдіреді /9, 8б./. Торғайдың екінші ұлы Қалымбет одан: Аманқұл, Жаманқұл,Әбтабаш, Пысырманқұл, Мырзеке, Кенжеғұл туады. Торғай атамыздың үшінші ұлы Әліш, Әліштен Бәкір туады. Оның төртінші ұлы Оспан, ол кісіден Шаймерден туады - дейді Ә.Аманқұлұлы /10/.

Шоқайдың екі әйелі, яғни Мұстафаның екі анасы болған. Шоқайдың алғашқы әйелінен бала болмаған. Мұстафаның бірінші анасына деген махаббаты ерекше болды.

Шоқайдың екінші әйелінен үш бала туған (Сыздық, Мұстафа, Нұртаза). Мұстафа ортаншысы екен. Олармен аталас ұл балалардан соң дүниеге келген Әтіркүл мен Фатима есімді екі қыз болған. Кейбір деректерге жүгінсек, бұл екі кісінің атын Ниса мен Сара деп келтірген /5, 14б./.

Мұстафа оқу-жазуды 5 жасында өз анасынан үйренген. Мұстафаның ауылында, ол туралы мынадай пікірлер қалыптасқан: Мұстафа жасында шағын бірақ өте алғыр, ширақ, ойшыл, осыдан да болар ауылдастары одан көп үміт күткен /10/.

Торғай датқаның ауылдастары ежелден заман ағымын ерте сезіне білген. Соның айғағындай датқа ауылы Сыр өңіріндегі білім мен мәдениеттің ортасы болған. Өйткені XX ғасырдың 80 –шы жылдарында Торғай датқаның үшінші баласы Әліш (Әлмұхамед) патша үкіметіне қайта-қайта хат жазып Әулиетораңғыл деген жерде (қазіргі М.Шоқай ауылында) 4 кластық мұсылманша мектеп ашуға рұқсат алған. Үкімет тарапынан қаржы бөлдіріп мектеп салдырған, оған оқытушы жалдап бала оқытуды ұйымдастырған. Сырдария газетінің бас редакторы С.Ибрашұлының айтуынша: Әулиетораңғылдағы мектеп 1890 жылы салынып пайдалануға берілген /11/. 1894 жылы дария тасығанда бұл мектеп судың астында қалған. Содан кейін ауыл Әулиетораңғылдан Наршоқыға қоныс аударылады. Көзі ашық көкірегі ояу Әліш өз заманының үлкен жүректі азаматы болған. Наршоқыдан жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Әліш өз ортасында білімді оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөлген. Оны Түркістан өңіріндегі қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ елді мекені бәрі жақсы білген. Әліштің ашқан мектебін Түркістан генерал-губернаторы өзі қадағалап отырған. Бұл мектепте Түркістан халық ағарту ісінің бас инспекторы Феодор Михайлович Керенский де келіп көріп кеткен /12/.

Мұстафа, ағасы Сыздық және немере ағасы Бәкір - осы мектептің шәкірттері. Олар 1896 жылы осы мектептің табалдырығын аттайды /11/. Осылайша Мұстафа 6 жасында әкесінің інісі Әліш салдырған бастауыш білім беретін мектептің есігін ашқан.

Мұстафа жастайынан өзін қоршаған дүние сырын меңгеруге деген құштарлығымен, естіген әңгімелерін есінде сақтау қабілетімен ерекшеленген. Мұстафаның бала кезіндегі, ауылындағы саяси оқиғалар Шоқай әулетіне де әсерін тигізген. Екі рет Шоқайдың кірпіштен соғылған үйін жергілікті орыс үкіметі мектеп үшін алып қояды, тіпті егістігін де тартып алады /6, 9б./. Алайда Шоқай патша үкіметінің бұл озбырлығына ашық қарсы шыға алмайды, іштей наразы болды. Осылайша Мұстафа патша үкіметінің отаршылдық саясатының әділетсіздігін бала кезінен бастап көріп өседі.

Мұстафа Шоқай 4 жылдық ауыл мектебін 2 жылда үздік бітіреді. Шәкірттердің ішінде Мұстафа бірінші болып әптиектен құранға шыққан екен /13/.

Мұстафаның бала күнінен әкесі Ташкент шаһарына қыдыртып, мешіт, медресе, базарларға апарған. Бала Мұстафа оқу орындарымен кітапхана, газет сататын лапкелерді аралауды ұнататын болған. Мұстафа «Түркістан уәлаяты», «Тарикки», «Тәржімән», «Хуршид», «Шухрат», «Ұлы Түркістан» т.б газеттердің, «Айна», «Өмір» журналдарын сатып алып елге қайтатын /12/.

Сөйтіп Мұстафаның әкесі Ақмешітке орысша оқуға жібереді. Мұстафа ол кезде жеті жаста болатын. Бірақ күзде Ақмешітке оқуға барар алдында Мұстафа аяқ-астынан шешек ауруымен ауырып, ұзақ уақыт төсек тартып, жатып қалады. Осылайша Ақмешітке барып оқу мәселесі жабылады да, Мұстафа Сарышығанақ станциясында темір жол мектебінде оқитын болды /9,93/.

Сырқатының кесірінен орыс тілін үйренуді ол кеш бастады. Бастауыш мектепті 12 жасында бітірді. Лицейдің 1- класына қабылдануы үшін жасы үлкен болғандықтан емтихан тапсыруы қажет болды және оны өте жақсы тапсырды.

Ташкентке оқуға барар алдында Мұстафа орыс тілін жете меңгерген. Мұстафаның оқуын одан әрі жалғастыруына ағасы Әліштің көп көмегі тиді. 1901 жылы Әліш Мұстафаны Ташкент қаласындағы гимназияға апарды. Мұстафаны алғаш апарған жылы гимназияға орналастыра алмайды. Өйткені гимназиядағы патша чиновниктері Мұстафаны бұратана ұлт өкілі деп санап, оны орыс тілін жете білмейді деп сылтауратып, оқуға қабылдаудан бас тартады. Ташкенде Әліш Мұстафаға оқытушы жалдап бір қыс бойы орыс тілінен дәріс алғызады. 1902 жылы Мұстафаны Әліш гимназияға қайта апарады, бірақ тағы да жолы болмайды. Ол туралы С.Ибрашұлы өзінің М.Шоқай туралы ел ішінен жинаған естеліктерінде бұл жәйтті былай деп суреттейді: Әліш гимназия басшыларын үгіттеп, әлі оқуға алдыра алмайды. Мұстафаны алып ауылға қайтайын десе ол көнбейді. «Осы оқуға түспесем менің атымды өзге қойыңдар ....»- деп Мұстафа ауылға қайтпайды. Есіл дерті оқу болған Мұстафа күніге таңертең гимназияға барып, оның ашық тұрған терезесінен дәріс тыңдап жүреді. Оны оқытушылар байқап жүріп бір күні бір оқытушы Мұстафаны сынайын деп бір, екі сауал қойса ол орысша сайрай жөнеледі. Сол кісінің көмегімен Мұстафа гимназияға қабылданады. Бірақ өкінішке орай Мұстафаны оқуға алдыруға себепші болған орыс зиялысының есімі біз үшін жұмбақ /8,7б./ – дейді ауыл қариялары.

Сөйтіп 1902 жылы Ташкент қаласының гимназиясына түсіп, оны сегіз жылдан кейін 1910 жылы өте үздік бітіріп, мақтау қағазымен марапатталады және алтын медальға ұсынылады. Бірақ генерал Самсонов қанағаттанбай оған берілмекші болған алтын медальді күміс медальға ұсынылған орыс баласы Зепреметовке жазады. Гимназия директоры Граменитский және 20 жасар Мұстафа бұған қарсылығын білдіреді. Нәтижесінде Зепреметов алтын медаль Мұстафаға берілуі тиіс деп, өзі күміс медальді алған /7, 21б./. Оңды-солды тани бастаған Мұстафа өмірінде де бұл оқиға қоғамдық - саяси көзқарастардың қалыптасуына ықпалын тигізді.

Мұстафаның саяси көзқарасының тез қалыптасуына ықпал еткен нәрсе Ташкентте беделді қазақ азаматтарының болуы болды. Ол Ташкенде С.Асфендияров және М.Тынышбаев байланысады. Мұстафа С.Асфендияровтың баласы, доктор Санжар Асфендияровпен Ташкентте қатар оқыған.

Мұстафа жас кезінен бастап Түркістан өлкесі туралы шыққан кітаптарды мән беріп оқыған. Солардың бірі Семенов-Тянь-Шаньскийдің редакторлығымен жарық көрген «Россия. Полное географические описание нашего отечесто» (т.XVIII; Киргизский край, 1903) т.б. /14/.

Мұстафа Шоқай қоғамдық жұмыстармен лицейде жүргенде-ақ айналысқан. Қырдан оқыған адамдар түрлі өтініштер айтып келетін. Кейде өлке мекемелерінде аударма жасауын сұрайтын, ал кейде арыз жазып беруін өтінетін. Осылайша Самсоновтың алдына талай рет баруына тура келген. Шоқайұлы араласқан істердің барлығы жақсы аяқталып отырды. Генерал, лицей оқушысы Шоқайұлының ісін өте жетік білетін тілмаш екенін көріп, лицейді бітірген соң өз кеңсесіне тілмаш ретінде жұмысқа шақыратынын айтады. Бірақ Мұстафа Петербургтегі оқуын жалғастырғысы келетінін айтып, бұл ұсынысты қабылдамаған /9, 98б./.

Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси көзқарастарының кеңеюіне Петерборға келіп университетке түсуі үлкен ықпал етті. Алайда, осы сапарда да орыс билігі бұратана халықтардың балаларына лауазымды қызмет алатын оқуға түсуге тыйым салатынын көрді.

М.Шоқайдың ой-санасының пісіп - жетілуіне кітап және басқа басылымдармен қатар, Петербордың саяси ортасының да әсері болғаны даусыз. Онда сол кезде қазақ зиялыларының елеулі рөл атқарғанын айта аламыз. Бұл тұрғыда XX ғасырдың басында қазақ зиялыларына көсемдік еткен Әлихан Бөкейханов ерекшеленеді. Ол - Мұстафаға Петербордағы студенттік жылдарында ерекше әсер еткен қайраткер /4, 21-22б./.

Студенттік жылдарында М.Шоқай пікірлерінің қалыптасуына түркі тілдес оқушылар мен зиялылардың пікір-таластары елеулі рөл атқарды. Мұндай жиындар Сәлімгерей Жантөрин, Әлиасқар Сырттановтың жұбайы Әмина Сырттанова, Серәлі Лапин секілді Ресей мұсылмандарының көрнекті қоғам қайраткерлерінің немесе атақты орыс шығыстанушысы В.Радловтың үйінде, сол сияқты Петербор мұсылмандары қайырымдылық қоғамында өткізелетін. Бұл жиындарға Мұстафадан басқа башқұрт Зәки Уәлиди, әзірбайжандық Әли әкбер Тобчыбашы, түркімен Қанатжан Бердиев, қазақ Иса Қашқынбай, татар Ілияс Алкин, Сұлтанбек Мәмлиев және Мұстафа Шоқайұлы сынды жастар да қатысатын. Жиналыстарға жастардан басқа Әлихан Бөкейханов, Махмуд Хожа Бехбуди, Муннавар Қары, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді сол дәуірдің әйгілі тұлғалары да келетін /4, 22-23б./.

Мұстафаның алғашқы саяси жұмысы Петерборда жүргенінде басталады. Өзінің табиғи дарынының нәтижесінде талайдың назарын өзіне аудара білді. Қазақ халқының мұраты, Түркістанның биік мүддесі үшін күресте оған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты көптеген түркістандық қайраткерлер ықпал етті. Мұстафаның тұңғыш рет саясатқа ден қойған тұсы оның түркі-татар халықтарының саяси өміріне араласудан басталады. Өйткені ең бірінші рет мұсылман халықтарының ішінде орыс билігінің отарлық езгісінің ауыр қасіретін көрген башқұрттар мен татарлар болатын.

Мұстафа Шоқай ұлт жанды саясаткер болды, басқа ұлттың өкілдерімен де тез тіл табыса алатын қабілеті болды. Бұл жөнінде Мария Шоқай: Мұстафа тар ауқымды ұлтшылдықтың дұшпаны еді. Ол бүкіл Түркістан ұлттарының бірігуі жолында еді, орыстар оны осылай танитын еді – деп оның жары бағалай білді /2,102б./.

Мұстафа Шоқайдың қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуына өзімен тұстас болған осылардай ұлт зиялыларының ой-ықпалы әсер етті десек қателеспейміз. М.Шоқай ұлт зиялыларына баға бере отырып, оларды халық алдындағы парызы жөніндегі ой-пікірлерін ауызша да, жазбаша да білдіріп отырды. Оның «Ұлттық зиялы» деген мақаласында осы тараптағы көзқарасы мейлінше анық тұжырымдалған, «зиялы» деген ұғымға дәлелді анықтама берілген... Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оның сол адам өзі тән болған ұлттық зиялысы қатарына қоса беруге болады десек, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі мұрат мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттар төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттың зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатындар ғана кіре алады, - дейді ол /6,175б./. М.Шоқай зиялылардың алдындағы уазипаны халықтың ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлегі зиялылардың үстіне жүктеледі деп есептейді; дүние жүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси, әлеуметтік халық бұқарасы бірлігі болмайтынын еске салады; халық бұқарасы мен зиялы қауым арасында бір ортақ сана болуға тиіс, сол сананы айқындау, халық тілегін дұрыс жүйеге келтіру, іс-әрекет бағдарламасын жасау – зиялылар міндеті /6, 176б./ деп біледі.

Мұстафа Шоқай ұлт мұратына қызмет етпегендерді тура жолдан адасқандар қатарына қосады; сөз аяғын адаспау үшін, адаса қалғанда дұрыс жолды қайта табу үшінде білім керек екенін баса айтты.

Мұстафа Шоқайдың қоғамдық – саяси көзқарастарының толысуына жары Мария Яковлевнаның да ықпалы тиді десек біз қателеспейміз. Мария Яковлевна ешқандай қиыншылықтарға қарамай Мұстафаға қолынан келгенше көмектесті. Ташкенттегі қарулы қақтығысынан кейін Мария Яковлевнаның Мұстафаны Ташкенттен аман –есен алып шығудағы іс - әрекеттерінің өзі Мұстафаға деген сүйіспеншілігінің қаншалықты екенін көрсетеді.

Мұстафаның тағы бір өзіндік ерекшілігі – халқының қасіретін, ащы шындықты әлемге паш ету, сол жолда жан беріп, қан төгу, елінің мүддесін өз мүддесінен жоғары қою. Оның бұл қасиетін кезінде белгілі қайраткерлер мойындаған.

М. Шоқайдың азаттық алу, дербес тәуелсіз мемлекет құру идеяларының қалыптасуына ықпал еткен нәрсе Ресейдегі 1917 жылғы қос төңкеріс болды. Патша тақтан құлап, Уақытша үкімет орнағаннан соң да, Қазан төңкерісі жеңіске жетіп большевизм дәуірі басталғаннан кейін түрік халықтарының отаршылдыққа қарсы күресі ұлттық сипат алып, ол күрес жаңа қырынан танылған тұста М. Шоқайдың саяси көзқарастарының кеңеюуіне жол ашылды. Бұл

тұрғыдан түсінуін көлденең тартады. Кезінде Алаш партиясы осы негізде құрылған болатын, ол ұйымдық тұрғыдан ыдырап кетсе де, коммунизмге дұшпан идеялық ағым ретінде сақталған және жас ұрпақтың ұлтшылдық пен шовинизм рухында тәрбиелеуге тырысады. Сөйтіп ұлтшылдық қазақ кедейлеріне коммунистік ықпалдың өсуіне өте күшті кедергі болып отыр /7, 89-90 б./ деп зерделенген. Ескі интеллигенцияны ұлтшылдықпен айыптап, қазақ кедейлеріне кедергі болып отыр деген түсініктің болуы дұрыс емес. БКП (б) Қазақ өлкелік комитеттінің 1926 жылы 30 сәуір мен 3 мамыр аралығында өткен пленумында бұқаралық ұйымдардың жұмыстарын жандандыру арқылы кәсіподақтардың қазақ өлкелік советі фракциясының есебін тыңдап, өлкелік комитеттің пленумы фракцияның қызметін мақұлдады және бірқатар жетістіктерді (одақ санының артуын, қазақтар санының көбеюін, облыстық құрылысты, ұлттық жағдайларды реттеп, шешуді) атап көрсетіп, таяудағы кезеңге мынадай міндеттер белгілейді:



  1. Өркендеп келе жатқан өнеркәсіптегі жұмысшылар құрамының тұрақтамаушылығына қарсы күресу, тұрақты, орныққан кадрлар жасауды көздеу. Кәсіпорындардағы жұмысты күшейту, өнеркәсіпті аудандарда білімді партия қызметкерлерімен қамтамасыз ету;

  2. Өнеркәсіпті өркендету негізінде қазақтандыру және бұл шараны ұзақ уақыт түсіндіру;

  3. Кәсіподақ аппаратын одан әрі қазақтандыру, әсіресе төменгі буындарда қазақ қызметкерлері кадрларын көбейту.

Қызметкерлерді төменнен жоғарлатып отыру және олардың теориялық дәрежесі мен практикалық білімін көтеру. Аппарттарда қызметкерлерді дұрыс орналастырып, дұрыс пайдалану, олардың аппаратқа кәсіподақ демократиясы тәртібімен өтуін қамтамасыз ету мәселері қарастырылды /8, 280-281 б./. Үкімет шығарған қаулыларда жұмысшы табының рөлін арттыруға көбірек мән беріліп, инженер-техникалық мамандар жайлы көп айтыла қоймайды. Мамандардың құндылығына, адам факторына көңіл бөлінбеді. Тек мемлекет пен өкіметтің қаулы, қарарларын орындауға арналған нұсқаулар көптеп берілді.

Қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі – М. Шоқай отанынан жырақта жүрсе де, елде болып жатқан жаңалықтармен хабардар болып, « Туркестан под властью советов » деп аталатын еңбегінде қазақ пролетариатының санының өте аз екендігін ескерте отырып, өнеркәсіп пролетариатының басым бөлігі Қазақстанның Эмба – Нефть, Қарсақбай, Риддер сияқты пункттері мен жаңа құрылысы басталған Түркістан – Сібір темір жолында шоғырланғанын жазды. Онда Кеңес өкіметінің қазақ халқына ұстанып отырған саясатына тоқталады. Риддер заводының бұрын 1918 жылға дейін Уркварттың ағылшын компаниясына қарағандығын, қазір шетелдік техникамен қайта жабдықталғандығына тоқталады. Қазақтардың тығыз орналасқан орталығында орналасып, ерекше өнеркәсіптік құндылығы бар болса да, Кеңестер Одағының орталық органына бағынышты екендігін ашық айтады. Риддер заводында мыс, қорғасын, қалайы өндіріледі. Соңғы уақытта завод аумағында алтын да табылды. Заводтағы барлық жұмысшылар мен қызметкерлердің барлығы 2800 адамды құраса, оның ішінде 370- і қазақтар. Тек бір жұмысшы- қазақ маманданғандардың санатында, сонда барлық қалғандары жай жұмысшылар немесе дәлірек айтқанда – қара жұмыскерлер. Завод жанында маманданған жұмысшылар дайындайтын фабрика – завод мектептері болғанымен, онда қазақ тілін білетін оқытушылардың жоқ болуына байланысты, қазақтарға рұқсат етілуі қиын. Заводқа жіберілген қазақ жастары фабрика – завод мектептерін аяқтағаннан кейін, қара жұмыскерлер қатарына қабылданады. Бірдей маманданған орыс және қазақ жұмысшылары бірдей жалақы алмайды: орыстар көп, қазақтар аз алады деп қазақ мамандарына деген жанашырлық сезімін білдіреді. Қазақтар елді басқаруға кеңінен қатысуда деген өтірікке ашынады /9, 370-373 б./.

Кеңес мемлекеті жоғары маманданған, білімді өндірістік – техникалық интеллигенцияны қалыптастыру үшін, социалистік құрылыс орнату жолында кадрлар мәселесін шешуге зор көңіл бөлді. Алайда әкімшілік – шаруашылық жағдайды білетін мамандар тапшы болғандықтан, толық қамтамасыз ете алмағандықтан мамандармен толықтырудың жаңа жолдарын іздеді. Соның бірі өндірістік – техникалық интеллигенция қатарын жоғарылату арқылы әкімшілік, шаруашылық, инженер мамандармен толықтыру арқылы жүргізілді. Жоғарлату институты ой еңбегімен айналысатын жұмысшылар мен шаруалардың үлестік салмағын арттырып, маңызды әлеуметтік міндет атқарды.

РКП (б) Қазақстан облыстық бірінші конференциясының қарарларында: «патша өкіметі шикізат беріп отырушы ретінде қанап келген қазақ ұлтының өнеркәсіптік пролетариаты жоқ, сондықтан өнеркәсіпті жасау, фабрикаларды шикізат көздеріне жақындату біздің кезекті міндетіміз болуға тиіс», деп атап көрсетіліп, Қазақстанды жоғары экономикалық формаларға бірте – бірте көшіруге тиіс екендігі айтылады.

Белгіленіп жатқан ұлан–ғайыр жұмыстар үшін ең алдымен саны аз пролетариат, жартылай пролетариат және қазақ интеллигенциясының бір бөлігін дәйекті түрде пайдалануға тиістілігі де көрсетілді. Мемлекет жүргізіп отырған саясатта ең алдымен күрестің алдыңғы шебінде қалам қайраткерлері жүрді. Атап айтқанда: қазақта Мағжан, Жүсіпбек, өзбекте Чолпон, Фитрат, қырғызда Қасыми, ұйғырда Назарходжа т.б пролетариат диктатурасының кәріне ұшыраған зиялылар, қаймана халық ішіндегі оқығандары, кейін ең алдымен ауыр қасіретке ұшырағандары да осылар. Мұғажырлыққа кетіп, өзінің отаны Түркістанда болып жатқан саяст оқиғаларды жіті қадағалап, ол туралы шынайы қоғамдық-саяси көзқарастарын шетелдерде жетілдіріп, Түркістандағы Кеңестік өкіметтің тоталитарлық содыр саясатын дүниежүзіне паш етіп, әшкерелеп отырды.

ӘДЕБИЕТТЕР



  1. H.Oraltay, Ates Turkıstanın Mıllı Parokası, - Isthanul: 1973. – Р.75.

  2. Mustafa Cogay, Marıya Yakovlevna Cokay. Hatıralar. - Isthanul: 1997. – Р.86.

  3. Zekı Velıdı Togan. Hatıralar Turkıstan ve Dıger Musluman Dogu Turklernın Mıll Varlık ve Kultur Mucadelerı, - Isthanul: 1969. – S.538

  4. Абдуақап Қ. Мұстафа Шоқай. Өмірі. Күресі. Шығармашылығы. -Алматы: Арыс, 2004.- 320 б.

  5. Darhan Hıdıralıev. Mustafa Cokay. Hayatı, Faalıeyeterı ve fıkırlerı. Ven avrasya yayınları. – Ankara: 2001. – Aralık, - S. 215 (14)

  6. Шоқай Мұстафа. Таңдамалы. 1 том. – Алматы: Қайнар. 1998.- 512 б.

  7. Чокай Мария. Я пишу вам из Ножана. Составитель и перевод Садыковой Б. -Алматы,- 2001. С. 206.

  8. Ибрашұлы С. Мұстафа Шоқайұлы. Тасбөгет, 1993; осы автор: Мұстафаның шыққан тегі. // Жас Түркістан. 1998, мамыр, № 1.

  9. Шоқай Мұстафа, Шоқай Мәрия. Естеліктер. – Ыстамбұл: 1997 – 265 б.

  10. Аманқұлов Ә. Естеліктерінен, әңгімелерінен. ( Автордың жеке архивінен ).

  11. Ибрашұлы С. Әліш мектебі – ежелгі білім ордасы. // Сырдария, 1997. 16 сәуір.

  12. Сатаев А. Мұстафа Ташкентте. Мұстафаның әкесі – Шоқай би; осы автор. Туған жердің топырағы. // Қазақ елі. 1997. – 1 тамыз.

  13. Әптиек – Құраннан жеке-жеке алынған қысқа–қысқа сүрелер мен аяттар жинағы. Құранда 6225 аят, 114 сүре бар.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада XX ғасырдың басындағы Түркістан өлкесіндегі ұлт – азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, ауыр да қиын тағдыр иесі болған Мұстафа Шоқайдың балалық шағы мен студенттік кезіндегі өскен ортасы қарастырылады.
РЕЗЮМЕ

В статье говорится о детстве, студенческой поре и политической деятельности видного представителя национально-освободительного движения народов Туркестана в начале XX века, человека трудной и сложной судьбы Мустафе Чокае.




ӘОҚ 316.346:316.343.652(574)

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА ЖАСАЛЫНҒАН ҚИЯНАТ
Берлібаев Е.Т.-т.ғ.к., доцент (Алматы қ.,ҚазМемҚызПИ)
Қазіргі адамзат өсуінің кез-келген этномәдени тұтас қоғамы нақты географиялық мекендеу ортасындағы сан ғасырлық табиғи-тарихи дамуының нәтижесі болып табылады. Осы сан қырлы құбылысты объективті түрде зерделеу көптеген білім салалары ғалымдарының талай ұрпақтарының міндеті болып табылады.

Халық тарихын зерттегенде, түрлі тарихи кезеңдерде бүкіл этномәдени мұралардың құндылығын жан-жақты жасаушы, таратушы адамның өзі болғанын есте сақтауымыз қажет.

Қазіргі кезде ғылым академиясында қазақтардың этногенезі мен нәсілдік генезі проблемаларын Қазақстанның ежелгі халқының этносы мен мәдени дәстүрінің тарихымен тығыз байланысты алып, кешенді зерттеу үшін мейлінше бағалы, негіз болатын мол антропологиялық құнды материалдар жинақталған. Бұл материалдар хронологиялық реті бойынша үзілмей 4 мыңжылдыққа жуық уақытты қамтиды. Бұл қола дәуірінен қазіргі заманды қоса есептегендегі кезең. Байырғы жергілікті тайпалар қазақ халқының алыстағы ата-бабаларының негізін салды.Түрік тілінің, сондай-ақ қазақ этносының құрылымының бастау кезеңі Шумер тарихынан біз табынатын тәңірдің, біз сөйлейтін тілдің, біз тұтынатын дәстүрдің көрініс беруі, біздің этностық құрылымның бастауының бұдан 7-8 мың жыл бұрын түзілгенін растайды. Одан бері тарихтың аумалы-төкпелі замандарының бәрінде өмір үшін шайқасқан соңғы түрік тайпалары бірлестігі қазақ деген ұлт, қазақ тілі деген тіл, қазақ елі деген мемлекет, қазақ жері қазақ даласы деген территория тарих қойнауынан қорытылып-бекітіліп шықты.

Қазақ халқы сонау XVI ғасырлардағы жазба деректемелер көрсеткеніндей Қазақстан деп аталатын байырғы атамекендерін Мәуереннахрда Шайбани және Аштархани әулеттерінен, Ертіс жағалауы мен Сібірде батыста орыс өкіметінен, Жоңғар тайпаларынан талай кескілескен айқастарда қас қақпай қорғап қалды. Осының нәтижесінде қазақ ұлтының өмір сүруі үшін, ұлттық мемлекеттің дамуы үшін, қазақ тілінің өркендеуі үшін негіз қаланды. Бұл мыңдаған жылдар бойы этностың тарихи күресі, тарихи дамуы жасаған күрделі құрылым. Бұл құрылымның жасалуы ұлттың бақытты, алаңсыз өмір сүруге, теңдікте, тәуелсіздікте болу құқығының бекітілуімен тарихи шешімін табуы еді. Бұл қазақ халқының бостандықта өмір сүруі үшін әлеуметтік, саяси негізбен мемлекеттік саяси жүйенің толық қалыптасқан тұсы болды.

Бірақ оқыстан болған жоңғар шапқыншылығынан кейін Ресеймен одақтас болу мәселесі туындады. Қазақ халқының одақтас болу жөніндегі адал ниетіне қиянат жасалынды. Бұл дәуірді екі кезеңге бөліп қарастырамыз: Ақ патшаның тұсы, Қызыл империяның тұсы.

Екеуі де қылышынан қан тамған отаршылдар болып шыққандығына бүгінгі ұрпақ куә болып отыр. Орал тауының шығысындағы ер түріктердің сар даласы, қазақ жері ақ патшаны неге қызықтырды. Ресейді мұндай саясат жүргізуге итермелеген Қазақ жерінің асты мен үстіндегі мол байлығы мен қазынасы. Қазақ жерлерін басып алуда патшалық Ресей орыс-казактарды шебер пайдаланды. Бұлардың көбі XVI ғасырдың екінші жартысынан Еділ мен Жайық бойына Ресейден қашқан басыбайлы шаруалары мен түрлі қылмыскерлер болатын. Тарихшы Карамзин: «Осындай қашқын орыс-казактар 1580 жылы Сарайшық қаласын басып алып, күл-талқанын шығарды, молаларды қазып, өліктерді жалаңаштап, олжамен шықты» /1/ деп жазды. Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Кржижановский: «Қырғыз даласынсыз біздің шаруашылығымыз орны толмайтын шығынға ұшырайды» /2/ деген екен. Жаулап алу мақсатын қойған патшалық Ресей жергілікті халықтарды өзара араздастырып, бір-біріне қарсы қойды. Қазақ жері Ресей отарына айналды. 1) Ақ патшаның тұсы-бұл 1917 жылғы Романовтар әулетінің құлатылған кезеңіне дейінгі кезең. 2) Қызыл империя кезеңі - 1917 жылдан-1991 жылға дейін. Екі кезеңде де қазақ халқына жасалынған қиянаттың көлемі орасан.Ақ патша тұсы деп аталған 1-кезеңде әр түрлі қитұрқы әдіс-тәсілдер арқылы қазақтың ұлттық хандық мемлекеттілігі жойылды. Оның орнына орыс билігін жүзеге асыратын отарлық билік жүйесі құрылды. Нәтижесінде қазақ халқы ғасырлар бойы заңды түрде қалыптасқан ұлттық жерінен ажыратылды. Ең қитұрқысы қазақ жері Ресей империясының мемлекеттік меншігі деп жарияланды.Ең құнарлы деген жерлерге мыңдаған орыс қара шекпенділері көшіріліп қоныстандырылды.Қазақ халқының ұлттық тіліне қауіп төнді. Империяның орыс үстемдігі қазақ елінде орыс тілінің үстемдігін іске асыруға күш салды. Орыс миссионерлері арқылы қазақ халқының ұлттық бірлігіне, тұтастығына іріткі салынды. Империялық басқыншылар шоқындыру саясаты арқылы да қазақ халқына қиянат жасады. Қазақ балаларын орыстарға құлдыққа сату 1808 жылы 23 майда сенаттың жарлығы арқылы заңдастырылған /3/ Кейін де осы заң бойынша көптеген қазақтың жас балалары чиновниктерге, дін қызметкерлеріне, көпестерге сатылған. Бар билік Ресей патшалығына өткен бұл бірінші кезеңде ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнді. Бұл үрдіс Қызыл империя деп аталатын екінші кезеңде күшейтіліп өңі аударылған басқа саясатпен жалғастырылды. Қызыл империя тұсында қазақтың ұлттық өмір сүру кезеңдерін жоюға әрекет тереңдей түсті.

Мемлекет Қазақ Республикасы деп аталғанымен ондағы билік тұтасымен Мәскеудің қолында болды. Қазақстан экономикасы тұтасымен Қызыл империяның мүддесі үшін жұмыс жасады. Мысалы: 1970-1985 жылдардың өзінде республика жыл сайын одақтық қорға 300 мың тонна ет (кг - 2сом) жіберіп отырған. Одан Республикаға түскен пайда 9 млрд сом, шығын 18-27 млрд сом болды /4/. Бұл одақтық тонаудың салдары. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын қазақ шаруалары өз еңбегінің жемісін өздері көре алмады.

Қызыл империяның тұсында қазақ тілі-отбасы тілі болып, мемлекеттік тіл-орыс тілі болып қала берді. Қазақ Республикасының жері Мәскеудің құзырында болды. Қалай бөліп, кімге беру, кімге басқарту Мәскеуде шешілді. Ұжымдастыру, соғыс, тың игеру деген сылтаулармен қазақ өз жерінде көпе-көрнеу азшылыққа айналды. Ең сорақысы орыстанған, орыс тілді қазақтар, қазақ тілділер деген топтар пайда болды. Олардың бір тобы империя саясатын қолдап, қарсы шыққан қазақтарды қынадай қыруға атсалысты. Абақтыға салды. Қазақтардың басқа дінге ауысуы ұлғайды. «Интернационалдық неке» деген дәріптеліп осындай некедегі коммунистер қызмет бабында жоғарылатылды. Біздің бұл атағандарымыз қызыл империя тұсындағы қазақ халқына жасалынған қиянаттың топтамасы.

Қазақ халқына жасалынған қиянат қызыл империяға патшалық Ресейден мұраға қалған болатын. 1917 жылдардың қарсаңында қазақ байларына жасалынгған қысымның салдарынан көптеген аймақтағы қазақтар руымен көрші елдерге көшіп кетті (негізі Қытайға). 1932-1933 жылдары адамзаттың тарихындағы қайғылы оқиғалардың бірі қолдан жасалынған қасірет-ашаршылық. Ұжымдастыру қарсаңында қазақтарда 40,5 млн бас мал болса, ұжымдастыру соңында 1933 жылы қаңтарда 4,5 млн бас қана мал қалған. Тіршілік ету көзі жойылғаннан кейін 1930-1932 жылдары 1 млн 750 мың қазақ немесе сол тұстағы халықтың 40%-і қынадай қырылды. 1928 жылы байлар деп тіркелгендердің саны 696 ғана болса да, 1928-1931 жылдары 56125 қазақ жауапқа тартылған. 1932 жылы Юстиция Халық комиссары өзінің құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың 37,3% ғана кулактар, қалғаны-еңбекшілер екенін мойындапты /5 /.

Қазақ халқына жасалынған қиянат мұнымен тынған жоқ. 1937-1938 жылдары жаппай террордың салдарынан 101 мың қазақстандық ГУЛаг-қа жабылып, 27 мыңы атылды.Ескексіз қайық, басқарусыз көліктің қайда баратыны белгілі болса, осы атылғандардың негізі халық үшін ескек пен көш басы қызметін атқарған ұлттың қаймақтары болатын. Осы мәселелер тұрғысынан алғанда орыс коммунизмі фашизмнен кем түскен жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында басталған күштеп қоныс аударудың негізгі «науқаны» Ұлы Отан соғысы кезінде жүзеге асырылды.

Сталиндік тоталитарлық жүйе көптеген жазықсыз халықтар мен ұлттардың өкілдеріне әр түрлі себептермен сенімсіздік көрсетіп, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанға жер аударғанын білеміз.

Жер аударылғандар арзан жұмысшы күші ретінде пайдаланылғаны мәлім. Бүкіл соғыс кезінде Республикаға жер аударылған халықтардың саны 1 млн 200 мың адамға жеткен /6/. Кейін байқалғанындай бұл тоталитарлық саясаттың қазақ мемлекетін ұлттар лабораториясына айналдырудың жымысқы жолдары екенін ғалымдар еңбектерінде жазып жүр. Бұл саясат тың игеру деген сылтаумен 1953 жылдан кейін жоспарлы түрде жүргізілді. 1954-1962 жылдары Республикаға 2 млн-ға жуық келімсектер көшіріліп әкел /7/. Осыншама халық көшіп келіп жатқанда жергілікті халық тарапынан қарсылық болған жоқ. Бір таң қаларлығы аңғал қазақ патшалық Ресейдің тұсында да, орыс-казактар айналдыра бекініс салып жатқанда да, оларды қорғаушы ретінде санап, алғашқы тұста қарсылық көрсеткен жоқ. Бұл тұста да экономиканы көтеруге көмектесушілер ретінде қарады. Зерттеушілердің деректеріне қарағанда бір ғана Солтүстік Қазақстанға келген 650 мың тыңгерлердің 150 мыңының ғана ауыл шаруашылық мамандығы болды. Осы саясаттың салдарынан қазақтар Республика тұрғындарының үштен бірінен аз болды. Жергілікті халықтың үлес салмағы 1897 жылы - 85% болса, 1962 жылы - 29% ғана деңгейде болды /8/. Бұл дегеніміз қазақ деген ұлтты мүлдем жоюға ұмтылыстың шарықтау шегі болды. Келушілердің арасында пайда табуды көздеген алаяқтар, қылмыскерлер аз болған жоқ. Бір айта кететін жағдай, айрандай ұйып отырған қазақ ұлтында төңкеріске дейін маскүнемдік, нашақорлық, ажырасу т.б. жағымсыз құбылыстар мүлде болған жоқ. Бұл бізге қызыл империяның сыйы деп айтуға тұрарлық.. Осы біз жоғарыда келтірген екі кезеңде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктеріміз, ұлттық алтын қазыналарымыз, ұлттық тіл, ұлттық дәстүрге қауіп төнді.Бұл жөнінде баспасөз бетінде сөз етушілер түрлі әдіс-тәсілдермен жазаланды. Сталиннің тұсында ату, қамау, жер аудару әдісі болса, кейін Хрущевтен кейінгі жылдары «өзгеше ойлайтындар» деп табылып жазаланды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша психологиялық ауруханалар жүйесі арқылы жазаланған «өзгеше ойлайтындар» саны 90 мыңнан асыпты. 1985 жылы Горбачевтың демократиясымен, жариялылығы қазақ зиялылары үшін көп жылдар бойы қатқан мұздың жіби бастауына себепші болды. Іле-шала 1986 жылы қазақ жастарының желтоқсан көтерілісі қызыл империя таптаған қазақ рухының қайта оянуына, рухани серпілісіне жол салды. Бұл қозғалыс орыстандыруға, полигондарға, экологиялық апатқа қарсы наразылық болатын.



Колбиннің қазақ елінде бірінші басшы болып тағайындалуы қазақ деген халыққа жасалынған қиянатшылдықтың шектен шыққан көрінісі болды. Бұдан әрі шыдай беру әлем халықтарының алдында мүлдем дәрменсіздігімізді көрсетіп ұятқа қалғанмен бірдей болды. Мақтанарлығымыз сол жылы аға буын өкілдері көңілдегідей белсенділік көрсете алмаса да, қазақ жастары желтоқсан көтерілісінде қызыл империя таптаған қазақ рухының оянуына рухани серпін берді. Бүкіл КСРО мен әлем халықтары алдында ата-бабасының ұлы халық екенін көрсетіп даңққа бөленді. Бұл қозғалыс орыстандыруға, полигондарға, экологиялық апатқа қарсы наразылық болатын/9/.

1989ж. мамыр пленумында Н.Ә.Назарбаевты республиканың бірінші басшылығына ұсынғаннан кейін елдігіміз таныла бастады. Бұл тұста ең қауіптісі ұлттық тілімізге қауіп төніп, ұлт ретінде жойылудың шақ алдында қалғанымыз анық еді. Сондықтан да тіл мәселесі қазақ интеллигенциясының алдындағы ең күрделі мәселеге айналды. Ақ патша мен қызыл империя қиянатшылдығынан пайда болған шешуі қиын міндеттерді қолға алу осы тұстағы интеллигенцияға бұйырыпты. Жаңа жариялылықтың мүмкіндіктерін пайдаланған еліміздің парасатты зиялы қауымы қазақ халқына арналған үндеуін жариялады: «Халық үшін шын мәніндегі бостандық тілден басталады. Тіл болмаса халық өзінің ойын, сезімін, дүниеге деген көзқарастарын жеткізуге дәрменсіз... Бірақ бізді ...республикаға есімі берілген қазақ тілінің тағдыры алаңдатады... Ғалымдардың деректеріне қарағанда бүгінгі қазақ тілі қоғамдық өмірдің 10 саласында ғана белсенді қызмет атқарады. Біздерге бұл мәселенің дұрыс шешілуінің жолы қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусын беру болып көрінеді»- деп ақпарат құралдарымен бүкіл елге білдірді /10/. Кезінде патша идеологтары: «Оларды жазу-сызуы бар елге ие етсек, оны мектеп өміріне енгізуіне мүмкіндік туғызсақ, сол арқылы олардың белгілі бір халық болып қалыптасып дамуына жағдай жасадық дей бер» -деп үрейі ұша жазған екен /11/. Қызыл империя идеологтары да осы принциптен таймаған. 1989 жылғы 22 қыркүйектегі Тіл туралы Заңның қабылдануы ана тіл үшін жасалынған ең бақытты қадам болды. Кезінде шығыстанушы ғалым В.В.Родлов: Мемлекеттік тілді білмейтін адам елдің танымал белсенді азаматы бола алмайды -деп әділ баға берген /5/. Осыған орай халқымыздың біртуар ұлдарының бірі М.Әуезов: Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген интеллигент толық мәнді интеллигент емес,-деп түйіндепт /12/.

Ең қорлығы 1995 жылдың өзінде көптеген оқу орындарында мемлекеттік тілді оқыту, шет тілдерін оқытудан да қиындыққа түскен. [13] 1991 жылдың желтоқсаны адамзат тарихында 1917 жылы басталған большевиктік эксперименттің аяқталған айы болумен қатар, Ресейлік империяның да аяқталу жылы болды. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Заңның қабылдануы жүздеген жылдардағы ұрпақтардың аңсаған арман-мақсатының жүзеге асуы еді. Қазақстан қандай мемлекет? - деген сұраққа ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» деген еңбегінде «Қазақстан көп укладты нарықтың экономикасы бар демократиялық қоғам болады» -деп ұтымды жауап берді.

Ел Президентіне кеше де, бүгін де өз айналасына интеллигенция арасынан ел басқару кадрларын іріктеу оңайға түсіп отырған жоқ. Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон «Менің ойым әкімшілік айналасына... беделді, қабілетті адамдарды көптеп топтастыру. Екінші топтағыларға ешқашан мемлекеттік қызмет ұсынбау. Әкімшілік саясаты әділ ақылға негізделген принциптерге негізделсе, мемлекеттің азаматтары оның айналасына топтаса түседі. Нақ осы басшыларды біз қолдауымыз қажет /14/. Бірақ тәуелсіздік алғалы 15 жыл өтсе де тіл мәселесі әлі де күрделі күйінде. Парламенттегі, үкіметтегі кейбір басшылар бірнеше шет тілдерін аз уақытта меңгергенімен, қазақтың ана тіліне салғырт қарайтындай. Ұлы М.Әуезов айтқандай, мемлекеттік тілді білмейтін адам елдің танымал белсенді азаматы бола алмас дейміз бе? Қалай дегенмен ақ патша мен қызыл империядан қалған қазақ халқына жасалынған қиянатты оңтайлы шешу бүгінгі қазақ интеллигенциясына бұйырып тұр.

Әдебиеттер


  1. Карамзин Н.М. История и государства Россииского. –М., 1889. С. 224.

  2. Записи Оренбургского отделения ИРГО. Вып 1, Казань. 1870. С.21.

  3. КРОМА 4қ 1-тізбе, 555-іс, 3-парақ.

  4. Х,К. Есмұханова, Қазақстан тарихы. Алматы. 2004, 257-б.

  5. Қ.С. Қаражанов. Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы. –А.

  6. Романов Ю. Депортация народов к проблем прав. Человека. Материалы семинария. –Алматы. 1998. С.43.

  7. Х.И. Ермұханова. Қазақстан тарихы. Алматы. 2004.

  8. Бұл да сонда, 242-бет.

  9. ҚозыбаевМ.Қ. Голощекин және Қазақстан. Сталин және Қазақстан. // Ақтаңдақтар ақиқаты. -А., 1992.

  10. Социалистік Қазақстан. 12 шілде,1989.

  11. Егемен Қазақстан. 1993, 8-қаңтар.

  12. М.Әуезов. Шығармалар жинағы. 19 том, А.,1985. 411 б.

  13. ҚРОМА, 2255-қор, 1-тізбе, 397А-іс, 2-парақ.

  14. Рес Гуман. Томас Джефферсон о демократии. -С.П.б. С. 6.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада патшалық Ресей мен қызыл империя тұсындағы қазақ халқының ұлттық тіліне, әдет-ғұрпына, мемлекеттік құрылымына жасалынған қиянат жан-жақты баяндалады.
РЕЗЮМЕ

В статье исследуется ущерб, нанесенный языку и обычаям казахского народа во времена колонизаторской политики Российской и красной империями.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет