Индустрияландыру – ірі өнеркәсіпті, ең алдымен ауыр өнеркәсіпті құру және дамыту, ірі өнеркәсіптік өндіріс негізінде бүкіл халық шаруашылығын қайта құру. Индустрияландыру тек социалистік құрылысқа ғана тән кезең емес. Ол - елді жаңғыртудың міндетті шарты. 1920 жылдардың ортасына қарай КСРО үшін бірнеше себептерге байланысты индустрияландыруды жүзеге асырудың қажеттігі туды. Біріншіден, 1925 жылға қарай қалпына келтіру кезеңі аяқталды. Негізгі көрсеткіштер бойынша кеңестік экономика соғысқа дейінгі деңгейге жетті. Өнеркәсіптік өндірістің өсуін қамтамасыз ету үшін істеп тұрған зауыттарды қайта жабдықтау ғана емес, жаңа заманғы кәсіпорындарды құру қажет болды. Екіншіден, елдің экономикалық әлуетін тиімді орналастыру мәселесін шешу міндеті тұрды. Ел бұрынғыдай аграрлы, шаруа елі болып қала берді. Қалаларда жұмыссыздық деңгейі өсіп, әлеуметтік шиеленісті күшейтті. Үшіншіден, елдің халықаралық деңгейде экономикалық және саяси оқшаулануы индустрияландыруды жеделдетуді талап етті. Капиталистік дұшпандық қоршауда қалған КСРО-ға тұрақты соғыс қаупі төнді. Аграрлы ел өнеркәсібінің жоғары дамыған ірі мемлекеттермен әскери қақтығыс болған жағдайда оларға қарсы тұру мүмкіндігі болмады.
1920 жылы халық шаруашылығы салаларын машиналық техника базасына көшірудің кешенді бағдарламасы белгіленді. Индустрияландыруды бастау туралы шешім 1925 жылы желтоқсанда БК(б)П- ның XIV съезінде қабылданды. Индустрияландыру жөнінде съезде жалпы түрде ғана айтылды. Сталин индустрияландыруға «КСРО-ны машина және жабдықтарды импорттаушы елден оларды өз күшімен өндіретін елге айналдыру» деген анықтама берді. Әңгіме ауыр және жеңіл өнеркәсіптің тиімді арақатынасы, қала мен деревняда қол жұмысын ығыстыру туралы болды. Капиталистік қоршаудың болуы және социализмді жеке алынған бір мемлекетте ғана кұру бағдары тәрізді дәлелдер шешуші маңызға иеленді.