Жеңіс парады өткеннен кейін әскери тұтқында жүрген 60 мың неміс сапқа тұрып, Мәскеу көшелерімен жүріп өтті. «Тұтқындар парадын» өткізу идеясына бұған дейін фашистік Германияның жүргізген насихаты тиек болды. Трофейлік кинохроникалардың бірінде ІІІ рейх әскерлерінің маршын дыбыстаған диктордың: «...біздің жеңімпаз жауынгерлеріміз көптеген астаналардың көшелерімен жүріп өтті, таяу күндері коммунистер астанасы Мәскеу көшелерінде осылай жүретін болады!» деген сөзі Жоғарғы ставка басшыларының шамына қатты тиді. Сөйтіп, КСРО саяси басшылары тізе бүккен вермахтың тұтқындағы азып-тозған мыңдаған жауынгерлерін көшеге шығарып, халыққа көрсету керек деп шешті. Тұтқындар парады 17 шілдеде өткізілетін болып белгіленді. Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) ондаған мың әскери тұтқынды Мәскеуге жеткізді. Соғыс тұтқындары тиелген алғашқы 11 эшелон Мәскеуге шілденің 1-і күні келсе, соңғылары ертең парад болады деген күні жетті. Тұтқындарды Батыс теміржолындағы «Москва-Товарная» стансасына жинады, көпшілігі Мәскеу ипподромында арнайы жасалған концентрациялық лагерьде жатты. Бастары салбырап, ұнжырғасы түскен вермахт әскерлерін Мәскеу көшелерімен жүргізу – дұшпанын табалап, КСРО халқының рухын көтеру үшін жасалған компартияның ұтымды идеологиясы болды.
1945 жылы 17 шілде күні сағат 11.00-де, ішінде мыңнан астам офицерлер және 18 генералы бар 57 600 әскери тұтқын сапқа тұрды. Колонна ипподромнан шығып, Ленинград шоссесімен және Горький көшесімен қозғалды. Маяковский алаңына келгенде колонна екіге бөлінді: жартысы Садово-Каретная, Садово-Самотечная, Садово-Сухаревская, Садово-Черногрязская көшелерімен Курск вокзалының алаңына дейін барды, ал екінші бөлігі Үлкен Садовая, Садово-Кудринская, Қырым және Калуга алаңдары арқылы әрі қарай Үлкен Калуга көшесіне бет алды. Парадты ұйымдастырушылар бұл шеру әскери жорықта қол жеткізген Қызыл Армияның табысы емес, жай ғана, тұтқындарды бір лагерьден екінші лагерьге этаппен айдап апара жатқандай етіп көрсетті. Сондықтан бұл шараны бұқаралық ақпарат құралдары алдын ала жарнамалап, ешқандай хабарландыру жасаған жоқ. Тек «Правда» басылымы және «Маяк» радиосы ертеңгілік хабарында: «Мәскеу қаласының милиция басқармасы 17 шілде күні Мәскеу арқылы әскери тұтқындар лагерлеріне жіберілетін, соңғы кездерде Қызыл Армияның І, ІІ және ІІІ Беларусь майдандарында қолға түскен неміс әскери тұтқындарының 57 600 адамнан тұратын бір бөлігін айдап өтеді. Соған байланысты 17 шілде күні сағат 11-ден бастап әскери тұтқындар өтетін маршруттар бойынша көлік және жаяу жүргінші қозғалысына шектеу қойылады» деген қысқа ғана ақпарат берді.