Әйтеке би Бәйбекұлы – Кіші жүзден шыққан қазақтың атақты шешен биі. Қазақ шежіресінде Жанарыстың бір аталарынан Алшын одан Әлім, Жеті ру тарайды. Әлімнен Түмен, Шөмекей, Төртқара, одан Ораз, Оразгелді, Жаншұқыр, Қараш. Ораз (Меккеге барып қажы атанған, Әмір Темір патшаның бас кеңесшісі болған баба). Сол Ораздан Ақпан, Тоқпан. Тоқпаннан Сейтқұл туған. Сейтқұлдан сегіз ұл болған. Соның бірі кезінде Самархан шаһарын 40 жылдай билеген атақты Жалаңтөс баһадүр еді. Жалаңтөс батыр және оның ерлігі, ел билеудегі беделі жөнінде жазба деректер аз емес.
Сейтқұл әулиенің енді бір баласы Ақша. Одан- Шан, Бәйбек, Қонысбек, Жоламан, Бекмембет, Бекенші ұрпақтары өсіп өнген. Бәйбектен Кешубай, Қашқын, Әйтеке туған. Әйтекеден Қонысбай, Жылтыр деген екі ұл қалған. Бұлардан тараған ұрпақтар ұзақ жылдар Самархан, Нұрата тауының төңірегін мекен еткен
«Тобықты Әнет бидей баталы бол, Кіші жүз Әйтекедей аталы бол» деп атақты Сегіз серінің батасында айтылғандай, Әйтеке би аталы тұқымнан. Оның арғы атасы Сейітқұл Жәдікұлы Шығай ханның серігі болған. Шығай хан Бұқардың Абдолла ханымен одақтас болып, Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, сонымен бірге қарауындағы елін ертіп, қотарыла көшіп келеді. Осы Сейітқұлдың сегіз баласының бірі — Әйтеке бидің әкесі Ақша да, бірі — кейін Самарқанның билеушісі болған, қазақ ханы Салқам Жәңгір 600 жауынгермен жоңғар қоңтайшысы Батырдың 50 мың әскерінің өтінде қалғанда, дер кезде көмекке жетіп, қазақ қолына айтулы жеңісті суырып әперетін атақты Жалаңтөс баһадүр. Жалаңтөс Самарқанға әмір болғаннан кейін ағасы Ақшаны Қоқанның ханы етіп сайлатады.
Әйтеке жеті жасынан атасы Ақша ханның тәрбиесінде болған. Ел басқару ісіне, басқа елдерден келген қонақтарды қабылдау, халық арасындағы даудамай, келісім, бітім істеріне қатыстырып отырған.
Екінші жағынан ауыл молдаларына оқытқан. Он жасынан атасы оны Жалаңтөс батырдың балаларымен бірге бұхарадағы медресеге оқуға береді, Ол оқуды үздік тәмәмдайды. Араб, парсы, тілдерін уйреніп шығады. «Әйтеке жиырма бес жасында Төртқара еліне би болады. Ал отыз жасында 29 рудан құралған бүкіл Кіші жүздің, яғни, алты ата Әлімнің 4 ата Кетеннің, 12 ата Байұлының, 7 ата Жетірудың төбе биі болып сайланады», содан бұл дүниеден өткенше ел билігінде жүреді.
Бір жағынан Қытай, бір жағынан жоңғар, енді бір жағынан қазақ-орыс жерін торлап, шекараға әскерлерін шоғырландырған қиын күндерде Әйтеке би Төле бимен, Қазыбек бимен біріге отырып, елді, жерді қорғауға белсене араласады. Мәртөбе мен Күлтөбеде күнде жиын кезінде алты алашты аузына қаратқан сол үшеудің біреуі — орақ ауыз, от тілді Әйтеке би ел басына терістік шығыстан қара бұлт үйіріліп келе жатқан қарсаңда бір мақсатта тізе ажыратпай талай жыл бірге күрескен серіктерін тастап, дертті болып, ата жұртына — Нұрата тауына оралады. Ол дерт Алланың жіберген ауруы емес, «Тура би туғанына жақпайды» деп, ел тағдырына қатысты мәселеде бет пен беделге қарамай турасын тіліп айтқан бидің сөзін кек тұтқан сұлтандардың қастығы еді.