10 Кәсіпкерлік қызметтегі тәуекелдер
Кәсіпкерлік (шаруашылық) тәуекелдің мәні. Тәуекелдер мен жоғалтулардың түрлері, оның жіктелуі. Тәуекелді тудыратын факторлар.
Тәуекелді бағалау әдістері: статистикалық, эксперттік, есептеу-талдаулық.
Тәуекелді басқару үрдісі мен әдістері.
Нарықтық қатынастардың дамуы, бәсекенің күшеюі және айқынсыздық жағдайында кез-келген кәсіпкерлік қызмет тәуекелсіз жүзеге асырылуы мүмкін емес. Кәсіпкер кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде тәуекелге барады және қабылданатын басқару шешімдерінің салдарлары үшін жауап береді. Тәуекел факторы кәсіпкерге ресурстарды үнемдеуді, жаңа жобалардың, коммерциялық мәмілелердің және кәсіпкерлікті іске асырумен байланысты өзге де жағдайлардың тиімділігін есептеуге ерекше назар аударуды талап етеді. Кәсіпкерлік қызметте тәуекел факторы несиелердің қымбаттауы, инфляциялық үрдістердің туындау мүмкіндігі, экономиканың тұрақсыздығы немесе дағдарысқа ұшырау қаупі жағдайында арта түседі. Тәуекел – бұл жоспарланған табыс көлемін ала алмау, зияндар мен жоғалтулардың туындау ықтималдылығы. Басқаша айтқанда, қолайсыз жағдайлармен, экономикалық қызмет шарттарының кездейсоқ өзгеруімен байланысты күтілген табысты, ақшалай қаражаттарды немесе мүлікті жоғалтудың туындау қаупі. Ал, кәсіпкерлік тәуекел деп белгіленген іс-шара іске аспаған, сондай-ақ, басқару шешімдерін қабылдау кезінде қателіктер жіберілген жағдайда кәсіпкердің зиян шегу ықтималдылығын айтамыз. Ол белгілі бір уақыт кезеңі ішінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың айқынсыздығы түсінігімен тығыз байланысты.
Кәсіпкерлік тәуекелдер кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде көптеген факторлардың әсерінен туындайды. Кәсіпкерлік тәуекелдердің пайда болуына алып келетін мынадай себептерді атап көрсетуге болады: экономикалық дағдарыс, инфляцияның жоғары қарқыны, саяси тұрақсыздық, шаруашылық жүргізуші субъектілердің жауапсыздығы, кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңнамалық және нормативтік – құқықтық актілердің жиі өзгеруі, кәсіпкерлердің бір бөлігінің өз қызметіне деген жеке жауапкершілігінің болмауы, салық заңнамаларының жетілмеуі, жат пиғылды (әділетсіз) бәсекенің орын алуы және т.б.
Кәсіпкерлік тәуекелге әсер ететін факторларды ішкі және сыртқы деп бөлуге болады. Ішкі факторларға басшының немесе қызметкерлердің жіберген қателіктері, дұрыс шешім қабылдай алмауы, тәжірибесіздігі, өзгермелі жағдайға тез бейімделе алмауы, кәсіпкердің білімі мен біліктілігі, нақты жағдайды талдау және болашақты болжау мүмкіншілігі және т.б. жатқызылады. Ал, сыртқы факторларға келесілер жатады: инфляция, банктің пайыздық ставкалары мен несиелеу шарттарының өзгеруі, салық ставкалары және кедендік рәсімдеу жүйесінің өзгеруі, нормативтік – құқықтық актілер мен заңнамалардағы өзгерістер мен толықтырулар, бәсекелік орта, саяси жағдайлар, елдегі экономикалық жағдай және т.б.
Экономикалық және өзге де ғылыми әдебиеттерде тәуекелді, соның ішінде кәсіпкерлік тәуекелді жіктеудің бірыңғай әдістемесі жоқ. Сондықтан тәуекелді әртүрлі белгілері бойынша жіктейді. Мысалы, масштабы бойынша : жергілікті және жаһанды; әсер ету ұзақтығы бойынша: қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді; күтілетін нәтиже бойынша: таза және спекулятивті.
Кәсіпкерлік тәуекелді көбінесе өндірістік, қаржылық және инвестициялық деп үшке бөліп қарастырады. Өндірістік тәуекел өнім өндіру кезінде немесе өндірістік қызмет үрдісінде туындайды. Өндірістік тәуекелдің себептеріне жоспарланған өндіріс көлемінің төмендеуін, кәсіпкердің тапсырыс берушілермен жасалған келісім бойынша өз міндеттемелерін орындай алмау ықтималдылығын, материалдық, еңбек шығындарының өсімін, баға саясатындағы қателіктер т.б. жатқызуға болады. Коммерциялық тәуекел өнімді (қызметті, жұмысты) сатумен, шикізаттар мен материалдарды сатып алумен т.б. байланысты орын алады. Оның негізгі себептеріне логистика жүйесіндегі кемшіліктер, шикізат тапшылығы немесе шикізаттар мен материалдармен өз уақытында және қажетті көлемде қамтамасыз ете алмау т.б жатады. Қаржылық тәуекел кәсіпкердің қаржы инситуттарымен қарым – қатынасы кезінде туындауы мүмкін. Ол ақшалай қаражаттарды жоғалту қаупін білдіреді. Қаржылық тәуекел инфляциялық факторлар, банк ставкаларының өсуі, бағалы қағаздар құнының төмендеуі т.б. себептерге байланысты пайда болады.
Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде қандай-да бір шамада тәуекелдің болатыны анық. Алайда тәуекелді талдау мен оны төмендету әдістерін анықтауға, тәуекелді басқару жүйесін әзірлеуге баса назар аударылуы тиіс. Тәуекелді талдау кезінде бір-бірін өзара толықтырып тұратын екі түрін бөліп көрсетуге болады. Олар сандық және сапалық талдау әдістері.
Сапалық талдау тәуекелдің әлеуетті (потенциалды) облысын және факторларын анықтауға, оның мүмкін болатын түрлерін айқындауға мүмкіндік береді. Сандық талдау тәуекелдің нақты мөлшерін сандық түрде көрсетуге, оларды талдау, сараптау және салыстыруға бағытталған. Тәуекелді сандық талдау кезінде әртүрлі әдістер қолданылуы мүмкін. Олардың ішінде едәуір кеңінен тарағандары келесілер:
статистикалық әдіс;
сараптамалық (эксперттік) бағалау әдісі;
талдамалық (аналитикалық) әдіс;
кәсіпорынның қаржы тұрақтылығын талдау және оның төлем қабілеттілігін бағалау.
Достарыңызбен бөлісу: |