Кез келген елді ерекшелейтін мәдениеті мен әдебиеті, салт-санасы мен тарихы, рухани дүние танымы екені даусыз. «Ел ішінде өнер бар, өнерді тапқан шебер бар»
Кез келген елді ерекшелейтін мәдениеті мен әдебиеті, салт-санасы мен тарихы, рухани дүние танымы екені даусыз. «Ел ішінде өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» дейді дана халқымыз. Сол сан түрлі өнердің ішінде театр өнері, театр мәдениетінің орны бір төбе. Әрбір театрдың тарихи жағынан қалыптасып дамуы, болашаққа қадам басуы, өсіп-өркендеуі, әр халықтың өмір-тұрмысымен, салт-санасымен, тағлымды тарихымен және ішкі мәдениетімен тығыз байланысты. Театр мәдениеті мен өнері біздің халық ауыз әдебиетінде жатыр. Қазақтың әдет-ғұрыптарындағы, салт-санасындағы, жоқтау өлеңдер, айтыс, мақал-мәтелдер, естірту, сыңсу сияқты фолькльорларымыз - қазақ театрының бастау көзі. Кезінде Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар ұйтқы болып ұйымдастырған Семейдегі шара ерекше өткен. Бұл оқиға ұлы Абайдың ұлы мұрасын халқымен қауыштыруға арналған игілікті іс болып, тарих бетіне жазылды. Қаламызда 1915 жылы өркендеп келе жатқан өнерді «Біржан мен Сара» айтысы төңірегіне тоғыстырып, сахналық көріністері мол бағдарламамен өткізілген ойын-сауық, орайына қарай ұйымдастырылатын ақындар айтысы, өлең-жыр, ән мен күй кештері жас бастамашылардың зор талпыныстары туғызған жаңа қойылымдар театрдың бастау алуына себеп болды. Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры бүкіл қазақ театры өнерінің қарашаңырағы саналады. Оған дәлел, 1917 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен Ойқұдық жайлауында қойылған “Еңлік-Кебек” пьесасы қазақ еліндегі жаңа өнердің, қазақ театрының тұсаукесері болды. Қазақ мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, зор екпінді күш болды. Театр өнері қарыштап дами бастады, алға қадам басты. Ойқұдықта ойлы дүниемен бастау алған рухани сілкініс, өнердің өркендеуіне ықпал етті. Мұхтар Омарханұлының бастауымен “Ес-Аймақ” театры 1920 жылдары қарқынды жұмыс атқарды. Рухани шөлдеген жұртты өнермен сусындатты. Әйгілі Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Ғалиақпар Төребаев, Қалибек Қуанышбаев сынды майталман өнер иелері топтасып, театр өнері биікке қанат қақты.
Бүгінгі таңда театр тіршілігі қарқынды дамуда, заман талаптарына сай, жаңа үлгідеге пьесаларды сахналауда. Көрерменнің қошеметіне бөленіп, елдің алғысын алған өнер иелерінің де биікке қаққан қанаттары талмасын деп тілейміз.
Мерей ҚАРТОВ, Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі.