Кілт сөздер: түркітанушы, фольклор, ауыз әдебиеті, шамандық, жаназа, беташар, төтем, салт-дәстүр



бет7/9
Дата07.02.2022
өлшемі66,25 Kb.
#82966
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
Әуелбек 3
метод-СРС-неорг-хим-фармация-каз-неор-каз-колон, СОР огн 10 кл химия
Талқылау.
Әдебиетті оқыту әдістерін нақтылай келе, Ә Қоңыратбаевтың зерттеу жүргізген «Айман-Шолпан» жыры негізінде нақты талдайтын болсақ, «Қазақ əдебиетінің тарихына» (Қоңыратбаев Ə., 1991, 207 б.) бұл жырдың XIX ғасырдың орта шенінде туғандығын айтады.
М. Ақынжанов бұл жыр өткен ғасырдың екінші жартысының бас шенінде, Қазақстанның Россияға қосылуы аяқталған кезде туғандығын айтады. Зерттеушілердің қайсысы болса да жырдың шыққан мезгілін дəлдеп айтпаса да, оқиға желісінің шынайы өмірден алынғандығын анықтайды.
Әдебиет пәнін оқытушы мұғалім сөз өнерінің қыр-сырын жете түсінуі үшін көркем шығарманың мәнін терең түсініп, оны талдай алу қажеттігі, әдеби ұғымдарды, жанрларды, образдарды – жалпы айтқанда көркем шығарманың барлық компоненттері мен табиғатын ой сарабынан өткізіп, салыстырып оқушыға мазмұнды білім беруге мүмкіндік туғыза білуі керек.
Осы орайда Ə. Қоңыратбаев жырдың көркемдік ерекшеліктерін, жанрлық түрін жан-жақты зерттей отырып: «Айман – Шолпанның» жанрын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» жырларына ұқсаған нағыз романтикалық-ғашықтық эпос үлгісі демесек те, Көтібарға олжа болатын қазақтың жазықсыз қыздары Айман мен Шолпан тағдырына қарап, оны лиро-эпосқа жатқызамыз. Өйткені жырдың бас тақырыбы қазақ қызының басындағы теңсіздік екенін аңғару қиын емес…», – деп түйіндейді. Одан әрі зерттеуші Ә Қоңыратбаев «Тегі осы атына байланысты болса керек, біз «Айман — Шолпанды» лиро-эпос жанрына қосып, көптен бері зерттеп келдік. «Айман — Шолпан» жырының оқиғасы бұлдыр замандарға кететін аңыздық-ертегілік сюжет емес. Оның оқиғасы XIX ғасырдың I жартысындағы қазақ өмірінің шындығынан алынған. Айман мен Шолпанды барымта жолымен олжалайтын Көтібар – тарихта болған адам. Көтібар, Есет, Бекет, Арыстандар XIX ғасырда шектінің ірі батырлары болған. Көркемдік дегенді шығарманың бүкіл компоненттерінің бірлігінен, үйлесім-келісімінен іздеуіміз керек. «Айман — Шолпан» – композициялық құрылысы, оқиғаны баяндауы жағынан өзіндік ерекшелігі бар жырдың бірі» деп нақтылайды.
Жырдың басты ерекшелігі – оқиғаны шиеленіскен тартысқа құруында екендігін ғалым айтып кетеді. Оның қандай əңгімесін алсақ та үлкен тартысты көреміз. Мұның өзі жыр оқиғасын əрі қызықты, əрі əсерлі етеді. Көтібар мен Маман, Айман мен Көтібар, Теңге мен Айман арасындағы тартыс, қақтығысуларды суреттеу арқылы жыр оқиғасы дами түседі.
Оқушының сөйлеу тілі мен жазба тілі дамыған өзіндік ой-пікірі қалыптасқан, рухани шыңдалған тұлға болып қалыптасуына жағдай туғызу әдебиет пәнінің басты міндетіне жататыны сөзсіз [3., 160].
Екіншіден, жыршы ақын жағымсыз кейіпкерлерді суреттегенде, олардың мінездерін, іс-əрекеттерін күлкі, мазақ ете, сықақтай сипаттайды. Маманның байлығын айтып шіренуі, Көтібардың «батырмын» деп кеудесін соғуы – жырда ащы мысқыл, келекеге айналады. «Жырдың құрылысы, бейнелер жасау əдісі, тіл ерекшеліктеріне тоқталсақ, ақын негізінде ескіден келе жатқан дəстүрден шықпаған, көп жерлерде де ескі жырдың түрін, диалог қолдану үлгілерін кеңінен пайдаланған. Сырт қарағанда кейіпкерлердің бейнелерін беруде де онша жаңалық бірден көзге түсе қоймайды. Əйткенмен үңіле түскендей болсақ, көптеген жаңалықтарды, ауыз əдебиетінен көп жерлерде қол үзіп, жазба əдебиетінің дəстүріне ауа бастаушылықты немесе сол жазба үлгінің əдісіне бой ұрушылықты ап-айқын көреміз», – дейді жырдың көркемдік ерекшелігін терең зертеуші ғалымдарымыздың бірі Ы. Дүйсенбаев. Жырдың құрылысы өте шебер жасалған. Оқиғаның басталуы, даму сатысы кемеліне жетіп барып, түпкі түйіннің шешілуіне дейін оқушыны жалықтырмай үнемі өзіне тартып, қызықтырып отырады.
Осы мəселеге орай Ə. Қоңыратбаев пен Ы. Дүйсенбаевтардың пікірлеріне жүгінер болсақ: «Айман — Шолпан» жыры өзінің реалистік-сатиралық рухына қарай 11 буынды қара өлеңмен жырланған. Нарға жайдақ мінген екі қыздың сөзінде қайым элементі бар. Екі қыздың оңаша сөздері, Айманның ішкі ойлары кейде қара сөзбен берілген. Əлібек келетін жердегі сөздер 7–8 буындық жырмен айтылған. Жыр поэтикалық, көтеріңкі стильге тəн өлшеумен шығарылған. Айманның азаттығы Əлібектің ерлігімен байланысты». «Жыр негізінен он бір буын қара өлеңмен жазылған, тек үш жерде ғана жеті буынды жыр түрінде беріледі. Тілі таза, кітапшалау жоқтың қасы, ескірген сөздер де өте сирек кездеседі.
Көлемі шағын болса да бұл жырда эпикалық ұзақ туындыларда ұшырасатын, оқиғалардың арасын қарасөзбен жалғап отыру əдеті де бар. Мүмкін, бұл жағдай дастанның жолдары түгел сақталмай, ара-тұра түсіп қалудан да пайда болған шығар. Жырдың сюжеті жұмыр боп келеді. Тартыс бас кейіпкер Айман тағдырына құрылған. Мысалы, жырдың басындағы Маман мен Көтібардың егесі сырт қарағанда оқиғаның байланысы сияқты. Расында егес, ас, бəйге – мұның бəрі жырдың экспозициясы ғана. Ол кезде Айман көрінбейді. Оқиғаның байланысы – Маман байды шауып алып, екі қыздың пенде болуы, дамуы – Шолпанның азаттық алуы, олжа бөлісі, шарықтау шегі — Əлібектің келуі, шешуі – екі елдің табысып, Əлібек пен Айманның қосылуы. Əдеби туындының шеберлігін танытатын басты компоненттерінің бірі тіл дейтін болсақ, Шоқан қазақ əдебиетінің тазалығын мөлдір бұлаққа, сұлу табиғаттың өзіне теңеген екен.
Қорытынды
Поэмада күні өтіп бара жатқан ескі мен жаңаның арасындағы тартыс сөз болады. Жастар бейнесі – халықтың ілгеріге ұмтылған ұрпағына үміт артқан, болашағына сенген арман көрінісі. «Айман — Шолпан» дастаны қазақ халқының ғасырлар бойында жасаған ең қымбатты үлгілерінің бірі. Қашан да мұндай асыл үлгілер халық даналығынан туған өшпес мұра болып қала береді.
Ə. Қоңыратбаев түсіндірмелі оқу əдісін тек бастауыш сыныптарда қолданылатын ғана әдістеме деп қарауға болмайтындығын, оның барлық сыныптарда қолданылуы мүмкін екендігін ескертеді, демек, «...пəнді түсіндірмей үйрету мүмкін емес», - дей отырып, «...алғашқы текст түсінік тасасында қалар болса, ол баланы көркем текстен алыстатады», - деп пəн мұғаліміне ескерте кетеді. Осылайша, әдебиет сабағында қолданылатын түсіндірмелі əдісті, баяндау, əңгіме, көрнекілік əдістерін өтілетін шығарманың жағдайына қарай өзара кезектестіре отырып қолдану қажеттігін ұсынады.
Әр көркем шығарманың өзегінде тілдік құрылым өрнектелген, оның негізінде мәдени құндылықтардың жүйесі, адамгершілік негізі жатады. Әдебиетті оқыту әдістемесі болса осы күрделі құрылымды әрекетке түсіруші, іске қосушы рөл атқарады. Әдебиетті оқыту әдістемесінде де – барлық іс-әрекет пен мақсат адамға бағытталады. Адамның адамгершілік, эстетикалық, танымдық әрекеттерін жүйелі ұйымдастыруға бағытталған.
Б.Д. Жұмақаеваның айтуынша, әдебиет әдістемесінің мазмұнын белгілеудегі басты мәселелердің біріне мұғалімнің әдебиет пәнін оқытуда қолданатын әдіс-амалдары, тәсілдері жатады, бағдарламадағы материалды өтуде көзделетін қорытынды нәтиже бір болғанымен әрбір мұғалім бұл мақсатқа әртүрлі әдіс-тәсілмен жетеді [5., 242].
Осындай үлкен міндеттерді атқаруда Ə. Қоңыратбаев сабақты белсендіру, бағдарламалы оқыту, дамыта оқыту, əдістерінің оқыту үрдісінде қолдану керектігін айтса да, бұл әдістердің әлі де әдіснамалық тұрғыдан толық дəлелденбегендігін ескертуді жөн көреді.
Әдіскер-ғалым «Көрнекілік əдісі материалды жүйелеп өтуге, білімді дағдыға айналдыруға көмектеседі. Оның негізінде бүтін-бөлшек-бүтін ғана емес, мұғалім-текст-бала дейтін біртұтас үш тезис тұрады. Көрнекілік əдісінің негізі – көркем текст. Көрнекілік əдісінің түпкі мақсаты – қысқа да оңай жолмен, тиянақты білім беру», - деп атап көрсетті [4., 18].
.
Шығармашылықпен айналысудың қажеттілігін психологтар сол іспен айналысу барысында қалыптасатын тұтас кешенді қасиеттермен байланыстырады. Олай дейтініміз, психолог ғалым В.С. Шубинскийдің пайымдауынша, шығармашылық үдерістің өту сатыларында кешенді жүйе тұрғысында болатын шығармашылық қасиеттер маңызды орын алады. Оқушыда шығармашылық көңіл-күй туа бастаған алғашқы сатыда болатын қабілет-қасиеттер жаңаны, өзгеше тың дүниені сезе білу, қарама-қайшылықтарды түсіне білуде сезімталдық, шығармашылық ой талдауға бейімділік, жан дүниесінде болып жатқан ішкі тартысты оята білу қабілеті, танымдық қызығушылық болады. Екінші эвристикалық сатыда (оқиға, көркем бейне жасаудың сатысы) оқушы бойында интуиция, шығармашылық қиял, әдемілікті сезіне білу, сөз ұшқырлығы, қайшылықтарды түсіну, ой қызметінің ерекшелігі, батылдық, шығармашылыққа деген ішкі құштарлық болады. Үшінші сатыда бала бойында өзіндік сын, бастаған ісін аяғына дейін жеткізу, дәлелдеме, дәйектемелер ұсына білу, оның формаларын табу секілді қасиеттер болады [7., 39]. Осылайша, ғалымдарымыздың ширек ғасыр бұрын айтып кеткен ойлары мен бүгінгі әдебиет пәнін оқытудағы міндеттерінің ортақ екендігін, демек, екі кезеңнің де мақсаты оқушысының бойындағы бұғып жатқан шығармашылық қасиеттерді аша білу екенін байқаймыз. Осыдан шығармашылыққа үйретудің негізі көркем сөз екенін мойындауға тура келеді. Бұл туралы оқушылардың көркем шығармашылық қабілетін дамыту мәселесін зерттеген ғалым Қ. Әбдібекқызы өз ойын былайша тұжырымдайды: «Бұдан 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген қытай философы Конфуций, грек философы Платон (б.з.д. 427-347 жылдар) дарынды балаларды патша сарайында арнайы тәрбиелегенде, ең алдымен, оларды көркем өнер түрлеріне үйреткен. Олар, әрине, осылардан сарай ақындары, суретшілері шықсын дегенді мақсат тұтпаған. Өз ұлтын, мемлекетін өркендететін білімді, алғыр, болашақ данышпан шәкірттер тәрбиелеу үшін, бірінші кезекте балалардың сезімталдығын, ойын, тілін дамытуды қолға алған» [8., 80].
Шындығында бүгінгі таңда қоғамда көркем әдебиетке өз деңгейінде мән бермеуі, болашақ ұрпақтың шығармашылық қабілеттерінің дамуына кедергі келтіретіні рас. Бүгінде көптеген мектептерде әсіресе әдебиеттің тарихи мәселелері өз мәнінде оқытылмай отырғанын мойындау керек, «оқушыға сөз өнерін меңгерту – білім беру саласының да алға қойған мақсаттарының қазығы болуға тиіс. Ол үшін оқытудың мазмұны мен әдістемесін оқушылардың жас ерекшелігін, қызығушылығын, бейімділігін ескере отырып түбірлі өзгерту, оқытудың шығармашылық сипатын күшейту, сөйтіп, баланың жеке қабілеті мен әлеуметтік белсенділігінің дамуына жол ашу, шығармашылық тұлға қалыптастыру міндеті туындайды» [8., 80].
Қазіргі кезде әдебиет пәнін оқытуда шығарманы жазба жұмысының бipi ретінде ғана қарастырады. Алайда, шығарманың нағыз шығармашылық жұмыс екеніне үлкен мән беру керек екенін көрсете келе, Ә. Қоңыратбаев жазба жұмыстары оқушылардың тілін дамытуға, көркем мәтінді жинақтап, ой сарасынан өткізуге және өздігінен жұмыс жасап, ой қорытуға көмектесетінін айтады. Орта буын мен жоғары сыныптарда жазылатын шығарма жұмыстарының өзіндік ерекшеліктеріне тоқтала отырып, ғалым көркем мәтіннің танымдық рөлін жоғары қояды да, орта буында мынадай үш түрлі формада өтілетінін айтады:
- оқылған мәтін бойынша шығарма;
- оқушылардың өзіндік тәжірибесіне негізделген еркін тақырыптағы шығармалар;
- оқиғаны суреттеп жазу үлгісіндегі шығармалар.
Әрі қарай, 8-11 сыныптардағы жазба жұмыстарын тақырыптық, публицистикалық, әдеби-творчествалық деп топтап, оқушылардың алдымен мәтінді оқып алып, соның негізінде түсінгенін, оқып білгенін өз ой-өресімен жеткізетінін айтады. Ә.Қоңыратбаев сонымен бірге оқушының шығармашылық жұмыстарында жазылған мәтіннің көркем стильде болуына, бейнелі түрде суреттелуіне ерекше мән береді. Ол үшін шығарма жазар алдында төмендегідей алғышарттарға мән беру керек екенін айтады:
- мәтіндегі белгілі бip эпизодты оқушының өз түсінігінше суреттеуі;
- өлең мазмұнын қара сөзге айналдырып жазу,
- тыңнан сюжет ойлап шығару.
Бұл алғышарттар баланың шығармашылық қабілеттерінің дами түсуіне үлкен септігін тигізеді.
Оқушылардың жазба тілін дамытуға шығармашылық жазба жұмыстарының тигізер пайдасының зор деп бағалаған ғалым А. Көшімбаевтың айтуынша, оқушылар шығарма жазуда мәтіндегі оқиғаға байланысты көзқарасы, дәлелі болуын, мәтінге жоспар кұра білуін, ол үшін тақырыпты, мәтін мазмұнын оқушы толық меңгеруі керек деген пікірі де ғалым Ә.Қоңыратбаевтың пікірімен ұштасып жатыр.
Сонымен қатар, А. Көшімбаев оқушыны өз бетімен іздене алуға, кітаппен жұмыс істей білуге, өмірден түйген, көрген-білген нәрселеріне тиісті ойын білдіре алуға, өзіндік пікір айтуға, өзіндік ой қорытуға үйрету екенін айта келіп, «тиісті мағлұматты оқушы үндемей отырып ойлап, іштей қайталап, кейін өзінше мазмұндап шығу; өмірмен байланысты жазу, оқушының мектептегі, жиналыстағы сөзі, баяндау хаты, ic қағаздарын жазу, экскурсия, саяхат есебі; кітапқа аннотация жазу», - дейді [9., 207]. Е. Дайрабаев шығарма жазуды арнайы зерттеуші ретінде «шығарма оқушылардың шығармашылық ici, төл еңбегі екенін басты назарда ұстап, жазба жұмысының белгілі бip тақырып бойынша ауызша не жазбаша құрастырылған өзіндік топшылау мен пікіp» екендігін атап көрсетеді [10., 73]. Сараптай келе, Ә.Қоңыратбаевтың айтқан пікірлері жоғарыда айтылған ғалымдар ойларымен сабақтасып, бір-бірін толықтырып отырады.
Осылайша Ә. Қоңыратбаев әдебиетті оқыту әдістемесінің негізін салған ғалымдардың ретінде саналы ғұмырының соңғы жылдарына дейін оқытудың теориялық және тәжірибелік мәселелеріне арнап мақалалар жариялап, мұғалімдерге ғылыми-әдіскерлік жәрдем бере отырып, оқыту сапасын арттыруға зор ықпалын тигізді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет