Кілт сөздер:оқытудың түсіндірмелі оқу əдісі, баяндау əдісі, əңгіме əдісі, эксперимент əдісі, көрнекілік əдісі, оқыту тәсілі, түсіндіру тәсілі, жаттықтыру тәсілі, үйрету тәсілі, көркем мәтін, әдебиеттану ғылымы, көркем сөз, сөйлеу тілі, жазба тілі, шығармашылықты дамыту, тіл мәдениеті, сөз өнері. Кіріспе. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі ғылымына уақыт талабынан туындаған 1962 жылы жарық көрген Ә. Қоңыратбаевтың «Әдебиетті оқыту методикасы» оқулығы үлкен серпіліс әкелген алғашқы әдістемелік оқулықтардың бірі еді. Әдіскер-ғалым Ә. Қоңыратбаев бұл еңбегінде әдебиет пен оны оқыту әдістемесінің сол кездерде үш түрлі кезеңі (бастауыш оқу, әдебиеттік оқу жүйесі, әдебиеттің тарихи курсы) болғандығын және бұл саланың енді ғана дамып келе жатқандығын айтқан [2, 111].
Атап айтқанда, әдебиет әдістемесі – өз алдына дербес, педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән ретінде қамтитын объектісі, қарастыратын мәселелері мектепте әдебиетті оқыту сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың өзара қарым-қатынасы болып табылады да, педагогика ғылымы теориясының жалпы қағида ережелеріне сүйенеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз. Үкімет аталған мәселені ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеру және оларды тәжірибеде қолдану тұрғысынан қарастырғаны жөн», - деген болатын [1]. Осыған орай, әдістеме тарихындағы қолданылып келген дәстүрлі әдістерді сараптап, оларды бүгінгі күнгі білім беруде, жаңаша оқыту әдістерімен бірге тиімді қолдана білу арқылы бүгінгі қоғамның жаңа адамын қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі болып қала беретіні анық. Аталған маңызды міндеттерді шешуде Ә. Қоңыратбаевтың қазақ әдебиетін оқыту саласындағы ізденістері мен зерттеулері бүгінгі таңда әдебиетті оқытуды әдебиеттану жетістіктеріне сүйене жүргізуге жетелейді.