3. Сұйық дәрілік түрлер
Сұйық дәрілік түрлерге: ерітінділер, шырыштар, эмульсиялар, суспензиялар, тұнба мен қайнатпалар, тұндырмалар, сығындылар, микстуралар және линименттер жатады.
Ерітінділер – Solutiones
(Ерітінді – Nom.sing. Solutio, Gen.sing.Solutionis)
Ерітінді деп қатты дәрілік затты еріту немесе сұйық дәрілік затты еріткішпен араластыру жолымен алынатын сұйық дәрілік түрді айтамыз. Ерітінді дәрілік зат пен еріткіштен тұрады. Еріткіш ретінде жиі тазартылған су (Aqua purificata), кейде 70%, 90%, 95% этил спирті (Spiritus aethylicus 70%, 90%, 95%), глицерин (Glycerinum) мен сұйық майлар: вазелин, зәйтүн, шабдалы (Oleum Vaselini, Oleum Olivarum, Oleum Persicorum) майлары пайдаланылады. Осыған сәйкес сулы, спиртті, глицеринді және майлы ерітінділер болып ажыратылады. Нағыз ерітінділер әр уақытта майда бөлшектер мен тұнбалардан тазартылған, мөлдір болуы тиіс. Ерітінділер сыртқы тәнге және ішу үшін, сонымен қатар егу (инъекцияға) үшін де қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |