Қойдың шикі құйрығымен емдеу – жараның аузы тез ашылу үшін. “Біреулердің ақылымен, оның жарасына қойдың шикі құйрығы тартылды”. Немесе: “Өнез жақ. Біраз жараны сода қоймайды. – Шикі құйрық тартсам деп едім” (Домбаев, 56).
Желұшық емі. Бұл емді де ғалым Шоқан Уәлиханов жазып кеткен. Сырқат адамды емдеу үшін мал денесінің жеті жерінен үзіп, ет кесіп алады да, оны жанып тұрған отқа тастайды. Сонан соң науқастың ауырған жерін әлгі отқа қыздырады немесе темір ожауды отқа қып-қызыл қып қыздырып, оған бір үзім ет пен көк шүберек салып жібереді. Олардың түтіні бұрқырап жана бастағанда, суық су құйылады, будан шыққан иісі бумен науқастың бетін шарпытады.
Адам аурудан сақтанудың, олардан емделудің жолдарын әлем туралы өздерінің түсініктемелерімен ұштастырған. Науқас адам үмітсіз әрі дәрменсіз жата бермей, сондай ем-домдарды қабылдап, өз көңіліне үміт нышанын ұялатқан. Ал, сенім мен үміттің ауру адамға тигізетін әсері зор екенін осы күнгі ғылыми медицина да теріске шығармайды.
Арбау сөздерімен емдеу. Бұған тісі ауырған адамды арбап-емдеуді айтуға болады. Емші төмендегідей арбау сөздерін айтады.
Тұйғын, тұйғын, күйт, күйт,
Аласұр, аласұр, күйт, күйт,
Сұңқар, сұңқар, күйт, күйт,
Лашын, лашын, күйт, күйт,
Жетер, жетер, күйт, күйт,
Басар, басар, күйт, күйт,
Алақұс, алақұс, күйт, күйт,
Ауыздағы отыз тіс,
Бірің қалмай шығып түс.
Мұның бәрін халық медицинасына жатқызып отырмыз. Өйткені ондағы іс-әрекеттер мен ұғым-түсініктердің бәрі адамды аурудан сауықтыруға, аурудың шығу себебін анықтауға және оны емдеуге арналған.
Ақ жол емі. Бұл жаралы адамнан гөрі, төре тұқымынан шыққан қатындарға үлкен сын. Ырым бойынша, күйеуінің «көзіне шөп салмаған» әйел оқ тиген жаралы адамның үстінен аттап өтсе, ауру жазылады. Егер аттаған әйел кінәлі болса ауру табан астында өледі. Жазушы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында осы ырым туралы жазылған.
«Жанайдар артық туды жатырынан,
Оқ тиді Жанайдардың балтырынан.
Аттайтын бір де қатын табылмады,
Төрелер түңіліп тұр қатынынан!»
Деген өлең елге ауыздан-ауызға тарап кетіпті. «Ақ жол» ырымы емнен гөрі әйелдің пәктігін сынауға арналған болуы керек.
Ауруға ақсарбас арнап шалу. Бақсылық құрған адамдарды әулие санап, оның моласына бала көтермеген әйелдер немесе ауру адамдар түнеп, қой сойып, ақсарбас айтып, ақ шүберек байлап, ақша тастайтын болған. Түнде сол жерде түнегенде өлген адамның басына шырақ жағып, күзетіп отырған.
Бүркіт киесімен емдеу. Бүркіт жүрген үйге пәле-жала жуымайды. Үйіне бүркіт саңғымаған «киесі жоқ, пәле үйірсек» дегенді білдіреді. Шошитын, екіқабат адам болса, үйге бүркітті әкеп байлайды. Сонда жын-пәле жоламайды деп сенген.
Жараны емдеу. Жараны терінің бетінде көрінуіне қарай ашық жара және бітеу жара деп бөлген. Үшкір заттар түсірген жара аузы бітеліп, уыты жайылудан болса, «бітеу жара» деп атайды. Бітеу жараны дер кезінде пісіп жарып, ішіндегі қанды ірің соқтаны шығарып, ірің кеулеген қуысты жуып-шайып тазалайды. Ішіндегі іріңді тазалау үшін оның бетіне құрбақа, жылан, кесіртке сияқты жәндіктерді жараға тірідей тартып қояды.
Жылымен емдеу. Жылымен емдеудің қазанға қуырылған ыстық құм, күл, жылы шай, ыстықтай қолданылатын дәрілік май , қайнатпалар, т.б. түрлері бар. Көбіне терлету, бұлаулау жолымен жүріледі.
Қойдың өкпесімен қағу – ата-бабамыз қойдың өкпесінде емдік қасиет бар деп санаған. Сондықтан емге қолданған. “... Абай осыдан бірталай ұзақ ауырды. Жалғыз-ақ, алғаш жығылған күннің ертеңінде, әжесінің бұйрығы бойынша, бір қартаң қатын, күн батарда Абайды далаға алып шығып, жаңа сойылған қойдың өкпесімен қақты”. – Кет, бәлекет, кет. Көш, баламнан, көш – деп батып бара жатқан қып-қызыл күнге қаратып қойып бірдеме ем істеген болды. Ұшықтағаны еді” (Әуезов, Абай жолы, 50).
Табақ төңкеру. Халық емшілігіндегі аяғы ауыр әйелге жасалатын ем-домның бірі. Әйелді үлкен үйге кіргізіп, артына табақ лақтырып «тар құрсағың табақша кеңісін», онан қарнына қойып бұрап «оң ба, теріс пе?» деп айналдырып, теріс келген баланы түзейді.
Үрлеу. Көзіне ақ түскенде дауалайды. Ол үшін көзінде қалы бар адам қолына жеті түйір арпа немесе қызыл бидай дәнін алып, ауру көзге жақындатып, дұға айтып, үш мәрте үрлейді, арпаны суға салып қояды. Жеті күн бойы қайталайды. Арпаны суға салып қалдырған кезде үстіңгі бөлігі, яғни көздің ағын алған бөлігі суға батпай қалады, көлемі ұлғаяды. Осыған сәйкес көздің ағы кішірейе береді.
Ыстықпен емдеу. Бұл емдеуде терлету іске асырылады.
Суыну әдісі – ауру адам жұмыс істеп, яки жол жүріп шаршап келеді де, келген бетте нәр татпай жатып қалады. Қимылсыз тынығу ең кемі екі сағат болуы керек. Бұл суыну қанды тазартады, қан айналымын жақсартады.
Қарақұйрықтың қанымен емдеу. “Тілеу төрт аяғын тас қып буған қарақұйрықты тас төбесіне көтеріп апарып, кеңірдектен орып жіберді. Сау ете қалған бауыздау қан жас баланың тәніне тигенде күйген бауырдай дірдектеп ұйып түсті. Сосын жел кірмейтіндей қып қымтап орап, төр алдына жатқызды. Сол-ақ екен, ерні кезеріп жатқан кішкене сәби бұршақ-бұршақ терлесін-ай кеп. Қозының қаны жас балаға ауырлау еді. Қарақұйрықтың жылы қаны тұла бойындағы қызғанды қазір-ақ сорып алады”(Кекілбаев, Бір шоқ жиде, 140).
Достарыңызбен бөлісу: |