Бұлақ. Қабынып ауырған құлақтың ішінен шығып ағатын ірің, қанды ірің.
Былшық. Қабынып ауырған көзден немесе қартайған адамдардың көздерінен бөлініп шығатын ірің тәрізді қоймалжың не сарғыш сұйық зат. Ол, әдетте, көздің алдына жиналып, көз аумағын, оның жиегін былшықтандырып тұрады. Былшық байлау. Көздің алдын былшық басу. Былшығын алам деп көзін шығарып алыпты. Біреуге болар-болмас жақсылық істеймін деп, оған орасан зор зиян істеп алу; жақсы ниетпен істелген істің кейде жамандыққа айналып кетуі де мүмкін. Қылшығын шығарамыз деп, былшығын шығарып алу. Бір нәрсені жөндеймін деп, бұзып алу; көзге түсіп кеткен шөп-шалам, қыл-қыбырды алып тастаймын деп, көзін уқалап, ауыртып алу; «Ішің ауырса, аущыңды тый, көзің ауырса, қолыңды тый» деген мақал осы нақылдың дұрыстығын айқындай түседі.
Дәрет. 1. Мұсылмандар салты бойынша, Алла тағалаға мінәжат етуден бұрын таза сумен қол-аяғын жуып, тазару. 2. Адамдардың табиғи қажеттілігін орындауы. Дәрет алу. Шариғат заңы бойынша, намаз оқудан, жаназаға тұрудан бұрын таза сумен жуынып, тазару дәстүрі. Дәретке отыру. Дәреттің екі түрі бар: үлкен дәрет, кіші дәрет. Мұсылман адам екеуін де отырып өтейді. Сондықтан болар оны «дәретке отыру» немесе «түзге отыру» деп атайды. Дәреті көпіру. Кіші дәретті өтегенде зәрдің қатты атқылап, көпіріп, көбіктеніп шығуы; бұл жастарда ғана емес, кейде жасы келген қарт адамдарда да болатыны байқалады. Осыны байқап қалған қарт төңірегіндегі зейінді жандар ертеректе ұятқа санамай, оған жас әйел әперіп, күтіп, одан ұрпақ көрген жағдайлар да аз болмаған. Дәрет сындыру. Кіші дәретке отыру. Дәретсіз кәпір. Дәрет алмаған адам. Дәреті бар/ жоқ. Дәрет алған (алмаған). Дәреті қаза болу. Дәрет алатын уақытын өткізіп алу. Түзге шығу. Дәретке отыру үшін далаға шығу. Үлкен дәрет. Тышу деген сөздің эвфемистік баламасы. Кіші дәрет. Сию деген сөздің эвфемистік баламасы.
Етеккір. Кәмелетке толған жас қыздардан тартып, әйелдердің белгілі бір жасқа дейін қан ауысып жаңғырып тұру физиологиялық процеске байланысты жыныс мүшесі арқылы ай сайын бөлініп шығатын сұйық зат. Айлық, қонақ.
Жара. Әртүрлі сыртқы әсерлермен және ішкі кінәраттарға байланысты адам денесіне қабынып, ісініп, дүмпиім, жарылып шығатын жарақаттың түрлері: сыздауық, бітеу жара, шешек, қорасан, бөртпе, теміреткі, шиқан, т.б.
Бітеу жара. 1. Аузы ашылмаған жара; 2. Іштегі қайғы-шер. Ескі жара. Баяғыдан бар жара. Жанды жара. Өте қауіпті, қатерлі жара. Жан жарасы. Қайғы, мұң; жанға бататын азап. Жара басу. Үстіне жара қаптап кету. Жаралану. Бір нәрсеге соқтығып, жарақат алу. Жара салу. Көңіліне келер ауыр сөз айту, жанын жаралау. Жарасы асқыну. Жарасы ұлғайып кету. Жара шығу. Денесіне жара пайда болу, жара басу. Жел жара. Суық тигеннен шыққан жара. Жеңіл жара. Онша қауіпті емес жара.
Жел. Адамның ішінен шығатын, тамақ қорытуына байланысты пайда болатын газ. Анайылау естілетін «осырық» сөзінің сыпайылау саналатын эвфемистік баламасы. Жел шығару. Осыру.
Жидіту. Жел шығару, мүңкіту.
Жүн. Адам баласының денесіне, түгел болмаса да оның әр жерлеріне өсіп шығатын, өніп, ұзарып отыратын түктердің жалпы атауы. Барақ жүн. Өсіп ұзарып, салаланып, салбырап тұратын жүн. Барақ жүнді батырды екі қатынның бірі туады, Ел билейтін дана биді мыңның бірі туады. «Батыр – анадан, тұлпар - биден» дегендей, ел қорғайтын айбынды батырды кез келген ана таба бергенімен, «ел бастайтын көсем, сөз бастайтын шешен» кез келген анадан туа бермейді; мұндай ақыл-парасатты адамдар тектілікке байланысты демекші. Жақ жүні. Адамның екі жақ бетіне шығатын, бірақ жай уақытта көзге көріне бермейтін өте майда, ұлпа жүн, боздақ. Олардың, әдетте, адам суықтан қатты тоңғанда үрпиіп, көтерілетіні бар. Жүні жығылу. Бір нәрседен беті қайтып жуасып қалу, сағы сыну. Кеуде жүні. Адамның кеудесіне, төсіне шығатын жүн. Қалың жүн. Қалың болып өскен жүн.
Достарыңызбен бөлісу: |