Қара су. Белгілі себептерге байланысты адамның аузынан ағатын сілекей тәрізді, түссіз сұйықтық.
Қас. Адамның екі көзі үстіндегі маңдайдың астыңғы жағындағы қабақтың үстін ала шығатын екі топ түк.
Қонақ. «етеккір» сөзінің эвфемистік баламасы; ай сайын бір келетін, «қонақ» сияқты бірер күн болып, өзін күтуді қажет ететін физиологиялық процеске байланысты «әйелдер тілінде» осылай аталған.
Құлық. Адам құлағының ішінен бөлініп шығып, шыға берісінде қатып қалып, біраз жайсыздық тудыратын қоймалжың сарғыш түсті табиғи зат.
Құмалақ. Адам денесін, әсіресе жас нәресте кезінде нәжіс ретінде мал құмалағы сияқты қатты да домалақ болып, артқы жыныс мүшесі арқылы жеген, ішкен тамақтың қалдығы ретінде сыртқа шығатын табиғи зат.
Құсық. Асқазандағы т.б. ағзалардағы кінәратқа байланысты адамның ішкен тамақ, ас-суының бойға сіңбей ауыз жолы арқылы лоқсып, қайтып, иісі жағымсыз, қоймалжың сұйық зат. Запыран құсу. Запыран – асқазанға жиналып қалған, сарғыш түсті, ащы сұйық зат. Білетіндердің айтуынша, өт жолы дұрыс жұмыс істемегендіктен өттің көп мөлшерде асқазанға өтіп кетіп, адамның жүрегін бей-жай қылады, басын ауыртады. Құсып тастасаң ғана ол аурудан айығасың. Құсығын жалау. Біреудің қалған-құтқанын жеп, соған қызмет қылып, отынымен кіріп, күлімен шығып, өйтіп-бүйтіп жансақтау, күн көру.
Маңқа. Мұрыннан бөлініп шығып тұратын сарғылт түсті қоймалжың зат. Маңқа көбінесе «мұрынбоқ» деп те аталады.
Мәйек. Адамда да, жан-жануарларда да болатын ас қорытуға қажет бүйендегі қоймалжың фермент. Әдетте, қымыздың, айранның қоры үзілгенде ертедегі көшпелі қауым жас қозыны сойып жіберіп, бүйеніндегі мәйегін саумалға қосып ашытқан.
Мәкүрік. Ауызға келіп, ішке қарай қайта жұтса арам болатын түкірік. Ауызға келген түкірік, қайта жұтса – мәкүрік (Мақал).
Мең. Кейде қал мен меңнің айырмашылығы бар деп қарау да бар. Қал денеде қара, қоңыр түсті дақ қана емес, бұршақтай болып, томпайып тері бетіне шығып тұратын дақ та, ал мең болса, ондай шығып тұрмайтын тегіс дақ деп қарайды.
Нәжіс. Адам, сондай-ақ мал т.б. хайуанаттардың денесінен бөлініп шығатын ас қалдықтары, боғы, тезегі; әдетте, «нәжіс» «боқ» сөзінің эвфемистік баламасы түрінде көбірек қолданылады.
Несеп. «Сідік» сөзінің эвфемистік баламасы ретінде қолданылып жүрген сөз.
Ноғала. Әртүрлі себептерге, көздің қабынуына, зақымдануына байланысты адамның екі, не бір көзінің қарашығын қаптап алатын ақ шабыр майлы қабықша, ноғала «шел», «ақ шел» деп те аталады. Ноғаланы емдеудің медициналық өркениетті жолдарынан басқа неше түрлі халықтық емдері де баршылық. Мәселен, халық емшілері ноғаланы көзге қанатты, не қарағай көмірін ұнтақтап салу тәсілін қолданады.
Сарысу. Суықтан, қабынудан, басқа да кінәратқа байланысты дене мүшелерінің буын-буынында дерт болып байланатын түсі сарғылт сұйықтық.
Секпіл. Адамның бетіне шашырап түсетін теңбіл-теңбіл қоңыр түсті ұсақ дақ. Жұқа секпіл. әр жерде біреуі бар, сирек секпіл. Қалың секпіл. Көп әрі жиі секпіл. Секпіл бет. Секпілі бар бет.
Соқта. Сыздауық, шиқан сияқты үлкен де бітеу жаралардың ісіп-қабынып, сыздап, көп уақытқа дейін жазылмай, асқынып кету себебі іріңмен қоршаған соқтаның жара беті жарылып, көпке дейін сыртқа шыға алмауына байланысты. Демек, соқта – сыздауық, шиқан т.б. соқталы жаралардың ортасындағы түйін тәрізді өзегі, өлі еті, жараның «тамыры» болып саналады. Мысалы: Сыздауықтың соқтасын сығып алды (Бердіқұлов). Соқта қан соқта, қызыл соқта, көк соқта, соқталы дау түрінде ауыспалы мағыналарда да қолданылады.
Сүйел. Адам терісіне, әсіресе қимыл-әрекет мүшелеріне, сондай-ақ бет-аузына жұғымтал инфекция ретінде қажалудан, ойылудан, күтпеуден пайда болатын ,өлі еттенген, түсі әртүрлі мүйізгек. Көзге шыққан сүйелдей. Елден ерекше көзге түсіп, жеккөрінішті болу. Сүйек сүйел. Адамның сүйегін жарып, шеміршектеніп өсіп шығатын сүйек тәрізді қатты сүйел, мүйізгек. Сүйел шықпап па еді біздің мына қол мен аяққа. Көрмеп пе едік біз де бұл дүниенің бар бейнетін. Сүйелді емдеу. Баланың қолына қаптап кеткен сүйелін көшіру үшін ертеректе қазақтар оған жаңа туған айды көрсетіп тұрып, «Ассалаумағалейкүм, Ай! Менің қолымдағы сүйелді ал да, қолымды өзіме қайтарып бер!» деп үш рет айтқызып, қолында қанша сүйел болса, сонша рет көк жіпті түйгізіп, жерге көмдіріп тастатқан. Көмілген жіп шіріген күні қолдың сүйелдері де ұшып кетеді деп сенген.
Сүт. Ананың төсінен дүниеге нәресте келгенде шығатын, оның алғашқы сәтте бірден-бір қорегі болып саналатын ақ түсті, аса маңызды сұйық зат. Ақ сүтімнің айы ұрсын! Ананың қарғысы. Ананың адал сүтін емген. Ананың сүтін еміп, адал перзенті бола білген. Ананың ақ сүті. Ананың ақ сүтіне тек анасының баласын емізгені ғана емес, түн ұйқысын төрт бөліп, оны бағып-қаққаны, киіндіріп, жуындырып мәпелегені, т.б. жатады. Ананың ақ сүтін ақтау. Үлкендердің айтуына қарағанда, «анаңды Меккеге үш рет жаяу көтеріп апарсаң да, оның ақ сүтін ақтай алмайсың» деген әңгіме бар. Ананың ақ сүтін кешу. Ананың ақ сүтін ақтамады деген мағынада. Ананың ақ сүтін көкке сауу. Баласына қатты қапа болу, ренжу. Ана сүті аузынан кеппеген. Бойы өсіп, бұғанасы қатпаған, әлі жас, енді ғана ананың құшағынан шығып, жүре бастаған жас бала. Ананың сүті. Ананың сүті қоректік қасиеті зор, құнарлы да нәрлі келеді, сонымен бірге ол дәрі де. Ананың сүті – бал, Баланың тілі – бал. Жас бала үшін ананың сүтінен артық тағам жоқ. Оның қуаты барлық басқа тағамдардың қуатымен барабар. Бойына ана сүтімен сіңген. Адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер ананың тәрбиесімен сіңеді. Сүтақы. Күйеу жігіт тарапынан қыз шешесіне берілетін қымбат сыйлық. Сүт кенже. Анасының сүтін емген ең соңғы баласы, кенжесі.
Сідік. Эвфемистік баламалары – несеп, зәр. Адам денесінен бөлініп, бүйрек, несеп жолы , қуық, жыныс мүшесінің үрпісі арқылы сыртқа шығатын сары түсті сұйық зат. Халық емшілері адамның өз сідігін өзіне немесе ұлының сідігін ішкізу арқылы мынадай ауруларды емдейтіні белгілі: 1. Бүйрек пен зәр жолын, қуықты құм басып, тас байлана бастағанда, қоқыс-шлактардан тазарту үшін; 2. арқасы қышитын адамдарға үйкеп жағу үшін; 3. көзі іріңдеп ауырған адамдардың көзіне сүрту үшін пайдаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |