Запыран. Асқазанның кінәратына байланысты онда пайда болатын және жүректі айнытып, лоқсып құсу арқылы сыртқа шығатын сарғыш түсті, ащы сұйық зат. Асқазанға запыран байлану. Запыран пайда болу. Жүрегінде запыран болып қалып қойды. Құсық болып асқазанда қалып қойған запырандай, жүректе мұң-шер, ащы қайғы-қасірет болып, жүрегінде қалып қою. Запыран тастау. Асқазанға пайда болған запыранның құсу арқылы сыртқа шығуы. Зар илеп, запыран құсу. Қайғы-қасірет шегіп, қатты ауыру.
Зәр. 1. О баста зәр – у, улы зат. 2. Адамның бойынан бөлініп, жыныс мүшелері арқылы сыртқа шығатын сарғыш түсті, өзіндік иісі бар сұйық зат. 3. Зәр – о бастағы (парсы тілінен енген) зәр < зәһәр («у» мағынасындағы) сөзінен туындап, тіліміздегі «сідік», «несеп» сөздерінің эвфемистік баламасы ретінде қалыптасқан сөз. Зәр шашу. Ашуланып, ауыр сөздер айту; қарғыс айту. Зәрі бетіне шығу. Кейбір ашуланшақ, әсіресе әйел адамдардың ренжігенде, ашуланғанда беті қызарып, қанталап кетуі. Ой, зәріңді ішкір! «Өз зәріңді өзің ішіп, уланып өлгір!» деген мағынада айтылатын қарғыс. Ой, зәрің зәр түбіне кеткір! «Зәрің ішіңнен шықпай, өзі шығатын өт жолында, қуығыңда қалсын!» деген жаман қарғыс.
Кебек. Ұзақ уақыт шаш жумаудан, кір басудан, сондай-ақ ас алмасуына байланысты адамның шашында болатын қайызғақтың ұсақ, майда түрі.
Көздің майы. Қазақ түсінігінде адамның көзін майлап тұратын ішкі майы бар, ол күтіп, үнемдеп ұстамаса, таусылады, азаяды деп санау бар. Соған қарағанда «көздің майы» деп отырғанымыз көз шарасындағы домалақ шар мен оның бетіндегі жанарын ылғи жуып-шайып, тазартып, ұстау үшін көз бездерінен тұрақты бөлініп тұратын жас түріндегі сұйықтық болса керек.
Күс. Адам денесіне, әсіресе аяқ-қол, шынтақ, шынашақ, алақан, табан сияқты сыртқы заттармен көбірек түйісетін, үйкелетін дене мүшелерінің терісіне сіңісе өсетін кір қабықтары.
Кіндік. Құрсақтағы нәрестенің ана денесінен қоректенетін кіндігі арқылы жалғасқан жіңішке ішек тәрізді түтікшені де қазақтар «кіндік» деп атайды. Оны нәресте дүниеге келген сәтінде-ақ кесіп алып, кіндіктің орнын жіппен түйіп байлап тастайды. Демек, жас баланың кіндігі де ана мен бала денесінен бөлініп алынып, бала туған жердің топырағына көміледі, оны кескенде қан таматыны белгілі. «Кіндік қаным тамған жер» деп, әр перзенттің туған жерін құрметтейтіні де содан болса керек.
Баласы тұрмай жүргенде дүниеге келген келесі бір нәрестенің кіндігін кесуде қазақтар ертеде әртүрлі ырым-кәделер жасаған. Соның бірі – кіндікті балтамен, шотпен, шалғымен, орақпен, т.б. құрал-жарақтармен кесу дәстүрі болған. Кіндік қаны тамған жер. Туған жер, өскен жер. Кіндік ана. Кіндігін кескен әйел. Кіндік әке. Кіндігін кескен ер адам. Кіндік кесу. Жаңа туған баланың кіндігін түбінен кесіп алып, бала денесінен бөлу. Кіндік кесіп, кір жуған жер. Туған жер, тіршілік еткен жер. Кіндік кесер – нәрестенің кіндігін кескенде берілетін кәде.
Кірпік. Адамның екі көзінің астыңғы және үстіңгі жиектеріне қаз-қатар болып өсіп шығатын, ұзындығы кейде бір еліге дейін жететін қыл тізбектері. Кірпік көзді ашып-жұмып отыруға байланысты ылғи ашылып, жабылып отыратын, сол арқылы олар көзді сыртқы заттардың әсерінен, шаң-тозаң, ащы иіс-қоқыстан, жарық сәуледен сақтайтын қызмет атқарады. Алтын кірпік. Аса көркем, сәнді кірпік. Боз кірпік. Қартайған адамның, әдетте, сақал-мұрты ғана емес, сонымен қатар қасын да қырау шалып, түсі ағарып, бозарып кетуіне байланысты кірпік те бозарып көрінеді. «Боз кірпік» қарт адам деген мағына береді. Кірпігі айқаспау. Көз ілмеу, ұйықтамау. Кірпігі кіжің тарту. Адамның қиналудан, зорығудан кіртиіп кетуі. Кірпігін әрең қимылдату. Ауырып жатқан адам халінің нашар екендігін көрсетеді. Кірпігін бағу. Ауырып жатқан адамның халін бақылау. Кірпігіне мұз қату. Суықта, қарлы боранда мал бағып, аң аулап немесе жоқ іздеп жүрген адамның қас-қабағына, кірпігіне, сақал-мұртына қырау тұрып, мұз қатып қалады. Тіркес адамның сол бейнесін сипаттап тұр. Кірпігіне тіреу. Кірпік жұмып, түнімен-күнімен ұйықтамау; көзін жұмбай таң атқызу. Кірпігін кірбің шалу. Көңіліне қаяу түсу, бір нәрсеге мұңаю, қайғыру. Кірпігін қадау. Қадала қарау, тесілу. Кірпігін қырау шалу. Кірпігіне қырау тұрып қалу. Кірпік астынан қарау. Сүзіліп қарау, ұрланып қарау. Кірпік қаққанша. Тез, жылдам, лезде. Кірпік санау. Ертеден келе жатқан наным-сенім бойынша адамдардың жаңа туған айға ұзақ қарауына болмайды. Себебі айда отырған кемпір бар, ол жердегі өзіне ұзақ қараған адамдардың кірпігін санап үлгерсе, ол адам кемпірдің сиқырынан өлуге тиіс. Кірпік ілмей шығу. Көз ілмеу, ұйықтамау.
Достарыңызбен бөлісу: |