1.2.1. Халықтық дәрі-дәрмектер және оларды қолдану жолдары
Тұрмыс-тіршілігін табиғатпен қоян-қолтық бірлікте өткерген халқымыз
өміріне, күнделікті тұрмысына қажетті дүниені табиғаттан алған. Қазақ емшілерінің ауру-сырқаулар мен ұзақ жылдар күресу барысында қолданып келе жатқан алуан түрлі дәрі-дәрмектерінің қайнар көзі – ұлы табиғат және табиғат дүниесіндегі хайуанаттар мен жәндіктер. Бұлар үш топқа бөлінеді:
Өсімдіктер; 2. Хайуанаттар мен жәндіктер; 3. Минералды заттар;
Сөйтіп табиғаттың тылсым сырларын игеріп, оны адам қажетіне жарата білген халық емінің қасиетін ерекше айтуға болады. Қазақ емшілері табиғи дәрілердің қасиетін білуімен бірге, оларды ем-домға пайдаланудың әдіс-тәсілдерін де жетік меңгерген. Өсімдік атауларын тілдік тұрғыда қарастырған ғалым Б.Қалиев өзінің «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» [14] атты еңбегінде бірнеше өсімдік атауларына түсініктеме беріп кеткен. Біз де осы ғалымның пікірлеріне сүйене отырып, өсімдік атауларын қарастырамыз.
Мысалы, таулы аймақтарда, жайлауда өсетін мамыр шөбі балалар аурулары: қызылша, іш ауырғанда қолданылса керек. Бұл шөптердің кереметтігін айқындай түсетін мақал да қалыптасқан: Мамыры болса, балайм ульбейт эля [15;34], яғни «мамыры болса, баласы өлмес еді», бұл мақалға мағынасы жуық «айналайын, жалбызым, қасиетіңді білгенде, өлмес еді жалғызым» тіркесін де айта кетсе орынды болар.
Мамыр ауызекі тілде, халық арасында қолданылатын сөз, оның әдеби және ғылыми тілдегі атауы ащы жусан, кермек жусан, ермен. Кермек аталу себебі, оны жеген сиырдың, саулықтың сүтінен ащы кермек дәм шығады. Сондықтан да оны малшы қауым кермек жусан деп атаған. Жалпы мамыр сөзі қырғыз, тува, хақас тілдерінде тыныш, береке мағынасын береді. Ал мамыр айының бұлай аталуы шаруаға жайлы, жағымдылығынан болса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |