2.1. Романдағы революциялық көрініс «Қызыл жебе» романының бірінші кітабында Бронников пен Наташаның көмегі арқылы хат танып, әр нәрсеге зер салып, жіті қарауды үйренген Тұрар, екінші кітапта қоғамдық-әлеуметтік іске бірте-бірте араласа келіп, Әулие-Атада уақытша үкіметті құлатушылардың алдыңғы шебінен көрінген еді.
Тұрар Рысқұлов – марксизм-ленинизм ілімін жан-жақты жете меңгерген, принципшіл коммунист. Ол жігерсіз ұл болып тумады. Ол – рухты ер. Меркеде жұмысшы-шаруалардың революциялық қозғалысының басы-қасында болып, оларға белсене басшылық жасады. Уақытша үкіметті құлатуға бар күш-жігерін тартынбай, бай тәжірбиесін батыл жұмсап бақты. Жазушы Тұрар Рысқұлов бейнесін тек тарихи фактілермен шектеп, соның шырмауында ғана суреттемеген, оның пенделік пішінін, ішкі психологиясын анық та айқын суреттеген.
Роман-эпопеяның бас кейіпкері – ХХ ғасырдың басында Кеңестер Одағы бойынша басшы қызметте болған аса көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ халқының ұлы перзенті Тұрар Рысқұлов. Роман-эпопеяда Тұрар Рысқұловтың бала кезінен өзі өмірін арнаған өкіметтің үкімімен өлім жазасына кесілгенге дейінгі өмірі мен қызметі толық қамтылады.
«Қызыл жебеде» Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметі толық қамтылғанмен, оны өмірбаяндық шығарма деп қабылдауға болмайды. Өйткені роман-эпопеяда тарихи тұлғаның өмірі мен қызметі арқылы халық бейнесі, тұтас бір елдің өмір-тарихы аясында бүкіл бір дәуірдің аса ірі саяси-әлеуметтік шындық оқиғалары көрініс тапқан. Сондықтан «Қызыл жебенің» негізгі қаһарманы – халық. «Қызыл жебеде» суреттелген шындық – халық өмірінің шындығы.
Айтылған пікірлер негізінде шығарманың тақырыбы туралы мынадай анықтама беруге болады: Ш. Мұртазаның «Қызыл жебе» роман-эпопеясының негізгі тақырыбы – ХХ ғасырдың басында қазақ халқының өмірінде болған саяси-әлеуметтік өзгерістер мен төңкерістер. Роман-эпопеяның негізгі идеясы – қазақ халқының саяси-әлеуметтік тәуелсіздігі.
Роман-эпопеяның бірінші кітабы – «Рысқұл». Екінші кітап – «Тұрар». Үшінші кітап – «Жұлдыз көпір». Төртінші кітап – «Қыл көпір». Бесінші кітап – «Тамұқ». Бірінші кітапта («Рысқұл») патшаның отаршыл саясатының қазақ халқының басына түскен азабы мен мехнаты Рысқұл өмірінің шындықтары арқылы суреттеледі. Абақтыда екі тұтқын, екеуінің ортасында бір бала. Екі тұтқынның бірі – Шығыс-Талғар болысының қазағы Рысқұл Жылқыайдаров. Екіншісі – петерборлық Александр Бронников. Бала – Рысқұлдың ұлы Тұрар. Автор Рысқұлдың абақтыға түскенге дейінгі өмірінің шындықтарын үш тұтқынның өзара қатынасы негізінде баяндайды. Үш тұтқынның өзара қатынас құралы – сөз: Рысқұл – айтушы; Тұрар– Рысқұлдың айтқан сөзін орыс тіліне аударушы; Александр Бронников – тыңдаушы. Екінші кітапта («Тұрар») жазушы Тұрардың он бір жастағы мектеп оқушысы болып жүрген кезінен кәмелетке толып, Кеңестер өкіметін орнатушы қайраткер болып жүрген кезіне дейінгі өмірін заманның саяси-әлеуметтік ағымымен тығыз байланыста көрсетеді. Үшінші кітапта («Жұлдыз көпір») Тұрар Рысұловтың қатардағы мемлекет қайраткерінен Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің басшысына дейінгі өмір жолының саяси айтыс пен тартысқа, күреске толы қилы шындықтары суреттеледі. Төртінші кітапта («Қыл көпір») Тұрар Рысқұлов Мәскеуге шықыртылып, Ұлт істері жөніндегі Халық Комиссары (нарком) Сталиннің орынбасары, одан кейін Түркістан Совнаркомының төрағасы, Коминтерннің Монғолиядағы өкілі болды, Мәскеуге қайтып келіп,
РСФСР Совнаркомының төрағасының орынбасары лауазымында қызмет етті, заманының саяси-әлеуметтік қайшылықтарын және сол қайшылықтардың зардабын мемлекеттік, саяси биліктің ең биігінде жүріп бастан өткерді. Бесінші кітапта («Тамұқ») Тұрар Рысқұловтың өмірінің ақырғы кезеңінің шындығы оның заманының, өз қолымен құрған өкіметтің көз көріп, құлақ естімеген сұмдығы мен зұлымдығы шегінде баяндалады.
ХХ ғасыр басындағы қазақ еліндегі саясиәлеуметтік қайшылықтар роман-эпопеяда шынайы әрі көркем бейнеленген. Роман-эпопеяның негізгі тақырыбының аясында суреттелетін мынадай іргелі оқиғалар тобы бар: а) патша өкіметінің қазақ еліндегі отаршыл саясаты; ә) қазақ жерінде кеңес өкіметінің орнауы; б) елді ұжымдастыру; в) ел ішін жайлаған аштық; г) ел басына төнген сталиндік зұлмат. Осы оқиғалар тобы шегінде суреттелген шындық құбылыстардың әрқайсысына автордың берер бағасының тиісті мәні бар: жақсылық немесе жамандық; ізгілік немесе зұлымдық; әділет немесе қиянат. Романэпопеяда суреттелген саяси-әлеуметтік құбылыстардың тобында жеке тұлға немесе тұтас халық үшін тек қана жақсылық, ізгілік, әділеттілік ретінде бағаланған немесе бағалануға лайықты оқиға жоқ. Шығармада көрініс тапқан оқиғалар мен құбылыстарды көркемдік жинақтаудан дүниенің мынадай сыры аңғарылады: а) жақсылық әркез тұрмайды, жамандық әркез тозбайды; ә) ізгілік ұзақ болмайды, зұлымдық қуып қалмайды; б) әділетке адам қара терін немесе қызыл қанын төгіп жетеді, қиянат адамды өзі қуып жетеді. Шығарма мазмұнының тереңі автордың өзі суреттеп отырған өмір құбылыстарының және оларға берер бағасының осындай мәндері негізінде ашылады.
Бес кітап көлемінде суреттелетін өмір шындықтарының өзегінде үзілмей жалғасатын мынадай ойлардың желісі бар: а) қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы тағдыр-талайы туралы; ә) жеке тұлға болмысы туралы; б) қоғамдық сана сипаты туралы; в) мемлекеттік басқару жүйесі туралы. Роман-эпопеяның бес кітабының өзегінде үзілмей жалғасып жатқан осындай ойлар желісінде дараланатын мынадай бірнеше күрделі ұғымдар бар: а) қазақ халқының тарихи өткен дәуірдегі қайғы-қасіретке, азап-мехнатқа толы трагедиялық тағдыры туралы; ә) өмірі зая жеке тұлға туралы; б) қоғамдық сананың езілген, жаншылған қалпы туралы; в) тәуелсіз мемлекеті, тәуелсіз мемлекеттік басқару жүйесі жоқ елдің мүсәпір хәлі туралы. Осы ұғымдар тұтастығы негізінде автор ел-жұрттың бәріне бірдей қымбат ұлттық идеяны мынадай қырларынан көрсетеді: а) халықтың адал еңбегімен еркін, бейбіт өмір сүруіне қажетті жағдай жасау; ә) адам өмірін баянды ету жолында еңбектену; б) қоғамдық сананың жаңаруына, ұдайы жетілуіне жағдай жасау; в) мемлектеттің, мемлекеттік басқару жүйесінің тәуелсіздігіне жету.
Романда жас Тұрар қара суық өңірде тамыр жайып, қанаттанған тау шынарындай шымырлық танытады. Бұл, әсіресе, баланың болыспен алғаш бетпе-бет келіп, арбасып қалатын сәттен, шабарман Таубайдың «Әкең қайда айт?» деп азаптайтын кезден, надзиратель алып соғардай үстіне төніп кеп қалса да қашпай арқасын дуалға берген күйі астындағы жалғыз тал қызғалдақты өз өміріндей қорғаштап, жанталасқан тұстан көрінеді. Бұның бәрі де, сөз жоқ, болашақ ірі қоғам қайраткері – Тұрар Рысқұловтың бойынан көрінер алғашқы қадір-қасиеттер еді. Өзі құралпас жас балалармен ойнап жүрген Тұрар бірде жаяу жарысып озып, мәреге бұрын жеткенде қос қолын көкке көтере сермеп: «Мен Қызыл жебемін!» - деп айғай салған-ды. Жалғыз кінәсі хас жүйріктігі боп, қарау заманның қабан қанжарына шалынып кете барған Қызыл жебе тағдыры көңілін қатты тербеген жазушы әлгіндей ойлы, терең мағыналы сөзді жас өскіннің аузына бекерден-бекер салып отырған жоқ. Осы бір ауыз сөз арқылы автор Тұрар бейнесін көкке көтеріп кеткендей.
«Жұлдыз көпір» – «Қызыл жебе» роман-хамсасының үшінші кітабы. Бұл шығармаға жазушы «Азаптардан – жұлдызға жол» деген латын сөзін эпиграф етіп алыпты. Үңіле қарасақ, осы сөздің өзіне талай нәрсе сыйып кеткендей.
«Жұлдыз көпірде» жазушы Тұрардың жасындай жарқылдаған, жұлдыздай жарқыраған кезі, яғни Түркістан кеңестік автономиялық республикасы басшыларының бірі болған кезін, 1918-1920 жылдардағы Түркістан елінің өмір-тынысын суреттеген.
Шындығын айтқанда, осыған дейін Т. Рысқұловтың революциялық бейнесі әдебиетте көрінген емес. Романда Рысқұловтың азаматтық, қайраткерлік, бет-бейнесін таныта түсетін, жан-жақты ашып, толықтыратын оқиғалар табиғи өрбіп отырады. Сол оқиғалардың ішінен жазушы кейіпкер мінезін дәл танытатын, айқын ашатын тартысты тұстарын талғаммен үйлестіре біледі. Әсіресе, Түркістан республикасының тағдырына, болашағына байланысты ойлары мен сол жолдағы ірі істерге үмтылысы, азаматтық тұрғысының беріктігі оның кесек тұлғасын, табандылығын танытады. Осындай тұстарда қаламгер шабыты да шамырқанып, батылдана түседі. Тұрар әрекеттерін бар шындығымен, бар қайшылығымен барынша табиғи көрсетуге күш салады.
Мәскеуден келген төтенше өкіл Кобозев бейнесінен байыпты, парасатты большевиктің тұлғасын танимыз. Ол келген бойда-ақ Т.Рысқұловты танып, оның мәдениетті де шешен сөйлейтініне сүйсіне таңғалып, қабілет-қарымын байқап, оған қолдау көрсетеді. «Шырайы жеңілтек, яки қатал адамның түрі сияқты емес. Кеңдік, тереңдік, биіктік бар... Ал, осындай азаматы бар ел кадрға, басшы қайраткерлерге жұтаң дейтіндері не? Марксизмнен алшақ, деді-ау Бухарин. Мына Рысқұлов сонда қайдан сауатты?! Ой жүйесі, қазіргі жағдаятты біліп пайымдауы, елдің көңіл-күйін тануы – бәрі көкейге қонымды ғой. Бұларды біз неге менсінбеуге, шетқақпайлатуға тиіспіз?» - деп Тұрармен жақын жүріп, екеуі Кеңес үкіметінің орныға түсуі үшін талай-талай істерді бірге атқарды.
Тарихи шындықты негіз етіп алған романда тарихи белгілі адамдар кездеседі. Қабылбек Сармолдаев, Сағдұлла Тұрсынходжаев, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Ходжанов, Санжар Аспандияров, Абдолла Жармұхамедов, Әбубәкір Диваев, Ғани Мұратбаевтар ара-тұра, Тұрарға қатысты жағдайда көрініс берсе де, олардың әрқайсысының азын-аулақ іс-әрекеті заман тынысын, уақыт рухын танытумен қатар, Рысқұлов бейнесін де жан-жақты шыңдай түседі. Замана ұлыларымен қатар жүрген Тұрар Рысқұлов туралы сыншы Тұрлыбек Мәмесейіт былай деп жазады: «Мәскеуден, орталықтан келген Фрунзе, Элиава, Рудзутак, Куйбышевтардың өзі бір төбе. Міне, кімдермен бірге, кімдермен қатар жүрген Рысқұлов! Нағыз халықтың көсемі десек лайық емес пе! Иә, ғасырдың дүниені дүр сілкіндірген ұлы кезеңі, соған лайық ұлы адамдары ғой бұлар».