Кіріспе Курстық жұмыстың тақырыбы мен өзектілігі



бет1/3
Дата13.12.2022
өлшемі23,4 Kb.
#162441
  1   2   3
Байланысты:
Курсовой әдебиет


Кіріспе
Курстық жұмыстың тақырыбы мен өзектілігі: Шерхан Мұртаза – ұлтымыздың рухани дамуына, әдебиетіміздің өркендеуіне өміршең шығармаларымен үлес қосқан көрнекті халық жазушысы. Оның шығармашылығынан заман үрдісін, уақыт тынысын, халық тағдырын, еліміз бастан кешірген қилы-қилы кезеңдер келбетін, белгілі тарихи тұлғалардың азаматтық бет-бейнесін терең тани түсеміз. Жазушы өзі өмір сүрген кезеңнің, өткен дәуір сипатын айшықты суреттермен көркем бейнелеп отырды. Сол арқылы әр дәуірдің өзіне лайық характерін жасап, кейіпкерлерін сомдады. Өмір өзегінен тамыр тарту, замана келбетін бедерлі бейнелеу жазушы шығармаларының табиғатына кіріккен қасиет болып табылады.
Курстық жұмыстың мақсаты мен міндеті: Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романының көркемдік ерекшелігіне және де мазмұнына тоқталу.
Курстық жұмыстың зерттеу нысаны мен дереккөзі: Зерттеу нысаны ретінде З.Қабдолов, Р.Нұрғали, Х.Әдібаев пен М.Базарбаевтың «Қазақ әдебиеті» кітабын және Шерхан Мұртазаның шығармашылығын қарастырдым.
Курстық жұмыстың жазылу әдісі – жинақтау, жалпылау, талдау, салыстыру, саралау, тұжырымдау.
Курстық жұмыс құрылымы: Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, бірнеше тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады.



    1. «Қызыл жебе» романы

Қаламгердің «Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір», «Тамұқ» роман-хамсасының автор шығармашылығынан алатын орны айрықша. Бұл – ұлттың рухын түлеткен шығарма. «Оян, Тұрар!» деп басталатын «Қызыл жебе» жалынды үнмен «Оян, қоғам!» деп тұрғандай көрінеді. Бұл шығарма – ұзақ жылғы шығармашылық толғаныстан, ұдайы ізденіс, зерттеуден туған табанды еңбектің жемісі.
Тарихи-революциялық тақырып аясында жазылған «Қызыл жебе» роман-эпопеясының бірінші кітабынан соң, араға жылдар салып келесі кітаптары да жарық көрді. «Тамұқ» аталған соңғы кітабы 1994 жылы оқырмандар қолына тиді. «Қызыл жебе» роман-эпопеясы қилы заман тудырған, сол аласапыранда халқым деп қабырғасы қайысқан Тұрар Рысқұловтай ұлы тұлғаның өмір жолын негізге ала отырып, халық басынан кешкен ауыр сәттерді бар шындығымен көрсетуге ұмтылады. Сол себепті, Тұрар Рысқұлов тағдыры – халық тағдыры. Оның өмір жолындағы басынан өткен шындықтар халық тағдырындағы, тарихындағы шындықтарды елестетер еді. Сөйтіп роман-эпопеяның соңғы кітаптары («Қыл көпір», «Тамұқ») бүкілхалықтық трагедияны суреттеп көрсеткен, азалы кезең келбетін көз алдымызға алып келген келісті туындылар болып шыққан.
Бұл роман-эпопея Қазақстанда Кеңес үкіметін орнатуға белсене ат салысқан аса ірі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі мен туған ортасын, революциялық қызметін көрсетуге арналған. Романның алғашқы кітабында жазушы Тұрардың балалық шағы мен оның әкесі Рысқұлдың өміріне тоқталады. Рысқұл өмір сүрген кезең 1905 жылғы орыс революциясының «Қанды жексенбі» оқиғасымен тұстас еді. Бұл оқиғаның әсері ішкі Россиядан тысқары аймаққа да тие бастаған. Романға өзек болған сюжетке келсек, өткен ғасырдың соңында Түлкібас аймағының Ақсу-Жабағылы маңындағы Майлыкент болысында қоныстанған Шымырлардың бір атасы Шілмембеттерден шыққан кедей Сәліктердің бір тобын Рысқұл бастайды. Рысқұл Шығыс Талғар болысына көшіп келіп, онда Дулаттың бір баласы – Жаныстан шыққан Саймасай болысты паналайды. Батыр тұлғалы ер жігіт Рысқұлды түрлі сұмдыққа-ұрлыққа жұмсап, ақыры жаламен айдатып жібереді. Бұл қорлыққа қатты ызаланған Рысқұл түрмеден қашып шығып, Қараш шатқалында Саймасай болысты атып өлтіреді де, кейін жазаланып, Сібірге жер аударылады. Бұл кезде Рысқұлдың баласы Тұрар он жаста болатын.
Үміті, болашағы, тірегі жалғыз баласы Тұрарға басынан кешкен барлық жағдайды айтып, өзінің кім екенін түсіндіріп, санасына құйып кетеді. Байлардың зорлық-зомбылығын, әке жанының қиналысын көріп өскен жас Тұрар әділетсіздікке жаны қас, бірбеткей алғыр боп өседі. Автор негізгі оқиға желісін Тұрардың өскен ортасын, шыққан тегін, жазықсыз айдалып бара жатқан әке кегін суреттеуден бастайды.
Романда Рысқұл, Тұрардан басқа да бірнеше адам бар: Саймасай, Дауылбай, Ахат, Таубай, Сақан, Мақаш, Анарбай, Ізбайшалардың қай-қайсысы да кітаптың әр жерінен бір көрінгенімен, өзара айырмашылықтары, іс-әрекеттері, мақсат-мүдделері бар, дараланған, жанданған бейнелер. Біз мұны жазушы шеберлігі дер едік.
Кітапта ұлттар достығына ерекше көңіл бөлінген. Ғалым Дмитриев, саяси тұтқын Бронников, шаруа Иван және түрме бастығының қызы Наташа бейнелерінен жақсылыққа құштар, әділ, бауырмал жандарды көреміз. Орыс халқы мен қазақ халқының арасындағы достық, ынтымақтастық байланыстың алғашқы нышандары осындай жандардың іс-әрекетімен, қарым-қатынасымен нанымды да шынайы суреттеледі.
Тұрар Рысқұловтың халқына жасаған еңбегі қандай өлшеусіз болса, Шерхан Мұртазаның да оны «тірілтудегі» еңбегі сондай зор. Зерделі жазушының зейінді ізденісіндегі азаматтық пафос пен көркемдік ойының терең бірлігінен өмірге келген «Қызыл жебе» роман-эпопеясы тәуелсіздігіміздің баянды болуына қызмет ететін шығарма.
Жалпы, Шерхан Мұртазаның көркем шығармаларында дәуір тынысын бейнелеуі жазушылық шеберлігіне ғана емес, өмірді қаншалықты терең зерттеп білуіне де тікелей байланысты. Жазушы асқақ рухты көркем шығармаларында суреткерлік шеберлікпен көрсете білді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет