2.2. Романдағы Тұрар бейнесі
Азаматтық идеяларды дәріптеу үшін азаматтық тұрғы мықты болу керек. Осы азаматтық тұрғы, автордың азаматтық көзқарасы романның өнбойынан айқын сезіліп отырады.
Романда Тұрар бейнесі осылай көрініс береді. Бұл – жазушының ыждағатты ізденісі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Халқымыз тағдырындағы осы бір қиын кезеңді жан-жақты суреттеп, сол халқы үшін жанын аямай күрескен Рысқұлов сияқты біртуар азамат тұлғасын қаламгер толыққанды сомдап көрсеткен. Өйткені, Түркістан аталған өлке, солай аталған мемлекет тарихындағы Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы қайшылықтарға толы күрделі оқиғалар нақты құжаттар негізінде бүгінгі заман тұрғысынан бұған дейін әдебиетімізде бар ақиқатымен көрсетіле қоймаған.
Шерхан Мұртаза шығармашылығына тән шымыр сюжет, берік арқау «Жұлдыз көпірден» де айқын байқалады. Автор не нәрсені де ықшам суреттеуге, аз сөзбен көп айтуға бейім. Тілге деген жауаптылығы, тілдің, сөздің ішкі мегзеуіне, астарына үлкен мән беретіндігі анық сезіледі.
Бүкіл тіршілігінде адамгершілік, азаматтық парыз бен асқақ мұраттар жетелеген Тұрар Рысқұловқа мансап креслосы емес, туған халқының өмірлік мүддесі биік. Ол сол үшін небір қиындыққа нартәуекел етеді. «Буыршын мұздан тайған» талай қиын жағдаяттар мен күндерде Тұрар Рысқұловты аман алып шыққан да оның иманы зор, парызы биік, мүддесі асқақ, адал да әділ күрескер тұлғасы еді. Сондықтан болар, суреткер Ш. Мұртаза өзінің бас кейіпкерінің бойындағы әрі азаматтық, әрі қайраткерлік абзал қасиеттерді шанайы бейнелеп бере алған. Міне, өмірде тарих аренасында орын алған шындықтар нәтижесінде ашаршылыққа қарсы коммунистік патриоттық, азаматтық, қайраткерлік күрестің басты мазмұны – романдағы Т.Рысқұловтың өмірлік те, көркемдік те тұлғасын ірілендіріп тұр деп толық айта аламыз.
Ал, тура мағынасында түсініп, қабылдасақ мұның өзі де Т.Рысқұловтың азаматтық, қайраткерлік болмысын неғұрлым өркештендіріп тұр. Тұрар Рысқұловтай күрделі тағдыр бар жерде, тарихи шындықтардың жемісті түрде игерілгеніне «Жұлдыз көпір» романы қай жағынан алсақ та, қарастырсақ та тегеурінді дәлел.
«Жұлдыз көпір» романының оқырманға айтар ойы терең, тілі көркем. Туындыдағы ой тереңдігі дегеніміз Тұрар Рысқұловтың кешегі социалистік қоғам мен революция мұраттарына, туған халқының нұрлы болашағына қызмет етуге негізделген көпарналы, көптартысты, көп мағыналы іс-әрекеттерінің уағынан да, ірісінен де кеңінен аңғарылады. «Қызыл жебе» роман-эпопеясының төртінші кітабы «Қыл көпір» деп аталады. Шығарма ауқымына– Т. Рысқұлов өмірінің ең шешуші тұстары – мемлекеттік қайраткерлік өрлеу кезеңі алынған.
Ұлттардың өзін-өзі басқару, революция жеңістерін орнықтыру, социалистік жолдарын нығайту мен өркендету, ұлттық республикалардың экономикасын арттыру жоспары, қазақ халқының жұт пен аштыққа ұрынған кездегі зобалаңы мен өлшеусіз трагедиясы тәрізді мәселерді шешу барысындағы Т. Рысқұловтың азаматтық-қайраткерлік орасан тұлғасы оның ширыққан-шиеленіскен тағдырының драмалық кезеңдері арқылы кеңінен әрі мейілінше нақты іс-әрекеттер үстінде көрсетіледі. Осы арада атап айту керек, суреткер Шерхан Мұртаза Т. Рысқұловтың халық перзенті ретіндегі қаһарман ерлігінің бүкіл әлеуметтік-тарихи мазмұнын, қыл-көпір температурасын сол шынайы қалпында яғни не асқындырмай, не әлсіретпей мейілінше байыппен бейнелеген.
Мысалы, Сталиннің орынбасары болып жүргенінде Тұрар Рысқұловтың Якут, Дағыстан, Абхаз, Аджар автономиялық республикаларының, сондай-ақ Бурят, Комби, Чечен – Ингуш автономиялық облыстарының құрылуына көп күш-жігер жұмсағаны белгілі. Жазушы осының бәрін тізіп, тәптіштеп жатпайды. Тек Сталин мен Рысқұловтың жүздесуі барысында еске түскен бір деталь арқылы ғана береді. Мысалы: «Асылы, Рысқұловты тек қазақ жанды дейтіндер қателеседі. Иә, Сталиннің әлі есінде: жиырмасыншы жылдардың басы еді. Ұлт мәселелері жөніндегі Комиссариаттың бар кезі. Сталин – Нарком, Рысқұлов – орынбасар. Осы Рысқұлов сонда сонау қиыр терістікте жатқан сахалардың жоғын жоқтап, Сталиннің мазасын қайта-қайта алғаны бар», - деген эпизодтың өзі талай нәрсені аңғартып тұр.
Жазушы Тұрар Рысқұловтың халықаралық деңгейдегі зор тұлға, өрелі қайраткер екендігін романның «Қызыл батыр» тарауында әдемі көрсеткен. Ол – Коминтерннің Монғолиядағы Төтенше өкілі ретінде жас республиканың мемлекеттік құрылымына, соның қалыптасуына үлкен үлес қосқан жан.
Дегенмен, «Қыл көпір» романында ең басты назар Т. Рысқұловтың Сталинге жазған екі хатының әлеуметтік тарихына аударылады. Шерхан Мұртаза осы романда сонымен қатар сталиндік репрессияның түп-тамырына да үңілген.
Тұрар бейнесі. Тұрар әкесінің басынан өткен қиыншылықтардың біразын өз көзімен көріп өсті. Алты жасында әкесімен бірге Алматы абақтысына қамалды. Әкесінің петерборлық орыс Александр Бронниковке өз өмір-тарихын баяндап айтқан әңгімелерін орыс тіліне аударып отырып, өзі де көп сырға қанығады, танымын байытады.
Тұрар бейнесі роман-эпопеяның үшінші кітабынан бастап мемлекеттік биліктің жоғары сатысындағы әлеуметтік, саяси қайшылықтар негізінде туған күрестер алаңында толысып, жетіледі. Мемлекет басындағы Ленин, Сталин секілді тарихи тұлғалармен пікір алмасу, саяси биліктің бар тармағын өз қолында ұстаған жеке тұлға мен мемлекеттік басқару аппараты алдында елдің жайы, ұлттың тағдыр-талайы, Шығыс халықтары туралы пікірлерін, көзқарастарын батыл қорғау Тұрардың мемлекет қайраткері ретінде қалыптасуы мен кемелденуінің биік белесін көрсетеді.
Тұрар өзімен пікірлес және бірге қызмет атарып жүрген адал азаматтардың басына саяси биліктің қатері төніп тұрғанда да оларды қорғаудан тартынбайды.
Мәскеу. Кремльдің үлкен мәжіліс залы. Саяси билік мүшелері түгел осында. Сталин кеңесті ашып, сөз бастап тұр. Тұрар Рысқұлов залға осы кезде кіреді: «Рұқсат па екен? – деді Рысқұлов табалдырықтан аттай беріп... Сталин едәуір үнсіз тұрып қалды. ...әлден кейін барып:
А-а, Түркістанның Шыңғысханы, төрлет! – деді...
Төрге грузиннің князі отырып қалған екен, маған осы бір жер де жетер, – деп, Рысқұлов алға озыңқырап барып, бос орынға жайғасты».
Кеңесте «Сұлтан-Ғалиев ісі» қаралады. Сұлтан-Ғалиев Түркістанның біртұтастығы, Одақ құрамында біртұтас республика болып қалыптасуы туралы идеяны уағыздайды. Түркістанның біртұтастығы туралы идеяның әуелгі қолдаушысы мен қорғаушысы Тұрар Рысұлов еді. Ендігі жерде Сталин осы идеяны жат көріп, оны уағыздаушы Сұлтан-Ғалиевті дұшпан, халық жауы ретінде айыптады. Тұрар Рысқұловты Сұлтан-Ғалиевтің ықпалындағы адам деп бағалады. Сталиннің осы бағыттағы сөздеріне Тұрар Рысқұлов батыл тойтарыс береді: «Сұлтан-Ғалиевтың айтқанына көніп, айдауына жүретін мен оның құлақкесті құлы емеспін. Сұлтан-Ғалиевтың жетегіне жүретін мен оның мұрнын тескен тайлағы емеспін. Сұлтан-Ғалиев мені арам іске айдап, азғырған да жоқ. Сондықтан Сталин қателеседі!»
Адамның мінез-құлқы, адамшылығы оның сөзі мен ісінің әділетке сәйкестігіне байланысты танылады. Тұрар Рысқұлов өз пікірінің, өз көзқарасының жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан да, Түркістан Республикасының мүддесі тұрғысынан да әділетті, игілікті екеніне сенеді. Сол сеніміне берік. Жалпымемлекеттік тұрғыдан да, Түркістан Республикасы халықтарының мүддесі тұрғысынан да әділетті, игілікті идеяға қарсы пікірді қате деп есептейді және өз ойын қандай қиын, қатерлі жағдайда да ашық айтады. Дәуірдің ең қатал, қатігез басшысының қателігін де бетіне айтады.
Жазушы Тұрар Рысқұловқа тән қасиеттерді мынадай екі сала бойынша жинақтайды: а) еркін де терең ойдың, рухани ұлы қасиеттің, қайтпас қайраттың адамы ретінде танытады; ә) мемлекет басқару ісіндегі мақсат пен міндетке, оларды іс жүзіне асырудың амалдары мен құралдарына, нәтижелеріне тура әрі әділетті баға беретін, өзі де әділеттен таймайтын аса көрнекті мемлекет қайраткері бейнесінде көрсетеді.
«Қызыл жебе» тарих шындығына негізделеді. Жазушы тарих шындығына өзінің шығармашылық мұраты, азаматтық көзқарасы тұрғысынан қарайды: а) тарихи деректерді көзінен тізіп баяндамайды, таңдап, талғап пайдаланады; ә) ойдан шығару арқылы роман-эпопеяның негізгі ой өзегін үзбей дамытады; б) әлеумет өміріндегі, жеке адам басындағы қилы жағдайлардың қисынын қиялдап табады.
Қорытынды
Т. Рысқұловтың көркемдік бейнесі жазушы Ш. Мұртаза шығармашылығында өз деңгейінен де жоғары көрсетілгендей. Осы туындыны оқу арқылы Тұрарды танымайтындар таныды, білмейтіндер білді, ұнатпайтындары ғашық болды. Жазушы бір тұлғаны халқымен қауыштыру мақсатында отыз жыл ғұмырын арнады. Рас, кезінде жазушыға сын да айтылды, түрлі сұрақтар да қойылды. Бірақ, біздіңше, бұл роман-эпопея деп атауға тұратын ұлы туынды.
Біріншіден, Ш. Мұртаза бұл туындысында Тұрардың әкесінен дарыған қайтпас қайсар, өжет мінезін шырқау шегіне көтере суреттейді. Сталинмен әр әңгімесінде де, қиянат көргенінде де, түрмедегі жауабында да Тұрардың осынау мінезі суреткер шығармасында алдыға шығып отырады.
Екіншіден, біз осы роман арқылы Т. Рысқұловтың бай ақыл-ойдың иесі екенін көреміз. Оған Тұрардың Ленинмен әңгімесі дәлел бола алады. Өзге мемлекет қайраткерлерінің Т. Рысқұловпен сөз таластыруға сескенетіні де көп дүниені аңғартатындай.
Үшіншіден, Тұрар біздің көз алдымызда баға жетпес қоғам қайраткеріне айналды. Түркістан республикасының өркендеуі жолындағы қызметтері, Монғолияға барған іссапары, кез-келгеннің қолы жете бермейтін Кремьлдегі қызметін жазушы аса көрегендікпен суреттейді.
Төртіншіден, Т. Рысқұлов ұлты үшін етінен ет кесіп алса да «қыңқ» етпейтін батыр адам. Бетіне жел де қарсы келіп көрмеген Сталинге қарап тұрып «Сталин қателеседі!» деу, алдынан өлім тұзағы күтіп тұрғанын біле тұра Сталинге хат жазу кез-келген ұлт зиялысының қолынан келетін іс емес.
Шебер жазушы Шерхан Мұртаза Тұрар бейнесін көз алдымызда қол жетпес биікке көтерген жан. Бес том кітап арнап отырып, жазушының өзі: «Тұрардың өз деңгейінде зерттей алған жоқпын. Т. Рысқұлов әлемі – шексіз, шетсіз әлем. Оның мұхитына сүңгу енді сендердің еншілеріңде», - деген еді. Бұл да ұлылар айтуға тиіс сөз сияқты.
Пайдаланылған әдебиеттер тізім
Нұрғали Р. Арқау. –Алматы: Жазушы, 1991, -8 б.
Мұртаза Ш. Алты томдық шығармалар жинағы. –Алматы: Қазығұрт. 4 том
Т. Ахтанов. Бес томдық шығармалар жинағы, Алматы, Жазушы, 1985, 400 б.
Жұмабек С. Жұлдыз нұрлы суреткер. (Халық жазушысы Ш. Мұртазаның шығармашылық жолы жайында) роман-монолог. –Алматы: Қазығұрт. 2002, -121.
Мұртаза Ш. Тамұқ. Алматы, 1994.
Пірәлиева Г.Ж. Түс көру табиғаты оның көркем әдебиеттегі рөлі. Алматы, 2004.
Аймауытов Ж. Жан жүйесі. Оқу құралы. Алматы: Ғылым, 1995. – 189 б.
Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. Алматы: Санат, 1996. – 336 б.
МАЗМҰНЫ
Кіріспе.......................................................................................................................3
1.«Қызыл жебе» романы.................................................................................4
2.Романдағы революциялық көрініс..............................................................6
3.Романдағы Тұрар бейнесі..........................................................................10
Қорытынды............................................................................................................14
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі........................................................................15
Достарыңызбен бөлісу: |