Кіріспе Тақырыптың өзектілігі



бет1/4
Дата11.01.2017
өлшемі0,69 Mb.
#7104
  1   2   3   4



Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Әдебиеттіміздің тарихындағы әр ғасыр, әр белес өзінің үдемелі өрбуімен көзге түседі. Соның үшін өткен ғасырдың екінші жартысынан ерекше көзге түскен әдеби құбылыстың бір ақынын ғана сөз етудің өзі үлкен мәселе. Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарынан поэзиямыздағы қызуы күшті жалын болып келген ақынымыз Мұхтар Шаханов екендігінде дау жоқ. Өзінің бойындағы талантымен, айбынды поэзия үнімен қазақ өлеңіне тың жаңалықтар ақын есімімен байланысты келді.

ХХ ғасырдың соңының өзі саналуан оқиғаларға толы болды. Тәуелсіздік үшін күрестің күшейе түсуі, экологиялық апат зардаптарының алабұртуы халық өмірінде ерен із қалдырған жәйттер еді. Ақын М.Шаханов өзі көріп куәсі болған халқымыздың өміріндегі оқиғалардың бәрінің қасында, басында болғысы келген жаратылыс бітімі өзгеше азамат. Оның өлеңдері желтоқсан оқиғасының мәні мен мағынасын айқындап берген жалынды поэзия болды. Ұлт рухын төмендетпей, жоғары көтеруді аңсады. Ол – адам рухына қатысты сөз айтушы жағы Қазақ тілі - ұлт тілі туралы бірде шырқырай түсіп, бірде лапылдап жанып тіл мәртебесін көздеп жүрген азамат та, ақын да – М.Шаханов. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев биылғы жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз», - [1] деп аршындап дамып келе жатқан мемлекетіміздің рухани құндылықтарына ерекше көңіл аударды.

Ақын қай мәселені сөз етсе де әріден бастап, халық өмірінің бүгініне шебер ұштасады. Оның өлеңдеріндегі бастау алар қайнары саналатын достық пен махаббат мәселелері де шынайылық танытады.

Ақын қоғам қайраткері М.Шаханов поэзиясының қайнар көздерін саралай түсу жұмыстың өзектілігі болып табылады.

Зерттелу деңгейі. Қазақ топырағында туған әдебиет бүгінде өсу, өркендеу үстінде. Оның поэзиясына салмақты үлес қосып келе жатқандардың бірі - ақын М.Шаханов. ол әрі мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері.

Ақын өлеңдерін сараптау, сұрыптау және монографиялық тұрғыда зерттелмесе де, баспасөзде соңғы жылдары әсіресе, қаламгердің 60 жылдық мерей-тойынан бері үздіксіз сөз болып келеді.

Көптеген әдебиетші ғалымдар М.Шаханов шығармашылығының ауқымды тақырыптары мен өзгеге ұқсамайтын ақындық арыны туралы үзік сырларды айтып та, жазып та жүр. Ғарифолла Есім, Тұманбай Молдағалиев, Жүрсін Ермандардың ақын шығармашылығына арналған мақалаларында Мұхтардың қазіргі күнгі әдебиетіміздегі алатын орны, шығармаларындағы көтерген мәселелерінің көркемдік көкжиектеріне оңды баға берілді. Сондай-ақ Шаханов шығармашылығы шетелдің әдебиет сүйер қауымының да көңілін өзіне аударды. Біз жұмысымызда, баспасөзде жарияланған материалдарға назар тастай алатын ақынның «Ғасырларды безбендеу», «Жаңа қазақтар», «Эверестке шығу», «Компьютербасты жарты адамдар», «Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» жинақтары және жеке жарияланған өлңдерін пайдаланып, тақырып аясында өз пікірімізді баяндап, тұжырым жасауға әрекет еттік.

Мақсаты мен міндеттері. М.Шаханов поэзиясы көп салалы саналуан тақырыпты қамтиды. Әрбір тақырыпты жырлауға оның түп-төркініне үңіліп, содан бастау алып, бүгінгі күннің тіршілігін терең танымдық тыныспен сипаттайды. Солардың қатарынан бөле жарып өзімізге мыналай мақсат қойдық:



  • ақынның әдеби ортаға ену кезеңін белгілеу;

  • ұлттық рухты биіктете түскен шығармаларын талдау;

  • туған тілімізді қызғаштай қорыған өлеңдерінің идеялық мәнін ашу;

  • шынайы достықты жырлаған шығармаларының жалпы адамзаттық маңызын танытуы;

  • махаббат жырларының оттылығы мен ойлылығын көрсету;

  • ақынның көркемдік әлеміндегі ізденістерінің беттерін ашу.

Таңдап алынған ақынның өлең, поэмаларын көз алдымыздан өткізіп, ойымызды топшылап, алға қойған мақсаттарымызды орындауға міндеттендік.



Ғылыми жаңалығы. Жоғарыда келтергеніміздей, ақын М.Шаханов шығармашылығын зерттеу жұмыстары қазіргі күнде қолға алына бастады. Ақын шығармашылығының негіздеріндегі ұлттық рух мәселесін, ана тіліміздің бірегей жанашыр ақыны екендігін, поэзияда достық пен махаббатты өлеңдеріне өзек етіп алғандығын жан-жақты қарастыру Мұхтар Шаханов шығармашылығын зерттеуге қосылатын ғылыми жаңалық саналады.

Методологиялық негізі. Диплом жұмысында С.Қирабаев , З.Қабдолов, М. Базарбаев, Т.Кәкішев, Р.Бердібаев, Р.Нұрғалиев, Т. Рахымжановтардың еңбектеріндегі әдебиеттану ғылымы жөніндегі тұжырымдар басшылыққа алынды. М.Шахановтың жинақтарымен қатар М.Мақатаевтың, Т.Айбергеновтың, Қ.Мырзалиевтердің өлеңдер жинағы да дерек көздері ретінде қарастырылды. Жалпы қазіргі күнгі әдебиеттану ғылымынң кейбір жетістіктеріне сүйендік.

Жұмыстың кәдеге жарай мүмкіндігі.

Жұмыс тікелей ақын шығармаларын сұрыптау, сараптауға арналғандықтан жасалынған тұжырымдар әдебиеттен арнаулы курс ретінде оқуға жарайды. Қазіргі дәуір әдебиетінен лекция оқығанда толық пайдалануға болады. Әдебиеттану саласына арналған конференцияларда баяндама жасауға әбден лайық.

Диплом жұмысы кіріспе, екі тарау (ішкі екі бөлемдерден), қорытынды және пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.


І тарау. Ұлттық рухтың жаңа биігі.


    1. М.Шаханов – халқымыздың ұлттық

қасиетін қастерлеуші ақын

Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Төреқұлұлы: «Поэзия – рух пен сұлулық перзенті» - дейді. Үздіксіз ағатын өзен сияқты ұрпақтан-ұрпаққа, дәуірден дәуірге ұласатын поэзия да мәңгілік.

Өзгесін айтпағанда «Тарлан» сыйлығынан тартып, «Нобель» атындағы алтын медальге дейінгі иеленген қайраткер, қаламгер Мұхтар Шаханов мәңгілік поэзияның ірі өкілі. Оның шығармашылығы халқының, ұлтының рухани кәусар бұлағының сусынымен қанығып, қазіргі күнде әлем мойындап отырған терең сезімді, философиялық жағымды шығармаларға толы ақынның бар шығармасына ортақ алтын өзек ─ отанын сүю, адалдық, ізгілік екендігін танып отырмыз.

Бүгінгі күні аңсап отырған, сусап отырған ұлттық идеология қалыптастыруда осындай дәуір дауылпазы дерлік, ақын жырларының ролі ерекше.

Біз әдебиетшілер ұлы орыс ақыны Некрасовтың «Ақын болу-өз еркің, азамат болу –міндетің» деген қанатты сөзге айналған екі жол өлеңін жақсы білеміз және осы жыр жолдарының кімдерге айна қатесіз тиісті екенін іздейміз де олардың бірі емес, бірегейі біздің жерлесіміз Отырарда туып, Төлебиде өскен М.Шаханов. Бірінің тарихы, бірінің табиғаты таң қалдырған өлкенің екеуіненде ақын М.Шаханов рухани азық ала білген. М.Шахановтың ақындығын азаматтығынан бөліп қарауға болмайды.

Халқымыздың «Ел басына күн туса, етікпенен су кешер, тұлпар басына күн туса, ауыздықпен су ішер», - демекші жастарымыз мұз жастанған Желтоқсан ақиқатын айтар дуалы ауыз табылмай қиналғанда, басын бәйгеге тігіп, қызыл империяның отаны Мәскеуде өткен съезд мінберінен ақиқатты айтып сөйлеген М.Шахановқа таң қалмасқа болмайды. Бұл Мұхтар Шахановтың ақындық пен азаматтықты бір кеудеге біріктіріп, жасаған аса ірі ерлігі. Ол сөз жоқ дауылпаз ақын.

ХХ ғасырдың соңының өзі сан алуан оқиғаларға толы, Тәуелсіздік үшін күрестің күшейе түсуі, экологиялық апат зарлаптарының алабұртуы халық жанына оңай тиген жоқ. Мұның бәрінде де халқының жанашыр азаматтары күрестен тайынбады. Халыққа экологиялық зардап шектіріп отырған Арал суының тайыздануы оны қалпына келтіру жөніндегі халықаралық мемлекеттік бірлестіктердің жоспарлы бағыттарына талайлар атсалысты. Тарих еншісіне кеткен жырдың соңғы шеніндегі Желтоқсан оқиғасы ұлттың бой көтеру мен күрестің тәуелсіздік табалдырығындағы өршіген жалыны болды. Айтып келе жатқан «тар жол, тайғақ кешулердің» лепті толқыны халқымыздың аңсары болған тәуелсіздікке жетіп егемендік алдық.

Ақын және азамат болып танылып келе жатқан М.Шаханов өзі көріп куәсі болған жәйттердің бәрінің қасында, басында болғысы келді. Оның жаратылыс болмысы да осыған лайық. Желтоқсан оқиғасының мәні мен мағынасын депутат ретінде Кремль сарайының мінберінен айқара ашты.

Құрбан болғандардың мұңын жоқтап, құнын даулап дабыл қақты. Ұлы рухын төмендетпей, жоғары көтеруді аңсады. Ақын өзінің «Рух мектебіндегі мұң» өлеңінде:

Кейде албырт Батырлық та Тасырлықтан кетпекке

Оймен, мұңмен көз тастайды Рух атты мектепке.

Ол мектептің түсі жадау, терезесі қираған,

Ішіне даңқ сыйғанымен, даңқы байлық жимаған.

Содан оған жұрттың көбі құлықты емес баруға,

Шу менен Бу дес бермейді мектеп парқын тануға

Сол мектептің ұстазы едік, нәпіге бас имеген,

Аңқау, сенгіш адамдығын қайсарлығы сүйреген.

Күллі рухсыз биіктердің парқы, даңқы сұйықтау,

Біз шыққан тау – Шындық тауы, барлықтан таудан биік тау!. [16,44]
Ақын осы өлеңді Төлен Әбдікке арнағанадығы ақиқат. Онымен бірге өздерінің алпыс тау асып алдарында қанша тау қалғандығын толғанып ойға шомады. Дегенмен қанша тау әлі де болса оларды да алды күрес, арты дау деп есептейді ақын. Оның меңзеп отырғаны халқының тағдыры, азаматтарының өмірі. Ақын ойынша, өмір бұралаңсыз болмайды деген ой түйінін әр мезгіл еске салып отыру.

Асатын таулардан шалдықпай өту үшін қайраттылық, алғырлық, төзімділік шыңға жету үшін беріктік керек деп біледі. Өздерін рух мектебінің ұстазы санайды. Адамилық сенгіштің қайсарлық сүйрейтіндігіне көз тіктіреді. Шындықты шырғалаңға түсірмей биік тау етіп ұстануды айқындықпен жеткізеді.

Осы өлеңмен үндес келетін ақынның тағы бір шығармасы «Айбергенов шыңы». Ақын ұлттық рухты жоғары көтеруге лайық даналарды тамсана жырлайды. Солардың арасынан отыз-ақ жыл өмір сүрген шындыққа, әділдікке тік көзбен қараған Төлегенді, ақын Төлегенді асқақтата биіктетеді.

Ол:


Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр,

Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр,

Намысыңды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.

Міне содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,

Сенің жырың шекарада әлі күнге сапта тұр.
Пайымдаймын , мойындаймын, сен данасың, мен- бала,

Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.

Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала

Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты

Толғандырған, таң қалдырған Махамбет пен Сен ғана....
Не жақсылық болса алдымен елге болсын дегенсің,

Сондықтан да сенің даңқың, сенің салтың көгерсін.

Сайын далаң жырыңды еске ап күлкісін сәл шегерсін

Әр жүректе бұлтқа оранған қасиетті бір шың бар,

Ол –ақындық, мәрттік шыңы, Айбергенов деген шың...

Ұлт рухы қай кезде де қанаттыға астана,

Айбергенов шыңын көрсең, атыңнан түс, жас бала! [16,40]

Жоғарыда өлеңмен сарындас келетін «Айбергенов шыңы» да өз ұлтына кімнің жанасып жақын болып жүргендігін, тіршілік күйбеңіне түсіп өзін ғана ойлап ел мүддесінен ұзақта тұратындарды бағалайтын ел екендігін оқушы есіне салады. Айбергеновтың өмір өткелдері мен өлеңдеріне бас иген ақын оның халықты толғандырар кең тынысты өлеңдерін жоғары бағалайды.

Төлегенді Махамбетпен қатар қояды. Төлегенді заманының ырқына жүрмей кеткен іңкәр даусын сағынышпен тілге алады. Тіршіліктің өксігіне өмірі тола келсе де, Айбергеновтің ұлт рухы алдында ары мен жаны таза өткендігін пафоспен жырлайды. Ұлт рухы әрқашан биік тұратындығын айта келіп халқы үшін туған ер азаматқа толмастай қанат қақтырып қондыратын да сол дейді. Бұл арада ақынның ұлтжандылығы өз елінің айбынды күрескерлерін өмірде халық мұраты жолында қайсарлықпен қайтпастай күресе алатын ерлерін, ақын және адамдарына сый-құрмет көрсетуінде.

«Қалдаяқов өзені» өлеңін оқып отырғанымызда да ақынның өз елінің асыл тұлпарларын ардақтап, олардың өмірі мен өнеріне сүйсінгендігін танимыз. Халық арасынан шығып, оза шауып өнерде бәйге алған Шәмші Қалдаяқовтың ән жүйрігі екендігін Мұхтар ерте таныған. Ақын сөзімен айтқанда, асатын тау белестерінде мұқалған сәттері бөгет – тосқыннан қиналғандықтан қайратын қажытқан тіршілік сыбағасына сынбаған дарынның тұлғасын жарқырата суреттейді.

Бар қазақты тамсандырған,

Таңнан-таңға ән салдырған,

Өзін әнмен қарсы алдырған Шәмші едің, -

дей келіп сазгердің талантын өз ұлтының рухына арнағандығын

Дарын едің алдыңа жан салмаған,

Ұлт сезімін арқалаудан талмаған

Отырардың еңкеймеген рухын

Әр қазаққа әр арқылы жалғаған, -

деп халқына өнерін тауыса арнаған әр тарланын паш етеді.

Енді саған өшпес, өлмес атақ даңқтың кезегі

Келгендігін досың түгіл қастарың да сезеді.

Кеш болса да жадырап ақ, ерелеп ақ еліне

Ұлтымыздың ұлы өзені, Қалдаяқов өзені. [16,38-39].
Көріп отырғанымыздай ұлт рухын биікке көтергендердің есімі де, еңбегі де уақыт өткен сайын жарқырай түсіп мәңгілікке айналатындығын өз кезінде ақын айтса, өмір оны дәлелдеп отыр. Кезінде жеті жасар баладан жетпіс жасар шалға дейін өз өнерінің құдіретімен әуелетіп ән салдырған Шәмші Қалдаяқовтың есімі өз халқымен бірге өмір сүре береді. 60-шы жылдардың ішінде ән қойнауына алтын діңгек болып енген «Менің Қазақстаным» бұл күнде ресми түрде Қазақстан Респуликасының Әнұраны болып отыр. Бұл халық рухының аласармайтын табиғаты Ш.Қалдаяқов әнінің халық жүрегіне тапқан жолының жарқылы.

Туа бітті жүрегі, сезімі нәзік болған халқымыздың ұлттық қасиетін қастерлеу әр заманның, әр ұрпақтың міндеті емес пе? Сондықтан халқымыздың даласы, данасы бар екендігін әсіресе көзімізбен көріп жүрген кезімізде айнала төңірек мойындап отырғаны ақиқат.

Ел іші кеніші демекші, халқымыздың данасы да, дарасы да бар дедік. Қазақ халқы көбіне ұлдарының атын Мұхтар қойып жатады. Сол Мұхтарлардың да дарасы және данасы бар. Олардың біз ХХ ғасырдың заңғар жазушысы М.Әуезовтің ұлылығын мақтанышпен айта келіп, бойындағы талантын от жалындай танытып үшмыңжылдықтың табалдырығына бүкіл әлем таныған Мұхтар Шахановтың келуі тек қана әдебиетіміздің емес тарихи ғұмырнамамыздың да биікке көтерілгендігін байқатады.

М.Шаханов қай тақырыпты жырласа да, оны сонау ғасырлар қойнауындағы ата-бабалар рухымен сабақтастыра тізбектейді. Ақын өз тұсымен шектеліп қалмай, халықтың, елдің, ұрпақтың болашағына көз тігеді. Мұхтар шығармашылығынан бұған жауап берер дәйекті дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Солардың бірі «Өркениеттің адасуы» атты романындағы рухсыз күш формуласы деп атап, «Компьютербасты жартылар» концепциясы осыған жауап береді. Аталмыш шығармада көтерілген қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтардың құлдилауына әрі осыған байланысты білім ағарту саласындағы өзекті мәселелерге баса назар аударуы әлемдік-азаматтық үн деуге болады. Ақын өмірдің, ғылымның дамуын жоққа шығармайды. Әсіресе, ғылыми дамуындағы сыңаржақтылыққа толғанады. Әлемнің ақпарат тасқындарының, техникалық жедел дамудың, кәсіптік мамандықтың тар шеңберде біржақты даярлануы себебінен әсіресе адами құндылықтардың ескерілмеуін қоғамда компьютербасты жартылардың күрт өсіп кетуі ғасырымыздағы кезек күттірмейтін үлкен проблемаға айналды. Рухсыз білімнің зиянын Мұхтар Шаханов атап айтты.

Соңғы кездегі әлемдік деңгейде белең алған ар-намыс, ұят, әделіттілік, қайырымдылық , инабаттылық үлгідегі қасиеттерді ескермеу, арнайы көңіл бөлмеу адамзатты тұңғиыққа тіреуден басқа нәрсе емес. Кейбір өркениетті елдерде, дамып келе жатқан жоғарғы техникалық білім беру жүйелерінде рухсыздардың кең өріс алуына тосқын бола алатын гуманитарлық пәндерді оқытудан іргесін аулақ салу нышандарына ақын немқұрайды қарай алмайды.

Бүкіл әлем даму біз үшін ұшы қиырсыз мәселе. Ал өзімізге келетін болсақ, қазіргі өмірдің даму қарқынына жанасу әрине әрқайсымыздың мақсатымыз. Оның үстіне біздің мамандығымыз гуманитарлық пәндер болғандықтан оны терең меңгеруімен қатар болашақта қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелеріне ғылыми тәжірибелік тұрғыдан сүбелі үлес қосу басты мақсатымыз.

Демек, біз болашақ үшін тыным таппай ойланумен, толғанумен келе жатқан Мұхтар Шахановтың жан айқайына дайын болу әзірлігін бастаған сияқтымыз. Сонымен бірге ақынның рухсыз білімнің біржақты болатындығын ескерткеніне үн қоса отырып, жас ұрпақты компьютербасты жартылар болып қалудан аман сақтауға уақыт өткізбей кіреріміз анық. Ақын шығармасынан үзінді алар болсақ,

Иә, бізді қайда апармақ мына заман ықпалы?

Ұлан-байтақ жерімізде жарты адамдар қаптады.

Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар

Жарты ұстаздар, жарты бастық, жарты қыздар, жарты ұлдар,

деп келеді де, адам бойына нұр құярлық, жоғарыда аталған керенаулықтан сақтайтын әдебиет әлемін, сөз құдіретін адам жанына сан алуан асыл-қасиеттерді енгізетін өнерді дәріптейді де:

Ұлы Ғабит Мүсірепов – қара сөздердің кемелі,

Бүткіл қазақ рухының айдары мен беделі, -

дейді . Одан әрі қарай:

Оян, Данте, Фирдаусидің және Абайдың айбыны!

Бөгей алмау ғасырға сын бұл тасқынгөй қайғыны.

Үнсіз жата береміз бе, қол қусырып көнеміз бе?

Робат – түйсік арқалаған,

Мейірімі тұл жарты адамдар

Жердің бетін түгел жаулап жеңгенінше

Дөңбекшиді көңіл ғалам,

Бүгін өлу жеңіл маған,

Осы рухсыз жеңістердің ертеңіне сенгенше. [18,24].


Осы келелі кең мәселе туралы ойымызды әлемнің белгілі қоғам қайраткерлері, көрнекті ақын-жазушыларымыздың ойларымен түйіндейтін болсақ, жапондық Дайсаку Икэда былай дейді: М. Шаханов өзіне тән көрегендіктен, гуманистік ар-намыстың сезім алғырлығымен бүгінгі жаппай еркіндікке елтіген рухани құлдырау түйісінен, ғаламат ақындық сөз қуаты арқылы әлемдік үлкен қауіп алдында тұрғанымызды ескертеді.

Рухани байлықты мойындамай, тек қана жалаң білімге ден қойған қазіргі «компьютербасты» жарты адамдардың пайда болуы жайлы Шаханов концепциясы бізді, жапондықтарды қайран қалдырды. Мен оның халқын осындай тегеурінді перзент тудыра алғандығымен құттықтағым келіп: [18,26].

Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов: «Қалай десеңдер, олай деңдер, М.Шаханов-ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар, тұлғалы ұлы ақын. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезеңінде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің алпауыттарына басын бәйгеге тіге отырып қарсы шыққан, сөйтіп ұлтымызды үлкен әділетсіздіктен қорғап қалған осы жігіт еді ғой.

Арал қасіретін күллі әлемнің назарын бұрған да –Шаханов.

Ұлтымыздың ірілі, ұсақты проблемаларының маңында ылғи да осы ақын келе жатқан жоқ па? – деп ақыл иесі ретінде алғыс айтып, ағынан жарылған ақсақал жазушының сөзіне толық қосылып оны қуаттаймыз.

М.Шаханов не жазса да шындықты ойып жазады. Батыл сын айтып, олқылықтың орнын толтырудың жолын іздейді. Көпшілік атаулының болашақ ұрпаққа індет болмауын ойлаған ақын әрқашан кесір атаулыдан ұрпағын сақтандырмақ болып жақсылықтың оты маздап тұрса да оны алаулатпақ болады. Өр даусын жалқына ұрандай жеткізеді.

«Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» өлеңінде:

Ертелі- кеш ұлылыққа ауған аңсары,

Біздің қоғам ергежейлі дарындардан шаршады.

Ергежейлі бөдене таланттар, жоқ сендерде болашақ таңы,

Қайдасың Қажымұқан шаруашылықтағы ғылым мен саясаттағы?

Тұлпар туған биені біздің ұлтымыз ешқашан соймаған,

Осы дара дәстүрде мазмұн бар тереңге басқаша бойлаған.

Қажымұқанда жоқ қарадан ақ бөлініп сараланбайынша

Қоғамда тұлпар ой туғызар еркектер бағаланбайынша.

Ақын мұнда ірі өмірлік те, философиялық та толғаныс жасаған. Бойына күш дарытқан халқымыздың мақтанышына айналған Қажымұқанның дүниеге келуі үлкен құбылыс екендігін дәл тауып айтумен бірге ерекше оны сипаттайды. Шынында да өлеңнен «Алып анадан туады» дегендей Қажымұқанның қазір дүниеге келмей қалғандығын аналарға өкпе-наз ретінде нәзіктікпен жеткізеді. Солай болса да, ақын мұнан да тереңірекке барған сияқты. Өйткені бұлай болмаса ақын:

Қажымұқан рухын иеленген далаға етуде бүгін иелік.

Қанша мың бөдене бастықтар бөдене ойларға сүйеніп, демеген болар еді. Барлап қарайтын болсақ, ақын шынында өмірдің әр тұсына көз жіберіп тұр. Ондағысы ақынның өзі атағандай, ергежейлі дарындардың, бөдене бастықтардың ел қамын емес, өз қамын ойлап бөдене ойларға шырмалып ақ пен қараны ажыратуға дәрменсіздік жасайтындығы жан күйзелтетіні белгілі. Ақын бойында ықпал әсері мол. Қанша дегенмен өмір өзінің ұшан теңіз сырымен де, қырымен де ғажайып құбылыстардан тұратындығы сөзсіз.

Олай дейтініміз «Күріш күрмексіз болмайды» дегені сияқты ақын армандаған ұлылық оңай келмейді. Өйткені ақын халық рухын көтеріп алып күш иелерін, ақыл-ой парасатпен суарылған әділ билікті айтады. Томаға тірелген ой әпербақандық, өзімшілдік, әділетсіздік жақсылық атаулыдан қашық жамандықтың керенаулығын ноқталап алғандарға жаны қас.

Ақынның ойынша, әрбір ортада ондайлар болмаса деп өзі де ұғынып, өзгелерді де ұғындыруға талпынады. Ақынның даналық ойын әрбір азамат, әрбір қазақ ұғынса бүкіл халқымыздың көсегесі көгерер деп білеміз.

М.Шаханов ой салып ортаға тастап отырған ой-пікірі ақыл есі кірген баланың билік лауазым иелеріне дейін ашық та анық. Осы бір өмірге жан-жақты қарап ой-толғанысынан туған пікірлердің куәсі әркім де бола алады. Сондағы айтарымыз жазықсыз жапа шексең жүрегің сыздайды. Сол жапаны ауызбен айтып, қолмен жасаған мәз-мейрам да шығар. Оның құлағы соны қалап тұрса, олай болмай не болар. Бірақ, оның сұрауы да бар екендігін еске салған ақын «Қоянның көжегі ұқсас ергежейлі қалыптан бөлек, қоғамға бүгін Қажымұқан, қуатты дарындар, алыптар керек» деп ойын қорытады.

Әрине, мұндай ойды, өмірдің осындай қырын тек Мұхтар ғана айтты демейміз. Дәуіріміздің белгілі ақыны Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Қадір Мырзалиев өмір туралы ой-өрімдерін жырына төмендегіше арқау етеді:

Адам күліп тумайды, тауа сала күлмейді,

Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып

Адам жылап өледі, өзгелерді жылатып

Туғанда оның жылайтыны, адамдар бар қинайтын.

Өлгенде оның жылайтыны, адамдар бар қимайтын [9,12].
Көрнекті ақынымыз Қ.Мырзалиевтің жоғарыдағы ойлары М.Шахановтың біз сөз еткен ой-иірімдері үндеседі және үйлеседі. Бұл табиғи да. Қос ақынның өмір өткелдеріне айрықша мән беріп, оның қалтарысын да құр жібермей, дөп басып айтуларында. Екі ақын бұл мәселеге бір көзқараста болса да, олардың өзіндік өрнектері, сөз саптаулары, көркемдік бейнелілігі ұқсамайтындығы тағы бар.

М.Шахановтың рухани байлық туралы өлеңдерін сөз етер болсақ, тек қана ақынның «Ғасырлар бедері», «Жаңа қазақтар», «Эверестке шығу», «Компьютербасты жарты адамдар», «Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» жинақтарының өзінен түйдек-түйдек етіп алуымызға болады. Бұлай дейтініміз ақын халықтың бүгіні мен ертеңгісін ойлаудан бір тынбайды.

Соның үшін ел пайдасы шешілетін мәселелерге баса назар аударады. Осы даңғыл жолдың нұрлы болуын, жарық болуын аңсаған ақын қарапайым қатардағы адамнан бастап ел билігінің тізгінін ұстағандар арасындағы барлық азаматтарға көңіл аударады. Бәрінде де рухани байлықсыз мемлекет құруға да, алға дамуға да, өркениетке жетуге де мүмкін еместігін еске салады.

Ақын әдетінше жайма шуақ ой айтып қоюдан аулақ. Ой ұшқынын шашыратып өткір тілділігін жұмсайды:

Жаңа қазақ, шала қазақ, жас інім,

Аршысынан тұрды бүгін асығың

Саған қарап ойландым да, жасыдым.

Айырмаған азғыны мен асылын

Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың, -

дей келіп оқушысына Желтоқсан оқиғасын елесін ескертіп ел басқарған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың жақсылығын жүрек әмірімен толғанады. Өлеңнің соңында:

Жинасаң да әлемнің бар алтынын,

Адамдығың көрсетпесе жарқылын,

Қоршар сені салқын шаттық, салқын үн.

Ешкім рух байлығынан бөлініп,

Шын бақытқа жеткен емес, жарқыным! –

дейді. Ақын толғанысы ел өмірімен өзектес. Халқы үшін шырылдап отқа түсу ақының азаматтық биік мұраты. Бұл жолдан М.Шаханов танбай келеді. Біз сөз етіп отырған мәселе ақын поэзиясындағы азаматтық үннің бір қыры ғана. Ол өмірде де, депутаттың мінберінде де, қалың оқырманымен кездесулерде де кең тынысты алуан тақырыпты ой қозғап халқының биік тұлғалы азаматы да, көп жұмыс тындырар ардақты ақыны да болып келеді.



1.2. М.Шаханов –ана тілінің айбары.

Евгений Евтушенко: «М.Шаханов ұлттық шеутеулігіне бағынбайтын нағыз қазақ ақыны. Оны үлкен болашақ күтіп тұрғанына сенемін. Өйткені фольклор әуендерінен бас алған ақын М.Шаханов өз халқының тарихи және қазіргі заманға даналығын шебер ұштастыра отырып, әлемдік рух биігінде самғауда деп қазақ ақынын әлемдік әдеби орны бар ақын ретінде танып, оған зор құрмет көрсетеді» [8,26].

М.Шаханов тек өлеңмен әуес болып айналшықтап, әдеби ортада қалып қоймаған. Оның өзі де ойы әлемді шарлап кеткен. Сөйтіп барып ой түйген, содан кейін, адамзат туралы толғанысқа түскен, әлемге жауар бұлттай түнеріп тұрған зұлымдықтан, апаттан құтқару үшін дабыл қаққан. Мұндай ерлік өзі айтқандай санаулылардың қолынан келетін іс, М.Шахановта осындай санаулылардың бірі.

Ақынның табиғаты өмірдегі шындықтың көрінісі. Ақын бәрін білгісі келеді, ол айтпаған сөз, ол мәселе етпеген құбылыс жоқ. Қысқа қайырсақ, ақын сезімге емес, санаға емес, адам рухына қатысты сөз айтушы жан. Осындай сөзді М.Шахановтың барлық шығармаларында тамырдай қуат алған өзекті етіп отырады.

Ақын бүгінгі заман тынысының қандай болмасын бір сәтін өлеңге айналдыра бастап, оны сонау атам замандағы ой-санаға теңестіріп екеуінің туыстығын тауып, кешегіні бүгінгі етіп, бүгіннің болуы кешегіге байланысты екендігін көркемдік тәсілдермен тамаша бейнелей білетін сезімтал суреткер әдетте, ғалымдардың том-том етіп кітаптар жазып, соны түсіндіре алмаған мәселелерге М.Шаханов тұп-тура келіп, бірнеше шумақта ой-легін төгіп-төгіп тастайды. Айтылған ойдың дұрыс немесе бұрыс екендігін М.Шаханов тексеріп жатпайды. Мәселе онда емес, әңгіме ой білдіруде, адамдарды ойға тартуда. Сондай жағдайда тіптен түсінікті, қарапайым деп жүрген мәселелер күрделеніп аса қиын, ұғынуға болмас деген жүрек шайлықтырар проблеманы жеп-жеңіл шеше салады. Ол М.Шаханов ойлау ерекшелігінің күтілмеген ғажайыптары, терең ойдың иесі екендігін білдіреді.

М.Шаханов лексиконында дәстүрлі қазақ тілінің орамдарында орнықпаған тың тіркестер, жаңа түсініктер молырақ толығады. Әсіресе, жаңа Шаханов шығармаларында жиі кездесетін мұндай тосын ұғымдар бір қарағанда ақынның сөздер қорына күмәнмен қарауғада себеп болатындығы. Байыбына барсаңыз уақыт көшінен кенжелеп қалмауға ділгер болып отырған қазақ тілін байыта түсуде осындай тәжірибесіне де жатырқамай қарау қажеттігін сезінеміз. Өткен ғасырдың басында жаңа тұрпатты жазба тілімізді орнықтыруға күш салған алаш ардагерлеріміздің сөз қолданысында дәл осылай оғаш-қиғаш көрінген болар. Қазақ тілі төрт тұяғын топыраққа тигізбей тайпалта жорғалаған шешендер ғажайып көркем тілі екендігі қандай рас болса, бүгінгі өмір қиындығының иірім, қайырымдарына икемделіп бейімделу арқылы мүлдем сондай мүмкіндіктерінің де мол екендігін дәлелдей алатын өміршең тірлік. Осы тұрғыда М.Шаханов шығармасына жүргізген кейбір талдауымыздың бағытын ақынның қазақ тілі – ұлт тілі туралы бірде шырқырай түсіп, бірде от алып тіл мәртебесін көтеру жөніндегі азаматтық та, ақындық та үнінің тым биік екендігінің куәсі болып жүрміз. Ақын өзінің «Мемлекеттік тіл – мерейім» -деген өлеңінде терең толғанысты ойын және кесімін қысқаша былай жеткізеді:

Адам қанша болғанымен дарынды әрі табанды,

Туған жерін сүймей тұрып, сүймек емес ғаламды

Өзге ананың мазмұнына мерейіне тор құрар,

Алдыменен өз анасын сүйе алмаған сорлылар

Нарық-ғасыр бәрін сатып жібере ме алтынға,

Кім қалады сол алтынға сатылмайтын қалпында,

Ана тілін сыйламаған, сыйламайды халқын да! [12,3]

М.Шахановтың өмірдегі, әдеттегі тұлғасы оның халқына адал қызмет етіп келе жатуында, әлемді Арал апатынан сақтандыру жолындағы еңбегі, Желтоқсан оқиғасының арашасы болуы, әсіресе ұлттық қауіпсіздіктің көсегесі көгеріп, оның бүкіл қазақ қолданатын тіл болуын жақтап жан айқайын білдіруі – отансүйгіштік Ақынның осындай еңбегін шетелдің қоғам қайраткері, ақын – жазушылары жоғары бағаланғанда, қазақтың айтулы ақындары да өз Мұхтарын бауырына басты. Қазіргі әдеби тіліміздің тұмаға атанған майдайалды ақынымыз Тұманбай Молдағалиев былай дейді:

Талайын жырға көз ең, нұрға без ең,

Төгіп тұр шапағатын ұлға кезең.

Телемген екі ананы асыл перзент,

Кемеңгер аса жаздап тұрған өзен.

Кемелді мынау шағың келісті шақ.

Жапон да жақсы көріп төрін берді,

Сырасын ішкізеді неміс қыштап

Бәрі де өзің туған аяулы елдей

Қырғыз да қымызына тойғызады,

Өзбектер жібермейді палау бермесе, - [11,27]

деп Қазақстанның халық жазушысы, әрі ақынымыз Мұхтардың кемел шағын, кенелген шағын қуанышпен сипаттап, бұның да зор ақындық шабыт халқының асыл ұлы болып әлем алдында әдеби тілімізді де, өзін де таныта беруіне тілектестік білдіреді.

Тіл төңірегіндегі мәселені тек қана ұлттық емес, азаматтық басқышқа көтеріп жүрген ақындар саны мол- ақ. Соның арасында өз халқының данышпан ұлы қазақ әдеби тіліміздің досы авар жазушысы Расул Ғамзатов туралы тілі туралы жүрегіндегі сөзді 2- тармақ өлеңге сыйғыза алған.

Егер тілім жойылатын болса ертең,

Онда құдай мені бүгін алмай ма?

-деп тіліміздің жойылуы мағынасыз, мәңгүрттік өмір деп санайды ақын.

М.Шахановтың шығармалар жинағына енген өлеңдерінде, газет-журнал беттерінде жарияланған, оқырмандар тіл жанашырлары алдындағы оқыған өлеңдерінде де ұлт тілі қазақ тілін қастерлейді. Өз ұлтының мемлекеттік мәртебе мінберінен орын ала алмай келе жатқандығына қиналыс білдіреді. Ақынның өзге өлеңдері сияқты, бұл тақырыптағы шығармалары да от жалынға бөленумен бірге пафосқа толы. Оның әрбір өлеңі тың ой, терең мағынаға құрылған. Өлең өрнектері де бір-бірінен ерекшеленіп, дараланып тұрады. Сондағы Мұхтардың тіл туралы толғаныстары ұлт тілін өлеңге қосу емес, халқының бүгініне ғана қарап қалмай, оның болашағына көз тігуінен жарқырап көрінетін сөз маржандарын да, ой маржандарын да кездестіреміз.Ойын топтап жалын шарпыған өлеңін оқығанда оның поэзиясына табынбайтын жан да қалмайтын сияқты. Өйткені, М.Шаханов үшін тіл тағдыры, ел тағдыры біртұтас.

Жоғарыда айтқанымыздай ақын қай мәселені сөз етсе де әріден бастайтындығы айқын танылған. Тіл туралы пікірін ғана емес, ой тұжырымдарын, философиялық толғауларын кібіртіктетпей қайта терең мазмұнмен айқын дәлелдерге құрады. Осы пікірімізді дәлелдеу үшін «Баба тіл төңірегіндегі машақаттар» өлең-эссесін қарастырайық. Бұл өлеңнің бойынан нақты деректер, кейіпкерлер, тіл арнасының құбылуы сияқты мәселелер сөз болған. Ақын бір кездегі адамзатта он, он бес мың тіл болғандығын айта келіп, бұл күнге сол тіліміздердің күлі ғана жетіп келген деп өкініш білдіреді. Әртүрлі қақтығыс, соқтығыстар арқылы адам баласына жасалатын зерттеулер нәтижесінде тілін жойып, ұлтсыздыққа соқтыратын, күйрететін жәйттарға ақын азамат ретінде қынжылыс білідіреді.Қазір жер бетінде екі жарым мың ғана тілдің қалуы заманның, адамның теперішіне байланысты. Ол тілдердің қайсысына табыт жасалып жатыр деп оқырманын ойға қалдырады. Егер тіл зұлматына қарсы тосқын қойылмаса, жер бетінде 400-500 тіл қалмақ деп төніп келе жатқан қауіпті ашып тастайды. Бұл әрбір басқан қамсыз қадамымыздың сыны болады деп көрсетеді. Ақын өзінің ана тілінің өміршеңдігіне сеніммен қарайды.

Ана тілім – баба тілі, қасиетім, қанатым,

Ғұмыр бойы бас иетін ар-ожданым санатым,

Мың азаптан, мың тозақтан еңсе бүкпей өтіп ең

Мұң дөңбекшіп өзегіңде,

Жаһандану кезеңінде,

Рухсыздар шыққан шақта белсенді боп шетінен,

Жойылуға жол алдың ба ұлы жердің бетінен.

Мына мүмкін халің бүгін ұлт намысын қорлаған,

Тіпті Кольбин кезінде де тілден жеру болмаған [18,15].


Өзі көріп жүрген елдердегі келеңсіздіктерге бейжай қарамайды. Қырғыздардың депутаттарының істеп жүрген өрескелдіктеріне налиды. Табиғатынан ана тілі ақыл ойдың жемісі екендігін таныта отырып, одан айрылу Расул сөзін қайталауға аз-ақ қалмай ма? деп сақтандырады.

Осы өлеңнің жалғасы ретінде келетін «Голощекин және қазақ әліпбиі» деп аталған 2 –ші бөлімінде қазақ әліпбиінің кеңес дәуіріндегі құбылу сәттеріне тоқталады. Тарихтан білетініміздей, 1929 жылы араб жазуының латын әліпбиіне, 1940 жылы тағы да құбыла түсіп, кириллицаға өтуі ол ұлтымызды рухсыздандырудан басқа нәрсе емес. Себебі, ауыстырылған әріптер ұлтымыздың рухани мәдениетін түгелдей тамырсыздандырады. Ал қазіргі кездегі жалпы түркі халықтарының латын әліпбиіне өту саясатына ақын қолдау сыңайын танытады. Ал әліпбидегі өзгерту жұмысында тіліміздің дені де, діні де мықты болу жағын қарастырып отыру негізгі нысан деп санайды. Ақын сөздері өткір тілді жалпақтау, мүләйімсу дегенді білмейді.

Қатты айтса да, батыра айтса да оның ойлағаны өз халқы, өз ұлты. Оның болашағы бар ма, жоқ па деп алаңдатып, ұлт болып қаламыз ба, қалмаймыз ба дей отырып тілге өте жауапкершілікпен қарауды ұғындырады.

Ақынның өткір ойы тіл тағдырын ел тағдырымен, ұлт тағдырымен тұтас қарастыруда өз өлеңін мінбер етіп пайдаланады. Егемендік алып, Тәуелсіздікке қол жетіп, қойнымыз қуанышқа толғанда оның баянды болуының бір тетігі тіл құдіретінде жатқандығын, қателеспесек, М.Шахановтан басқа ешкім айта алған жоқ. Егемендіктің желісі әдеби – тіліміз, мәдениетіміз, экономикамыз тағы басқа салаларда да оның тең дәрежеде дамуы аса қажет. Осы орайда ұлт рухы болып табылатын ана тілінің Голщекин заманы өтіп, қазіргі күнде алаңдатын жәйтқа тап болған кезең әрине сын кезең. Дәуірімізді ешбір өткен уақыттармен салыстыруға келмейді. Халқымыздың ой - санасы дамып отырған дәуірде сол саналылықтың салмақты үлесін тіл тағдырына да бөлуді қазіргі кезең сұранып тұр. Ұлттық рухымыздың биіктеуі, ана тіліндегі бала бақшалардың көбеюімен қазақ мектептерінің санымен мен сапасының артуына да байланысты. Барлық құндылықтарымызды өз ұлтымыздың ерекшеліктеріне сай қадірлеу ол да ана тілі тұғырының берік болуын керек етеді. Ақын өлеңдерінің идеясы осы сияқты мәселелерінің түпкілікті шешімін табу үшін тіл қоғамының қозғалысын ұйымдастырды. Оның арнайы газетін шығарып отыр. Басты мақсат тіл құдіретін арттырып, оны рухани байлығымыздың өсу, өркендеу кепіліне айналдыру болып отыр.

Егер біз ХІХ ғасырдағы Махамбетті от ауызды, орақ тілді, поэзиясы от жалын шашқан ақын деп танысақ, Махамбеттің «Қара қазақ сары бала қамы үшін» жаумен егескен күресі бейбіт өміріміздегі тіл бұзатындар - өз ана тілін жетік меңгермей, өзге тілді болып жүргендерге ақын тіл сойылын сілтейді. Оның өлеңдерінің аттарының өзі «Космополит қазақтар», «Мәңгүрттендіру марселезасы» деп аталуы да жоғарыда келтіргеніміздей, лексиконында да, ойының да тың екендігін тағы да бір деректей түседі. Яки Мұхтардың «Тәуелсіздіктің екі түрі немесе рух пен қарын егемендігі» деп аталуы да алдыңғы ойымызбен сабақтасып тұр. Тіл бұзушыларды космополиттер деп оның жалпы қоғамымыз дамуына нұқсан келтірерлік зардаптары қаншама деп қиналыс табады. Қазіргі күнде тоталитарлық тізімнен аулақ болсақ та, өз ана тілімізде толық сөйлеп, тілімізді берік қорғауға бірікпей жүргенімізге ақын тағы да ашынады. Оның себебі, санамыз сандалып, күшіміз бірікпей, әлсіздік танытатын тұстарымыздың көрініп жатқандығын нұсқайды.

Ақын «Космополит қазақтар» деген өлеңінде «Тоталитардық жүйеде жүргенде тосылудамыз?» деп жерімізді жат қолдан қорғап, мерт болғандарды қадірлеудің дәстүрлі жорық жолы байқалмайтынына күдіктене қарайды.

Ата-бабалар рухын басынудамыз деп мұндай көлеңкелі тұстарды өрнекті сөздермен айшықтайды. Рух мүддесінің тоқырап, тоқтап шыншылды даттап, ұрыны мақтап қарын мүддесі үшін ғана күнелтіп, соны ойлап, қоғамның науқасын қоғамнан жасырып отырған космополиттерге қатты реніш те, күйініш те білдіреді. Космо рухсыз дей отырып, ол рухсыздықтың ылаңына орыс, украин әдебиеті қаламгерлерінің өнегелі жолын үлгі етеді. Тарихта аты қалып өз ана тілінде шығармалар дүниесіне өлшеусіз үлес қосқандығын тағы да бір рет ақын айқындай түседі. Міне, әдеттегі бұл сүрлеудің жалпы қоғам дамуында пәрменді өрістеуін насихаттап қана қоймай, көптеген қоғамдық іс-шаралар атқарып жүрген ақынның тіл жанашырлығы, ұлт жанашырлығына саиитын шығармашылық жұмысының соңғы, атап айтатын болсақ, он жыл ішіндегі аршынды ақындық арыны мен адымы саналады. Ал соңғы аталған өлеңінде материалдық байлық үшін алқыныс ол ұлт мүддесімен қабысатын жарқын іс бола алмайды деп көрсетеді ақын. М.Шахановқа тән ерекшеліктің бірі әрбір өлеңінде өмірдің өзегін суреттей келіп, ондағы даму заңдылықтары жөнінде ұшқыр ой таныта алған ақын негізгі айтайын деген ойын суреттеуге ой түйіндерін тоғыта өз атымен атау басым. Бұл дегенім жәйбарақаттылыққа көнбістік жоқ.

Мәселен ақын:

Ана тілсіз егемендік – жарты демеу, жарты ырыс,

Ол алқыныс – ұлтсыздыққа басталған талпыныс, -

деген ой тұжырымдары анық, айқын болумен бірге барды бар өз қалыбында сипаттау басым. Одан ақын сескенбейді де, бұлтармайды да. Өлеңдегі осы ойды әрі қарай ширата түскен ақын қарын егемендігіне егер тілің сөнсе, түрің де, қарның да қалады. Бірақ ерте ме кеш пе сені баба ғасырдың сапалы ызасы ұрады деп, оны шошындырады. Осы өлеңдегі ой желісі тілдің қасиетті екендігін ту етіп көтерген ақын рух егемендігі белге тағар қасиетті белестерге теңейді. Оны саналы азамат өз кезінде тақырыбы абзал екендігі айтпай –ақ түсінікті деген ұғымда. Ал жазатайым ол белдік кеш тағылса тілдің сөнгенінен, рухтың өшкендігін не деп сұрақ қояды да оған ақын өз оқушысымен бірге ақылдаса отырып жауап іздейді. Сондағы жауабы өкінішпен соңғы ойлашы дей отырып, тәуедсіздігің кімге қажет деп өз ойына қорытынды жасайды.

М.Шахановтың шығармаларындағы ұлт тағдыры мен тіл тағдыры қамшының өріміндей егіз болып келеді. Бабалар рухына сыйынған ақын Әл-Фарабидің 72-тіл білгендігін мақтанышпен айтады. Өз ана тілін дана тілім деп қастерлеген ақын өз жерінде осы тілінің өзі шетінеген күн кешіп отырғандығын өлеңнің күй пернесіндей әуелетеді. Қазіргі күнде туған тілдің қамын ойлап, оның болашағын бүкіл халық қазынасы болып табылатын ұлттық болмысымыздың өз дәрежесіне көтеретіндер қоғамда басшылар арасында табыла бермейтіндігіне ақын жүрегі жылап тұрған болады. Іс жүзінде мемлекеттік тілді толық қолдану тұтастай бүкіл қоғамның міндеті.



Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет