Кіріспе XV-XVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы



бет1/14
Дата08.02.2022
өлшемі182 Kb.
#130874
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
XV-XVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы


І. Кіріспе
XV-XVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы
Қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жол тартқан алғашқы қадамдарының өзінен-ақ кемел өре, көркем келісімге жетуі заңды болса керек. Қазақ атымен аталатын дербес әдебиеттің алғашқы өкілдері, өз кезінде бүкіл Дәшті-Қыпшаққа даңқы кеткен Асан Қайғы, Қодан тайшы, Қазтуған жыраулар мұрасын біз жаңаның басы ғана емес, көненің жалғасы деп те қарауға тиіспіз. Бұлардың біздің заманымызға жеткен шығармаларынан Әбілқайыр ұлысындағы бүліншілік, қазақтар көтеріле көшіп, тәуелсіз ту көтерген қилы кезең көрінісі бедер тапқан. Сонымен қатар, халықтың өз кезіндегі елеулі тарихи оқиғаларға берген бағасы да танылған. Елге ұйытқы, ер-азаматқа ақылгөй болған жыраулар қазақ поэзиясының болашақта ұмытылар бағыт-бағдарын, идеялық тұғыры мен көркемдік биігін де айқындап кетті.
Кейінгі ұрпақ әулие танып, аңыз кейіпкеріне айналдырған, ал Шоқан Уалиханов “көшпенділер философиясы” атаған Асан Қайғы өз заманының үлкен ойшылы еді. Керей, Жәнібек хандардың ақылшы биі болған Асан қазақ руларының орда көтеруін жақтайды, қазақтар Шу, Сарысу бойына орналасқан соң ел іргесі берік, ағайын ұжымы күшті болуын үндейді. Өз өлең, толғауларында хандық үкіметті нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажетін насихаттайды, Жәнібек ханды табысқа мастанбауға, елдің түбегейлі болашағын ойлауға шақырады. Феодалдық қоғамдағы әдет-ғұрып, мінез-құлық мәселелерін көтереді. Өзінің ақындық күшін туыстас руларды бір орталықты, қуатты мемлекет етіп ұйыстыру жолына арнайды. Біздің заманымызға жеткен толғауларынан Асанның қилы кезең табиғатын жыға танығаны, тіпті Алтын Орданың орнында пайда болған хандықтардың бәрінің құрып бітетініне дейін болжай алғаны көрінеді.
Сахара эпосын тудырушылардың бірі – ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы, әрі нәзік лирик болған Қазтуған өз артына өмір туралы, ата мекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан құралған мол мұра қалдырады. Бұлардың дені сақталмаған. Қазтуғанның біздің дәуірімізге жеткен жырлары табиғат аясындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының билік өресін, өзіндік сипатын танытады. Қазтуғанның ұлттық бояуы қанық, афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, ар рухты толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады.
Жыраулар поэзиясының дамып, өркендеуіне Доспамбет пен Шалкиіз өнернамалары айрықша әсер етті.
Жарық жыршысы болған Доспамбет жырау (1523 ж өлген) шығармаларынан ортағасырлық жауынгер көшпендінің өр тұлғасы, ерлік кейпі көрінеді, оның асқақ рухы, берік дәті, өмірлік мұраты танылады. Ойлы да сырлы Доспамбет толғаулары тақырыбы, мазмұны ғана емес, көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан алғанда да саны сыпатта.
Көне дәуірдегі қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі – Шалкиіз жырау (шамамен 1465-1560). Өзінің ұзақ өмірінде Дәшті-Қыпшақтың төрт бұрышын түгел шарлаған, заманының бірінші ақыны танылып, үлкен даңққа бөленген жырау бүкіл өмірін күрес үстінде өткізеді. Өз тұсындағы әміршілердің ешқайсысының да шашбауын көтермейді, турашылдығынан танбайды. Жырау туындылары көңіл пернесін дөп басар әсерлілігімен, кезегенін орып түсер өткірлігімен, аз сөзге көп мағына сыйғызған нақтылығымен, сұлу сазды көркемдігі, асау серпімді қуатымен ерекшеленеді. Жыраудың ғасырлар көгімен өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді, шымыр толғауларынан көне заман таңбасы – тұз тұғынының дүние танымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын аңғарылады. Қазақ халқы ерлік күреске толы күн кешкен XVІІ ғасырдан біздің заманымызға Жиембет, Марғасқа жыраулардың аттары жетті. Екуінің де өмір жолы XІІІ ғасырдың алғашқы жартысында, Есім хан тұсында болған тарихи оқиғаларға тікелей қатысты. Жорық жыршысы Марғасқа жырау Есім ханның бір орталыққа ұйысқан күшті феодалдық мемлекет құру туралы идеяларының ұраншысы қызметін атқарса, ел билеуші ірі шонжарлар әулетінен шыққан Жиембет жырау хан үкіметіне оппозицияда болады. Бұлардың екеуі де сөз өнерін жете меңгерген жыраулар еді. Марғасқа мен Жиембеттің біздің заманымызға жеткен санаулы ғана толғаулары XVІІ ғасырдағы қазақ поэзиясының сын-сипаты, даму бағдары ежелгі арна, байырғы дәстүр ауқымында болғандығын танытады.
XVІІІ ғасырда әдеби өмір жандана түседі. Ғасырдың алғашқы ширегінде топандай басқан жоңғар шапқыншылығы және ақтабан шұбырынды, алмағайып кезең, қырғын соғыстар мен жеңісті жорықтар, саяси және қоғамдық өмірдегі өзгерістер бұл қазақ поэзиясының идеялық бағыт-бағдарына, тақырып аясына айрықша ықпал етті. Ел өміріндегі елеулі оқиғалардың барлығы да ақын-жыраулар өнернамасында өзінің көркемдік табады.
Жоңғар басқыншылығына қарсы күрес сарыны әсіресе Ақтамберді жырау (1706-1778), Тәтіқара(XVІІІ ғасыр) шығармаларынан айқын көрінеді.
Ақтамберді өз толғауларында жау қолында қалған жерлерді азат етер күнді аңсайды, исі қазақ болып атқа қонуды, ойраттарға күйрете соққы беруді армандайды, жұртшылықты ерлікке үндейді, жауға тайсалмай шабуға жігерлендіреді. Бұл жыраулар өнернамаларындағы отаншылдық, патриоттық сарындар XVІІІ ғасырдағы қазақ поэзиясының бағыт-бағдарын, өзекті ойларын айқын танытады.
XVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілі – Бұқар жырау (1668-1781). Арқалы жырау, қабырғалы би Бұқар өз тұсындағы қазақ хандығының бас идеологы болады. Ісімен де, жырымен де Абылай хан саясатын мейлінше қолдайды. Хандықтың нығаюы, хан үкіметінің берік болуы жолында күреседі. Өз шығармаларында Абылайды сырт жауларға қарсы күресте айрықша қайрат көрсеткен қайтпас батыр, ел қамын жеген көреген көсем ретінде бейнелейді. Алайда, ханға орынсыз бас ұрудан ада жырау қажетті жерінде ащы шындықты айтудан тайынбайды, оны сынау, шенеуге дейін барады. Сонымен қатар өз шығармаларында Россиямен жауласпау, онымен тату көршілік сақтау керегін насихаттайды. Алайда, Бұқар патша өкіметінің түпкілікті мұратын да нақты пайымдаған еді.
Бұқар шығармаларынан жыраудың өзі өмір сүрген қилы заман келбеті айқын танылады. Хан – сұлтандардың, ірі феодалдардың әр жүзде, тіпті, кейде жекелеген руларда өз билігін жүргізбек болған, ұлттық мүддеге қайшы, бақ-құшар саясаты, руаралық тартыстың күшеюі, заманның өзгеруіне байланысты адамдардың санасындағы құбылыстар – міне, осының бәрі де белгілі мөлшерде жырау өнернамасынан көрініс тапты. Бұқар көне патриархалдық қатынастар бұзыла бастағанын көреді, осының бәрі болашақта жүзеге асар түбегейлі өзгерістердің басы ғана екенін түсінеді. Алайда жырау мұндай құбылыстардың көбін ұнатпайды, оған сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, туған халқының болашағына күманданып, пессимизмге берілетін тұстары да бар.
XVІІІ ғасырдағы ақындар поэзиясының ең көрнекті өкілдері – Көтеш және Шал ақындар. Жарлы ортадан шыққан, өмір бойы жоқшылық тартып өткен Көтеш (1745-1818) өлеңдеріндегі негізгі сарын – кедейлік тақсіреті, тағдырдың әділетсіздігіне наразылық. Ал Шал ақынның (1748-1819) біздің заманымызға жеткен мұрасы тақырыптық жағынан алғанда біршама бай. Бұлар: дін, этика, мораль мәселелері, байлық пен кедейлік о дүние мен бұ дүние жайы сөз етілетін философиялық-дидактикалық үлгідегі туындылар, көшпенділердің күнделікті өміріне, шаруашылығына қатысты тұрмыстық өлеңдер, жеке адамдарға арналған эпиграммалар, арнау жырлар мен әр түрлі жағдайда туған экспролеттар. Жан-жақтылығы, өмірге жақындығы, елгезектігі, жыраулар поэзиясында қамтылмаған жаңа тақырыптарға баруы Шал шығармаларының қазақ қауымының барлық саласына кеңінен тарауына ғана себеп болған жоқ, қазақ поэзиясының өрісін кеңейтті, қазақ топырағында реалистік дәстүрдің өркен жаюына септесер алғы шарттар жасады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет