ҚОРЫТЫНДЫ
Дене шынықтыруды ұлттық спорт ойындары арқылы жүзеге асыру балалардың дене мүшелері мен көңіл-күйлеріне қатты әсерін тигізетіні анық. Қимыл-әрекетке толық жағдай жасаудың, барлық бала ойыннан қуаныш табуға мүмкіндік жасаудың маңызы зор.Әр бала жеке тұлға екендігі, оның қабілеті де әр түрлі болып келетіндігі белгілі. Сондықтан қимыл-қозғалысқа үйрету барысында жасаған дене қимылы әрекетіне қарай белсенді қимылдайтын бала және жай қозғалатын балаларды ескеріп сабақ өткізу тиімді.
Ойын барысындағы іс-қимылды дұрыс сапалы түрде балаға жеткізіп бірнеше рет қайталап әдетке айналдырғанда, бала ағзасындағы зат алмасу артып, жүйке жүйесі белсенділігін танытып, қан айналымы жақсарады. Қозғалыс барысындағы жиі демалудан бала ағзасындағы оттегіге деген қажеттілік артады. Дене шынықтырудың арқасында баланың көңіл-күй жоғарылап, жүйке жүйесі бекиді. Дене шынықтыру нәтижесінде бала өзінің іс әрекетіне және топтық тәртіпке үйреніп, оның ережесіне бағынады. Бұл оның жан-жағындағы оқиғаға мән беріп қарауына, төзімді болуына, тәртіпті сақтауына септігін тигізеді.
Мектеп жасына дейінгі балаға дене мүсінінің дұрыс қалыптасуын яғни денесін түзу, тіке ұстауды, бала отырғанда, тұрғанда, жүргенде денесін тік ұстауды әдетке енгізу қажет. Дұрыс мүсін адамның ішкі ағза құрылымының жетілуін жақсартады. Дене мүсінінің дұрыс қалыптасуы сүйек-бұлшық ет құрылысының дұрыс дамуына байланысты. Қозғалыс тірегін дұрыс қалыптастыруды бала шақтан дағдыға айналдырған тиімді болып келеді.
Сонымен, ұлттық ойындарға арналған ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді талдау негізінде мынадай қорытынды шығаруға болады:
1. Қимылды ойындардың бастауы балалар үшін ересектердің әрекеттерін қайталау болып табылады.
2. Ойындар өркендеп келе жатқан ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау мақсатында құрылады.
3. Ұлттық ойындар балалардың өмірге дайындығын тексеру мақсатында туындады.
4. Ойындар қозғалыстың негізгі түрлерін дамыту және жетілдіру мақсатында пайда болды.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ халқы. Болашақтың іргетасын салатын бала әуелі отбасында қалыптасады. Балдырғандардың негізгі іс-әрекеті ойын болып табылады. Менің тақырыбым «бейімдеу орталығы жағдайында тәрбиеленушілердің белсенділіктерін жетілдіру үшін ойын арқылы баланың қимыл-қозғалыстарын дамытудың маңызы» болғандықтан, негізгі мақсатым: ойын арқылы және көңіл – күй арқылы балалардың тілін дамыту, ақыл-ой белсенділіктерін қалыптастыру; оларды сергіте, қуанта отырып, белсенді әрекетке жұмылдыру, ойын таңдаудағы, ойлағанын жүзеге асырудағы дербестігін жетілдіру, сабырлы әрі ынталы ойнауға тәрбиелеу, әртүрлі ойын түрін қолдану арқылы баланың жеке басының қасиеттерін қалыптастыру, көңіл – күйлерін көтеру, жолдастарына деген қайырымдылыққа тәрбиелеу. Бұл жерде белгілі ғалым психолог Д.Б.Элкониннің айтқан ойы оралады: «Ойын – баланы ешкім, ешқашан үйрете алмайтын нәрсеге үйретеді. Бұл нақты өмірге, кеңістікке, құбылыстарға, адамның іс - әрекетіне бағдар беретін зерттеу тәсілі. Ойын үрдісі кезінде балалар зерттеу, сараптама жасау, оқу арқылы өмірге, әлемді танып – білуге бағалауға үйренеді».
Жеке тұлғаның ақыл – ойын, танымдық үрдістерін жетілдірудің, әлеуметтендіру мен жан – жақты тәрбиелеудің көрсеткіші ретінде бағаланатын оқу – тәрбие үрдісінде балалардың жас және дербес ерекшеліктерін ескере отырып, ойын әрекетін ұтымды пайдаланудың мүмкіндіктері мол.
А.С.Макаренко: «Ойын – балалар өмірінде өте маңызы зор нәрсе, үлкендердің қайраткерлігі, жұмысы, қызметі қандай маңызды болса, балалардың ойыны да сондай маңызды. Ойында бала қандай болса, өскен кезде жұмыста да көбінесе сондай болады. Сондықтан балалардың білуге деген ынтасы мен мүмкіншіліктерін толық пайдалану, оларды оқу процесінде үздіксіз дамытып отыру және сабақта алған білімін практикада қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін ойын элементтерін пайдаланудың орны бөлек» - деп атап кеткен.
Ойын демекші ол - адамдардың мінез–құлқын өзі басқарумен аңықталатын қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдаяттар негізіндегі іс- әрекеттің бір түрі. Қандай ойын болсын,әйтеуір бір нәрсеге үйретеді, ең бастысы, баланы мұқияттылыққа, еңбекке, жолдасымен ынтымақта болуға баулиды. Қай ойын болсын баланың алдына тиісті мақсат қойылады да, сол мақсатты орындау үшін бала тиісті қимыл жасайды. Ойын баланың адамгершілік, ақыл-ой жағынан да дамуына игі ықпал етеді. Ойын ережесін орындау кезінде бала ептілік, икемдік, шапшаңдық көрсетумен қатар, тапқырлық, жігерлілік, ұстамдылық көрсетіп өзін-өзі басқара білуге де үйренеді. Бейімдеу орталығына уақытша орналастырылған тәрбиеленушілер әртүрлі ортадан келгендіктенойын барасында оларға қойылар шарт - ойын барысындағы іс-әрекеттерінің келісім бойынша жүргізілуін талап ету. Белгіленген ережені дәл орындау ұжымдық дағды, жолдастық сезім қалыптастыруға ықпал етеді. Ойын барысында баланың қозғалу ырғағындағы қимыл шапшаңдығына байланыстықозғалыс сымбатындағы жарасымдық пен әсемдік олардың эстетикалық сезімін де тәрбиелейді. Бала бәрінен де бұрын оңға солға, алға, кейін деген сияқты бағдарлау істерін тәжірибе жүзінде меңгереді. Ойын екі түрлі уақыттық бағытты қамтиды: қазіргі және болашақ. Бір жағынан бала бірден, осы мезетте қуанышқа бөленеді, екінші жағынан ойын әрқашан болашаққа бағытталған, өйткені ойын барысында тұлғаның келешек өміріне ықпал ететін сапалы қасиеттері мен іскерлік дағыларды қалыптастырады.
Балада жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жеке тұлғалық қатынасын (этикалық, эстетикалық, адамгершілік тұрғысынан) тәрбиелеу мақсатын халқымыздың мәдени рухани мұрасының, салт-дәстүрінің озық үлгілерін оның бойына дарыту арқылы жүзеге асыруға болады. Осымен байланысты халқымызға тән әдептілік, қонақжайлық, мейірімділік, т.б. сияқты қасиеттер, табиғатқа деген қарым-қатынасындағы біздің халыққа тән ерекшеліктер. Жас ұрпақ өз халқының мәдениетімен, асыл мұраларымен ұлттық әдебиеттер арқылы танысып келеді. Ойынды сабақта қолдану балалардың ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы.
Адамның денесі мен қимыл-ойының дамуына қозғалыс күшті әсер етеді. Балалар мен жасөспірімдердің дамуында қозғалыстың маңызы өте зор екені айтпаса да түсінікті. Күнделікті тіршілікте орындалатын қимылдардың қосындысын адамның қозғалыс белсенділігі деп атайды. Қозғалыс белсенділігі ұйымдастырылмаған қимылдардан тұрады. Ұйымдастырылған қозғалыс белсенділігіне дене шынықтыру жаттығулары, спорт, сабақ кезінде, белгілі еңбек әрекетіне байланысты пайда болған қозғалыстар жатады. Ал ұйымдастырылмаған қозғалысқа түрлі ойындар кезіндегі, өзін-өзі күтуге байланысты, қыдырған кездегі қозғалыстар жатады. Адам денесі үшін ұйымдастырылған қозғалыстар маңызы зор. Сондықтан бейімдеу орталығы сияқты мекемелердегі балалардың мұндай қозғалыстарын дұрыс жоспарлап іске асыру арқылы балалардың қимыл-дағдыларын қалыптастыруға, саналы қозғалыстарын көбейтуге болады. ХХІ – ғасыр білімділер ғасыры болғандықтан бүгінгі таңда заманымызға сай зерделі, ой - өрісі жоғары, жан–жақты дамыған ұрпақ қалыптастыру мемлекетіміздің алға қойған аса маңызды міндеті болып тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |