Бірінші кезеңде (2000-2002) нақты зерттеу міндеттерін қою мақсатында мәселенің теория мен практикадағы жағдайы зерттелді, теориялық тұжырымдамалар талданды, зерттеудің ғылыми аппараты, болжамы мен жетекші идеясы нақтыланды.
Екінші кезеңде (2002-2004) зерттеудің теориялық негізі нақтыланып, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі зерттеу мәселесіне талдау жүргізілді; тәжірибелік-педагогикалық жұмыс бағдарламасы жасалынып, эксперимент басталды.
Үшінші кезеңде (2004-2006) зерттеудің теориялық және практикалық қорытындылары жасалып, тәжірибелі-педагогикалық жұмыстың мәліметтері талданып, зерттеу мәселесі бойынша әдістемелік құралдар әзірленіп, диссертацияны рәсімделу жүзеге асырылды.
Зерттеу базалары:
Тәжірибелі-педагогикалық жұмыс Қарағанды қаласының №145 «Балапан», №42 «Тілек», №65 «Балауса» балабақшаларында, №68 мектеп-интернат-балабақша жалпы білім беретін кешенінде жүргізілді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың ерекшеліктерін ашу негізінде этностық-мәдени сәйкестілік түсінігін нақтылау.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру үлгісі педагогикалық шарттардың жүйелі түрде өңделуіне әсерін тигізеді.
Этностық-мәдени сәйкестіліктің қалыптасуы нақты педагогикалық шарттар жүйесі арқылы жүзеге асырылады: тілдік ортаның белсенділігі, бес-алты жастағы балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін дамытуға арналған мектепке дейінгі ұйымдардың оқу-тәрбие үдерісінің мазмұнына этностық-мәдени материалды ендіру, бес-алты жастағы балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін дамытуда отбасының көмегі, отбасының этностық-мәдени сәйкестілігін дамытуға бағдарлануы.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың нәтижелері.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі. Жұмыс нәтижелері халықаралық, республикалық, аймақтық ғылыми-практикалық және ғылыми-әдістемелік конференцияларда (Қарағанды-1997-2005; Талдықорған-2002; Жезқазған-2004-2006; Алматы-2005; Көкшетау-2005-2006); ғылыми мақалалардың баспаларында (Информационно-методический вестник РИПК СО «Менеджмент в образовании», № 3 (30), 2003; Қарағанды мемлекеттік университетінің хабаршысы, №1(33), 2004; Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ғылыми журналы «Ізденіс», гуманитарлық ғылымдар сериясы, №1, 2006; Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ғылыми-педагогикалық басылымы «Ұлт тағылымы», №1, 2006) жарияланды; мектепке дейінгі педагогикалық-психологиялық даярлық теориясы және әдістемесі кафедрасының мәжілістерінде баяндалды. Сонымен қатар оқу-әдістемелік құрал (Қарағанды-2003); қазақ және орыс тілдерінде типтік оқу бағдарламалар (Қарағанды-2003-2005) жарияланды. «Ана тілі» атты ЭЕМ-ға арналған бағдарлама; «Мектепке дейінгілерге этностық-мәдени білім беру» бағдарламасы; «Ата-аналармен жұмыс» әдістемелік нұсқауы, «Тәрбиешілерге көмек» атты практикалық нұсқау әзірленді.
Диссертация құрылымы: жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған деректер көздерінен және қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде тақырыптың көкейкестілігі, зерттеудің ғылыми аппараты: зерттеу нысаны, пәні, мақсаты, ғылыми болжамы, міндеттері, әдіснамалық және теориялық негіздері, зерттеу әдістері, зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәнділігі, зерттеудің практикалық мәнділігі, зерттеу кезеңдері, қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар айқындалады.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздері» атты бірінші бөлімінде мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың ерекшеліктері ашып көрсетіледі, осы ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың теориялық үлгісі құрылып, олардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттар жүйесі анықталады.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру бойынша тәжірибелік-педагогикалық жұмыс» атты екінші бөлімінде мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру жұмысының ұйымдастырылуы мен барысы, мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру бойынша тәжірибелік-педагогикалық жұмыстың нәтижелері көрсетілген.
Қорытындыда зерттеу нәтижелері беріліп, ұсыныстар айтылады.
Негізгі бөлім
Зерттеуіміздің мақсатын жүзеге асырудың жолдарын анықтауда алгоритм құрдық. Осыған сәйкес біз ғылыми әдебиеттерді талдап, негізгі әдіснамалық қағидаларды анықтадық. Әдіснамалық қағидалар негізінде мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың ерекшеліктері айқындалып, талаптар қойылып, зерттеліп отырған мәселенің үлгісі мен педагогикалық шарттар жүйесі құрылды (сурет 1).
Мектепке дейінгі ұйымдарда баланың белгілі бір халыққа тиістілігі екенін саналы түрде меңгеру, оның ерекшеліктерін айқындау педагогикалық ерекшеліктерін зерттеуден тұрады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың ерекшеліктерінің бірі табиғилық принциппен айқындалады.
Тәрбиенің табиғилық принципін алғашқы рет XVII ғасырда Я.А.Коменский көрсетті. Тәрбиенің бұл принципінің жүзеге асырылуын қазақтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінен көруге болады. Олар өздерін табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде есептеген. Мұның барлығы өз ізін жыныстық-жас ерекшелік саралауда да қалдырды.
Ата-бабаларымыздың «Балаңды бес жасқа дейін хандай ұста, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай көр» деген дана сөзінен баланың мектепке дейінгі кезеңінде сана-сезімінің тұрақсыздығы, танымдық ерекшеліктерінің ырықсыздығы, ересектердің мінез-құлықтарына еліктеушілігі көрінеді. Сондықтан этностық-мәдени сәйкестілікті мектепке дейінгі кезеңде қалыптастырудың ерекшелігін бұл принцип аша түседі.
Тәрбиенің табиғилық принципі – кез келген тәрбие әрекеті мен педагогикалық процестің жетекшісі болып, нақты даму деңгейімен ерекшеленеді. Бұл принциптің мәні мынада: тәрбие мен білім беру табиғи және әлеуметтік-мәдени процестердің өзара байланысы туралы ғылыми түсінігінің негізінде танылады. Биологиялық организмнің витальды ерекшеліктерін есепке алу және жыныстық-жас ерекшелік саралауынан тұрады.
Тұлғаның «Мен-тұжырымдама» бөлігінде этностық-мәдени сәйкестілік адам психологиясының түбірлі өзгерісіне байланысты. Одан жас ерекшелік дамуының әр түрлі кезеңіндегі сапалы мәнін табуға болады.
Этностық-мәдени сәйкестілік өзінің қалыптасу процесінде баланың психикалық даму кезеңдеріне сай бірнеше кезеңдерден өтеді. Баланың белгілі бір ұлттық топқа жататыны жөніндегі алғашқы тұжырымдамалардың бірін Пиаже ұсынды. Пиаже этникалық сипаттамалардың дамуының алғашқы кезеңін мектепке дейінгі жас кезеңіне арнады, бірақ бала алғашқы өз этносы туралы үзік, жүйелі емес білімді игереді дейді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың ерекшелігін айқындайтын екінші әдіснамалық қағида - мәденилік принципі.
Балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыруда мәденилік принципінің мәні бала тәрбиеленіп отырған ортаның, ұлттың, қоғамның, мемлекеттің, аймақтың мәдениетін баланың қолдана алуы.
Н.Б.Крылова бойынша мәденилік принцип – метапринцип, тәрбие мен білім беру, бір жағынан, мәдениеттің ерекшеліктері мен талаптары бірқалыпты болса, екінші жағынан, әлеуметтік қайта құруға қабілетті, яғни тек қана оның нормалары мен құндылықтарын тасымалдаушы ғана емес, жаңа мәдени формаларды ұйымдастырушы. Тәрбие мен білім берудің қабілеттілігі - мәдениеттің мәнін, қарқынын, мазмұны мен компоненттерін көрсетіп, мәдени өзін-өзі анықтауға және сәйкестілендіруге (идентификациялауға) шарттар тудыру. Бұл принцип бойынша тәрбие мен білім беру жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде пайда болып, оларға қайшылыққа келмейтін этно-ұлттық мәдени құндылықтар мен нормалар және аймақтық дәстүрлерге сәйкес құрылады.
Этностық-мәдени сәйкестіліктің дамуы бұл мәдени салада маңызды роль атқаратын психологиялық әлеуметтік үрдіс. Адам өзінің сәйкестілігін мойындайтын көптеген ерекшеліктерді әлеуметтік жағдайдың дамуын талдамайынша, түсінуі қиын.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың маңызды факторы - тіл. Балалардың өзара әрекетінің нәтижесінде этникалық топ өзінің этникалық тілін сақтай алады, кез келген жағдайда этникалық тілді сақтау этностық-мәдени сәйкестілікке әсер етеді.
Бабаларымыздың қара сөзінің құдыретін жас ұрпаққа үйрету арқылы олардың сөз қорын байытып, ана тілінің мәртебесін көтеру қажет деп ойлаймыз.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың үшінші ерекшелігі ұлттық сана-сезім мен этностық-мәдени сәйкестіліктің арақатынасына байланысты айқындалады. Балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыруда бұл ерекшеліктің мәні этностық-мәдени сәйкестілік компоненттері арқылы анықталады. Олар: когнитивті, аффективті, мінез-құлықтық.
Когнитивті компонентке жас ерекшелігіне этникалық өзіндік идентификация, ана тілін үйренуге талпыныс, өз халқының және басқа да этностардың тарихын, мәдениетін және ұлттық ерекшеліктерін білу жатады.
Аффективті компонентке жеке тұлғаның сезімінде көрінетін сипаттамалар кіреді.
Мінез-құлықтық компонентке мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың әрекетіндегі білім, эмоция, сезімдердің көрінуі, мінез-құлық ережелерін сақтауы жатады.
Ұлттық сананың қалыптасуындағы мәдениет, өнер рольдерін ашуда, оның маңызын көрсетуде де Л.С.Выготскийдің триадасы «сана – мәдениет – жүріс-тұрыс» туралы пікірін тысқары қалдыра алмаймыз. Себебі, әр ұлт өзінің ұлт болып қалыптасуында өзінің рухани мәдениеті: әдебиеті, өнері, ғылымы арқылы мінез-құлық, болмыс, сана-сезім ерекшеліктерін анық көрсетеді. Сөйтіп, өзінің өмір сүру ұзақтығы, мәдениетінің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ұлт бастамасы «баланың» өз мәдениетіне ену мүмкіндігімен анықталады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың төртінші ерекшелігі этноәлеуметтік-рольдік принципіне негізделеді.
Этностық мәдениеттің қайта пайда болуы жағдайында біз баланың назарын жас кезінен этноәлеуметтік рольдерге аударуымыз керек. Бала басқа адам алдындағы өз міндетін, жауапкершілігін бірте-бірте игере отырып, өзінің этноәлеуметтік ролінің мәнін түсіне бастайды. Этноәлеуметтік рольді тани отырып, бала бір жас кезеңнен екінші жас кезеңге өту барысында әр түрлі этноәлеуметтік рольдерді игереді. Бұл рольдердің этникалық тәрбие берудегі маңызы өте зор. Оларды әлеуметтену үдерісімен бірлікте жүзеге асыру керек. Адам әлеуметтену барысында белгілі рольдер атқарып, сол рольдер арқылы әлеуметтік ортада белгілі орын алады.
Бала – отбасының жеміс берер гүлі, алтын тіреу діңгегі болғандықтан да, тәрбиенің негізі осы кішкентай нәресте кезден басталуы керек. Ұлттық тәрбие - бесіктен басталады. Отбасындағы ата мен әженің, әке мен шешенің, апа-қарындас, аға-інінің бір-бірімен күнделікті өмірдегі қарым-қатынасы, мінез-құлқы – ұлттық тәрбиенің бастау бұлағы. Этностық тәрбие – жеке тұлғаның этноәлеуметтік рольдер жүйесін игеруін мақсатты түрде реттеу.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың бесінші ерекшелігі мемлекеттік интеграция және этностық-мәдени сәйкестілік (қазақстандық патриотизм) идеясына тәуелді.
Қазіргі қоғам дамуында және білім беру жүйесінде екі тенденция байқалады: саралау және кірігу. Этностық қатынастар саласында оларды бірлікте қарастыру этно-мәдени білім беру қажеттілігін тудырды. Педагогикалық үдерісте бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру этностық сәйкестілікті мемлекеттік кірігумен бірлікте қалыптастыру мақсатына әкелді.
Мемлекеттік сәйкестілік (кірігу) – этно-мәдени білім берудің фундаментальды және стратегиялық мақсаты. Егер этностық сәйкестілікке жеке және топтық түрде қысқа уақыт мерзімінде жетуге болса, мемлекеттік кірігуге жету – мемлекетте тұратын барлық этностардың күштерін талап ететін ұзақ процесс (ҚР этномәдени білім тұжырымдамасы).
Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан - 2030» Жолдауында: «...оқушыларды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажет... бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек», - деген болатын. Елбасының бұл сөздері педагогтар үшін негізгі бағыт, бағдарлама болып табылады.
Этностық-мәдени сәйкестілікті қалыптастырудың алтыншы ерекшелігі тұқымқуалаушылық, орта және тәрбиенің әсерінен туындайды. Бұқар жырау «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, адамның ата-тегінен» деген. Қазақ сонау ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан, тұқым қуалайтын барлық жақсы қасиеттердің жиынтығын «тек» деген ұғымға сыйғызып, ондай адамдарды «текті» деп бір ауыз сөзбен сипаттаған. Ұлттық ерекшеліктерін қатаң ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіне осы тектілік негіз болғаны хақ. Тәрбиедегі негізгі түп – тектілік, оның тамырын, өмір тұрғысын дұрыс қалыптастыру - ата-ананың негізгі міндеті. Ол міндетті дұрыс атқару үшін олардың өздері баласына өнеге болуы тиіс.
Қазақтар «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле», - дегендей халқымыздың бойына сіңген атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесі өзге ұлттардан ерекшеленіп, өздеріне тән қасиеттерді көрсетіп тұратындығын жоққа шығара алмаймыз. «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр қалдыр» - деген қазақ халқы озық жұрттардың санатында болашақ қамын қатты ойластырған.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың жетінші ерекшелігі әлеуметтену және этностық тәрбие түсініктерінің арақатынасынан шығады.
Американ социологтары Т.Парсонс, Р.Мертон жеке тұлғаның белгілі ортаға бейімделіп, әлеуметтік ортада толық сабақтасып кету үдерісін әлеуметтену деп атайды. Адамның белгілі ортада әлеуметтенуі оның сол ортаға бейімделу деңгейімен анықталады.
Гуманистік психологияның өкілдері Г.Олпорт, А.Маслоу, К.Роджерс «жеке тұлғаның әлеуметтенуі дегеніміз оның өзіндік өзектелуінен, яғни «Мен» тұжырымдамасының процесінен, қандай ортада болмасын белгілі мағынаға ие болуынан көрінеді» - дейді. Жеке тұлға әлеуметтену барысында өзін-өзі тәрбиелеуге, істеген ісіне жауап беруге, яғни өзіндік сана-сезімінің қалыптасуына өзі ықпал ете алады. Адамның әлеуметтенуі - өмір бойы үздіксіз болып отыратын процесс. Әлеуметтену процесінің мазмұны жалпықоғамдық, ұжымдық, халықтық және ұлттық мазмұнға ие болады. Тәрбие және оқыту жеке тұлғаның әлеуметтену негізі бола алады.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі - өмір бойы жалғасатын біртұтас үздіксіз үрдіс, оның даму барысында адамның этнос субъектісі ретінде этностық құндылықтарды, этноәлеуметтік рольдерді және өз халқының салт-дәстүрлерінде шоғырланған этностық нормаларды меңгеруі, этностық өзіндік санасын оятып, өз ұлтына, тіліне, тарихына, мәдениетіне деген мақтаныш сезімін және басқа ұлт өкілдеріне сыйластық, түсіністік сезімін қалыптастыру болып табылады.
1-кестеде мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың ерекшеліктері көрсетілген.
Кесте 1 - Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың ерекшеліктері
Әдіснамалық қағидалар атаулары
|
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру ерекшеліктерінің сипаты
|
табиғилық принципі
|
Бес жасқа дейін баланың этностық-мәдени сәйкестілігі санасыздық деңгейде, ал бес жастан кейін психикалық даму ерекшелігі саналы даму деңгейіне жетеді. Сонымен қатар жыныстық ерекшелік те есепке алынады
|
мәденилік принципі
|
Балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру тәрбиеленіп отырған ортаның, ұлтының, қоғамның, мемлекетінің, аймағының мәдениетін қолдана алумен ерекшеленеді. Бұл жалпы адамзаттық құндылықтарға қайшылыққа келмейтін этно-ұлттық мәдени құндылықтар мен нормалар және аймақтық дәстүрлерге сәйкес құрылады
|
ұлттық сана-сезім мен этностық сәйкестіліктің арақатынасы
|
Этникалық сәйкестілік ұлттық сана-сезімнің компоненті ретінде қалыптасады. Бұл қалыптасу процесі мектепке дейінгі кезеңде көріне бастайды. «Мен қазақпын» атты қасиетін тәрбиелеу ұлттық сана-сезімнің ерекшелігінен туындайды
|
этноәлеуметтік рольдік принципі
|
Бала өз міндетін, жауапкершілігін бірте-бірте игере отырып, өзінің этноәлеуметтік ролінің мәнін түсіне бастайды. Этноәлеуметтік рольді тани отырып, бала бір жас кезеңнен екінші жас кезеңге өту барысында бір этноәлеуметтік рольден екіншісіне өтеді
|
мемлекеттік интеграция және этностық-мәдени сәйкестілік идеясына тәуелділігі
|
Этностық-мәдени сәйкестілік пен мемлекеттік азаматтық интеграциялау бірлікте қарастырылады. Қазақстандық патриотизм осы бірлік арқылы қалыптасады
|
тұқымқуалаушылық, орта және тәрбиенің әсері
|
Бала тәрбиесінің шешуші факторлары болып табылғандықтан, ұлттық ерекшеліктерді ұстану, оларды ұрпақтан ұрпаққа тәрбие арқылы жеткізіп, этногенетика және этноәлеуметтік құндылықтарды қалыптасады
|
әлеуметтену және этностық тәрбие түсініктерінің арақатынасы
|
Әлеуметтену процесі этникалық құндылықтарды, этноәлеуметтік рөлдерді және өз халқының салт-дәстүрлерінде шоғырланған этникалық өзіндік санасын оятып, өз ұлтына, тіліне, тарихына, мәдениетіне деген мақтаныш сезімін және басқа ұлт өкілдеріне сыйластық, түсіністік сезімін қалыптастырады
|
Зерттеуіміздің мақсатын жүзеге асырудың жолдарын анықтау алгоритміне сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың ерекшеліктері айқындалғаннан кейін, мынадай талаптар туындайды:
мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбие мен оқытудың мазмұны, түрі және әдістері гуманизм мен қоғамды демократияландыру рухына сәйкес құрылуға тиіс;
мектеп жасына дейінгі кезеңнің ерекшелігі сол, бұл кезеңде баланың этностық-мәдени сәйкестілігі, адамгершілік қасиеттері, білімдік дағдылары мен икемділіктерінің негізі қалыптастырылуы қажет;
мектеп жасына дейінгі кезеңге қойылатын аса маңызды талап - балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырып, білімдерін жинақтау мен жүйелеу, олардың айналадағы құбылыстар туралы негізгі түсініктері мен қарапайым ұғымдарын қалыптастыру;
балаға мектепке дейінгі ұйымдарда педагогикалық үдеріс арқылы қазақстандық рухани құндылықтарға сай адамгершілік, мәдениет негіздері дариды. Ұлттық мінез-құлық, талғампаздық, талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыру;
балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыруда мектепке дейінгі ұйымдарға оқу және тәрбие мәселелерін шешуде өзіндік білімін пайдалана алатын, танымдық әрекеттері мен ойлануы жеткілікті даму деңгейіне көтерілген, жоғары білікті мамандар даярлау;
баланың қоршаған ортамен қарым – қатынас жасауына, әлеуметтену процесіне ерекше көңіл бөлу.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыруға қойылатын талаптарға сәйкес және ерекшеліктерін ескеру арқылы этностық-мәдени сәйкестілікті қалыптастырудың компоненттері, өлшемдері, көрсеткіштері анықталды (кесте 2).
Кесте 2 - Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың компоненттері, өлшемдері және көрсеткіштері
Компоненттер
|
Өлшемдер
|
Көрсеткіштер
|
Танымдық
|
Білімдер
|
Баланың ана тілі, ата тегі, төл мәденеті мен тарихы, туған жері, салт-дәстүрлері, ұлттық рәміздер туралы, сонымен қатар жеті атасы, өз жұрты мен нағашылары, туыс атаулары және өзінің этноәлеуметтік рольдері туралы білімдер
|
Аффективтік
|
Ұмтылысы мен ынтасы
|
Жоғарыда аталған білімдерге қызығушылық, саналы түрде өзінің және өз ұлтының жағымды және жағымсыз эмоцияларының сезінуі, өзіндік сана-сезімі
|
Мінез-құлықтық
|
Біліктері мен дағдылары
|
Белсенділігін, өз-өзін және басқаларды тануға ұмтылысын, ынтасын дамыту, этникасына, ұлтына және мәдениетіне тиістілігіне қарамастан, басқа ұлттарға балалардың қатынасы - толеранттылық
|
Көрсетілген өлшемдер этностық-мәдени сәйкестілікті қалыптастыру процесінің нәтижесін анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан осы үдерістің бір құрылымдық компоненті ретінде қарастыра отырып, мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың үлгісі құрылды (сурет 2).
2-ші суретке сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың мақсатын жүзеге асыра отырып, мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілікті қалыптастырудың педагогикалық шарттар жүйесін құрастыру негізгі міндет болып табылады. Бұл міндет мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың үш компонентін жүзеге асыруды көздейді:
|