Зерттеу кезеңдері туралы теориялар
Зерттеудің кезеңдері:
Бірінші кезеңде (2000-2002) нақты зерттеу міндеттерін қою мақсатында мәселенің теория мен практикадағы жағдайы зерттелді, теориялық тұжырымдамалар талданды, зерттеудің ғылыми аппараты, болжамы мен жетекші идеясы нақтыланды.
Екінші кезеңде (2002-2004) зерттеудің теориялық негізі нақтыланып, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі зерттеу мәселесіне талдау жүргізілді; тәжірибелік-педагогикалық жұмыс бағдарламасы жасалынып, эксперимент басталды.
Үшінші кезеңде (2004-2006) зерттеудің теориялық және практикалық қорытындылары жасалып, тәжірибелі-педагогикалық жұмыстың мәліметтері талданып, зерттеу мәселесі бойынша әдістемелік құралдар әзірленіп, диссертацияны рәсімделу жүзеге асырылды.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың үшінші ерекшелігі ұлттық сана-сезім мен этностық-мәдени сәйкестіліктің арақатынасына байланысты айқындалады. Балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастыруда бұл ерекшеліктің мәні этностық-мәдени сәйкестілік компоненттері арқылы анықталады. Олар: когнитивті, аффективті, мінез-құлықтық.
Когнитивті компонентке жас ерекшелігіне этникалық өзіндік идентификация, ана тілін үйренуге талпыныс, өз халқының және басқа да этностардың тарихын, мәдениетін және ұлттық ерекшеліктерін білу жатады.
Аффективті компонентке жеке тұлғаның сезімінде көрінетін сипаттамалар кіреді.
Мінез-құлықтық компонентке мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың әрекетіндегі білім, эмоция, сезімдердің көрінуі, мінез-құлық ережелерін сақтауы жатады.
Ұлттық сананың қалыптасуындағы мәдениет, өнер рольдерін ашуда, оның маңызын көрсетуде де Л.С.Выготскийдің триадасы «сана – мәдениет – жүріс-тұрыс» туралы пікірін тысқары қалдыра алмаймыз. Себебі, әр ұлт өзінің ұлт болып қалыптасуында өзінің рухани мәдениеті: әдебиеті, өнері, ғылымы арқылы мінез-құлық, болмыс, сана-сезім ерекшеліктерін анық көрсетеді. Сөйтіп, өзінің өмір сүру ұзақтығы, мәдениетінің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ұлт бастамасы «баланың» өз мәдениетіне ену мүмкіндігімен анықталады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың төртінші ерекшелігі этноәлеуметтік-рольдік принципіне негізделеді.
Этностық мәдениеттің қайта пайда болуы жағдайында біз баланың назарын жас кезінен этноәлеуметтік рольдерге аударуымыз керек. Бала басқа адам алдындағы өз міндетін, жауапкершілігін бірте-бірте игере отырып, өзінің этноәлеуметтік ролінің мәнін түсіне бастайды. Этноәлеуметтік рольді тани отырып, бала бір жас кезеңнен екінші жас кезеңге өту барысында әр түрлі этноәлеуметтік рольдерді игереді. Бұл рольдердің этникалық тәрбие берудегі маңызы өте зор. Оларды әлеуметтену үдерісімен бірлікте жүзеге асыру керек. Адам әлеуметтену барысында белгілі рольдер атқарып, сол рольдер арқылы әлеуметтік ортада белгілі орын алады.
Бала – отбасының жеміс берер гүлі, алтын тіреу діңгегі болғандықтан да, тәрбиенің негізі осы кішкентай нәресте кезден басталуы керек. Ұлттық тәрбие - бесіктен басталады. Отбасындағы ата мен әженің, әке мен шешенің, апа-қарындас, аға-інінің бір-бірімен күнделікті өмірдегі қарым-қатынасы, мінез-құлқы – ұлттық тәрбиенің бастау бұлағы. Этностық тәрбие – жеке тұлғаның этноәлеуметтік рольдер жүйесін игеруін мақсатты түрде реттеу.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың бесінші ерекшелігі мемлекеттік интеграция және этностық-мәдени сәйкестілік (қазақстандық патриотизм) идеясына тәуелді.
Қазіргі қоғам дамуында және білім беру жүйесінде екі тенденция байқалады: саралау және кірігу. Этностық қатынастар саласында оларды бірлікте қарастыру этно-мәдени білім беру қажеттілігін тудырды. Педагогикалық үдерісте бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру этностық сәйкестілікті мемлекеттік кірігумен бірлікте қалыптастыру мақсатына әкелді.
Мемлекеттік сәйкестілік (кірігу) – этно-мәдени білім берудің фундаментальды және стратегиялық мақсаты. Егер этностық сәйкестілікке жеке және топтық түрде қысқа уақыт мерзімінде жетуге болса, мемлекеттік кірігуге жету – мемлекетте тұратын барлық этностардың күштерін талап ететін ұзақ процесс (ҚР этномәдени білім тұжырымдамасы).
Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан - 2030» Жолдауында: «...оқушыларды қазақстандық патриотизм мен шығармашылық жағынан дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу аса қажет... бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тектілік, білімділік, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз керек», - деген болатын. Елбасының бұл сөздері педагогтар үшін негізгі бағыт, бағдарлама болып табылады.
Этностық-мәдени сәйкестілікті қалыптастырудың алтыншы ерекшелігі тұқымқуалаушылық, орта және тәрбиенің әсерінен туындайды. Бұқар жырау «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да, адамның ата-тегінен» деген. Қазақ сонау ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан, тұқым қуалайтын барлық жақсы қасиеттердің жиынтығын «тек» деген ұғымға сыйғызып, ондай адамдарды «текті» деп бір ауыз сөзбен сипаттаған. Ұлттық ерекшеліктерін қатаң ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіне осы тектілік негіз болғаны хақ. Тәрбиедегі негізгі түп – тектілік, оның тамырын, өмір тұрғысын дұрыс қалыптастыру - ата-ананың негізгі міндеті. Ол міндетті дұрыс атқару үшін олардың өздері баласына өнеге болуы тиіс.
Қазақтар «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле», - дегендей халқымыздың бойына сіңген атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесі өзге ұлттардан ерекшеленіп, өздеріне тән қасиеттерді көрсетіп тұратындығын жоққа шығара алмаймыз. «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр қалдыр» - деген қазақ халқы озық жұрттардың санатында болашақ қамын қатты ойластырған.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың этностық-мәдени сәйкестілігін қалыптастырудың жетінші ерекшелігі әлеуметтену және этностық тәрбие түсініктерінің арақатынасынан шығады.
Американ социологтары Т.Парсонс, Р.Мертон жеке тұлғаның белгілі ортаға бейімделіп, әлеуметтік ортада толық сабақтасып кету үдерісін әлеуметтену деп атайды. Адамның белгілі ортада әлеуметтенуі оның сол ортаға бейімделу деңгейімен анықталады.
Гуманистік психологияның өкілдері Г.Олпорт, А.Маслоу, К.Роджерс «жеке тұлғаның әлеуметтенуі дегеніміз оның өзіндік өзектелуінен, яғни «Мен» тұжырымдамасының процесінен, қандай ортада болмасын белгілі мағынаға ие болуынан көрінеді» - дейді. Жеке тұлға әлеуметтену барысында өзін-өзі тәрбиелеуге, істеген ісіне жауап беруге, яғни өзіндік сана-сезімінің қалыптасуына өзі ықпал ете алады. Адамның әлеуметтенуі - өмір бойы үздіксіз болып отыратын процесс. Әлеуметтену процесінің мазмұны жалпықоғамдық, ұжымдық, халықтық және ұлттық мазмұнға ие болады. Тәрбие және оқыту жеке тұлғаның әлеуметтену негізі бола алады.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі - өмір бойы жалғасатын біртұтас үздіксіз үрдіс, оның даму барысында адамның этнос субъектісі ретінде этностық құндылықтарды, этноәлеуметтік рольдерді және өз халқының салт-дәстүрлерінде шоғырланған этностық нормаларды меңгеруі, этностық өзіндік санасын оятып, өз ұлтына, тіліне, тарихына, мәдениетіне деген мақтаныш сезімін және басқа ұлт өкілдеріне сыйластық, түсіністік сезімін қалыптастыру болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |