«кітапханашының Өзін ұстау және сөйлеу мәдениеті» жас кітапханашылармен әңгімелесу Мақсаты



Дата11.01.2017
өлшемі170,99 Kb.
#6859
    Бұл бет үшін навигация:
  • Әдісі
«КІТАПХАНАШЫНЫҢ ӨЗІН ҰСТАУ ЖӘНЕ СӨЙЛЕУ МӘДЕНИЕТІ»

жас кітапханашылармен әңгімелесу
Мақсаты: Сөз құдіреті, әдеби сөйлеу, кітапханашының оқырман алдында алатын орны жайлы түсінік беру; сөйлеу шеберліктерін, ойлау белсенділіктерін, тіл мәдениетін дамыту.

Әдісі: түсіндіру, әңгімелесу, сұрақ-жауап, қорытындылау.

Жоспары:

I. Кіріспе.

II.Негізгі бөлім.

II. 1. Кітапхана - мәдениеттің жоғары деңгейі.

II. 2.Кітапханадағы «кітапханашы-оқырман» арасындағы қарым-қатынас сөйлеу мәдениетінің негізі.

II. 3. Кітапханада өткізілетін іс-шаралардың сөйлеу ерекшеліктері.

II. 4.Кітапханашының сөйлеу мәдениеті және өзін ұстау этикасы.

III. Қорытынды. Ойын-тренинг

IV. Қолданылған әдебиеттер.

Өту барысы:

I.Кіріспе.

«Сөйлеу мәдениеті» ұғымына адамның сезімі мен жүрегіне қозғау салып, оларды белгілі бір мақсатқа жұмылдыра білу өнерін жатқызуға болады. Дұрыс сөйлей білу - өмірдегі жетістіктердің бастауы, кәсіптік деңгейдің жоғарылығын көрсетеді. 1893 жылы орыстың жазушысы А.П.Чехов Москва университетіне риторика пәнінің енгізілетінін естіп қолдау көрсетеді. А.П.Чехов зиялы адамның дұрыс сөйлей алмауы, дұрыс жаза және оқи алмауымен бірдей деген.

Сөйлеу мәдениетін меңгерген адам, өзінің ойын дұрыс жеткізе алады, тыңдаушының ойын басқа арнаға бұрып әкететіндей артық сөз айтпайды. Өз уақытында және орнымен айтылған сөз қандай жағдайлардан да жол тауып кетуге көмектесетіні сөзсіз. Көптеген атақты жазушылар, кітапханатанушылар сөз – дұрыс пайдаланушының қолында болса, мықты қару болып есептеледі, ешқандай кітап, плакат адамның сөзін алмастыра алмайды деп есептейді. Гете кітап көп нәрсеге үйретеді, бірақ ұстаз бен уағыздаушының күшіне жетпейді деген. Орыс жазушысы А.Гончаров болса, қандай да бір керемет кітаптар өзінің дұрыс насихаттаушысын таппаса, ол сол беті өлі дүние болып қалады дейді. Сөйлей білу кітапханашы маманға аса қажет, себебі ол оқырмандармен, әріптестермен, қоғамдық мекемелермен үнемі қарым-қатынаста болады. Сөйлеу мәдениетінің түп-тамыры Көне Грециядан бастау алады. Біздің эрамызга дейінгі V ғасырда Элладада сопылардың мектебі ашылады, олар сөзді жоғары деңгейге көтеруге күш салады, азаматтарды өз сөздерін дұрыс жеткізе білуге, сотта сөз сайысына түсуге үйретеді, себебі ол кезде сотта әркім өзін-өзі қорғайтын. Сопылардың оқуы шындықты айтуга негізделмеген, тек сөзбен иландыруға гана негізделетін. Сопылардың оқуы Платон мен Сократтың сынына ұшырады.

Әрине әр ғасырда көптеген шешендер өмір сүрген, олардың барлығын мысал ретінде айта беруге болады. Жалпы, сөз өнеріне бейімділікті әр адамның жеке қасиеті деуге болады, бірақ та мына мысалға қараңыздаршы.

Тарихта Демосфеннен артық шешен жоқ деп айтады. Бала күнінде қамқоршыларының әкесінен қалған үлкен мұраны дұрыс бөлмегеніне ыза болған Демосфен кәмелетке толғаннан кейін сотта өз мұрасын даулап алмақ болады, бірақ ол ісі іске аспайды. Себебі, ол дұрыс сөйлей алмайтын еді, тұтығып, сөзінің аяғын жұтып қойған Демосфенді тыңдаушылар күлкіге айналдырады. Оның кескін-келбеті де адамды тартпайтын, ол өте арық, еңкіш тартқан денесіне қолын орынсыз сермегенін қоссаңыз өте күлкілі жағдайға кенелесіз.

Осы жағдайдың барлығы болашақтағы ұлы шешенді тоқтатпайды. Ол жердің астынан өзіне орын жасап алып шешендік өнерге үйрене бастайды. Сыртқа шықпау үшін шашын жартылай алып тастайды. Алдын ала дайындап алған сөздерді ол сағаттап сөйлейді, тілін күрмеп сөйлейтін кемшілігін жою үшін, дем алмастан тауға күніне неше рет шығады, теңіз жағасына келіп, тілі мен тіс еттерінің қанағанына қарамай аузына ұсақ тастарды толтырып алып теңіз шуынан да қатты айғайлап тілінің кемшілігін жоюға тырысады. Ал иығы өз қалпынан төмен түсіп кетсе, алдын ала дайындап қойған өткір семсер арқасына қадалатын. Міне, осындай жанқиярлық еңбектің арқасында Демосфен өзінің алдына қойған мақсатына жетіп өзіне тиесілі әкесінен қалған мұраны даулап алады. Ол кереметтей шешен болып шығады, мыңдаған тындаушылардың құрметіне ие болып, сөз құдіретінің арқасында қаншама мемлекеттердің тағдырына ықпал етеді. Бұл мысалдан қандай қорытынды шығаруға болады, өзіңді өзің тәрбиелесең, еңбектенсең сөз сөйлеу өнерін де меңгеруге болатынын көрсетеді.

Қазақ халқы да сөз өнеріне үлкен мән берген. Қандай да бір даулы мәселелерде Төле бидің сөзіне тоқтап мәмлеге келген, әсіресе өздерінің

шешендігімен, даналықтарымен қазақ халқының тарихында есімдері өшпес із қалдырған үш жүздің шешендері Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер еді.
II. Негізгі бөлім.

1. Кітапхана - мәдениеттің жоғары деңгейі.

Кітапхана - мәдениеттің жоғары деңгейі және ақпарат пен білім әлемі ретінде онда жұмыс істеген адамнан еріксіз жоғары стильді талап етеді.

Кітапхана бар білімнің қазынасын жинақтап, ақпаратты қызмет жүргізетін білім ордасы. Сондықтан кітапханаға келген әр адам, кітапханашыдан ерекше біліктілік пен мәдениеттілікті талап етеді. Кітапхана мәдени-ағарту мекемесі болғандықтан, біздің бойымыздан ешкімге ұқсамайтын мәдениеттілік желі есіп түру керек.

Әр адамның бір-бірімен қарым-қатынасы сөз, сөйлеу арқылы жүзеге асады. Тылсым тыныштықта, білім қазынасының ортасында отырған кітапханашыдан біліктілік пен ізгіліктің, инабаттылық пен әдептіліктің нұры шомылып тұруы керек. Сөйлей білу де өнер, ол табиғи дарын. Ал біздің қызметте бойыңа дарындылықты бермесе, үйреніп, оқып, ізденіп, тіпті түрлі тіл жаттығулары арқылы сөйлеу мәдениетін игергеніміз жөн. Журналист, мұғалім мамандықтары тәрізді кітапханашы маманына да сөйлеу мәдениетін, сөз өнерін меңгеріп, жоғары кәсіби деңгейде белгілі бір кітапты насихаттау, болмаса, өзінің көзқарасын білдіріп, адамдармен қарым-қатынасқа түсу үшін білім гана жеткіліксіз, кітапханашыға сөйлеу мәдениетінің негізі аса қажет. Жақсы сөзді дайындау өз алдына, оның мазмұнын тындаушылардың жаны мен жүрегіне дұрыс жеткізе білу басқа шаруа. Осының барлығына дұрыс жолға қойылған сөйлеу мәнері арқылы қол жеткізуге болады. Әр оқырман кітапханашының алдына келгенде, оның бойынан парасаттылық пен біліктілікті көргісі келеді. 80% оқырман кітапханашыға кітап таңдауда ақылшы, көмекші ретінде үміт артып келеді. Осы ізгі ниетін жоғалтпас үшін

кітапханашы оқырманға ерекше ықыласпен назар аударып, сөйлесу барысында адамның көзіне қарап, жылы жүзбен, ілтипатпен сөйлескені

дұрыс. Ұлы Абай сөз құдіретін:

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі

Өрнегін сендей сала алмас -деп тамсана бағалаған.

Кітапханашы өз оқырманының мінез-құлқын, мәдени деңгейін, тағы да

басқа ерекшеліктерін сұхбат барысында ескергені жөн. Бір ауыз сөз арқылы

сіздер біреуді риза етуге, көңілін жайландыруға, іздеген кітабын таба алмаса

да жігерлендіріп, үміттендіріп мейірімділікпен шығарып салғандарыңыз

дұрыс. Жазушы З.Қабдолов «Көп біліп-дөп сөйлеген шешен, аз біліп көп

сөйлеген-мылжың» деп әдемі түйіндеген. Осы бір қағида бізге керек-ақ. Ал

көп сөйлеудін қазығы - кітапта. Менің айтарым қазақ тіліндегі шығармаларды көп оқып, әдеби тілдеріңді дамытып, дұрыс сөйлесе білу.

Кітапханашының басты мақсаты елдің үрпағын білім дариясына бағыттау үшін қызмет ету.

Кітапхана өмірі - сырт көзге біліне, байқала бермейтін ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өмір. Сол өмірге бойлап, дендеп енген адам ғана бұл шаңырақтың қасиеттілігін, кітапханашы мамандығының қыры мен сырын аңғара алмақ. Сол мамандықты өміріне серік еткен адам ғана сана-сезімге тән ләззат сыйларға, рухани байлыққа кенеліп, жан дүниесі толысады. Ендігі жерде кітапхана мамандарының білімдерін тұрақты жетілдіру арқылы олардың ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеттерін қалыптастыру, олардың мемлекеттік тіл мен шет ел тілдерін білуі, жаңа технологиямен жұмыс істей білуі, жоспарлауды үйренуі, бағдарлама жасауды игеруі талап етіледі. Кітапханашыларымыз осындай бесаспап маман болғанда ғана бүгінгі күннің биік талаптарын орындай алмақ. Уақыттың талап-тілегіне сай оқырмандарды ақпараттық қажеттіліктермен өз дәрежесінде қамтамасыз ету үшін кітапхана ісін жүргізу мен басқарудың жаңа тәсілдері керек екені даусыз. Осындай өрелі міндетті жүзеге асыру барысында ең алдымен бұл саладағы әлемдік тәжірибеге назар аударуымыз керек. Сонымен қатар ақыл-ойды, сана мен парасатты саптан өткізудің маңызы өте зор.

Кітапханашы кітапхананың қожасы, оқырманның ең жақын досы. Кітапханашының адам тұлғасының қалыптасуында алатын рөлі өте ерекше, сондықтан да олардан кең түрде саяси білім талап етіледі. Кітаптың қасиеті мәңгілік. Ол қасиет қалам ұстаған сөз зергерлерінің ғана емес, өзін қоғамның белді мүшесімін деп есептейтін әрбір адамның ойына дарығанда ғана нұрлы болмақ. Кітаппен кездесе отырып, бүкіл адамгершілікке қатысты қасиеттерді тануға болады. Егер кітапханада адамға деген жылы шырай танылмаса, ол кітап тарататын, сақтайтын жерге айналады. Кітапқа көбіне кішкентай балалар ғашық болады. Есейген сайын кітапсыз өздерін жаман сезіне бастайды.

Қандайда өркениетті елдің дамуында білім, ғылым, мәдениет басты орын ала отырып, кітап оқуға деген құштарлық та арта береді. Кітаптан асқан қазына жоқ. Ешқандай байлық, дүние оның орнын баса алмайды.
ІІ.2. Кітапханадағы « кітапханашы-оқырман» арасындағы қарым- қатынас сөйлеу мәдениетінің негізі.

Кітапханадағы қарым-қатынастың өзіне тән маңызы бар, олар:

-коммуникативтік - бұл кітапханалық қарым-қатынастың түрі; кітапханалар ортасындағы қарым-қатынастық қызметтің құралы болып есептеледі;

-ақпараттық - кітапхана оқырманға ақпарат беріп отырады. Ақпарат пайдаланушыға беріледі, пайдаланушы мен ақпараттың арасында байланыс болмаса ақпарат өзінің маңыздылығын жоғалтады. Сонымен бірге кітапханашы өзінің білімін үнемі көтеріп отыруы қажет. Осы мақсатпен кітапханашылар әр түрлі әдістемелік ғылыми семинарларға, өндірістік кеңестерге, іс-тәжірибе алмасу шараларына, кітапхана ассоциациясының отырыстарына қатысып, баспасөз беттері арқылы өз іс-тәжірибелерін бөлісіп отыруы керек;

-реттеушілік қызмет - кітапханашыға кітапхана ортасында қарым- қатынасын реттеп, кәсіби ұжымда өз орнын табуға, пайдаланушымен қызметтік қарым-қатынас шекарасын орнатып, этикалық тұрғыдан дұрыс жолға қоюға көмектеседі;

- тәрбиелік қызмет - кітапханадағы орнықты әрі лайықты қарым-қатынас оған қатысушыларға жақсы әсер етеді, кітапханашы оқырманмен қарым- қатынас кезінде қызмет көрсетуді жақсартуға ақпарат алады, оқырманның білімі мен мәдениетінен өзіне қажетті жақтарын пайдалана алады, сол сияқты оқырман да кітапханашыдан тәрбиелік әсер алады: ақпарат беруде, оны іздестіруде, кітапхана қабырғасында өзін қалай ұстау қажеттігі және қарым-қатынас нәтижесінде екеуінің істері бір мақсатқа тоғысады. Бірақ, үнемі олай бола да бермейді, кейде әр түрлі даулы мәселелер туындап жатады. Кітапхананың тәрбиелік қызметі кітапханада жұмыс дұрыс жолға қойылған ортада жүзеге асады. Кітапханада әр түрлі келеңсіз жағдайлар да ұшырасады, олар кітапханашының немесе оқырманның дөрекілігі, оқырманға қажетті кітаптың болмауы, оқырманға дұрыс ақпарат берілмеуі, міне осы жағдайлар оқырман мен кітапханашының ортасын алшақтатып, оқырман кітапханаға жолағысы келмей, кітапханашы оқырман жайлы бөтен ойда қалатын кездер де кездеседі.

Кітапханадағы сөйлеу қарым-қатынасы үш алғы шартты басшылыққа алуы қажет: адамдарды дұрыс тани білуі, олардың іс-әрекеті неге бағытталғанын түсініп, оқырмандар мен әріптестердің әркайсысына жеке ерекшелігіне қарай қарым-қатынасты таңдап алса, тіпті қүба- қүп. «Кітапханашы-оқырман» арасындағы қарым-қатынас еңбек қарым-қатынас жүйесі болып құрылады.

Оқырман кітапханашыны барлығын білетін, білімді, қайырымды, кез-келген уақытта көмекке келетін маман ретінде қабылдайды. Осы түсініктен

ауытқыған жағдайда «кітапханашы-оқырман» арасындағы қарым-қатынас

қайшылыққа ұшырап, оқырман кітапханашыға сыни көзқараспен қарай бастайды.



  • Әріптестер, қызмет барысында оқырманмен қайшылықтар кездесті ме? Егер болса, оны қалай шештіңіздер?

(әріптестерді тыңдау)

Тәжірибелі мамандар қазіргі уақытта кітапханашылар мәдениетті, тәрбиелі, көп оқыған, көп білетін, жайдары, ой өрісі дамыған, сыпайы, елгезек, адал жауапты, оқырманға құрметпен қарайтын, жеке тұлғаның психологиясын түсінетін, педагогикадан хабары бар, жаны жомарт, сонымен қатар, әрине кәсіби біліктілігі жоғары адам болу керектігін айтады.

Кітапханашыға оқырманға өз ойын, сөздің мағынасын дұрыс, әдемі етіп жеткізуі үшін сөз сөйлеу мәдениетін меңгеруі қажет. Сөйлеу әдісін дұрыс меңгерген кітапханашы сөзі анық, тыныс алуы қалыпты, тындаушылармен дұрыс қарым-қатынас орната алады. Кітапханашының сөйлеу мәдениетіне қойылатын талап, ол сөйлеп тұрған тілінің (қазақша, орысша) сөйлеу қалпына сәйкес келіп, грамматикалық жағы дұрыс, мүмкіншілікке қарай қысқа, нақты әрі дауыс мәнері анық болып, кез- келген аудиторияда естілуі қажет.

Кітапханашының дұрыс сөйлеуі - сөйлеу мәдениетінің негізі! Сөйлеудің грамматикалық ережесін сақтамай, қателіктер жіберіп, сөзді дұрыс пайдаланбай және айта алмай тұрған кітапханашының сөзін оқырман дұрыс түсінбесе, оқырманның алдында кітапханашының беделі төмендейді. Ерекше айтарым - әдеби тілмен, кітап тілімен, поэзия тілімен әсерлі де әсем сөйлеу. Сөйлеудің қасиеті әдептілігі мен әдемілігіне қоса, шындығы. Кітапханашының сөйлеу әдебі оқырманға назар аударып, оның қалаған кезінде өз ой-пікірін білдіруіне мүмкіндік беріп, сезімталдық көрсетуінде. Бұл сөйлесудің мәнін арттырып, екі жақтың да қанағат сезімін тудырады. Кітапхана жұмысында кітапханашы өзінің сөйлейтін сөзін берілген уақыт шеңберіне сыйғызып, сөзін қысқа да түсінікті етіп жеткізуі қажет. Бір сөзді

бірнеше рет қайталамау керек. Кітапханашы ақырын, ұғынықсыз, бір сарында сөйлеп, сөйлеген сөзіне м-м-м, сонымен, т.б. керексіз сөздерді қосып, қайталап, тілін шұбарлауға мүлде болмайды. Кітапханашының тілі дауыс ырғағына байланысты құрылады. Кітапханашының дауыс ырғағы, сөйлеуі қарым-қатынасының негізі болғандықтан, кәсіби шеберліктің маңызды сипаттамасы болып табылады. Кәсіби ортада оның қызметтік бет-бейнесін қалыптастырады және оған өз ортасы тиісті бағасын береді.
ІІ.З. Кітапханада өткізілетін іс-шаралардың сөйлеу ерекшеліктері.

Кітапханада өткізілетін шаралардың әрқайсысының өзіндік сөйлеу ерекшеліктері бар. Тыңдаушыларға сөйлейтін сөзді жеткізудің екі түрі бар: монологтік (лекциялар, баяндамалар, ақпарат, дауыстап оқу) және диалогтік (әңгіме, диспут, пікірсайыс, талас).

Монологтік сөйлеу - сөйлеудің еркін түрі болгандықтан, белгілі бір бағытты, мазмұнды, баяндаудың нақты бір жүйесі ретінде құрылады. Көпшіліктің алдында сөйлеу кітапханашыдан алдын-ала дайындықты, не сөйлеуді жоспарлауды қажет етеді. Сонымен бірге кітапханашыдан жоғары кәсіптік деңгейді, сөзді дұрыс қолдануды, сөз құрылысын дұрыс құрып сөйлеуді талап етеді.

Кітапханада диалогтік сөйлеуге де көп мән беріледі. Сөйлеудің бұл түрі оқырман кітапханаға жазылған кезде, кітап беріп, қайта қабылдап алған кезде, анықтама аппаратымен жұмыс істеген уақытта да пайдаланылады. Диалогтік сөйлеу түрі кітапханадағы күнделікті қарым-қатынас түрі болғандықтан бұл жерде монологтік сөйлеу түрінде пайдаланылмаған сөйлеу компоненттерін пайдаланады.

Кітапханадағы лекция - оқырманды қызықтырған белгілі бір тақырып бойынша бір ғылыми жүйеге негізделген кітапханашының тыңдаушылар алдындағы сөзі. Лекцияда белгілі бір құбылысқа, мәселеге байланысты ғылыми негіздеме беріледі, ол тыңдаушыларды шығармашылыққа жетелеп, ой-өрісін кеңейтеді.

Кітапханашы баяндамасы - әр түрлі әдістемелік кеңестерде: көпшілік шараларды өткізген кездерде - ақпарат күндерін, мамандар күндерін, ашық кітап қарауларды ұйымдастырған кездерде жасалады. Баяндаманың мақсаты тындаушыларға белгілі бір тақырыптағы өзекті мәселе бойынша ақпарат беріп, тыңдарманның сол мәселе төңірегінде ойын жинақтауына себепкер болып табылады.

Әңгіме - оқырманмен жеке және көпшілік жұмыстарын өткізудің маңызды әдістерінің бірі болып табылады. Әңгіме оқырман мен кітапханашының, кітапханашы мен бірнеше оқырманның, бірнеше кітапханашы мен бір топ оқырманның арасында жүреді. Әңгіме сұрақ-жауап түрінде, кезектесіп өз ойларын айту немесе бірінің ойына екіншісі қарама- қарсы пікір айтып, пікірталас туғызу түрінде де болады.

Ақпараттық тіл, оқырманға кітапханадан ақпарат береді: ақпарат және мамандар күндерінде жаңа түскен кітаптарға библиографиялық шолулар жасайды, осы мақсатпен кітапханашы кітап көрмелерінің жанында жұмыс жасайды. Кітапханашы библиографиялық анықтамалар береді, анықтамалық- библиографиялық аппаратпен, компьютермен қалай жұмыс жасауды үйретеді. Кітапханашының ақпараттық тілі өзінің маңыздылығымен, мәселені дұрыс қоя білгендігімен ерекшеленуі қажет. Бұл жерде берілген ақпарат оқырманды толығымен қанағаттандыруы керек. Бұған мерзімді басылымдар мен жаңа түскен кітаптарға жасалған шолуларды жатқызуға

болады.

Сендіру тілі - мұндай тіл үш мақсатты алға қояды: тыңдаушыларды



белгілі мақсатқа жігерлендіреді, өзінің айтып тұрған ұсынысының маңыздылығына көзін жеткізеді, тыңдаушылардың сезіміне түрткі жасап,

оларды белгілі бір мақсатқа қарай итермелейді. Сендіру тілі арқылы кітапханашы кітапхананың жұмысының ерекшеліктеріне тоқталады, оның қазіргі мүмкіншіліктері жайлы хабар береді, интернет қызметі, анықтамалық-библиографиялық қызмет жайлы мәлімдейді. Кітапханашының сендіре айтқан сөзінен кейін оқырман мен кітапхана пайдаланушылары кітапханаға жоғарыда айтқан қызмет түрлерін пайдалану үшін үнемі келіп тұрады.

Ең маңызды кезең - кітапханашының көпшіліктің алдында сөз сөйлеуге дайындығы болып табылады. Дайындық кезінде сөйлейтін сөзді қалай құрастыру керек, тындаушылармен кездесуге қалай дайындалу керек, аудиторияны меңгерудің қандай амалдары бар екенін жақсы білу қажет. Дайындық сөйлейтін тақырыпқа, сөйлеудің мақсаты мен міндеттеріне, аудиторияның құрамына, сол тақырыптың өзіндік ерекшеліктеріне, т.б. тікелей байланысты. Ол белгілі бір тақырыпты таңдау. Тақырып таңдауда ең қажеттісі - өзіңе де, тыңдарманға да қызықты әрі өзекті болуы керек. Тақырып қысқа, нақты, айқын болуы қажет, ол тыңдаушылардың көңілін аударатындай болуы тиіс. Тақырып жалпылама әрі түсініксіз болса, тыңдаушыларды қызықтырмайды, кері әсерін туғызады. «Тақырып өнер туындысының іргетасы», -деп З.Қабдолов айтқандай, өткізілетін шараның бәрі тақырыптан басталады. Сөйлеуге дайындық үстінде сөйлеудің мақсатын айқындау қажет. Сөйлеуші қандай мақсатпен сөйлеп түрғанын анық көрсетуі керек. Егер сөйлеуші сөзінде «не үшін істеу керек» дегенді ойламаса, онда ол сөйлегенде табысқа жетпейді. Көпшілік алдында сәтті сөйлеп шығу үшін, материал жинау жеткіліксіз, ол материалдарды қалай орналастыруды ойлау керек: неден бастау керек, қалай жалғастырған дұрыс, немен аяқтау қажет, аудиторияны жалықтырмай, сөзді аяғына дейін тындатудың қандай амалы бар дегенді ойластыру үшін, сөйленетін сөздің құрылымын түзу, сөздің жүйесін анықтау маңызды. Сөйлеген кезде конспект жасап, сөз сөйлеу құрылысының әдістерін ойластыру қажет. Тәжірибелі мамандар сөйлеген кезде естеріне түсіріп отыру үшін кейбір сөздерді ғана түртіп алады да, көбіне қағазға қарамай еркін сөйлейді.

Кітапхана маманы көп жағдайда сөзін қалай құрастыруды ойлайды, не нәрсеге ерік беру керек - еркін сөйлеп кетуге ме, жоқ әлде жазылған мәтіннен ауытқымау керек пе? Бұның барлығы өткізілетін шараға, аудиторияның құрамына, кітапханашының дайындығы мен тақырыпты меңгеру дәрежесіне байланысты болады.Жаттап алған сөз, жазылған мәтінді оқу көбіне ресми жағдайларда ғана қолданылады. Кітапханашы күнделікті өткізіп жүрген шаралары кезінде кітап талдау, библиографиялық шолу т.б. шаралар кезінде қағазға қарап тұрса, оқырманмен арадағы қарым-қатынас азайып, кітапханашының бар зейіні оқырманға емес, жазған жазуына бағытталады да жанды қарым-қатынас орнамай өткізілген шараның құны төмендейді. Қағазға қарамай сөйлеу көбіне тәжірибелі мамандарға тән, ал сөйлеу өнерін әлі толық меңгермеген маман, қағазға қарамай сөйлеймін деп тақырыпты аша алмай жатса ол да оқырманның алдында беделін түсіреді.


ІІ.4. Кітапханашының сөйлеу мәдениеті және өзін ұстау этикасы.

Адам өмірінде қызмет барысында сөйлеу мәдениетінің алатын орны зор. Ал кітапхана саласында бұл мәселеге ерекше назар қою абзал. Халық мақалы «Күш білімде, білім кітапта» дейді. Білім тізгінін ұстап отырған кітапханашы өзінің ой-өрісін әсерлі түрде оқырманға қысқа да нұсқа түрінде жеткізе білсе, кәсіби қызметінің алға басқаны. Сөз - сөйлеушінің ойын, сезімін білдіріп қана қоймайды, оның мінездемесі болып табылады. Сондықтан кісінің тәрбиелік деңгейі көбіне сөзінің сипатынан байқалады. Орынды сөйлеу, қисынды сөйлеу кітапхана қызметкері үшін өте қажет қасиет. Қызмет барысында оқырманмен орынсыз сөйлесіп, ретсіз артық сөздер айтып, ренжітіп алатын кездер анда-санда кездесіп тұрады. «Жақсының сөзі ақыл шақырады, жаманның сөзі ашу шақырады» деген мақал осындайдан шыққан болар.

Кітапханашының аудитория алдында сөйлегенде қатты, ашық дауысты игеруімен қатар, көпшілікті өзіне баурап алатын дұрыс дауыс мәнері болуы да керек. Дауыс мәнері - кітапханашының сөйлеу мәдениетінің негізгі қасиеті. Жақсы сөзді дайындау өз алдына, оның мазмұнын тыңдаушылардың жаны мен жүрегіне дұрыс жеткізе білу басқа шаруа. Осының барлығына дұрыс жолға қойылған сөйлеу мәнері арқылы қол жеткізуге болады. Анық дауыс мәнеріне жету үшін тілді, ерінді, беттің төменгі жағын үнемі жаттықтыру қажет. Кітапханашыға кітапханашы жазуы (библиотечный почерк) қандай қажет болса, дауыс мәнері де сондай қажет. Жақсы дауыс мәнеріне жету үшін әріптер мен дауыстарды қатты айтып, жаңылтпаштар, өлеңдер, көркем қара сөздерді оқып, арнайы жаттығулар жасау арқылы үнемі еңбектену шарт.

Кітапханашының мәнері, іс-әрекеті, өзін қоршаған қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен ерекшеленіп, жақсы маманға деген сенімді арттырады. Жақсы мәнердің негізіне маманның өзінің денесін дұрыс ұстауы да жатады: кеуде көтеріңкі, бас мақтанышпен жоғары көтерілген, қолдың қимылдары да еркін болуы қажет. Оқырманға кітапханашының сырт бейнесі үлкен әсер етеді. Оның киімі, шаш үлгісі барлығы кітапханашыға тән болуы керек. Үлкен мәдени шаралар өткізген кезде мейрамға сәйкес киініп, көңіл-күйді жоғары ұстаса өткізілетін шараның маңыздылығы арта түседі.

Сөз - кітапханашының көпшіліктің алдында сөйлеуінің көрінісі: ол әр түрлі өндірістік жиналыстарда, оқырмандармен жеке және көпшілік жұмыстар өткізген кездерде сөйлейді. Сөз сөйлеу әр адамның жеке мүмкіншілігіне, тақырыпты білуіне, аудиторияға байланысты. Кітапханашы сөз сөйлер алдында жазып алған қағазын қопарып жатса, ол да кітапханашы жайлы ұнамсыз әсерде қалдырады. Сонымен бірге, кітапханашы халық алдына шыға сала сөйлеп кетпей, аудиториямен біраз үнсіздік арқылы байланыс орнатып алуы керек. Сөз сөйлеген кезде басқа жаққа қарамай, халыққа тура қарап сөйлеу керек. Кітапханашы мамандары кәсіптік өнегемен бірге сөз этикасына да көп көңіл бөледі. Маманның жұмыстарындағы жетістіктері оның өзін қоғамда, ұжымда қалай ұстауына, кәсіби этикетті, сөз сөйлеу мәдениетін, телефонмен сөйлесуді меңгергеніне байланысты болады. Сөйлеу мәдениетімен қатар этиканы білу кәсіби дәрежеде өсуге, үжымда қалыпты ахуалды қалыптастыруға, оқырманды кітапханаға тартуға көп ықпал етеді. Этикет - адамдармен қарым-қатынас жасаудың белгілі бір ережесі. Кітапханашыларға этиканың негізгі принциптері белгілі, олар: кішіпейілділік, әдептілік, сыпайылық, дәлдік, жауапкершілік, ұқыптылық. Олар кітапханадағы жұмыс жетістіктерінің жиынтығы болып табылады.
III. Қорытынды. Ойын-тренинг түрінде.

Сөйлеу мәдениеті мен өзін үстау этикасы бір-бірімен байланысты болғандықтан мен сіздермен мынадай ойын-тренинг өткізсем.


1.Сізге оқырман келіп, оқыған кітабының мазмұнын айта бастады. Оған сіз «Мен мұндай кітапты оқыған емеспін, маған қызық емес» деп айта алмайсыз. Бірақ, тыңдау керек. Сізге қызық екенін білдіру үшін қалай отырып тыңдар едіңіз?

а) басыңды бір жаққа еңкейту

ә) жалыққаныңды білдіріп құлақтың ұшын ( яғни сырғаңды) қозғай беру

б) қаламсапты айналдыру

Ғалым Чарльз Дарвин осы нұсқаны ұсынады, себебі ол кісінің зерттеуі бойынша, жануарлар сияқты адам да айтылып жатқан әңгімеге қызықса басын бір жағына сәл ғана қисайтып тыңдайды екен.



(Слайдтағы сурет)
2.Кітапханашы мен оқырман арасында қызу пікір алмасу болды. Әрі қарай оқырман сізбен дауласқысы келмейтінін сіздердің ойларыңызша қалай білдіреді?

а) қолдарын кеудесіне айқастыру;

ә) жұдырығын түю;

б) шашын дұрыстау;

Егер оқырман қолдарын кеудесіне айқастырса, сақ болыңыз - ол сіздің пікіріңізбен мүлде келіспейді.



(Слайдтағы сурет)
3. Сіз кеш жүргізіп тұрсыз. Алдыңғы қатардағы көрерменнің отырысынан кештің қызықсыз екенін қалай байқайсыз?

а) қолындағы телефонымен ойнап отыру;

ә) басын қолымен сүйеп отырады;

б) ыңылдап өлең айта бастайды;



(Слайдтағы сурет)

Егер көрермен қолымен басын сүйесе, ол ұйықтап қалмас үшін осылай істейді.

Егер телефонымен ойнаса, онда көрерменнің ойы басқа жақта болғаны.

Егер ыңылдап өлең айтса - сізді сынағаны екен.

Сондықтан да құрметті әріптестер, іс-шара өткізгенде осы жағдайларды ескеріп, көрермендерді жалықтырып алмаңыздар дегім келеді.

IV. Қолданылған әдебиеттер.

1. Исмурзина, Р.Г. Сөйлеу мәдениеті / Р.Г. Исмурзина // Кітапхана әлемі. - 2007.-№2.-43-46 б.

2. Қосуақова, З.Қ. Сапалы кітапханалық қызмет - уақыт талабы / З.Қ. Қосуақова// Кітапхана әлемі.- 2010,-№4,-17-19 б.

3. Филаретовна, А. Учимся общению / Алевтина Филаретовна // Читаем, учимся, играем.- 2009.- №11.-С.102

4. Қабдолов, 3. Таңдамалы шығармалар / Зейнолла Қабдолов.- Алматы: «Жазушы», 1983.- 456 б.



5. Байтұрсынов, А. Әдебиет танытқыш / Ахмет Байтұрсынов,- Алматы: «Атамұра», 2003.- 208 б.

6. Құнанбаев, А. Шығармалар / Абай Құнанбаев .- Алматы: «Жазушы», 1968.- 3196.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет