129
Тіршілік
аңғара алмайтындай халде едi. Жанбастай жылжып Айтбек босаға
жаққа қойылған, әлдебiреудiң қолапайсыз қолынан шыққан, көнерiп
қалған ағаш кебежеге жақындады.
Сол жерден Қатыш кемпiр
жоқта, жұдырықтай қарыны тамақ тiлегенде келiп, қолына iлiккен
ас қалдықтарын барбиған саусақтарымен қармап, аузына апаратын.
Ол нәрсе тамақтың қалдығы ма, жеуге бола ма, болмай ма ол жағын
аңғара бермейтiн...
Даладағы ұсақ-түйек жұмыстарды тәмәмдап,
қорадағы өрiске жа-
рамайтын малдарды жайғап қайтқан Қатыш кемпiрдiң кебеже жа-
нында отырған Айтбектi көргенде тағы да жүйкесi қозып сала бердi.
Баланың көзiнен аққан жас оның талайдан берi жуылмаған бетiн
тарам-тарам етiп, айғыздап кетiптi. Оған қосыла мұрнынан аққан
маңқасын жеңiмен сүртем деп жағып қойыпты. Оның бұл түрiне жи-
рене қараған Қатыш:
– Ойпырмай, құдай-ай! Бiреудiң тастанды баласын баққызып
қойғаның-ай! Бұл жетпегiрi менi жұтар!, – деп тағы да зарлай жөнелдi.
Күнi ұзақ жалғыздықтан жалыққан соң ба, әлде сүйегiне сiңген мiнез
бе екен, әйтеуiр, қара кемпiрдiң ұзақты күнге
ауызына тыным болмай-
тын. Кiшiлеу ағаш тостағанға жүгерi талқанын салып, оны шәугiмнiң
түбiнде қалған қара шайға шылап-шылап Айбектiң қолына ұстатты.
Көзiме көрiнбесiн дегендей үй алдындағы алаңқайға апарып отырғыза
салды. Айтбектiң күткенi де осы едi. Кiр-кiр қолдарын салып, тамақ
тiлеген кiшкентай ғана қарынына қарай талқанды асығып-аптығып
жiбере бердi, жiбере бердi...
Сол бiр кездер соғыстан кейiн халықтың ақыл-есiн жиып, аш
өзектерi тойынып, елдiң ауызы нанға емiн-еркiн
жетiп қалған сәттер
едi. Әйтсе де, айдалада мал баққан жалғыз үйге мұндай жақсылық
нышанының жете қоймаған шағы болатын. Анда-санда, айлап-жыл-
дап бiр соғып кететiн басшылар, кейбiр келiмдi-кетiмдi көлiк арқылы
ғана ұн-шәй келiп қалатын.
Аз да болса ар жағына ел қонған бала жаңағы бiр жайлаған сұрғылт
тiрлiктi де,
көрген жәбiр-жапасын да ұмытып, ойынға берiлiп кеттi.
Тiптi көкесi де естен шықты. Ақ, шақпақ, домалақ малта тастарды
жанбастай жүрiп жинап, сәбиге ғана тән алаңсыз, қайғысыз бiр хәлге
ендi. Өзiмен өзi сөйлесiп, тастарға тiл бiтiрiп, бiр топ баламен ойнап
жүргендей жәудiреген қара көздерi бал-бұл жанып,
тас төбеге келiп
қалған күннiң қызуынан тәмпiштеу келген танауының ұшы шып-шып
терлеп, бетiне алқызыл рең жүгiргендей болды. Жорғалап жүрген
бейбiт көгершiн тәрiздi. Өзiмен өзi, алаңсыз, қамсыз...