ІІІ.
ҚОСЫЛҒАН ҚОС
ӨЗЕН АРНАЛАРЫ
(Ауылға қарап тұрған бір топ адамның суреті берілсе)
Осы жерге Әбдір Сағынтаев пен Құндызай Бештайқызы туралы ән мәтіні мен нотасы беріледі
Өмір – өзен. Әбдір Сағынтаевтың өмір өзені маусымына қарай жылғалап, тасып, толқып, ақкөбіктеніп ақты. Тасыған да, тартылған да кезі болды. Бірақ, ағысын тоқтатпады, нәрін беруді жалғастырды. Өмірінің нәрі еңбек, сәні жары Құндызай болды. «Менің өмірімді Құндызайдан бөліп қарауға болмайды. Асықтай-асықтай сегіз баламның анасы – Құндызай оларды тәрбиелеумен бірге ауылдың ынтымағы мен берекесінің тұздығына айналды. Менің ойыма ой, санама сана, беделіме бедел, құрметіме құрмет қосты. Қазақтың киесі дастарқаны әрқашанда баршаға жаюлы болды. Үшаралдың әрбір үйінің береке, бірлігін ойлады. Бүкіл өмірімінің махаббаты бір Құндыз болғанына марқаямын». Егер біреу одан Құндызай туралы сұраса осылай деп бар дауысымен айтар еді. Мұны Сағынтаевтарды білетіндердің барлығы да айғақтайды. Көпшілік олар бір-бірінің арнасын толтырып, қосылған қос өзен сияқты аққандығын жырға, әнге қосады.
Өзеннің сұлулығы оның жағасындағы көріністерімен, суының тазалығымен айшықталады. Әбдір Сағынтаев өзен болса, Құндызай Бештайқызысол өзеннің сарқылмас бұлағы. Қосылған қос өзеннің арналары – ұрпақтары. Ешкім Әбдір-Өзеннің ағысына, суының мөлдірлігіне, жағасының көркемдігіне сын айта алмайды!!! Себебі өзінің сырлас, досы, қазақтың асыл азаматтарының бірі, ірі тұлғасы, артында өшпес іс пен сөз қалдырған Асанбай Асқаровтың:
«Ел дегенде езіледі жүрегім,
Елімді мен – бақытым деп білемін.
Ел атағын, абыройын асырған,
Елім деген азаматтың бірімін!» – деген жыр жолдары Әбдір Сағынтаевтың өмірлік ұстанымы болды!
«Балаларым – бақытым» деп, өмір сүрген, дүнеден өткен әке-шешелерінің әрекеттеріне ұрпақтары ұялмайды, мақтанады! Міне бүгін де қосылған қос өзеннің арналарының да, ауылдастарының да өзара әңгіме тақырыбы – Әбдір мен Құндызайдың асыл қасиеттері.
... Қазақстан ауыл шаруашылығының көрнекті қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев атындағы мектеп бүгін ерекше сәнді, салтанатты. Бүгін мұнда қалыптасқан дәстүр бойынша мектеп бітірушілерге құрмет, үздік оқушылар мен мұғалімдерді марапаттау салтанаты өткізіледі. Ең таңдаулыларға Әбдір Сағынтаев атындағы стипендиялар беріледі. Осылайша Тәуелсіздік ұрпақтарын тәрбиелеуге Әбдір Сағынтаев бүгін де қызмет етуде. Салтанатқа Сағынтаевтар мен бірге олардың туған-туыстарының келуі де дәстүрге айналған. Мектеп оқушылары музейде аталарының өмірі мен қызметінен мол мағлұамат беретін естеліктерін тыңдайды. Естелік айтатын кісі де көп. Бәрі көңілге нұр құяды.
– Жәкеміз кеткелі Үшаралдан сән кеткендей...
– Сол кісі жинаған-тергенін әлі тауыса алмай жатырмыз...
– Асыл адам азбас деген, жаны жайсаң еді...
– Кезінде «анау жоқ, мынау жоқ» деп, салдырмаған құрылысы жоқ...
– Адамға деген құрметі ерекше еді...
– Шопандар үйіне барып, толғандыратын мәселелерін шешіп алатын...
– Мұндайда Құндыз жеңгеміз қою шаймен бірге, көңілін ақ дастарқан етіп жаятын...
– Жәкеміз бен жеңгеміз бүкіл ауылдағы түйінді мәселені шешетін...
– Қызы тұрмысқа шыққанның жасауына жасау қосатын, ұлы үйленгенге тойхананы толтырып беретін...
– Жәкеміз еңбек адамының алдында үнемі кішірейіп тұратын...
– Адалдығын айтсаңшы...
– Құндызай жеңешеміз бен Жәкеміз қосылған қос өзен сияқты еді ғой...
– Балаларын айтсаңызаршы... Қандай иманды, инабатты...
– Иә, иә... «Орнында бар оңалар!» деген емес пе? Әлі-ақ Әбдір Сағынтайұлының даңқты ісін жалғастыратындар табылады...
Әбдір Сағынтаев туралы ауыл адамдарының, онымен қызметтес болған азаматтардың осы тақылеттес естеліктерін ести бересіз... ести бересіз. Осындай жүрекжарды сөздер Тараз қаласында көшеге, Үшаралда өзі салдырған мектепке Әбдірдің атын берген салтанаттар да риясыз айтылды...
Уақыттың өзгеруімен бірге сол заманның адамына да көзқарас басқаша бола бастайтын сияқты. Әрине, дүниені ілімі мен біліміне тәнті еткен ұлы тұлғалардың орны бөлек. Ал, кеше социализм заманында еңбекпен, ұйымдастыру қабілетімен ел аузына ілінген, атақ-даңққа бөленген азаматқа бүгінгі құрметіміз қандай болуы керек деген сауал жиі-жиі алдымыздан шыға береді. Бірақ бір нәрсе анық – ұрпақтан-ұрпаққа ісі мен сөзі өнеге болып қалатын да азаматтар болады. Солардың бірі – дүниеден өткеніне қанша жыл болса да ауылдастары ғана емес, бүкіл өңір ардақтайтын асыл азамат – Әбдір Сағынтаев.
Бір шаруашылықты 28 жыл басқарған Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевтың есімі ауызға алына береді? Тап осы сауалды Талас ауданындағы Әбдір Сағынтаев атындағы мектептің оқушысы да, ауыл шаруашылығында шөл және шөлейтті аймақта қаракөл қойын өсірумен айналысатын маман да қоятыны анық. Осындай сауалдарға жауапты біз ел ардақтысының өмір, еңбек жолынан, азамат туралы жазылған туындылардан да іздедік.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда жиырма жасар Әбдір қатарластарымен бірге қолына қару алып, Отанын қорғады. Өлім мен өмір арпалысқан соғыста үш жыл бойы ерлерше шайқасып, жарадар болып елге келгенде қалың құмның қойнауындағы жерлестері азып, тозып-ақ қалған екен. Әбдірдің майданнан келіп алғаш еңбекке араласқаны жөнінде 1961 жылы белгілі жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлы «Атадан қалған мұра» атты көлемді очеркінде былай деп жазыпты: «Әбдір жеті класс бітірген соң Ұлы Отан соғысының алдында әкесіне жәрдемші болып қой бақты. Кейін соғыстан жараланып қайтқанда ол қойшылыққа келді. Сауатты, озат қойшы бір күні ферманың басқарушылығына жоғарылатылады да, артынан осыдан төрт жыл бұрын өзі көп еңбек сіңіріп, Социалистік Еңбек Ері атағын алған совхозына директорлыққа тағайындалды». Сол жылдары жазушы-журналист Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» газетінің бірнеше санына шаруашылық басшылығының мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытының экономикамен бірге еңбек адамының рухани саласына ерекше көңіл бөлетіндігін тамсана жазды. Қабдеш Қалмырзаев 1966 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан «Директор, Тәрбиеші, Делегат» деген кітапшасында шаруашылықтың Әбдір басқарған жылдары қол жеткен жетістіктерін термеледі. Деректерге негізделген туынды болғанымен кейіпкерінің мінезі мен еңбекті ұйымдастыру әдістері де қылаң береді. Ең бастысы сол кездегі адамның ойы мен санасы айшықталған.
Осы туындылардан Әбдір Сағынтаевтың бүкіл болмысы мен бітімі көрініс тапқан. Олардың барлығы да Әбдірдің; «Мал көп болса халық тоқ болатынды» деген қағидасын қолдаған. Сондықтан жазушылар айтулы азаматтың қойды көбейту мәселесіне ерекше назар аударғанын жіктеп жазды.
Ұжымшарда қойдың саны 73 мыңға жеткенде жайылым мәселесі туындады. Міне осы қиыншылықтан шығуда Әбдір Сағынтаев ғалымдарды ауылына шақырып, алда тұрған міндеттер туралы ой бөліскені бар. Сол міндетті алдымен өзі орындай бастады. Мақсат – шөл далада құм көшкінін тоқтатып, бақ өңірге айналдыру қажет екенін биік-биік мінбелерден дәлелдеп, ел ағаларына ұсынысын жеткізген. Алдымен сексеуіл тұқымдарын егіп, жер астынан тереңнен құдық қаздырды. Аса өзенін арнасынан жырып, каналдар қазды. Жүздеген гектар сексеуіл алқабы мұндаға дейін жайқалып тұрды. Жыл сайын сексеуіл тұқымын жинап, оны көрші шаруашылықтардың басшыларына «Егіңдер!» деп, беруінің де астарында көп мән бар еді.
Мал өсірген кісіні ең алдымен толғандырар мәселе – жайылым. Жайылым болмаса малды өсіру мүмкін емес. Бұл жөнінде талай айтқан. Тіпті аудандық партия комитетінің пленумында осы мәселені арнайы талқылауды ұсынып, өзі баяндама жасағаны бар. Ол мал өсіруші қазақ үшін төрт жайлау керек екенін айтып, дәлелдеген.
– Көктеуді шопан қазақ «Тау жайлауда» өткізген. Таудың күнгейі әрқашанда жылы, құрғақ болады. Сондықтан да малын төлдетіп, қозысын аяқтандырып болған соң «Ой жайлауға» көшкен. Мұнда малы тез ет алып, түлеп, семіреді. Молшылық еселенеді. Күзде шопан «Саз жайлауға» құлайды. Саулықты алысқа ұзап жаймай, шөбі құнарлы, егіні мен шөбі орылып алынған аңызға малын жайып, күйекке дайындайды. Күйектен кейін жаз бойы мал аяғы баспаған, шөбі қалың, суықта пана боларлық жыңғылы мен сексеуілі бітік, қорысты дала–қысы жылы «Құм жайлауға» қоныстанады. Осы талаптардың бірі орындалмаса қойың күйсіз, төлсіз болатыны анық. Сондықтан да ең алдымен осы жайлау-жайылымдарды кеңейту керек. Мұны жүзеге асырмай жатып, «Қойды көбейтеміз» деу бекер әңгіме, – дегенде Талас азаматтары қол соғып, Әбдірдің қой бағудың қыры мен сырын жетік білетіндігіне ризашылықтарын білдірген. Өкінішке орай жоғарыдан мұндай қолдау болмады. Жайылымның құнарлығын арттыру үшін жер асты суын пайдалануға қаржы бөлмеді. Үкімет қолға алмаған істі өзі шаруашылығында жүзеге асыруға ұмтылды.
Әбекеңнің құм көшкінін тоқтату арқылы мал жайылымын кеңейтуге бағытталған іс-әрекетін жерлестері ерлікпен пара-пар көреді. Аз жылда дегеніне жетіп, талайлардың таңдайын қақтырған. Қалың құмның ортасында орналасқан Үшарал ауылы аққулы мекенге айналғанын көргендер де, білетіндер де көп. Сулы, нулы өңірге айналған Үшарал ауылында заман талабына сай келетін ғимараттар бой көтерді. Ең бастысы тұрғындардың тұрмысы жақсарды. Тіпті жеті қат жер астынан су көздерін іздеген геологтардың; «Бұл жерлерде газдың мол қоры бар екен» деген сөзінен кейін «Мойынқұм өңірінің байлығын пайдалану қажет, көгілдір отынды игілікке айналдыру ел экономикасын көтереді» дегенді алғаш Димекеңе – Қонаевқа айтқан да Әбдір еді. Соның ықпалымен бұл өңірлерге өткен ғасырдың алпысыншы жылдары газ іздеген геологтар келген» деген сөзді де айтатындар аз емес. Дала академигінің арманы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жүзеге асқанын, көгілдір отынның алауын ол көрмесе де оның елі, ұрпағы қызығын көріп отыр. Қазіргі Аманкелді газы Әбдірдің ауылы – Үшаралдың жанынан шығып жатыр.
Талай біртуар азаматтармен пікір алмасып, дос, жолдас болған. Димекең үнемі Әбдір Сағынтаевтың жағдайын сұрап, ісіне қолдау көрсетіп отырса, Асанбай Асқаровпен сырлас болғанын замандастары жақсы біледі. Өңірде әскербасы болған Николай Лященкомен достығын да ел жыр етіп айтады. Әбдір Сағынтаев ұлылармен дос болып, олардың көмегін ел мен жердің жарқын болашағы үшін пайдаланғанын да ауылдастары, көз көрген, басшы болған азаматтар жақсы біледі.
Бүгінгісін ғана ойламай ертеңінің жарқын болуына бағытталған шараларды жүзеге асыра білгенін де жыр етіп айтатындар әлі ел ішінде көп. Қазір ел арасында осы өңірден көптеген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері шыққанын жиі ауызға алады. Бірақ жастарды оқытумен Әбдір Сағынтаев тікелей өзі айналысқанын біреу білсе, біреу білмейді. 56 Социалистік Еңбек Ері шыққан Талас ауданында омырауына Алтын Жұлдыз таққан батырдың 13-і үшаралдықтар. Мұны ең алдымен Әбдір Сағынтаевтың ерен еңбегінің, ұйымдастырушылық қабілетінің жемісі деп бағалаған жөн. Ал оның кеудесінде «Алтын Жұлдыз» , үш Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», Қызыл Жұлдыз ордендері мен бірге көптеген медальдар жарқырап тұратынынын тағы да бір рет еске алсақ артық болмас. Мұның бәрі еселі еңбектің жемісі. Қазақтың марқасқа ұлдары Дінмұхамед Қонаев, Саттар Имашев, Біләл Ниязбеков, Асанбай Асқаров, Қаратай Тұрысов, облысты басқарған Бименде Сәдуақасов, Хасан Бектұрғанов, Совет Одағының Батыры Сәду Шәкіров, шопандардың атасы Жазылбек Қуанышбаев сияқты нар тұлғалармен пікірлес, сырлас, ниеттес болуы да адал еңбектің, табыстың көзін таба білудің жемісі екенін ол бір сәтте естен шығарған емес. Қанша биікке көтерілгенімен ол әрқашанда халықтан өзін биік қойған жоқ. Сол азаматтардың ақыл-кеңесі үнемі оны алға жетелеп отырғанын да жасырмайтын. Әбекең достар туралы әңгіме айтқанда Жамбыл, Жезқазған, Қызылорда облыстарында басшы қызметте болған Нұртаза Ыбыраевтың; «Бәрін айтта бірін айт, біздің қазіргі міндетіміз елдің еңсесін көтеру» деген сөзін жиі еске алатын.
Мерейі асып, тасып жатса да ол халқының қарапайымдылықтағы ұстанымы – «бетегеден биік, жусаннан аласа» болған ол қызметінің соңғы жылдарында тапқан пайданы ауылдың, ауылдастарының тұрмысын көтеруге жұмсауға ұмтылды. Бұл ұстаным облыс, аудан басшыларына ұнамады. Бірақ мақсатына жетті. Ауылдастары бүгінгі күнге дейін «Жәкем салдырған асфальт жол... субұрқақ... мектеп... пошта... балалар бақшасы... су құбыры... тағы да басқа осындай көңілге нұр құятын сөздерді жиі айтады. Қазақта «жәке» деп өте жақын кісіні айтқан. Үшаралдықтардың үлкені де, кішісі де Әбдірді «жәке» деп атаған. Олар ардақтаған азамат мал емес, дос жинаған, ауылдастарының білімді, мәдениетті болуына жағдай жасағанын олар жақсы біледі, үлгі-өнеге етеді. Сондықтан да елі ардақтаған азаматтың ісі мен сөзі әрқашанда ұрпаққа өнеге болып қалады. Бұл туралы Талас өңірінен шыққан жазушы-журналистің, дуалы ауыз ақсақалдардың, ел билеген азаматтардың айтпағаны кемде-кем.
Сондықтан да бүкіл үшаралдықтар қуаныштан арқа-жарқа. Көзден таса болғанымен үнемі көңілде тұратын әулеттің қасиеттісіне, киесіне айналған ақ атласқа оралған көрік те, жауырын да бүгін сыртқа шығарылыпты. Үбір-шүбір еткен балалар өздері бұрын көрмеген бұйымдарды ұстауға ынтығады. Бабалар қолының табы бар бұл қасиетті заттар әулеттің өсіп, өркендеуіне қандай дәрежеде әсер еткені белгісіз. Асылға айналған жәдігерлер өткенді еске түсіретіндігі, сол тарихтан тағылым алатындығы анық. Жоғалған төс туралы әңгіме қозғалғанда өмірінің соңғы сәтіне дейін төсті іздеген Сағынтайдың, Кемелдің, Әбдір мен Құндызайдың ғибаратқа толы өмір жолдарын еске түседі. Сондықтан да бұл жәдігерлер олардың ұрпақтары үшін аса қымбат.
Уақыт желі өзгеше соғады. Алайда бір нәрсе мәңгі қалады. Ол – ертеңгі күнге деген сенім. Сол сенім Сағынтаевтар әулетін биікке жетелеп, жоғары көтерді. Олар елінің жасампаз болашағына сенеді. Сол үшін әкелері мен бабалары салған адал еңбек жолын жалғастырды. Олардың арасында ірі мемлекет және қоғам қайраткері де, республикалық, облыстық мекемелерді басқарып отырған тұлғалар бар. Ең бастысы – олардың бойына адамгершіліктің ұлы қасиеттерімен бірге туған жерге, өскен елге деген мәңгі махаббат дарыған.
...Орынбасар Алматыдан келісімен, облыс орталығында көп аялдамастан шалғайдағы ауылына кешке болатын тойға ерте жол тартқан. Жанында інілері – Таймас, Қаржаубай, Қыстаубай, Бақытжан, Ғалымжан, сіңлілері –Сара, Ләззат және Нұртілеу бастаған күйеу балалары мен келіндері Гүләсан, Гүлжиян, Гүлшат, Ғалия, Қарашаш. Бәрі көңілді. Көптен бері бас қосқандары осы. Жол бойы Сағынтаевтар ата-аналарының сөзі мен ісін еске алып, бірде күліп, бірде көздеріне жас алғанымен әңгіме желісін үзбеген. Бәрінен де әрбір сәті қат Бақытжанның уақыт тауып, келгеніне қуанды. Олда бақыт құшағында. Бауырларын құшағына қысып, туған, өскен жерге жеткенше асығып келеді. Өз ойымен, жүрек тербелісімен келе жатқан Орынбасар олардың әңгімелеріне де құлақ түрді.
... – Алғаш Ғалия Қаратайқызы келін болып түскенде: «Мамамды бәрі «мама» дейді екен, «мама» деп, тек өз балалары ғана айтпай ма» депті. Сонда Бақытжан: «Біздің әулетте бір ғана «мама» бар. Ол «дәу мама – менің анам. Сен «мама» деген сөз орыс сөзі емес екенін де біл. Көне түркі тілі ғой. «Мама бие», «Мама сиыр», «Мама ағаш» деген тіркестерді еске алсаң түсінесің. Ол аз болса Домалақ анамызды ұлылар «Диһнат мама» дегенді де ұмытпа», – депті.
– Бірде 8-наурыз күні қайындары үйге телефон шалып: «Құндызай, жәкемнің үйде жоғын пайдаланып, сені біз мерекеңмен құттықтамақпыз. Қазаныңа етіңді сала бер» деп, артынша газетке оралған есіктен әрең сиған сыйлықтарын жеңгелеріне сыйлап, жүрекжарды сөздерін айтып, дастарқанға жайғасыпты. Қонақтар кетісімен Құндызайдың енесі Теңгекүл: «Кәне, қайындарың қандай сыйлық әкеліпті, көрейікші» деп, газет орамын тез ашуды бұйырыпты. Бір құшақ газетті аша-аша оның ішінен кішкентай ғана үш жаужұмырды тауып алыпты. Мұны көрген ене ашуланса, Құндызай; «Әй, қулар-ай» деп күле, «Апа, олар менің тегімді айтып тұрғандары ғой. Бабаларымыз жеген жаужұмыр мен үшін ең үлкен сыйлық....», – деп апама басу айтыпты.
Аналарын осылайша еске ала отырып, жолдың біразын еңсеріп тастаған Сағынтаевтар бір сәт үнсіз қалғанда Орынбасар үзілген әңімені қайта сабақтады.
– Біздің мама қазақтың салт-дәстүрін өте қатты ұстаған ғой. Адамдарға оның мінезіне, келбетіне қарай дәл ат қойған ғой. Мәселен тұңғышы болғандықтан менің атымды атамай «Аққыз» дейтін. «Тікаяқ», «Дедекбай», «Аңғарбай», «Апайтөс», «Ашықауыз» сияқты қайындары алғаш келін болып түскенде шөп арқалап келе жатқан оны велосипедтерімен қағып, құмға аунатып, шөбін шашып кетсе де ренжімей, қайта күліп, «мен сендерді құртам!» деп, жеңіл доқ көрсетіп, қала береді екен...
Бауырларының әңгімесіне араласқан Орынбасар алысқа көз тастап үнсіз қалды. Әңгіме әңгімеге жалғаса берді. Үзік-үзік әңгімелер Сағынтаевтардың көңілін көтеріп тастады. Биік қырқаға машиналары шыға келгенде алдарынан түтіні будақтаған ауыл көрінді.
– Тоқтаңдар, тоқтаңдар! – деп, алдыңғы орындықта отырған Қыстаубайдың иығына қолын салған Орынбасар:
– Міне, бұл менің ауылым! – деп, дауысын көтере сөйлеп, көліктен түсе бастады. Әпкелерінің сөзіне інілері күліп жіберді.
– Неге Сіздің ғана ауылыңыз, Үшарал біздің де ауыл.
– Солайы солай ғой. Бірақ мен үшін бұл ауыл ерекше. Бір әулеттің шаңырағында алғаш келген ұрпақ болғандықтан мен жұтқан ауыл түтіні де көп. Сыры мен сымбаты да көз алдымда. Сендерге қарағанда осы ауылдың түтінін түзеген жәкеммен көбірек пікірлесіп, анамның мейіріне қанғанмын.
Орынбасардың дауысынан бауырлары білінер білінбес дірілді байқады.
– Қайда, кімнің үйіне барамыз?
Машинаға отыра салып Ғалымжан ағаларына қарады.
– Қайда дегенің не?! Үйге барамыз, – деп, саңқ ете қалған әпкелері орнына жайғасты. Бірақ табан астынан жүзінде кірбің пайда болды. «Шынымен уақыт, заман дегенін істегені ме? Бір кездері жәкесі Үшаралдың әрбір тасына дейін бағалап, қол жетпес асылға айналдырып еді ғой. Енді міне сол ауылдан барар үй таппағандай ма, қандай өзі...
Жанында отырған ауылдан қалаға қарай жол тартқан ағайындарының арасындағы ең соңғысы Қаржаубайға көз тастады. Ол Талас аудандық партия комитетінің хатшысы, осы ауылдың әкімі қызметтерін атқарды. Бауырлары: «Ауылда енді қалған ешнәрсе жоқ, қалаға қарай жақындамайсың ба?» дегенде: «Жәкемнің әруағы риза болсын. Сол кісілер жасаған дүниені қолымнан келгенше сақтайын» деген сәт те болған. Ақыры бұл да қаланы жағалады. Енді міне туған ауылға келіп: «Қайда барамыз?» деген жүрек тербер, ауыртар сауал туындады. Ғалымжанның бұл сауалды қоюы орынды еді. Қазір ауылда Сағынтаевтардан ешкім тұрмайды. Орынбасар бауырларына білдірмей орамалымен көзін сүртті.
Осыдан біраз жыл бұрын «асфальт жол» деп атаудың өзі ұят, шаңы бұрқыраған ойдым-ойдым қара жол тақтайдай жолға айналыпты. Ауылға жақындаған сайын Орынбасардың өзі және өзге де бауырлары өскен үйді көзімен іздей бастады. Алдымен үйдің айналасындағы ну талды көрсе болғаны іздегенін табады. Баяғы ағасы еккізіп, анасымен бірге аялап өсірген тал көрінбейді.
– Ағам мен жеңешем өсірген тал қайда?! Орынбасар кейи сөйледі. – Сол ағаштарды өсіру үшін жеңешем байқұс қаншама тер төккенін мына мен жақсы білемін. «Жарықтық тал-дарақ мекенді құтханаға айналдырады, өмірдің өзгеше бір сәнін әкеледі.Тал-дарақ болған жерде құсың сайрайды. Құс сайраған жерге құт қонады» деп отырушы еді. Сендер білесіңдер ме, әлде білмейсіңдер ме ағам осы «Талас» шаруашылығын басқарғанда құмға сексеуіл еккізгенін. Кезінде сол сексеуіл алабын ғалымдар «Сағынтаевтың сексеуіл белдеуі» деп атайтын. Сол сексеуілдің алабын жасауға жеңешеміздің сөзі де әсер еткенін мен жақсы білемін. Тіпті сексеуіл тұқымын осы өңірге алғаш құмға жасырғандар да солар. Жеңешемнің «Табиғат көктегенді жақсы көреді. Адам да сол сияқты. Өспесең, өнбесең ағаштың томарындай қатасың да қаласың» дегені де есімде. Сондықтан да өз денсаулығын ойламай бізді дүниеге әкелген... Өкінішке орай, сол ну тал-дарақтан белгі де қалмапты. Мүмкін бұл ауыл ағамды да ұмытқан болар...
Сағынтаевтар мінген көліктері алдымен Әбдір Сағынтаев атындағы мектептің ауласына келіп тоқтады. Мектептің кіреберісінің оң жағындағы ақ мәрмәрден қашалған Әбдір Сағынтаевтың кеудемүсін ескерткішінің алдында Сағынтаевтар бір сәт үнсіз тұрып, тәу етті. Гүл шоқтарын қойып, мектепті аралап, ұстаздармен, оқушылармен тілдесті. Бәрі өзгерген. Мектептің жарақтары оларды шын мәнінде таңғалдырды. Бұл Тәуелсіздіктің жемісі екенін жан-тәнімен сезінген Бақытжан мектеп ұстаздарымен ұзақ пікір алмасты. Оқу процесі де, ұстаздардың тұрмысы да, оқулықтардың сапасы да оны қызықтырды. Жас ұрпақты тәрбиелеуде көңілге нұр құятын іс көп. Көңіл тасыды. Отанға деген мақтаныш сезім, оқушылардың жәкесінің кім екенін біліп, ескерткішті күтіп, баптап ұстауын көргенде шалқи түсті.
«Туған ауыл түтінінің исі жұпар» деген қағиданы бойларына сіңірген бауырлар ауылды аралап, мауқын басқаннан кейін балалық шақтың бақытты күндерін өткізген үйлеріне келді. Үйде отырған жамағайындары Сағынтаевтарды көріп қалбалақтады да қалды. Бірақ Орынбасардың көңліндегі кірбің табы кетпеді. Ауылды аралауы оның еңсесін қайта басып тастағандай. Кезінде ағасы (әкесін осылай, анасын «жеңеше» деп атап кеткен) билікпен айқасып, тартысып жүріп салғызған алып ғимараттар тозыпты. Тіпті кейбіреулерінің орнында қоқыс қана қалыпты.
Құлазыған көңіл ағасы мен жеңешесі мәңгілік тыныс тапқан орынға келгенде одан әрі сазара түсті. Құлақта құранның әуезі. Жүректе ата-аналарының бейнесі. Апырай-а, жеңешесінің бұл дүниеден озғанына да біраз жыл болып қалыпты ғой. Жаны жәнатта болғыр, артында бір ауыз жаман сөз, жаман іс қалдырмағаны анық. Орынбасар бауырларына көз тастады. Бәрінің жүзі жабырқау, көңілдері пәс. Дұға оқылып бітті. Ауылға қарай аяңдады. Әркім өз ойымен тұмшаланғандай...
Орынбасардың ойына жеңешесі Құндызай қайтыс болғанда айтқан жоқтаудың кейбір жолдары үзік-үзік оралды.
– Аяулым, менің жеңешем,
Неге сені теңесем?
Тең келер ең неге сен,
Теңдесі жоқ жеңешем! – деп, бір түйіп тастап:
– Көшбасшысы болған ағама жар бола білген жеңешем,
Алтын жұлдызды ағама жүп бола білген жеңешем,
Ағайынның бірлігін сақтап өткен жеңешем,
Көпшілікке дана болған, әлсіздерге пана болған жеңешем!... – термелеп жалғастыра берген. Көкірек қарс айырылғанда, жаныңның жақсысынан айырылғанда өзегін жарып шыққан сөздер ғой. Орынбасар ауыр күрсінді.
Анабір жылы Алматыда Балғабек Қыдырбекұлының жары ұшыраса кеткені. Орынбасар жеңешесінің дүниеден қайтқанына бір жыл болып қалғанын, елге баратынын айтқан, сонда Сапура жеңгесі:
– Қайран, Құндызай! Құндызай десе Құндызай еді ғой! Үйі де, дастарқаны да, жаны да, отырған орны да құндыздай құлпырып, тұрушы еді жарықтық. Байқай білсең бір ортаны, әулетті, ауылды нұрға бөлеп тұратын кісі болады. Мен ол кісімен қоғам әрі мемлекет қайраткері болған Қаратай Тұрысов пен Әскеркүлдің дастарқанында талай рет табақтас болып, шүйіркелесіп сөйлескенім бар. Әрбір сөзі, қимыл, әрекеті жаныңызға нұр құяды. Құндызайлардың өнегесін жастарға үлгі ету парыз. Ол кісінің жаратылысы ерекше болғанымен, өмірден көкейге түйгені көп. Менің байқағаным Құндызай отырған жерде Әбдірдің де жүзі жарқын, еркін отырып, әңгіме айтатын. Болмаса әкелерің тұйықтау адамға ұқсап көрінетін маған. Білесің бе, біздің Балғабек Әбдір жәкелерің туралы үлкен очерк жазған ғой...
Осылай деген Сапура жеңешенің жүрекжарды сөзі Орынбасардың көңілін көтеріп, жеңешесіне деген мақтаныш сезімін тасытып еді. Осы жасқа келгенше анаға деген мақтаныш сезімін тасытатын талай оқиғалар мен әңгімелерге құлақ құрышын тойдырған. Қобызшы Жапас Қаламбаев, ақын Әбділда Тәжібаев, ағайынды әншілер Рашид пен Мүсілім Абдулиндер, жезтаңдай әншілер Ғарифолла, Бибігүл, Роза, Дәнеш Рақышев, атақты биші Шара, тағы да басқа елі құрметтеген ақын-жазушылар Құндызайдың пейіліне, жайған ақ дастарқанына шексіз риза болып, баталарын берген. Кейбіреулері көңілі кіршіксіз таза Құндызайға сырын айтатын, ақыл-кеңес сұрайтын. Олар көп жылдар өтсе де ұмытпай телефон шалатын. Қуаныштарымен бөлісіп, алғыстарын жаудыратын. Алғыс арқалаған асыл ананың қай жақсылығын айта берсін...
... Бұрылып артына қарады. Міне қызық, ауа бұлыңғыр болғанымен сұрғылт бұлтты тесіп өткен сәуле жәкесі мен жеңешесінің кесенесінің маңдайына жарқырай түсіпті. Орынбасар табиғаттың осы бір кішкентай ғана көрінісін жақсыға балады. Жарықтықтардың жатқан жері Алланың нұрына малынған болар деп ой түйді. Махаббаттары да шексіз еді-ау. Ойына Садыхан ағасының үйіндегі Несіпкүл жеңешесінің айтқан әңгімелері оралды.
... Ұмытпасам 1959 жылы Құндызай қатты ауырды. Тіпті дәрігерлер де «адам болмайды» деп ауруханадан шығарып жіберіпті. Бөлек киіз үй тігіп, ерекше күтімге алдық. Қаржаудың әкесінің (Кемелді айтады) басшылығымен жыл он екі ай биенің сүті беріліп жатты. Үстіне кісі жібермей, келіндер ғана кіріп-шығып жүрген кез. «Бештайдың қызы қатты ауру екен» деген сөз ойық-ошақтының арасына түгел тараса керек. Жеңешеміздің «Көкқасқыр» атанған әкесі ұзақ жыл колхозда бастық болған кісі. Жәкеміздің директор болып, тасы өрге домалап, атақ-даңқы жер жарып тұрған кез. Оның үстіне Құндызай жеңешемізді елі поштада қызмет істеп жүргенде талай жақсылығын көрген. Көңілін сұрап келетіндер көбейді. Менің келін болып түскеніме бір жыл ғана болған. Келімді-кетімді кісіні Қаржаудың әкесі екеуміз күтіп алып, шығарып саламыз. Бір күні кешкілік су әкеле жатсам әлде біреудің өксіп тұрып жылағанын естіп қалдым. Бұрылып барсам Кемел қайнаға. Қорқып кеттім. «Қайнаға, не болып қалды?» десем, «Айналайын-ау, Құндызай ауырғанша мен неге ауырмаймын? Қиын қыстау күндерде ернімді де, көңілімді де жібіткен, жаныма жалау болған қарағым ғой. Оның мен үшін, менің мәртебем үшін шөп арқалап әкелгенін, ернімізді етке тигізгенін қалай ұмытайын. Мен Құндызайдың жолында өзімді құрбандық етіп шалып отырмын. Бір Алладан соны ғана сұрап отырмын...» деп, мойынына бұршақ салып ботадай боздап отыр. Қайнағамыздың сол бір қамығуы бүгінгі күнге дейін көз алдымда. Мен сонда Құндызай жеңешеміздің кім, қадірі қандай екенін білдім, түсіндім. Алла тағала сәтін салып, Құндызай орнынан тұрып кетті. Құндызай жеңешеміз де қайнағасы Кемелді ерекше құрметтейтін. Көп мәселелерді қайнағасымен ақылдасып шешетін. Кенен Әзірбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай Қордайда өзгеден бөлектеу жерге үлкен кісілер кіретін екі ақ үйді біз тіктік. Сол үйлерді жеңешеміз «Кемел Сағынтаевтың үйі» деп жазғызып қойды. Үлкенді сыйлауды біз жеңешемізден үйрендік. Өмірінде қабақ шытпай кеткен екі адам болса, соның бірі Құндызай жеңешем. Тағы бір жиі еске алатыным Батыр жәкеміздің жеңешеміз ауырып жатқандағы кейіпі. Жәкеміз жұмыстан ерте келіп, үйден шықпай, балаларын алдына алып, іштей тербелісте отыратын. «Ұлы сөзде ұят жоқ». Жәкеміз кейбір бастықтар сияқты қарны тойып, тасы өрге домалап тұрғанда әрбір сұлуға көз сүзген емес. Бір-бірін құрметтеуі, сыйлауы кімге болса да үлгі-өнеге боларлық еді...
Мұндай әңгімелерді анасының қатарластарының бәрінен еститіні анық. Жақсыны еске алу да көңілді көтереді. Бағанағыдай емес Орынбасардың көңілі көтеріліп, жүзіне аса бір жылылық лебі келіп қонақтағандай. Мұны жанындағы бауырлары да бірден аңғарды. Жеңешесінің қоюымен «Аққыз» атанып кеткен әпкелерінің айтқаны да, істегенін де дұрыс көретін Сағынтаевтар аналарының өсиеті бойынша Орынбасардың алдын кесіп өтпейді. Сондықтан да болса керек інісі Бақытжанның «Әпкеміз – маршалымыз» деп отыратындығы.
Орынбасардың ойына анасымен ең соңғы рет сөйлескені оралды. Аппақ жүзі қуарыңқырап қалыпты. Қолындағы ақ орамалмен ауызын сүртіп, жайдары дауысымен бір ырғақта сөйледі.
– Өміріме, Әбдіріме, ұл-қыздарыма, ағайын-туыстарыма ризамын. Дәріні ішуді де қойдым. Ақ өлім күтіп жатқан жайым бар... Саған айтар бір ғана тілегім бар. Өмірдің соқпағымен қайнағамның үйінде тәрбиелендің. Ол кісіні бөлек деп айтуға аузым бармайды. Адамның асылы еді ғой...Бірақ қара шаңырақты ұмытпа. Бірліктерің, ынтымақтарың бұзылмасын... дегенін қалай ұмытсын. Ынтымақ, бірлік анасының айнымас қазығы еді ғой. Е... Алла басты байлығымыздан айырма. Бауырларыма ынтымақ бергейсің. – Осылай деп тебіренген дауысы шығыңқырап кеткенін өзі де байқамай қалды. Адымдай түсті. Қара жолдың шаңы бұрқ-бұрқ етеді. Көзінің астымен бауырларына бір қарап алып тағы да ой құшағына енді.
Ынтымақ, бірліктің асыл дәнін немере, келіндерінің бойына да себе білді. Әрбір баласының, немересінің алға бір қадам жасағанына ерекше қуанып отыратын. Дәурен мен Әлия, Ғалымжан мен Дәулет, Аида, Зарина, Меруерт бастаған немерелерінің бақытты болуын армандап, олардың жүзінен қуаныш табының кетпеуі үшін аналық мейірімін төгіп, өзі шақырып алып, сөйлесіп, ақыл-кеңесін беруді ұмытпайтын. Бір ғажабы ұл-қыздары – Орынбасар, Сара, Таймас, Қаржаубай, Қыстаубай, Ләззат, Бақытжанды тең ұстап, келіндері мен күйеу балаларының мерейлерін өсіріп отыруды дәстүріне айналдырған еді.
Анасының асыл қасиеттері туралы сексен жылдық мерейтойында айтпаған адам кемде кем болып еді-ау. Өтеулі Досыбиев атамыз: «Құндызай қазақ салт-дәстүрінің, шаңырағының академигі!» десе, мемлекет әрі қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың жары Әскеркүл әкпеміз: «Маған туған құдағи болса да, ол мен үшін әпке. Бауырдың қандай болу керегі жөніндегі алтын үлгі!» деген еді. Мұндай жүрекжарды сөздерді ондап айта беруге болады.
... Сағынтаевтар тойға дейін әке-шешелерінің Үшарал ауылының маңында табаны тиген жерлердің бәріне баруды мақсат еткен. Жәкелері жиі шығатын Лақ биігіне тағы шығып, ұзақ тұрды. Ойларында не бар?! Бәрінің жүзі алабұртқан. Кім білсін, мүмкін олар бабаларынан мирас болып қалған ұстахананың көрігінен шыққан түтінді көргісі, балға мен төстің тоқылын естігісі келді ме екен?!
Бұлыңғыр аспан шайдай ашылған күздің соңғы күндері болса да ауа райы мамыражай, жылы. Орынбасардың жүзіндегі бағанағы кірбің табы сейілген.
– Бағана бекерге ренжідіңіз. Өмір бір орнында тұрмайды, қоғам да, заман да өзгереді, өзгерді. Қазақстанды бүкіл әлем біледі. Тұрмысы да, рухы да жыл өткен сайын көтеріліп келеді. Елбасымыз қандай, еліміз қандай?! Тек мақтана біл, жақсылықты көре біл! Бүгінгі күні адам даланы емес қаланы таңдап жатса, күні ертең даланы аңсайтындар көбейер... Ал, жеңешеміз өсірген тал-дарақтың жойылып кетуінен олардың атқарған ісінің ізі қалмағандай дегеніңізге де келіспеймін. Олардың асыл қасиеттері адамдардың жүрегіне нұр болып құйылғанын ұмытпаңыз. Оны жою мүмкін емес. Ұрпақтары жер басып жүргенде олардың сол қасиеттері біздің кеудемізге құйған нұры мәңгі саялы болады.
Орынбасар Қаржаубайдың өзіне қаратылып айтқан сөзіне айтарлықтай назар аудармаған сыңай танытқанымен өзге бауырлары елеңдеп қалды. Қаржаубайдың айтқаны жүрек төрінен орын алғаны рас. Қазақ тілінің маманы, ұстаз ретінде сөз мәйегін ол жақсы түсінеді. Бәрінен де ана мейірін, оның аялы алақанын ұмыту мүмкін емес екенін де біледі. Жүзіне қуаныш табы ұялады. Жан-жағына шаттана көз тастады. Гүл теріп жүрген Сара мен Ләззатқа мейірлене қарап; «Жақындаңдар, қазір тойға барғанда алдымен атқаратын істі сендерге тапсырамын» – деп жанына шақырды.
Бабалары іздеген ТӨС Үшарал құмдарымен астасып, әулет өмірінің алтын арқауына айналып, туған жерге береке мен ынтымақтың нұры болып, шапағын шашып жатқандай. Ана жылғыдай емес өздерінің ықпалымен күрделі жөндеуден өткізілген таспадай созылған теп-тегіс қара жол сара жол болыпты. Алдарында жарқырап, әкелерінің, аналарының, туған-туыстары мен бауырларының ізі, аялы алақандарының жылуы қалған Үшарал ауылындағы ғимараттарға сән кіріп, жарқырай түсіпті. Алыс болса да ауыл жақтан көңілді дауыстармен бірге күлкілер құлаққа келеді.
Бұл өңір талай қайраткерлер мен ақын-жазушылардың, ел сыйлаған азаматтардың тұғырлы мекені. Құмның құрсауында қалмай түлектері алысқа самғаған. Олар үшін осы жерден биік, масатты, ғажап өңір әлемде жоқ.
Сағынтаевтар бір сәт өз ойларымен өздері болып, Лақ биігінде серуен құрды. Таймас өзге бауырларынан оқшаулау ой құшағында тұрған Бақытжанға қарай аяңдады. Таймас Лақ биігінен Үшаралға тағы көз тастады. «Үшарал» десе бұл өңірдің адамдарының көз алдына, ең алдымен, әкесі – мен анасы – Құндызай елестейтіні анық. Солардың заманында бұл өлке ерекше сән-салтанатқа бөленді. Атасы мен әжесінің бауырында өскендіктен, Таймас әкесі мен шешесін: бірін – Жәке, екіншісін Жеңеше деп өсті. Өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдары бұл өңір талайлардың құт мекеніне айналды. Тіпті, бұл өңірге келе бермейтін дегелек ұя салды. Қыры жауқазын мен қызғалдаққа, малға толды. Соның бәрінің берекесін келтірген әкесі Әбдірдің шаруашылықты жүргізудің қайраткерлігі екенін де жақсы біледі. Сан-салалы шаруашылықтың ғылыми негізде дамуына, соның нәтижесінде барлық кәсіптің пайдалы болуы бағытында үйлесімді жұмыс жүргізе білді. Жәкесі сияқты азаматтардың іс-тәжірбиелері бүгінде өзекті екенін ұмытпаған жөн. Ең бастысы әкесі ел бірлігін нығайтып, оларды бір мақсатқа жұмылдыра білді. Елдің бірлігі мен елдігін ойлап, біреудің кеудесінен итеріп, көңілін қалдырған кезі болмапты. Артында қалған ұл-қыздары ата-ана жолын жалғастыра алды ма, сәлде болса оларға ұқсай алды ма, айналасына әке-шешелері сияқты жан шуағын шашып жүр ме? Осындай сұрақтар айналасында ойын түйіп, нақ сөйлейтін Таймас соңғы кездері көп ойланатын болды.
Құдайға шүкір, ұрпақтары тай да, тұлпар да мінді. Еліне аянбай қызмет жасады. Елбасының сенімді серігіне айналып, жанынан табылып, Ту ұстап бикке көтерілген Бақытжаны бар! Бұл тәрбиенің жемісі!
Әесі мен анасы туралы әңгіме қозғалғанда Үшарал ауызға алынбай қалуы екіталай. Олар өте қарапйым, көпшіл болды. Ойлап қараса, директордың үйі шаруашылық кеңсесінің филиалы сияқты болуының өзі осыны көрсетеді. Алыстан келген қонақ та, ауылдың шопаны, малшы, бақташысы да табалдырықтан аттап, төрге озып, анасының жайған дастарқанынан дәм татпай кеткені жоқ. Тағы бір ерекшелігі бұл ауылдың – көп ұлтты болуы. Бір қызығы солардың бәрі қазақша сөйлейтін. Бір-бірімен ұрыспай, мереке күндері бірігіп, дастарқан жаятын. Қазір ауылға қарап тұрып сол бір кездердің қалыптасқан жағдайын еске алған Таймас бауырларына жақындай түсті.
Қаржаубай арқа-жарқа. Көңілді. Алыс-жақыннан бауырларының келгеніне мәз. Бар дауысымен айқайлай сөйлейді.Әңгімесі де тұшымды сияқты, сөзін бөлмей тыңдай қалыпты.
– Ғалымжанға айтып тұрмын: анау бір жылдармен салыстырғанда ауылдың реңі кіріп қалыпты. Үшаралдың жайлауында үйір-үйір жылқысы, отар-отар қойы, табын-табын сиыры, көлінде аққу мен қазысы, үйрегі мен қасқалдағы қаңқылдаған, суында тулаған балығы, үйлерінде көл-көсір май, құрт, ірімшік, қойнауы қыста малға жайылым, ық болған қамысы мен қорысы, күреңі, көктемде құм жалдары гүлге толған кез Жәкем шаруашылықты басқарып тұрғандай болған емес. Сол күндердің ырысы мен берекесі қайта келсе, қандай ғанибет! Соған үлес қос деп тұрмын.
Мен Жәкемнің қарамағында жұмыс істегенмін. Жұмыс стилі, оны ұйымдастыру әдісі өміршең. Қателесу деген ол кісіге жат. Кісіні бір жерге қызметке қоярда оның бүкіл мінез-құлқын, қабілет-қарымын екшеп, елеп, саралап алатын. Содан кейін ғана қызметке қоятын. Кімге қандай қызмет лайық екенін әлгі кісіден жақсы білетін. Содан олардың бағы ашылды. Бір сөзбен айтқанда, Жәкем елдің бағын аша білді. Сондықтан да ол кісіні ешкім ұмытпайды, құрметтейді. Жәкеммен қарсыласып, айтқанына көнбей жатқан кісіні көрген де, естіген де емеспін. Қызметте қателік жібергендерді басқа салаға жібергенде олар еш қарсыласпай кете беретін. Алайда сабасына түскеннен кейін бұрынғы қызметіне қайта қоятын. Жәкем халық пен шаруашылықты жүргізуді қатар ұстаған, қатар басқарған адам. Көп басшы шаруашылықты басқарады да, оны атқарушы адамды басқаруды ұмытып кетеді, тіпті, керексінбейді. Бұл үлкен қателік.
– Ие, оның рас. Туған жерді түлету әрбір азаматтың парызы болуы үшін шарушылықты басқаруды үйрену абзал. Біздерді қазір тозып кеткен жер, тартылған су толғандырып, соны қалпына келтіруді ойлау керек. Сонда бұрын мешітке дегелек қайта ұя салғандай, ауылға кие қонады,- деген Таймас бауырына мейірлене қарады..
– Оның бәрі әзірше шын иенің жоқтығынан. «Елім, жұртым» деп еміреніп, еңбек еткенде еңсемізді көтереміз. Сол кезде бүкіл қазақ даласы шалқиды. Мұны Елбасы күн сайын айтып жатыр емес пе?! Еңбек ғана еңсемізді көтереді. Оған имандай сеніңіз. Кеше қандай еді, бүгін қандаймыз. Сексен мыңға жуық қойды, сегіз жүздей сиырды, екі мыңдай жылқыны жемшөппен қамтамасыз ету үшін Жәкем әрбір қарыс жайылымды, шабындықты қорғататын, күттіретін. Суын бөгеп, қамысын қорғап, жердің тозбауы, құмның басып кетпеуі үшін сексеуіл, жыңғыл, ақтаспа, жүзгендер еккізетін. Партия қолдамағанымен, жасырын мешітті қоршатып, бұзылған жерлері болса, жөндетіп қоятын. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың, елдің шалқуына Жәкемнің маңдай тері аз төгілген жоқ. Сонысына қарай құрметке бөленді. Жәкем аса қоғамды жан еді. Елде болып жатқан әр іске құлағын түрік салып, өз пікірін айтып, көп қатысатын жиналыстардың мінберінен сөйлеп, елдің жағдайын айтатын.
Құндызай жеңешемді де ауыл аса құрмет тұтатын. Жеңешемсіз той-домалақ өтпейтін. Әулеттің малын түгендеу менің көкемнің мойнында болса, тойын түзеу Құндызай жеңешемнің міндеті еді. Жарықтықтар, елге ортақ, кең қолтық, ашық мінез азаматтар еді. Көкем байғұс Жәкем мен Жеңешем үшін жанын беруге даяр тұратын. Жәкем туралы жаман сөз естісе, Жеңешем ауырып қалса, алдымен көкемнен маза кететін. Жәкем өмірден озып, шаруашылық таратылып жатқанда біз Үшаралда қалдық. Жеңешем айналада болып жатқан істерді өте ауыр қабылдады. Көп ойланып, көп толғанды.
Әңгімеге Қыстаубай араласты.
– Айта берсең әңгіме көп. Бәрі уақытысына, сәтіне қарай. Жеңешем аурушаң болды ғой. Кіп-кішкентай жүрегім қанжылап, жеңешеммен бірге ауырып, ұйқтамай шығатын түндерім аз болған жоқ. Еркелеу өскеніммен, көңіл-күйдің жағдайына қарай бой тартуыма жеңешемнің тәрбиесі ерекше болды. Жеңешем бізді ғана емес, бүкіл ауылды тәрбиеледі емес пе. Тазалықтың не екенін, дастарқанның қасиетін әрқайсысымыздың жүрегімізге сіңірді. Қазір дастарқан жаймасақ, біреуді қонаққа шақыра алмасақ тыныш отыра алмайтын халге жету қасиеті сол әкем мен анамнан сіңген.
Жарықтықтар қазақтың салт-дәстүрін қалтқысыз ұстаған кісілер ғой. Бұған қатысты аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Ел айтады: «Бірде Жеңешем ауыл көшесімен келе жатса, анадайдан шаруашылықтың бас бухгалтері, ұлты қарашай Кемел Дотдаев келе жатыпты. Алдында ғана ұлы мен әйелі қайтыс болып, қайғының қара шылауына оранып жүрген кезі болса керек. Асықпай, жәйлеп келеді. Алыста келе жатқанына қарамстан анамыз жолын кеспей бүгіліп, сәлем жасап, үлкен кісінің өтіп кетуін күтіп, тұрып қалыпты. Сол кезде Кемел ақсақал дауыстап; «Айналайын, Құндызай, бақытты бол! Менің жолым жаман, күтпей-ақ жүре бер» депті. Сол кезде: «Қайынаға, ол не дегеніңіз. Мен алдыңызды кесіп өте алмаймын» деп, белін бүге түсіпті. Осы әңгіме елдің арасына тез тарап, Жеңешеме деген олардың сүйіспеншілігі бұрынғыдан да арта түсіпті.
Қыстаубай әңгіме айтқан сайын қызбаланып, дауыс көтере сөйлейді. Бірақ осы жерге келгенде басылып, төмендеді. Бауырлары оның қара торы жүзіне таңдана қарады.
- Ес біліп, балғын жігіт болған шағымдағы бір ісім есіме түскен сайын өзімнен-өзім қысыламын. Анамыз алғанды емес, бергенді жақсы көріп тұратын. Елге, туған-туысқа әжемізге көрсетіп бір, көрсетпей екі беріп жататын. Бірде нағашы жеңгем келді. Сол жылы олар үй салып жатқан. Кетерінде машиналарына көп заттар салып жатты. Әжем; «Қарашы, не беріп жатыр. Төркініне келгенде бәрін береді. Менің баламның дүниесі таусылмайтын қазына дейді ме екен»,-деді. Әжемнің сөзін естісімен машинаға заттарды тиеп жатқан мамама; «неге беріп жатырсыз, әкемнің дүниесін беріп жатырсыз ғой, таусылмайды дейсіз бе?!» дедім. Анам менің жүзіме бағдарлай қарап, жымиды. «Жаным-ау, сағанда дүние керек болып қалды ма?! Әкең аман болса, бүкіл ауылды асырайды. Дүние емес, ағайын-туысқан, жора-жолдас керек. Бермесең жат боласың, балам» деді. Сол бір қылығыма ұяла отырып, ол кісінің «бермесең жат боласың» деген сөзін мәңгі жадыма түйіп алдым. Анам қазақтың бүкіл жақсы қасиетін бойына жинап алған ғой...
Бауырларынан шеттеген Бақытжан өз ойымен өзі болып, ауылдың сыртындағы қорымнан көз алмады. Қайран дүние-ай! Балалықтың бал дәуренін, жігіттіктің желімен жүргенде әке-шешесінің өмірден озатынын ойламапты ғой. Тұлпар мініп, ту ұстаса да өзі үшін туған жерден биік, ата-анасынан артық адам жоқ екен. Сағынады, сарғаяды. Соныдқтан да әрқашанда ауылын еске алып, барқан-барқан құмдардың арасындағы ауылды көргенше асығып тұратыны бар. Онысы бір сәт болса да анасы мен әкесі туралы ел сөзін есту, іштей тілдесуге жақындай түсу болып көрінеді. Олардың жоқ екенін біле тұра ауылға келсе алдынан мамасы мен жәкесі шығатындай болып көрінеді. Олай болмасын білгенімен, көңіл құрғыр қимайды. Ауыл балакөңіл адамдар ордасы. Ақ көңілдерін дастарқан етіп жаятын, арамдықты емес, адалдықты ту еткендер осында тұратын сияқты. Ауыл азса қазақы салт-дәстүр жойылатындай болып көрінеді. Сондықтан да қызмет тізгінін ұстағалы ауылға жақсылық жасауды үйлестіріп келеді. Осы орайда әкесінің, алдымен, мамасының ақыл-кеңесі жетпей жатқандай болып көрінеді.
Кейде әкесі туралы ойлағанда өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Қазақфильм» шығарған бірнеше деректі фильмдерді көрді. 1980 жылы шыққан «Бірлік түбі – береке» деген кітабын қолына алып парақтайды. Әрине бүгінгі салт-санамен сол жылдардың үрдісін салыстыруға болмайды. Дегенмен де басшылық жасаудың, адамдарды ортақ игілікті молайту үшін олардың белсенділігін арттыру принциптерінде алшақтық айтарлықтай емес. Кітапты парақтаған сайын туындыны өңдеген журналист ағасы Сейтқазы Досымов Әбдір әкесінің ойнан, айтқан пікірлерінен алыс кетпегенін түсінеді. Сондықтан да әкесінің жазбаларының кей тұстарын астын сызып оқитыны бар. Ол бір сәт ойланып қалды. Алдымен әкесінің туған ауылы, өскен жері туралы жазғанын есіне түсірді.
«... Осы Үркердей ауыл маған өзгеше ыстық көрінеді. Басқа фермаларға барсам, дәл мұндай әсерде болмаймын. Өйткені №3 ферма маған өте жақын, ыстық көрінеді де тұрады, көзіме оттай басылады. Оның сыры – балалық, жастық шағым осында өтті. Осы өңірдің май топырағын таптап өстім. Осында хат танып, сауат аштым. Қазан төңкерісінен кейінгі төртінші жылда дүниеге келген мен ауыл балаларымен бірге Үшаралдағы мектепте оқыдым. Кейін аға шопан болдым. Қойшы таяғын винтовкаға да ауыстырдым. Ауыр жараланып, осы ауылға қайта оралдым. Мәңгілік жан-жарым Құндызға үйлену тойын осында жасадым. Балалы-шағалы болдым.
Бұл ауыл менің көз алдымда жаңғыруда. Кешегі жатаған үйлердің орнында қазір зәулім үйлер сап түзеп тұр. Анау шеткі көше «Батырлар көшесі» деп аталады. Бұлар да соңғы екі-үш жылдың жемісі. Еңбек жанып, табыс молайған жылдары тұрмыс жайын да шет қалдырмадық. Жұмысшылар үшін тұрғын үй салынды. Анау бір әдемі көшеде менімен бірге Батыр атағын алған, бұл күнде пенсияға шыққан қарт шопандар тұрады.
Шаруашылықтың қыруар жұмысы мойын бұрғызбай жатса да,мен бұл ескікөз ауыл ардагерлеріне, қарт гвардияға сәлем беріп, шаруа жайын солардың ақылына салып, өлшеп, пішуге уақыт тауып бағамын».
Бақытжан әкесінің осы жазбаларын жиі оқып, одан көп нәрсені көңілге түйеді. Туған жерге деген махаббат, қарттарға деген құрмет, елмен ақылдасып, кеңесіп отыру міндет екендігін әкесі өмірлік ұстанымына айналдырған.
Кітаптың тағы бір жерінде әкесі шаруашылықты жүргізудің стильдерін де сөз етеді. «Қоғам дәулетін көздің қарашығындай сақтап, өркендету – қасиетті борыш. Материалдық-техникалық базаны нығайту алдыңғы лекте болғаны дұрыс. Бұл абыройлы міндет. Егер коллектив өндіріс ісін жақсы жолға қойып, өзінің ішкі мүмкіншіліктері мен резервтерін түгел пайдаланып отырса, басшылық еңбекті дұрыс ұйымдастырып, жұмысшылар бұқарасының еңбекке деген ынта-жігерін арттыра білсе, онда қай салада болса да мол табысқа жететіндігі сөзсіз». Осылай деп бір ойын түйіндеген әкесі тағы бір жерде былай деген: «Әдетте кейбір шаруашылық басшылары үздік рекорд жасаған бірең-сараң адамдардың табысын ғана көлденең тартады да, жұмыстағы жалпы кемшілікті тасада қалдырып қояды. Ондай жеке рекордтаорға мәз болушылықтың аяғы жақсылыққа әкеп соқпайды. «Тамшыдан теңіз» дегендей Отан дәулеті әр адамның еңбегімен молығады ғой. Сондықтан да біз жеке озаттардың ғана емес, бүкіл ферма, совхоз бойынша жалпы табысымыздың неғұрлым қомақты, мол болуына үнемі назар аударып отырамыз. Бізде артта қалып қоятын ферма мен отарлардың жоқтығы да осыдан».
Осындай ой толғауларын оқыған сайын осыдан қырық жыл бұрын айтылған осы қағидалар бүгін де өміршең. Қалай айтса да, әкесі шаруашылық жүргізудің нағыз білгірі, дала академигі болғаны анық. Ол кісі өмірбойы Мойынқұмды суландыру мәселесін армандағанын кітап жазбаларынан білді. Бұл жөнінде кітабында былай деп жазылғаны да есінде:
«... Иә, су мәселесінің әлі шешілмей тұрғаны рас. Құмда құдық аз. Алматы мен Жамбылдан келген экспедицияның қазған құдықтары сапасыз болды. Құм сарқылып немесе құм басып бітеліп қалады. Олар «пәлен» құдық қаздық деген санына мәз. Сапасын ойламайды. Су мәселесін шешу - Мойынқұм жайылымын игерудің негізгі шарты. Мұнда әрбір қой отарына арнап шахталы және құбарлы құдықтар қазу керек. Су мәселесі шешілсе, Талас өңірінде бір жарым миллион қаракөл қойын өсіруге болар еді. Ал құм шөбінің малға жұғымдылығын бүкіл Талас атырабын жайлайтын шопандар тегіс біледі. Мал қыстайтын құмды даланың сырын біліп, оны жанашырлықпен игермейінше, қой шаруашылығын бұл өңірде жолға қою мүмкін еместігін талай айтқанмын, тағы да айтамын, Мойынқұмды игеру менің көп арманымның бірі ғана...». Әкесінің бұл арманы қазір де өзекті. Ал қазір құмды өлкенің берерін молайту үшін ірі шаруашлқтар, кооперативтер жұмыс істеу қажет екенін екінің бірі түсінді.
Әкесі кітабында бірлік туралы, елдің, ағайынның ынтымағы жайында көңіл тербер ойлар айтқан. Бірлік отбасынан бастап, мемлекетке дейін табысқа жеткізетінін бірнеше рет қайталаған. «Ер еңбек үстінде шыңдалады. Кім жақсы еңбек етсе – сол ер. Ал бар ынтамен, сүйіп істеген жұмыс жемісті болмай қоймайды. Ол үшін ең алдымен ынтымақ бірлік керек»,- деген аталы сөздері кеше де, бүгін де, ертең де маңызды екені айтпаса да түсінікті. Ойласар, ақылдасар сәттерде әкесінің шағын кітапшасын парақтау, ондағы айтылған сөздерді ой елегінен өткізу өзінің дәстүріне айналғанына қуанады. Жүрегі тулады. Айналасына, барқандардың арасында кең көсіліп жатқан ауылына марқая, масаттана қарады.
Әкесі шаруашылық жүргізу, еңбек адамдармен қарым-қатынас туралы көбірек айтса, мамасы адамгершілік, кісілік, имандылыққа тәрбиелегенін жақсы біледі. Мамасының осындай қасиеттері туралы сөз бола қалған жағдайда, алдымен, ойына 1998 жылы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеп жүргендегі бір оқиға орала береді.
Қызметтен келген соң күндегі әдеті бойынша мамасымен сөйлесіп, бүгін болған бір әңгімені айтқан.
– Бүгін қызық болды. Алдыма бір кісі келді. «Ағайынбыз» деді. Жыға танымадым, атында білмеймін. Ол кісі баласының үйленейін деп жатқанын алға тартып, қаржысы жетпей жатқандығын айтып, ақша сұрады. Қызық кісі екен, аралас-құралас емес адамнан «ағайынбыз» деп ақша сұрағаны несі? «Аға, ондай ақшам жоқ. Алып беретін де адамым да жоқ. Өзім жаңадан қызметке келіп жатырмын» дедім. Ол кісі көп ойланбастан-ақ: «Онда мәшинеңді бер. Ауылға апарып тастасын», – деді. «Қызмет мәшинесін бере алмаймын, кешіріңіз», – дедім.
– Балам, қателік жіберген екенсің, –деді Құндызай жәй ғана. – Ақша бере алмасаң да, мәшинеңді беруің керек еді. Ол кісі ауыл-аймаққа: «Әбдірдің баласы Бақытжан мәшинесін мінгізіп жіберді» деп айтып барып, мерейіңді тасытатын еді. Әрине, адамдардың барлық өтініш-тілектерін қанағаттандыру мүмкін емес. Дегенмен де, алдыңа келген адамның арқасынан қағып, көңілін жайландырып, мәселенің мәнісін түсіндіріп, қолыңнан келсе, қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмектескенің абзал болады. Болса азын-аулақ ақша беріп, «Үйге таксимен барыңыз немесе жеңешеме шай алыңыз» деп берген ақшаның мөлшеріне қарай айтсаң жарасып тұрады. Ештеңе бермесең жылы, жақсы сөзіңмен шығарып сал, риза болады. Адамның ризалығы – оны да, сені де қуанышқа бөлейді...
Анасының осы бір кеңесі өзіне ерекше әсер еткен. Өзінің істеген ісіне ұялып, мамасынан кешірім де сұраған. Сонда да сол бір оқиғаның болғанына біраз уақыт өтседе «ағайынбыз» деп келген кісінің алдында кінәлідей сезінеді. Біраз уақыт ағайын-туысқан бас қосқан жерден сол кісіні іздеді, жолыққанын қалады.
Тағы бірде: «Мен сендердің ағайындарың боламын» деп, орындалмайтын өтінішін айтып, тағы бір үлкен кісінің келгенін мамасына айтып қалды.
– Ағайын көбейіп кетті ғой. Өтініш айтып келетіндер азаймай тұр.
Анасы Бақытжанның жүзіне бағдарлай ұзақ қарады да:
– Ағайынның көп болғаны жақсы. Алайда ағайынның жағдайын ойлап, әулетіңе, ауыл-аймағыңа, еліңе кесірі тиетін іс істеп жүр ме?! Туған жердің туын биік ұстағаныңмен, алдымен, еліңнің жағдайын ойла. Елге қызмет етемін деп жүрген сен сияқты азаматтардың алдында тұратын негізгі міндеті – халқына қызмет ету болады. Осыны ұмытпа, балам, – дегені әлі есінде. Көпті көрген, көңілге түйгені көп асыл анасы қасиеттің, кісіліктің кені еді ғой... Жүрегі сазып, көзіне еріксіз жас келді.
Ауылдарын көргенше асығып келген Сағынтаевтар әкелерінің көп ой қорытып, тоқтамға келетін биікте ой құшағына еніп, туған, өскен жердің ауасымен тыныстады. Майда жел самал болып соқты. Жүздері алаулап, жүректері лүпіл қағады. Толқулы. Неге жүректері лүпілдейді, неге толқиды? Мүмкін олар ата-бабаларын, кешегі балалық шақтарын еске алды ма екен?! Әлде ауылдарының, оның тұрғындарының ертеңін ойлады ма?! «Осы өңірді бақ далаға айналдырамын», деп жанын сала еңбек еткен біріне әке, біріне ата Еңбек Ері, іЕрі ерен тұлға, ауыл шаруашылығын жүргізудің үлкен қайраткері, халқына құт болған Әбдір Сағынтаевқа немесе елдің анасына айналған–асыл ана, сүйікті әже Құндызайға деген сағыныштары жүректерін саздырды ма екен?! Әлде бабаларынан мұра болып қалған ұсталық өнердің шапағатын естеріне алды ма?! Олар қалай деп ой толғаса да бүгін ауылдарында той! Бүгін олар алтын бесіктері – ауыл тойына келді.
АВТОРДАН: Осы туындыны жазудың қиындығы бас кейіпкерлермен жүздесіп, пікірлеспегенім болды. Рас, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында, яғни, тәуелсіздіктік алғашқы кезеңінде «Талас» асыл тұқымды қой зауыты басшыларының үстінен республикалық «Халық Кеңесі» газетіне арыз түсіп, соны тексере барғанымызда, дауы мен айқайы көп екі күн жиын Үшаралда өткен. Солбір көңілге аса ауыр қаяу түсірген жиыннан кейін ауыл әкімі Қаржаубай Кемеловтің үйіне барғанбыз. Үйдің кие-анасы Құндызаймен танысып, қолынан дем таттып, аз ғана пікірлескен едім.
Құндызай ананың торғын жүзінен аса бір мейрімділікті, парасаттылықты, сабырлықты, кісілікті көрдім. Көркі мен көңіл сұлулығы, киімінің кіршіксіз тазалығы мен үйлесімі жарасым тауып, мейір шуағын жан-жағына шашып тұрды.
Шай үстінде оқиғадан хабардар болған ана:
– Айналайындар, арасында ірткі салып жүрген бір-екеуі болмаса, ел жақсы ғой. Көпшілікке топырақ шашпасаңыздар болғаны. Жазатын болсаңыздар елді жаман деп жүрмеңіздер. Әбекең – ағаларың болғанда мұндай әңгіме туындамаған болар еді,- деп ауыр тыныстағаны күні бүгінге дейін көз алдымда. Одан кейін жүздесудің сәті түспеді.
Сондықтан да осы олқылықтың орнын толтыру үшін жүзден аса азаматтармен Сағынтаевтардың сыры туралы сөйлестім. Сол заманның оқиғаларын сараладым, зерттедім, зерделедім. Кезіндегі қоғамдық қарым-қатынасты білуге ұмтылдым. Ол кісімен қызметтес болған қоғам, мемлекет қайраткерлерінің жүрек сөздерін естідім. Ұл-қыздарымен, келіндерімен, немерелерімен ой бөлістім. Біразы сырлас жора-жолдасқа, досқа айналды.
Көркем әдебиет пен журналистиканың жаныры астасқан шығарма дүниеге келді. Очеркте Әбдір Сағынтаевтай азаматтың, оның айналасындағы ағайын-туыс, бауырларының, қызметтес болған азаматтардың өмірі, еңбегі мен жандүниесі, заманның ағымы мен тыныс-тіршілігінің көрініс табуын мақсат еттім.
Достарыңызбен бөлісу: |