ЖҰЛДЫЗДЫ ӨМІР
( Повесть)
Бұл жерге қызылша алқабының, қызылшашылардың суреті салынса
1.ТҰМАНДА
Қалың тұман жер бауырлап жатып алған. Сеңгір, сеңгір таулар да көрінбейді. Сіресіп жатқан ақтүнек төбеде көк аспанның барына сенімді жоғалтқандай. Таяқ тастам жер түгіл табанының асты көрінбесе де, Дариға «күндегі жүрген жолым еді ғой», деп тұспалдап, әктелген ұзын қабырғаны жағалап келе жатқандай алға жылжи берді. Тек аласа болғанымен бұл өңірде жиі кездесе беретін жалаң жартастарға соқтығысып қалмасам болғаны деп, адымдап жүрмей, тұсаулы аттай аяңдайды. Өмірінде мұндай қалың тұманды көрген емес. Ауылы Талас өзенінің жағасында болсада жан-жағын тұмшалап бекіткен мұндай соқыр тұманды көрмеген. Тіпті өзін мына тұтасқан қалың ақ түнек басып қаларлықтай, бойында қорқыныш та бар. Соған қарамастан алға қарай ілби басып келеді. Неге жүріп келе жатыр, қайда барады оны өзі де білмейтін сияқты. Бірақ, алға жүрсе жарық дүниеге шығатындай. Жарық санаңды да сәуелеп, жан-жағыңды тануға бастайды деген сенім басым. Әлден соң «апырай, мен осы қайда барамын?», деген ой тағы да қылаң етті де тоқтай қалды. «Қайда асығамын. Тұман ақ түнегі ашылар, сол кезде жүрісі өнімді болар. Одан да осы жерден бір қалқа тауып, тыныстап алса несі кетеді?» Қалқа болар жер іздеді. Осы ой оны тағы да алға адымдатты. Қанша жүргені белгісіз біраз уақыттан кейін тап алдынан қарауытып бір нәрсе көрінді. Адымдап, алқынып соған ұмтылды. Адам сияқты. «Бұл кім?», – деді жай ғана. Үн қатқан ешкім болмады. Қолындағы таяғын сығымдай ұстап, алға тағы бір адымдады. Адам дегені қарауыл үйінді тас болып шықты. «Апырай-а, бұл маңда мұндай белгі жоқ еді ғой, қайда келгенмін?», – деп біраз тұрды да, қолындағы дорбасын астына төсеп, тасқа арқасын сүйеп отыра кетті. Көзін жұмып, маңдай мен самайдан аққан терін алақанымен сүртіп, дел-сал күйде аяқ-қолын еркін тастап, көсіліп отырды. Әлден соң бір нәрсе есіне түскендей селк етіп, орнынан ұшып тұрды да үйінді тасты қолымен сипады. Көзі анық жетті, тас моланың басына қойылған белгі екен. Айдың суретін салып, астына араб қаріптерін тасқа ойыпты.
– Кешіре гөр. Басынды деп ойлама.
Өзі білетін дұғаның бірін оқып бетін сипады да қайтадын арқасын тасқа беріп жайғасып отырды. Көзін жұмды.
Шіркін, заман-ай, қандай кезге тап келсе де еркін болғанға ешнәрсе жетпейді екен ғой. Жан алқымға келіп, белсенділердің қамшы үйірген заманын да басынан кешкен. Сол кезде де фашистер Мәскеудің жанына жақындап келгенде де, тыныс алған сәтте қызылша алқабында қыз-келіншектер әнге басатын. Қазір жалғыз. Айдала. Бақылап тұрған жасауыл да жоқ. Жасауылдан құтылғанына да біраз ай болған. Соған қарамастан өлең де айтқысы келмейді, тіпті еркін дем алып, құрысқан бойыңды жазу үшін керілуге де болмайтын сияқты. Неге?
– Шынында неге?
Өзіне өзі сауалды дауыстап қойғанын байқамай қалған Дариға қабағын шытты да ауыр күрсінді. Көңілі бұзылып, қамықты. Тұманның буалдырынан ба, әлде еріксіз келген жас па көзінің алды дымқылданды. Жаулығының ұшымен көзінің алдын сүртіп, орнынан тұрғысы келіп, алға ұмтылып барып қайта отырды. Көз алды әлі тұман. Міне, екінші күн Нұра алқабының ақселеулі аңғарында тұман тұтасып тұр. Мамыр айы болса да күннің көзі бір ашылмай-ақ қойды. Алқап шежіре ауылы сияқты екен. Ана жерінде де, мына жерінде де қаптаған батырлар мен би, ақындардың кесенесі. Біреуі туралы сұрасаң бірнеше шежіреден сыр шертіледі. Күні кеше ғана Нұраның жағасында қоныс тепкен Қарабас ауылының бір ақсақалы бір тарихтың тетігін ағытып, осы Нұра өзеніне байланысты әдемі әңгіме айтып еді. Қалай еді... Иә, баяғы заманда Балаби деген ділмәр шешен болыпты. Бидің бір туыстары Досбол би ауылының қызын алып қашып келе жатқанда осы өзенге түсіп мерт болыпты. Соған қарамастан қыз жағы олардан айып талап етіпті. Сонда Балаби былай деген екен:
– Құнажын көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді. Артымнан сен қумасаң, алдымнан Нұра бумаса, менің Нұрада нем бар, Нұрадан аққан жырада нем бар? Жыраға кетіп балам өлді, алдымен адамымның құнын төле, – депті. Сонда Досбол би сөзге тосылып барып: «Кінәлі Нұра болсын. Біз бұрынғысынша ағайын – туыс болайық»,-деп құшағын ашыпты. Міне, сол Балабидің Нұрасының бір жырасынан шыға алмай тұманға тұмшаланып отырғаны мынау. Арқасын сүйеп отырған құлпытас қандай батырдікі, қай ділмардыкі бір Алланың өзі білсін. Бұл да бір шежіренің жабылып жатқан сыры болар, кім білсін. Тұман...тұман. Біле білсе өзінің өмірі де тұман сияқты. Ешнәрсе анық емес. Бәрі..бәрі буалдыр...
Ауылында баяғыда-ақ ит қызғалдақтар күн қызуына шыдай алмай ұшып кеткен болар. Бала кезде айранға турап жейтін сарымсақ та биіктеп қалған болар. Жидеге толы Талас алқабы жайнап тұрғаны анық. Сасыр мен рауғаштың жайқалып тұрған кезі ғой. Шіркін, сол көріністі бір сәт көрер ме еді. Ой шудасы иіріліп оны бірте-бірте алысқа жетеледі.
... Осындай күйге түсем деп ойлап па еді. Жарқырап, жайнап, құрбыларының алды болды. Соғыстың ауыртпалықтарын артқа тастап, ес жинағанда омырауына Алтын Жұлдыз тақты. Онысы ауылдың еңсесінің көтерілуіне бірден бір себепкер болған Мұқамбетқали Нұрбаевтың «Қызыл жұлдызға» бастық болып келуімен тікелей байланысты еді ғой. Оған дейін бастық болған Сындыбала жеңгесінің күйеуі Мәуетай Оңғарбаев 1937 жылы дүние салды. Одан кейін өзінің ері Балатай Жантоқов шаруашылыққа ие болды. Қырқыншы жылы Балатай мен ағасы Кәдір әскер қатарына алынды. Артынша соғыс басталды. Қайнағасы Қалабай да майданға кетті. Ауылда ауыртпалық көтере алатын еркек қалмады. Ол күнді адам баласының басына бермесін. Сол бір кездері атқа мінген адам әкіреңдемесе жараспай тұратын кез де болды. Одан соң бір емес, бірнеше азамат бастықтың атына мінді. Соғыс аяқталар сәтте колхозға аудандық жер шаруашылығында қызмет істеген Мұқамбетқали бастық болып келді. Ол ағасы Кәдірмен туған бажа еді. Келе сала шаруашылықты жүргізудің жаңа әдісін қолға алды. Әрбір қызылшашыға бір гектардан жер бөліп берді. Шығынын колхоз көтергенімен жыл қорытындысы бойынша алған өнімдеріне қарай еңбек ақы төледі. Мұның өзі елді еселі еңбек етуге ынталандыру болатын. Мұндай жұмыс ұйымдастыру әдісі шаруашылықтың басқа да салаларында қолға алынды. Нәтиже оның өзі күткенінен де жоғары болды. Бірақ, кейін оның бұл жаңашылдығы өзіне пәле болып жабылды. Мұны «ұжымдық еңбекті жеке меншік еңбекке айналдыру, капитализмнің белгісі» деген кінә тағылды. Не десе де сол жылдары соғыстан қалжыраған ауыл көркейе, гүлдене бастады. 1947 жылы «Қызыл жұлдыздың» бастығы Мұқаметқали Нұрбаев бастаған жеті адам Социалистік Еңбек Ері атанды. Бұл туралы Мұқаметқали Нұрбаев 1949 жылы «Қазақтың біріккен мемлекет баспасынан» жарық көрген « Еңбек – ер атандырады» деген кітәбінде мынандай дерек келтіреді: « 1947 жылы қант қызылшасынан мол өнім алғаны үшін колхоздың 7 адамы зор абыройға ие болып, Социалистік Еңбек Ері атағын алып, 5 адамы Ленин орденімен, 14 адамы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 15 адамы «Еңбектегі ерлігі үшін» және «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен наградталды» делінген. Бұл марапаттау соғыстан кейін еңсесі түсіп, әбден қалжыраған қызылжұлдыздықтар үшін өңірдегі үлкен оқиға болды. Өзімен бірге Сындыбала Оңғарбаева жеңешесі де Еңбек Ері атанды. Келесі жылдың басында Жамбылдағы теміржол клубында Қазақстанның басшысы Жұмабай Шаяхметовтің өзі келіп Алтын Жұлдызды тапсырғанын қалай ұмытады? Бір гектар қант қызылшасының алқабынан 1000 центнерден өнім жинау шын мәнінде үлкен табыс еді. Ал, келесі жылы «гектарник» Дариға 800 центнерден тәтті түбір жинады. Мұндай өнім алу шынында да көп еңбекті талап ететін. Өсіп келе жатқан әрбір тәтті түбірді қолмен бір емес бірнеше рет аялау еңбектің еңбегі. Жекелегеннен кейін өнбей қалған түбірдің орнына өзгесін қолмен егу, оны күн сайын баптап, суару оңай болмады. Қызылша өсіп, өнгеннен кейін олардың арасында біз сұғар бос орынның болмауы ғажап емес пе? Мұндайда тәтті түбір жанына қарай емес, төмен не жоғары қарай өскенін көргенде Дариға таңдай қаққан. Бірте-бірте «гектарниктердің» тәжірбиесі толысып, тәтті түбірдің сырына қаныға түскен. Соның нәтижесінде келесі жылы да мол өнім алып, тағы да омырауына Ленин орденін тақты. Кішкентай ғана ауылда омырауында Алтын Жұлдыздары жарқыраған Сындыбала Оңғарбаева, Дариға Жантоқова, Қанымқыз Тортаева, Мәрзия Ибрагимова, Керімбай Мырзақұлов, Айтжан Бөгенбаев және колхоз басшысы Мұқаметқали Нұрбаевты көргенде мұның бәрі шаруашылық басшысының іскерлігінің нәтижесі екеніне қуанатын. Ауылдың азаматтарын алыстан іздеп келетін жазушылар мен жорналшылар көбейді. Тіпті 1952 жылы одақтық «Огонек» журналы Дариғаның суретін сыртқы мұқабасына басты.
– Шіркін дәурен-ай!
Дариғаның даусы тағы да оқыс шығып кетті. Өз даусынан өзі шошығандай, бойын тіктеп, жан-жағына қарады. – Шіркін, дүние-ай, өтеріңді білмедім бе? Қандай күйге түсірдің? Өзгенің ала жібін аттап па едім? Жазығым – бел жазбай еңбек еткенім бе?
Ол осылай деп бар дауысымен айқай салды да үнсіз қалды. Жүрегі езілді, аузына қара су толды. Жан-жағын тұмшалап тұрған тұманның буалдыры жүзіне жас тамшыларындай қонақтаған. Бетін сүртпеді, қимылсыз отыра беріп, көзін жұмды.
Көз алдына ауылы Ақжар елестеді. Ақжар құм мен көкорай даланың арасын бөліп тұрғандай Талас өзенінің сағасы тола ағып, құрдымға жетпеуге әрекеттенгендей сырғи, ирелеңдей, көпіршектене ағатын өзеннің жағасында жалаң аяқ жүгіргені көз алдына келді. Сол бір сәтті көрейін, көз алдына елестетейін дегендей ойға ерік беруге ұмтылды. Бірақ, көз алдына балалық шағы емес, құрып қалғыр абақты елестеді.
...1952 жылдың соңғы күндерінің бірінде колхоздың бастығы Мұқаметқали Нұрбаев қамалды. Ел іші дүр ете қалды. «Не дейсің, колхоздың көрсеткіштерінің бәрі өтірік екен. Бұл басы ғана әлі талайлар ұсталады» деген сөздер күннен-күнге өршілене түсті. Бұл жамандықты қоздырып жүргендер сол ауылдың азаматтары еді. Олар ешнәрседен аянып қалған жоқ, арызды қарша боратты. Тексеруге келген уәкілдерді қонақ етіп, қойны-қонышына ақша тықты. Алдарына арақ, шынтақтарына қалың жастық қойып, иіліп төсек, жайылып жастық болып жатқандарынан ауыл адамдары түгел хабардар еді. «Жақсыға сөз батады» демекші бұл жағдай қызылшашының жанын жегідей жеді. Көп ұзамай Дариғаны Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Алматыға шақырды. Сол жылдары Жоғарғы Кеңес Төралқасының мүшесі болатын. Дариға қандай әңгіме қозғаларын алдын ала сезген. Сондықтан астанаға келерде бұрынғыдай Алтын Жұлдызы мен ордендерін жарқыратып таққан жоқ, орамалына орап, қалтасына сала салды.
Көп әңгіме болған жоқ.
– Сен партияны, Отаныңды, ел-жұртыңды алдапсың. Сенің ағаң Кәдір Жексенбиев фашистердің тұтқынында болған. Ал, сен оны жасырғансың. Сондықтан да Жоғарғы Кеңестің Төралқа мүшелігінен шығаруға және атақ-даңқыңның бәрінен айыруға, наградаларыңды алуға шешім қабылдады, – деп, қақшаңдап қалған әйел, Дариғадан куәліктерін және Алтын Жұлдызы мен үш Ленин орденін тапсыруды талап етті.
Дариға Жантоқова Жоғарғы Кеңестен есеңгіреп шықты. Қызыл шырайлы жүзінде қан қалмағандай, ақ қағаздай бозарды. Ешкіммен сөйлесіп, пікірлеспей-ақ ауылға тартты. Таңға жуық үйіне келді. Анасы Науатбала еңіреп қарсы алды. Ертеңіне партия комитетінің хатшысы келіп, партбилетін алды. Атақты қызылшашы абыройдың бәрінен бір-ақ күнде жұрдай болып бүк түсіп жатып алды.
Қазір сол күндердің ауыр көріністерін көз алдына елестетсе көкірегі қарс айырылады. Күні кеше ғана «Кімсің? Дариғамын! Жантоқовамын!» болып жүрген ол қайраңға шыққан балықтай аузын ашып, көзін жұмып, ешнәрсенің мәніне түсіне алмай құса болды. Сондай күндердің бірінде, яғни елу үшінші жылдың бірінші маусымы күні прокуратураның үш қызметкері әкіреңдей келіп, оның қамаққа алынғанын айтты. Табан астынан қайдан, қандай күш келгенін өзі де түсінбеген Дариға қуаттанып, жігерленіп, түрленіп шыға келді. Ең қымбат ақ гребдешін көйлегін, әдемі туфлиін киді. Шешесі аяғына оралды.
– Апа, қамықпаңыз көп ұзамай келемін. Өзіңіз айтпаушы ма едіңіз « Жақсыға шаң жуымас», – деп. Менің ішіп, жеп қойғаным жоқ. Әлі-ақ ақ таңымыз жарқырап атар, – деп, қасқайып барып әлгілердің жетегіне ілеспей көліктеріне өзі барып мінді.
Қызық болғанда он бес күн түрмеде жатқанда бір-ақ рет тергеуші оны сұраққа алды. Онда да әңгіме төркіні өзгеше болды. Өзінің ісі туралы сұрамай, колхоз бастығы мен аупарткомның бірінші хатшысы туралы сыр тартпақ болған сыңаймен:
– Сіз қысылмаңыз, екеуіміз тең адамдай сөйлесейік. Сіз Жұмабай Шаяхметовке колхоздың атын сыйға тартқанын растасаңыз, одан соң ол Сындыбала Оңғарбаеваның үйінде орталық туралы айтқан сын сөздерін растасаңыз болғаны,-дейді.
– Біріміз атты, біріміз жаяу дегендей, сөзіміз келісе қоярма екен. Одан соң Қазақстанның басшысы туралы мен қара сөз айта аламын ба? Болмаған істі «болды» деп айту адамшылыққа жата ма екен, – дегенде тергеуші көпке дейін қазақ келіншегіне тесіле, ұзақ қарап, үнсіз қалған.
Сол үнсіздік астарын да Дариға кейін білді. Мәскеулік тергеушілер ауылға келіп, «басқа звенодан түнде қызылша тасыдыңдар ма? Тасымасаңдар «тасыдық» деп, айтыңдар» деп үйретумен, қорқытумен болыпты. Шаяхметовке колхоз бастығы Нұрбаев мінгізген атты алып кетті ме? Болмаған істі кім «болды» деп айтсын, ешкім де ондай жаланы растамаған.
Амалы таусылған тергеушілер он бес күннен кейін бір сөз айтпастан, «уақытша боссың» деп оны түрмеден босатып жіберді.
Сол жылдың бірінші шілдесі күні Жамбылда елді елең еткізер үлкен сот болды. Судьялар Алматыдан келді. Ең алғашқы сәтте «Өтірік мәлімет бергенсіңдер» деген кінә тағылған еді аяғы быж-тыж болды. Бір колхоздың жеті адамы бір күнде сотталып кете барды. Оның екеуі - Социалистік Еңбек Ері болатын. Бірі – колхоз бастығы Нұрбаев - жиырма бес жылға, екіншісі - атақты қызылшашы Дариға Жантоқова он бес жылға кесілді. Тіпті таққан айыбы да қызық. Алғаш таққан кінәсі өзгертіліп, артынша «інісінің фашистердің тұтқынында болғанын жасырғаны үшін» дегенді қосты. Егер осылай болғанның өзінде осынша мерзімге соттауға бола ма? Дариға осыған таң...
Денесінің мұздап бара жатқанын сезді. Орнынан тұрып, бойын жылыту үшін ары-бері жүріп, қолын қимылдатқансыды. Қалың тұманның іргесі сөгілмеген. Әлгі- ақ түнек айналаны жаулап алған. Жер басып тұрмағандай. Көк пен жердің арасындағы кеңістікте тұманның үстімен жүріп келе жатқандай. Кешегі күндері жауған ақ жаңбыр мен буалдыр жердің мыйын шығарып жібергендей, басқан жеріңнің бәрі былш-былш етеді. Қайтадан келіп орнына отырды. Қымтанып, шолақ пальтосының жағасын көтеріп, мойынын бұға түсті. «Апырмай-а, шынымен адасқаным ба? Бүгін баракқа бармай қалса «қашты» деген кінә тағуы әбден мүмкін ғой. Неде болса тұманның ашылғанын күту керек», – деп шешті. Ол құлыптасқа арқасын беріп, бұйыға түсті.
... Дариғаны негізгі топтан бөліп, Шымкент қаласындағы түрмеге әкелді. Ал, Мұқаметқали Нұрбаев бастаған сотталғандарды Куйбышев қаласындағы абақтыға жіберді. Бұларды мұнда да тұрақтандырмады. Күзде ылғи әйелдер мінген эшелон Семей түрмесіне жеткізілді. Бір таңғалғаны өзімен абақтыға жабылғандардың басым көпшілігі қоймашы, дүкенші болып шықты. Олардың арасына өзінің қалайша қосылғанын түсіне алмай дал. Бірақ, Мәскеуден келген тергеушінің: «Сендер қазақтар соғыстан кейін есіріп кеттіңдер, батырларың көбейіп, өзгелермен терезелерің тең деген сөзді көп айтатын болдыңдар. Тамырларың тереңге кетпей тұрғанда шауып тастамаса, ерік бермей кетулерің де мүмкін...» деген сөзін соңғы кездері жиі еске алатын болды. Шынымен өзінің сайқал саясаттың құрбаны болғаны ма? Әйтпесе, өтірік мәлімет бергендер дегеннің қатарына қоса алмады. Себебі оның есеп беретін ешбір құжатқа қол қоймағаны анық. Тіпті тергеуші де, кейінірек Алматыдан арнайы келіп өздерін соттаған Тапалов деген судья да қызылшаның айналасында әңгіме қозғамай, бастықтың «қылмысын» қоюландыру үшін өзін куәгерлікке тартқанын да байқап қалған. Бар кінәсі – «ініңнің тұтқында болғанын жасырдың» болды. Өзінің ешқандай кінәсі жоқ екенін жақсы біледі. Осы өзекті өртер өкініші туралы Семейден Қарлагқа келгенде оқыған, тоқыған минскілік еврей заңгер Надежда Гусинская білгенде таңданысын білдіріп, өзі де тұтқын бола тұрып тездетіп бас прокурор Руденкоға қызылшашының атынан арыз жазған.
Ой мен соқыр тұманның құшағында отырған Дариғаның көзі ілініп кеткендей болды.
… Мойынқұмның жал-жал сарғыш құм жоталары неше түрлі гүлмен көмкерілген. Тек құм жалдары ғана емес кішкентай ауылда гүл-шешекпен оранып алғандай. Дариға жанындағы құрбыларынан бөлініп, Көделіге қарай жүрді. Жарқыраған күн сәулесі қыза қоймаған. Жұмсақ жел бетін сипап жатыр. Тағы алға адымдады. Сонау жотаға шықса арғы жағынан ақ басты Алатау анық көрінді. Алатау көрінсе ауылына жету де қиын емес. Тағы алға адымдап еді сары тышқандардың ініне тізесіне дейін түсті де кетті. Апырай, тышқанның іні де осыншама терең бола ма екен. Шыққысы келіп, ұмтылып еді, көр тышқандар аяғынан тартып, қозғалтпайды. Қайта жергесіңіріп барады. Бойындағы күшін жинап, бар дауысымен «е,... әруақ» деп, алға ұмтылды. Осы кезде біреу қолынан тартқандай болды. Жанында үлкен ақ айыр қалпақ киіп әкесі тұр.
– Көке, сіз қайдан мұнда жүрсіз?
– Дариғаш-ау, сен жүрген жерде мен неге жүрмеймін. Қабағың салыңқы ғой.
Кешегі күнді аузыңа сидырғандай нұр шашқан жарқын күлкің қайда? Езілме, қайрат-жігерің құм болса басыңа мына көр тышқан ұя салар. Тұр орныңнан. Тездетіп жететін жеріңе жет. Сені жақсы хабар күтіп тұр, деген әкесі ғайып болды.
– Кө...ке...
Ол өз даусынан шошып оянды. Бір сәт өзіне өзі келе алмай дүрс-дүрс еткен жүрегінің соғысын тыңдап отырып қалды. Көзіне үйіріліп қалған жасты сүртіп алға қарады. Қалың тұман сейілмепті.
Апыр-ай көкесі не деп кетті. «Тездетіп жететін жеріңе жет... жақсы хабар күтіп тұр» деді-ау. Орнынан ұшып тұрды. Бірақ қалай қарай жүрерін білмей біраз абдырды. Әлден соң әкесі кеткен жаққа қарай жүргенім дұрыс деп ойлаған Дариға ойынан бірден қайтты. Дүниеден өткен адаммен сапарлас болу, бірге тамақ ішу жақсы ырым емес деген әкесінің сөзін талай естіген. Сондықтан да әкесінің соңынан емес, соған қарсы бағытқа қарай жүрді. Көп ұзамай биік жотаға шықты. Аяғына жел біткендей қырға екпіндей көтерілді. Міне ғажап жотаға көтерілген сайын тұман сейіліп, көшіп бара жатқанын байқады. Бірте-бірте көз тастар жері ұзарып, жан-жағын анық көрді. Көз алдында дала көсіле түсті. Енді байқады –қырға көтерілген сайын тұман шымылдығы сыпырылып жерді тұмшалап жатқан тұманның көбесі сөгіле бастапты. Жотаның биігіне шығып тағы да айналасына көз тастады. Бағыты дұрыс екен. Теріскен жақтан қалың тал-дарақ көзіне ыстық көрінді. Бұл Карлагтың басты қақпасы Долинка селосы. Жотадан бірден төмен түспей оны қиялай, барактарға қарай адымдай жүрді.
Барак басшыларынан ешкім «келдің, кеттің» дегендері де болмады. әлде нәрсеге жүгіріп, шапқылап жүргендер, амалсыз өз бригадирін іздеді.
– А... келдің бе? Қуана бер, Алматыдан келген комиссия сенің де делоңды сұрастырып жатыр, деген Надежда Владимировна Дариғаның арқасынан қағып қойды.
– Қайдам, мені шығара қоймас, – деді Дариға селсоқ.
– Білмеймін, бірнеше адамның босанғаны рас. Гурьевтік құрбың Ұмсынның босанғаны анық. Дүкеннің таразысынан жегендер босағанда, сенің кінәң айтуға тұрмайды.
– Бұл заманда абақтыға жабу оңай, одан шығару қиын екенін кім біліпті...
– Ойбай үніңді өшір, – деп Надежда Дариғаның аузын алақанмен жауып, жан-жағына қарады. Бар начальникке бар. Кім білсін, мүмкін...
Құрбысының сөзін аяқтатпастан мәселенің мәнісін түсінгендей Дариға бірден лагерь басшысы отыратын кеңсеге қарай тартты. Надяның өзіне тілеулес болып тұрғанын түсінді. Себебі ол бір емес, бірнеше рет өзінің атынан жоғарыға арыз жазды. Егер сол шағым назарға алынып, абақтыдан Дариға шығатын болса ол оның да жеңісі болатыны сөзсіз.
Күткеніндей емес кеңсе алды тып-тыныш. Әдетте қолдарына таяқ ұстап жүретін жасауылдар да көрінбейді. «Кірсем бе екен, кірмесем бе», – деп, бастықтың есігінің алдында біраз тұрып қалды. «Тонымды шешіп алып қалмас», деп есікке ұмтылғанда алдынан жайраңдап Ұмсын шықты.
– Дариға, мен қандай бақыттымын . Мен абақтыдан босандым. Енді жер биігі Гурьевіме жөнелемін, – деп, құрбысын айналдыра құшақтап, мәз-мейрам.
– Көрінген ана жерден Гурьевім,
Көрмедім сенен басқа жер биігін.
Кішкентайдан қосылған қарағым-ай,
Кімдерге салып жүр екенсің көз қиығын, – деп, енді өлең айтпайтын болдым. Енді байыма өзіміз ие боламыз.
Ол бар дауысымен сыңғырлай күлді. Ақ құбаша жүзі балбұл жанған. Көрікті жүзі бұрынғыдан да шырайланып кетті. Дариға құрбысының қуанышын бөлісіп, енді ішке қарай ұмтылғанда Ұмсын бір сәт бойын жинап алып: «Саған отказ келген сияқты. Мен аналардың сөзінен солай ұқтым», – деді тұнжырай. Жаңа ғана балбыраған жүзіндегі қуаныш табы жоғалып кеткен. Дариғаға тіктеп қарай алмай, кінәлі адамдай керзі ботинкасының ұшымен жер шұқылады. Дариғаның бойында діріл пайда болды. Не айтарын білмей үнсіз қалды.Ұшпа көңілі су сепкендей басылды. Ұмсыннан жүзін бұрып әкетті.
– Абыржыма әділдік жеңеді. Әлі-ақ босап шығасың. Одан да ауылыңның әдіресін айт, үйіңе барып анаң – Науатбаланы бір қуантайын...
Осы кезде бастықтың кеңсесінен Маша шықты.Ол сотталғандар қатарында болғанымен түрме басшылары оны кеңсе қызметіне жиі пайдаланатын. Білмейтіні жоқ.
– А... қуанып жатырсыңдар ма? Жантоқова сен қамықпа, сенің де қуанатын күнің алыс емес, – деп бүкір келіншек екеуінің арқасынан қақты да сыбырлай сөйледі. – Сталин өлді. Енді әділдік шеру тартады. Жазықсыздан жапа шеккендер ақталады. Біз де еркін демалатын кезіміз болады.
Дариға Машаның сөзін естіп тұрғанымен оның мәнісіне терең бойлай алмады. Ойында жаңа ғана көзі ілінген сәтте әкесінің айтқан «тез жет, жақсылық хабар бар»дегені осы ма? Жүрегі езіліп, бойын ауырлық басты. Машамен қоштаспастан баракқа қарай бұрылды. Шыныменақ жазықсыздан жазықсыз он бес жыл айдауда жүрмек пе? Дариғаның жылағысы келді. Бірақ, қандай қиындық болса да мойымаған ол бұл жолы да көз жасына ырық бермей, ернін тістелей жатын орнына жақындағанда алдынан інісі Қоңыр арсалаңдап шыға келгені.
– Әпке, амансыз ба? Мен Сізді бағанағы берлі күтіп тұрмын. Жақсылық хабар бар.
– Қоңырым-ау, қозым-ау, амансыңдар ма? Апамның денсаулығы қалай? Балатайдан хабар бар ма? – деген Дариға інісін құшақтай алды.
- Бәрі жақсы. Бәрі аман. Бірақ, жездемнен хабар жоқ, – деп Қоңыр тұнжырап қалды. – Әпкетай, мен қазір ауылға қайтуым керек. Мені Сізге обкомның бірінші хатшысы Шолақ Артығалиев пен облаткомның төрағасы Махмұт Сапарғалиев жіберді. Ол кісілер Тәшеновтың тапсырмасын орындап отырғанын да айтып қалды. Сіздің атыңыздан орталық комитетке жазылған арызды сол кісілер ақылдаса жазса керек. Сіз қол қойсаңыз болды, абақтыдан шығарады. Бастықтар осылай дейді. Сіздің Сталин жолдастың туғанына 70 жыл толу мерекесіне барғаныңызды ешкім еске алмаса керек. Олар оның жеңілдік беруге септігін тигізетіндігін алға тартады.
– Сталиннің 70 жылдығына барғандардың жазасы жеңіл болады дей ме? Қызық - ә... Дариға ойланып қалды.
Ол бір ұмытылмас сәт болатын. Ырғалып, жырғалып, жайқалып келгендер Кремльдің Үлкен Сарайына жүрексіне кірді. Қазақстаннан барған топты Жұмабай Шаяхметовтің өзі басқарып жүрді. Туды түйілген жұдырық қана көтере алатынын айтып, «бірге жүріңдер, ауыздарыңа ие болыңдар» деген сөзді бір емес, бірнеше рет қайталағаны да есінде. Неге олай айтқанына ол кезде Дариға да, өзгелер де мән бермегені анық.
– Дариға, мен сенің жолбасшың етіп Совет Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдиновты бекіттім. Айырылып қалма, қолынан мықтап ұста, – деді күле. Талғаттың қара торы жүзі алаулап кетті.
– Батырыңыз біздің жау емес екенімізді ұмытпаса болғаны, – деп Дариға даусын көтере күлгені де есінде. Даңқты қызылшашының әзіліне Мәлік Ғабдуллин де қосыла кетті.
– Халқымыз батырын құрметтеген. Соны ұмытпа, Дариғаш, деген Мәлік жарқылдай күлгенін қалай мытсын. Сол тойда Роза Бағланова шырқата ән салып, төбелері көкке бір-ақ елі жетпей қалған. Сонда Сталин Розаның әніне ғана орнынан тұрып, қол шапалақтап еді-ау...
– Әпке, ойланып кеттіңіз ғой. Маған облыс басшылары тез кел деген. Тіпті жолқаражатты да сол кісілер берді.
– Апырай-а, шынында да бір жақсылық болатынын көкем айтып кетіп еді. Сол шындыққа айналайын деп тұрса керек.
– «Көкем айтып кеттісі» несі?
– Түсімде, осыдан бірер сағат ғана бұрын... Қой, оны қояйық. Тамақ іштің бе?
– Іштім. Мына Қарабастарыңа барлық пойыз тоқтай бермейді екен. Мен жүрейін, сөмкесін ашты да, бір бума қағазды ұстата салды. Мына жерге қол қойсаңыз болды. Облыс басшылары мақұлдаған. Мен кетемін. Асығыспын...
Дариға маржандай тізіліп тұрған жазуларға ұзақ қарады. Оны танып, оқи алатын жағдайы да жоқ. Бар болғаны үш-ақ сыныпты бітірген. Әкесінің қудалауға түсуінен Қырғызстан асты, одан соң ашаршылық болды. Сөйтіп жүргенде есейді. Балатайға тұрмысқа шықты. Артынша Балатай колхоз бастығы болды да, өзін қызылшада жұмыс істеуге шығарды. Қайдан оқысын, білім ала алмай қалды. Қазір Қарлагта айдауда жүргенде білімсіздің күні қараң екенін жете түсінді. Енді міне, осы жазба оның тағдырын шешейін деп тұрғандай.
– Кәні, қай жерге қол қояйын?...
Қоңыр әпкесі жатқан баракқа кіріп, анасының сәлемдемесін беріп, асығыс Қарабас стансасына жүгіріп кетті. Дариғаның өзегі жұлынып кеткендей болды. Бауырының артынан ұзақ қарап тұрды. Көзі жасаурады. Бір күнде осыншама оқиғаның болуы оның жүрек соғысын жиілетті, басына қан шапшыды.
... Жадырап жаз келді. Көктемнің сыбылыңқы күндерінен құтылған абақтыдағылар егіс даласында таңның атқанынан күннің батқанына дейін еңбек етті. Егіншіліктің қыры мен сырын өзгелерден жақсы білетін атақты қызылшашының қызанағы мен картобы өзгелермен салыстырғанда бұрын өнді. Жантоқованың суреті Құрмет тақтасына ілінді. Бұған Дариға қуанбады. Қайта қапаланып, « Енді жауларым не айтар екен? Дариға түрмеде де жалған мәлімет берді деуге дәттері жете ме?». Ол осы ойын жанындағыларға айтқанда: « Сен де қызық екенсің. Өмір болған соң оның көлеңкелі жақтары да болады. Сондықтан да өмір мәнді, қызық, тартысты. Жалғандықтың қақпағын жабу бір сенің қолыңнан келмейді», – деген бұл. «Сонда қалай, жалғандықты мен жеңе алмайды екенмін деп, қол қусырып отыру керек пе? Сендердің бұл пікірлеріңмен келіспеймін»,- деген.
Қызық болғанда бір күні лагерьдің басшылары қымыз ішкісі келіпті. Содан не керек Дариғаға қымыз дайында деген бұйрық келді. Өмірі сиыр мен биенің емшегін ұстап көрмеген Дариға қымыз дайындауға қызу кірісіп кетті. Қарабастың жанындағы Алматинка деп аталатын ауылға барып, қор сатып әкелді. Күбі дайын болғанша, деп үлкен шыны құтыға саумалды құйып, шайқай бастағаны да сол еді құтының қақ айрылғаны. Өмірінде Дариға мұнша қиналып, күйзелмеген еді. Есіл еңбектің зая кеткенінен жанға қатты бататын нәрсе жоқтай көрінді. Жарықтық қымыздың қош иісі аңқаны улап, айналаға жайылды. Басшылардың ұрсатынына ол айтарлықтай қиналмады. Қайта қайраттана түскендей. Алғашқы нәтижесіз аяқталған ісін қайта бастады.Ақыры күбі де дайын боды, қымыз да сапырылды. Басшылармен бірге өзі де қымыздың дәмін татқанда көз алдына алыстағы ауылы мен анасы Науатбала келді. Әкесі марқұм қымызды өте жақсы көруші еді. Анасының ерекше дайындайтын қымызынан ауылдың ақсақалдары дәм татуға құмар болатын. Анасы қымызға сүр қазы мен мейізді қосатын. Әлі есінде әкесі қудалаға түсіп, ауылды аштық жайлап, Қырғызстан асқанда бір ұрттам қымыз үшін анасы бір үйдің жұмысын кешке дейін тыным таппай істеп еді. Кешке шаршап, шалдыққан ол ұлы мен қызына үш-төрт кесе қымыз әкелгеніне қуанып, шаршағанын ұмытып кететіні көз алдында.
- Қарағым, қымызда аулымның, қазағымның бүкіл қасиеті бар сияқты. Қазақ үшін қымыздан артық ас жоқ. Сен әлі есейіп, ер жетесің. Сол кезде бие байлат. Қымыз дайындауды ұмытпасаң, өзіңнің кім екенініңді де ұмытпайсың. Өзінің болмысын ұмытпаған азамат ешкімге қиянат жасамайды. Әкең байқұс осылай деуші еді. Елден хабар алдым. Әкелерің нағашы жұрты Ақкөлге қарай жылжып, бой тасалапты. Сонда жылқы бағады дегенді естідім. Аман болса болғаны да, дегені де есінде.
Қайран әке! Жексенбі келсе отырғандар орнынан тұрып, қарсы жолыққандар жол беріп құрмет көрсетуші еді. Өзін барынша еркелетуге, қандай қиын жағдай болса да, ауыртпалықтың жүгін қызының иығына артпайтын. Жалғыз сіңлісі Самиға сол қырғыз жерінде күйіп өлгенде анасы балаларының алдында жүрегінің құм болып езіліп тұрғанын білдірмеп еді. Езіліп жатқан өздерін тұрғызып, «Ендігі амандықты сендерге тілеймін. Әлі екеуің елді аузына қарататын құрметтілер боласыңдар» дегенін де ұмытпапты. Әке-шешесі сенген қызының он бес жыл татар дәмін абақтыдан жазғанына енді не дер екен?! Жазықты ма еді? Өкіметтің алдында жазығы қандай? Әрбір қызылшаның тәтті түбірін ала жаздай аялағаны ма? Тіпті еңбегі үшін орден, Алтын Жұлдыз сұрап па? Бүйткен ордені де, марапаты да құрысын. Егер ордені жоқ қатардағы қызылшашы ғана болса, абақтыға жабылар ма еді? Соңғы кездері осы бір сауал жанын жегідей жеп мазалайтын болды. Сондықтан да бойын сергітпек болып, қымыз дайындады, қызанақ пен сәбіз еккен алқапқа барып, құрбылары Ақбала, Жәмила, Ұмсын, Марфуғаға көмектесетін. Олар да болмашыға жаза шеккендер. Біреуі үш бөлке нан мен бір салым май үшін сотталса, алпысты алқымдап қалған апалар ойнап, күліп жүріп майдандағы ерінің көзіне шөп салған келіншектердің әбиірін жабам деп қолдан түсік жасағаны үшін сотталыпты. Не десе де олар кішкентай болса да қылмысты жолға барып, жазаланған. Өзінің әрекетінде мұның бірде-бірі жоқ. Еңбегі үшін марапатталғанына кінәлі ме? Сондай марапаттау мына абақтыда да басталды. Суреті Құрмет тақтасына ілінді. Абақты дегені болмаса жүріс-тұрысы еркін.Дегенмен де «Жаман ерден жайдағым жақсы» демекші лагерьде қандай еркіндік берілмесін түбегейлі азат болмаған соң, бәрі бос екенін ол жақсы біледі. Жанында жасауылдың жүрмеуінің өзі абақтыда үлкен қуаныш. Оның үстіне кейінгі кездері ұрып, соғу да жойылып барады. Тамағы да тоқ.Тіпті баракта бірге жататындарға сойылған малдың бас-сирағы мен ішек-қарнын әкеліп беретін. Осындай сенімге ие болғаны үшін тағы да жаза тартуы керек пе? Әлде өзінің орынсыз жазалануы Мәскеуден келген тергеуші меңзегендей халықтың сағын сындырудан туындады ма? Омырауына Алтын Жұлдыз тағып, Мәскеуге көсем Сталиннің 70 жылдығына барғаны, ауылға Семен Буденный келгенде; «Сіз сияқты еңбек адамы социалистік еліміздің мақтанышы болуы керек» дегені де, бәрі бос, жалған сөз болғаны ма? Тіпті «Огонек» деген жорнал мұқабасына өзінің суретін басқаны да жалғандықтың көрінісі болғаны ма? Мүмкін аты асқақтап, алысқа кетуі, ел құметіне ие болуы біреулерге жақпады ма екен? Ақындардың пайғамбары Абай айтқандай «Сорлы қазақ сол үшін, алты бақан алты ауыз» деген сөзінің астарында көп мән бар екен ғой. Бізге жау алыстан емес тап ауылымыздан келгені масқара! Дариғаның жүрегі езіліп кетті.
Абақтыдағы бүгінгі тұрмысын еске алып, «тәубе» дегенімен еркін емес. Еркіндік болмаған жағдайда тоқтықтың құны бар ма? Әкесі ауылда қалып, өздері қырғыз жерінде жүргенде анасы алыстан атты көрінгенде көзге түспеуге ұмтылатындығын, жұмысы өнбейтіндігін талай айтқан. «Еркін еңбектің болмауы бойға қуат құймайды» дегені де есінде.Құрбыларымен болған қысқаша әңгіме осындай ой толғауына жетелегені оның еңсесін бұрынғыдан да баса түсті.
Арқаның жайдары жазы оны жадыратпады. Сүреңсіз күндер өтіп жатты. Көңілі алаңдаулы болғанымен үміті аз. Бірақ Машаның «Сталин өлді. Әділеттік әлі шеру тартады» деген сөзінің астарын түсінбегенімен бір жақсылықтың болатынын сезетіндей. «Тігілмеген етігіңе мақтанба» деуші еді әкем. Ол біз абақтыға жабылмай тұрып өлмеп пе еді. Әділдік болса сол кезде неге орнамады? деген сауалына Маша: «Дөңгеленген жазалау доңғалағын бірден тоқтату оңай емес» дегенді. Семейдің түрмесінен серік болған біраз құрбыларының бостандыққа шығуы үлкен қуаныш болғанымен өзі қараңғы бөлмеде қалған дәрменсіз адамдай сезінді. Бойы ауырлады. Көзі тұманданды.
2. ШУАҚ
Тамыздың тамылжыған күнінде Дариғаға қуанышты хабар да жетті. Он бес жылға жазықсыз сотталған Дариға Карлагта үш жыл қараңғы күндерін өткізіп, бостандыққа шықты. Па, шіркін, Бостандық! Еркіндік! Дүниеде еркіндіктен артық не бар?!
Елге жеткенше асықты. Шу, Луговой стансаларынан бастап жүзі таныс кісілерді жолықтырып, қуанышын бөлісті. «Аман-есен келгенің құтты болсын!» деген бір ауыз сөз үшін өзегін жұлып беруге дайын тұрды.
Әулиеатаға жақындаған сайын жүрегі пойыздың доңғалақтарының соғысындай дүрсілдеді. Ол күнгі мамыражай күнді өмірінде көрмеген шығар. Пойыздан түсісімен біраз уақыт айналаға қарап тұрып қалды. Вокзалдың ғимаратына асыққан елдің жетегінде бұл да есікке жақындай берді. Вокзалға кіре берісте Дариға Күләш Байсейітовамен бетпе-бет келіп қалғаны. Күміс көмей әншімен талай рет Жоғарғы Кеңестің сессияларында жолығып, әбден етене таныс болған. Тіпті Сталиннің туғанына 70 жыл толғанда Мәскеуге бірге барған-ды.Әншінің дауысы сыңғыр ете қалды.
- Дариғамысың? Айналайын, аман-есенсің бе? Бір жамандыққа ұшырады деп еді, одан құтылдың ба? Халқыңнан оқшауланба, ол--тіреуің. «Ондай-ондай ханның қызында да болады» демекші, өмірде не болмайды дейсің. Әлі шығар тауың биік болып, көрер жақсылығың бауырларыңа жұғысты болады. Елге өкпелеме. Адалдың аты арып, тоны тозбас деген, айналайын,- деп, бұлбұл әнші Күләш бастырмалата жөнелгенде Дариғаның өзі қысылып, үлкен кісіге иіліп, жол бере берді. Қысылса да қымтырыла барып, бұлбұл әншінің ақ жүзінен сүйді. Жақсы сөзіне рахметін айтты. Көңілін білдіріп, әділін айтқан әншінің жүзіне өзінің жанарынан ытқып шыққан жастың тамып кеткенін де байқамай қалды. Күләш әнші сіңлісінің маңдайынан сүйіп, мойнындағы ақ орамалын иығына жауып тұрып;
– Айналайын, торығып, қамығып келе жатқанда жолың ақ болсын, деп орамалымды сыйладым, – деген Күләш тағы да Дариғаның маңдайынан сүйді. Осы бір қас-қағымдай болған оқиға оның есінде де, көз алдында да мәңгі қалатындығын да білді. Алабұртқан көңілін баса алмай бір орнында тұрды да қалды.
– О...о, Дариғаш, келіп қалдың ба? деген «Қызыл жұлдыз» колхозының бастығы Ғалымжан Ақатаев өзін құшақтай алды. – Алдыңнан Күләш апаң шығып қарсы алғанын мен жақсы ырымға балап тұрмын. Жолың ақ болсын, әлі шығар тауың биік болады! Мен оған анық сенемін!
Дариғаның көңілі босады. Жүрегі діріл қағады. Алдынан шығып, арсалаңдап құшақтағандардың бірін көрсе бірін көрмеді, көз жасына ерік берді.
Ауылға келген күнгі қуаныш ерекше болды. Сәмиғасын көтерген Қоңыры мен анасы Науатбала малын сойып, барын дастарханға төкті. Қуаныш дастарханын «Құтты болсын!» айта келген ауылдастары шашқан шашу толықтырды. Дариғаның түрмеден босанып келуін бүкіл ауыл тойлап, құттықтады. Келмей үнсіз қалғандары – өзінің үстінен арыз жазғандар ғана еді. Тіпті аудан, облыс басшыларынан да қуанышты сөздер жетіп жатты. Дастархан басында қапаста қалтыраған Дариға жарық күннің шуағына малынып, жарқырай түсті. Тіпті Садық Кәрімбаевтың «Тракторшы қарындас» өлеңін сызылтып тұрып айтты. Басылған көңілі ашылып, көргенін де, білгенін де айтпастан, елдің амандығын сұраумен болды. Ең алдымен Мұқаметқали Нұрбаевтың хабарын сұрады. Білетіндер олардың абақтыдағы өтеу мерзімінің қысқарғанын, амандық болса жалған жаламен күйгендер елге аман-есен оралатындығын айтып жатты...
Күміс қанат алып ұшақ аспанға көтерілісімен Сібірді бетке алды. Талай ұшақтарға мінген бірақ тап осы жолғыдай абыржуы болмаған. Бұрын арнаулы ресми жиындарға өзгенің айтуымен, жетегімен жүрсе, бұл жолы өз еркімен, жүрек қалауымен Сібірге, Сібір емес-ау Қиыр Шығысқа – Камчаткаға жол тартып барады.
Құдай жолын берсе ертең алып мұхиттың жанындағы Камчаткаға да жетеді. Ұшаққа мінерде өзімен бірге келе жатқан немересі Рысбегі «Камчаткаға Жапонияңыз тиіп тұр» деген. «Онда оның арғы жағында Америкада алыс емес қой» деп күлген. Ұшақ көк аспанға бойлап енген сайын жер қыртысы көрінбей, тек анда-санда қарсы кездескен аппақ бұлттарды таспадай тіліп өтіп шыққанда ғана тербеліс болмаса өзге уақытта жайбарақат қалықтады. «Мұндай күнге жеткізген Алла тағалаға рахмет! Мен көрген жақсылықты майданда опат болған әкесі,ері мен ағасы да көрмеді ғой». Дариға ауыр күрсінді. Рахатпен бірге тозақтың да төрінде болған күндерді өткізгенін тез-ақ ұмытып қалғанына таңғалды. Жұлдызы жарқырап жүрген күндердің соңы абақтыға жабылумен аяқталып, қайта ақталып, ел алдында жүзі жарқын болғаны күні кеше ғана емес пе? Міне, соның шапағатының бір көрінісі ретінде ата-бабасы аяқ баспаған жерге кетіп бара жатқаны. Жолдың мақсаты өзі бауырына басқан Әлімхан әскери борышын өтеп жатқан Тынық мұхит флотының сарбаздарымен кездесу. Бала көңілдің гүлі, көздің нұры емес пе, алыс деп шалқаймады, ұлдың беделі үшін жолға шыққан. Шақыруды алғанда алғаш таңқалған. Қазақ әйелінің қара кемпірін қандай мақсатпен кездесуге шақырып отыр. «Апырай-а, бізді де өзгелердің қатарына қосқаны ма? Сол айналадан бір орыстың табылмағаны ма?» – деген де ой келген.
Аппақ ақ ұшақ көк аспанды тіліп, самғап келеді. Сол самғаумен бірге Дариға да ой құшағына ене берді...
...Карлагтан келісімен Дариға иығына қайтадан кетпенін салып, қызылша алқабына келді. Сындыбала Оңғарбаева жеңешесі мен Қанымқыз Тортаева, Мәрзия Ибрагимова, тағы басқалар оны қуана қарсы алды. Мұқаметқали абақтыда болғанымен оның әркімге бір гектардан қызылша алқабын бөліп беру тәжірбиесі жойылмапты. Алғашқы жылы өзгеге көмекші болғанымен келесі жылы оны звено жетекшісі етіп қайта тағайындады. Құрбылары мен шаруашылық басшылары өзіне көңіл бөлген сайын қуанышы толысып бара жатқандай сезінді. Тілеу болмай тіреу болмайтындығын сезінген Дариға құрбылары мен ауылдастарының ақ тілегіне іштей дән риза еді. Өзінің ақ, ал жағылған күйе күні ертең-ақ кететінін ол іштей сезді. Дегенмен де өзіне деген аяушылықты ұнатпайтын, әрқашанда еңбегімен, көңілдегі сөзін ірікпей айтатын қасиетімен ел құрметіне бөленген Дариға көпке дейін құрбыларының ақ көңілін аяушылық деп ұққаны анық. Бірте-бірте жазылатын жарадай көңілдегі көп кірбің ұмыт бола бастағандай. «Еңбек бәрін ұмыттырады» деген рас екен.
1958 жылы ол әр гектардан 850 центнерден тәтті түбір жинады. Осылайша қырық жетінші, сегізінші, тоғызыншы жылдардағы табыс кездейсоқ әрі жалған емес екенін тағы да дәлелдеді. Бұл табысын келесі жылы да жалғастырды. Сол жылы ойламаған жерден ауылға Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Н.И.Беляев келді. Аудан, облыс басшылары республика басшысына Дариғаның қызылша алқабын көрсетуге шешім қабылдапты. Алқапқа дейін тездетіп жол салынды. Түске жақын басшылар мінген машиналар алқапқа келді.
Аттың басындай болып өскен қызылшаны көргенде Беляевтың таңданғаны ерекше болды.
– Мұндай қызылшаны өсірген кім? – деген ол омырауларында Алтын Жұлдыздары жарқырап тұрған қызылшашы келіншектерге қарады. Сындыбала Оңғарбаева саңқ ете қалды.
– Дариға Жантоқова! – деп, шеткерек тұрған Дариғаны алға итермеледі. Қара торы жүзді, талдырмаш денелі Сындыбаланың бойында өзі ғана сезген діріл пайда болды. Неге осындай кейіпке түсті ол түсінбеді. Кім білсін, мүмкін есімі «халық жауларымен» бірге аталатын Дариғаның атын атағаны үшін өзін айыпты санады ма, әлде келінінің бақыты дәл осы сәтте қайта ашылатынын сезді ме екен? Әділдікті сүйетін, тура жолдан таймайтын қасиеті оның бар болмысын билеп алғанын Сындыбала сол сәтте сезе, түсіне қойған жоқ.
Республика басшысы «ол кім?» дегендей жан-жағына қарады. Әлден соң өзіне қарай бір адым жақындаған дөңгелек жүзді, аққұбаша, келісті келіншекті көргенде:
– Ой, ой... Молодец! Бұл кісіні биыл міндетті түрде наградаға ұсыныңдар, – деп, облыс басшысы Махмұт Сапарғалиев пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Асанбай Асқаровқа қарады. Осы сәтті тиімді пайдаланғысы келген Дариға:
– Менің де Алтын Жұлдызым, үш Ленин орденім болған. Алып қойды, – деді тілін бұрмалай. Жүзі сұрланған. Бірақ өзін сондай еркін ұстап тұрғандай көрінді.
– Кім алып қойған? Неге алып қояды? – деген Беляев қолында ұстап тұрған қызылшаны жерге тастай салып, облыс, аудан басшыларына қарады.
Алдымен жағдайды облыс басшысы, одан кейін аупартком хатшысы айтты. Бұл кезде олар жиналған халықтан сырттап кеткен болатын. Мәселенің мәнісіне түсінгендей болған Н.И. Беляев кері бұрылып, жүзін жиналып тұрғандарға бұрып, шірене қарады.
– Тарихта талай ақтаңдақтар болған. Жеке басқа табынушының салдары бұл. Партия онымен аяусыз күресуде, күресе береді де. Қазір жағдай тіпті басқаша. Никита Сергевичтің бір өзі арыстандармен айқайсып жеңіске жеткенін білесіздер. Сіз қамықпаңыз, мен бұл іспен жеке өзім айналысам. Дегенмен де, біз де кішкентай адамбыз. Орталық комитетке шығамыз, жағдайды түсіндіреміз. Ал, еңбектеріңе сәттілік тілеймін. Жиын-терін біткен соң талайларыңыздың кеуделеріңіз жарқырай түсетін болады, – деп салттанатты дауыспен сөйледі.
Сол күні Дариғаны құттықтағандар өте көп болды. Кешке Сындыбала Оңғарбаеваның үйінде жайылған дастарханға келген республика, облыс, аудан басшыларының бір сәт әңгімелерінің арқауы да Дариғаның жағдайы болды. Дариғаның басылған көңілі көтеріліп, жүзі жарқырап, құрбыларымен ашық-жарқын әңгімелесті. Осы оқиға туралы қазақтың біртуар азаматы Асанбай Асқаров «Тағдыр» кітабінде былай еске алады: «Біздің облысқа Қазақстан Компартиясының сол кездегі бірінші хатшысы Н.И. Беляев келді... Дариға Жантоқовамен де дидарласты. Ол ... Социалистік Еңбек Ері екендігі... кейбір түсініспестіктен қосақ арасында кетіп, ажырап қалғандығы тілге тиек болған-ды. Әсіресе М. Сапарғалиев төндіре, құлағына құя жеткізіп еді... Беляев қайрат көрсете көмектесіп, шындық қайта салтанат құрды».
Көңіл шіркін көтеріңкі сәтті тез сезеді ғой. Дариға ол күндері ақ ұлпадай қалықтап жүргендей күй кешті. Радиоға құлақ түріп, облыстан, ауданнан келген өкілдерді жағалап, жақсылық хабарды тағатсыздана күтті. Бірақ бір нәрсе ойынан кетпеді. Ол – еңбек ғана тауға шығаратынын терең сезінді. Егер Қазақстан басшысына көрсетуге лайық қызылша өсірмесе, ол алқапқа келіп өзімен тілдеспес еді. Н.И.Беляевтің өзімен тілдесуін жақсылыққа балап, қуанышты сәтті тағатсыздана күтумен бірге аянбай еңбек етті. Сол жылы әр гектардан ол тағы да жоғары өнім алды. Күз болды. Құс қайта бастады. Адам құс қайтқанда да, келгенде де жақсы хабар күтетін болса, Дариға қайтқан құс қанатының суылымен туған жерінде, өскен елінде жақсылық хабар қалдырып кететіндей күй кешті. Алғашқы қар да түсті, хабар жоқ. Көңілі құлазыды. Үміті сәукеленді. Дегенмен де алтын арқауы жіңішкерсе де, жүрек түкпірінде ғана үміттің қалғаны еді. Сондай күндердің бірінде аудандық соттан хабар жетті: «Алматыға, орталық комитетке Дариға Жантоқованың бүкіл құжаттарын сұрап алды, ақталатын болды». Артынша партия комитетінің хатшысы келіп: «Партбилетіңізді қайтып алу туралы арызыңызды жазыңыз», – деді. Көп ұзамай Дариғаны Алматыға орталық комитетке шақырды. Партиялық бақылау комиссиясы көп тергемей, терлетпей-ақ, қайта кешірім сұрай партбилетін қайтарып берді. Енді Дариға үлкен қуаныштың алыс емес екенін сезді. Соған қарамастан сол күнді тағы тағатсыздана күтті. Ақыры асыға күткен күн де келіп жетті.
Алматы ақпан айы болса да ақ ұлпа қармен қарсы алды. Бауыры Қоңыр екеуі біраз темір жол бекетінде тұрды. Ақ көбелек қар Алматы аспанында көп қалықтаған жоқ, тез-ақ тыйылды. Ұлпа қарды басып, орталық комитетке қарай беттеді. Тәшеновтің көмекшісі Әмреев бұларды қуанышпен қарсы алды.
– Қазір мен Тәшенов жолдасқа айтайын. Ол кісі жаңа ғана Сізді сұрап еді, деген көмекші Жоғарғы Кеңестің Төрағасының кеңсесіне кіріп кетті. Артынша Жұмабай Тәшенов шықты.
– Дариға, келіп қалдың ба? Қуанышың қайырлы болсын. Указға қол қойылды. Жұлдызың да, үш Ленин орденің де қайтарылады. Жүр бірінші хатшыға барайық, деген Жұмекең алға түсті.
Масатты кілем төселген үлкен бөлмеге Дариға имене кірді. Беляев орнынан тұрып, Дариғаның қолын алып:
– Жарайсың, Жантоқова! Айтып едім ғой, әділдік жеңеді деп. Партия ешкімді де орынсыз жазғырмайды. Қателігін түзеуді де ар санамайды. Міне Жұлдызың, деген ол Дариғаға Алтын Жұлдыз бен үш Ленин орденін қолына ұстатып, тұрып:
– Енді бұл наградаларды Жоғарғы Кеңестің Төрағасының өзі тағып береді,- деп Жұмабай Тәшеновке қарады. Жоғарғы Кеңестің Төрағасы жарқыраған тершіген маңдайын орамалмен сүртіп тастап, жалт-жұлт еткен наградаларды таға бастады.
Дариғаның жүрегі жарылып кетерліктей. Кеудесіне қайта-қайта қарай береді. Қайта-қайта қолымен сыйпап қояды. Мұны байқаған республика басшылары бір біріне қарап, жымың қақты. Дариға бірінші хатшының қолынан сүйе берді, сүйе берді.
– Дариға, бастықты қатты сүй! Қазақтың келіншегінің сүйгенін мәңгі ұмытпай жүрсін! Жұмекеңнің бұл сөзіне залдағылар масаттана күлді. Беляев та рахаттана жымиды.
– Мен бұл күнімді бақытты сәттерімнің біріне балаймын. Әділдік үшін күресіп, жеңіске жетуден, өзіңе емес, өзгеге көмегің тигеннен артық қуанышты сәт болмас.
– Ал енді, Жантоқова жолдас, сен партияның сенімін ақта. Әлі талай-талай жиындарда бас қосып, мінбелерге көтерілгенде осы сәтті ұмытпа деген бірінші хатшы қызылшашының арқасынан қақты.
Ж. Тәшенов Дариғаны кабинетіне қайта ертіп әкелді.
– Міне арманыңа жеттің, айналайын, қарындасым. Енді басыңды көтеріп жүр. Сен Алтын Жұлдызды бір емес, екі рет алдың. Мұндай бақытқа жеткен де жетпеген де бар, – деді. Дариға көңіліне келген сөзді іркіп қала алмады.
– Аға, енді Мұқаметқали Нұрбаев ақталса, ол да Алтын Жұлдызын қайта омырауына тақса, біздің ауылдың қуанышы шексіз болар еді, – деп бір сәт үнсіз қалып, сөзін қайта жалғастырды. – Алдымен абақтыдан шықса...
– Ой, айналайын-ай, жүрегің кең екен ғой. Сәті түссе ол күнді де көрерсің,- Тәшенов Дариғаның маңдайынан сүйді.
Өкінішке орай оның сәті түспеді. Мұқаметқали түрмеден мерзімінен бұрын шыққанымен партбилетін де, Алтын Жұлдызын да алып үлгермеді. Абақтыда жабылған аурудан елге келгеннен кейін көп ұзамай ол қайтыс болды. Бір қуаныштысы елінің алдында адал азаматтың аты да, ісі де өшкен жоқ. Мұқаңның есімін ілтипатпен еске алатын ұрпақ бар.
Басына түскен ауыр күндері көрген түстей артта қалып, көңілі көтеріліп, елге қуанышты оралған Дариға келе жұмысқа бұрынғыдан да белсене араласты. Облысқа депутат болды. Жиналыстарда төрде отыратын болды. Қоңыры «Қызыл Жұлдыз» ұжымшары бастығының орынбасары болды. Бастықтар да бірінен соң бірі ауысып жатты. Қалиевтен кейін бұрын бастық болған Бұралқиев келді. Қанша қуанышты күндер көп болғанымен бұрынғыдай ертеңгі күнге деген сенім әуелемеді. Алтын Жұлдызды омырауына таққаннан кейін көп ұзамай еңбек демалысына шықты.
Өмір болған соң өкініш болады екен. Сол бір сергелдеңге толы күндердің өткеніне көп уақыт өтсе де, Дариға өз басына түскен ауыртпалықты ұмыта алмайды. Қазір де сондай күйде. Дүниеден Сталин, Хрущев сияқты артында топалаңы көп қайраткерлер өткенімен жүйе сақталып қалды. Қит етсе партияның билетімен қорқытатын күндер туды. Орынсыз мадақтау, әсірелеу көбейді. Бәрі орталықтың күшімен шешіліп жатты.
Енді міне, сондай көңілдің жабырқау күндерінің бірінде Қоңырдың төртінші баласы үйленіп той жасалды. Құдай оңынан салып сонау Камчаткада әскери борышын өтеп жүрген Әлмахан тойға келді. Кір басқан көңілдің кірі кете бастағандай әсер самал болып есті. Бұл тойдың тағы бір есте қалғаны Әлмахан азаматтық парызын өтеп жүрген әскери бөлім Дариғаны арнайы Камчаткаға келуге шақырыпты. Жанына жол басшы етіп, милицияда еңбек ететін Рысбегін жанына алып «Камчатка қайдасың?» деп көк аспанда самғап келе жатқаны мынау.
Тынық мұхит флотының матростарының алдында Дариға орыс тіліне жетік болмағандықтан аз сөйлесе де саз сөйледі. Жер бетін соғыс өртінің шалмауын тіледі. Өзінің әкесі Жексенбінің, ағасы Кәдір мен жары Балатайдың майдан даласынан оралмағанын айта келіп, аналардың баласын іздеп зарламауын тіледі.
Ақ орамал тартқан, қазақтың ақсары жүзді Дариғасы сол кезде жүзі бал-бұл жанып, көңілі шарықтап тұрды. Қол шапалақтау ұзаққа созылды. Жиын соңында Социалистік Еңбек Ері, үш Ленин орденді қазақ әйелін флоттың құрметті матросы етіп қабалдады.
Дариғаның көңілі ауылдан алыста жүргенде көтеріңкі болғанымен елге жақындаған сайын әрнәрсе ойына түсіп, еңсесі езілді.
Кеңес өкіметінің құлауына көрінді ме, партияның бас хатшылары бірінен соң бірі о дүниеге аттанып жатты. «Енді не болады?» деп тұрған сәтте Горбачевпен бірге «Қайта құру» деген дәуір келді.Көп сөйлеудің көкесі енді басталды. Қайта құру кеңес өкіметін құртып тынды. Бұрын айтар сөзін айта алмай жүргендердің еркін көсілуіне жол ашты. Партияның басшыларының көзін бақырайтып қойып әр республиканың өз бетінше дамуына жол ашу, орталықтың бұғауынан босап, тәуелсіздік туралы сөздер жиі естіле бастады. Дариға өзі абақтысында үш жыл отырған Карлагтың бет бейнесі әшкере бола бастады. Партия өзінің көсемдерін көсеумен ұрып, бұрышқа тыққандай күй кешті. Соған қарамастан коммунистік партия соңғы күшін жинап, ел ардақтыларына күйе жағып, түрмелерге тыға бастаған сәт те болды. Дариға ол күндерді еске алғанда бойы мұздап, тағы да отыз жетінші, елуінші жылдардың кесапаты келіп қалды ма деп қорқа бастады. Сондай күндердің бірінде «Асанбай Асқаров қамаққа алыныпты» деген сөз дүңк ете қалды.
Ойламаған жерден Жылқыбай Аралбаевтан шақыру алған Дариға айтқан уақытында, кел деген жеріне жеткен. Төрде кезінде ел билеген ағалар. Жүздері алабұртып әлде не нәрсеге таласып жатқандай.
– Міне,сендер жүрексінсеңдер Дариха келді. Ендігі істі Дарихаш бітіреді, – деп Жылқыбай нығырлай сөйледі. – Сен кешегі «Еңбек туын» оқыдың ба? Оқымасаң оқы, – деп, Дариғаның қолына газетті ұстата салды. – Мәселе былай, біз ел-жұрт екенімізді білдіруіміз керек. Енді халықтың еркін тыныстауын тоқтату мүмкін емес. Асанбайдай арысымыз жазықсыз абақтыда жатқанда біздің үнсіз жатқанымызға жол болсын. Асекеңді құтқару комитетін құрып, Бішкекте болатын сотына қатысып, Қырғызстанның мемлекет басшыларына барып, Асекеңді түрмеден шығаруды талап етуіміз керек. Біз сол үшін жиналып отырмыз. Дариха, сен бізді Сындыбала апа екеуіңіз бастап барасыңдар. Айтар мәселе, сөздің түйіні осы.
Жылқыбай әңгімесін шорт үзді. Әлде кімдер сөйлегісі келіп еді, ол оған мән бермеді. Өзі бөлменің ішінде ары-бері жүр. Құдды өзі обкомның бюросын өткізіп жатқандай еркін.
– Солай Дариха.(Жылқыбай Аралбаев Дариғаны төлқұжатында жазылуы бойынша осылай атағанды ұнататын). Ертең таңертеңмен жолға шығамыз. Соған шақырдық, барамысың? - деді де, атақты қызылшашының жүзіне бағдарлай қарады.
– Жылқыбай-ау, о не дегенің. Мұндайда елдігімізді танытпасақ біздің кім болғанымыз. Жазықсыз жапа шегудің ауырлығын көргенбіз. Карлагтың төрінде жүргенде көрде жүргендей болғанбыз. Онда да облыс басшылары күш салып еді. Бұл жолы әділет жолына ардагерлер шығыпты ғой. Дұрыс-ақ, – деді.
- Дұрыс айтасың, бұл жолы ардагерлер шықты әділетті іздеп. Күні ертең бүгін біз істеп жатқан азаматтық іске ие болып шығатындар көбейеді. Мәселе онда емес. Мәселе Асекеңдей арысты қамақта отырғызбау.
Төрде отырғандар да: «Дұрыс! Жықаң дұрыс айтады!» деген дауыстар естіліп қалды. Сонымен бұрын Жамбыл және Жезқазған облыстық партияларының идеология жөніндегі хатшысы болып жиырма алты жылдан аса еңбек еткен, атпал азамат, өзінің мүддесінен ел намысын жоғары қоя білетін Жылқыбай Аралбаев бастаған жамбылдық ардагерлер өздері өмірбақи мүшелері болып, оның абыройы мен беделін асқақтатуға күш салғандар партияның іс-әрекетіне саналы түрде қарсы шықты. Асанбай Асқаровты құтқару комитетін құрды. Жамбыл жері дүркіреп, ел басқосқан жерде әңгіме арқауы сол комитеттің іс-әрекеті болды. Үлкен болып көрінбегенімен сол кезде қазақ елі үшін зор маңызды болған әділдік пен қызыл империяның текетіресі осылайша басталды. Осының қақ ортасында Дариға Жантоқова жүрді. Ертеректе аталарымыз: «Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы» дейді екен. Ал, Асанбай Асқаров арын дүниеге баламаған азамат. Ол үшін отқа да түсуге болатындығын Дариға жақсы білді.Сол күндердің оқиғалары туралы Дариға апа былай дейді.
– Пендешілік-ай, Асанбайды абақтыдан шығарып алуға жанын салған Жылқыбайды кейбіреулер кейін Асқаровқа жақындатпай, тіпті тойына да шақыртпай қойды ғой. Талтүсте адасатындарға не деуге болады! Ешқашанда «мен істедім» деп айтпайтын Жықаң сонда да үнсіз қалды. Ешкімге өкпесін айтпады. Оның осы ісі мың кісіге олжа салды емес пе?!
Қойшы, бұл өзекті өртер басқа әңгіме... Сонымен Жықаң--командир, біз солдаттай қимылдадық. «Ертең дайын тұрыңдар! Таңғы алтыда Бішкекке қарай шығып кетеміз» – дейді. Біз – Сындыбала жеңешем, Мәрзия Ибрагимова және мен дайын тұрамыз, – сол бір естен кетпес оқиға туралы әңгімесін бастағанда қайта-қайта күрсіне берді. Мен ел ардақтаған асыл жанның өзінің де абақтыда азапты күндерді басынан өткізгенін есіне алып тұр ғой деп ойладым. Оның үстіне өз өміріне оң ықпал еткен Асанбайдай ағасының тағдырына сол кезде ерекше алаңдағанын түсіндім. - Сонымен не керек, Асекеңді Бішкекке алып кетті деген соң біз де Қырғызстанның астанасына жеттік. Ол күні: «Асқаров әлі келген жоқ, келсе де жолықтыра алмаймыз» деген соң ауылға қайттық. Екі-үш күннен кейін қайыра бардық. Бұл күні де Асекеңе жолыға алмадық. Есесіне ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовпен кездесіп, мән-жайды түсіндіріп, көмектесуін өтіндік. Сабырлы кісі екен. Дегенмен де біз тұлғамыз туралы әңгімелеген сайын: «Апырай-а, елін сүйген, елі сүйген азамат екен ғой» дей берді. Оның үстіне Жылқыбай азаматтың азаматтығын айтқанда біздің өзіміз көзімізге жас алдық. Шыңғыс: «Қолдан келген барлық көмегімді көрсетемін, тиісті адамдармен бүгін сөйлесемін. Сотталғанның өзінде рақымшылық жасауға ықпал жасаймын. Туғандар, жасымаңыздар» деп шығарып салды. Көңіліміз көтеріліп ауылға қайттық. Ағалар жол бойы Асекеңнің азаматтығы туралы жылы сөздер айтып, жамандыққа ешқашанда қимайтын асыл жан екенін бірінен соң бірі айтуының өзі бізді марқайтты. Сол бір күндері Асанбай Асқаровты құтқару комитетінің ықпалымен жүрген Жылқыбай Аралбаев, Арыстан Өтеулин, Жапар Түйебеков, Нұрғали Торғаев, Сындыбала Оңғарбаева, Мәрзия Ибрагимова, тағы да басқалар халық ұлына деген ыстық ықыластарын көрсетті. Біраз кісілерді ұмытып қалыппын, ол үшін жасы тоқсанға жақындап қалған мені айыпқа бұйырмас. Сонымен бірге «Біз Асекеңнің бауыры боламыз, досы едік» дегендердің бұғып қалғандары да болды. Осы жерде тағы бір нәрсені айта кеткім келеді. Іс оңға айналып, ағамыз абақтыдан шыққанда бұғып жатқандар бой көрсетіп, алдыңғы қатарға шығып, Жықаңдарды итеріп тастағандар да болды. Мен соған қатты күйіндім. Өмірде осындай әрекеттердің болуы жазықсыздың жапа шегуіне, жағымпаздың тасы өрге домалауына әсер еткенін талай көрдік. Осы жаман әдет халқыма жат болса деймін...
Дариға Жексенбіқызы әңгімесін жалғастыра алмай біраз үнсіз отырып қалды. Әлден соң, маған тіктеп қарап:
– Бұл қалай-а? Қызғаншақтық, көре алмаушылық, жағымпаздық, өсекшілдік іс басында отырған азаматтар арасында болмауы керек емес пе? Сен бұған не дейсің?
– Өмір ғой, апа. Өмірде не болмайды дейсіз.
– Иә, өмір. Бірақ, мен жаман қасиет басшылар арасында болмаса деп айтып тұрмын ғой. Басшылардың арасында ондайлар болмаса, Қазақстаным бүгінгіден де асқақтап, ел үшін еміреніп еңбек етіп жүрген Елбасы Назарбаевтың арманы тез орындалар еді.
Жүрек құрғыр тербеліп кеткен соң айтып жатқаным ғой. Содан не керек Аралбаевтан бұйрық келген соң Мәрзия екеуміз Алтын Жұлдызымызды тағып, өзгелермен бірге тағы да Бішкекке жол тарттық. Бұл жолы Сындыбала жеңешем бара алмай қалды. Жанымызға телевизорға түсіретін жігіттер де бар. Бірақ олар жасырын түсірмесе, рұқсат жоқ екенін білетінбіз. Ал мен болсам: «Маған не істейді» деп жасауылдарын итере тура Асекеңе барып, торда отырғандардың бәрінің қолын алып: «Ақталасыңдар, аман болыңдар!» деп дауыстаудан танғаным жоқ. Соттың да биліктің қолшоқпарына айналғанын білсек те, «ел-жұрттан қаймығар, соттамас» деген тілегіміз орындалмай Асқаровты 13 жылға соттап жіберді. Дел-салмыз. Бір-бірімізге қарай алмай, жер шұқылап, көшеде отырып қалдық.
– Қамықпаңдар, Президент Ақаевқа бару керек. Қазір одан басқа жол қалмады. Сол ғана рақымшылық жасай алады, одан кейінгісін тағы да көріп алармыз, деген Жылқыбайдың сөзі еңсемізді көтерді. Сол жерде бәріміздің атымыздан өтініш жазылды. Қолымызды қойғанымен ол күні Президентке кіре алмадық. Есесіне келесі күні таңертең қабылдайтын болды.
– О... тәйкелерім келді, – деп өзі алдымыздан шығып, төрге оздырды. Алдымен Жықаң, одан кейін қалған ағалар сөйлеп берді. Тіпті, қазақ халқына жасалып отырылған орталық партия комитетінің қысастығын да айтып жіберді. Мен сол кезде әлі де құйрығы кесілген кесіреткінің қауқары бар, жан бермеу үшін аласұрып жатқан компартияның атына сын айтқан азаматтардың батылдығына таңғалдым.
Ақаев мырс етіп күліп жіберді де:
– Жақсы айттыңыздар. Мен бәрін түсініп отырмын. Ол кісімен дәмдес, тұздас болмасам да, асыл екеніне көз жеткіздіңіздер. Көмегімді аямаймын, – деп шығарып салды. Елпектеп қалған жақсы азамат екен, уәдесінде тұрады деген сеніммен ауылға қайттық.
Бұдан кейін артынша Алматыға жол тартуға тура келді. Ақсақалдар: «Алматыға Горбачев келеді екен, ыңғайын тауып жолығу керек, Асекеңнің жағдайын айтасыздар» деген соң тағы жолға шықтық. Асекеңнің туысы Энгельс деген азамат қарсы алды. Алдымен жолымыз Димекеңнің үйіне түсті. Соның алдында ғана өмірлік жары Зухра жеңгеміз дүниеден өткен. Көңіл айту біздің парызымыз. Сондықтан алдымен Димекеңе барып сәлем беріп, жеңгемізге көңіл айттық.
– О...айналайын, ұрық туғандарым! Келіп қалдыңдар ма?! Атқарып жатқан істеріңді естіп қуанып жатырмын, – деп Сындыбала жеңешем екеумізді ортаға алып, диванға жайғасты. Біраз әңгімелестік. Біздің ісіміз туралы хабардар еттік. Сөйтіп отырғанда бір ұзын бойлы қара жігіт кіріп келді.
– Бұл жігіт менің ұзақ жылдар бойы менің көмекшім болған Дүйсетай Бекежанов деген азамат. Найсаптар мұны да соттады ғой. Халық қартаймайды, ешнәрсе ұмыт болмайды. Бәрін ұрпақ өз орнына қояды, – деп, бұрынғы көмекшісіне бізді таныстырды, ісімізді айтты.
– Қазір «Горбачев сағат он бірде келеді» деп қалың жұртшылық Ленин ескерткішінің маңында тұр, – деді ол. Біз асығыс орнымыздан тұрдық. Әңгімені ұзақ созбай-ақ қояйық, әрең дегенде Сындыбала жеңешем екеуміз Горбачевке жақындадық. Бізді көрген Нұрсұлтан: «Сізге мына кісілер алыстан келді», - деді. Біз Горбачевтің қолын алдық. Ол бізге рахмет айтты. Бар әңгіме осымен бітті.Ол жерде біз мән-жайды айта алмадық, оның жөні де жоқ еді. Біз республика белсенділерінің жиналысы болса, сонда Асанбай Асқаров туралы айтармыз деп бекініп келгенбіз. Бірақ, ондай жиналыс болмай, Бас хатшы Алматыда көп аялдамай кетіп қалды. Тегі жылтырап тұрған біреу екен. Қазір ойлап қарасам оған сөзімізді шығын етіп, жалынбағанымыз да дұрыс болған.
Сонымен не керек, көп ұзамай Асекең еркіндікке шықты. Асыл ағаның ақталуына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үлкен ықпал жасады деген сөз бар. Асылының мұңын елі сүйген азамат жоқтап жатса оған қалайша риза болмайсыз! Қандай дәрежеде болмасын біздің де іс-әректіміз Асекеңнің абақтыдан ерте шығуына ықпал еткеніміз анық. Ұлы істің ортасында өзімнің де болғанымды мақтан етемін.
Ұзақ үнсіздік орнады. Мен де жаңа ғана апамның өзі құйып берген қоңыр шайды сораптап ішіп, диктофонның түймесін басып тоқтаттым.
– Е...Алла, жаратқаныңа шүкір, деген оқыс шыққан дауысқа селк ете қалдым. Дариға апа төрде ілулі тұрған өзінің 1952 жылы «Огонек» жорналының мұқабасына басылған суретіне қарап тұрғандай. Аққұба жүзінде қызылы көбейіп, иегін көтере қарап қалыпты. Жанары суланған. – Е...Алла, көрсеткеніңе шүкір, –деді тағы да. Бұл жолы дауысы пәс шықты. Жасы сексен сегізден асса да әжімі аз, нұрлы жүзді апаның тебіренесте екенін іштей сездім. Өмірінің құзы да, қиясы да, шыңы да болған Дариға Жантоқованың өмірін еліміздің соңғы сексен жыл тарихынан бөліп алу мүмкін емес.Ол өмірден қанша қиындық көрсе де, сонау отты жылдардан бері солдат жесірі болса да өзін бақытты жан санайды. Менің ойыма Дариға апаның бұдан бірнеше жыл бұрын: «Биік таудың басы болмасақ та, бауырайындағы туған жердің тасы болуға ұмтылдық» деген сөзі оралды. Алғаш өзі туралы жазатыным туралы айтқанда: «Кәрінің сөзі – дәрі» десең айтатын әңгіме көп» дегені де есімде. Апайдың жүзіне тағы да бағдарлай қарадым. Жүзі толқулы, ойы аласта.
Әлден соң орнынан тұрмақ болып ұмтылды да сылқ етіп қайта орнына отыра кетті. Жүзіне күлкі үйірілді.
– Қараңғағыр мына креслоға жабысып отырғанымды ұмытып кетіппін ғой. Кейде осыдан екі жыл бұрын жамбасымның сынғандықтан жүре алмай қалғанымды ұмытып кетіп, анда-санда тұрмақ болып алға ұмтылатыным бар. Сынған сүйекті орнына келтірмек болғанға дәрігерлер қарсы болды. «Операцияны жүрегіңіз көтере алмайды» – деді. Қайтейін енді. Бір өкініштісі бұрынғыдай еркін жүріп, қыдыра алмайтын болдым. Ермегім – теледидар мен газет. Еліміздің қанат жайып, дамып келе жатқанына қуанамын. Бәрінен де Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнінің гимнге айналғанына ерекше қуандым. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халқының жандүниесін дөп басқанына ризамын. Қазақтың бақытына Құдай бере салған алтын ұл ғой. Талай қолын алып, батамды берген күндерімді еске алғанда бойымды бақыт кернейді. Сталиннен бастап, барлық компартияның көсемдерімен жүздесіп, қолын алғаным да бар. Бірақ, тәуелсіз Қазақстанның басшысымен жүздесу, қолын қысу мен үшін орны бөлек бақыт!!!
Дариға апаның жүзі де, дала да нұрға малынған.
Достарыңызбен бөлісу: |