КҮМІС БЕЛДІК
(повесть)
Осы жерге бір үйір жылқының, түрменің, милицияның суреті салынса
Алатаудан тіке құлаған терең сай Маймаққа жақындағанда шатқалды,тасты аңғарға айналатынын білетін. Сондықтан да жүрісі қиындамай тұрғанда шатқалға жетпей қырға көтеріліп, бір бел асып екінші сайға түсті. Ұмытпаса осы жерде Дарбаза деп аталатын өткел бар. Ел көзіне түспей осы жерден өтіп алуды жөн санады. Алдындағы бір-біріне матастырылған жылқыларды сай табанына қарай бұру үшін торысын тебінді.
Өткел дейтін аты болмаса қазір оның белгісі де жоқ. Күркірей ағатын Күркіреусу тартылып, оның суын молайтатын Теріс өзені де басынан байланған. Мұнда көктем мен күзде ғана су мол болып өткел бермейді. Қазір тауды жарып, ылдиға қарай асыққан өзен суы аз болса да қуықтай тас арнамен күркірей ағып жатыр.
Түні бойы суыт жүріп, діттеп келе жатқан жеріне жақындағанда ғана шаршағанын білді. Шоқ-шоқ болып өскен сәмбі ағаштарының арасындағы жазықтардан тездетіп өтіп, өзен бойын жағалай жоғары көтерілді. Қуықтай аңғармен көтерілген сайын күркіреген тау өзенінің дауысы бәсеңсіп,шуылы ғана құлаққа келеді.
Сонау Құлан тауы мен Қошқаратадан бастау алатын Теріс өзені осы жерге жеткенде тау шатқалдарымен қосылып, аз суының өзі күркіреп,айналаға айбат беріп, бұрқанып, асығып ағады. Өзеннің бұл тұсын Күркіреусу деп атайды.Бір қызығы, қырғыз жерінен құлайтын бұл өзен шатқалдан асысымен қазақ жеріне жеткенде Аса атанып, Билікөлге қарай асығады.Күркіреусу мен Аса қазақ пен қырғыздың жерін бөліп жатса, тап осы жерден қырғыздың Қараша тауы мен қарт Қаратау бір-біріне жақындай түседі. Бұл айналаның табиғаты өзгеше. Биік-биік тау шатқалдарынан асып, арқырай, күркірей ағатын өзенінен алыстасаңыз бір жағынан жазық даланы, екінші жағынан қыратты өңірді көресіз. Сондықтан да осы өңірге талас аз болған жоқ. Қан да, тер де төгілді. Кезінде қырғыздар осы өлкеге ие болып қалғысы келсе қазір орыстар жайлана бастаған.
Екі жылдан бері саяқ жүргелі осы шатқалдың аңғарына ат басын тірегені жалғыз бұл емес. Қалқа,көзден таса болар жер мұнда көп.Алайда аңдыған милиция болса алатын жері де осы екенін жақсы біледі. Бірақ тап бүгін бұл жерге келетінін бір өзінен басқа ешкім білмейді. Сондықтан мұнда аңдып, күтіп жатқандар болмауы керек.
Күркіреусудың шатқалдарын өрлей өтіп қарт Қаратаудың қойнауына кілт бұрылды. Кезінде бабаларының қыстауы болған бұл тас қорада жаз айларында ешкім отырмасын жақсы біледі. Жаз жайлау болысымен колхоздың малы Алатауға асығады.Көңіліне осы ойды демеу етіп, барлап, байқамай-ақ алдындағы бес-алты жылқыны жеделдете айдап, тас қораға әкеп қамады. Айнала жым-жырт. Ай сәулесі қара көлеңкеленіп, таңның атып келе жатқанынан хабар берген. Енді жүру қауіпті. Неде болса таңды осында атырып, күнді батырмақ. Содан кейін ғана жолға шығуға болатындығын ойына түйген Сұлтанмұрат торының айылын босатып, шідерлеп, бөктеріндегі қоржынды алып, отқа жіберді. Асықпай шекпенін шешіп, шөпке қақты да жерге төседі. Кемер белдігін шешіп, орап оң жағына қойды. Одан кейін етігін шешті. Біраз көк шалғынға аунап, құрысқан белін жазды. Көк аспандағы сан мың жұлдыздардың сәулелері селкеуленіпті.
Қайран заман-ай. Ел өзгеріп, жер түрленсе де көк аспан сол қалпы. Сол жұлдыздар. Атады, батады, жарық сәулесін шашып, жымың қағады. Ал адамдар ше? Кешегісін бүгін қайталай ала ма? Ал сондай мүмкіншілік берсе өткен өмірін қайталар ма еді. Қайдам… Қате басқан жерлері де бар шығар. Осындай ой құшағында біраз жатып, орнынан тұрды. Қаңтарулы тұрған атының жанына барып, терліктің астына қолын салып байқап көрді. Тері басылыпты. Ерді алып, жатар жеріне қойды. Бөктеріндегі қоржынынан кішкене ғана торсық алып, қымыз ішті. Тамсана сімірді. Маңдайынан тер бұрқ ете қалды.
Шығыс арайланып, қызыл шапаққа орана бастапты. Тағы да атып келе жатқан таң табиғатын тамашалап, біраз тұрды. Әдемі көңіл сәтін тасұр-тұсыр еткен дауыс бұзды. Шошып кетті. Жанталаса мылтығына ұмтылды. Жан-жағына тіміскей көз тастады. Тағы да тастар төмен қарай домалады. Жоғары қарады. Міне ғажап, тау басында бір топ арқар тұр. Одырая қарайды. Сұлтанмұрат мылтығын көтеріп барып қайта түсірді. Жарықтықтар-ай, бар екен ғой. Көптен бері көзіне түскені осы. Адам мен аң бір біріне біраз қарап тұрды да әркім өз шаруасымен айналысып кетті.
Күн түспейтін қалтарыстағы төсек сияқты жалпақ тастың үстіне көк шөп төсеп, үстіне шекпенін жайды. Басына қоржынын жастанып жата кетті. Түнгі суыт жүрістен шаршағанымен ұйықтай алмады. Шығыстан таң самалы соқты. Арайлы аспан, самал жел, шапақтанып күн көтеріліп келе жатқанынан хабардар еткенін көзін ашпаса да білді. Көзі жұмулы болғанымен көңілі ояу.
Бұл тас төсекте екі жылдан бері жатып келеді. Күн суықта да қалқа болар жер мұнда бар, бірақ қыста келмейді. Қалың қарда ізің сайрап жататын жерге қандай қашқын келсін. Күркіреусу асуы ертеректе керуен жолы болғанымен, қазір ұмытыла бастаған. Ертеректе Күйік асуынан асқан керуен көктем мен күз айларында Балық сазына тіреліп, кейбір жылдары өткел таба алмай осы Күркіреусу, Маймақ, Жуантөбе арқылы Әулиеатаға құлайтын. Немесе бір жотаның астында жатқан Әзірет Қаратау ауылы арқылы ылдиға құлап, Айшабибі кесенесіне тәу етіп, Асадан өтіп, Әулиеатаға жететін. Ал кейінірек Балық сазы тартылып, оның асуына бекет салынғаннан кейін Күйік негізгі керуен жолына айналды.
Дегенмен Қазан төңкерісіне дейін Боранды бекетке жеткен темір жол осы Күркіреусудан өткен соң, бұл асу кісілі болатын. Осы теміржол табанын төсеуге өзінің ағайындары белсене араласып, көлік берген. Отарба келеді деп қуанған. Қаратаудың тауын бұзып, тасын жарғанда қандай күйде болғаны әлі есінде. Ол бір қуанышқа толы күндер болғанын ұмыта ма?!
Осындай күйге түсем деп ойлап па еді?! Кеңес үкіметі орнасымен Бесбектің балаларына, оның ұрпақтарына тыныштық болмады. Бесбектің балалары дегені –- Байзақ датқаның Тәттібике деп аталатын әйелінен туатын Қабылбек, Иманбек, Сүгірбек, Мүсіріпбек, Зәуірбек Батырбек датқаның жиендері болатын. Ал Қабылбектен өзінің әкесі Тілеуқабыл және Тілеуқұл, Саттар, Тілеумұрат деген төрт ұл туыпты. Қабылбек пен Тілеуқұл Әулиеата өңіріне белгілі болыстар болған. Осылардың бай, болыс, ел арасында беделді болуы оның бүгінгі ұрпақтарына пәле болып жабысты.
Бәрі тыныш, бірсыдырғы күйбең тіршілікке ауысқан ауыл-аймақ кеңес үкіметіне қарсылық көрсетпей-ақ айтқанына көніп, айдауына жүрген. Бәле табан астынан басталды. Кеңес өкіметі өзін аз ғана уақыт ауылнайдың хатшысы, одан соң болыс етіп тағайындауы мұң екен:
-- Кешегі Қабылбек болыстың немересі бүгінде атқа мінуі қалай? – деген дауыстар жиі-жиі естіліп, ол жаңбырдағы саңырауқұлақтай қаптаған арызға айналды. Бәледен машайық қашыпты дегендей тез арада мінген атынан түсіп, қара жұмысқа араласқан. Соған да қарамастан қайта-қайта мылтықтарын шошаңдатқандар келіп, сұраудың астына алады. «Қашқын», «ұры» атануына елдің малын өкіметтің орынсыз жинауы да себеп болды. Шыны керек ’’бай’’ деп көрсетілгендердің малдарын жоғары жаққа кемітіп жазуды әдетке айналдырғанын да біліп қойған сияқты. Оның үстіне бір-екі жерде ‘’қазақтың малын алсаң, жанын алғанмен бірдей’’ деген сөзді де айтып қалғаны бар.
Қазан айының қара суығының бір күні кешкілік үш адам үйге кіріп келді.
--Атаңа нәлет, байдың құйыршығы, киін! Бізбен бірге жүресің, - деген сары орысқа тесіле қараған Сұлтанмұрат оның аудандық милиция бастығы Ястрев екенін бірден таныды. Үш-төрт айдай осының қарамағында милиционер болып қызмет істегені бар. Жанындағылардың кім екенін түстей алмады. Милиция бастығының сөзіне таңғалған жоқ. Асықпай беліне атасынан қалған жалпақ күміс белдікті байлап, саптама етігін киді. Ұзақ жолға аттанып бара жатқандай керек-жарғын түгендеді. Көзді ала беріп қонышына мүйіз сапты кездікті де салып жіберді.
Кезінде Боранды бекет атанған теміржол станциясын қазір ‘’Бурный’’ деп атайды. Кештетіп ‘’Жаңаталап’’ колхозының орталығынан шыққан жасауылдар Сұлтанмұраттың аяқ-қолын матап,сол Бурныйға жүріп кетті.
Бақалы ауылының тұсына келгенде ақ түтек боран басталды. Боза мен араққа тойып алып бурадай бұрқанып келе жатқан милиция бастығының үні бәсеңсіп, қайта-қайта жанындағыларды атты жетектеуге жұмсап, шинелінің жағасын көтеріп, Сұлтанмұратты ұмытып, қымтана түсті. Анда-санда барқ етіп, серіктерін боқтап, етігін бір-біріне соққылайды.
Қамаққа түссе мыналардан жақсылық күтпесін біледі. Жақында ғана тау жақтағы нағашыларының бірі, болыс баласы Сапарәліні ‘’халық жауы’’деп атып жібергенін де естіген.
Не істеу керек? Мыналардың қолынан құтылғанымен, қайда барып сияды, кім паналатады?! Ауылына барып аунап-қунай да алмайды. Қос шешесі Бибігүл мен Анаркүл, жалғыз ұлы Асқар, құдай қосқан жары Алтын мен үш қызы Ұртай, Шынар, Райханның маңдайынан иіскеп, еркін сүймесі де анық. Ел-жұрт не дейді? ‘’ Байзақ датқаның шөбересі Сұлтанмұрат халық жауы’’ деген сөздің өзі масқара емес пе? Бабасы, оның ұрпақтары халық қамы үшін күреспеді ме? Бабасын қоқандықтар зеңбіректің аузына байлап атып жібергенде, бүкіл аумақ қарт датқаны бірнеше күн жоқтапты деген сөз бар. Ал бабасының тағы бір әйелінен туған Ақмолда батырдың да халық үшін шайқасқанын әкесі Тілеуқабыл үнемі айтып отырушы еді. Ал Байзақ датқаның Жуалыдағы балалары тауды бұзып, тасты жарып Алатау мен Қаратау қойнауына арық тартып,тоған салып, сайдың суын қырға шығарып, таудың тасқынды суына тоспа жасап, жазықты нулы жерге айналдырғанын кім білмейді.
Бірақ әкесі айтқандай, бұл далаға орыстың келуімен бірге ойран кіріп, ағайын-туысқан бір-біріне өштесіп, көрші отырған қырғызбен жауласқан заман туыпты. Қазақ үшін ең ауыр азап жерден, одан соң малдан айыру екенін біле тұра жігерлерін құм етіп, олар нулы, сулы жерлерді тартып алып, қоныстанды. Бүкіл Жуалы жері орыс мұжықтарының атымен аталатын болды.Жуалының ең шұрайлы жері Теріс өзенінің жағалауына орналасқан қаңлыларды тауға қарай ысырды. Олар Байзақ датқа әруағынан да қаймықпай бұлардың ата қонысына сыналай кірді. Бірақ бәрін ала алмады. Сол кезде де, одан кейін қызыл ту көтергендер келгенде де жаңабай елі тұтастығын сақтап қалуға күш салды.
Орыстар көбейген сайын жергілікті халық аласарып, қара жұмысқа ғана жарады. Оған да көңілдері толмады. Бірте-бірте ел арасында беделділердің беломыртқасын сындырып, қамаққа алып, ‘’халық жауы ‘’ деп күйе жағып, матап жатқаны мынау.
...Егер Боранды бекетінің түрмесіне түссе, аман қалмасын түсінген ол қашу керек деген ой түйді. Манадан бері қимылсыз отырған Сұлтанмұрат басын көтеріп, жан –жағына қарап еді, жанында милиция бастығынан басқа ешкім қалмапты. Оның өзі де мына бораннан қорыққандай бүрісе қалған. Қалған екеуінің бірі атты жетектеп, екіншісі қамшылап келеді.
‘’Қашу керек, қашу !... Қазір қашпаса бұдан кейін оңтайлы сәт тумайды’’ деген ой оны мазасыздандырып, қозғалақтай бастады.
-- Әй, калбит неге мазасызданасың? Бетің үсіп бара ма?! Шыда, бір-екі сағаттан кейін түрменің жайлы төсегіне барасың,-деп милиция бастығы Ястрев бұған қарай бұрыла бергені де сол еді, шана аударылып кетті. Салмақтың ауғанын көтере алмады ма, жоқ әлде шана жолдан шығып кетті ме, ол жағын Сұлтанмұрат айыра алмады. Бірақ өзінің шанадан аударылып түсіп, домалап бара жатқанын сезді. Бұл неткен терең сай еді, домалап келеді, домалап келеді. Қарманып жан-жағынан тал ұстай алмай, кескен бөренедей домалап келеді. Ақыры тоқтады-ау. Енді тырбанып тұрайын дегені сол еді, басына бірнәрсе сарт ете қалды.
Есін жиғанда қалың қар астында жатқанын сезді. Аяқ-қолы байлаулы,өзі қар құрсауында. Тез байлаулы қолдарын саптаманың қонышына созды. Әрең дегенде қанжарға қолы ілінді. Әуреленіп жатып алдымен аяғындағы арқанды кесті. Одан кейін орнынан көтерілді.
Таң сызат беріп атып келе жатқандай. Айналаның бәрі бозамық. Түтеген боран жаяу борасынға ауысқан. Жан-жағына қарағанда ғана аңғарды,шананың аунаған жері Бақа қаңлы Шойбектің ағаш мектебінің маңы екен. Бүл жерде тығылып көп жата алмайды. Тездетіп қолындағы арқанды кескілеп, одан босанды. Енді аңғарды басында тымағы жоқ. Қардың астынан тымағын іздеді. Әлден соң мұздай темір қолына ілінгендей болды. Қар астынан суырып алғанда өз көзіне өзі сенбеді. Винтовка! Алғаш денесі дір етіп қорқып кетті. Артынша – ақ бұл олжасына қуанды. Мылтық айналасына айбат шектіріп, оның иесіне күш береді. Мылтықтың өзімен бірге болғаны дұрыс. Күртік қар қабыршыққа айналып, айналасының бәрі қопарылып кеткенін көзі көрмесе де көңілі сезді. Айналасын тепкілеп, сипалап жүріп, тымағын да тауып алды.
Сайды өрлей жүріп, Алатаудың етегіндегі керейлердің ауылына қарай беттеді. Таң атпай ауылдың шетіне ілігіп, Өмірәлінің үйіне жетсе, ес жинап алғаннан кейін , қырғыз асқаны жөн болар. Осындай шешімге тоқтам жасаған оның қырға көтерілген сайын жұқара түскен қармен жүруі жеңілдеп, адымы ашылды.
Үсті-басын қырау шалған, самайына қан қатқан,қолына мылтық ұстаған Сұлтанмұратты көргенде Өмірәлі дағдарып тұрып қалды. Қонақ болса үн қатпастан қолындағы мылтықты шапанына орап, бұрышқа тастай салды да, саптама етігін шеше бастады.
--Отағасы, кім ол таң атпай жүрген, - деп ішкі бөлмеден шығып
келе жатқан жас келіншек етігін шешіп жатқан кісіні көрісімен,
--О, Сұлтекең екен ғой. Хош келіпсіз, - деп жаймашуақ мінезін танытып, төрге көрпеше төсей бастады.
--Амансыңдар ма, кішкентайларың қандай, тілі шықты ма?-деп қонақ төрге озды.
Төрге барып жайғасып отырған досының жүзіне тіктеп қараған Өмірәлі оның шырайы ақ жүзі түтігіп, қалың қабақтары түксиіп, ұзын қастары тікірейіп, қою қара мұрты көптен бері басылмағандықтан ба, едірейе қалғанын көрді. Жиырма сегіздегі жігіттің жүзінде жастық жалын емес, есейген, есеңгіреген қалып бар. Өзінен - өзі денесі дір еткен Өмірәлі:
-- Болысеке, бетіңді шайып жібер, - деді даусы қарлыға.
-- Сол бір айдай болыс, одан кейін ауылнай хатшысы болуым басыма пәле болып жабысты емес пе?! Болыс дегеніңді қойшы.
--Кел, кел, мен су құйып жіберейін,-деп қолына құмған ұстаған келіншек Сұлтанмұраттың самайына қатып қалған қанды көргенде шошып кетті.
--Самайыңнан қан ағып тұр ғой, не болған?
--А... солай ма.Ағаш жырып кеткен болар.
--Жоқ, басың жарылыпты. Мына жерің ісіп тұр ғой.
Сұлтанмұрат үн қатқан жоқ.
--Көп сөйлей берме. Шайыңды қамда, қазан көтер. Мен қазір қойдың біреуін соямын,-деп Өмірәлі табан астынан қалбалақтады да қалды. Бұл қалбалақтаудың астарында қобалжу бар екенін досы сезді.
--Қойыңды соймасаң да болады. Мен асығыспын.
--Күн көтеріліп келеді. Бәрібір қас қараймай бұл ауылдан кете алмайсың. Оның үстіне мына құрдасыңның жаңадан дайындаған бозасы да мол. Әңгіме шертейік.
Өмірәлі құрдасының бетіне жымия қарап, орамалды ұсынды. Сұлтанмұрат бөлмеде жалғыз қалды. Қашан, қай кезде келсе де осы үйден бір түрлі жылылық, шуақ есіп тұрады. Ендігі паналар жерінде осындай достары болмаса туған-туыстарына бара алмасы анық. Милицияның аңдитыны да солардың үйі болатыны сөзсіз. Қандай жағдай болса да басына түскенін енді мойнымен көтереді. Сенері де, сүйенері де осылар.
Олар да соны сезе ме,өзгелер сияқты Сұлтанмұратқа қаймықпай қарап,батыл сөйлейді. Өмірәлінің соңғы сөзіне қарағанда өзінің басына іс түскенін досы сезіп қойса керек. Жүрекпен ұққаны ғой. Ал мұның қашқын екенін білсе, теріс айналып кетпейді ме екен.
Есік ашылып, үйге Өмірәлімен бірге лап еткен ызғар кірді.
--Ал, болысеке, жылындың ба?
--Сыртым жылынғанмен, ішім қалтырап барады. Бозаңды әкелші.
--Түсіндім жайыңды.Үстеріңнен түсіп, күйеуі басыңды жарған болды ғой.
Өмірәлі күлген болды. Сұлтанмұрат оны есітпегендей сыңай танытты. Бозаның аталасынан үш-төрт кесе ішкеннен кейін Сұлтанмұраттың бойы жылып сала берді. Маңдайынан суық тер шықты.Ұйқысы келді. Өмірәліге үн қатпастан жастыққа басын қойды. Сәлден кейін пысылдап ұйықтап кетті.
Досының қандай күйге түскенін біле алмаса да бір жамандықтың болғанын іші сезді. Көп сөйлемейтін әдетіне басып үнсіз қалғанымен оның ақтарылып, әңгімесін өзі айтатындығын да білді.
Сұлтанмұрат ұйықтасымен Өмірәлі колхоз басқармасына келді. Күндегі әдет бойынша атқамінерлердің бәрі осында. Гу-гу. Бір нәрсені даурыға әңгімелеп, ортада колхоз бастығы тұр.
--Бәрі бөрілігін істеген.
--Бұл датқаның ұрпақтары құтырған.
--Бәсе деймін-ау, құтырмаса, милиция бастығының белін үзіп, біреуін атып кетпес еді ғой.
--Сонда әлгі милициялар қайда қараған.Жалғыз Сұлтанмұратқа әлі жетпегендері қызық екен.
--Халық жауының аты халық жауы емес пе? Амалын тапқан да.
Өмірәлі Сұлтанмұраттың суыт жүрісінен осындай бір оқиғаның болғанын іші сезген. Себебі кеше таңертең аудандық милиция бастығының өзі бас болып Шатырбұлақ ауылына кетіп бара жатқанын көрді. Оның үстіне соңғы кездері Сұлтанмұраттың үстінен арыз жазылып, Байзақ ұрпақтары қудалана басталғанын естіп те, біліп те жүрген.
Әңгіменің арқауын естіп үйіне қайта келсе Сұлтанмұрат әлі ұйықтап жатыр. Ет піскен сәтте қонағы да тұрды.
--Иә, болысеке, ел-жұртың аман ба? Не жаңалық бар?
Өмірәлінің өзіне тесіле қараған көздерінде әлдебір сырдың бар екенін ұққан ол біразға дейін үнсіз отырды. Алабұртқан көңілі басылып,денесі ауыр тартып, бей-жай күй кешкен сыңай танытқан ол терең күрсініп алып:
--Мына заманда тыныштық қайдан болсын.Ел-жұрттың арасында қобалжу бар ма деймін. Мына колхоздың құрылуы қазақ үйіне орны толмас ауыртпалық әкеле жатқандай,-деп тағы үнсіз қалды. ‘’Болған оқиғаны айтсам ба екен, айтпасам қайтеді’’ деген сауал өзін мазалап отырды. Өмірәлі болса досының көңіл-күйін түсінді. Сондықтан да оның жүгін жеңілдету үшін әңгімені өзі бастағанды жөн көрді.
--Мен жаңа колхоз басқармасына барып келдім. Белсенділер гу-гу . ‘’Сұлтанмұрат аудандық милиция бастығының омыртқасын үзіп, бір милиционерді атып,қашып кетіпті’’ деп жатыр. Бұған не дейсің?
--Қазір қай уақыт өзі.
--Түс ауып барады.
-- Онда мен көп ұйықтаппын. Хабардың ауылға емес Әулиеатаға жетер кезі болған екен. Енді уақыт өткен сайын, мені бүкіл аудан милициясын қырып кетіпті дейтіндер де табылады.Ол мен үшін өте жаман. Себебі осы айналадағы қылмыстың бәрі енді маған таңылады. Сондықтан да мен қырғыз асамын. Мені бұл аймақтан көктемге дейін ешкім көрмейді.
Сұлтанмұрат бұл сөздерді аса бір сенімділікпен әрі ешқандай қобалжусыз айтты. Осымен әңгіме үзілді де дастархан жайылып, бір табақ ет қойылды.
Тамақ желініп болғаннан кейін Өмірәлі досының тағы да біраз демалуын өтініп, өзі сыртқа шықты. ‘’ Қайда барасың, неге барасың?’’ деп Сұлтанмұрат одан сұрамады.
Кешкі дастархан жайылар алдында ғана Өмірәлі үйге кірді.
--Өмірәлі,-деді дастархан үстінде екеуі ғана қалғанда,- мен ешкімнің омыртқасын үзгенім жоқ, ешкімді атпадым да. Олар кеше кешкілік мені ұстап, аяқ-қолымды байлап Боранды бекетіне алып кетіп бара жатқанда жолда боран болды, шын мәнінде, мен қараусыз қалдым. Сол бір сәтті пайдаланып, қашуды ойлағаным да сол еді, шана аунап,мен сай табанына қарай дөңгелей жөнелдім. Артынша винтовканың дүмбісі басыма тиіп есім ауысып, біраз уақыт қар астында жаттым. Мені іздеген де, атқан да ешкім болмады.
--Милиция бастығы шананың астында қалып, бел омыртқасын сындырды делік, ал басқа милицияны атқан кім?
-- Білмеймін. Мүмкін олар шатастырып бірін бірі атып алған болар. Содан соң қорыққаннан мылтығын сайға лақтырып жіберген, ол маған тиген сияқты. Мастық бар, оған боран мен аяз қосылған соң, бастығы мертігіп жатса, бірі жараланса, олар мені іздеп не қылсын. Өлмей аман-есен ауданға жеткенше асыққан шығар.
-- Енді не істейсің? Ауыл-ауылға милиция жіберіп, сені іздеп жатқаны сөзсіз.
-- Қырғызға кетемін. Құдалар бар, қарындасым сонда. Бас сауғалар жер табылар. Енді қашқын атандық...
Ол тұнжырап ұзақ отырып қалды. Жүзінде қамыққандық бар.Қолындағы кесесін аударыстырып,бір нәрсе айта алмай отырған сияқты.
--Өмірәлі, сен мені жақсы білесің, біреудің ала жібін аттаған емеспін.Әлі де солай етемін, -деп басын көтеріп алып, - енді не отырыс, сендерге кесірім тиіп кетпесін. Жүрдім мен. Біздің үйге астыртын болса да көз қырыңды сала жүр, -деді.
--Онда жолың болсын. Ауылдың шетіндегі ессіз қалған қораға ат ерттеп, байлап қойдым. Соны мініп кет.
--Бауырым-ау, ат сұрауға бата алмай отыр едім.Бұл жақсылығыңа рахмет, ұмытпаспын. ‘’Ер мойнында қыл арқан шірімес’’. Алла жазса әлі талай жүздесерміз. Заман да, заң да өзгерер.
Екі дос бір-бірімен төс қағыстырып, аманшылық тілеп қоштасты...
Міне, содан бері қыс өтіп, көктем кетті. Жадыраған жаз да жетті. Бұл күнде Сұлтанмұраттың халық жауы ретінде ұсталғаны ел арасында ұмытылып, енді ұры атанған. Мұны айтатындар атқамінерлер. Ал ауылдастары мен халық оны қорғаны, құтқарушысы санайды. ‘’Қалай, қайдан әкелсе де Сұлтанмұрат берген мал аш-жалаңашты құтқарып қалса болғаны емес пе?’’ дейтіндер қатары күннен-күнге көбейіп келеді, аш-жалаңаштардың арасында ‘’Сұлтекең мал әкеліп тастаған жоқ па екен’’ деп таңертең қорасын қарайтындар бар.
Осындай сөзді естіген сайын қуанып, жеңілденіп қалады. Себебі, сол бір қазанның ақ борасынында милиция жетегінен құтылғанда қалайда ‘’ халық жауы’’ деген аттан арылу жолдарын іздеген болатын. Сол күні Өмірәлінің үйінен шығысымен қырғыздың Көкқиясындағы қарындасы Әлімханның ата жұртына тартқан болатын. Бабасы Қабылбектің құдасы Нұрматбек болыс аттан түсіп, бағы тайғанымен халқына сыйлы азамат. Құдасын құдайдай қарсы алған қырғыз ағайындар Сұлтанмұратты
‘’болыс ‘’, ’’құда’’ деп төрінен орын берді. Қыстай Көкқияның тау-тасын аралап, қонақ болды, қалың қарды ашып, айыл арасына жол салды. Ел жаққа қанша құлақ түргенімен, жанды жадыратар жақсылықты естімеді.
Күн сәулесінің молаюы Алатаудан бастау алатын қос өзен Көксай мен Ақсайдың гүрілін күшейтіп, айналаға көктемнің келгенін хабарлап жатты. Сай-саладағы қар сарқыраған суға айналғанда, жер аяғы кеңіген сайын ‘’ауылға барсам, хабарын білсем’’ деген ой шам болып жарқырай түсті. Ақыры оның да сәті келді. Ауылға қарай асығуына күтпеген бір кездесу себепкер болды.
Кешкілік атын жайылымнан жетектеп келе жатқанда сай жағасында сыз жерге бауырларын төсеніп жатқан бірнеше адамды кезіктірді. Олар қазан жалап иесінің алдында кінәлі болып қалған иттей, тіке қарай алмағанымен Сұлтанмұраттан рақымшылық күткендей тіміскелей көз тастады.
--Қайырымды жан, құдайы қонақ болсақ деген ниетіміз бар.
Қарлыққан дауыс ыңырси шықты. Жүздерін қолдарымен қалқалай береді.
Сұлтанмұраттың денесі түршігіп кетті. Қандай жалынышты, қандай үрейлі үн. Осындай заманда кім кімге қонақ. Байғұстардың далбасалағаны ғой. Қайыршылардың жүздеріне тесіле қарады.
--Ашпыз, қазақпыз. Әулиеатаның солтүстігінде жатқан Талас жерінен ауып келеміз,-деді егде тартқан мосқал кісі.
Кейінгі кезде үнемі жанынан табылатын Қасеннің үйіне әкеліп,тамақтандырып,көз шырымын алған босқындар бірінен соң бірі қазақ ауылындағы ашаршылық пен әпербандықтың өрескел өскенін айтты.
--Былтыр күзден басталған мал жинау биыл өте үрдіс жүріп жатыр. Ырысы да, бақыты да мал болған сорлы халық қазір аштан өліп, өлмегені өлексе болып,жер шұқып қалды...
--Әулиеата айналасында ашаршылық айтарлықтай емес.Бірақ ашаршылық оған да жететін болған соң, қырғыз жеріне қарай аудық. Аша тұяқ қалдырмай жинап алып жатыр. Бермегендерді қамаққа алып,халық жауы атандыруда...
--Бүгін болмаса ертең халық аштан қырылатыны анық па дейміз. Беті жаман. Оның үстіне Алла тағала жаңбырын да бермей отыр...Бәрінен де әлгі атқа мінгендердің екпіні жаман. Төңкеріс өлім-жітімсіз болмайды дегенді де айтып, қазақты қолдан қырып жатыр...
--Бас көтерер, халыққа басшы болар азамат жоқ. Халықтың есі ауысып қалған. Өліктің қойны-қонышын тінтиді, бір үзім нан іздейді...
Ертеңіне Сұлтанмұрат Қасен досымен ақылдасып, ауылға баруға бел байлады.
--Қызбалықпен бірнәрсені бүлдіріп алып жүр ме,-деп досын шығарып салған Қасен Сұлтанмұраттың соңынан ұзақ қарады. Соңғы айларда бір-бірін көрмесе тұра алмайтын жағдайға көшкен олар сырлас,мұңдас болды. Екеуі де жаңа үкіметтің ісін қолдамайтындығын бір-біріне сездірді. Әңгіме осы төңірегінде болғанда қазақ досы жантайып жата кетіп, ‘’Халқымыздың мойнына бодандық құрығының түсуімен бірге тектілерінен айырылды’’,-деп көкірегі аһ ұрып, артынша ‘’Әттең, күресуге дәрмен жоқ. Болмаса кезінде бабам Байзақ ойран әкелген орысты төріне жібермеген ғой’’ дейтінін еске алғанда: ’’Орынсыз отқа түсіп кетпесе болғаны’’ деп іштей күбірлеген ол тағы да жолаушының соңынан көз тастады. Осыны сезгендей Сұлтанмұрат та атының басын тартыңқырап бар денесімен бұрылып қарады. Қасен қаққан қазықтай қоштасқан орнында тұр. Тап сол сәтте ол Қасеннің өмірлік досы болып қалатынын жан-тәнімен сезгенімен бұл достық жолы бір-біріне аса қиын болатынын білмеді.Отты қалтаға салуға болмайтындығындай арамдық пен достық пейілді мәңгі жасырып қалу мүмкін емес екенін сол сәтте Сұлтанмұрат түсіне қойған жоқ. Қазақ досының ‘’халық жауы’’ атанып, итжеккенге кеткенде қырғыз жігіті Қасен де азапты жолды өтетіні әлі алда еді. ‘’Халық жауын паналаттың’’ деп талай зорлық, зомбылық көретінін ол кейін естиді.
Ертеңіне ымырт көз байланар қараңғылыққа ұласқанша Сұлтанмұрат ауылдың сыртындағы өзекшеге келіп жатқан. Туған жердің ауасын жұтып, аналарын аймалап, бауырлары Ескендір, Амантай, Әкпархан, Қамбармен бірге ойнап, күліп, қыздарының бетінен сүймегеніне де бес ай болған еді. Үйінен бір шақырымдай жерде жатып, алабұртқан жүрегінің аптығын баса алмағанына жігері құм болған. Туған жерден, өскен елден қашудан артық қиянат жоқ екенін сол бір сәтте түсініп еді-ау…
Міне, бүгінде Күркіреусудың аңғарын паналап, күннің батуын күтіп жатқаны мынау. Тас төсектен тұрып, жан-жағына қарады. Бесін болыпты. Жарқыраған күн сәулесінің қызуы қайтып, тау көлеңкесі айналаны қара дақтарға толтырыпты. Енді байқады, мына жердің жылдағы шүйгін шөбі күйіп кеткен. Бұл да халық соры ғой. Онсыз да аштан қырылып жатқан елге бұл құрғақшылықтың соңы үлкен қасірет болып жабыспаса болғаны. Құлағына құзғынның қарқылдаған дауысы келді. Оның неге қарқылдайтынын да біледі.Ылдидан, сонау Арқа мен Талас, Созақ жерінен ауған босқындар мына таудан аса алмай әр жерде жансұрап, дәрмені бітіп, өлім халінде жатқанын да жүрегі сезеді. Жолында кездескен талайлардың аштықтың ажалынан арашалап, жақындағы ел шетіне жеткізіп, кейінірек талшық етер тамақ әкеліп бергені де бар. Бүгінде мына бес жылқыны өзінің ауылымен жапсарлас отырған бес ауылға таратып бермек. Әкесі марқұм айтып отырушы еді: ‘’Қырық жыл қырғын, он жыл ашаршылық болса да Жуалы халқы жұтамаған’’ деп. Алайда өзі қашқындық жолға түскен отызыншы жылдан бері Жуалы халқы қиналуда. Олардың мойнына ылдидан ауған мыңдаған аштардың ауыртпалығы түскен. Бәрінен де өзінің соңына шам алып түсіп жүрген Жантай сияқты атқа мінерлер қинап барады.
Сол өткен жылы наурыз айында бес ай қырғыз жерінде паналап аулына келгенде сельсовет Жантайдың қылығы ел басына әңгір таяқ болғанын естіген. Үйінен бір шақырымдай жерде көз байланар қараңғылықты тағатсыздана күтіп, ақыры атын қуықтай аңғардан шығар бастау басындағы қалың алаботаның арасына байлап,ауылға жаяулап жеткенде екі-үш аттының үйінің жанынан аттанып кеткенін көрді. Бие сауымдай уақыт аңысын аңдып, үйге жақындай түскенде ‘’аф - аф’’ деген Алыпсоқтың даусы шықты.
--Алыпсоқ!- деген дауысты естісімен үлкен көкжал ит иесінің даусын танып, құйрығын бұлғақтай келіп, аяғына оралды. Байғұс аш екен, ыңыршағы айналып кетіпті. Қолындағы дорбасына қолын салып жіберіп, ілінген етті алдына тастай салды. Төбет ыңырси барып, етті айнолсақтап біраз тұрды да одан кейін бас салды.
Жайлап есікті тартып еді, ашық екен. Ыңырана ашылған есіктің даусымен бірге Сұлтанмұрат үйге кірді. Май шамның жарығынан ешнәрсе көрінбейді.
--Кім бар,-деді жайлап қана.
Жауап болмады. Әлден соң жылаған баланың даусы шықты.
--Бибігүл апа,Анаркүл апа барсыңдар ма? Асқарым, Үртай, Шынар,Райхан, айналайындар,қайдасыңдар?
--Сұлтеке, сенбісің? Әйелі Алтынның даусы алдымен шықты.
--Алтын, мен ғой.
--Көке! Көке!
--Қоңыр қозым, асылдың тұяғы, келдің бе?!
--Сұлтаным!
Құшақтар айқасып, көз жастар тамды. Алтын көпке дейін өксігін баса алмай ұзақ жылады.
--Қой, жетер, өлгеніміз жоқ, жер басып жүргеніміздің өзі бақыт.Қайдағыны бастамай, жылама, - деп, Сұлтанмұраттың анасы Бибігүл келінін тыйып тастады.
--Тышқанның құланның басына шыққан заманы туғанына жылаймын. Әкіреңдемейтін, ақырмайтын адам жоқ. Туыстарың жүз жасырып, үй айналып кететін болды.
--Болды, жетер, өзімнің де жүрегім сезеді.Мына заманда өзгені емес өз жанын қорғау қиын.
--Көке, енді ешқайда кетпейсің ғой...Біз әйтпесе қорқамыз...Апамды селсөбет Жантай келіп жаңа ғана сабап кетті.
--Олар сені іздеп жүр. Жер аяғы кеңісімен күнара келетін болды. Жаңа ғана келіп кетті. Жанында екі милициясы бар. Аузынан ақ ит кіріп,көк ит шығады. Ол селсөбет емес төбет болған...
Таң атқанша кеудеге толған өксік, қос анасының, әйелі мен балаларының көз жастары Сұлтанмұраттың кеудесіне шер болып қатып жатты.
--Енді қорықпаңдар, тамақтарыңды әкеліп тұрамын... Саттар, Тілеумұрат көкемдердің үйлері аман ба? Ана сорақай інілерімнің жағдайы қалай? Ересектеріне ғана амандығымды білдір . Мені іздемесін. Қажет кезде өзім жолығамын. Ал қош, сау болыңдар... Ұйықтап жатқан Асқар мен қыздарының маңдайларынан иіскеп, үйден тездетіп шығып кетті.
Бастау басындағы атын жетекке алып, сай ішімен төмен қарай Теріс өзеніне дейін жаяу келді. Шолпан батып, айнала таң алдындағы алагеуім болғанда қазір жатқан аңғарға тап болды.
Айналаны бір шолып, сонда да бүгінгідей күні бойы осы тас төсекте жатқан болатын. Сонда Жантай бастап, басқа қызыл иттер қоштап, елді бүлдіріп, сәл бас көтергенін милициямен айдатып, кеуделерін әбден басып тастапты. Тіпті Байзақ датқа тұқымдарын түгелімен жер аудару керек дегенді де айтыпты. Елдің қолындағы малдың бәрін жинап алып, өлім-жітімге ұшыраған тұяқтың орнын күн сайын халықтың есебінен толықтыруды әдетке айналдырыпты. Онысымен де қоймай ірі малды белгісіз жаққа жөнелтіп жатса керек. Осындай келеңсіз істердің бәрінде атқа мінерлердің үлесі көп сияқты. Ал аш-жалаңаштар саны күннен-күнге көбейіп, ісінген адамдар шөп шығысымен тауды жағалап шөп-шаламды талшық ете бастағанын да есітті. Бауырлары да қашып жүргенге ұқсайды.
Сол күні бес айдан кейін балаларын аймалап, жар құшағының шарпуына оранып келіп, осы тас төсекте жатқанда өмірінде жаңа белес басталған еді. Көп ойланып, көп толғанды. Аштықпен арпалысып жатқан халықтан алынған малды өздеріне қайтаруға бекінді. Мұны біреу түсінді, біреу түсінбеді. Өкімет адамдары оның бұл қылығын жаңа құрылымға деген өшпенділікпен туғанын, Сұлтанмұраттай азаматтың ұрлық жолына бармайтындығын жақсы білді.Сондықтан да оны ұстауға бар күштерін жұмсады. Ол болса түбі өзінің ұсталатындығын да сезді. Бірақ өкімет не десе о десін қалайда аштыққа ұрынған халықты аман сақтап қалуға өзінің аз да болса септігін тигізсе болды.Милицияның қолына түссе бәрібір абақтыда ұзақ отыратындығын немесе өлетіндігін білді. ‘’Халық жауы’’ болып өлгенше халық қамын жеген азамат болып өлуді, тіпті болмаса ұры ретінде ұсталса өмірін сақтап қалуға болатындығынан да үміттенеді. Бірақ бұл үміт өзін-өзі алдау екені жүрек түкпірінде жатты.
... Самалдай жұлдыздар жымың-жымың етеді. Атын ерттеп, айдап келген малын бір-біріне матастырып жолға шықты. 1931 жылдың көктемі мен жазы өте ауыр болды. Бел шешіп, арқаны кеңге салып, шалқасынан жата алмады. Аштықтың тауқыметін көрген халықтың есі ауысып қалғандай күй кешті. Қай ауылға, кімге барса да әңгіме арқауы тек ашаршылық. Ыңыршағы айналса да ашу-ызасын өкіметке күш көрсету арқылы білдіре алмаған халықтың дәрменсіздігіне Сұлтанмұрат таңғалды.
Өткенде келгенде көзі көріп, естіген. Талапты мен Андреевка ауылының жағдайы өте ауыр екен. Мына малды соларға апара жатыр.
--Қарағым, ел құлағы елу деген. Халыққа істеп жатқан жақсылығыңды естіп жатырмыз. Сені ‘’ұры’’, ‘’халық жауы’’ дейтіндердің өздері сондай кебінде. Сенің кім екеніңді халық ұмытпайды. Мына елге жасап жатқан жақсылықтарыңды біздің ауылға да жасамасаң болмас. Қарағым, ел күйзеліп жатыр...
Кешкілік бір тамырының үйінде отырған жерінен тауып алған қарт кісі осы сөздерді жылап отырып айтқанын ұмытқан жоқ. Мұндайда қалай тыныш жата алады.Кейбіреулерге аты жаман естілгендігін біледі. Қайтсін енді. Бірақ ұлы емші уақыт, дуалы ауыз халық ақ-қарасын өзі ажыратып алар. Шешінген судан тайынбайды. Алла өзі жар болсын. Оның ендігі шешімі осы болды.
Сондай қамыққан күндерінің бірінде Көкқиядағы Қасен досының үйіне келген. Тұңғиықтағы көздері біртүрлі от шашып тұрғандай. Ұзын денесі шымырланып, шиыршық атады. Бұрынғыдай бұйығы емес, ашық мінез танытып жатыр.
Аз сөйлеп,көп тыңдайтын әдетінен жаңылып, ұзақ сөйлеп, әңгімені әріден қозғайды. Қоқан хандығы, орыс жерін иелене бастаған кезеңдерден бастап бабалары жауға бас имегенін айтты. ‘’Құшағын ашып, сырттан келген әрбір кісіге төрінен орын бергенін де айтып, ол қазақтың бағы емес, соры болады’’ деп ой толғады. ‘’Арайлы күн атты деп қызыл орысты қарсы алып еді, енді сол өкімет қазақ халқын жоюда’’ деп күрсінеді. ‘’Көрмей отыр ма, неге көмектеспейді, неге жинап алған малын қайтарып бермейді?’’ деп аһ ұрды.
--Мен шаршадым. Халық үшін мал ұрладым, аштарға апарып бердім, оларды өлімнен құтқардым десем маған кім сенеді. Бір жылдан аса уақыт Жуалы, Әулиеата, Шымкент, тіпті Арқа аймақтары мен сендердің мына Көкқияларыңды,Көксай мен Ақсайды кездім. Жол-жөнекей аш-жалаңаштарға көмектестім. Жүрегімді жұтып,өкіметтің елден жинап алған малын ұрлап,қайта халыққа бердім.Бірақ одан не шықты.Мені жан-жаққа жар салып ’’ұры’’ деді.Алғаш осы атақты өзім саналы түрде таңдап алып едім.Енді содан құтыла алам ба,жоқ па. Осы атақтан мәңгі арыла алмаймын ба деп қорқамын.
Осылайша ұзақ сонар жүрек жарды сөзін айтқаннан кейін Сұлтанмұрат жантайған күйінде үнсіз қалды. Қанша сырласпын, мұңдаспын дегенімен Қасен досының жан-дүниесін терең білмейтініне таңғалды. Бірақ болыстың жүрек түкпірінде осындай ойтолғақтың жатқанын аз сөйлесе де кейбір іс-әрекеттерінен сезетін. Колхоздың қорасына түскенде керек малын бөліп алғаннан кейін болыс үнемі қораның қақпасын ашып, малды айдап жіберетін. «Санатта жоқтарға азық болғанша, осы өңірдің қасқыры жесін» дейтін.
-- Байеке, мен өкіметке берілсем бе деймін. Сен қалай ойлайсың?... Енді ұры болып өмір сүре алмаймын. Менің бүкіл ауылымды, қажет болса одан да көпті аштықтан сақтап қалудағы ісім «ұры» деген атақтан үлкен емес сияқты. Бұл біздің Байзақ датқа ұрпақтарына таңба болатынын енді түсіндім. Мен «ұры» атанып сотталсам, жазам жеңілдейді дегенім далбаса екен.
-- Неге олай дейсің, сенің кім екеніңді бауырларың біледі ғой. Егер шаршасаң, Қырғызстанның милициясына беріл. Жазаң жеңіл болар. Оны ұйымдастыруға болады. Долан асуына немесе Жетіөгізге қарай асайық. Мал ұрлап екеуіміз бірге сотталайық.
-- Жоқ,- ол басын көтеріп алып, ұрты салбырап, үлкен қой көздері ұясынан шығып кете жаздады. – Жоқ, келер ұрпақ бар. Мені күйеден аршып алу ұшін оларға туған жердің топырағы да қажет болады. Бүкіл Байзақ ұрпағын «халық жауы»деп айтуға екінің бірінің аузы бара бермес. Туған жер мен ата-ана әруағы мені де қолдар.
Қасен «болыс» деп атайтын досының сөзіне дау айта алмады.Талай рет оған «мені болыс деп атама» деген. Атасы Қабылбек пен Тілеуқұлдай болыс болмаған соң намыстанатын шығар. Немесе аумалы-төкпелі күндері бір айдай болыс болғанын Қасен жақсы білетін.Сондықтан да «болыс» деуден жаңылмайтын.
-- Болыс, мұның қалай болар екен,- деп жантая кетті.
-- Қорықпа, қазір бірден қолға түсейін деп отырғаным жоқ. Әлі ауылда аш адамдар көп.Мен кейде ойлаймын, егер әрбір қазақ ауылынан мен сияқты бір бейбақ шықса, талайлардың өмірін сақтап қалар едік. Жақында Жуантөбенің арғы жағында атамыз Мәмбет бабамыздан тарайтын Райыс атамыз қаздырған каналдың басында тұрған Әзірет Қаратау ауылына бардым. Сол жерде естімегенді естіп, көрмегенді көрдім. Ауылнай Әзімбектің Сұлтаны екен. Ол да жаңабайдың баласы. Сол айтты: төменгі ауылда зауза қоңызын қайнатып, майын ішіп отырғандар бар екен. Ертеңіне Рүстем баурымды ертіп Әулиеата базарына бардық. Атшабарды аралғанымда тура өліктің арасында жүргендей болдым. Ұзын түйенің жүнінен тігілген шекпен киген төмен жақтың кісілері ісініп, кірпігі ғана қимылдап, әр жерде отырғанын көрдім. Өкімет оларға нан берудің орнына қаладан далаға қуып жатыр. Ал өлгендерін арбаға тиеп шаҺарға кіре берістегі сайларға тастап жатқанын өзім көрдім. Шыдай алмай көргенімді, елдің аштан өліп жатқанын айтып, көмек сұрап, арыз жазып, сол жердегі кеңсеге беріп кеттім. Сөз арасында өзімнің де сол ашаршылылққа түсірген басшылардың ісіне наразы болып, қашқын атанғанымды жаздым. Қайтейін енді, әкеңнің көрі. Содан соң Әулиеатаның басына барып құран оқыдым.
... Жаз бітіп, Жуалының қара суық қараша айы келді. Соңғы бір аптадан бері Сұлтанмұрат ауылында ашық жүретін болды. Бүкіл туысқандарын аралап, аштарына көмектесіп, тоқтарының малын босқындарға апарып берумен айналысты. Керей ауылына барып, досы Өмірәлінің үйіне де кіріп шықты.Кейде қалың жаңабай аз ғана керейлерді шеттететіні бар. Ал енді солардың арасында Сұлтанмұрат жүрсе оларға бауырларының ала көзденбейтінін де сезеді. Әкесі мен ағаларынан естігені бойынша бұл керейлер кезінде Абылайдың жанында жүрген Мәмбет бабаларына ханның қызметіне ризалықтың белгісі ретінде берген нөкерлерінің ұрпақтары. Байзақ датқаның оққағары болған сенімді серігі Шибұт батыр да солардың ұрпағы. Адал қызметті, адал достықты ұмытуға бола ма? Сондықтан да Өмірәлінің үйіне туыстарына көз қылып баратыны бар.
Сондай күндердің бірінде Сұлтанмұратқа жол үстінде Жантай қарсы ұшыраса кетті. Суықтан қымтанып, бет-аузын тұмшалап келе жатқан ауылнай өзімен қапталдаса келіп, тізгінінен ұстаған кісіні танымай қалды.
--Бұл кім әй,өле алмай жүрген,менің тізгінімнен тартатын,- деп басын кекшең еткізіп көтеріп алғанда, өзіне тесіле қарап тұрған қалың қара мұртты кісіні көріп селк ете түсті. Тілден айырылғандай, көзі ежірейіп барады.
--Танымай тұрсың ба, мен -- Сұлтанмұратпын! Былай жүр, айтар әңгіме бар,-деп жолдың шетіне, егістің ортасына салынған сабан маясына қарай атын жетелей жөнелді.
--Іздегенің мен емес пе? Айтарың болса айтып қал. Бұдан кейін кездесеміз бе,жоқ па, оны бір Алланың өзі біледі.
Олар маяның тасасына келгенде ғана Жантай есін жиды. Апыл-ғұпыл қолын қоржынына сала бастады. Сұлтанмұрат оның қолын ұстап, қысып жібергенде:
--Ойбай,сындырдың,- деп айқайлап жіберді.Дауысында діріл бар.
--Сен атайын деп жатқанда мен қолыңды сындырсам айып болмас.Қорықпа, осы күнге дейін кісінің қанын мойныма арқалаған емеспін. Бірақ сендей жүзі қараның қанын шашса айып жоқ! Сені де атқамінер азаматымыз бар дейді-ау. Маған айтатының бар ма? Айтып қал!
--Мен саған не айтам,-деп міңгірлеп барып,- өкіметтің құрығы ұзын. Мені өлтіргенмен, бәрібір ұсталасың.
Сұлтанмұрат Жантайдың жұқалтаң сары жүзі аппақ ақ қағаздай болып кеткенінен қорықты. Байқұс жүрегі жарылып кетсе обалына өзі қалуы да мүмкін. Аяп кетті. Оның итаршы болып, өзінде еріктің жоқ екеніне жаны ашыды.
--Сені өлтіріп мені қара басты ма?! Айтпасаң мен айтамын.Айылыңды жи! Күйзеліп отырған халыққа тоқпақ бол ма?! Аштарды құтқар. Мен шамам келгенше соны істедім. Бір жылдың төлі едік қой. Қолыңа түссем аямассың, бірақ елді ая. Тағы да айтарым, мен милицияларыңа тиіскенім жоқ. Олар мас болып, өзді-өзін атып жарақат еткен. Ал енді мен қажет болсам үйде боламын. Басқа айтарым жоқ. Бар, кете бер.
Үнсіз ғана атының басын бұрған Жантай біраз жерге дейін тепеңдеп жүрді де ұзағаннан соң ғана атын тебінді. Артына бұрылып қарамады. Қандай ойда.Не пиғылда екенін Сұлтанмұрат біле алмады. Бірақ оның қорыққаны анық.Мұндайлардың барынан жоғы. Еріне іліп жүретін, бірақ осы күнге дейін бірде-бір атылмаған мылтығын қолына алды. Бірақ соны не үшін алғанын өзі де түсінбеді. Дегенмен винтовканы сарт-сұрт етіп оқтады да, аспанға атып-атып жіберді. Оны Жантай естіді ме, жоқ па онымен ісі болған жоқ.
Атының басын ауылына Шатырбұлаққа қарай бұрды. Үйге келісімен тіл қатпастан мініп жүрген атын сойды да етінің төрттен үшін ағайындары мен көршілеріне қырық жілік етіп бөліп берді.
... Сұлтанмұраттың Әулиеатаның ОГПУ-інің абақтысында жатқанына табаны күректей төрт ай болды. Төрт айдан бері тергеушілер үш-төрт сұрақтың айналасында ақезу болып еді, енді он күннен бері тыныш жатыр. Тергеу тоқтатылғандай. Соққыдан жарылған қалың қабағы мен ерні жазылып, оң қолының ауырғаны басылған. Тар төсек пен қапас та,қапырық бөлмені серік еткен Сұлтанмұрат қол жетпес, бас сыймас терезеден түскен жарыққа ұзақ қарап, соның сәулесімен уақытты айыруды үйренді.Жаңа ғана жасауыл тамақ әкелгенде, әдеттегідей уақытты сұраған.
--Сен сорлыға уақыттың керегі не? Күнің бәрібір санаулы,- деп, қартаң жасауыл бір кіжініп,бір мүсіркеп, - сағат он, - деп жауап берген. Жауапты естісімен күн сәулесі түскен жерге қарады. Рас, сағат оннан енді ғана асып барады екен. Өзінен-өзі мырс етіп күліп жіберді.
--Неге күлесің, саған бүгін тамақ әкелінетін күн екенін ұмыттың ба, мұны ішпей-ақ қой. Көрші камерадағыларға берейін. Оларға ешкім келмейді.
--Жарайды, өзімнің де тәбетім жоқ. Айтшы, бауырым, олар кімдер?
--Менің жерлестерім,Меркіден.
Қартаң жасауылдың әдеті осы.Үнемі бұған сырттан тамақ келер күні мұның тамағын көрші камерадағыларға апарып береді.
Онда кім, неге жатқанын білмейді.Ал өзіне сырттан тамақ әкелетіндер кім екенін жақсы біледі. Олар ағайын-туыстары емес,екі жылдай ауыл-ауылды,тау-тасты кезіп жүргенде бірге болған серіктері. Тағамға қарап-ақ кімнің келгенін біледі.Құдай қаласа бүгін Қасеннің асы келмек. Әрине өзі келмейді,өзгеден беріп жібереді.Байғұс әлі жортуылда ма екен?..
Ауыр темір есік сарт-сұрт етіп ашылды да:
--Сұлтанмұрат Тілеуқабылов,тергеушіге жүр!
Ол орнынан ұшып тұрды. Тергеушілерге әбден үйренсіп қалған ол бүгін кімнің тергеуге алатынын білмесе де, солардың бірін көргісі келгені рас.
--Иттің баласы, бұл соңғы тергеу.Бүгінгі жауабың бүкіл өміріңді,тағдырыңды шешеді.
Есіктен кірмей жатып естіген алғашқы сөзі осы болды. Боқтық пен ғайбат сөздерге де бойы әбден үйренген. Бірақ «соңғы тергеу» деген сөзіне елең ете қалды. Өмірі пішіліп қойған болды ғой. Май бұғағы салбыраған, екі ұрты томпиған, көр тышқандай торсықтай домаланған тергеуші жақындап келіп:
-- Сонымен, Жуалыдағы казактармен байланысың болды ма? Сені неге ел «батыр» дейді. Сенің әскерің бар ма?- деді.
--Жоқ.
--‘’Жоқ’’ дейсің-ау, өтірік! Олар сенің өздерінің қол шоқпары болғаныңды растап отыр. Рыбалкин, иә, иә Братскідегі Рыбалкин сендердің басшыларың болған. Көтерілісті ұйымдастырған сендер екендеріңді біз білеміз. Ол қылмысын мойындап, бүгін ату жазасына кесілді. Колхоздардың малын ұрлап, елді аштыққа кенелткен сен сияқты сілімтіктер. Ал сендер жалаларыңды бізге жаппақсыңдар. Ол бола қоймас.
--Ондай адамды танымаймын. Мен алған малды сол аштарға бердім.
--Милицияны атқаныңды да мойындамайсың ба?
--Мойныма алмаймын.Мен атқаным жоқ.
--Сен болыс болған аз уақытта колхозға неге шаруаларды кіргізбедің?
--Колхозға кірсе олар аштан өлетін еді.
--А, бұл қылмысыңды мойындайсың ғой.
--?..
--Үндемейсің ғой. Қырғыздарды неге қазақтарға қарсы қойдың?
--Жалған, мен қырғыз еліне барғаным жоқ.
--Ондағы сыбайластарыңның атын ата.
--Танитындарым жоқ.
--Жалған. Қытайда қанша рет болдың? Ондағы ақтың сілімтіктерімен байланысың қандай?
--Ешқандай Қытайыңды, ақтарыңды білмеймін.
Осындай болымсыз,шындыққа жанаспайтын сұрақтар қайталана берді. Бұл әр тергеудегі әдет. Мардымды жауап болмаса да тергеуші орындығына отырып,хаттаманы толтырып,өзіне қол қойдырып алады.
-- Бүгін 1932 жылдың 28 ақпаны екенін ұмытпа.Сен енді атыласың,- деген тергеуші жасауылдарды шақырып «алып кет» деп белгі берді. Сұлтанмұрат жасауылдың алдында келе жатып ойы он саққа кетті.
Неге екені белгісіз бүгін ұрған да жоқ,қатты айқайлап, боқтамады да. Мұны жақсылыққа емес, жамандыққа жорыды. ‘’Біттім, атылатын болдым’’ деп ой түйді. Рыбалкинді неге айтқанын түсіне алмай дал болды. Жуалыда казактардың қозғалысы болғанын талай естіген. Бірақ олармен жалғаспағаны анық. «Соңғы тергеу» дегенімен үкімнің шықпағанына тағы таңғалды. Бірақ ұйқы кетті. Өлім сағатын күтіп, бір Аллаға сыйынып жата берді.
Үш-төрт күннен кейін тергеуге тағы шақырды. Бөлмеде өзін кезек-кезек тергеп, ауыр соққылардың астына алған үш ОГПУ-дың қызметкері отыр екен.
--Сен үштік шешімімен террор,бандитизм,өкімет адамдарына қарулы шабуыл жасауға қатысқаның және Кеңес өкіметінің жауапты қызметкерлеріне қысым жасағаның үшін өлім жазасына, иә өлім жазасына… - деп тергеуші Сұлтанмұраттың жүзіне тіктеп қарап, жалбарынуды күткендей бір сәт үнсіз тұрып қалды. Бірақ жауап берушінің қара жүзі сұрланып, бойында білінер,білінбес діріл байқалғанымен, жұмған аузын ашпағанына тергеушілер таңғалды.
--Иә, өлім жазасына, -деді тағы да нығырлай, -кесілуге лайықсың. Бірақ адам өлтірмегенің, жеке-дара қылмыс жасағаның еске алынып, РСФСР-дің қылмысты істер кодексінің 58 бабының 8 тармағына, 10 тармағына және 59 баптың 3 тармағына сәйкес, халық жауы ретінде 10 жылға сотталдың...
Мұндай рақымшылықты ол күтпеп еді. Жазықсыз болса да өзі бұл өмірмен қоштасып қойған еді. Камераға келген соң да дел-сал күй кешті. Неге өзіне ату жазасы берілмегеніне таңғалды.Әлде өзінің ешқандай саясаттан хабары жоқ, можан-топайлық мінез көрсеткені осындай шешім қабылдауға итермеледі ма екен. Ойлай берсе оның тұңғиығына бойлау мүмкін емес. ‘’Тышқанның тағдыры мысықтың мырзалығына байланысты’’ деген осы да.
Өмір деген қызық-ау. Жазықсыздан жазықтыға айналғанын біле отырып ол өзінің өлім жазасына кесілмегеніне таңғалғаны несі? Қажет болса 10 жылға сотталып, оны концлагерде өтейтіндей қылмысты ма еді.
Алғаш іші тар, қызғаныштың қызыл итіне мінгендер оның болыс болғанын көре алмай ‘’Бабасы Қабылбек болыс болған, ал енді Кеңес өкіметі тұсында неге кешегі бай баласы ел басқарады’’ деп кінәлады. Оған өзінің колхоздастыруға қарсылық білдірген сөздері де қосылды. Ақыры ‘’халық жауы’’ болып сотталғанша ‘’халық қамын ойлаймын’’ деп аш-жалаңаштарға қамқорлық жасап, зорлықпен жиналып алынған малды қайтаруға колхоз қорасына түсуге тура келді. Ол да ‘’халық жауы’’ деген жексұрын аттан құтқара алмады. Енді міне концлагерь дегенге баратын болды. Ол қайда,алыс па, жақын ба оны білмейді.
Екі жыл жалғыз әділетсіздікпен арпалысқан, сүреңсіз жалғыздықпен өткен күндерді еске алса қорланып кетеді.Адамнан қорқып, қашқақтап,жүзін жасырғаннан артық қорлық жоқ екен. Екі жыл тау мен тасты төсек етіп, көк аспанның астында жатып, тағы аңдай өмір кешті емес пе. Отыздағы орда бұзар жігіттің ортадан қашып, сай-саланы паналауы қиын екен. Мәңгі олай өмір сүруге болмайтындығын түсініп, өзі осындай өмірге, тіпті өлімге пейіл болды емес пе?! Астындағы жалғыз атын сойып, үйінде бала-шағаларының арасында өткізген алаңсыз он бес күнін тергеуде өткізген азапты төрт айына айырбастамас еді.
Милициясы бар, ОГПУ-і бар қанша сабылса да Сұлтанмұратты ұстай алмады. Кейде оның отырған жерін дәл білсе де бата алмай, кетіп қалған кездері де болған. Алаңсыз үйінде жүрген он бес күнде ешкім мұны іздеп келмеді. Ақыры ауылды аралап кеткен бір күні әйелі мен бала-шағасын, бауырларын ұстап алып: ‘’Сұлтанмұрат милицияға өзі келсін. Болмаса мыналарды аман көрмейді’’, - деп сәлем айтқан соң милицияға да өзі барып еді-ау.
Қайран жалған-ай! Күштінің диірменінің сусыз да жүретін кезінің келгені ме.Қабылбек, Тілеуқұл болыс болып, өзгенің алдында аспанды тіреп тұрғандай болса да олар халқына мұндай қорлық көрсетпеген.
Құдайдан қорықпай, адами қасиеттен заманың осы болғаны ма?! Басқаны күтсе де, бауырлары мен бала-шағаларын абақтыға қамайды деп ойлаған емес. Дегенмен де күштінің аты күшті.Оларға бәрі жарасымды, бәрі де кешірімді болғаны ғой. Бұл хабарды естігенде қатты ашуланып, қапаланған. Ертеңіне таң атпай Бурныйға бет алған.
Бір қызығы милиция бастығының кабинетіне ешқандай кедергісіз-ақ өтті.
--Ястрев жолдас, басқаң басқа, мынауың дұрыс болмады. Саған керек мен болсам, келдім, бала-шағаны қазір шығар, - деп кабинетке кірісімен винтовканы столдың үстіне лақтырып жіберді.Қапелімде не болғанын түсінбей қалған милиция бастығы орнынан ұшып тұрып,есікке қарап: ‘’Ой, әкеңнің аузы... Қайдасың, кел мұнда!’’ деп айқай салды.
--Шығар мынаның бала-шағаларын.
--Ястрев, сен мынаны да естіп, анықтап ал.Мен қашқан жоқпын. Қашырған өзің. Бір-біріңді атқан да өздеріңсің.Жала жаппаңдар.
Өзіне-өзі енді ғана келген милиция бастығы стол үстінде жатқан винтовкаға қарай берді.
--Қорықпа атпаймын.
Улап, шулап милиция бастығының кабинетіне кірген туғандары да аңтарылып қалды.
--Сендер боссыңдар.Елге барыңдар, енді көрем бе, жоқ па бір Алла біледі.
--Алла емес, ОГПУ біледі. Сені тергейтін солар...
Сол кезде үн қатпастан орындыққа отыра кетіп еді-ау.Міне содан бері табаны күректей төрт ай өтіпті.Өмірден күдер де үзіп қойып еді. Енді міне үміт оты қайта жанғандай.
Кім білсін өмір деген өзен емес пе? Бірде толқынмен жағаға шығып қалса, бірде қайтадан шалқыған асау арнаның ортасына түсіп кетуі ықтимал. Амандық болса он жыл өтер де кетер. Қырықтағы қылшылдаған жігітке өмірді қайта бастаса да кеш емес. Басын көтеріп, кішкене тесіктен жылтыраған күн сәулесіне қарады. Ақ сәуле қапас қараңғылықты қақ жарып тұрды...
ІІ
Күн бе, түн бе бозамық тұманнан қай мезгіл екенін Сұлтанмұрат айыра алмады. Жанындағы жолдастары да меңдуана жеп басы айналған қойдай еш нәрсенің байыбына бара алмай дел-сал күйде. Азабы шексіз болғанын ұмыта қоймағанымен қанша күн, неше түн жолда жүргенінен жаңылысқаны қашан. Өзі Әулиеата абақтысынан шыққанда наурыз айы еді. Міне енді Магадан деген жерге жеткенде жаз күзге ұласқан. Содан бері пойызға да, арба мен кемеге де мінді, жаяу да жүрді. Енді міне Хабаровскіден кемемен Магаданға жеткенше бір айдай уақыт өтті. Шексіз теңіз бітіп, шетсіз орман басталды.
--Қатар түзіңдер, - деген жасауылдың қатқыл үні естілді. Қолдары мен аяқтарына салынған кісен дауысы айналаны қоңыраулатып жіберді.
--Самойлов!
--Мен.
--Смирнов!
--Мен.
--Ықтияров!
--Мен.
--Жолдашов!
--Мен.
--Айзенбах!
--Мен.
--Тілеуқабылов!
Өз фамилиясын естігенде Сұлтанмұрат селк ете қалды да, денесі дір етіп, бір адым алға аттады.
--Мен, - деп қарлыға жауап берді.
…
Өлгендерді есептен шығарып, аман-сау жеткендерді бірнеше рет түгендеп, түстеп болған соң, тастай қараңғы шіркеуге әкеліп қамады. Кеме ұрып тастаған ба, денесінің ұйып, ауыр тартқанын сезінді.Ұйқысы келді.
Ертеңіне бәрін тағы да сапқа тұрғызып, отрядқа бөлді.
--Ал енді сендер Колыма, Кула, Аян-юрех, Ясычная, Дебич өзендерінің бойынан алтын іздейсіңдер. Әркім еңбегіне, атап айтқанда, тапқан алтынына қарай өмір сүреді. Кім қанша алтын табады, сонша тамақ, киім тіпті темекіге дейін алады. Тағдырларың өз қолдарыңда. Ешкім бұл жерден қашып шыға алмайтындығын да ескертемін. Сендер, халық жауысыңдар, құндардың жоқ құзғынсыңдар! Арандатушылық жасаушылар, қашқындар мен арамтамақтар табанда атылады.
Сұлтанмұрат Әулиеата ОГПУ-інің түрмесі мен Магаданға жеткенше өткен бір жылдай уақытта орыс тілін әжептәуір игеріп алған. Сондықтан да мына қызыл жағалы бастықтың сөзін жақсы түсінді. Оның үстіне тап осы сөздерді бір жылдан бері естіп те келеді.
--Біздің айтқанымызға көнбеген, қылмыскерлер арасында бүлік шығармақ болған, немесе қашуға әрекет еткен, сондай халық жауларының бір тобы қазір сендердің алдарыңда жазаларын тартады, - деп қызыл жағалы бастық бұйрық бере бастады.
Жер кепеден аяқ-қолдары кісендеулі оншақты адам көтерілді.Кісендерін шешіп, жарқабақтың жағасына тұрғызды.Біразының басы салбырап,түсі қашқан.
Әрқайсысының жанына келіп үштіктің шешімін оқып, төс қалталарына бір тілім қағаздарды сүңгітіп жатты.
- -Дайындалыңдар!
Сап түзеп тұрған солдаттар мылтықтарын оқтап, халық жауларына қарай кезеніп тұра қалды. Осы кезде тұтқындардың бірі ‘’Мен құдай алдында адалмын!’’ деп бар даусымен айқайлап жіберді.Сол дауыспен бірге ‘’Атыңдар!’’ деген бұйрық та естілді.
Бұл көрініске сапта тұрғандар тіке қарай алмай жүзін бұрып әкетті.
--Байғұс поп болса керек. Қарашы, қолында кресі бар екен,- деп жанында тұрған орыс жігіті құлағына сыбырлады. Шынында да,жаңағы айқай салған сақалдының қолындағы крест күнге шағылысып, сәуле шашып жалтырайды. Сұлтанмұрат өзінің қалайша бетін сипап, дұға оқығанын байқамай да қалды.Онысын біреу көріп қойған жоқ па екен дегендей жан-жағына көз тастады. Жанындағы жаңағы орыс жігіті мырс етіп күліп жіберді. Оны сезбегендей Сұлтанмұрат түксиген қабағын ашпай төмен қарады.
Осы бір қабылдау рәсімінен кейін Колымаға алтын қазуға баратын топтарға қазан-ошақ, көрпе-жастық, күрек, қайла, елеуіш тағы да басқа керек-жарақтарын арқалатып жасауылмен айдай жөнелді.
Айлар бойы серік болған кісеннен айырылу денелерін жеңілдеткендей. Алайда алғаш екпіндей жүрген олар бірте-бірте аяқтарын ілби басып, әрең алға жылжиды. Оның үстіне аяқ асты былқ-былқ етіп жүргізбейді.
Үнсіздік. Айнала меңіреу. Сирек өскен орман ағаштарының бойы анау айтқан биік емес. Атқа мінген айдауылдар анда-санда ‘’Тезірек жүріңдер, қараңғы болмай баратын жерге жету керек! Жетпесеңдер өз сорларың өздеріңе ‘’ дейді. Ол қандай сор екенін ешкім анық білмесе де, жақсылық емес екенін жақсы түсінеді.
Бүгінгі күнге дейін маңдайының соры бес елі болып келе жатқаны осындай әпербақандардың кесірі. ‘’Тырнадан жасауыл қойсаң, басыңнан қиқу кетпес’’ деген рас.Абақтыға түскелі талай қиқуды естіп келеді. Бірақ араларында жүрегі жұмсақ жандар да баршылық. Ал кейбіреулері ‘’Қаз талтаңдайды деп, қарға да талтаңдайдының’’ керін келтіреді. Жарамсаққа жаны қас Сұлтанмұрат ондайлардың бетінен алып төсіне шабатыны бар. Басын көтеріп жанында келе жатқандардың жүзіне қарап еді, өз көзіне өзі сенбеді. Хабаровскіден Магаданға дейін бірге болған үлкен орыс жігіті өзіне жымия қарап келеді. Таңертең ғана оны басқа топқа жіберген болатын. Енді міне жанында келеді.
Сұлтанмұраттың таңғалғанын аңғармаған сыңай танытып:
--Мұндағылардың сөзін құлаққа ілмеген дұрыс, -деді не ойлап келе жатқанын дөп басқан ол.
--Сен қалай біздің топқа келіп қалдың?
--«Ана дәу қырғызбен бірге болғым келеді», деп сені көрсетіп едім.Олар көне кеткені. Себебі дала дүлейінің жанында Питердің дәуі жүргені дұрыс деп шешкен болар, - деген ол Сұлтанмұратқа күле қарады. –Күдіктенбей-ақ қой, мен «стукач» емеспін.
--Оны уақыт көрсетер. Менің жазам ауыр. Елге осыдан аман-есен оралам ба, оны бір Алланың өзі біледі. Саған тағы айтарым Алексей, мен қырғыз емес, қазақпын.
--Оның дұрыс шығар. Бірақ қазақ деген елді, халықты мен білмеймін. РСФСР-дің құрамында ондай ел жоқ емес пе.
--Оған кінәлі қазақтар емес. Қазақ деген халық жоқ болса мен кіммін сонда? Ғасырлар бойы біз қазақ болып өмір сүрдік, қазақ болып өлеміз.
Екеуі де үнсіз қалды. Алексейдің не ойлағаны белгісіз. Сұлтанмұрат көп нәрсе айтқысы келіп еді,бірақ тартынып қалды. Кім білсін бұл жігіттің ойында не бар екенін.
Қас қарайып, ымырт үйірілгенде ‘’халық жаулары’’ қалың орманның арасындағы баракқа келіп кірді. Тағы да мал санағандай түгендеп, қылмыскерлерді төрт-төрттен топқа бөліп, әр топқа тамақтарын өздері дайындауды міндеттеді. Байқайды мұндағы тәртіп басқаша. Барлық жұмыс түрмедегілердің күшімен атқарылады.
Ертеңіне бұларды алаугеуімде тұрғызды. Тағы да санады.
--Ал енді, мен сендердің қожаларың боламын, - деп қолында қамшысы бар, тәңкі танау орта жастағы капитан аяғын шірене басып,алға шықты.
--Бүгіннен бастап сендер төрт-төрттен бөлініп алтын іздейсіңдер. Әр топқа жер бөлініп беріледі. Тамақтарың, киімдерің сол тапқан алтындарыңа байланысты. Ал таба алмасаңдар тамақ берілмейді.Тағы айтарым, бір топ басқа топпен араласпайды. Егер сондай жағдай болғанын білсем концлагердің тәртібі бойынша алғаш он дүре соғылады, одан соң ол еселене береді. Ал мыналардың соққыларынан аман қалуларың екіталай, -деп жанында тұрған қара киімдіні көрсетті.
Осылайша ‘’халық жауы’’ ретінде сотталған Сұлтанмұрат Тілеуқабылұлының Колымадағы онжылдық жазасын өтеу мерзімі басталды. Сүреңсіз, бір-біріне ұқсас күндер мен түндер жалғасты. Питерлік Алексей Смирнов, дағыстандық Хаджы Салимов, балқаштық Иван Беликов арасында өзара түсіністік жібек жіптей ширатыла берді. Бірақ әрқайсы ой түкпірлерінде сенімсіздік пен сезіктілік барын білетін сияқты.
Алғашқы күндері жұмыс өте сылбыр жүрді. Алақандары ойылып, бастары айналды. Суға жуылған қиыршық арасынан алтынды қалай табу керек екенін үйретіп кеткеннен кейін бұлардың жанында жасауылдар да тұрмайтын болды. «Байқаңдар, кейде мұнда тас дегендерің жентектелген топырақ,топырақ дегендерің тас болып шығады, басып қалмасын. Әр екі күн сайын келіп, тексеріп тапқандарыңа қарай тамақ береміз», - деп кетті. Сондай күндердің бірінде Сұлтанмұрат кездейсоқ бір оқиғаға тап болды.
--Көмектесіңдер! Көмектесіңдер! – деген дауысқа төртеуі бірдей елеңдеп қалды.Далбалақтап, жүгіріп келе жатқан жалғыз кісіні көріп, аңтарылып тұрып қалды. Сәлден соң Сұлтанмұрат келе жатқан кісінің өздерінен бір шақырым жерде жұмыс істеп жатқан қырғыз жігіті Жолдашбек екенін таныды. Таныды да Сұлтанмұрат оған қарсы жүрді.
-- Не болды?
--Ойбай, аналарды тас басып қалды. Бір үлкен тастың астын үңгіген сайын алтынды көбірек табатындай ентелеп едік... ақыры тас домалап келіп, оларды басып қалды. Мен жалғыз өзім тасты көтере алмадым,-деген Жолдашбектің сөзінен мән-жайды түсінген Сұлтанмұрат артына бұрылмастан жүгіре жөнелді.
Біреуінің белінен төмен денесі тас астында қалса, екіншісінің басы ғана қылтияды, олар есінен танып қалған. Ал үшіншісін тас қара санынан басып қалыпты. Жанайқайға басып жатқан да осы. Қалғандарында үн жоқ. Тасты төрт-бес кісі де көтере алмасын тез болжаған Сұлтанмұрат тез арада қолына күрек алып, тасқа бастырылып қалғандардың астын үңги бастады. Қапелімде Сұлтанмұраттың не істеп жатқанын түсінбей қалған Жолдашбек аузын ашып қарап қалыпты.
--Не тұрыс, Қасен тамыр, күректі ал да мыналардың астын қаз. Сонда ғана мына байғұстарды шығарып аламыз.
Күректі қолына алған Жолдашбек:
--Мен Қасен емеспін. Одан соң тастың астын қазғаны несі?
--Оттама, қолыңа қалам ұстағаннан басқа ешнәрсенің парқына бармайды екенсің. Көп сөзді қой да қимылда.
Сұлтанмұраттың түксие қалған қабағынан қорыққан Жолдашбек бұл қимылды түсінбесе де бастырылып қалғандардың астын қаза бастады.
Тас басып қалған үшеудің біреуі мыжылып қалған болды.Қалған екеуі аяқтарынан айырылды. Мүгедектің концлагерде қажеттілігі шамалы.Кейінірек оларды атып тастапты деген әңгіме шықты.
Ал Жолдашбек пен Сұлтанмұрат дүреге жығылды. Айып белгілі – қандай жағдай болса да алтын іздеуші топтар бір-біріне араласпауы керек. Өмірі тәтті денесіне ащы қамшы тимеген Сұлтанмұрат ашу-ызадан жарыла жаздады. Неге дүрелейді, жазықты ма. Айыбы адам құтқарам дегені ме? Бұзау тіс қамшы жон арқасын осқылаған сайын, еркін тістеп, денесі жиырыла қалады. Қырғыз жігіті болса бар даусымен айқайлап жатыр.
--Сұлтан, сен дүреден емес, намыстан өлетін азамат екеніңді танығандаймын. Дегенмен де қамықпа. Одан да бойда қуат барда табатын алтынды көп тауып, қор жасауымыз керек. Яғни, қазір күн жылыда жұмыс істеп, тапқан алтындарымызды жинастырып, қыста шетінен өткізіп отыруымыз керек.
Алексейдің басу сөзі емес, ақылы құлаққа қонымды болды.Шынында да он жыл мына сыз сасыған жерде жан сақтап қалу мүмкін емес.Сондықтан да құнарлы тамақ ішіп, демалысты көбейту керек. Аярлықпен алысқа баруға болмайтынын түсінді.
Елу сегізбен сотталғандардың басым көпшілігі оқыған, тоқығандар. Олардың арасында күш көрсетушілер, біреуді-біреу мұқату шамалы.
Тырбиып-тырбиып өскен орман арасында өздері салған жалғыз аяқ жолмен Колыма өзенінің басына қарай өрлеген Алексей бастаған топтағылардың тағдыры да әр түрлі. Алексей Смирнов, өзінің айтуынша, Ленинградтың таңдаулы сәулетшісі. Ол «Германияның шпионы» деген жаламен сотталған. Өмірінде қаладан бір адым аттап шықпаған. Дағыстандық Хаджы Салимов ірі заводтың директоры болыпты. Неден екені белгісіз заводта өрт шыққан. Хаджы соны ұйымдастырушы ретінде сотталған. Балқаштық Иван Беликов мыс зауытының құрылысында комсомол комитетін басқарыпты. Жазығы – аштан қырылып жатқан қазақ ауылдарына тамақ апарып, оларды поселкеге әкеліп жұмысқа орналастырған. Арада көп уақыт өтпей құрылысшылар арасында шешек ауруы белең алған. Ал Иван сол ауруды таратушы деп табылған. Өрімдей жас. Жиырмадан жаңа ғана асқан. Бұлардың арасындағы жасы үлкені де, білімдісі де Алексей. Топырақ қыртысын жақсы білетін болған соң алтын шаятын жерді Алексей белгілейді. Сонымен бірге Алексей мен Сұлтанмұрат жер қазады да, тау жынысын Иван мен Хаджының алдына тастайды. Олар жуып, ішінен сары тасты іздейді. Жылдың қай мезгілінде де алтын шаю бір тоқтамайды. Анда-санда жұмыс ретімен алтын іздеушілер орын ауыстыратын сәттер де болады. Мұндайда Иван мен Хаджы жер қазуды ауырсынады. Ал әріптестері олардың үнемі қолын суға салуынан қорқады.
Алтын жылғаларын қуалай қазба жұмыстарын жүргізуде өз заңдылығы, реті бар. Кен қазбасына бай жылғаға тап болсаңыз бағыңыздың жанғаны. Сұлтанмұрат дүреленгеннен кейін алтын іздеушілер неге екені түсініксіз ерекше бір қарқынмен жұмыс істеді. Ақыры алтынды жылғаны тапқандай да болды. Кеше он грамнан аса сары тас тапса, бүгін де бір-екі түйір електе шөңіп қалды.
Күндер күндерге жалғасып өтіп жатты. Бір-біріне ұқсас болғанымен азабы мен жылт еткен қуанышы әр түрлі. Екі жыл бойы бірге жұмыс істеп, бауыр басып қалған Хаджыны белгісіз жаққа алып кетті. Иван Беликов сүзектен қайтыс болды. Олардың орнын басқалар басты. Уақыт өткен сайын бұл өлкеге бауыр басып, оның тұрғылықты халқын көру, олармен жасырын араласып, ауруға қарсы қолданылар халықтық емдерді де үйреніп алды.
Бұл өлкені эвен халқы мекендейді. Қызық халық, баладай аңғал, даласындай кең болғанымен, түкке тұрғысыз нәрсеге ренжіп, болмашы іске қуанады. Анда-санда Алексей екеуі кезек-кезек орман кезіп, айналаны барлап, танысатыны бар. Жаз айында Сұлтанмұрат екі аңшыға жолықты. Бір-бірінен қорқып, үрке қарағанымен, тілге келді. Олар орыс тіліне тіпті шорқақ болып шықты. Ұғысқаны олар аң аулап, соның терісін өткізіп, тұз, шай, кейде ұн, оқ-дәрі, мылтық алады екен. Күнделікті тіршіліктен бейхабар. Тіпті кейде аң терісін алып кеткендерді көрмей де қалады. Олар терілерін белгілі жерлерге жинап қойса, алушылар бұларсыз-ақ айырбас жасап кете береді. Ал ұрлаған, алданған жағдайда, ондайлар ұсталып қалса, сол жерде атып тастайтындығы да бар. Мұны естігенде Сұлтан ерекше таңғалды. Мұны олар былайша түсіндірді.
-- Біздің өміріміздің ұзақтығы дайындаған терімізге байланысты. Ал оны ұрлап кетсе, оның біздің өмірімізге қастандық жасағаны. Адам өміріне қастандық жасағаннан ауыр қылмыс жоқ. Сен бір адамды өлтірсең болашаққа балта шапқаның емес пе? Ондайларға аяу жоқ, - дейді қартаң тартқан эвендік.
Қартың мына сөзі оның денесін дір еткізді. Ойына сол бір сәт орала кетті.
… Аудандық милиция бастығы Ястревтен қашып құтылғаннан кейін атқа мініп, қолына қару алып, Сұлтанмұрат амалсыз колхоздастыруға қарсы көтерілгендердің қатарына қосылған. Бірігіп жатқан ауылдарды шауып, қораларын өртеп, малды босатып жіберіп жатты. Аз ғана топтың әлегі аудан асып, облысқа жетті. Шымкенттен жеткен милиционерлер олардың ізіне түсіп, ақыры Алатаудағы апандарына тықты.
Қуандық көк қасқасын ойнақтатып, жанына келді.
-- Ұштас, қашып құтылмасақ, қамақтан бірақ шығамыз,- деп бар дауысымен айқай салды.
-- Қайда қашамыз. Мыналар құтқара ма? Одан да апанға тығылсақ олар ішке кіре алмайды…
-- Онда қош бол, - деген Қуандық атын сабалап, жардан қарғып, Көксайдың ақкөбіктеніп жатқан суына күмп берді. Милиционерлер жабыла атқылады.
Сол жерде оларды өздерінен күштері басым милиция жеңіске жетті. Басшысы кім, қосшысы кім оны ешкім білмейді. Әйтереу қырғыз құдасы Қуандықтың жанында жүргені болмаса өзінің анау айтқан қылмысы жоқ екенін жақсы білетін. Алайда қолдарын байлап, өздерін атқа матаған кезде ғана мұның арты оңай болмайтынын іштей сезді. Оның үстіне аямай – ақ ұрды.
Беттерін қан жуған, атқа байланған бандиттерді алдарына салып, милиция жалғыз аяқ жолмен айдап келе жатты. Бірте-бірте олардың аралары алшақтана берді. Қалайда бұғаудан құтылуды ойлаған Сұлтанмұрат әлден соң аттың шабына екі аяғын да тығып жіберді. Әлсіреген ат мөңкуге де шамасы келмей бір орнында тұрды да қалды. Өзін айдап келе жатқан жап-жас милиционер жігіт атты ұра бастады.
-- Алдына түсіп өзің жетектемесең жүрмейді,-деді Сұлтанмұрат. Милиционер алға өтем деп өзімен қатарласқанда иығымен жасауылды қағып жіберді. Милиционер шыңға құлады да кетті. Құлап бара жатқан жігіттің көзіне көзі түсіп кетті. Жәудірей, мөлдірей қарап, өзіне қадалып қалыпты. Көзді ашып, жұмғанша Көксайдың асау ағысы оны ағызды да кетті. Іле байлаудан босанысымен Көксайдың жағасын жағалап ұзақ жүгірді. Бірақ милиционер жігітті таба алмады. Жас жігіт өлді ме, өлмеді ме оны бүгінгіге дейін білмейді. Бірақ «сен милиционерді өлтірдің» деп те ешкім айтпады. Ұзақ уақыт мөлдіреген жалынышты көз түсіне кіріп, жанын жегедей жегенін де ұмыта қойған жоқ. Мүмкін сол кезде мұның кім екенін білмеген болар. Бірақ сол көзқарасты ол өмір бойы ұмыта алмады.
Осы ойын бірде Алексейге айтқанда, ол жымиып:
-- Адам алдымен өзінің өмірі үшін күресетінін ұмытпа. Ол үшін азамат сондай істерге баратынындығы заңдылық. Сенің әрекетің жаңадан құрылған өкіметті түсінбеу және оны іштей қолдамаудан туса керек. Алысқа бармай-ақ Қазан төңкерісін еске алайықшы, - деді. – Басқаның бақыты үшін, өзгенің қуанышын ұрлауға болмайды. Мен соны ұқтым. Шынымды айтсам, кеңес өкіметі менің әулетіме қайғы әкелді.
-- Әрқайсысының әрекеті ертеңгі күнге артқан үміті мен арман-ниетін жүзеге асыруға ұмтылыстан туады. Оны да ұмытпаған жөн…
Кейде болатын осындай ой таласы, жүрек жарды әңгімелер бұл екеуін күннен-күнге жақындастырып, табыстыра түскен. Ойларына ерік беріп сонау балалық шақтың бал дәуреніне, есейіп ер жеткенде аралас-құралас жүрген орталары туралы әңгімелер айтылып, алыстағы туған жер топырағында аунап-қунағандай болатын. Мұндайда Алексей Ленинградтың ақ түнінен бастап, сансыз көпірлерін, сәулетті үйлерін, фонтандар мен алтын сарайлар туралы әңгімелегенде көкпенбек мөлдір көздері от шашып, ақсұр жүзіне қан ойнап шыға келетін. Бала кезден сол алтын сарайлардың жанынан “Мынаны Смирнов деген сәулетші салған” деп тамсана айтатын ғимарат салу арманы болды. Ақыры жоғары білім алып, еңбекке араласа бастағанда мынадай күй кешті.
--Шынымды айтсам, мен Питерден басқа қала бар деп ешқашанда ойламаппын. Неваның жағасындағы Питер қаласында менің әкемнің әкесі дүниеге келген. Петергофт фонтандарын салуға қатысқан. Әкемнің де артында із қалды. Ал менің ізім қайда?Мүмкін сүйегім де осы ит жеккен жерде қалар.
Ол іштей толқып, тебіреніп сөйлеген сайын екі көзін жиі-жиі жұмып, сол айтып отырған сұлу көріністерді көріп тұрғандай күй кешетін.
Алексей кейде саясатқа бой ұрып, қоғам туралы әңгімелейтін. Мұндайда әңгімелеп отырған тақырыбын Сұлтан түсінуі үшін асықпай, аптықпай мәселенің түйінін алыстан әкеп түйетін. Бірақ кейде айтар әңгімесін соңына дейін жеткізбей,басқа жаққа бұрып жіберетін. Мұндайда сезімтал жүрек,зерек ой Алексейдің айтпағын үнсіз ұғына қоятын.
Кейбір күндері Сұлтанға әңгіме айтқызуға құмарланып, көп сұрақтар қойып, миын ашытатын. Ол қазақ деген халық туралы, оның жері мен елін сұрайтын. Іштей бұл тақырып өзіне ұнап тұрса да Сұлтанмұрат тұйықтық мінезін танытып, досының сұрақтарына қысқа-қысқа жауап қайтарып,ұзақ әңгімеге пейіл бермейтін. Дегенмен де кейде жер жаннаты Жуалы туралы ой толғап, ата-бабалары туралы сөз еткенде Алексей сенімсіздік танытып:
--Бұратана халық атанған сіздерде мәдениет,тарих,тіпті қала болды дегенге сене қоймаймын, - десе, бірде, - батырлар туралы әңгімелейсің, сонда кіммен соғыстыңдар, - дейтін. Мұнысы Сұлтанмұратқа екі ұшты сұрақ болып көрінетін. Біріншіден, халқының тарихы мен мәдениетіне, жауға қарсы шабар айбарлы күштің бар екеніне сенімсіздік танытса, екіншіден, әріптесін ұзақ әңгіме құшағына тарту әдісі болып көрінетін.
Солай бола тұра мұндайда әңгімені ұзақтан бастап, Мәмбет бабасының Абылайханмен тізе қосып жоңғарға қарсы тұрғанын әңгімелеп, туған жер туралы толғап кететін.
Қайран туған жер!
Алатау мен Қаратаудың қойнауындағы ауылы туралы ойлағанда жүрегі құмша езіліп, сағыныш сазы тербеп, өмірге деген құштарлық, тозақты өмірін қуанышты сәттерге толтырады.
Жасауылдардың қорлығы мен зорлығын көрген сәтте өмірден күдер үзіп, айналасына алакөздене қарайтыны бар. Сұлтанмұрат ашудың қара айғырына мініп, сұрапыл күшін ауыздықтай алмай қалатыны да кездеседі. Мұндайда барактағылар Сұлтанмұраттың алдын кесіп өтпеуге тырысатын.
Артынша туған жер, ағайын-туыс, бала-шаға мен анасы есіне түссе қара сұр жүзі бал-бұл жайнап, жаны жай табады. Қазір де Алексейге туған жер, ауыл туралы әңгімелегенде көтеріңкі көңіл сәтінде болатын. Сондықтан да әңгімесінде асқақтық ырғақ, туған жерге деген махаббат толы болды. Туған жері Жуалы мен оның ұрпақтары туралы толғады.
Жуалы айдын көлді, ақ қайыңды жазық кең дала емес. Жуалы суы тартылған, қаңбақ жортқан шөлдала да емес. Жуалы – табиғаттың бар тамашасын өзіне жинаған берекелі мекен. Жуалы – асқақтаған Алатау мен Қаратаудың түйісіп, ажырасар қойнауында. Асу-асу белдері, қызғалдаққа толы қырқалары мен жоталары, сыңғырлай ағар кішігірім өзенді, жері май, желі майда. Мың-мыңбұлақ аққан сайы жуа мен сарымсаққа, рауғаш пен доланаға, шие мен бүлдіргенге толы қойнау.
Жуалы Ақсу-Жабағылындай биігімен, аққайнар бұлағымен белгілі. Алатаудан құлайтын қыздың қос бұрымындай Ақсай мен Көксай суы бұл далаға нәр береді. Батыстан шығысқа ағатын Теріс өзені Жуалының сәнқой, сылқым бойжеткені сияқты.
Жуалының жазы масасыз, қоңыр салқын. Қысы үскірік аяз бен ат құлағы көрінбейтін боранды. Сондықтан да Жиделі-Байсынды іздеген Асан қайғы бабамыз Жуалы туралы екі ұдай пікір айтыпты деген аңыз бар. Жаздың мамыражай күндерінің бірінде келген ол: “Әттең, желмаямның бөктеріне сыймайсың, болмаса бөктеріп-ақ әкететін жер жаннаты екенсің” десе, тағы бір келгенде Шақпақтың асуынан аса алмай бір жеті бойы Боранды бекетте жатып қалып, ашуланғаннан: “Жерің дөң, аспаның қайқы, боранға оранған жер екенсің” депті.
Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Баласағұн, Меркі, Тараз бен Отырар, Сайрам, Шаш қалаларының ортасында жатқан Жуалы жерін шығыстан батысқа, батыстан шығысқа жол тартқан керуен қиып өтпеуі мүмкін емес. Оның жағрапиялық және сәулетті орта ғасырлық қалалары Жібек жолы керуендерін әрқашанда өздеріне тартты.
Бұл берекелі қойнаудың тағы бір ерекшелігі қандай қуаңшылық, қандай ұзақ қыс болмасын Жуалыда жұт болған емес.
Сондықтан да Жуалыға көз тіккендер көп болған. Тіпті Шыңғысхан да осында шатырын тіккен деген сөз бар. Сыртқы ортаның әсерінен туған жерді қорғауда қазақ даласына белгілі батырлар да осында мекендеген.
Батырлар... Батырлар бұл өлкенің әрқашанда ауыз толтырып айтарлық мақтанышы болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында – жоңғарлықтар қазақ даласын атының табанының астына салып, халқын құл етпек болған сәтте қолына шашақты найза алып, жауына қасқайып тұрған хас батырлар – Байтана, Рысбек, Садыбай, Құлан, Сайлыбай қазақ жерін қорғаған. Ал өзінің бабалары бұл өлкені Қоқан хандығынан қорғауда ерліктің өшпес ізін қалдырды емес пе. Абылайханның серігі болған Мәмбет бабасын айтпағанда оның ұлы Байзақ та қазақ жерінің оңтүстік өлкелерін жаудан азат етуде өмірін құрбан етті. Қоқандықтар оны зеңбіректің оқтығына байлап атып жібергенін Алексейге тебірене отырып айтты. Осылайша Отан үшін ғана қудалау өмірге сия ма? Халқы оларды құрметтеп, жер аттарына есімдерін берген, ерлігін аңыз етіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Оған бір ғана қаңлыдан шыққан Құлан батырдың мекені болған, жауды Шақпақ асуынан асырмауда жанқиярлық ерлігі үшін Қаратаудың бір пұшпағын “Құлан” деп қоюы куә. Немесе елді егіншілікке үйретуде Байзақ бабаларының салған каналдары жүздеген шақырымдарға созылып, бүгін ел ырысы мен дәулетіне айналып отырғанын кім жоққа шығара алады.
Батырлар... Батырлар Жуалының табиғатынан нәр алған, сол жердің ұлы қасиеттерін бойына сіңірген. Олар Алатаудай асқақ, Қаратаудай қарапайым, халықшыл, дара. Бабасы Қабылбек болыс болысымен тасқынды, ағысы қатты Көксайдан канал тартып, бүкіл Жуалының жоғары жағын суландыруға үлес қосқан.
Атамекен тағдыры қашанда оның төл перзенттерін толғантқан. Бірақ заман мен уақыт табы Жуалының келбетін өзгертіп, оның ұлттық қасиетінен айырылуына әкеп соқтырды. Жоңғардан туған жерді қорғап қалғанымен, сыналап кірген патшалық орыс империясы бүкіл Жуалы жерінің атын өзгертті. Марьяновка, Андреевка, Габаевка, Касталевка, Столыпин, Петровка, Евгеньевка, Зыковка, Юрьевка, Алексеевка, Кантемировка, Успеновка,Некрасовка, Суворов, Владимировка ... осылайша жалғасып кете береді.Қазақтар тау-тасқа, құмға қарай ысырылды. Осы әділдік пе?! Бұл ойын да Алексейге жасырмай айтты. Әріптесінің туған жер мен өскен елі туралы әңгімесі Алексейді ерекше қызықтырғанымен, кейбір пікірлеріне реніш білдірді.
--Орыстан зәбір көрген жерің көп пе?
--Басқаны білмеймін, біздің Жуалыда орыстар көрсетпегенді көрсеткен. Мен барлық орыс халқына топырақ шашып отырғаным жоқ.
--Өзің ойлашы, алқымына дейін суда тұрып, суға зар болған қандай болады. Өз жеріңе өзің билік, иелік жүргізе алмасаң не болғаның. Сүйінішті өтіріктен, күйінішті шындық артық. Сондықтан да айтып отырмын.
--Шовинистік көзқарастары басымдар баршылық. Оны кезінде Ленин де айтқан. Мен бір ұлтты басқа ұлттан жоғары қою туралы айтып отырмын. Мынау масқара екен.
Алексей басын ұстап отырып қалды. Бірақ бір нәрсені ол анық түсінді. Мына дәу қазақтың ой түкпірінде кеңес өкіметіне деген өшпенділігі тұнып тұр. Оны ұрлық жолына түсірген де осы өшпенділік болса керек.
Алексей мен Сұлтанмұраттың әңгімесі үнемі жеке өтетін. Сондықтан көп сәтте пікір ашық айтылады да, ол қайта көтерілмейтін.
--Көңіліңе келмесін. Дегенмен де Жуалыда болған мына бір оқиғаны айта кетейін. Осыдан алпыс-жетпіс жыл бұрын орыстар алғаш рет Жуалыға қоныстанғанда, Теріс өзенінің жағасындағы құнарлы жерлерді тартып алып, қазақтардың аз ғана суармалы егіс алқаптарын өздері иемденеді. Әділдік таба алмаған соң сорлы қазақтар кек қайтарамыз деп орыстар еккен егістікті таптап, жыл сайын орасан зиян келтіре беріпті. Күндердің күнінде орыстар бас көтеріп, ұйымдастырушы жігітті жазалауға беруді сұрайды. “Бермесеңдер бәріңді қырамыз” деп мылтықтарын шошаңдатыпты. Күш кімде болса әділдік сол жақта бола беретін кездер жиі кездеспей ме? “Сейталыны тауып бергенше малдарыңның бәрін біз барымталаймыз. Әр күн сайын бір-бір қойдан, он күн сайын бір сиырдан сойып жей береміз” деп ауылдың маңындағы бүкіл малды айдап әкетіпті.
Ауыл ақсақалдары ары ақылдасып, бері ақылдасып жиырма бес жасар Сейталыны ұстап беруге уәделеседі. Қинап, ұрып-соғып қайтарар деген олар: “Баланы қолымызбен ұстап бермейміз, бірақ қайда тығылып жатқанын білдірейік” дейді.
Ұрада жатқан Сейталыны көрген мұжықтар мен байлар ешқандай сөзге келместен ұраның төбесін құлатып ішіне түсіреді де, үстін топырақпен жаба бастады. “Не болар екен?” деп қарап тұрған мынандай жауыздықты күтпеген қазақтар толқып көтеріледі, сойылдарын сүйретіп әкелгендерге мылтық атып, доқ көрсеткен.
“Құтқарыңдар!” деген дауыс айналаны жаңғыртып ұзақ тұрыпты. Дәрменсіз қазақтар кейін малын да қайыра алмаған, Мал мен жаннан айырылған аз ауыл, орыстарға ешқандай күш көрсете алмағанына налып, бір түнде көшіп кеткен. Осылайша капуста дауын даулаған орыстар қазақ ауылының малын, жанын одан кейін барлық жерін алған. Бұған не дейсің?
Мына оқиғаға жаны күйген Алексей әлден соң басын көтеріп, Сұлтанмұратқа күтпеген тілек айтты.
--Сұлтан, мына қорлыққа шыдап, аман шықсақ, мен еліңді, жеріңді көргім келеді...
Жылдар жылжып өте берді. Азапты күндер жалғаса түсті. Қайратты жүрек тас жарады. Өмірге құштарлық өлімді де, азапты да жеңеді. Әр күннен үміт күткен абақтыдағылар күнделікті өмір көріністеріне еті үйреніп, өлместің күнін көріп жатты. Уақыт өткен сайын отыз екінші жылы Колымаға келгендер қатары сиреп, тоң басқан Сібірдің топырағын томпайтып өмірмен қоштасып, мына азапты күндерден құтылған. Олардың орындарын жаңа “халық жаулары” басып жатты. Жаңа таныстар Сұлтанмұраттың өмірге деген көзқарасын өзгертіп есейте түскен.
... Дауылдатып жаңбыр жауды. Айнала түнеріп, қараңғылық басқан.
--Сен барып, кешегі эвендер әкеліп берген бұғының етін пісіре бер, - деп жанындағы жаңадан қосылған майорды жертөлеге жұмсаған Сұлтан жаңбырдан күш алғандай маңдайдан аққан терді сүртіп тастап, қиыршықты елеуішке еселеп тастап жатыр.
--“Боранды күні ит құтырады” демекші, немене сен бастырмалатып, біз үлгермей жатырмыз, - деген Алексейдің ренішіне қарамастан күрегіне сүңгілей түсті. Бір кезде күректі көтере беріп, балшықтың үстіне отыра кетті.
--Сұлтан, саған не болды?
Үн жоқ. Ымдап қана күректі көрсетті.
--Не күрек бір жеріңе тиіп кетті ме?
Жауап берместен орнынан тұрып күректің қалағын тазалай бастады. Алексей де, капитан да әлденені сезгендей күректің қалақшасына тесіле қалыпты.
--Алтын.
Сұлтанның даусы жай ғана дірілдей шықты. Қолында қос жұдырықтай жұмыр тас.
--Аруақ! Алтын! Мынаның бәрі алтын!
Сұлтанмұраттың айқайы қатты шықты. Желдете жауған жаңбыр қолындағы тасты тазалап, қиыршықты шайып жіберді. Бәрі жапа-тармағай Сұлтанның қолындағы сары тасқа қол созды.
--Мынауың кем дегенде үш-төрт кило.
--Көрер күніміз, атырар таңымыз бар екен.
Қуанышты сөздер бірінен соң бірі айтылып, құдайларына алғыстарын жаудырып жатты.
Әлден соң бәрі жым-жырт бола қалды.
--Ал енді мұны кім өткізеді? Талап бойынша біреуіміз ғана өткізуіміз керек. Бұл алтынмен еркіндікке шығуға болады. Алексейдің мына сөзі бәрін ойландырып тастады. Тағы үнсіздік.
--Шешілмейтін түйін жоқ. Соңғы сөзді Сұлтанның өзі айтсын. Алтынды тапқан да, иесі де сол.
Сұлтанмұрат жолдастарына таңдана қарады.
--Сендер не деп тұрсыңдар?! Мені кім деп едіңдер?! Жарты жолда сендерді тастап кете алам ба? Бұл алтын бәріміздікі. Анда-санда осыдан кертіп беріп отыра береміз. Енді жұмыс істемесек те болады.
Бұл олжа “халық жауларына” береке әкелді. Тамақ та мол, киім де көп болды. Тек тексеруші келер алдында ғана жер шұқылайды. Осылайша үш-төрт ай өтті. Осындай күндері қаншаға созылатынын кім білген, егер аса тосын оқиға болмағанда.
1941 жылдың шілде айының ішінде барлық еріксіз алтын іздеушілерді орталық базаға жинады. Ортаға сары жағалы еңгезердей әскери адам шықты. “Генерал... генерал келіпті’’ деген сыбырлаған сөздер естіліп жатты.
--Мен концлагерьдің бастығымын! Тоқ етерін айтқанда... соғыс! Отанымыз екі айдан бері Германиямен соғысып жатыр. Сталин жолдастың жарлығымен сендердің араларыңнан да майданға адамдар алынады. Офицерлердің қылмысты істері қайта қаралуы мүмкін. Сонымен бірге айыпкерлер батальондарына да өз еріктерімен баратындар армияға алынуы ықтимал.
Концлагерьдегілер толқып кетті.
--Көрсетеміз немістерге!
--Барамыз соғысқа!
--Отан қорғап өлген артық!
--Сталин жолдас жасасын! – деген сөздер де естіліп жатты.
--Тынышталыңдар! Енді біз соғыс жағдайында жұмыс істейміз. Отанға көп алтын керек. Тәртіп қаталданып,күшейтіледі. Осыған орай жаза да ауыр болады. Ендігі жерде қылмыс жасап, тәртіп бұзушылар әскери трибуналмен сотталады немесе табан астында атылады. Ешқайсысың майданға барам деп арызданбай-ақ қойыңдар. Қажеттеріңді өзіміз шақырып аламыз.
Ел басына тағы да бір кесапаттың келгенін сезді. Көптеген туыстары мен туғандары майданға аттанып, қайтпай қалатынын да түсінді. Амантай мен Қамбар, Ескендір мен Әкпархан майданға кетіп, қайта оралмауы мүмкін ғой. Оларды мәңгі көрмей қалса не болғаны. Жүрегі сыздап, көкірегі қарс айырылды.
--Сендердің Отан алдындағы адал ниеттерің, парыздарың берген алтындарыңа байланысты екенін де еске саламын, - деген концлагерь басшысы әр барактың басшысы мен жасауылдарын алып қалып, қалғандарына жұмысқа бара беруге рұқсат етті.
--Байқадың ба, Алексей, біз Отанымызға әлі қажет екенбіз. “Ауыл иттері ала болса да бөріні көріп басын қосады’’ деген осы да.
--Біледі де, біздің халық жауы емес екенімізді.
--Сендер қалай қарайсыңдар, Отан басына күн туғанда алтынды құшақтап жатқанымыз қалай болар екен.
--Оған сөз бар ма. Бергеніміз дұрыс болар.
--Бәріміз күні ертең тауып алғандай апарып берейік.
Үш жарым килограмм саф, құйма алтынды генералдың өзі алуға келді.
--Мынау бір тамаша болды ғой. Мұны Берия жолдастың өзіне жіберемін. Ал сендерге Отан атынан алғыс айтамын. Мүмкін жазаларың жеңілдер, - деп, генерал құйма алтынды аялап, сылап-сипап, жанындағы нөкерлерімен бірге алып кетті.
Бірақ одан ешкімнің жазасы жеңілдеп, жұмысы оңай болған жоқ. “Сталин үшін! Отан үшін! Майдан үшін!” деген ұранмен 14-15 сағат жұмыс істейтін болды. Қит еткенді ату, дүрелеу көбейді. Алтын іздейтіндер қатары күннен-күнге өсті. Соғысқа тек әскерилер алынды. Ал олардың орнын өнер адамдары мен ғалымдар басты...
1942 жылдың қазан айында Сұлтанмұраттың он жылдық жазасы өтелді.
--Азамат Тілеуқабылов, сен бүгіннен бастап боссың. Жазаңды өтедің. Жинал. Бірақ бір нәрсені саған айтпасқа болмайды. Қазір үлкен жермен қатынас жоқ. Сонау Владивостокқа жету үшін кем дегенде төрт ай күтесің. Сондықтан да саған әлі осында қалып, бронь алып, еңбек армиясында жұмыс істеуге тура келеді. Мүмкін соғыс біткенше лагерьден босағандар осында еңбек етеді. Себебі бұл жаққа сендер сияқтыларды жеткізу қиын болып тұр.
Абақты бастығының мына сөзі алабұртқан көңілін су сепкендей басты. Бірақ амал қанша.
Сол күні қолына қағазын алып, Магаданға келді.
--Ал енді осында еңбек етесің, жиналған алтынды қарауылдап, американдық достарға өткіземіз. Сен жүк көтерушілерді басқарасың, - деген әскери адам, өзіне тағы да анықтап көз тастап, - байқаймын жақсылап еңбек етіпсің, бойыңда әлі қуат бар, соған қарағанда тамағың тоқ болған...
Осылайша Магадандағы өмірінің екінші кезеңі басталды. Мұның да абақтыдағы өмірден артықшылығы шамалы еді. Соғыс біткеннен кейін Колымада қалған досы Алексейді күтіп айлар бойы Магаданда тағы жұмыс істеді. Жолға жетерлік қаржы жинады. Ақыры досымен қайта қауышты.
Достарыңызбен бөлісу: |