Мен - советтік азамат
Мақтанамын, мен – советтік азамат,
Мақтанамын менде ерік, менде бақ.
Ұлы өмірдің мен де ұлының бірімін,
Құр дандайсу, кеуде қағу маған жат.
Қарапайым баласымын қазақтың,
Кеше бәрін көрген ауыр азаптың.
Ту көтерген мемлекет ел болдық,
Ұлы Октярь тудырған соң азат күн.
Ауыр заман, таршылықта күн өткен,
Қараңғылық тұншықтырып жүдеткен.
Қолын беріп ұлы орыс ағамыз,
Бізді бастап алып шыққан түнектен.
Бір ғасырды сөйтіп бірақ аттағам,
Бақыт таптым ата-бабам таппаған,
Жолым даңғыл – Ленин туы қолымда,
Мен советтік азаматпын – мақтанам!
Біз өмірдің өттік талай кезеңін,
Алда да әлі кезеңдер бар сеземін.
Біз жеңбейтін қиындық жоқ, қамал жоқ,
Дұшпандардың өртейтін сол өзегін.
Ұлы өмірге еркін басып келемін,
Мол күшіме, оң ісіме сенемін.
Бейбітшілік, адал еңбек, достыққа,
Арналады әнім, күйім, өлеңім.
Қанқұмарлар құрал етсе өлімді,
Біз жырлаймыз ұран етіп өмірді.
«Өлім», - дейді күдер үзген өмірден,
«Өмір!», - дейді кім өзіне сенімді.
Сенімдімін, бақыттымын – көңіл шат,
Сол бақытқа құмар бүкіл адамзат.
Досқа сену, жауды жеңу – салтымыз,
Мақтанамын, мен – советтік азамат!
«Қазақстан мұғалімі», № 18, 1 мамыр 1955 жыл
***
Достарыңызбен бөлісу: |