Тақырыбы: Күйіктер және үсіктер
Сабақтың мақсаты: Студенттерге күйіктер мен үсіктердің дәрежелерін ажырату және емдеу әдістерін үйрету.
Жабдықтау. Күйігі және үсігі бар малдар, тақырыпқа сәйкес суреттер, скальпельдер, хирургиялық және Кохер пинцеттері, қайшылар, инеұстағыштар, инесімен шприцтер, жібек жіптер, мақта, дәкелер, йодталған спирт, йод тұнығы, 1% новокаин ерітіндісі, 0,5% мүсәтір спирт ерітіндісі, этакридин лактат 1:1000, 5% калий перманганат ерітіндісі, спирт ректификат, стрептоцид ұнтағы, Вишневский эмульсиясы, 5% ас сода ерітіндісі, 1% сірке қышқылы ерітіндісі.
1 – ТАПСЫРМА. Термиялық күйіктерді анықтау және емдеу әдістерін игеру.
Тапсырманы орындау тәсілі
Суреттерді, дәрістерді пайдаланып күйіктердің белгілерін зерттеңдер, сонан соң сол белгілерді малдан анықтаңдар. Ауырсыну, ісіну, қызару, жүннің күйгені болса, ол күйіктің бір дәрежесіне сай болады. Күйіктің 2 дәрежесінде ірі малдарда сәл ісіну білінеді, ауырсынуы болады, кейде ұсақ болып тері бетінде пайда болады. Ұсақ малдарда терінің күлдіреуі айқын білінеді. Күйіктің 3 дәрежесінде көлемді ісіну, ойылымдар пайда болып, панцирь тәрізді қатайып некрозға айналады. 4 дәрежесінде күйіктің тереңдігі сүйекке дейін жетеді. Малды зерттеп осы белгілері мен күйіктің дәрежелерін, көлемін анықтаңдар.
Емі. Мұнда жан-жақты ем қолданылады.
Жалпы емі – новокаин тежеулерін қолданады, қан тамыры арқылы глюкоза, 4 % ас содасының ерітіндісін, қан алмастыру, Плахотиннің камфорлы сары суын жібереді, антибиотиктермен емдейді.
Жергілікті емі. Күйіктің 1-2 дәрежелерінде оның айналасындағы жүнін қырқып, күйіктің бетін және төңірегіндегі терісін спиртпен сүртіп, өліеттен тазалаңдар, 5% калий перманганат ерітіндісімен өңдеңдер. Күйіктің 3 дәрежесінде өлі еттер көп болған жағдайларда алдын ала жансыздандырып, некротомия операциясын жасайды. Жараның қанын тоқтатып ұнтақ сеуіп тігіңдер. Көлемі терең күйіктерде 10-20% салицил майын қолданыңдар, қыздырып емдеңдер. Күйіктер өлі еттен тазара келе Вишневский эмульсиясын, Коньков майын, ұлпа препараттарын қолданыңдар. Күйіктің орны көп тыртықтанбау үшін тері аутотрансплантация жасаңдар.
– ТАПСЫРМА. Қышқылдар мен сілтілер күйіктерін анықтау және емдеу әдістерін игеру.
Ауру малдың анамнезін жинап күйіктердің немен қалай пайда болғанын анықтаңдар. Бұдан кейін малдың терісінің бүтіндігін зерттеңдер. Қышқылдардың әсерімен пайда болған күйікте беткейлі түрін анықтайсыңдар, беті құрғақ, ауырсынуы болады, ал сілтілерден пайда болған күйіктер тереңге кетеді, беті дымқылданып, өліеттеніп, сұрғылт түсті болады.
Емі. Күйген жерді мейілінше суық сумен жуыңдар, қышқылдардың күйігінде 5-10% ас содасының ерітіндісін, ал сілтілерден болған күйіктерде
1% сірке ерітіндісін қолданады
– ТАПСЫРМА. Үсіктің белгілерімен танысып емін игеру.
Тапсырманы орындау тәсілі
Үсіктің белгілеріне көңіл аударып дәрежелерін анықтаңдар. Реакцияға дейінгі кезеңдегі үсіктерде тері бозарып, тығыздалады ұстап көргенде суық болады, сезімталы төмендейді. Үсіктің дәрежелеріне сай белгілері малды жылы жерге әкелгеннен кейін біліне бастайды. Үсіктің бірінші дәрежесінде сол жердің сәл ісінгенін, ауырсынғанын анықтаңдар, екінші дәрежесінде – ісіну жақсы байқалады, іші қызарған сұйықтыққа толған күлдіреу пайда болады. Үшінші дәрежеде жан жаққа жайылған сұйық ісіну, қызара-көгеру, сезімталының жайылуы және дымқыл өліеттену белгілерін анықтаңдар.
Емі – реакцияға дейінгі кезеңде жылы ванна қолданып, Соллюкс шамымен қыздырыңдар, уқалаңдар. Реакция кезінде үсіктің бірінші дәрежесінде камфорлы спиртпен, 0,5-1% пиоктаниннің спирт ерітіндісімен сүртіп, уқалап Соллюкс шамымен қыздырып, қымтап жылытыңдар. Екінші дәрежесінде камфорлы спиртпен үсіктің бетін өңдеп күлдіреген терінің бетін жарып пиоктаниннің 2% ерітіндісімен ультра көкшіл сәулесімен сәулеттіріп Вишневский эмульсиясын, стрептомицин, биомицин май дәрілерін қолданып дәкемен таңып емдеңдер.
Көлемді өліеттенуде некроэктомия операциясын, кей жағдайда мүшелерге ампутация жасап емдейді. Операцияны асептика және антисептика ережелерін сақтап жалпы немесе жергілікті жансыздандыруды қолданып жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |