Бақылау сұрақтары:
Үсіктің реакцияға дейінгі кезеңінің белгілері қандай?
1,2,3 дәрежелі күйіктерді қандай белгілерімен ажыратады?
Күйіктің кешенді емдеу әдістері.
Үсіктің реакцияға дейінгі кезеңін емдеу принциптері қандай?
Реакция кезеңіндегі әр түрлі дәрежелі үсіктердің емі қандай?
№ 6 зертханалық сабақ
Тақырыбы: Дерматиттер. Терінің іріңді аурулары. Емдеу әдістері.
Сабақтың мақсаты: Студенттерге экзема және дерматиттерді анықтау, емдеу әдістерін үйрету.
Жабдықтау. Тақырыпқа сәйкес малдар, суреттер, Жанэ шприці, қан алатын ине, йодталған спирт, йод тұнығы, 10-20% натрий тиосульфат, 10% натрий бромид, 10% хлорлы кальций, 0,5% новокаин, 2% хлорамин және басқа антисептикалық ерітінділері, ұнтақтар.
1 – ТАПСЫРМА. Экземаны анықтау және емдеу әдістерін игеру.
Тапсырманы орындау тәсілі
Малдың сыртқы жабынын зерттеп, экземаның белгілері болса, оның даму сатысына қарай айырып диагнозын қойыңдар. Экземаның алғашқы сатысында эритема болатын белгілері – қызару, жергілікті қызуының көтерілуі, қышынуы, келесі сатысында – папула – тығыз қызыл түсті бүртіктер пайда болады, қышынуы сақталады. Везикула сатысында іші сары суға толған күлдіреулер пайда болады, ол іріңді күлдіреулер болған жағдайда оны пустула сатысы дейді. Күлдіреулер жарылып суланғанда экзема суланған түріне айналады. Осы сатыларына қарай ем қолданылады.
Жалпы емі. Мұнда кейбір дәрілер қан тамыры арқылы жіберіледі, сондықтан ірі малдардың, қойлардың күре тамыры, ал иттерде сафен венасының аумақтарын өңдеп, дайындап, төменгі дәрілердің біреуін жіберіңдер; 10-20% тиосульфат натрий, ерітіндісін ірі малдарға 10-20 мл мөлшерімен бастап 15-20 рет егіп 150 мл дейінге жеткізіңдер. 10% бромидтің натриі, 10% хлоридтің кальциі аралас ерітіндісі ірі малдарға 5 күн ішінде, күніне 100-150 мл жіберіп емдеңдер; 0,25-0,5% новокаин ерітіндісін ұсақ малдарға 1-2 мл-ден бастап 10 мл-ге дейін жеткізіңдер, ал ірі малдарға 100-150 мл бастап күн сайын 10 мл қосып отырыңдар.
Жергілікті емі. Экземаның «судан қорқатыны» есте болсын, сондықтан оның бетін аз ғана сулап нейтралды сабын қолданып тазартыңдар. Содан кейін айналасындағы жүнін қырқып тампонмен тазартып йодталған спиртпен өңдеңдер. Экземаға айналдыра антибиотик қосып қысқа новокаин тежеуін жасаңдар, оның бетін, төңірегін 2% генцианвиолеттің спирт еітіндісімен немесе жасыл бриллиантпен сүртіңдер. Осымен қатар бактерияларға қарсы, қабынуға қарсы, кератометикалық, кератопластикалық және басқа дәрілер қолданылады.
2 – ТАПСЫРМА. Дерматиттің түрін анықтап, емдеу әдістерін игеру.
Тапсырманы орындау тәсілі
Дерматиттерде экземадағыдай терінің беті күлдіремейді, сондықтан осы аурудың өзіне тән белгілерін зерттеңдер. Жарақаттан және дәрілердің әсерінен пайда болған дерматиттерде терінің бетіндегі жүннің сыдырылуы, ісінуі, ауырсынуы байқалады. Іріңді және жара айналасындағы дерматиттерде терінің жидіуін /былжырауы/, онда іріңді процесстер болуын, терінің эрозиясын, экссудаттардың кеуіп қабыршықтанғанын анықтайды. Аяқтардың бақай аумақтарында терінің бетінде сүйелдер өсіп сүйелденген дерматит пайда болуы мүмкін.
Емі. Асептикалық жарақат дерматиттерде асептикалық қабынуды емдеу принциптерін қолданады. Бақай аумағындағы іріңді дерматиттерде 2% хлорамин немесе 0,5% калий перманганат ерітінділері мен аяқтарына ванна жасайды, зақымдалған жері өлі еттерден тазартып айналасындағы терісін йодталған спиртпен өңдейді, ұнтақ қолданады. Кейіннен синтомицин эмульсиясын, Вишневский майын пайдаланады. Басқа жерлердегі дерматиттерде де осындай ем қолданылады, байлап таңып емдейді. Дәріден пайда болған және жара айналасындағы дерматиттерде алғашқыда себептерін жою қажет, содан кейін жоғарғы айтылғандай тазартып, өңдеп ультракөкшіл сәуле, Соллюкс шамын қолданады. Сүйелденген дерматитті оперативті жолмен емдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |