Тақырыбы: Соғылулар, гематомалар, лимфоэкстравазаттар, қысылулар, созылулар, үзілулер, шайқалулар
Сабақтың мақсаты: Студенттерге гематома және лимфоэкстравазатты анықтау, емдеу әдістерін үйрету.
Жабдықтау. Тақырыпқа сәйкес ауру малдар, суреттер, 20 мл шприцтер инъекциялық және қан алатын инелер, скальпель, пинцет, йодинол, формалиннің 0,25% спирт ерітіндісі, антисептикалық ерітінділер, тампондар, дәкелер.
1 – ТАПСЫРМА. Гематоманы анықтау және емдеу әдістерін игеру.
Тапсырманы орындау тәсілі
Суреттерді пайдаланып гематоманың белгілерін еске түсіріңдер, сонан соң малдан оның белгілерін анықтаңдар. Олар – домбығу, қызару, ауырсыну, жергілікті қызуының көтерілуі.
Бұрын пайда болған гематомаларда ауырсыну, жергілікті қызуы, қызаруы болмайды, домбығуы тығыздалып қатаяды, қысып көргенде шықырлаған дыбыс білінеді /крепитация/.
Осындай клиникалық белгілер абсцесстерде, жарықтарда, флегмоналарда, ісіктерде болады, сондықтан гематоманы осы аурулардан пункция жасап /тесіп/ ажыратыңдар. Тескенде иненің өзегінен қан немесе қанның сары суы шықса, басып көргенде шықырлап тұрса зерттелінген патологиялық процесске гематома деп диагноз қоямыз.
Емі. Асептикалық қабыну процесстерді емдеу принциптерін осында толық пайдаланыңдар. Көлемді, ұзаққа созылған гематомаларды операция жасап жарып емдеңдер. Мұнда гематоманың қуысын ұйыған қаннан ақырындап босатып, ішін антисептикалық ерітінділермен жуып шайыңдар, келешекте жараны емдеу принциптерін қолданыңдар.
2 – ТАПСЫРМА. Лимфоэкстравазатты анықтау және емдеу әдістерін игеру.
Тапсырманы орындау тәсілі
Ауру малдан лимфоэкстравазаттың клиникалық белгілерімен танысыңдар, төменгі ерекшеліктеріне көңіл аударыңдар – төменгі жағы ішіндегі сұйықтықтың салмағы мен салбырап тұрған домбығу, ундуляция /сұйықтықтың қуыс ішінде қозғалуы/, қабыну белгілерінің болмауы.
Мұнда жергілікті қызуы, қызаруы, ауырсыну белгілері болмайды. Ауруды анықтау ретінде анамнезден қосымша домбығудың қаншалықты тез пайда болғанын сұрай біліңдер. Лимфоэкстравазат соғылудан 4-5 күннен кейін пайда болады, осыны ескеріңдер. Анықталған белгілерді басқа аурулардың белгілерімен салыстырып абсцесстерден, флегмоналардан, гематомалардан пункция жасап ажыратыңдар.
Емі. Операциялық алаңды дайындап домбығудың астыңғы жағынан бағыттап қан алатын инемен тесіп ішіндегі сұйықтықты шприцпен сорып алыңдар, сол ине арқылы йодинол, формалиннің 0,25% спирт ерітіндісін қуысқа жіберіп, таңып байлаңдар. Мұндай ем нәтижесіз болса онда операция жасап жарып, кейіннен жараны емдегендей емдеңдер.
Бақылау сұрақтары:
Гематомаға диагноз қалай қойылады?
Қандай клиникалық белгілері мен лимфоэкстравазатқа диагноз қойылады?
Гематома мен лимфоэкстравазатты қандай аурулардан ажырату керек?