-ық, -ік, -к, -қ, -ақ, -ек, жұрнақтары қазақ, қарақалпақ тілдерінде, -ық, -к қырғыз, ик, -уқ, -қ, -к, өзбек ұйғыр, -ақ, -ек, -к түрікмен тілдерінде етістіктің түбіріне қосылып, сын есім жасайды. Мысалдар: қартайдық, қайғы, ойладық ұйқы сергек, Ашуың — ашыған у, ойын кермек (қаз.); Тал- чыбықтай солкулдок кези (қырғ.); Ул очиқ эчикга куз тошади (өзб.); Муғаллымлар жайының ачық айнасындан мектеп мудири Ефрем Василивичиң келеси гөрунди (түрікм.).
-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтары қазақ пен қарақалпақ, -ма, -өзбек, -ма, -мə, ұйғыр тілдерінде етістіктерден сын есім жасауға қатынасады.
Мысалдар: бояма (мінез), қынама (бел), қаратпа (сөз), жайылма (сойсем), көшпе (құм) — қазақ; бұяма (соч), ясама (тиш), қайнатма (шурва), агдарма (əтик) — қырғыз, асма (көрүк), тоқума (фабрика), бойима (паран), пуклима (мултиқ) — ұйғыр т.б.
-шақ, -шек жұрнақтары қазақ, қарақалпақ, қырғыз (чоқ, чақ, чиқ, чик), өзбек (чақ, чеқ, чуқ, чүк), ұйғыр тілдерінде етістіктерге косылып сын есімдер жасайды. Мысалдар: жасқаншақ, еріншек, ұрыншақ, түртіншек — қазақ, ясанчук, уялчак, кизганчуқ, көнулчəқ, еринчəқ — ұйғыр.
-қақ, -кек, -ғақ, -ғек жұрнақтары қазақ, қарақалпақ, -қоқ, -ғөқ — өзбек, -ғақ, -гəк, -қəқ, -кəк —ұйғыр, -гак, -гек — түрікмен тілдерінде сын есім тудыратын жарнақтар болып есептеледі.
-у жұрнағы — қазақ, қарақалпақ, -ув түрікмен тілдерінде кейбір етістіктерге жалғанып сын есімдер жасайды. Ал басқа тілдерде -у жұрнағының орнына басқа жұрнақтар қолданалады. Сондықтан -у жұрнағы өзбек, ұйғыр, түрікмен тілдері үшін қазақ, қарақалпақ тілдеріндегі сияқты емес.
Өзбек тілінде оқу — уқимоқ арқылы беріледі де, оның сын есім тудыратын жұрнағы -иш —болып келеді: уқиш.
Түрікмен тілінде оқу — окамак болып айтылса да, окув китабы деп жазылады [3; 80].
-лас, -лес, -дас, -дес, -тас, -тес жұрнақтары қазақ тілінде, -лас, -лес қарақалпақ, -лаш, -даш, -деш қырғыз тілдерінде есім сөздерге қосылып, олардың бірдей, тең мағынада екендігін білдіреді.
-дай, -дей, -тай, -тей жұрнағы қазақ, қарақалпақ тілдерінде, -дай, -дей, -тай, -тей, -той, -дой, -дөй, -дей қырғыз тілдерінде есім сөздерге қосылып, салыстыру, ұқсату мағынасын білдіретін сын есім жасайды.
-шаң, -шең жұрнақтары қазақ, қарақалпақ тілдерінде -чанг, өзбек тілінде зат есімдерге қосылып, сын есім жасайды. Бірақ өзбек тілінде бұл жұрнақтың өрісі қазақ тіліндегідей кең емес, тек қана санаулы сөздерге қосылады.
-ки, -қи, -аки, -и жұрнақтары қосылып, есімдерден туынды сын есім жасайды: пистаки, тушаки, қалбаки т.б. Сол сияқты түрікмен тілінде де -қы, -ки жұрнақтарының жəрдемімен туынды сын есім жасала береді: гайрақы, илерки т. б.
Қазақ тілінде -қой, -ғой жұрнақтары зат есімдерге қосылып, сындық мағынаға ие болатын жаңа сын есім тудырады: кəсіпқой, төбелесқой, жанжалқой, жеңісқой т.б. [3; 81].
Чуваш тілінде сапалы сын есім теңестіру дəрежесінде, дəреже келесі түрде құрылады: а) -ча,-чат, -вер, -сем, күшейтпелі бөліктердің көмегі арқылы; ə) инсе-инсе, кан-канак редупликациялық түбірдің бөлігі жəне толық жолы арқылы; б) пуринчен лайах — бəрінен жақсы анықтағыш есімдік арқылы.
Аффикстің ішінде қолданылатыны мыналар: түбірлері -ла (-ле) болатын сын есімнен құрылған түбірлер: хаюлла — ержүрек, тирпейле — тиянақты; -сар, (-сер): хаюсар — қорқақ, тирпейсер — тиянақсыз; -хи: ирхи — таңғы, ыранхи — ертеңгі; түбірі етістіктен құрылатын; -чак (-чек) мухтанчак— мақтаншақ, именчек — ұялшақ; -ак (-ек): харак — құрғақ, серек — шірік.
Якут тілінің сын есімі басқа түрік тілінің жəне семантикалық сын есімдерге қарағанда зат есімге қарағанда морфологиялық нақты шектелген. Біріншіге қарағанда олар интенсивті түрмен өзгешеленеді, ал екіншіге қарағанда олар пысықтауыш ретінде қолданылмайды.
Ежелгі түрдегідей сын есімнің келесі аффикстерімен қолданылады: -ык: төгүрік — домалақ; -х: мөлтөх — əлсіз; -қас: қуттақас — қорқақ; -ыған: этиген — сөзшең (эт — сөйлеу); -ымтыа: умайымтыа — жанармай [6].
Бұлардан басқа етістіктерден сын есім тудырушы жұрнақтар аз емес, бірақ солардың көпшілігі əрбір тілдің халық тілі болып қалыптасу дəуірінде үлкен өзгеріске ұшырағанды немесе əр тіл өздерінің ішкі мүмкіншіліктерінен пайдаланып өзіне тəн жұрнақтарды жасап шығарған, басқа генетикалық байланысы жоқ болса да, мəдениет, экономика т.б. қатынастар арқылы біршама сөздерді де, сонымен қоса олардың жұрнақтарын да қабылдағаны сезіледі. Жалпы алғанда, басқа тілдерден сөздерді қабылдаса да, қосымшаларды қабылдау өте сирек, қабылданған көпшілік сөздер де сол тілдің ырқына еніп, сол тілдің қосымшаларын қосып алады. Етістіктерден есім жасаушы жұрнақтар жөнінде де осыны айтуымыз мүмкін. Дегенмен тілдің мүмкіншілігі шексіз сияқты, ол өзінің өмір жолында өзгеріп, дамып, байып барады. Бұған салыстырылған тілдер мысал бола алады.
Демек, сын есімдер ескі уақыттардан бері қалыптасқан, зат есімдердің түр-түсін, сапасын, салмаған əр түрлі қасиетін анықтайтын, өзіне тəн шырай категориясы бар сөз табы болып есептеледі.
Түркі тілдердің барлығына ортақ сапалық сын есімдер деп аталатын негізгі сын есімдер өздерінің табиғаты бойынша заттың сан түрлі сыр-сипатын білдіреді. Бұндай сапалық сын есімдер салыстырылған тілдерде лексикалық-семантикалық мағыналармен атқаратын қызметі бойынша бір- біріне ұқсас екендігі сезіледі.
Түркі тілдерінің кейбіреулерінде басқа тілдерден сын есімдер де келіп кірген, кейін сіңісіп, олардың өз сөзіне айналған. Ал ол сөздердің басқа тілден кіргендігі, түркі тілдерінің басқасында жоқ екенінен сезіледі. Өйткені түркі тектес сөздердің қайсысы болса да көбіне ортақ, бірінде жоғалса, басқаларында сақталады. Бұған мысал етіп өзбек тілін келтіруге болады.
Қазақ тіліндегі сын есімдер мағыналық жағынан зат есімдермен ұштасса, мəні мен қызметі жағынан есімшелердің, кейде үстеулердің кейбір топтарымен жалғасып жатады. Сын есімдердің кейбір түрлерінің есімшелермен байланысы бірыңғай формалардың тілдің даму барысында əрі есімше, əрі сын есім, кейде үстеу ретінде қалыптасады. Мысалы: көк — түс аты, аспан — есімше тұлғасы, сын есім; -қы: шайқы — зат есім; -қыш: тұтқыш — зат есім, тапқыш — сын есім. Түркі тілдеріндегі сын есімдердің бір ерекшелігі — оларды басқа сөз таптарынан ерекшелейтін, басы ашық тек қана «сын есімдерге тəн» деп қарауға болатындай морфологиялық тұлғалардың өте аздығы. Айталық, қазақ тіліндегі сын есім жасайтын қосымша -лы түп негізі жағынан -лық қосымшасының тарихи варианты. Ал -лық көне түркі тілінің өзінде таза сын есім жасайтын қосымша болмағаны мəлім, сын есімнің шырай түрлерін жасайды деп есептелетін тұлғалардың қалыптасуы тіл дамуының кейінгі дəуірлерінде болса керек. Бұлардың бəрі сын есімдер деп аталатын грамматикалық топ түркілердің негіз тілі құрамына қатысты деп тұжырымдауға дəлел болмайды. Сын есімдердің басқа топтарынан семантикалық жəне грамматикалық жағынан жіктелуі, өз алдына топ ретінде оқшаулануы тілдің даму барысында орныққан құбылыс болса керек.
Түркі тілдері құрамында сын есімдер екі түрлі жолмен қалыптасқан: есімдердің контексте қолданылу барысында сын есімге айналуы; есімдердің басқа топтарынан оқшаулана морфологиялық жүйенің қалыптасуы.
Сын есімдердің қалыптасуы есім тұлғаларының əуелгі анықтауыштық қызметке ие болып, соның нəтижесінде сындық мəн алып, тұрақталуына негізделеді. Бұл жолмен жасалғандарға қазіргі тіліміздегі негізгі сын есімдердің көпшілігі жатады, яғни қазіргі түркі тілдерінің барлығында кейбір фонетикалық өзгерістерімен қолданылатын көк, қара, қызыл, жасыл, сары жас, кəрі т.б. сын есімдер осы жолмен қалыптасқан. Бұл сөздердің арғы негізі əр түрлі есім де, етістік те болуы мүмкін. Айталық, қара сөзі зат есім мəнін де, етістік мəнін де білдіреді: қара көрінді, маған қарады.
Сонымен, осы айтылғандардан шығатын қорытынды: негізгі сын есімдер о баста əр түрлі есім тұлғалардың қолданысы негізінде қалыптасқан. Жоғарғы фактілерден байқалып отырғандай, трансформация жолымен түбір сөздер ғана емес, туынды түбірлерде де сын есімге айналған. Негізгі түбірлер сапалық сын есімдерге ұйытқы болса, туынды түбірлер көбінесе қатыстық сын есімдердің негізін қалады. Туынды түбірлер негізінде қалыптасқан сын есімдердің едəуір тобы қазіргі тілде шырай қосымшаларын қабылдамайды.
Ал, сын есімдер жасаудың екінші жолы — оларды басқа сөздер тобынан ерекшелейтін морфологиялық жүйенің қалыптасуы — туынды есім түбірлердің трансформация жолымен сын есімге айналуына негізделсе керек. Туынды түбірлердің текст құрамында қолданылу барысында сындық мəн алып, орнығуы олардың форманттарының сын есімдік мəн туғызу тəсілдері ретінде қайта ұғынылуына жағдай жасады. Осы жолмен есімдерден сын есім жасайтын -лы жəне -лық, етістіктерден сын есім жасайтын -қын, -ар, -қыр т.б. аффикстер құралған, сын есім жасаудың морфологиялық жүйесі қалыптасты.
Қазіргі түркі тілдеріндегі сын есімдерді морфологиялық тұрғыдан екі топқа бөліп қарастыру қалыптасты. Ондай топтар: негізгі сын есімдер мен туынды сын есімдер. Негізгі сын есімдер тобында əдетте бүгінгі тіл құрамында бөліп қарауға келмейтін, түбір ретінде ұғынылатын сөздер жатады да, туынды сын есімдерге қосымшалар арқылы басқа сөз таптарынан (есімдер мен етістіктерден) жасалған сын есімдер жатады.
Негізгі сын есімдер: ақ, қара, көк, қызыл, сары, ала, жақсы, зор, үлкен, кіші, тегіс, бай сияқты сөздер барлық түркі тілдерінде айтылады (əрине, əр тілдің немесе тілдер тобының өздеріне тəн фонетикалық ерекшеліктеріне сай). Негізгі сын есімдердің едəуір тобы, əсіресе түр-түсті білдіретін сын есімдер бүгінгі түркі тілдерінде кейбір фонетикалық ерекшеліктерімен түгел қайталанып отырады. Мысалы: ала; ноғай: ала; ұйғыр: ала; алтай: ала; түрікмен, əзербайжан: ала т.б. Сол сияқты заттың ерекшелігін білдіретін сөздер түркі тілдерінің барлығына дерлік тəн, мысалы: жаңа, көк; қазақ: жаңа; ноғай: йаңы; құмық: йаны; ұйғыр: йени; түрік: йени; əзербайжан: йени; чуваш: джіні; қазақ, ұйғыр, қарақалпақ: көк; түрік: гөк; татар: күк; якут: күрк; чуваш: кывак; түрікмен: гөөк т.б. Сонымен бірге негізгі сын есімдердің кейбір түрлері, əсіресе заттың əр түрлі сапалық ерекшеліктерін білдіретін сын есімдер жеке тілдердің қалыптасу, даму ерекшеліктеріне лайық өзгеше болып отырады: бұл жерде, əсіресе чуваш тілін еске алу керек. Мысалы, чуваш: ваты — қарт, қария; віті — ұсақ, майда; хырақ, хырах — жалғыз, лутака — аласа, домалақ. Бұл ұғымдар көпшілік түркі тілдерінде басқа сөздер арқылы беріледі. Чуваштық эквиваленттер басқа түркі тілдері мен чуваш тілінің арасында белгілі дыбыс сəйкестіктеріне жатпайды, чуваш тілінің өзіндік дамуының нəтижесі болып табылады [7].
Сонымен қатар, сөздік қордың басқа саласы сияқты, сын есімдер тобы да басқа тілдермен байланыс арқылы толығып отырады. Чуваш тіліндегі лытқы — тыныш, лутра — аласа, янкар — шірік, шулятра — үлкен т.б. толып жатқан сын есімдер, өзбек тіліне араб, парсы тілінен енген сын есімдер т.б. осы жол арқылы қалыптасқандар.
Туынды сын есім жасайтын аффикстердің бірі жəне осы қызметте ең жиі қолданылатын -лық,-лік. Бұл аффикске қатысты ескеретін бір жай — көне, ескі түркі тілдеріндегі бұл аффикс көбіне -лығ сипатында айтылады да, əрі зат есім, əрі сын есім жасаған. Бұл аффикстің -лық варианттарының қалыптасуы — фонетикалық өзгерістерінің нəтижесі [1].
Сапалық сын есімдердің қатарындағы сөздердің біразы тарихи жағынан туынды түбірлер де, түбір мен қосымшаның жігі ажырамастай бірігіп кеткен. Мысалы, қызыл, жасыл, ұзын, үлкен тəрізді сөздер қызғылт, жасқылтым, ұзар, ұзақ, үлкейген, үлкею сияқты туынды сөздермен тарихи тұрғыдан түбірлес екені даусыз [8].
Мұндай аффикстердің ұяластығы бүгінгі тіл құрамында қолданылу ерекшеліктерінен байқалады. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі -лы орнына -лық немесе керісінше қолданылу кездеседі: аудандық жер, ауданды жер.
Қазіргі түркі тілдерінде -лық жəне -лы аффикстері арқылы жаңа сөз тудыру қатыстық сын есімдер жасалуының ең өнімді тəсілдері болып табылады. Тува: даштығ (тасты), дағлығ (таулы), суғлығ (сулы); өзбек: қурқничли (қорқынышты); хақас: маллығ (малды), тоннығ (тонды, киімді); башқұрт: ішлі (етті). Осы тұлғалас қатыстық сын есімдердің қазіргі түркі тілдеріндегі семантикасы мен қолданысы көбіне ыңғайлас болады да, тілдер бұл жөнінде бір-бірінен пəлендей оқшау құбылыс байқатпайды.
Дегенмен, қазіргі кейбір тілдерде бұл тұлғалы сын есімдердің өзгеше қолданысы да (көне түркі тілімен салыстырғанда) байқалады: -лы, -лық тұлғалы сын есімдер кісінің ұлт, мекенге қатыстылық мəнін білдіреді. Мысалы, қарашай: қытайлы (қытайлық), оруслы (ресейлік), қарачайлы (қарашай, қарашайлық); түрік: Истанбуллы (стамбулдық); түрікмен: Морылы (Морайлық); өзбек: Самарканли (Самарқандық) т.б. Мұндай қолданыс — -лы, -лық тұлғалы сын есімдердің семантикалық дамуының нəтижесі. Түрікмен, ұйғыр тілдерінде осы мəнде -лақ, -лек аффиксі де қолданылады: ітлек (етті), музлақ (мұзды). Якут тілінде осы мəнде -тах, -тəх аффикстері айтылады: аттах (атты), оғолох (ұлды).
Қатыстық сын есім жасайтын аффикстердің бірі -шақ, -шек, -чан, -чен, -ча. Бұндай тұлғалы сөздер белгілі бір іске, əрекетке, əдетке ыңғайлылықты, икемділікті білдіреді. Қазақ: бойшаң; алтай: соғушчан (төбелесшіл, ұрысқақ); татар: талайчəн (талайшыл); өзбек: сузчан (сөзшең) т.б. Қазақ тілінде, тағы басқа тілдерде бұл мəнде -қақ, -кек аффикстері айтылады (ұрысқақ). Бұл айтылғандардан басқа есім түбірлерден сын есім жасайтын аффикстер мыналар: -қы, -кі: қысқы, жазғы; əзербайжан: ахшамыха (ақшам уақытындағы, кешкі); түрік: сабаһқы (ертеңгі), чуваш: сурки (көктемгі); тува: часқы (көктемгі) т.б. -дақы, -декі жоғарыдағы аффикс пен жатыс жалғау қосымшасынан құралған: ауылдағы, үйдегі; түрік: чирдегі (жердегі) т.б. Қазіргі түркі тілдері құрамында сын есім жасайтын аффикстердің саны едəуір. Бірақ олардың көпшілігі, жоғарыда айтылғандардан басқалары, өнімсіз, азын-аулақ сөздер құрамында ғана кездеседі. Мысалы, -ғай аффиксі қазақ тілінде қапсағай тəрізді бірен-саран сөздің құрамында ұшырайды. Ал, татар тілінде айтылатын -лач, -леч аффикстері (итлəч — етті, йыплач — жүндес) қазақ тілінде атымен кездеспейді. Немесе қарашай-балқар, түрік тілдеріндегі -ман (ақылман, қараман), алтай тіліндегі -сығ (дашсығ-тас сияқты), қазақ тіліндегі -гөй (ақылгөй) тəрізді аффикстер көбіне аталған тілдерде жəне бірен-саран сөздер құрамында айтылады. Сондай-ақ жеке аффикстердің белгілі бір тілдер құрамында қолданылу дəрежесі де бірдей болып келмейді. Мысалы, қазақ тілінде -ман аффиксі сын есім жасамайды, ал қарашай-балқар, түрік тілдерінде сын есім жасайтын аффикстер қатарына жатады. Сол сияқты -сақ аффиксі қазақ тілінде кейбір есімдерге қосылып, субъектіні басқалардан ерекшелейтін қылық-мінезге үйірлігін білдіретін сын есімдер жасайды: сусақ, малсақ т.б. Бірақ шай, айыр, балық т.б. есім сөздерге жалғанбайды, яғни сондай зат есімдерден сын есім жасамайды. Басқа сөзбен айтқанда, мұндай қолданыс қазақ тілінде норма емес, ал алтай тілінде арақызақ (арақ құмар), ұйқұзақ (ұйқышыл); тува тілінде айунзақ (ойынға құмар), чайымсақ (шайқұмар), балығымсах (балыққа құмар), якут тілінде этімсех (етке құмар, етқұмар) т.б. Қазақ тілінде мұндай жағдайда -шыл, -қор, -құмар тəрізді қосымшаларды қолданар еді. Қолданысқа байланысты мұндай ерекшеліктер көбіне əдеби тілдің даму ерекшеліктерімен ұштасып жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |