«Аңыздың ақыры» «Аңыздың ақыры» романы тарихи тақырыпқа жазылып, тарихта болған Ақсақ Темір өмірінің бір сəті көрініс бергенімен, бұл – үйреншікті мағынадағы дерекке негізделген тарихи туынды емес. Жазушы тарихи аңыз шеңберінен шығып, қаламгерлік қиялын қоса отырып, дербес психологиялық шығарма тудырған. Мұнда тарих – фон, кезең колориті ғана. Сыншы С.Əшімбаев романның тарихи негізін баса айта отырып: «шартты түрде болса да оқиға қай ғасырда, қай жерде болып еді, Əмірші деп отырғанымыз кім, қай елдің ханы деген сұрақтың бетін ашу керек сияқты» [1] – деген пікір білдіреді. Ə.Кекілбаев үшін романда оқиғаның қай ғасырда, қай жерде болғаны маңызды емес. Мəселе, оқиғаның қашан жəне қалай болғанында емес, болған оқиғаның адамгершілік-философиялық мəнінде. Сюжетке өткен дəуір оқиғасы арқау болғанымен, ішкі мазмұны махаббат пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, мейірім мен қатыгездік, бақ пен тақ, бақыт сияқты жалпыадамзаттық мəні бар мəңгілік мəселелерді қозғайды.
Шығарма адамгершілік негізінің тереңдігімен ерекшеленеді. Адам жанының шындығын тебіреніспен толғап, өмір туралы философиялық толғам, ғибратты ой ұсынады. Жазушы өз шығармасының ерекшелігі туралы: «Тарихи материал жасақтауда құжат дерегі де, ел аузындағы əңгіме де, көркем қиял да көп қызмет ете алады. Бірақ тарихи шындыққа үлкен жауапкершілікпен қарайтын жазушы қиялдан гөрі дерекке табынары сөзсіз. «Дала балладалары» атты циклға енген «Аңыздың ақыры» романым мен повестерім, негізінен, «белгілі бір көзқарастан туындаған тұжырымға», концепцияға сүйенеді. Ал «Үркерде» оған атымен кереқар бағытта іздендім. Онда, мүмкіндігінше, тарихи деректің ала жібін аттамауға, нақты тарихи ситуацияның өз драматизмін əсірелеусіз көрсетуге күш салдым» – деп жазады. Яғни, «Аңыздың ақыры» романы, қаламгердің өзі атап өткеніндей, деректен гөрі көркемдік қиял, фантазиясы мол, əсірелеулер басым, философиялық шығарма. Ал «Үркер» романы – нақты тарихи негізі бар, нақты тарихи ситуацияға, фактіге құрылған туынды. Лиро-эпикалық аңыздар Ə.Кекілбаев шығармаларының негізгі баяндау тініне шебер өріле отырып, қаламгер туындыларының өзіндік лирико-романтикалық əуенін береді. Ə.Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романындағы романтизм туралы сыншы Т.Тоқбергенов: «Жетпісінші жылдарда бірін-бірі қуалай келген осынау тарихи романдардың ішінде айрықша сөз болуға лайығы – «Аңыздың ақыры». Қазақ романы тарихында тарихи деректерге байланбай, авторлық таза қиялдан туған роман да осы. Мұнда бəрі де шартты алынған... Романда романтикалық сарын, философиялық түйін, шартты тұспал түгел араласқан. «Аңыздың ақыры қалай да қазақ əдебиетінің роман жанрындағы үлкен жаңалықтардың бірі. Лирикалық сипаттағы роман-новелла десе де болғандай» – деп əділ бағасын берген болатын.