Көркем проза аудармасы және оны редакциялау
Аударма үдерісі – бұл аударылған шығарманы түпнұсқаға сәйкес жетілдіру, жақсарту жұмысы. Ол әркез ізденісті, жаңа сөз, тың балама табуды, мәтіндегі қателікті дұрыс анықтап, оны түзетіп, жөндей білуді қажет етеді. Аударма жасалғаннан кейінгі кезектегі жауапты, маңызды жұмыс - әдеби өңдеу, редакциялау. Аударманың жасалу нәтижесін, деңгейін аудармашы алдымен зерттеуші, сыншы-редактор, оқырман көзімен өзі бағалап, талдауы тиіс. Түпнұсқамен қатаң салыстыру арқылы қалып қалған сөздерді, тіркестерді, сөйлемдерді анықтайды. Кейде мұндай салыстыруда аударылған сөйлемдегі қателіктер айқындалады. Олан кейінгі назар аударар жай – аударманың авторлық стильге сәйкестігі. Бұл көркем аударма, жазба аудармада болсын, басты қажеттілік. Тілдің әдеби нормасына аударма сәйкестендірілуі тиіс. Түпнұсқалық мәтін мен аударма мәтінінің стилистикалық, лексикалық, грамматикалық, логикалық жақындығы, сәйкестігі сараланады. Аудармашы әдеби, ғылыми, баспалық үлгідегі редакциялауды өзі жасай білген маңызды. Қайталанған сөздер мен тавталогияны болдырмас үшін синонимге сүйенгені дұрыс. Аударманың түпнұсқа мен стилистикалық бірлігін сақтау - айырықша жауапты іс.
Аудармаға жанашырлықпен қарап, кемшілігін байқап, түзетіп, әдеби өңдеп, жақсарту – аударма өнеріндегі шеберлік негізі. Аударма сапасын артттырудың ғылыми, кәсіби, шығармашылық негіздегі айқын үлгісі.
Прозалық шығармалар әдетте үлкен, орта, шағын түрдегі жанрлар: атап айтқанда роман, повесть, әңгіме, очерк, новелла. Роман жанры шытырман оқиғалы психологиялық, әлеуметтік-утопиялық, тарихи детективті, ғылыми-фантастикалық т.б. бөлінеді. ХVIII ғасырдан бастап роман жетекші жанр болып қалыптасты. Ол барынша ауқымды сюжеттік сипатпен ерекшеленеді. Ондағы ең бастысы жекелеген тұлғаның мінез-құлығының белгілі ортамен, қоғаммен қарым-қатынаста дамуын көрсету. Әлеуметтік орта-мінез-құлықты ашудың аясы болып табылады. Сюжет – кейіпкерлердің арасындағы тартысты дамытады, мінез-құлықтың ішкі өзгерісін дәлелдейді.
Повесть бәрінен бұрын сюжет ауқымының кішілігімен, құрылысының қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Әңгіме детальдарының дәлдігімен, мәтіндерінің терең мәнділігімен, сюжеттік өткір шиеленісімен, тосын шешімімен, динамикалық қуатымен бағалы. Новелла, очерк сипаттау, баяндау мәнерімен ерекшеленеді
Романды редакциялау – күрделі, қиын шығармашылық үрдіс болса, роман аудармасына стильдік түзету жасау не болмаса әдеби өңдеу күрделі шығармашылық үдеріс. Аударма мүлде талапқа сай келмеген жағдайда қайта аударуға беру қажет.
Роман – өмірлік құбылыстар кең шеңберде бейнеленетін, көптеген кейіпкерлердің тағдыры бар күрделілігімен және көпқырлы сипатымен қарастырылатын баяндау мәнеріндегі шығарма.
Романның тағы бір қыры авторға шындықты кеңінен көрсетуге бар мүмкіндік береді. Тек осы жанрда ғана анағұрлым толық түрде заманның әралуан үрдісі, қоғамның әлеуметтік әрі рухани дамуының маңызды кезеңдері ашылуы мүмкін. Жанрдың құрылымының өзі оқиғаларды кеңінен қамтуды талап етеді.
Аудармашы не редактор ең алдымен автор шығармасында заман тынысын, өмір құбылыстарын қаншалықты кең қарымда бейнелегеніне көз жеткізу керек. Көптеген әдебиет сыншылары мен жазушылар қазіргі заман романының басты кемшілігі – көп сөзділігі, яғни бейнеліліктен гөрі сипаттаудың басымдылығын атап өтеді. Нағыз қажетті жайларды сұрыптап, талғаммен беру, құбылысты суретке түсіргендей, дәл бейнелеуге әуестікті сынға алады. Романдағы эпизодтар, авторлық ойлар, баяндаулар т.б. көркем элементтерді дұрыс аңғарып, идеялық мазмұнды бүркемелеп тұратын тұстарын дәл көрсету – редактордың басты міндеттері. Романда әртүрлі оқиғалар, құбылыстар, көптеген адам тағдырлары, баяндаудың әралуан элементтері, сипаттау және мінездеу, диалогтар мен монологтар, лирикалық шегіністер, мәтінді құрудың түрлері қамтылады. Дұрыс таңдалған, мұқият ойластырылған композициялық құрылым, сюжеттік шешім баяндаудың бар түрін бір жүйеге үйлесімді түрде біріктіреді.
Мейлі ол көркем проза не аударма шығармалары болсын әдеби туындыларды бағалау – маңызды да жауапты жұмыс. Көркем шығарманы жариялау барысында редактор оның тұтастылығына көңіл бөледі. Шығарма түпнұсқасының мазмұны мен түрінің бірлігі, көркемдік шындық бейнеленуі, тұтастығы, дәлдігі, стилі аудармада шынайы, айқын көрініс табуына мұқият зер салынады.
Мұхтар Әуезов кезінде “Кейбір ұлт жазушылары туралы” мақаласында ХХ ғасырдың орта тұсындағы көркем аударманы өткір сынады. “Неге десеңіз, тіпті поэзияны былай қоя тұрып, кілең прозаны алып қарайтын болсақ та, олардың аудармалары, көбінесе, сол шығармалардың түпнұсқасындағы ерекшеліктерді, құнды жақтары мен елеулі кемшіліктерін дәлме-дәл жеткізіп бере алмай жүр” (345 б.). Бұл қазіргі көркем аудармадағы кейбір шалағай, нашар аудармаларға да тән жағдай.
Әдеби шығармада көркемдік ойдың берілуі басты қасиет. Сондықтан да аударма шығармаларында автор ойының аудармадағы жеткізілу мәнері, оны түсіну әркез маңызды. Шығарма сюжеті мен кейіпкерлер мінез-қылығы байланысының ажырамас бірлігі сақталуы тиіс. Көркемдіктің басты талабы іс-әрекеттердің бейнеленуіне деген сенімділік. Көркем деталь – өзіне поэтикалық ойларды жинақтай алатын, тиянақты, нақты ойдың әдемі бөлігі. Сондықтан да эпосқа баяндау түріндегі бейнелеу тән болса, лирикада адамның жандүниесін, сезімдік толғаныс – тебіренісін жеткізу, драма үшін диалогтық бейнелеу тән.
Редактор әңгіме аудармасын талдау барысында оны екі қырынан қарастырады: 1) аталған шығармалық проза түрінде автор ойының толық қамтылғандығы; 2) автордың әңгімеге тән құралдармен өзінің ойын айқын жүзеге асыра алуы. Бұдан кейін ғана оның жазылу мәнеріне, тіліне, стиліне көңіл аударылады. А. Твардовскийдің белгілі орыс жазушысы Ю. Трифоновқа: “Әңгімеден бастаңдар. Он беттік әңгіме жазуға құлшынып көріңдер де, әкеліңдер” деген сөзі проза жазумен айналысушылар үшін әңгіменің ерекшелігін айқындайды.Әңгіменің маңыздылығы, өзектілігі оның композициясының нақтылығында, сюжеттік тартыстылығы, өткірлігі, автордың көркемдік-идеялық шешімінің айқындылығы, кейіпкерлердің мінез-қылығы әрі олардың нақты іс-әрекетте көрінуі, диалогтың барынша тығыздығы. Л.Н. Толстой “Бір әңгімеде бәрін айтумен әуестеніп кетпеңдер” деген ескертпе жасайды. Әңгіме шұбалаңқы болған сайын, оқырман ынтасы кемиді. Ол қарапайым әрі қысқа, нағыз көркемдік жинақылықпен жазылуы тиіс. Сонымен бірге ол өмірлік шындықтың көрінісін дәл, шынайы жеткізумен де көркем.Алайдағы ондағы көркемдік қиял, елестетудің өзі өмірмен өзектесуі тиіс. В.Т. Короленко: “Қиялда да өмірлік-көркемдік шындық болуы тиіс.Оқырман қиялға да ақиқат тұрғысынан сене білуі керек” дейді.
Әрине, аудармашы аударылатын әңгімелердің түпнұсқасымен ғана емес, қаламгердің тұтастай шығармашылығымен және оған қатысты әдеби зерттеулер, сын мақалалармен де танысуы жөн. Аудару кезінде оның тақырыбының қалайда түпнұсқамен сәйкес келуіне көңіл бөлінеді. Сонан соң стильдік, ырғақтық-интонациялық ерекшелігі сараланады. Әңгіме, новелла – шағын жанр. Аударма кезінде оны негізсіз қысқартып тастау қате. Оның әрбір сөзі, тіркесі аудармалық нұсқада орын алғаны жөн. Әңгімені редакциялау барысында осы жағын ескеру қажет. Сонан соң көркем детальдардың барынша дәл баламалық сәйкестігіне жетудің ерекшелігі зор. Аударылған шығарманың көркемдігі, мазмұн дәлдігі, стильдік сәйкестігі – басты талабы.
Осы негізінде М.Әуезовтың проза аудармашысына қажетті талабын есте ұстаған жөн. “...ол (аудармашы – Ә.Т.) аударылатын шығарма авторының стиліне өз стилін байланыстырмайды. Сонымен бірге бұл аудармашы негізгі шығарма авторының тіл, ойлау дүниесіне айрықша ықтият болып, мұқият зер салады. Ол аудармаға сол шығарманың бар материалын біліп алып кіріседі, шығармада суреттелетін халық тарихын зерттейді, кейіпкерлердің дәуірімен, ортасымен терең танысып алады....”. Үлкен тәжірибеден туындаған бұл тұжырым қашанда аудармашы қаперінде жүруі тиіс.
Романды редакциялау кезінде сюжет және композициямен жұмыс істеу – өте жауапты шығармашылық үрдіс. Редактордың бірінші міндеті – шығармамен тұтастай танысып шығу, көркемдік, идеялық, эстетикалық құндылығына айқын көз жеткізу. Шығарманы мұқият оқи отырып, алдымен жазушының жалпы сюжеттік-композициялық шешімін, негізгі идеялық-көркемдік мақсатын анықтау керек. Осыдан кейін ғана сипатталған құбылыстардың арасындағы себептік – уақыттық байланыстарына салыстыру жасап, әрбір кейіпкердің атқаратын міндетін саралап, әрбір оқиға мен эпизодтың жалпы автор ойын ашудағы атқаратын белгілі бір рөлін айқындау маңызды. Әрине, аударма шығармалары бұл жағынан келгенде редакциялаудан өткен дайын дүние екені белгілі. Мұндағы мақсат сол – шығарманың көркемдік құндылығын басқа тілде барынша дәл жеткізуге ұмтылу. Басты ерекшелік – түпнұсқадағы стильдік-мәтіндік құрылымды жеткізу. Аудару кезінде де шығарманың сюжеттік-композициялық шешімін толық танып, бағалау – жұмыстың нәтижелі, сапалы атқарылуының жемісі. Редактор алдындағы күрделі мәселе кейіпкерлердің жекелеген ерекшеліктерін өзара бірлікте қарастыру. Ол кейіпкерлерді барлық қырынан көре білуі керек, оны мінездеудегі, бейнелеудегі қайшылықтар мен кереғарлықтарды байқауы тиіс. Автордың кейіпкер сомдаудағы жетістік, кемшілігін саралап, дәлелдеп беруі аса маңызды. Авторға дайын схема, жоба ұсынылмайды. Кемшілігін қалай түзеу – өзінің шығармашылық ісі.
Көркем прозаны редакциялау негізінен редакторлық жұмыс болғанымен, бұл автор-аудармашы және әдеби өңдеуші өзара бірлесіп атқаратын шағын ұжымдық жұмыс. Аударманы редакциялау кезінде байқалған кемшіліктер бойынша аудармашының өз бетінше жұмыс жасауы маңызды. Егер аудармашы қабілеті қажетті кемшіліктерді түзеуге жетпеген жағдайда, редактор өзі қолға алады. Аударма нашар, талапқа сай шықпаса, ол редакцияланбайды, қолжазба авторға қайтарылады. Аударма тәжірибелі, шебер аудармашыға қайта берілгені жөн. Г. Бельгердің: “Менің көзқарасым бойынша аударма ісіндегі бір ақиқат мынаған тіреледі, бірінші кезекте өзінді, өзіңнің жеке басыңды емес, авторды көрсету керек” деген тұжырымы – көңілге қонымды.
Аударманың шынайылығының бұзылуы, көркемдік-идеялық құндылыққа жете алмау себептерінің бірі – негізсіз қысқартылуы. Кейде аудармашылар ұзақ романдарды аудару кезінде тарауларды мүлде аудармай тастап кетеді. Мұндай жағдайда шығарма композициясы бұзылады. Кейіпкерлер жүйесінде ретсіздік болады. Шығармадағы мақсатты түрде жасалған сюжеттік байланыс үзіліп қалады. Оқырманға түсініксіздік тудыратын жағдайлар болады. Шығарма көркемдік құндылықтан айырылады. Бұл автор шығармашылығына жасалған өрескел қиянат. М. Әуезов ХХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс тіліне аударылған қазақ романдарының осындай сорақылыққа ұшырауы туралы: “... 6, 10, 20 баспа табағы қысқарған роман өзінің мазмұны мен көркемдік құны жөнінен қыруар шығынға ұшырайды” деп қынжыла жазды (18т. 347 б.).
М. Әуезов аударманың басты талабы ретінде “Біз әрбір аудармада шамасы келгенше жазушы атаулының барлығын сол өздік өз ерекшелігімен бұлжытпай, бұзбай дәл түсіріп аударып алуға міндеттіміз” (14т. 50 б.) – деп жазды “Ревизордың аудармасы туралы” мақаласында. Өзі де бұл талапты бұлжытпай орындады. “Гогольдің өз тілін, өз стиль- үлгісін, өз ерекшеліктерін қайтадан орнына салуға тырыстым” деп атап көрсетті. «Ревизор» т.б. орыс драмалары аудармасының жоғарғы көркемдік-эстетикалық құндылығы – М.Әуезовтың үлкен таланттылығы мен шеберлігі. Аударманы түпнұсқамен салыстыра келе, аудармашының биік таланты мен үлкен шеберлігіне еріксіз көз жеткізесіз. Классик суреткердің әр аудармасын түпнұсқамен салыстырып талдау арқылы – аудармашылық өнердің қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе ұштайсыз. М. Әуезовтың көркем аудармалары – аударма үйренудің ең жақсы мектебі.
Аударма шығармаларын түпнұсқамен салыстыру барысында түзету жасау мен әдеби өңдеудің айырмасын біліп алған жөн. Түзету мәтін мағынасына көп өзгеріс жасамайды, жекелеген сөздердегі қателіктерді жөндеуге қатысады. Әдеби өңдеу мәтіннің бастапқы тұтастылығын кейде көп мөлшерде, кейде аз мөлшерде бұзады және түбірімен өзгертуі де мүмкін. Бастапқы мәтін мағынасы негізінде жаңа мазмұндағы мәтін пайда болады. Кейбір жазушылар мүлде түзету жасамайды, өңдемейді де. Олар қолына қалам алмас бұрын, ойын жинақтап, тұжырымдап, қағазға бірақ түсіреді. Француз зерттеушісі Мюссенің айтуынша Жорж Санд еш уақытта бірде-бір жолды түзеп көрмеген. Шекспир да солай. Гюго сирек жағдайда түзету жасаған. Бальзак “Шегірен былғарыны” жазғаннан кейін қайта қарап, 100-дей қате тапқан. “Евгений Грандені” 1834, 1839, 1843 жылдардағы үш басылымында жекелеген сөйлемдерді ауыстырған, бейнелілігін күшейткен, кейбір маңызды мәліметтерді анықтаған. И.А. Гончаров “әрлеу – жарым еңбек” десе, Достоевский “Жазушының ұлы қабілеті – бұл өшіре білгендігі. Кімде-кім мұны дұрыс жасай алса, кімде-кім өзінікін өшіре алатын болса, ол алысқа барады” деген ой айтады. Лессинг ықшамдылыққа ерекше сүйенген. Паскаль XVII ғасырдағы “Провинцияға хатының” кейбір тұстарын 15 рет қайта өңдесе, Флобер “Бовари ханымды” 10 рет көшіріп жазған. Ж.Ж. Руссоның қолжазбасы сызылып, өшіріліп, түзетіліп, әбден шимайланып баспаға ұсыналады екен. Бәрі де қайта көшіріліп жаылған. Л. Толстой да әр шығармасын 4-5 рет қайта өңдеп, түзетіп, қосып, толықтырып жөндеген. Мазмұны композициясы мен сюжеттерін ширатқан, дамытқан, тілін жетілдірген.
Аударма жасауда редакциялау жұмысын жетік меңгеру, оның қыр-сырын білу аудармашыға аса қажет. Мұның өзі бір жағынан аударып шыққан шығармаға сын көзбен қарау, оны көркемдік мазмұны мен мәтін мағынасы жағынан түпнұсқаға сәйкестендіру әрі жетілдіру деген сөз.
1. Прозалық шығармалар, жанрлары, олардың көркем әдебиеттегі орны.
2. Романның басқа әдеби жанрларынан ерекшелігі және оны аудару қиындығы, редакциялау қажеттлігінің туындау салдары.
3. Редактордың повесть, әңгіме аудармасымен жұмыс істеу жүйесі.
4. Көркем прозаны редакциялауда ескеретін міндеттер.
Достарыңызбен бөлісу: |