ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ
МИНИСТРЛІГІ
ҚАЙЫМ МҰХАМЕДХАНОВ
КӨП ТОМДЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ
ҮІІІ том
АУДАРМАЛАРЫ,
ОРЫС ТІЛІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРГЕН МАҚАЛАЛАРЫ
Алматы «Ел-Шежіре» 2009 жыл.
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ақпарат және мұрағат комитеті
“Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару” бағдарламасы
Шығармалар жинағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы “Отырар кітапханасы” ғылыми орталығында дайындалды.
Жауапты редакторы – филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай.
Пікір жазғандар:
С.С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, ф.ғ. д, профессор.
Р.Ф.Нұрғали, ҚР ҰҒА-ның академигі, ф.ғ.д., профессор.
А. С. Еспенбетов, ф. ғ. д., профессор.
Қолжазбалар мен фотосуреттер Қайым Мұхамедхановтың балалары – Мүслиманың, Розаның, Жәнібектің, Назымның, Бекеттің, Қанағаттың, Динаның, Дегдардың, Қарлығаштың және Қазыбектің отбасы архивтерінен алынды.
Жинақты құрастырып, баспаға дайындап, түсініктемелерін жазған – Ербол Исламұлы Іргебай
Ғалым, әдебиет сыншысы, драматург Қайым Мұхамедхановтың көп томдық шығармалар жинағының сегізінші томына шетел драматургтерінен аударған драмалық шығармалары еніп отыр. Жинақта «Қажы Әпенді үйленеді», «Аршын мал алан», «Уақыт сондай», «Фигаро», «Жас гвардия» пьесалары мен «Русалка» өлеңі және әр жылдарда орыс тілінде жарық көрген мақалалары берілген. Ғалымның аудармалары бұрын-соңды жеке жинақ болып баспа бетінде жарық көрген жоқ.
Компьютерге теріп, корректуралық салыстыру жүргізгендер – Мейрамгүл Ермағанова, Найманбаева Жұлдыз.
Шәриф Камал
ҚАЖЫ ӘФЕНДІ ҮЙЛЕНЕДІ
3 перделі 4 картиналы комедия
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Юнус қажы
Ғалимә - оның әйелі
Кәмила - мұғалима
Нағима - Камиланың апасы
Жәлел - артист
Ғабділхан - ақын
Хуснетдин - маклер \ дел-дал\
Шакир
Хайретдин - малай
Мұғалім
Нәсима - жаушы
Артистер.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
Бірінші картина.
Жәлелдің пәтері. Жәлел мандолина ойнап отырады. Нәсима кемпір кіреді.
Нәсима. Амансың ба, балам. Есен – саумысың?
Жәлел. Ә, Нәсима апа, жоғарлат. Иә, қандай шаруамен?
Нәсима. Аллаға шүкір, есен - саумын, әйтеуір.
Жәлел. Не шаруамен жүрсіз деймін? /Мандолина тарта береді/.
Нәсима. Тоқтай тұрсаңшы, алып-ұшпай.
Демімді алып алайын да /Шәлісін алып қояды/.
Жәлел. /күй тарта береді/ Әйбәт па?
Нәсима. Құдайдың бергені мың шүкір.
Жәлел. Мына әйбәт па, дейім?
Нәсима. Е, соны айтады екенсің ғой. Мен де бір...
Жәлел. «Ойыл» күйі дейді мұны.
Нәсима. Білем, білем. Жақсы білем. Жәрмеңкесі де бар ғой оның. Ойын жәрмеңкесі-ші.
Жәлел. /тағы тартады/ Сөйтіп, әйбәт дейсің ғой?
Нәсима. Аллаға шүкір, бек әйбәт!
Жәлел. Күйді, мына күйді айтам.
Нәсима. Айттым ғой енді, жәрмеңкесі де болған соң, неге жаман болсын. Ойыл жәрмеңкесін бүкіл жиһан біледі ғой. Мына менің шапаным сонан келген асыл қазынаның көзі. Хәбиррахман байдың атасы мархұм сол жәрмеңкеге келген Бұхар көпестерінен алған екен. Оның ең кенже ұлының ең кіші, кенже қызы, қыли көз Фәрхижиһанға күйеу тауып бергенім үшін, шешесі мархұм сыйлаған болатын. Отыз жыл бойы өзі киген, он бес жылдан бері мен киіп жүрмін. Ескіру, тозу дегенді бір білсейші. Жыл сайын бір-екі жамау жамайым да, рахаттанып киіп жүре берем.
Жәлел. Сонымен жаңарту есебі ойыңызда жоқ па?
Нәсима. Не дейсің?
Жәлел. Шапанды, дейім, жаңарту есебіңізде бар шығар?
Нәсима. Есептің хисапқа тура келуі керек балақай. Киім жаңарту оп - оңай бола қоятын шаруа емес ол.
Жәлел. Ал, Қажы, Қажы не істеп жатыр? Сендіре ме әйтеуір?
Нәсима. Соны айтам енді. Есептің хисапқа тура келуі керек. Алланың рахметімен істі жайғастырсаң, сенен бір ауыз ғана жылы сөз, көңіл тоқтатар уәде алсам, Қажы онан соң қарап қалмас, құдай бұйырса.
Жәлел. Біздің Хуснитдин абзиді білесің бе?
Нәсима. Неге білмейін. Ат базарында маклер - делдал
емес пе? Алла бұйырса, оны әбден білем.
Жәлел. Бір кезде Жүніс қажы оны мықтап алдаған. Онысын да білесің бе?
Нәсима. Міне енді, онысына тіпті сене алмаймын. Болмайтын іс, мүмкін емес. Қажы жарықтық ол әулие секілді ізгі жан емес пе? Жеті теңізді кешіп, Сұлтан - халифа жерлерін басып өтіп, Қажыға барған кісі, еш уақытта ондай осалдық істемейді, алла бұйырса.
Жәлел. Нанбасаң Хуснетдин абзидің өзінен сұрарсың. Ол ана, темірдей көк желіскер аты бар ғой, соны сатып алған кезде болған уақиға. Басында делдалдығы үшін ақша берем деп сендірген де, артынан жарты тиын жармақ та бермей, отыртып кеткен.
Нәсима. Ә, ол енді, балақай, сауда ісінде солай ету керек дейді ғой. Сен көр де мен көрейін. Жалғыз-ақ, жіптің ұшығы көзге түспесін де, сот қармағына ілінбейтін болсын. Әйтпесе сауда деген аса бір сауапты кәсіп қой. Пайғамбарымыз Мұхаммәт ғаләйһиссәламның өзінің де сауда істеуі сондықтан емес пе. Жәрайды енді, бос сөзді тастайық та, керекті сөзді бастайық, Жәлелетдин балам.
Жәлел. Нәсима апа!
Нәсима. Айта ғой, балақайым.
Жәлел . Маған бір - екі артистка керек еді.
Нәсима. Немене, немене керек еді?
Жәлел. Театр ойынына қатын - қыздан бір - екі кісі керек еді. Тауып бере алмайсың ба?
Нәсима. Хи-хи-хи... Қалжындайсың да.
Жәлел. Шын айтам. Қатын - қыз рөлдерін ойнайтын кісі жоқ. Сенің таныс - білісің көп қой тіпті. Былай ширағырақ қыздарды айналдырып көр енді. Жасырақтау жесір келіншектер болса да жарайды.
Нәсима. Қалжыңыңды қоя тұршы енді, Зинһар, хи – хи - хи...
Жәлел. Неге күлесің, билләһи, шын айтам.
Нәсима. Қалыңдық десең мына дегенін айналдырып берем, бұйырған болса. Тауып бер деп бүгін айтшы, келесі бейсембі күні думан - асыр той жасаймыз, алла бұйырса. Осы жасыма келгенше еш уақытта кісіге күлкі болып қалған жерім жоқ әлі. Енді бүгінге жетіп, жын-сайтан, ойын-күлкі үшін мұсылман баласының басын айналдырып, саған тауып беріп, жұртқа күлкі болар жайым жоқ. Я құдайым өзің сақтай гөр! Ал кафір баласын айналдырып-ақ берер едім, орысша бір кәмилә сөз білмеймін.Жарайды енді, бос сөзді тастайық та керекті сөзден бастайық, Жәлелетдин балақайым.
Жәлел. Мен үшін керектісі осы сөз еді, Нәсима апа.
Нәсима. Жоқты сөйлеме енді, құдай үшін. Мені тыңдашы. Сен Кәмиләға жеріне жеткізіп айтсаң, ол сенің айтқаныңа көнеді. Жаман - жақсы болсаң да ағасы емеспісің. Әрі әке орнына - әкесің. Кәмилә көнді бар ғой, басқа түктің де керегі жоқ. Бақыт есігі шалқасынан ашылды дей бер, алла бұйырса. Онда Кәмилә қарындасың сатыр - гүтір гүбірнатор қатыны сияқты жалт - жұлт еткен тарантасқа отырып алып дүрілдетіп, бұрқырайды да жүреді. Сен де қазіргідей жұртты күлдіріп, әртіс - мәртіс болып жүрудің орнына, Қажы әпендінің бір магазинында дөңдей бір прикашчик болып, қайқаясың да тұрасың. Бөркіңді қырын киіп, кездемені құлаштап өлшеп тұратын жігіт боласың, алла бұйырса.
Жәлел. Ал сен өзіңші?
Нәсима. Е мен немене?
Жәлел. Су және шапан жамылып, жорғалай басып, чыж-чыж...
Нәсима. Ия, тіпті дұрыс айтасың, алланың рахметі, байдың жомарттық құрметі бәрімізге жетеді. Жорғалай басып, чыж-чыж... әлі айтып бітірмедің. Қаюлы шетік, резин галош киіп, сықыр-сықыр... Тек, құдай үшін деп айтайын, жұмысты жылдамдату керек. Қажы әфәнді қатты асықтырып жатыр. Байлар деген енді, бір істі істейім деді ме, тездетуді жақсы көреді. Сөйт енді, алла бұйырса, жарәй ма? Әйтпесе бар ғой, бақыт құсын қолдан шығарып алуымыз ғажап емес. Аллам сақтасын.
Сыртта ит үреді. Абыржыған күйде Қажы кіреді.
Қажы. Ассалаумағаләйкім!
Жәлел. Міне керек болса бақыт құсы! Уәғаләкімәссәлам, Қажы әфәнді, әйдә, хош келдіңіз.
Қажы. Есенсіздер ме, есен-сау тұрасыздар ма? Үй-ішітеріңіз, туған - туысарыңыз, тұқым-жұрағаттарыңыз тегіс аман-есенсіздер ме, әутеуір?
Жәлел. Әзір есен - сау, Қажы әфәнді. Туған-туысқан, тұқым-жұрағат бәрі де сау - сәләмат.
Қажы. Бәрекелді, бәрекелді есендік керек, есен-сау болған жақсы. Аллаһі тәбарәкә рә тәгалә Хәзретлері мөәмин-мұсылмандарға есендік, саулық берсін. Қхым!...
Нәсимаға басымен ымдайды. Нәсима орнынан тұрады.
Нәсима. Жәрәйді, қош болыңыздар енді, мен кетейін, жұмыстарым да бар еді.
Қажы. Жәрәйді, қош. Жұмыстарыңды бітір, яғни мәселен.
Жәлел. Келіп жүр. Ұмытып кетпе бізді.
Нәсима. Әрине, әрине, бұйырса, иншалла келемін ғой. Келмей енді... Бастаған істі жайламай тұрып, келуден тынбаспын, алла бұйырса.
Қажы. Жәрәр, жәрәр. Сүйтерсің енді, яғни мәселен.
Нәсима. Бір істі бастадым ба, аяқтап шықпай, жеріне жеткізбей тастап кететін әдетім болған емес, тіпті...
Қажы. Жетер енді, көп езіп сөйлей бермесеңші, яғни мәселен.
Нәсима. Қажы әфәнді бір игілікті істі маған тапсырған екен, тек қана бар ғой сатыр-гүтір губернатор дегендей, Қажы әфәндінің тойын жасамай тұрып тіпті де тыным табады екен деме. Көр де тұр, алла бұйырса.
Қажы.Түу, сен енді, әттеген - ай!...
Нәсима. Жәрәйді, жәрәйді... Бітті, болды, Қош айтық / кетеді/.
Қажы. Міне, Нұх пайғамбардың қарғасы деген дәл осы болады! Бір тоқтау деген жоқ, қарқ-қарқ етіп, қарқылдайды да тұрады, о көкмалта! Өзі бір барып тұрған берекесіз. Сонан соң ғой, тоқтай тұр дейім, бұл қайырсыздан іс шықпас, онан да өзім ғана барайын да жақсылап тұрып түсіндірейін, дедім. Жәлелетдин болса, ол ақылды жігіт, мені түсінер дедім, яғни мәселен.
Жәлел. Сіз бекер машақаттанған екенсіз, Қажы әфәнді.
Нәсима апа істің мән-жайын өте тамаша-ақ түсіндіріп еді.
Қажы. Ә, олай болса, нәтижесі қайда, Жәлелетдин інім? Жақсы-ақ түсіндіріп айтқан екен дейік, ал бір нәтижесі керек қой, яғни мәселен. Біреудің есігіне дамыл бермей, жел қуып жүрудің мағынасы жоқ. Мен шаруа адамымын, менің уақытым қадірлі, қымбат. Пайғамбарымыз галәйһиссәлам игілікті істі тездетуді өсиет еткен.
Жәлел. Пайғамбар тездету керек деуі деген ғой, Қажы әфәнді, ана қарындастарымыздың тіпті де асығатын түрі жоқ. Қажы әфәндінің қатыны бар, пәлен - түген дейме - ау.
Қажы. Қатыны бар дей ме?
Жәлел. Солай дейді енді.
Қажы. Дұрыс айтады. Бәрекелді, бәрекелді. Жастар күндеспен бірге тұруды жаратпайды, әрине.
Жәлел. Солай сияқты.
Қажы. Болды ендеше. Бәрекелді, міне, міне, бәрі де ретке келді деген сөз. Солай емес пе?
Жәлел. Қалайша?
Қажы. Ол ауыру ғой?!
Жәлел. Кім ауыру?
Қажы. Менің қатыным, Ғалима абыстайың, яғни мәселен.
Жәлел. Солай ма еді?
Қажы. Қайда әлдеқашаннан бері. Көп кешікпей өледі енді, яғни мәселен.
Жәлел. Аянышты, аянышты екен.
Қажы. Қайтесің енді. Аллаһі тәғалә иманын жолдас қылсын. Орны жұмақта болсын. Қайыр лұғада болайық, яғни мәселен.
Жәлел. Не ауыру екен, Қажы әфәнді?
Қажы. Сол енді, ажал зәхмәті, өлім ауыруы,яғни мәселен.
Жәлел. Нәсима апа онысын неғып айтпады екен?
Қажы. Сол әңгүдік жапалақ не біледі дейсің? Ең керекті сөзді айтпауын қарашы, әне сүйтеді. Өй, Нұх пайғамбардың қара қарғасы. Міне, сен енді оған! Ләхәүлә зә лә, куәтә. Өз халың қалай? Сол күлкі ойынын ойнап жүрсің бе?
Жәлел. Ойын көрсетіп тұрамыз, Қажы әфәнді.
Қажы. Әй аяныш хал екен! Құдай тәуфик, инсап берсін!
Мұсылманға ылайық іс емес енді. Театр – күлкі ойынын ойнайтын орыс біткен бе әлде, яғни мәселен? Аллаһі тәғалә тасқа жан, кәпірге иман берем десе де, қолынан келеді. Яғни мәселен, сен де бәлки тәубә етерсің, ғазиз иманды болып, дүниеден өтерсің, Валлаһі әғләм, құдайға тапсырдық.
Жәлел. Иман болса да, болмаса да бәрі бір, дүниеден кетуге асығып жүрген мен жоқ, Қажы әфәнді.
Қажы... Ләхәулә ве лә куәтә... Әлғаязі биллаһ, қорқынышты сөзді аузыңа аласың, Жәлелетдин.
Жәлел. Неменесі қорқынышты дейсіз?
Қажы. Міне ендеше, мен саған өз басымнан кешкен халімді баян етейін... Мен Кәгбәтуллаға барып, хаж болған уақытымда, бір хиқмет түс көрдім.
Жәлел. Я, я?
Қажы. Түсімде пайғамбарымыз Мұхаммет ғаләйһиссәлам көйлегімнің тамақбауынан алды да, маған былай деді: « Әгәрдә бір ысул жәдид, жаңа оқу мүғалимәсіне үйленіп, Хәлал жіфтліккә алмасаң, дейді жарықтық, онда қаншама ғыйбадәт қылсаң да, қаншама Қажылық етсең де, бәрібір имансыз қаласың, орның жәһәннамда болады »,- деді. Ұқтың ба?
Жәлел. Ұқтым, ұқтым. Шынында да халыңыз аса ауыр, хәтер екен, Қажы әпенді.
Қажы. Хәтер болғанда қандай, Жәлелетдин інім. / көзін сүртеді/. Бар сенгенім сен ғана, інішегім. Қатын - қыз деген туғандарының сөзін тастамайтын халық, сен шындап айтсаң, иншалла, көнеді ол.
Жәлел. Халыңыз аса аянышты екен. Мен оған жеріне жеткізіп тұрып айтам енді. «Сен, қарындасым, Қажы әпендінің иманын нығытып, сақтап қалуға жәрдем ете гөр, деймін. Әйтпесе, иманы қыл үстінде, қалт - құлт етіп, құрып кетуге аз –ақ қалыпты», - деймін ғой.
Қажы. Сүйдеп айта көр енді, зинһар, інішегім. Онан соң мен не істеді де: егер ол екеуіміз бір-бірімізге ұнап кетсек, яғни мәселен, бір-бірімізді сүйсек, алам да қақ жарты байлығымды өзінің атына жаздырам, бітті кетті, вәссәлам.
Жәлел. Оныңыз тым көбірек болмай ма, Қажы әфәнді. Жартысы түгіл шерігі де жетер, меніңше. Маған да бір аз қарызға бере тұратын шығарсыз?
Қажы. Ә, ол енді екінші мәселе. Бірақ та жас бикешке жарты дәулетімді жаздырам, алла бұйырған болса. Қожа Баһауітдин бейтінің басында солай уәде беріп, нәзір айтқам. Нәзірімді бұзғым келмейді, яғни мәселен,солай енді.
Жәлел. Нәзір айтқан болсаңыз, ол да енді екінші мәселе.
Қажы. Солай, солай... Ал енді саған қарыз бере тұру, бәлкім мәслихат болар, оны әлі ойлап көрерміз. Бірақ, соған мына артист, ойын - сойыныңды тастау керек болар, яғни мәселен.Оған көнетін шығарсыз? Сені өзімнің бір магазиныма прикашчик етіп қоярмын, алла бұйырған болса. Олай болғанда қарыз берудің қажеті бола қоймас, яғни мәселен.
Жәлел. Иә, сіздің пландарыңыз сондай қызықты, Қажы әфәнді.
Қажы. Қызықты ғана емес, яғни мәселен, менің пландарым пайдалы.
Жәлел. Тек, солай болғай да.
Қажы. Амин! Рахмет жақсы лебізіңе. Мәселені енді түсіндің ғой, інішегім?
Жәлел. Түсіндім. Қажы әфәнді.
Қажы. Мен айтатын сөзді айттым,ендігі жұмыс сенде қалды.
Жәлел. Жәрәйді енді, ойластырармыз.
Қажы. Зинһар, ұзаққа созбаңдар. Ізгі жұмысты жеделдеткен жақсы. Мөбарәк рамазан айы да жетіп қалды.Оған шейін бұл шаруаның аяғын жерге тигізу керек. Жарықтық пайғамбарымыз жақсы істі жылдамдатып тындыру керек деп өсиет еткен.
Жәлел. Ол жағы, әрине, солай ғой.
Қажы. Қош, аллаға тапсырдық. Менің айтқандарымды ұмыта көрме, жаным. Ғалимәнің ауыру екенін, көп кешікпей өлетінін, Кәғбәтуллада түс көргенімді, жарты дәулетімді жаздыру турасында нәзір айтқанымды бәр - бәрін жеке - жеке тәптештеп құлағына құя көр, жәрәй ма?
Жәлел. Жәрәйді, жәрәйді, ол жағы айтылады.
Қажы. Қош жаным, қош,інішегім. /Кетеді/ .
Жәлел. Қанша уақытым босқа кетті. Ал менің роль жаттауым керек /Дәптерін алып,роль оқуға кіріседі/.
«Сен, подлец, мені алдамақшы боласың ба? Жоқ, жоқ, ол болмас! Мен ар - намысым үшін не өлермін, не сені құртармын. Ах, сен, азғын!»
Кәмилә мен Ғабділхақ кіреді.
Ғабділхақ. /дегбірі кетіп/ бұл не, құтырдың ба әлде?
Жәлел. /Дәптеріне қарап/ жоғы, ойнайтын ролімді пысықтап жатырмын.
Камилә. Ғабділхақ әфәнді аппақ қудай боп кетті, хи-хи-хи...
Ғабділхақ.Үрейімді ала жаздады ғой, әңгүдік.
Жәлел. Бұл әлі ештеңе емес қой.
Ғабділхақ. Тағы не істемек едің?
Жәлел. Қарындасымды күйеуге беретін болдым.
Камилә. Не дейді?
Жәлел. Нәсима апай тағы келген еді, оның соңынан іле - шала Жүніс Қажы өзі де келіп жетті.
Камилә. Нәсима кемпірді ұрсып-ұрсып, қуып шығарып едім ғой.
Жәлел. Міне сондықтан да Қажының өзі келді. Мәселе шынында да үлкен насырға шауып барады.
Ғабділхақ. Қалжыңың ба?
Жәлел. Негізгі мәселелер, үлкен уақиғалар, көбінесе, әзіл-қалжыңнан басталады, ақыным. Драма, трагедияда да солай болады.
Ғабділхақ. Ақыры әзіл-қалжыңмен аяқталады.
Камилә.Тұздықсыз философия.
Жәлел. Болса болар, қарындасым. Дегенмен қазір енді сенің алдында екі жол тұр: біреуі –пар ат жегілген жалтырауық коляскаға отырып алып, қарт Қажымен кету. Плюс оның жарты байлығы. Екіншісі – мына жас ақынмен қолтықтасып, тық-тық басып, жаяу тартып отыру. Плюс тұстарыңа қыстырып қойған сирень гүлі болады. Басқа дүние - жиһаз дегеннен түк те болмайды. Міне таңдай көр енді. Қой, менің роль даярлауым керек. Сендерге бөгет болмайын / екінші бөлмеге кетеді/.
Камилә. Ғабділхақ әфәнді, ғафу өтінем. Менің ертең беретін сабаққа әзірленуім керек. Тағы бір уақытта еркін отырамыз. Жәрәй ма?
Ғабділхақ. Жәрәйді, ештеңе етпес.
Камилә. Ғафу ете көр енді. / Екінші бір бөлмеге кетеді/.
Ғабділхақ. Бір жақта Қажының жарты байлығы, ал екінші жақта – құны бес тиындық ақынның сирень гүлі. Айырмасы азғантай ғана емес-ау... Жоқ, айырмасы бар. Ол гүлдер ақынның ұлы шығармаларын жұртшылық жоғары бағалап, ақынды құттықтау символы ретінде берілсе,онда қалай болар еді?Ол онда, сөз жоқ, Қажының жарты дәулеті түгіл, тіпті мың Қажының бар байлығын қосып, миллион рет көбейтсе де сол гүлдердің бағасына жетпек емес. Міне, маған сондай гүлдер керек.Және мен сондай баға жетпес гүлдерге ие болармын да.
Шымылдық
ЕКІНШІ КАРТИНА
Шымылдық ашылғанда Камилә оқып отырады.
Ғабділхақ. /кіріп/ Ғафу өтінем, құрметті Камилә бикеш.
Камилә. Ол не үшін енді?
Ғабділхақ. Осындай бар ықыласыңызды қойып оқып отырған шағыңызда, мазаңызды алғаным үшін. /Амандасады/. Рұқсат етерсіз дейім /қолынан сүйеді/.
Камилә. Ойбой, сіз бүгін әлдеқалай боп кетіпсіз ғой, ақын әфәнді. Тфу, тфу, тек көз тие көрмесін.
Ғабділхақ. Оншама ештеңе де бола қойған жоқ. Тек Камилә бикеш маған осындай көңіл бөлетін болса, көз тиюдің өзін де үлкен бақыт санар едім.
Камилә. Міне, қызық! Өзі жас ақын болсын, өзі сып - сыпайы сүйкімді болсын да, сен оған сүйсініп қарай алма, онда не болғаны. Мен сізді қадір тұтатын, поклонницаларыңыздың бірі емеспін бе, мен сіздің өлеңдеріңізді өте жақсы көріп оқимын.
Ғабділхақ. Сіз мені осылай мысқыл етіп, күлкі қылғыңыз келеді екен ғой , Кәмила бикеш, мен сізден өтінер едім... сіз мені аяңыз.
Кәмила. Аяңыз?... ха-ха-ха... мен сізден мұны күтпеген едім, ақын әфәнді. Бейшара адамдарды ғана аямай ма. Мен өмірбаяндарын оқыған ақындар өздерін тіпті ірі санайды, жоғары ұстайды, ал сіз, қайта кері кетіп, аяңыз мені деп мүсәпірсисіз.
Ғабділхақ. Мен сізді түсінем, Камилә бикеш, тек сіз мені мысқылдап күлкі етпеңіз, сізден соны ғана өтінем.
Камилә. Ғабділхақ әфәнді, сіз сөйтіп, шынымен-ақ, жәбірленіп қалдыңыз ба?
Ғабділхақ. Шынымен, Камилә бикеш. Басқалар не десе о десін, мен үшін бәрібір. Мені қуантып, жұбата алатын да, қасірет тартқызып, қайғырта алатын де тек бір ғана адам.
Камилә. Солай деңіз... Мен осы күнге дейін сізді бұлай деп ойламайтын едім /тұрып/. Ғабділхақ әфәнді, сіз отыра тұрыңыз, мен қазір келем /екінші бөлмеге кетеді/.
Ғабділхақ. Қайтіп бұған ішкі сырымды ашсам екен? /Көкірегін ұстап/. Уф, жүрегім. Аттай тулап барады, аяғына жығылғым келеді, жаным! Нұр сипатты періштем, келші, күнім! Мамықтай жұмсақ, ақ төсіңді жүрегіме басып қысайыншы, жанған жүректің жалыны басылсын да. Аллаға шүкір, қолын сүюдің сәті түсті, бірақ та ішкі сырымды ақтару ауыр тиіп тұр ғой. Жоқ енді, дәл осы жолдан да қалдыру, барып тұрған ынжықтық болады. Ғашық екенсің, берік бол, жігітім! Міне енді қазір, келе сала қарсы алдында тізе бүгем де, жүректі жандырып жатқан отты жалындатып қоя берем. Кел, жаным! Тез шықшы, күнім! Соншама жалындыра бермеші, жетер енді, көп жалындым, көп азап тарттым ғой...
Камилә келеді.
Камилә. Я, ақын әфәнді, тағы не хал-ахуал бар? Қандай өлең - жыр жазумен шұғылданып жүрсіз?
Ғабділхақ. Камилә бикеш, өлең жазбаймын һәм жаза да алмаймын. Камилә бикеш, сіз мені аяңыз, табаныңыздың астына тапталған топырақ боламын. Мен сіздің құдіретті нұр сипатыңыз үшін шыбын жанды фида етуге әзірмін /тізерленеді/.
Камилә. Бұныңыз не тағы? Қойыңыз біреу келіп қалар, алжастыңыз ба әлде?
Ғабділхақ. Алжасудан аманмын, Камилә бикеш, жүрегім жалындап жанып барады.
Хуснитдин, Шакир, Нағима, Жәлел күлісіп келіп кіреді.
Жәлел. Құдай біледі бар ғой, қызық қыламыз.
Шакир. Ғажап бір тамаша болады енді.
Хуснитдин. Ой, қаһар соққырлар, ой, қалай ғана ойлап таптыңдар! Бірақ, іс шығара алар ма екенсіңдер?
Жәлел. Істейміз, оған шек келтірмей - ақ қойыңдар...
Ә, ақынымыз да мында екен ғой. Амансың ба, ақын дос? Көңілсізсің ғой өзің, немене өңжорған түсіп кеткен?
Ғабділхақ. Неге екенін білмеймін, басым ауырып отырғаны.
Хуснитдин. Әй сен бала... мұнда не даром мұңайып отырсың, смотри, олай софысынба, хи-хи-хи!... Көзің тым жылтырап кеткен екен... інішек... сіңлікешті ухаживать етесің - ау сірә, ә?
Шакир. Мойындат, қайнаға, мойындат, іліктір қармаққа!
Хуснитдин. Құтыла алмайды енді, біз мұндайларды живо іліктіреміз, как аз ғана туда-суда, стоп! И готово! Бітті жұмысың!
Жәлел. Жетеді енді. Хуснитдин аға, құлағымды шулатып жібердің тіпті.
Хуснитдин. Жәрәйді, жәрәйді, мен жай былай әшейін.
Камилә. Жаңа үйге кіргенде немене дүниені дүрліктіріп, у-шу болып келдіңіздер?
Жәлел. Үндеме, қарындасым, Қажыны қызық қыламыз.
Шакир. Керемет жасаймыз, Камилә, керемет.
Хуснитдин. Қызығы қызық-ақ болар еді, өзі. Әй, жоқ, жігіттер, ештеңе шығара алмайсыңдар, сене алмай тұрмын.
Ғабділхақ. Әлгі Жүніс Қажыны айтасыңдар ма?
Жәлел. Сол енді. Оңбаған малғұн, сол фергауыннан құтыла алмай қойдық емес пе. Ақылынан адасқан-ау деймін өзі.
Ғабділхақ. Немене сол сұмыраймен сөз көбейтіп. Тайып тұр, өлмесең өбеғап, бұл жаққа енді аяқ басушы болма, деп неге ғана кесіп айтпайсың?
Жәлел. Бұл жағы, ақын әфәнді, мендегі үлкен кемшіліктің бірі. Екі нәрсе менің табиғатыма ешбір жақпайды: біреуі – тары ботқасы, екіншісі – сөзді кесіп айту. Егер бар ғой бір сөзді кесіп айтатын болсам, артынан ішім пысқандай болады да тұрады, ал егер тары ботқасын жесем тынымсыз түшкіре берем. Міне, Қажы әфәндіге сөзді кесіп айта алмайтыным сол.
Ғабділхақ. Сен одан бір пайда түсіруді ойлап жүрсің-ау дейім, Жәлел?
Жәлел. Ондай есептен де құр емеспін. Бірақ, Жүніс Қажыдан пайда табам деу – шайтаннан иман күткен сияқты ғой дейім. Қарызға деген болып ептеп түгіл тартып көріп едім, бүлк ететін емес, ләғнәт!
Хуснитдин. Не дейді сонда?
Жәлел. Алдымен күйеу болып алайын, сонан соң ойлануға мүмкін болар, дейді.
Хуснитдин. Өзі де бір келіскен - ақ күйеу болар, сабаз.
Ғабділхақ. Ия, мәселе дәл мен ойлағандай болып шығар, жәрәйді. /кетеді/.
Камилә. Несіне тәлтек етесің аға, сол бір қақпасты?
« Я, ойландыңдар ма? » деген болып, тағы да жетіп келер.
Жәлел. Келуінде сөз жоқ. Рамазан айы жақындап қалды, оған дейін шаруаны жайғастыру керек, ізгі істі тездетуді пайғамбарымыздың өзі де өсиет еткен, деп кеткен ол. Көрерсіңдер әлі, шыдап жата алмайды, бүгін-ақ жетіп келеді.
Камилә. Айтыңдаршы осы, сол сұмпайыны салпаңдатып жүргізе беріп, не істемекші боласыңдар!
Жәлел. Шакир, айтшы осыған.
Шакир. Қайнаға, сен айтшы.
Хуснитдин. Қажының өз қатынын өзіне алып бермек бұлар.
Камилә. Ғалимә бәйбішені ме?
Хуснитдин. Иә, иә. Алдым – бердім жасатпақ. Әй, жігіттер, іс боп шықпайды-ау деймін, сене алмаймын, болдыра алмассыңдар, сірә. Бірдеме шығара алсаңдар, айтып жүрерлік күлкі-ақ болар еді, не керек.
Камилә. Олар айырылысып кеткен бе еді?
Жәлел. Бұның бар қызығы олардың айырылыспауында ғой.
Камилә. Жоқ, жоқ, ағатай, зинһар деп айтайын, бұлай қалжыңдауға болмайды. Егер өзі келсе, бәрін айтам да берем. Былай құдалық сөйлесуге жаушы жіберуі жетпегендей, енді өзі келе бастады, қақпас.
Шакир. Е, іскер – ұқыпты адам әрқашан да солай болады ол, кісіге сеніп жатпайды олар.
Камилә. Керегі жоқ, аға, мен қорқам мыналарыңыздан.
Нағима. Не қорқатыны бар, өй ақымақ. Ғажап қызық болады. Меніңше, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға болмайды. Екіншідей шал басымен қуараңдап, құтырып жүрмейтіндей болсын.
Жәлел. Болды, бітті енді. Көп сөзді қойыңдар, тек енді күнін қашанға белгілер екенбіз?
Камилә. Жәлел аға! Зинһар деп айтайын, керегі жоқ, қойыңызшы. Мен апама айтам ендеше. Ол бұған тіпті де рұқсат етпейді.
Хуснитдин. Әй, қыз... неден қорқып тұрсың? Әйдә, істей алса, істеп көрсін, саған түк те келіп – кетері жоқ. Жеңешемнің рұқсатының қажеті де жоқ, біздікіне ғана шақырып аламыз, сезбей де қалады, жеңешем бәрібір Қажыға көрініп те жүрмейді.
Жәлел. Болды, болды енді, мына сабаз, қанша айтқанмен іскер адам, қашанда сөзді түсіне біледі.
Хуснитдин. Неге түсінбейін? Маған бәрінен де оның қызығы керек.
Камилә. Қайдағы жоқты қайдан шығарасыздар, керегі жоқ тіпті. Қажы келсе, бәр-бәрін айтам да берем, міне көрерсіңдер.
Нағима. Ақмақтанба енді, ой қорқақ қоян.
Ғабділхақ келеді.
Ғабділхақ. Камилә, азырақ таза ауаға шығып, бақша аралап қайтқыңыз келмей ме?
Камилә. Өйтуге болады, кішкене ғана отыра тұрыңыз. Мен қазір киініп шығам. /Екінші бөлмеге кетеді/.
Есік қағылады.
Жәлел. Әне айттым ғой, жетіп келер деп, дәл осы Қажының өзі-ақ болар.
Сырттан. Рұқсат па?
Жәлел. Рұқсат, рұқсат, Қажы әфәнді, қош келесіз, әйде, рахим етіңіз,
Қажы. Әссәламігаләйкім! Қажы әфәнді, әйдә, рәхим етіңіз.
Қажы. Не хал, есенсіздер ме, жігіттер?
Хуснитдин. Өзіңіз де есен - сау жүресіз бе, Қажы әфәнді?
Қажы. Аллаға шүкір, туысқан, аллаға шүкір. Сен осы кім боласың? Өзің былай бір көрген де кісім сияқтысың.
Хуснитдин. Менің исімім, Қажы әфәнді, Хуснитдин, әкем марқұм Мөхитдин, фамилиямыз Ғайнитдиновтар деп аталады.
Қажы. Ғайнитдиновтар?... Ә, солай екен, жаңа бір сауда фирмасы ғой шамасы, ешбір құлағыма шалынған жоқ сияқты.
Хуснитдин. Шалынбаған шығар, Қажы әфәнді, біздікі енді... фирма емес... былайша... жай әншейін... ұсақ-түйек кәсіп.
Қажы. Фирма болмаған соң, неменеме ол Ғайнитдиновтар деп аузыңды толтырып айтқан боласың? Ғайнитдинов қана десеңізші! Ал мына жігітті кім деп білеміз?
Жәлел. Бұл сонда бір бізге туыс тиісті кісі. Қажы әфәнді.
Қажы. Ата-аналарың бар ма, яғни мәселен?
Жәлел. Бар, Қажы әфәнді, бар, атасы да бар, анасы да бар.
Хуснитдин. Атаң өзі былай үлкен дәулетті кісі емес, киім тігуші.
Қажы. Олай болса, неменеңе, жаным, сонша господаларша кекірейген боласың?
Ғабділхақ. Ол енді менің жұмысым, ақсақал.
Қажы. Ә... ә... Солай ма?... Хи-хи-хи. Былай жай әншейін айтқан ғой, інім, шын көріп, көңіліңе алып қалып жүрме тағы. Заман солай енді, жастар деген қоқиланып, қораздануды, шелтірейіп сыпайысымақ киінуді ұнатады, қалта тақыр болса да, яғни мәсәлен, үсті-басын жылтыратып безендіруге тырысады. Менің өз прикашчиктерімнің біреуі өзіміздің кәдімгі шетік-кебісті менсінбей, өкшелі шетік пен резинка галошқа көше бастапты. Ол аз болғандай, казакей астынан міне, міне, міне /Ғабділхақтың желеткесін ұстап көрсетіп/, дәл осындай шолтиған пальто да киіп алыпты, көк соққан.
Ғабділхақ. Бұл пальто емес, Қажы әфәнді, мұны – жилет дейді.
Қажы. Орыс киімі болған соң, оның бәрі бір де, інім, біз бұны пальто дейміз, мұсылманша аты солай болады оның. Құр білгішсіп, бекер босқа әуре боласың.
Жәлел. Солай, солай, Қажы әфәнді, өте дұрыс айтасыз.
Қажы. Дұрыс болмаса, босқа аузымды ауыртып, сөйлеп жатам ба мен. Хош... Не айтып келе жатыр ем осы...
Жәлел. Приказчикті айтыпкеле жатыр едіңіз ғой, Қажы әфәнді.
Қажы. Ә, я, солай... Ауылдан келген кезде, мен саған айтайын, яғни мәселен, шабата киген бір жұл ым - жұлым жаман бала еді, ал қазір енді господаларша кекірейген болады, міне саған керме болса. Шетік жарамайтын болыпты, етік кию керек, камзолды менсінбейтін болыпты, пальто керек. Ұрса бастасаң, өкпелеген болады, ал қаттырақ айтсаң, магазинге де бармай қояды, мейлі, өзіне ұнаса істей берсін.
/ Ғабділхаққа/ Тақия кимейді екенсің, інім. Бұның енді көңілге қонбайды, кісіні қынжылтатын нәрсе.
Жәлел. Солай, Қажы әфәнді, солай, мұның бұл қылығы көңілге тіпті – ақ ауыр тиеді енді. Мен мұны, Қажы әфәнді, осы қылығы үшін сан рет ұрыстым да, бұл туралы тіпті төбелесіп қала жаздаған кезім де болды.
Қажы. Рахмет, рахмет, бәрекелді, жаным! Өте дұрыс істегенсің, құдайтағалам жолыңды қылсын. Енді мына жігітті кім деп білдік?
Жәлел. Бұл, Қажы әфәнді, өзіміздің күйеу тиысты кісіміз, үлкен қарындасымыздың Хәлал жігіті.
Қажы. Бәрекелді, міне тамаша, өз кісіңіз, жақыныңыз екен ғой, өте жақсы, бәрекелді.
Жәлел. Я, Қажы әфәнді, бәрі де өзіміздің жақын кісілер, бір де бір бөтен жан жоқ. Біреуі күйеу, біреуі туысқан, кейбіреуі енді олай - былай – бәрі де өзіміздің адамдар.
Қажы. Бәрекелді, бек жақсы. Бөтен - бастық адамның болмағаны жақсы, яғни мәселен. Я... енді... хо... ш... Олай болған соң енді - әлгі ана мәселені бұлар да білетін шығар?
Жәлел. Біледі, Қажы әфәнді, бұлармен де өзара мәслихаттасып алғанбыз.
Қажы. Өте жақсы болған, бәрекелді, бәрекелді, бәрекелді, өз кісілеріңіз болған соң, әлбетте, мәслихаттаспауға болмайды. Олар да сыртқа қақпайтын шығар, алла бұйырса, я енді қазір, өзіміздің құт – береке, дәулетіміз десең де, яғни мәселен, ағайын – туыс арасында болсын, байлар ортасында болсын, абройлы, белді, беделді адамымыз десең де кімге болса да мағлұм ғой.
Хуснитдин. Дұрыс, Қажы әфәнді, өте дұрыс.
Жәлел. Дұрыс болмаған қайда, дұрыс қана ма екен, Қажы әфәндіні бүкіл шәһәріміздің кіндігі деуге болады.
Қажы. Хи – хи – хи, молла Жәләлетдин, сен жаным, тіпті тамаша қызық етіп айттың ау, хи – хи – хи: Шәһәріміздің кіндігі дейді екенсің ғой сен, ә?... Кіндігі, хи – хи – хи... Бәрекелді, ізгі көңілді екенсің.
Жәлел. Шыныда да солай емес пе, Қажы әфәнді? Өзің ойлап қарашы...
Ғабділхақ. Қажы әфәндіні мақтаған кісі ізгі көңілді болады екен ғой.
Қажы. Жоқ, жаным, жоқ. Олай дей көрме, яғни мәселен, күнәға батарсың. Жәләлетдин мырза мақтап отырған жоқ, ол дұрысын айтып отыр.
Жәлел. Сіз, Қажы әфәнді, оның айтқанын шын деп қалып жүрмеңіз. Бұл әшейін жорта қалжыңдап айтып отыр. Сізді сыртыңыздан әр кезде мақтап отырады. Бағана сөзден сөз шығып отырғанда: шәһәрімізде Жүніс қажыдан басқа атақты кісі де қалмады ғой, дейді мынау.
Қажы. Қалмады дей ме? Бәрекелді, сөз - ақ, ізгі көңілді, жаны таза жігіт екен, рахмет, рахмет.
Жәлел. Қажы әфәнді, чай әзірлетсек қайтеді? Бәлки бірер шынаяқ болса да чай ішер ме едіңіз?
Қажы. Жоқ, жаным, жоқ, әуре бола көрме, көп рахмет, керек емес.
Шакир. Чай ол қашпас, мына Қажы әфәндіге айтатын жауабыңды айтсаңшы онан да.
Қажы. Міне, жаным, тіпті дұрыс айтасың.
Жәлел. Олай болса, Қажы әфәнді, ендігі ұзын сөздің қысқасы – ана шаруа жайында ойластық, сөйлестік, көрші – көлем дегендей, ағайын – туғандармен де мәслихаттастық.
Қажы. Я, жаным, я, хош?
Жәлел. Әрине, арамызда кер тартқан, қарсы адамдар да болды.
Қажы. Хош, хош... Не деп қарсы болмақшы? Не дейді сонда, яғни мәселен.
Жәлел. Кәрілеу ғой дей ма ау, пәлен – түгел дей сол... білесің енді бұл заманда...
Қажы. Мені кәрі дей ме? Субханалла, мені кәрі дейді, әғәғузі билла... Биллаһи деп айтайын, мына қылшылдаған жастарыңның маған үшеуі де аз әлі... Қарай гөр сен оларды, қырық бестен асқаныма, міне, он – он бес жыл бар ма, Жоқ па әлі –олар кәрі дейді... Қарашы өздерін, ә! Міне, ғажап, сүбханалла, сүбханалла, ләхәүлә вә лә...
Жәлел. Біз де а дегенде бір аз қобалжыдық та, артынан ондай сөзге тіпті құлақ асуды қойдық.
Қажы. Әй бәрекелді, әй рахмет, жаным, хи – хи – хи.
Жәлел. Ұзын сөздің қысқасы, шешей байғұс та, қарындасымыз да, ақылы бар тұқым – жұрағат та, көрші – көлем де мәслихат деп тапты.
Қажы .Әп бәрекелді, мәслихат деп тапты де, ә? Хи – хи – хи... Мына жігіттер де мәслихат деп тапты де, ә?
Жәлел. Осылар енді, шешей мен қарындасты көндіруге тырысып, күш салғандар осылар ғой.
Қажы. Рахмет, бәрекелді, хи – хи – хи... ақылды жігіттер екен.
Жәлел. Тек қана, Қажы әфәнді, енді бір мәселе бір аз ыңғайсыздық туғызып тұрғаны.
Қажы. Не дейді, не дейді? Не дейсің тағы? Істің сәті түсті ме деп тұрғанда тағы қандай ыңғайсыздық бола қалды?
Ол не сөз өзі, ғажап екен?
Шакир. Солай болып тұр, Қажы әфәнді, сонысы тым – ақ ыңғайсыз енді.
Қажы. Апырмау, сен інікешім, немене тағы қайдағы жоқты айтып тұрсың? Ыңғайсызың не? Міне ғажап? Өзің былай қарап тұрсам ақылды – ақ жігіт сияқты көрінесің, ал сөйлеп тұрған сөзің есерсоқ адамның сөзіне ұқсайды ғой.
Жәлел. Мәселе мынада Қажы әфәнді: күйеуге беруге қарындастың никатқа жасы толмай тұрғаны. Ауылдағы метрикасы бойынша, бір талай жыл толмайды екен.
Қажы. Ә... ә... Солай ма екен? Енді не істедік? Қалайша олай болды екен, яғни мәселен? Ғажап, ғажап, міне саған керек болса. Өткен қыста мектепте сабақ оқытып жүргенде көрген едім, тіпті оншама жас сияқты емес қой.
Хүсіннитдин. Ол өзі енді, Қажы әфәнді, солай, бойшаңдау бала. Міне осыдан бес – алты жыл бұрын, мынамдай ғана, бойы жерден аз – ақ қалқыңқы қыз еді. Осы бір – екі жылдың ішінде ғана тал шыбықтай бұралып, кенет өсті де кетті.
Қажы. Солай екен ғой. Әйтпесе былай көзге тіпті жас сияқты көрінбейтін еді, құданың құдіреті. Хош... енді не істер екенбіз? Бері қарашы, інім Жәләлетин мырза, егер метрикам ауылда болса, оны кім тексеріп жатар дейсің. Хазірет менің сөзімнен шықпайды, ол жағын мен, яғни мәселен, өз мойныма алар едім, иншала.
Жәлел. Жоқ, Қажы әпенді, сізге де бізге де ыңғайсыздау болар, өзіңізге де жақсы бола қоймас, хазірет жарықтықты да босқа әуре қыларсыз. Егер де сіз риза болсаңыз, оған бір шара барын бар енді, ол өзі былай қауыпті да емес.
Қажы. Хош, хош, мырза Жәләлитдин, ол қандай шара?
Жәлел. Біздің шешеміз айтады:егер Қажы әфәнді риза болса, дейді, әзірше өзіміздің хәлфенің алдына ғана, алдым - бердім ырымын жасатып алайық. Ал енді жасы толған соң дейді, хазіреттерді шақырып әйбәттәп тұрып той жасап форменный никах оқытармыз, дейді.
Қажы. Мақұл, жаным, әбден мақұл, бәрекелді, міне сәт, яғни мәселен. Алдым – бердім дейміз, ә? Мұнысы енді табылған ақыл, яғни мәселен, шариғатта «Еже - қабыл» деген болады, ғажап екен, бұл өте сауапты нәрсе, хи – хи – хи... Бұл жөнінде қатындар бізден көрі жақсырақ біледі, бәрекелді, хақ ісі, риза, риза, мен тіпті ризамын, жаным.
Шакир. Қайырымен болсын, Қажы әфәнді, бұл аса бір сауабы мол іс енді, игі істі қалайда жеделдетіп жеріне жеткізіп, аяқтау керек.
Хуснитдин. Иә, иә, неменеге ол бөтен кісілерді шақырып, той жасап, өзара ғана бітіреміз де қоямыз, барды кетті.
Қажы. Керек емес тіпті. Бөтен - бастақ адамның не керегі бар? Яғни мәселен, бұл әлі той емес қой, шариғат бойынша алдым – бердім ғана болады да қояды. Өз ара ғана шаруаны тыңдырамыз да, бітті, кетті, яғни мәселен. Тек енді қайырымен болсын. Өте жақсы болды, табылған ақыл, өте жақсы. Хош, енді не, інім мырза Жәләитдин? Сен енді былай, әлбәттә, яғни мәселен, қалың мал жағын қалай деп ұйғарамыз, ал хош, айтыңыз?
Жәлел. Ол жағы енді, Қажы әфәнді, өз ықтиярыңызда. Шешеміз айтып еді: Қажы әфенді, ол жағын бізден артығырақ біледі, өзі біліп ұйғарар, деген еді.
Қажы. Ә - ә - ә, солай деген бе еді? Хош енді олай болса, өз білуімше бес жүз сом атаймын. Егер азсынсаңдар, тағы айтарсыңдар. Мәселе онда тұрған жоқ қой.
Жәлел. Жо – жоқ, Қажы әфәнді, неге аз болсын. Тіпті жетіп жатыр, өзіміз де осы мөлшерде шамалап едік, қажы әфәнді.
Хуснитдин. Бұл ат саудасы емес қой, игілікті іс ризалықпен тынғаны жақсы болады.
Қажы. Солай жаным, дәл айтасың, бәрекелді! Өзің бір дүмді жігіт екенсің, інім, бәрекелді, қайырлы сағатта болсын.
Хуснитдин, Жәлел / екеуі бірге/ Солай, солай, Қажы әфенді, қайырымен болсын.
Қажы. Солай, жандарым, солай. Қанеки, енді бір дұға қылайық. Жарайды, құдайтағала қайырлы қылсын.
Жәлел. Қайырлы сағатта болсын.
Шакир. Міне енді, қазір Қажы әфәндіні күйеу деп құтықтауға да болады.
Қажы. Хи – хи – хи... Ертерек болып жүрмей ме, жандарым? Бір аз ертерек сияқты, яғни мәселен. Хи – хи – хи... рахмет жаным, бәрекелді. Жігіттің төресі екенсің өзің, бәрекелді, құдай жөні, хи – хи – хи.
Шакир. Иә, қайырлы мүбәрәк болсын.
Қажы. Рахмет, рахмет, жандарым. Бәрекелді, рахмет жылы лебіздеріңе. Я, хош... Енді, інім Жәләлетдин, шариғат мұндай игілікті істі тездетуді талап етеді, яғни мәселен, айтайық енді мына алдым – бердім мәселесі қалай болады? Яғни мәселен, қай күнге деп тағайындаймыз?
Жәлел. Ол жағы енді, Қажы әфәнді, біз үшін қалай болса да жарайды. Тек мына келесі жексембіге қарсы дайындалып жетісі алармыз. Егер, Қажы әфәнді, сіз риза болсаңыз, сол келесі жексембі күні болсын.
Қажы. Шұғбан – шәриф айының бірінші жексембісі: Яғни мәсәлән, әлбәттә,әлбәттә. Шұғбан – шәриф ең қасиетті ай ғой. Шұғбан – шәриф айлардың ішіндегі патшасы ол енді. Кітапта айтады: оның әрбір күнінде жетпіс мың қасиет бар, дейді. Я, сөйтіп енді келесі жексембіге дейміз ғой?
Жәлел. Я, Қажы әфәнді, шешеміз де солай деген еді. Жексембі күні кешкі сағат тоғыздар шамасында болса, бізге де қолайлырақ болар, деп еді.
Шакир. Олай болса, күйеудің келіп кіруіне де қолайлы – ақ уақыт екен, Қажы әфәнді.
Қажы. Өте дұрыс, мәслихат, мақұл, мақұл, хи – хи – хи... Келесі жексембі сағат тоғызда , мақұл, құп болсын.
Жәлел. Олай болса, сіз осыған риза болатын шығарсыз енді, Қажы әфәнді?
Қажы. Ризамын, жаным, барынша ризамын, жексембі күні сағат тоғызда, яғни мәселен, шариғаттың шарты бойынша, хи – хи –хи ... Сондай ризамын енді, жаным, бәрекелді.
Келіңіздер, олай болса, бір дұға қылайық та, сонан соң маған рұқсат берерсіздер, жандарым. Солай енді, қош бола тұрыңыздар, жандарым! Рахмет, құдай, аброй берсін өздеріңе.
Жәлел. Аллаға тапсырдық, Қажы әфәнді, қош, сәләмат болыңыз.
Барлығы. Қош, қош, Қажы әфәнді.
Қажы кетеді.
Жәлел. Шұбан – шәриф, жетпіс мың қасиет. Қайырлы сағатта болсын!
Ғабдіхақ. Мен бұл жұмысыңа протест жасайым.
Жәлел. Қажының бес жүз сом ақшасына қызығып, сен өзіңнің бірге туған қарындасыңды сатасың!Позор!
/ Шығып кетеді. Қалғандары күліседі/.
Шымылдық.
Екінші шымылдық.
Жүніс қажының үйі. Қажы үйде өзі ғана.
Қажы. Мұғаллимасына, мұғаллима қызға барамыз, хи – хи – хи...
Жексембі күні сағат тоғызда, дедік, ә? Хи – хи – хи...
Ғалима /кіреді/
Асыққан жетпейді, бұйырған жетеді, дейді, әне самауырының да келді. /Хайретдин самауыр алып келе жатып, үстелге қоя берем дегенде, сүрініп кетіп, қолынан түсіріп ала жаздайды/.
Қажы. Көзіңе қарасаңшы, маубас, көзің шыққан ба?
Абайламаймысың! Бір самауырынды қиратып, енді мынасын да қиратпақ па едің? Өй, затсыз неме.
Хайретдин. Онысын мен емес қой, қажы аға. Фағила жеңгей қолынан түсіріп алды ғой.
Ғалима. Жарайды, жарайды енді, кісімен сөз жарыстырма.
Қажы. Көрсетермін мен саған Фағила жеңгейіңді, маубас.
Хайретдин шығып кетеді.
Көргім келмейді осы бір сайтанды. Неменеме осы оңбағанды жақтап шатыласың.
Ғалима. Оңғандары бізге жақпайды.
Қажы. Иә, саған ғана жақпайды.
Ғалима. Әрине, маған жақпайды, саған ұнап-ақ кетеді.
Қажы. Түк те түсінсемші, не дегің келеді осы?
Ғалима. Көрдік енді, көрдік, аллаға шүкір,шаттық енді, өзіңді - өзің ұстай білсең, адам сияқты нәпсіңе ие бола білсең, ондайлар да тұра берер еді. Екеуін тіпті шыдай алмай қуып жібердім, біреуі сенің әлегіңе төзе алмай өзі кетті. Соның бәрін біліп отырып, босқа неге сөйлейсің осы.
Қажы. Нахақ, Ғалима, нахақ. Құдай бар ғой міне, нахақ сөйлейсің. Жанымдай жақын көретін Хәлел қатыным бола тұрып, әлдеқандай үй жұмысында жүргендерге көз салатын, мені мәнжүн дейсің бе? Нахақ пәле жабасың, жоқ нәрсеге күнәлі боларсың, Ғалима, хи – хи – хи...
Ғалима. Нахақ дейді тағы, әй-й... Сөйлемеші құдай үшін. Өз көзіммен көрген іс қой. Наташаны құшақтап шатасқаныңды қайтесің, үстеріңнен түстім емес пе, сол да нахақ па енді? Қой енді құдай үшін, қанымды қыздырма, ашуымды келтірсең аузыма келгенді айтып салармын.
Қажы. Ә... сен әне бір жалпақ бет маржаның қызын айтады екенсің ғой... Ол енді, Ғалима, дұрысын айтқанда шайтанның шатастырып азғыруымен болған іс. Онда әлгі бәдбәхіт сайтан малғұнның арбауына душар болдым емес пе, сол бәдбәхіт қой азғырған, жүзіқара оңбаған. Әйтпесе, алланы аузыма алып айтайын, Ғалима, менің ешбір ғайыбым жоқ енді ол турасында.
Ғалима. Ал ана Марусяні қайда қоясың?
Қажы. Кім? Әлгі жуан маржаны айтамысың?
Ғалима. Иә, соны айтам.
Қажы. Қойшы сол бір сұмырайды, ол іске өзім де ғажап – қайран қалам. Қалай ғана құданың хикметі ақ көңілімді бұзып жібергенін білмеймін, азғын антұрғанның. Әйтпесе, аллаға шүкір, менің түк – түк жазығым болсашы. Міне бар ғой бір аллаға мағлұм, көңілім мына шынаяқтай аппақ, тозаңдай да арам ойым жоқ, яғни мәселен, хи – хи – хи...
Ғалима. Иә, солай енді, сенің көңілің тіпті аппақ-ақ. Мәрфуғаны ұмыттың ба? Байғұс, жас балаша еңіреп кеп жылайды. Есім кетіп, не болды?- десем, Қажы аға қол салды, дейді. Жүкті болып қалған. Иә, екі қабат болған.
Қажы. Сен де енді, Ғалима, қайдағыны қайдан ғана қазбалап шығарасың. Қажы ағасы қол салған – мыс, қатты-ақ есі кеткен енді қажы ағасының! Біздің мұсылман кісісімен өлсең көрің жақын болмасын. Мен хателесіп, жаңылып барып, сен екен деп, былай әшейін ғана құшақтаған болатынмын. Қолма-қол жүкті болып қалыпты-мыс. Хи – хи – хи... Қателесіп, ондай істер бола береді енді, яғни мәселен, өзің ойлап қарашы...
Ғалима. Сөйлеме, сөйлеме енді, құдай үшін. Білмеген кісіңді алда. Көңілімде арамдық жоқ дейді, тағы да, білмейім, сеніңше арамдық деген қандай болатынын. Менің білуімше, сенің істеген ісіңнің бәрі арамдық, тұла бойың арамдыққа толған, сенің көңілінде тозаңдай да жақсылық белгісі жоқ тіпті.
Қажы.Сүбханалла, әстәғфирулла, Ғалима! Не деп отырсың? Не сөйлейсің сен? Есіңнен адастың ба, әлде? Ләхәулә вә лә куәтә илла...
Ғалима. Аллаға шүкір, ақыл – есімнен танғаным жоқ әлі. Осының бәрін айтқызып отырған өзің емеспісің, көңлі таза, тозаңдай да арамдығы жоқ, шіркін.
Қажы. Хи – хи – хи... Жоқ, жоқ, шатасасың, ақымақтанасың. Ақылыңнан адаса бастаған сияқтысың, байғұс, иман келтір, өзіңе жын қағылған болу керек, иман келтір дейім, ақмақ махлұқ!
Ғалима. Қарашы өзін, саған жын қағылмаған ба? Жетпіс жасқа жетсең де ақылға келмейсің. Қырық жыл бірге өмір сүрген қатыныңды алдап шатасасың, ұятсыз!
Қажы. Ғалима, Ғалима, бұның не? Саған не болды? Неменеге жылайсың енді?
Ғалима. Басынан бастап, сонау өткен шақты есіңе алуың керек еді сенің. Сен әуелде бір жалба – жұлба шәкіртсымақ, біздің дүкенде сатушы бала едің, мен сенің қожаңның қызы едім. Бұл есіңде шығар... Бір – бірімізді сүйдік – ұмытпаған боларсың?
Қажы. Жоо... жоқ, неге ұмытайын, ұмытқам жоқ, дәл бүгінгідей, бәрі есімде.
Ғалима. Әкемнің ризалық бермеуіне қарамастан, мен саған күйеуге шықтым. Сені сондайлық сүйетін едім...
Қажы. Дұрыс, дұрыс. Маған күйеуге шықтың, бір қатесі жоқ, өте дұрыс айтасың. Тағы бір шыны құйып жіберші, асығыс баратын жерім бар еді... Дұрыс сөйлейсің, дұрыс...
Ғалима. Менің сөзімнің бәрі де дұрыс. Мен сен сияқты өтірік айтпаймын.
Қажы. Дұрыс, сен өтірікті мен сияқты айтпайсың, менен көрі жақсырақ айтасың. Болды осымен, ұзатпа енді.
Ғалима. Жоқ, болған жоқ әлі. Сен ол кезде тіпті менің табанымды жалауға да риза едің, хор қызындайсың, періштемсің, аяқ астыңда тапталған топырағың болайын дейтінің де есіңде бар шығар?
Қажы. Есімде ме екен? Иә, есімде сияқты. Соза берме енді, кейбіреулері есімде секілді.
Ғалима. Есіңде шығар. Бір уақытта әкем мархұм бізге сауда дүкенін ашып берді. Сөйтіп, сен де бай болдың, соңынан Қажы да болдың. Мен енді саған керегім жоқ ақымақ, махлұқ болдым /жылайды/.
Қажы. Жетер енді, зинһар! Жыламашы енді Ғалима, жетер дейім. Неменеге ғана сонша шала бүліндің? Ақымақ, махлұқ дегенге қарап, кісі ақымақ, махлұқ бола ма екен! Мен әншейін былай, жай айта салдым, яғни мәселен.
Ғалима жылай береді.
Жетеді енді! Жылама, дейім, енді, ой есуас! Балалар сияқты жылай беру саған тіпті келіспейді, яғни мәселен, ойлап қарашы өзің... Тоқтат дейім, жетті ғой енді, әйтпесе келші, сүйейін өзіңді. Хи – хи – хи...
Ғалима. Керегі жоқ, сені тіпті көргім де келмейді.
Қажы. Ә, жарайды онда. Кел дұға қылайық ендеше.
/ Көйлегінің түймесін ағытып, желпінеді/.
Ғалима шығып кетеді.
Міне енді, қатын – қыз дегендердікі: жылау да сықтау, кісіні тергеу – тексеру, шынын айтсам, ғажап айлакер жандар бұлар. Қырық жыл бұрын саған хор қызындай едім, періштең едім, дейді ә... Қырық жыл бұрын болған да шығарсың, қазір енді албасты – сайтан болғансың, яғни мәселен. Жанжалға жаны құмар-ақ, есуастың. Ана шаруаны реттеп алғанша сезе көрмесін – тағы.
Хайретдин самауырды алып кетеді. Ғалима кіреді.
Ғалима. Хайретдинді қайда жұмсамақ едің?
Қажы. Мәзенге кіріп шықсын демекші ем – шашты алдыруым керек еді. Келіп басымды қырып берсе, жақсы болар еді.
Ғалима. Осы бір күні ғана қырдырмап па едің? Не боп қалды соншама?
Қажы. Білмеймін, басым қышытып тұрғаны. Қырғызатын уақыты жетті-ау дейім тегі. Сақал – мұртты да біраз бастырып алуым керек.
Ғалима шыны – аяқтарды алып кетеді.
Қажы. Осы бір күні ғана қырдырмап па едің, неменеме жиылатып жібердің, деуін қарашы... О жағын енді Қажы әфәнді өзі білер, не үшін қырдырғалы отырғанымды сен білмессің, әрине, білуге тиіс те емес ол. Қарашы өзін, білгісі келеді екен, ә? Жоқ, білмей-ақ тұра тұр әлі. Жексембі күні сағат тоғызда, яғни мәселен, қажыекең күйеушілік бармақ...
Ғалима кіреді.
Ғалима. Немене бар дейсің?
Қажы. Ә... Ә... жәй былай... басым қышыта береді, тегі әлгі бір бәдбәхіт жануарлар барма дейім...
Ғалима. Ғұмырда болмағанды айтатының не...
Қажы. Ғұмырда болмағанмен қайшақта болып та қалады ол, мүрдем кеткір. Мен асығыс тұрмын,өзің Мәзенге айтқызарсың / кетеді/.
Хайретдин /кіріп/. Әзірше жұмыс болмаса, мен моншаға барып қайтайын деп едім, апай?
Ғалима. Тазаланып келуді ойландың ба?
Хайретдин. Әйбәттап тұрып тазаланбақ едім.
Ғалима. Жағыңды түк басып кетіпті ғой. Неге қырып жібермейсің, ақымағым.
/ Иегінен ұстайды/.
Хайретдин. Қытығымды келтірдің ғой. Хи – хи – хи...
Ғалима. Беу деген! Текеше бақылдады ғой!
Хайретдин. Өзім тіпті қытықшылмын.
Ғалима. Өтірік аңқаусыған болады, қасиетсіз неме. Ал, енді немене?
Хайретдин. Қойыңызшы,қойыңызшы енді. Билләһи айғайлайым ендеше, хи – хи – хи...
Ғалима. Қара, қара, қасқана қарашы өзін.
Хайретдин. Моншаға барып келейін де, апатай, ә?
Ғалима. Жарайды, барасың, тек ана Мәзенге барып қайт! Қажы ағаңның шашын алып берсін деді де, жәрәй мә?
Хайретдин. Неге? Қажы аға шашын алдырғалы үш-ақ күн болды емес пе?
Ғалима. Өзіңе не айтылды, соны істе, ұқтың ба?
Хайретдин. Жарайды, жарайды, түсіндім ендеше /шығып кетіп, қайта келеді/.
Жаңылыс айтпадың ба, абыстай? Қажы аға шашын алдырғанына үш-ақ күн болып еді ғой.
Ғалима. Ой аллай, бір бәле екенсің.
Хайретдин. Абыстай!...
Ғалима. Тағы не керек енді? Неге кете алмайсың айналсоқтап?
Хайретдин. Әне бір қатын келіп тұр, абыстайда жұмысым бар, дейді.
Ғалима. Не қылған қатын ол? Не жұмысы бар екен?
Хайретдин. Жап – жас бір сұлу қатын. Сөйлесетін сөзім бар, дейді.
Ғалима. Айт, үйге кірсін.
Хайретдин шығады.
Жап – жас, сұлу қатын, дейді. Басқаларға не қалды, мұнысының да көзі сұлуға түседі.
Нағима кіреді.
Ғалима. Рахым етіңіз! Жоғары шығыңыз.
Нағима. Есен – саусыз ба?
Ғалима. Аллаға шүкір, қане, мына столға рахым етіңіз!
Нағима. Рахмет /отырады/. Абыстай, мен бір жұмыспен ғана келіп едім.
Ғалима. Жақсы. Жұмысыңызды айтарсыз. Мен сізді көрген де сияқтымын, бірақ толық тани алмай тұрмын.
Нағима. Тани да қоймассыз. Менің ерім Шәкір деген кіс болады, Садық байдың конторында қызмет істейді.
Ғалима. Мен енді жас кісілерді біле де бермеймін. Өз есіміңіз кім болады?
Нағима. Менің атым – Нағима.
Ғалима. Келгеніңіз не жұмыс еді?
Нағима. Жұмыс деп, абыстай... жұмыс та емес... не деп айтсам екен енді... Хабар да, кеңес те деуге болады.
Ғалима. Хабар дейсіз бе? Нендей хабар екен ол?
Нағима. Үйде кісі жоқ па? Қажы әфәнді бола көрмесін.
Ғалима. Жоқ, жоқ. Ол жаңа шығып кетіп еді. Сөз сол туралы ма әлде?
Нағима. Әрине, мүмкін өзіңіз де естіген боларсыз енді? Ол кісі үйленбекші болып жүр ғой.
Ғалима. Әй, ләғанат қана соққыр-ай сол! О мәлғұн, құдай атқан екен, бәдбахыт! Кімді, кім дегенді алмақшы болады?
Нағима. Маған сіңлі тиісті мұғаллиманы. Өткен жылы осы сіздердің мәхаллада бала оқытып еді ол, соны алмақшы болады.
Ғалима. Мұнда өткен жылы Шәмсижиһан бәйбішенің қызы оқытып еді ғой.
Нағима. Сол Шәмсижиһан бәйбіше – біздің анамыз болады.
Ғалма. Ә, солай деңіз. Ал, сіңліңіз Қажыға тиюге риза болды ма сөйтіп? Сіздер-ші, мақұлдайсыздар ма онысын?
Нағима. Сіңіліміз баруға риза болса, біз мақұлдайтын болсақ – Сізге хабар да бермеген болар едік.
Ғалима. Шынында солай ма?
Нағима.Әрине, солай.
Ғалима. Егер дәл осы айтып отырғандайыңызша болса, үлкен рахмет сізге. Қалай енді: «болмайды», «мүмкін емес» деп, ол соққанның өзіне айтпадыңыздар ма?
Нағима. Ол жағы тәуір-ақ айтылды, шешем мен сіңлім Қажы әфәндінің құда түсуге жіберген жаушысын әлденеше рет ұрысып та шығарған. Жаушыдан түк те шықпаған соң, қазір енді өзі келетін болып алды.
Ғалима.Ешбір ұят дегенді білмейді, ол мәлғұн.
Нағима. Ниқахтап алған соң, мен оған жарты дәулетімді жаздырып қоям деп айтады дейді. Өзін жеке оңаша пәтерге қоярмын, бар жұмысын істейтін қызметшілер даяр болады деп айтады, дейді. Егерде мен жаңа оқу – ысул жәдид мұғаллимасына үйленбесем, көңілім ешқашан көншімейді, имансыз өтем, онда орным жәһәннамда болады, алла тағала ізгі түс көрсетіп осының бәрін хабарлады, дейді екен.
Ғалима. Өй, өтірікші мәлғұн, құдай төбеңнен ұрғыр-ай десеңші!
Нағима. Сөйтіп, әбден мазамыз кеткен соң, біздің ағайымыз: бар да абыстайдың тура өзіне айт, деді. Ең болмаса өзін әбден масқара етіп, ұятқа қалдырайық, деді.
Ғалима. Болмайды, жаным, болмайды. Мен оны нысап – тәубәға келеді деп сенбеймін. Әлдеқашан үміт үзгем. Сөйтсе де айтып көріңізші, қайтып ұялтамыз дейсіздер?
Нағима. Ол жағы, абыстай, тіпті оңай. Тек сіз ғана ризалық беріңізші, қалғанының бәрін де өзіміз істейміз.
Хайретдин кіреді.
Ғалима. Не керек саған тағы?
Хайретдин. Мәзен ағай: жәрәйді, барайын, деді. Неге шақырады екен, дейді? Не жұмысқа екенін айтпадым.
Ғалима. Неге айтпадың?
Хайретдин. Ыңғайсыз көрдім. Қажы әфәндінің шашын алдырғанына үш-ақ күн болды ғой енді.
Ғалима. Әй жәрәйді, шәншіліп кетсін! Маған керегі жоқ.
Хайретдин. Моншаға барайын ба енді, апа?
Ғалима. Бар, бар енді, құдай үшін, мазамды алмашы, әй байқа, сабынды көп көпіртіп, тауысып тастама, жарай ма?
Хайретдин. Шетінен кеміріп жемеспін енді.
Ғалима. Тәніңді бір-ақ рет сабында. Ал моншаламен қаттырақ ысқыла.
Хайретдин. Терісі сыдырылғанша ма? Жоқ, ол болмас енді.
Крылсо тақтайы емес қой ол /шығып кетеді/.
Ғалима. Түу, қаһар соққыр, сөзді бұзып кеткенін қарашы. Иә, жаңа қалай деп едіңіз осы? Аңғара алмай қалдым.
Нағима. Мәселе былай енді, абыстай: Қажы әфәнді мазамызды алған соң, ағай сізге жіберді. Егерде абыстай күйеуінің маңдайын тасқа тигізгісі келсе, бүгін кешкі сағат тоғызда бізге рахым етсін, деді. Өзара ғана жас қалыңдыққа қосқан ырымын істеп, алдым – бердім жасатқан болып, Қажы әфәндіні абыстайдың қасына күйеу етіп кіргіземіз, деді. Апам да айтады, сізді өте жақсы пысық, ширақ әйел дейді, осы күнге дейін Қажы әфәндінің әлде неше үйленбек болған ниетін орындатпай, ауыздықтап ұстап келді, қазір енді біздің айтқанымызға көнуі керек, деді.
Ғалима. Қызық-ақ іс енді, білмей тұрмын, не істесем екен? Қаһар соққанды бір қызық ету керегі керек-ақ... Қаным соншама қайнайды мәлғұнға.
Нағима. Өте, қызық болады енді, егер сіз көнсеңіз, ғажап қызық болады.
Ғалима. Бөтен кісілер болмайтын шығар? Әйтпесе, ыңғайсыз болады ғой.
Нағима. Жоқ. Бөтен – басқа адам болмайды. Менің ерім және апамның туысы Хүснитдин деген кісі ғана болады. Бәрі де өзіміздің адамдар.
Ғалима. Ендеше жарайды, бір қызық етейік қаһар соққанды, ұятқа бір қалдыра алсақ, көңілім тым болмаса біраз тынышталар еді.
Нағима.Сөз жоқ солай болады, жәрайды, енді маған рұқсат беріңіз. Бірталай отырып қалдым. Мен енді қайтайын. Уәде солай болсын.
Ғалима. Жарайды, жарайды, рахмет әуре болып жүргеніңе.
Нағима. Әзірше қош, сау болыңыз.
Ғалима. Қош, есен бол.
Нағима кетеді. Ғалима да шығарып салуға кетеді.
Қажы. /кіреді/. Оңбаған сайтан малай, неге ғана қарамайды екен, есікті де жаппаған, бәдбахыттар. Калидор есігі ашық қалған, тауықтар толып кеткен, міне енді, бүкіл еденді былықтырып, ластап,мүлдем істен шығарған. Еш нәрсені қарамайды, бәдбахыттар! Ішкен-жегендерің арам болғыр, сұмырайлар.
Хүснитдин. /кіреді/ Ассәламеғаләйкум, Қажы әфәнді.
Қажы. Вәғаләйкемәссәлам. Қош?...
Хүснитдин. Дені – қарныңыз сау ма, аман –есен, күйлі – жайлы тұрасыз ба, Қажы әфәнді.
Қажы. Есен тұрамыз, хош?
Хүснитдин. Күй – жайыңыз қалай, Қажы әфәнді?
Қажы. Күй – жайымыз, айтайық, жақсы хош?
Хүснитдин. Сіз мені танымай тұрсыз ғой дейім, Қажы әфәнді?
Қажы. Танитын кісіге ұқсатам, яғни мәселен, бірақ, қалайда, жете тани алмай тұрмын, құданың хикметі.
Хүснитдин. Мен Кәмила бикештің шешесінің туысымын, ана бір күнгі бар емес пе, Хүснитдин, Мұхитдин ұғлы Ғайнитдинов болам.
Қажы. Ә - ә - ә! Сен сол кісімісің! Келе сала солай демеймісің. Жоғары шық, отыр, иә сөйле, не халдар бар? Кәмиләжанның көңіл – күйі қалай, яғни мәселен?
Хүснитдин. Оған немене, көңілі көтеріңкі. Қажы әфәндіге ғашықтық сәлемін жеткізерсің деген болды.
Қажы. Бәрекелді, е, міне бәсе, ғашықтық сәлем дейсің, ә? Галәйна вәғалейкемәлләлам! Бәрекелді, тамаша!
Хүснитдин. Тек менің өз хал – жайым шамалылау болып тұр, Қажы әфәнді.
Қажы. Иә, неге олай?
Хүснитдин. Білесіз ғой, мен өзім ат базарында маклер дел – далмын. Бақытсыздыққа қарай не бір ат сатушы ретті кісі жоқ, не бір ретті алушы жоқ. Сөйтіп, ақша жағынан қағылдық та қалдық.
Қажы. Ә, ол енді бәрімізде сондай халіміз десек те, көп хате бола қоймас, яғни мәселен. Құдайдың бергенінен артықты ешкіміміз де ала алмаймыз.
Хүснитдин. Олайша енді, Қажы әфәнді, сіздің хал мен біздің халды салыстыруға келмейді.
Қажы. Әй, өзің тұра тұршы, біздің хал, сіздің хал деген болып, яғни мәселен, осы сен не айтпақшысың?
Хүснитдин. Мәселе былай, Қажы әфәнді: ана бір уақытта сіз осы көк айғырды сатып алғанда, маған жиырма бес сом маклерский берем деп уәде еткен едіңіз. Сол ақшаны әлі күнге бермей қойдыңыз.
Қажы. Ол қалай болған екен, яғни мәселен?
Хүснитдин. Қалай болғанын сіз өзіңіз өте жақсы білесіз, 25 сом орнына сіз үш сом бермек болған едіңіз, мен алмадым.
Қажы. Міне енді оның хате болған, алуың керек еді.
Хүснитдин. Соңынан сол үш сомды да алуға риза болған едім, онда сіз үш сомның өзін де бермей қойдыңыз.
Қажы. Ә, ол енді менің хатем, яғни мәселен. Мен оны қазір берейін.
Хүснитдин. Мен, Қажы әфәнді, сізге зор сенім артып келдім. Енді өз кісіміз, күйеу де болғалы отыр, Қажы әфәнді уәде еткен 25 сомын берер, онымен ғана қоймас, бәлки тағы біраз арттыра түсетін шығар, деп үлкен үміттеніп келдім.
Қажы. Үміттенуін үміттенген боларсың, бірақ үш сомнан артық бере алмаймын, Хүснитдин әфәнді. Өз кісіңіз болған соң, сіз мені де аздап болса да аяуыңыз керек, яғни мәселен. Біз мөэмин – мұсылманбыз, ағайын – туғанбыз бір – бірімізге шәфкатты болайық. Аллаһі тәбаракә вә тәғалә хәзіреттері шәфқатты, мәрхабатты пенделерді сүйеді, ол солай енді.
Хүснитдин. Онысы солай ғой. Мен оған қарсы келмейім. Ал бірақ маған ақша керек, өзге емес, өсиет – уағыз, сөз де емес, Қажы әфәнді.
Қажы. Сүбханалла, ләхәүлә вә лә куәтә. О, құдайдың бәндесі-ау, үш сом берем дедім ғой.
Хүснитдин. Жоқ, мен үш сомыңды алмаймын.
Қажы. Неге алмайсың, яғни мәселен?
Хүснитдин. Сол, алмаймын, оған жарымаймын. Маған елу сом керек. Сіз маған елу сом беруге тиіссіз.
Қажы. Қалайша елу сом? Әлде сен шатасып тұрсың ба? Тәйбә де. Иман келтір, құдайдың бәндесі.
Хүснитдин. Шатасқам да жоқ және иман да келтермеймін. Сіз, елу сом беруге тиістісіз.
Қажы. Ол не үшін ? Не үшін екенін айтшы, құдайдың тентек бәндесі.
Хүснитдин. Маклерский жиырма бес сом, болды ма?
Қажы. Иә, хош?
Хүснитдин. Сол жиырма бес сомды екі жыл бойы бермей жүргенің үшін, өсіп процент он бес сом, барлығы қырық сом болды ма?
Қажы. Түсінсемші тіпті, құлағыма да кірмейді, иә хош?
Хүснитдин. Жиен қарындасымнан ғашық – мәғшүк сәлемін әкелгенім үшін он сом. Сөйтіп, барлығы тұп – тура елу сом болады да шығады. Егер осы елу сомды бермейді екенсіз онда маған өкпелемеңіз.
Қажы Тоқта, тоқтай тұршы, Хүснитдин, молла. Сен мені не істемекші боласың, яғни мәселен?
Хүснитдин. Мен сізге еш нәрсе де істемек ойым жоқ, Қажы әфәнді. Тек бар болғаны, менің Кәмилә қарыдасыма үйленемін деген ойды мүлдем ұмытыңыз, басыңыздан шығарып тастаңыз, одан сізге бұлт жуық, дейім. Бар айтарым осы ғана.
Қажы. Тұра тұршы. Неге олай болады, яғни мәселен? Бұл әділеттік емес қой. Біз ол жөнінде сөз байқасқанбыз. Мен бес жүз сом қалың беруге де уәде қылдым, яғни мәселен.
Хүснитдин. Әрине, уәде қылуын қылдыңыз, бірақ сіздің уәдеңіз тауықтың түшкіргіне, мысықтың пысқырығына да тұрмайды.
Қажы. Сүбханалла, ләхәулә вә лә куәтә. Сен мені қатты жәбірлейсің, Хүснитдин әфәнді, бұл не деген сөз?
Хүснитдин. Сіз, Қажы әфәнді, өтірік монтансып босқа әуре болмаңыз. Басқа адамды сіз қырық рет алдауыңыз мүмкін,бірақ, мен өзім де маклер дел – далмын, қайтсең де мені бірден әрі алдай алмассыз. Менің сөзім бітті. Елу сом бересіз бе, жоқ па?
Қажы.Бере алмаймын, Хүснитдин әфәнді, пышақпен бауыздаймын десең де, яғни мәселен, елу сом бере алмаймын, сол енді.
Хүснитдин. Жарайды олай болса, мен кеттім.
Қажы. Кішкене тұра тұршы, аз сабыр етші, інішегім, Хүснитдин әфәнді.
Хүснитдин. Иә?
Қажы. Шамадан тыс зірә көп сұрайсың енді, жаным.
Хүснитдин. Ықтиярыңыз.
Қажы. Міне енді олай болса: жиырма бес сом берейін. Риза болып қана алшы. Бір – бірімізді жәбірлемейік.
Хүснитдин. Болмайды.
Қажы. Тоқташы, тоқтай тұршы, құдайдың бәндесі.
Хүснитдин. Уақытым жоқ. Ат базарынан кеш қалам /кетеді/.
Қажы Уһ, құдайым, өзің жәрдем бере көр. Қаһар ғана соқсын. Мәлғұн, жулик, шырлатан. / Терезеден айғайлап/ Хүснитдин, Хүснитдин әфәнді! Мында келші, бері келші, қайта оралшы. Берем, берем деп тұрмын ғой саған. Уһ, енді не істейін.
Хүснитдин. / Кіреді/ Болатын болды ма?
Қажы. Міне саған қырық сом, құдай үшін дейін, артық сұрамашы. Кәмилә жанның сәлеміне менен де көптен көп сәлем айт. Ал енді, құдай хақы үшін, мені енді қыспашы зинһар.
Хүснитдин. Жоқ, болмайды... Әй, жарайды ендеше, қайдан келіп кетпеген! Қош айттық. /Кетеді/.
Қажы. Қош жаным, Хүснитдин әфәнді... сұмырай, хулиган, құдайдың ләғнеті жауғыр! Тәһартті де сындырып алдым-ау деймін. Тәһарт алу керек болды. Ғалима, Ғалима деймін! Қайда көміліп қалдың? Ғалима.
Ғалима. /кіреді/Не боп қалды? Неменеге барқырасың?
Қажы. Барқырарсың сендермен! /етігін шешеді./.
Міне саған мәсих! Жәрайды әлі қайта осы күйде намаз оқымағанмын. Мынау үш бармақ түгіл, алты бармақ сиярлық тесік қой. Осыны да қарамағансың. Үй шаруасын қарайтын бір әйел ұстайық десем, қарсы шыға келесің, не өзің шаруаға қарамайсың. Қайда, апкел ана мәкәржіден алып қайтқан лакиувный етікті, шұлғауларды да әкел. Мынасы бес баттам кір боп біткен енді. /кетеді/
Ғалима. Қаһар соққырдың тіпті киім – кешегін де көргім келмейді.
Қажы. /кіреді/. Немене сен барыңды киіп, сәндене қалғансың, әлде бір жерге бармақшы ма едің?
Ғалима. Туғаным абыстайларға барып келейін деп ем.
Қажы. Бар, бар, осы сен оларға көптен бері барған жоқсың-ау деймін, хал – жайларын біліп қайт. Оң сапар тілейтін дұғада: «Инна әнзелнаһі фи ләйләтілқадір. Ләйләтілқадіри хәерін мин әлфишәһір. Тәнәззәлелмәлаикәті вәррухи фиһа мин күлли әмір», деген. Екінші ахшамнан кейін Фәйзірахмандарға кіріп шығатын шаруам бар. Мені шәйға күтпесең де болады. Тез қайта алмаспын, яғни мәселен.
Ғалима. Жарайды, мен кеттім ендеше. Әне шетігің шұлғауың да сонда /кетеді/.
Қажы. Сағат тоғызда дейміз ғой, ә?
/ Сағатына қарайды/. Сағат жарым уақыт бар екен әлі, хош.
Нәсима кіреді.
Нәсима. Есен – саусыз ба, Қажы әфәнді, аман – есен тұрасыз ба?
Қажы. Жақсы, жақсы.
Нәсима. Ғалиманың ат жектіріп, кетіп бара жатқанын көрген соң, ә мынау кетті, оның үйде жоғында, Қажы әфәндіге кіріп шыға қояйын дедім де келдім.
Қажы. Хош, сонан соң?
Нәсима. Уағда байласуыңыз құтты мүбарәк болсын, шаттықпен жас жарыңызға қосылып, бірге бақытты өмір сүріңіз.
Қажы. Сөйтейік, айтқаның келсін, сен де тілек – дұғада бол. Хош, не бітіріп жүрсің, яғни мәселен.
Нәсима. Менің бітіретінім белгілі емес пе: дертті көңілге дәрмен табу, ғашықтарды бір – біріне қосып, табыстыру, Қажы әфәнді.
Қажы. Өте жақсы, аса бір сауабы үлкен іс, Нәсима жеңгей, қияметте сиын алып, рахатын көрерсің. Аллаһі тәбарәкә вә тәгалә хазреті мәхшәр күніне үлкен, зор дәреже береді саған.
Нәсима. Той сыбағасы ол өз алдына, Қажы әфәнді. Қазір маған біраз ақша беріңіз.
Қажы. Не үшін?
Нәсима. Қыз айттырып, жаушылыққа жүргенім үшін.
Қажы. Қара, қара, о ғажап! Құдалыққа мен өзім жүрдім ғой, құдайдың бәндесі!
Нәсима. Ә, менің он рет барғанымды санамаймысың? Оның үстіне өзімді бес рет ұрсып – ұрсып, қуып шықты. Иттері екі рет қауып, шапанымның шабуын бөксеріп тастады, бір рет балтырымнан қауып, қанын судай ағызды. Осының бәрін есеспке алмайсың ба?
Қажы. / есеп шотқа қарады/ Он рет бардым дейсің бе?
Нәсима. Иә, сенбесең өздерінен сұра. Ешқашан өтірік айтып көрген емеспін, алла бұйырса.
Қажы./шотқа салады/. Он рет, он тиыннан – бір сом болды.
Нәсима. Ойбай!
Қажы. Бес рет ұрсып шығарды дейсің бе?
Нәсима. Иә, тура дәл бес рет.
Қажы. Бес рет, бес тиыннан – жиырма бес тиын.
Нәсима. Ойбай, бетім-ай!
Қажы. Иттері екі рет шапанымның шабуын бөксерді дейсің бе?
Нәсимә. Иә, екі күн қатарынан.
Қажы. Оған енді Ғалимадан жамаулық сұрап аларсың.
Нәсимә. Хи – хи – хи, қандай жомарт!
Қажы. Иттері сирағыңды бір рет қана қапты дейсің бе?
Нәсимә. Бес рет қаптырайын деп пе едің? Бір қапқанның өзінде қанын судай ағызды емес пе.
Қажы. Оны енді есеп шотқа салып жатпаймын. Ғалимадан ағаш майын алып жағарсың. Ештеңе де етпейді, жазылады да кетеді, иншаллаһіррахман. Демек, саған барлығы бір сом жиырма бес тиын ақша тиеді. Қайырлы сағатта соны алып ал, маған бақытты ұзақ өмір тілеп дұға қыларсың.
Нәсимә. Бір сом жиырма тиын! Мені қайыршы деп білесің бе әлде? Ұятсыз! Мен сенің бүйтіп мазақ етіп берген ақшаңа түкіруге де ерінем! Мә, ал, өзіңе болсын, жулик! / ақшаны лақтырып жіберіп, шығып кетеді./
Қажы. Қарай гөр өзін, Нұх пайғамбардың қара қарғасы. Қалай – қалай шаптығады, сайтан! Жоқ ол болмайды, қазір сен енді болып қойған істі бүлдіре алмайсың. Әлгі бір жулик делдал , маклер біраз зәремді алып еді. Ал енді сенен қорқа алмаспыз. Алла бұйырса, әлі ертең-ақ өзің келіп,осы бір сом жиырма бес тиын күмісті айналып – толғанып сұрарсың. Бірақ онда Қажы әфәнді саған бұл ақшаны бере қоймас енді, Нәсимә бикеш, ғайып етпеңіз! / Шашылып жатқан ақшаны жинайды/. Сағат тоғызда дейміз, ә? Хи – хи – хи...
Хайретдин / кіреді/. Сыртта сізді бір адам күтіп тұр. Қажы әфәндіні қонаққа шақыра келдім, дейді.
Қажы. Ә - ә - ә, Шәкір әфәнді, Шәкір әфәнді болуы керек.
Сол-ақ болар. Қазір шығады, де. Бар, жұмсыңда бол.
/Хайретдин кетеді./ Бұл күнге де жеттік! Қайдасың сен, жас жарым, жаным менің, кеттім, кеттім саған, кірдім сенің ыстық құшағыңа.../ кете береді / .
Шымылдық
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Бірінші пердедегі көрініс. Кәмилә гитара тартып отырады. Ғабділхақ оның қасында отыр.
Ғабділхақ. Кәмилә бикеш, дұрысын айтыңызшы, осы байлық деген сізді қандай дәрежеде қызықтырады?
Кәмилә. Орнымен пайдаланса байлық деген жаман нәрсе емес деп ойлаймын.
Ғабділхақ. Байлық адамды бұзады, мен байлық дегенді дұшпан көрем деген сөзіңіз әлі есімде.
Кәмилә. Жеке бір адамның қолында болып және сол адамның ғана тілегін өтеуге арналаған байлыққа мен қазір де солайша қараймын.
Ғабділхақ. Үлкен өкінішке қарай, олай болмады ғой.
Кәмилә. Қалайша?
Ғабділхақ. Әнеу күні сіздің қадірлі ағаңыз Жәлел сізге екі түрлі жол ұсынды. Сіз сол жолдың қайсысын қаладыңыз? Біріншісін емес пе? Ағаңыз, бейшара жарлы артист, сізге өз ықтиярыңызбен таңдауға ерік берместен, сізді дедектетіп апарып, ана бір сәнді күймелі арбаға салып жіберуге кірісті. Ал сіз? Сіз не ойладыңыз, не ойлайсыз?
Кәмилә. Ғабділхақ жолдас, қане ол мәселені қоя тұрайық. Мен қазір байыпты сөйлесе алмаймын, көңілім алаң болып отыр.
Ғабділхақ. Гүл деген қымбат емес. Оның құны бес-ақ тиын. Бірақ, Кәмилә, егер ол гүл бүкіл қоғам тарапынан ақынның асыл шығармаларын бағалау, оған құрмет белгісі ретінде берілсе, онда Қажының жарты байлығы ғана емес, яғни мың Қажының бар байлығын милион рет көбейткенде де, сол гүлдің бағасына жетпейтіні даусыз. Міне, маған сондай гүл керек және ондай гүлге мен ие болмақпын.
Хүснитдин кіреді.
Хүснитдин. Мәссаған! Кісілерің қайда? Шәкір келмеді ме? Жәлел қайда? Артистерді алып келем деп еді ғой! Нағима не істеп жатыр? Мұғалім жоқ па? Қап, әттеген-ай! Бір нәрсе де даяр емес. Асжаулық жайып, шынаяқ тізіп қой ең болмаса... Кәмилә, неге бұлай болды?
Кәмилә. Ешнәрсе де білмеймін, Хүснитдин аға.
Хүснитдин. Әй сен де бір болбыраған байғұс? Мұндай уақытта осылай отыра ма екен? /Столды реттеуге кіріседі/.
Ғабділхақ. Қарындасыңызды күйеуге береміз дедіңіз, ә?
Хүснитдин. Сөйтеміз, бауырым. Қайырымен болсын. Провалиться етпесек жәрер еді әйтеуір.
Ғабділхақ. Провалиться еткеніңіз қалай?
Хүснитдин. Бәрі де болуы мүмкін. Алдан болжау қиын.
Ғабділхақ. Бай кісімен жақын – туыс болғаңыз келеді ғой?
Хүснитдин. Солай енді. Дүниесінің өзі сондай ғой. Жәлел қайда жоғалып кетті екен ә? Қап әттеген-ай! /Нағима,Ғалима кіреді./ Әйдә, әйдә, абыстайды ана бөлмеге кіргіз, Нағима.
Ғабділхақ. Қайғы – қасіретке душар болып, ақырғы рет бірге отырғанымыз дейміз ғой, Кәмилә?
Хүснитдин. Неге, Сибирге кетесің бе әлде?
Ғабділхақ. Иә.
Хүснитдин. Кейбіреулер онда да тұрмыс өте жақсы дейді. Әлбәтта, саудагерлер үшін. Ну каторжниктер үшін ай – яй – яй... Сен саудагер емессің, міне сол қиын. Мүмкін ептеп үйренерсің әлде. Онда дел – дал, маклерлер өте жақсы тұрады екен. Чорт, семьяны тастап сонда кетіп қалуға болмайды-ау! Жолға да көп ақша керек.
Ғабділхақ. Кәмилә, мен кетейін. Мұнда отыру маған ауыр және сізге де ыңғайсыздық жасармын.
Кәмилә. Кетпеңіз. Сіз маған ешбір ыңғайсыздық жасамайсыз, қайта мен сіздің осында болуыңызды тілеймін. Отырыңыз, мен қазір келем. / кетеді/.
Хүснитдин. Айырылысу деген ауыр-ақ қой, ә?
Ғабділхақ. Құдай үшін дейін, мазақтамаңызшы, ең болмағанда.
Хүснитдин. Жоқ, жоқ, неге мазақтайын? Жас уақытта ондай бола береді. Айырылысып та қоясың. Сибирде көп тұрасың ба, сөйтіп?
Ғабділхақ. Көп тұрармын, шамасы.
Хүснитдин. Тез қайталмассың сол. Алыс қой құрып қалғырың. Қайда ғана жоғалып кетті бұл Жәлел? Шәкір неғып келмейді енді? Ту, әттеген-ай! Ісімізді сәтсіздікке ұшыратпаса жарар еді.
Жолдастарымен Жәлел кіреді.
Ә, мұнысы жәрәді! Өздері бір қора жан.
Жәлел. Ақын, аман ба? Достар, отырыңдар. Музыка ойнаңдар, жырлаңдар... билеңдер, салбырап отырмаңдар.
Хүснитдин. Иә, иә, жабырқаған көңілді бір көтеріп жіберіңдер, жігіттер, әйтпесе ылғи бір көди – сөди, дүние деген тіпті көңілсіз боп кетті.
Жәлел. Ғабділхақ, сен неге үндемей отырсың?
Ғабділхақ. Бір өлең жазуды ойлап отырмын.
Жәлел. Не туралы?
Ғабділхақ. Қайғы – қасірет пен қуаныш – шаттық аралас, терең сезімнен туған жыр толғауды ойлаймын.
Жәлел. Тоқай ақын сияқты ма?
Ғабділхақ. Көңілім солай сияқты.
Жәлел. Тоқайдың інжу – маржандай тізілген, ғажап көркем өлеңдеріне сайма – сай келетін өлең тудыра алсаң, тамаша болуын болар еді-ау. Бірақ болдыра алар ма екенсің?
Ғабділхақ. Ал, сен қалай ойлайсың?
Жәлел. Осы күнге дейінгі жазғандарыңа қарағанда не деуге болады... олай да ойлайым, былай да ойлайым.
Ғабділхақ. Рахмет. Кәмилаға өмір жолын таңдап берген кезіңде, мен туралы ғана емес, өзіңнің бүкіл ой – ақылыңның қандайлық дәрежеде жоғары екендігін айқын көрсеттің.
Жәлел. Жәрайды, ол турасында кейін сөйлесеміз.
Ғабділхақ. Қазір сөйлесуге жолдастарыңнан жасқанасың ба?
Жәлел. Жоқ, неге жасқанам? Ешбір жасқанбаймын.
Ғабділхақ. Онда сен ар – намысыңды жоғалтқан адамсың, ұятсызсың сен!
Жәлел. Қызба, қызба енді, ой ақымақ!
Хүснитдин. Жәрайды енді, оны қоя тұршы, Жәлел. Жақсы өлең жазамын деді ғой. Өзі Сибирге кетеді. Жәбірлемеші осыны. Қане, біраз әндетіп, өлеңдетіп жіберіңдер енді. Мұғалім кіреді.
Мұғалім. Ассәламеғаләйкім, құдалар! Есен – саусыздар ма? / Бәрімен екі қолымен қол алысады /.
Жәлел. Вәғаләйкемәссәлам! Қане, жоғарылат, мұғалім.
Қараңдар, Иділгарский, сен шынында да ана Бұхарадан келген хәлфәлердің қалпына түсіп алыпсың.
Мұғалім. Сен тіпті Бұхараны дүниенің арғы шетінде деп ойлап пе ең? Сөзіңе қарағанда солай сияқты ғой.
Жәлел. Кім білсін оны. Біз артистер группасы болып гастрольға шыққан сапарда, товарный вагондарға жасырынып мініп Бұхараға зорға жеткенбіз. Қайтара жарты жол жаяулап келдік. Міне, содан бері Бұхара маған дүниенің ең қиыр шетінде сияқты көрінеді.
Мұғалім. Жоқ жолдас, Бұхарадан әрі Андижан бар. Мен мұғалім уақытымда онда бала оқытып тұрғам.
Жәлел. Темір жол бойлап, шпал санап қайттың ба?
Мұғалім. Солайлау болды енді. Жалақы бермеді ғой.
Жәлел. Солай болған ғой. Айтпақшы, Иделгарский, сәлде, шапан ала келуің керек еді ғой. Күйеудің көңілінде ешбір күдік тумайтындай болуы керек.
Мұғалім. На фчәки случәй сәлде алып келдім. Сәлде болған соң басқасы жарай береді.
Жәлел. Жоқ, жолдас, болғасын бәрі теп – тегіс дәл өзіңдей болуы керек.
Хүснитдин. Иә, иә, шапан керек, шапан керек. Әй Иделгарский, бері қарашы, өзіміздің ана шапан жарамас па екен?
Жәлел. Жарайды, жарап жатыр, соны кие саларсың.
Ғабділхақ. Қажыға қалай жағымпазданады. Позор! /кетеді /.
І- артист. Неменеге текешіктенеді осы?
Жәлел. Ол түк те түсінбей жүр! Кәмиләні шынымен Жүніс Қажыға күйеуге шығады деп жүр.
Артистер. Солай ма, ха – ха – ха!
Хүснитдин. Немене соншама бұлданасыңдар осы сендер? Той құрметіне дүрілдетіп жібермейсіңдер ме. Шәкір қайда осы?
Жәлел. Қажы әфәндіні қарсы алуға кетті емес пе? Ал, бастаңдар, жігіттер.
Мұғалімді киіндіріп жатады, сақал, мұртын жабыстырады. Қажыны музыкалатып қарсы алады.
Қажы. Ассәламіғаләйкім! Иһи – иһи... домбыралатып отыр екенсіздер ғой, жігіттер! Есен – саусыздар ма?
Жәлел. Рахым етіңіз, Қажы әфәнді.
Шакір. Хош келдіңіз, мәрхәмәт етіңіз, Қажы әфәнді.
Қажы. Бәрекелді, бәрекелді. Тұқым – жұрағат, ұрым – бұтағыңыз баршылық екен, Жәлел әфәнді.
Жәлел. Ол жағы жетерлік енді, Қажы әфәнді.
Қажы. Алланың бергені, тамаша, тамаша. Көп болғаны жақсы, жә енді отырып бір дұға қылып жіберейік. Құдай тағала қайырлы аброй, тәуфик беріп, адал ниет, турашылдыққа жазсын.
Жәлел. Амин, солай болсын.
Хүснитдин. Дұғаңыз қабыл болсын, Қажы әфәнді.
Қажы. Еншалла, солай, солай. Бір – бірімізге тілектестік дұғада болайық, яғни мәселен, пайғамбарымыз солай болуға бұйырған.
Хүснитдин. Солай, Қажы әфәнді, солай олар. Жарықтық әулиелер білмей айтпайды ғой.
Шәкір. Білмей айтса ол әулие бола ма екен, ой ақымақ шіркін.
Қажы. Иә, иә, ізгілер, әулиелер, машаихтар, аллаһе тәбарәкә вә тәғаләнің ең жақын достары, айтайық, күнәға батпаған, арақ – шарап ішпеген, зина қылмаған, намәхрәмға, яғни бөтен әйелге көз салмаған, яғни мәселен.
Жәлел. Домбыра мәселесі хақында айқын дәлелдер болмаса да, базғы бір сөздерге қарағанда, ләһү – ләгап, ойын – күлкі ниеті мен болмағанда, мөбах деген кавеллар, харам болмайды деген. Тіпті базғы бір жерлерде мәстәхәп, домбыра тарту жақсы деген де аңғартулар бар. Кей кезде жиһад уақытында, яғни кәпірлермен соғыс замандарында пайғамбарымыз Мұхаммет Мұстафа саллаллаһи вәссәләлам домбыра тартуға бұйрық – фәрмен беретін болған. Ал, солай болған соң, домбыра шертудің сауапты жерлері де бар екен, яғни мәселен.Үйлену, ниқах мәжілістерінде, сүндетке отыру тойларында домбыра шерту, әлбәтта, көңілді – көркем һәм сауапты фиғыл болу керек, әрине.
Хүснитдин. Олай болса, жігіттер, Қажы әфәнді мен Кәмилә қарындасымыздың ниқах мәжілісінің құрметіне күй тартып, би билеп, өлеңдетіңдер, дүрілдетіңдер.
Шәкір. Мәслихат,мәслихат, мен де соны айтқалы отыр едім.
Жәлел. Ал, бастайық, жігіттер.
Би, ойын – сауық. Аздан соң мұғалім кіреді.
Мұғаллім. Ассәламіғаләйкім, Қажы әфәнді. Есенбісіз, саумысыз?
Қажы. Вәғаләйкімәсселам. Өзің де есен – саумысың, халфә? Қане, төрге шық, сен халфә кісісің, яғни мәселен.
Мұғалім. Қанеки, бір фатыйха беріңіз.
Қажы. Қанеки, фатиха сізден.
Мұғалім. Сізден, Қажы әфәнді.
Қажы. Әйдә енді сізден, халфә әфәнді.
Мұғалім. Қанеки,енді, қажы әфәнді.
Қажы. Басында пайғамбарлар тәжі бар кісіден бұрын қол көтеріп, құдай сақтасын! Қанеки енді!
Мұғалім. Жарайды ендеше, бір фатыйха берейік, жәмәгатілмуслимин!
Дұға қылады.
Қажы. Бирәхмәтикә я әрхәміррахимин.
Мұғалім. Жәлел әфәнді, тағы да келетін кісілерің жоқ па?
Жәлел. Жоқ, хәлфә. Тойға келеді ғой, алла нәсіп етсе. Бұл әлі, былайша айтқанда, репетиция сияқты, алдым – бердім мәжілісі ғана.
Қажы. Иә, өте дұрыс. Жәлел әфәнді айтқандай, бұл сол питиция сияқты, шариғат тілімен айтсақ, еже қабыл мәжілісі, әрине, яғни мәселен.
Мұғалім. Олай болса қазір енді іске кірісейік.
Жәлел. Алдымен шәй ішпейміз бе?
Мұғалім. Жоқ, алдымен істі тәмәмдап алайық, Жәлел әфәнді. Сонан соң еркін жайланып отырармыз.
Қажы. Сөйтейік, ең алдымен жұмысты реттеп алайық. Хәлфә тіпті дұрыс айтып отыр. Иә, мәжілістесіп, силасып отыруды, яғни мәселен, соңына қалдыру мәслихат.
Жәлел Онда жарайды, мен сіздердің ықтиярларыңызға тапсырдым.
Мұғалім. Бастаймыз ендеше.
Қажы. Баста, хәлфә әфәнді, қайырлы сағатта болсын, иә.
Мұғалім. Қалам қара – сауыт керек болар.
Шакір. Қазір алып келем.
Қажы. Илаһи, өзің рахым рахметіңді нәсіп ете көр.
Мұғалім. Қыз тарапынан вәли бас уәкіл өзің боларсың, Жәлел әфәнді. Бұған қоса қыз һәм күйеу тарапынан екі шаһит куә белгілеу керек болар.
Хүснитдин. Күйеу тарапынан мені жазып қой, хәлфә.
Қажы. Рахмет, бәрекелді, Хүснитдин әфәнді, мен сенің анадағы маклерскиіңнен тағы бір бес сом беремін, аллаһ бұйырса.
Хүснитдин. Үлкен рахмет, Қажы әфәнді.
Мұғалім. Енді толық өз есімдеріңіз һәм әкелеріңіздің есімдері керек.
Жәлел. Жәләлетдин Муфтахетдин ұлы.
Мұғалім. /жазады/Қажы әфәнді.
Қажы Мұхаммәт Юнум Мұхаммәтрахим ұғлы, первый гилди купец, иә.
Мұғалім. Куәләр?
Хүснитдин. Хүснитдин Мұхитдин ұғлы, ат базарында постоянный маклер, иә солай.
Мұғалім. Екінші куә?
Шакір. Шакиржан Мирзажан ұғлы.
Хүснитдин. Садық байда конторщик. Обыковенный кісі.
Мұғалім. Жәрайды, мұнысы болды. Енді сіздер шаһитдер – куәләр, қыздың ризалығын барып сұраңыздар.
Жәлел. Қыз риза енді, хәфлә фәнді. Одан сұраудың да қажеті жоқ.
Мұғалім. Жоқ, олай болмайды, Жәләлитдин әфәнді.
Шариғаттың қосқанын жеріне жеткізу керек.
Хүснитдин. Әйдә, кеттік, күйеу.
Хүснитдин мен Шәкір кетеді.
Қажы. Хақ сөйлейсіз, дұп – дұрыс, хәлфә әфәнді, дұрыс айтасыз. Шариғат бойынша амал ату керек, яғни мәселен. Аллаһ тәбарәке вә тәғала хазіретінің һәм Мұхаммет Мұстафа сәллаллаһ ғаләйһи вәсселамның сүннетін жеріне жеткізбеуге ешбір жәрамайды. Болмаса, әлғаязы биллаһ, қиямет күнінде ауыр жазаға кіріптар болуымыз айдан анық. Илаһи гафуррахим, муэмин – мұсылман бәнделеріңді өзің жарылқа.
Хүснитдин мен Шакір кіреді.
Хүснитдин. Ассәламіғаләйкім, құдалар.
Мұғалім. Вәғаләйкімәссәлам, куәләр, хош, сөйлеңіздер.
Хүснитдин. Кәмилә Мимфтахетдин қызы шын ихлас көңілімен Қажы әфәндіге хәлал жар болуға риза. Осыны сізге жеткізуді сұрады.
Қажы. Хи – хи – хи... Бәрекелді, сүбханалла, машалла...
Мұғалім. Екінші куә, сіз де осыны растайсыз ба?
Шакір. Растаймын, өте дұрыс айтады. Қыз дәл осылай деді.
Қажы. Бәрекелді, бәрекелді, бәсе. Өзім әуелден – ақ, яғни мәселен, осылай ойлаған едім.
Мұғалім. Онда мәселені жүргізе береміз. Қалың малды қалай белгіледіңіздер? Қалың мөғачжәл көп пе жоқ қалың мөәчжәл көп пе?
Хүснитдин. Онысы екі түрлі ме еді тағы?
Мұғалім. Иә, қалың малдың күн бұрын берілгені көп пе жоқ алдағы уақытта берілетіні көп пе деген сөз.
Қажы. Меніңше, оны жазбай – ақ қойса да болады ғой деймін.
Мұғалім. Жәләлитдин әфәнді, сізше қалай?
Жәлел. Жәрайды, Қажы әфәндінің айтқанынша болсын, мен қарсы емеспін.
Мұғалім. Меніңше, естелік үшін ғана болса да, шариғат бұйырған бүкіл шарттарын жеріне жеткізу мәслихат болар еді.
Қажы. Әйдә, екі жүз сом жаз енді олай болса.
Мұғалім. Ол берілгені ме?
Қажы. Жоқ, алдағы уақытта берілетіні, яғни мәселен, сауда жұмысымыз сәтті жүретін болса.
Хүснитдин. Тоқта, тоқтай тұрыңыз, әуел баста құдалық сөйлескенде бес жүз сом деген жоқ па едіңіз, Қажы әфәнді.
Қажы. Солай деуің деген едім, молла Хүснитдин, бірақ олай болғанда зірә көпке кетеді ғой. Сіздер мені де біраз аяңыздар, туғандар. Мен енді өз адамдарыңыз болдым ғой, соншама жәбірлемеңіздер мені енді, Жәләлетдин әфәнді, екі жүз сом жетер, меніңше, зинһар деп айтайын, қыстамаңыздар. Енді, құдай тәғала сізге оның орнын басқа жерден толтырар.
Жәлел. Жәрайды, Қажы әфәнді, екі жүз сом жетер. Тек бір жүз сомын қазір берсеңіз жақсы болар еді. Қарындасқа киім – кешек алып, тәуірірек киіндірген дұрыс қой. Атақты бір қажының қалыңдығы болған соң сөйту керек енді.
Қажы. Ә, ол жағын мен өзім реттермін, алла бұйырса. Оған сіздер ешбір қысылмаңыздар, яғни мәселен. Менің магазиндерімде триколардың да, атластардың да мына дегендері толып жатыр, алла бұйырса.
Мұғалім. Тағы да айтатын сөзіңіз жоқ па, Жәләлетдин әфәнді?
Жәлел. Сөзім бітті.
Хүснитдин. Меніңше, бір елу сом ғана болса да керек еді.
Қажы. Жәрайды енді, отыз сом бере тұрайын олай болса. Мә, Жәләлетдин әфәнді, қайырымен деп ала ғой. Маған бақытты ұзақ өмір тілеп дұға қыларсың, інім. Үш он сомдық, санап ал, яғни мәселен.
Мұғалім. Жарайды, енді ең негізгі іске кірісейік.
Сен, Жәләлетдин Мифтахитдин ұлы, өзіңнің туған қарындасың Кәмилә Мифтахитдин қызын Қажілхәрәмәйн Мұқаммәт Юнус Мұхаммәтрәхим ұғлына хәлел жіфітліккә вәли уәкіл болып бердің бе?
Жәлел. Конечно, бердім.
Мұғалім. Конечносы керек емес. Ондай сөз шариғатқа жатпайды. Бердің бе?
Жәлел. Бердім.
Мұғалім. Бердің бе?
Жәлел. Бердім.
Мұғалім. Сен, хажиілхәрәмаин Мұхаммәт Юнус Мұхаммәтрәхим ұғлы, перғый гилди купец, Кәмилә Мифтахитдин қызын хәлал жіфітліккә алдың ба?
Қажы. Алдым, алдым.
Мұғалім. Асықпаңыз, бір тапқырдан ғана айту керек. Алдың ба?
Қажы. Алдым.
Мұғалім. Алдың ба?
Қажы. Алдым.
Мұғалім. Әлхәмделиллаһ, әлхәмделиллаһ... / ниқах хүтбасын оқиды / Құда қайырлы қылсын.
Жәлел. Солай болсын енді.
Хүснитдин. Қажы әфәндіге бақытты тыныш ғұмыр тілейміз.
Қажы. Рахмет, рахмет жылы лебіздеріңізге, рахмет жақсы сөздеріңізге, жандарым, бәрекелді, мен сіздерге дән ризамын, жандарым, құдай аброй берсін сіздерге. Мә, ал, халфә, біраз садаққа берейін енді.
Жәлел. Айтпақшы, мен де біраз садаққа берейін, хәлфә әфәнді. Қайда кеткен, күйеу, мен үшін бере тұршы, ұсақ ақша қалмапты тіпті.
Қажы. Жәрайды, жәрайды, міне бір сом. Өзің берерсің, ал! Міне. Шариғат садақаны әркім өз қолымен берсін дейді.
Жәлел. Міне ұста, хәлфә! Тамаша, су жаңа, шытырлап тұрған бір сомдық.
Хүснитдин. Мен де біраз беруім керек еді де... бір тиын ұсақ қалмаған екен.
Қажы. Жәрар енді, қайырлы болсын, ұсақ ақшаң болғанда берерсің.
Мұғалім. Жәрар, қайырлы болсын, тағы бір дұға қылып жіберейік ендеше.
Жәлел. Жәмәғат, стол ана бөлмеге әзірленген, жүріңіздер, сонда рахим етіңіз. Бұл үйге күйеуге жеке әзірленеді.
Қажы. Бәрекелді, бәрекелді, менде шыға тұрайын ба, Жәләлетдин әфәнді?
Жәлел. Жүріңіз, Қажы әфәнді, стол әзір болған соң хабар береді.
Қажы. Хош, бәрекелді, тіпті мақұл. Хабар береді деңіз, ә? Бәрекелді,
бәрекелді.
Шығады, Нағима самауырын әкеледі, Кәмилә стол әзірлейді. Ғалима қыздарша киінген, стол қасына келіп отырады.
Ғалима. Қыз шақтағы күндер еске түсіп кетті ғой, о дүние. Осылайша күйеу күткен кездерді қазір енді бастан кешпеген сияқты болыппыз. Өң мен түс сияқты өтті де кетті, құрғыр.
Кәмилә. Қажы әфәнді де жастық шағын есіне түсіріп, ойланып – толғанып отырған болар.
Нағима. Жүрегі алып ұшып, асығып отыр ғой, байғұсыңның.
Ғалима. Бәлем, қаһар соққанның берермін сыбағасын. Айдай әлемге масқара етермін бәдбахытты. Міне көріңіз де тұрыңыз, алла қаласа!
Нағима. Ал, болды ғой енді. Кәмилә сен шық енді. Мен барып хабар берейін.
Нағима мен Кәмилә шығады. Ғабділхақ кіреді.
Ғабділхақ. Періштем! Сіз кедей ақынның саф, таза махаббатын дүние байлығына құрбан етерсіз. Сіз қазір күйеу күтіп отырсыз. Сонда да мен сізге өкпелемеймін. Жоқ, жоқ, мен сізді өле - өлгенше сүйген қалпымда өтем. Сіз ана мүрдем кеткір,кәрі мәлғұн Жүніс қажымен қатар отырып, пар ат жеккен, жарқыраған сәнді коляскамен өткен шағыңызда, жолыңызға гүл шоқтарынан шашу шашармын, жаным, періштем! Бұл енді біздің ең ақырғы кездесуіміз, біржола қоштасуымыз. Сол үшін от боп жанған жүрегіммен өтінем, мәңгі бақи есімде қалсын, тым болмаса маңдайымнан бір рет қана сүйші, жаным!
Ғалима. Тіліңнен бал тамған жігіт екенсің. Жәрайды енді олай болса, көңілің қалмасыншы... Бір сүйейін өзіңді. / сүймекші болады, Ғабділхақ қаша жөнеледі/.
Нағима. / кіреді/. Зарығып қалдыңыз ба?
Ғалима. Сайтан білсін бе? Мен енді ғана жөн сұрамақшы болып едім, дәл бір басына тай тепкендей сүрініп – қабынып, ата кеп жөнелді, ақымақ! Неге келмейді енді әлгі кәрі сайтан?
Есіктен Қажы көрінеді.
Нағима. Әйдә, рахим етіңіз, Қажы әфәнді. Жоғары шығыңыз, менің сіңілікешіммен танысыңыз,, бар – жоғымыз міне, риза болыңыз, Кәмилә, сен Қажы әфәндіні жақсылап сыйла, күт. Мен енді сіздерге бөгет жасамайын.
Қажы. Жәрайды, жақсы, сіз енді шықсаңыз да болады, қайын бикеш, зор рахмет сізге, иә, иә көп рахмет. Бәрекелді, міне енді! Нұрлы жүзді аруым, жұмақ құсым менің, хи – хи – хи! Есен – сау жүрмісің, жаным. Амандасайық енді.
Ғалима. Аллаға шүкір. Өзіңіз есен – сау келдіңіз бе?
Қажы. Жақсы, жақсы, жаным, мәрхәмәт қылыңыз. Иә, жаным, енді бір дұға қылып жіберейік. Хал – ахуалың қалай, жаным, хи – хи – хи... Әйтеуір былай енді, есен – аман ғой?
Ғалима. Аллаға шүкір,өзіңіз көргендей.
Қажы. Бәрекелді, бәсе, бәрекелді, хи – хи – хи... Қане енді, былай берірек отырсаңызшы, жаным...
Ғалима. Жоқ, жоқ, жаным, қоя тұрыңызшы, мен әлі сізден ұялам, жаным.
Қажы. Жәрайды, жәрайды, жаным, сеніңше болсын, хи – хи – хи... Жақсы, жәрайды онда, кішкене үйренісе түскен соң ендеше, жаным. Домбыра шерте білетін бе едің, күнім? Хи – хи – хи...
Ғалима. Аздап білетін едім.
Қажы. Ай ысул жәдид ай, бір де бір білмейтіндері болсашы, яғни мәселен. /гитара алып дыңғырлатады/. Ойбой –ой, тамашасын – ай, ақырып тұр екен, ғажап, яғни мәселен. Әлде Мухәммәдия күйлерін де тарта білетін шығарсың, жаным?
Ғалима. Кейбіреулерін білуші едім.
Қажы. Міне, яғни мәселен, менің ұнататын бір күйім бар. Тарта алар ма екенсің? Валлаһ әғләм.
Ғалима. Қандай күй екен? Мүмкін білетін шығармын.
Қажы. Міне,яғни мәселен:
Чөн адәм жәннәтә кірди,
Ючжа дәул»тләрә ирди,
Каму илікләри күрди,
Идәрди шөкір иләихлас.
Бақып күрди аны иблис,
Хәсәд қыйлдый идіп тәлбис,
Аны білмәс иді адәм
Идәрди зикір илан ихлас.
Иә, сөйтіп, шайтан ләғнеттің атамыз Адам ғаләйһиссәламді, яғни мәселен, жұмақтан шығуын сөйлейді. Мұхаммәдиянің ең бір ғажап тамаша жері. Осыны білер ме екенсің, жаным, ә?
Ғалима. Білетін едім, егер ұмытып қалып жүрмесем.
Қажы. Міне, өте тамаша, бәрекелді, егер мұны білсең, яғни мәселен, басқа күйлердің керегі де жоқ. Бұл енді күйлердің патшасы... Ең алдымен қай ішектерін шертіп жіберуші ең, жаным! Әлде күйдің бірер жерін тартып жібересің бе, жаным, ә?
Ғалима. Жоқ енді, әзірше қоя тұрыңызшы, мен сіздің алдыңызда қазір ұялам.
Қажы. Жәрайды, жәрайды, жаным, сенің айтқаныңша болсын, яғни мәселен, кейін де ешқайда қашпас дейсің ғой, солай ғой, аққуым?
Ғалима. Әрине солай, кейін де ешқайда қашпас.
Қажы. Міне, міне, бәрекелді, өте дұрыс айтасың, ешқайда қашпас енді, яғни мәселен.
Ғалима. Үлкен қатыныңыз домбыра шертуді білмейтін сияқты ма?
Қажы. Үлкен қатыным... хи – хи – хи... Қой енді, жаным, қайтесің сол мысық бас жапалақты! Өзі кісі сияқты тамақ жей біле ме десеңші ең болмаса! Дәл сиыр сияқты күйсейді ол.
Ғалима. Тістері жоқ па әлде?
Қажы. Тісі жоқ, оған тіс қайдан келсін! Құдайдан қорықпасаң, аузына бармағыңды тық... аузын қимылдатар халы жоқ, түк те істей алмайды, яғни мәселен.
Ғалима. Сонда да сіз оны сүйеді деп естіген едім.
Қажы. Кім? Мен бе? Хи – хи – хи... Ғалиманы ма?
Ғалима. Иә, мен солай деп естіп едім.
Қажы. Міне енді, бұл сөз, жаным. Мен неменесін сүйем оны?
Сұмырай ғой ол Ғалима – қатын ба екен?... Тфу... Мен ол қатынның бетіне де қарағым келмейді, албасты ғой ол, яғни мәселен.
Ғалима. Сөзің шын болса жақсы ғой... Сен мүмкін мені жұбату үшін ғана айтып отырған шығарсың?
Қажы. Әй, жаным – ай... міне билләһи, құдай бар ғой, жүзіне де қарағым келмейді, тіпті көргім келмейді сайтанды, жиіркенемін албастыдан!
Ғалима. Ол сені сүйе ме өзі?
Қажы Ол ма? Ол, әрине, сүйеді, яғни мәселен... Оның сүюімен ғана іс бітпейді ғой, менің сүюім керек қой. Хи – хи – хи... Ә мен, жаным, саған шын ғашықпын.
Ғалима. Сен маған көптен ғашықсың ба?
Қажы. Хи – хи – хи... Былтырдан бері, жаным, ішкен, жегенім бойыма тарамайды, яғни мәселен, саған ғашық болып, күйіп – жанып, ынтизар болып жүрмін ғой, жаным... Ең алғаш көргенде – ақ, яғни мәселен, дәл Таһирдың Зүһраға ғашық болғаны сияқты, мен саған шын ғашық бола бастадым, жаным... иә...
Ғалима. Олай болса, енді несіне жасырайын, мен де саған ғашық болып жүруші ем.
Қажы. Сен бе, жаным? Ғашық болып жүруші ем де, ә?...
Хи – хи – хи... Жаным, жүрегім менің, қалайша шыдап, осы күнге дейін айтпай жүрдің? Міне ғажап, міне керемет, алланың хикметі деген осы, ә?...
Хи – хи – хи... Таһир мен Зуһра сияқты екеуіміз де ғашықтық зарын тартып, сергелдең болған екенбіз ғой, ә? Бәрекелді, міне бәсе... Иә жаным, енді олай болса, бір құшақтасып алайық.
Ғалима. Жәрайды енді, құшақтассақ құшақтасайық...
Қажы. Сүбханалла, ләхәулә вә лә күәтә, илла, билла.
Ғалима. / Қажыны жақтан тартып – тартып жібереді/.Шатасып біттің, қаһар соққан! Ұятсыз! Қара бет!
Басқалары келіп кіреді.
Жәлел. Міне Қажы әфәндіні үйлендірдік!
Күліседі.
Шымылдық.
Семей, 1967 март - май.
Музыкасы және сөзі СССР-дың халық артисі Узейір Ғаджибековтікі.
Достарыңызбен бөлісу: |